Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 3225 29 пікір 17 Ақпан, 2023 сағат 12:33

Қазақ жазушылары қашан Нобель алады?

Әр жылы Нобель сыйлығы берілер сәт таяған сайын «Қазақ жазушысы қашан Нобель сыйлығын алады?» деген ұлы сауал көкірегімізді тырнайды. Сосын, амалсыз келер күндерден үміт күтеміз. Нобель сыйлығы қазіргі әдебиеттің өлшемі бола алмайды деп мұрын шүйіруге тағы болмайды. Мысалы, жапон әдебиетін жарты әлемге танытқан осы Нобель сыйлығы еді.

Шыны керек, қазақ әдебиеті әлем­­ге кешегі Кеңес кезеңінде та­ныл­ды. Одан бері де отыз жыл аунап өтті. Әдебиетіміздің ендігі күйі қандай, әлемдік сыйлықтарға неге біздің ақын-жазушылардың туындылары ұсынылмайды деген сұрақтар туындағалы да көп болды. Ұсынуға әбден болады, бірақ біз­дің қаламгерлер осыған дейін жазып-сызғандарын қазақ тілінде жазып, ұзаса орыс тіліне аудартқызды. Ал әлемдік әдебиет үлкен тілдерге аударылған әдебиеттермен санасады, соны оқиды, саралайды, шешім шығарады. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларының мұхит асып, Швед академиясына жетуіне де осы жол себепкер болғаны шындық.

Баяғыда америкалық ақын Боб Дилан Нобель сыйлығын алғанда, «Нобельден әділдік кетті» деп шула­дық. Ал Диланнан қуатты ақындар біздің елде де көп екені рас. Мысалы, Есенғали Раушановтың «Бозаңға біт­кен боз жусан», «Амал деген айыңыз», «Қара бауыр қасқалдақ» жинақтарын ағылшын немесе швед тіліне ойын, философиялық иірімін, мағынасын дәл жеткізіп аударса, қайсы әлемдік сыйлыққа ұсынсақ та бетіміз жарық болары сөзсіз еді. Ақындық сенімі мен қуаты әлсіз адам «Ат тағалап, атан қомдап ержеткен, ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда», дей алмас еді. Жалпы, Есенғали Раушановта әлемдік әдебиеттің қазіргі өлшеміне сай келетін, оқырман ұнататын жырлар өте көп. Басы жоқ қара құнанның өлеңдегі көрінісін бізден басқа халық­тың ақыны жаза алмас.

«Қоштасатын күн бүгін,
Қара құнан шайнайды-ай
бір сулығын.
Ең соңғы рет
алып шықтым қорадан,
Басың азат, бар,
бара ғой, құлдығым.
Сөйтіп елден кеткенмін,
Қырсауды да, жүйрікті де
көп көрдім.
Қаба жалды қара құнан боп мені
Түн ішінде оятады Өткен күн.
Баурайында сонау Келінтөбенің
Селтиіп бір тұрады үнсіз серегім.
Ер-тұрманын,
тұрқын тұтас көремін,
Басы қайда,
басы неге жоқ оның?!».

Осы өлеңді қара құнанның жоғалуы емес, тұтас адамның, оның рухының жоғалуы, адасуы деп түсінген абзал. Әлемдік әдебиет осындай сүйекті шығармаларды жақ­сы бағалайды.

Ал «Көк түріктер сарыны» біз­дің арғы ғасырлардағы санамыз­ды, қалтарыста қалған құнды­лықта­ры­мызды есімізге түсірген отты шы­ғар­­ма, өлмес туынды. Авторы – қа­зір­гі классик ақынымыз Темірхан Медет­бек. Ақынның жырын біз таң­дай қаға оқыдық, ал осы жырлар­ды әлем оқырмандары оқыса, қа­лай қабылдар еді? Біздің өзге де ақындардың өлең­дері Нобель сыйлығын алып жат­қан ақындардың жырларынан кем емес. Кем болып тұрғаны тағы да сол – аударма. Олжас Сүлейменов, Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ғалым Жайлыбай сияқты ақындардың жыр жинақтары аударылса, аударылып қана қоймай, дұрыс насихатталса, оңды болар еді. Бұл сөзді айтқандағы мақсатымыз – әлем әдебиетін бірер шығармамен басы бүтін мойындату емес, оларды біздің әдебиетпен таныстыру, әрі қарайғы жол автордың өз құл­шынысында.

Ақын Серік Ақсұңқарұлы «Нобель сыйлығы» деген өлең жазды. Бұл кісі де лайық адам. Көптің ойында жүрген түйткілдерді өлең арқылы айта білген Секеңнің де бұл сыйлыққа өкпесі қара қазандай.

«Біз білмейтін
мұның да пәлесі көп,
Жарылқамас қазақты
дәл осы кеп?
Ұлы Олжекең алмаған Нобеліңнен,
Ақылы бар қазақтың дәмесі жоқ.
О да жылда құбылып, түрленеді,
Соңында оның –
жаһанның іргелі елі.
Неге оған Толстой елп етпеді?
Осы Арыстан біледі бірдеңені...
Жағдайымды көктегі
біледі бұлт,
Бұлт түгілі, құдай-ау,
біледі қырт.
Мемлекеттің сыйлығын
әзер алған,
Нобель менің – не теңім?
Күледі жұрт...».

Бұл Серік Ақсұңқарұлының көз­қарасы. Ал Нобель сыйлығы туралы жаһанда қолына қалам ұстаған қанша адам болса, соншама көзқарас бар екені шындық.

Нобель сыйлығына ла­й­ық қазақ жазушысынан алдымен Тынымбай Нұрмағанбетовті айтар едім. Оның шығармалары біздің өміріміздің қағаз бетіндегі бейнесі. Мейлі Еуропа, мейлі Батыс әдебиеті болсын, бәрі өздері білмейтін, жаңа­лық деп се­зінетін дүниені оқығысы келеді. Бұл тұрғыдан Тынымбай Нұр­мағанбетов туындылары олардың сұранысына толық жа­уап бере алар еді. Айы­бымыз – оның шығарма­ла­­рын ағыл­шын немесе кең таралған тілдер­ге аудармағанымыз. «Жыланның уын» ағылшын тіліне аударсақ, ол жақт­ағы оқырман қазақ әдебиетінің қазіргі қазынасына таңдай қағары сөзсіз. Өйткені бұл шығармада жан бар, кәдімгі өгей тағдыр алдында қай­сар­лықпен құрбандық берген адам­­ның жаны. Жан Поль Сартрдың: «Кейіпкерім тауға шықты деме, тауға шығар» деген принципін де осы шығарма өз биігінде орындап тұр. Өзге ұлттың өкіліне құлданған екі кейіпкердің өмірге деген көзқарасы, үміті, трагедиясы шығарманы оқыған әрбір оқырманды селт еткізбей қой­майды. Себебі оқырманның ұлты басқа болғанымен, жүрек біреу, се­зім ортақ. Май толы қазанда жанып жатқан бауырының жан азабын есті­ген кейіпкер үшін кім болса да, қайғыруға хақылы.

Тынымбай Нұрмағанбетовте әлем­­дік әдебиеттің көшіне ұялмай қосатын шығармалар көп. Соның бірі – «Айқай» повесі. Бұл туынды тек біздің халықтың, түркі жұртының басындағы мұң-наланы ғана емес, тұтас адамзаттың басындағы трагедияны айтады, сол барыста туын­даған сұрақтарға жауап береді. Но­бель сыйлығының лауреаты Мо Янның «Жаңалық ең алдымен жаңа өмір мен тың кейіпкерден туады» деген көзқарасы осындайда еске түседі. Тынымбай Нұрмағанбетов біздің әдебиетте үнемі тың кейіпкер мен жаңа­лық әкеліп, дара дүниелер жаза алды. Егер Нұрмағанбетовтің «Жыланның уы», «Айқай», «Шал, мая және жел» атты романға бергісіз повестері ағылшын тіліне аударылса, әлемдік әдебиетті мойындатпасақ та, олардың бізбен санасуына мүмкіндік алар едік. Тағы да сол «әттеген-айы­мыз» бұл шығармалар ұзаса орыс тіліне аударылды, ал үлкен тілдерге аударылу ешкімнің ойына кірген жоқ.

Қазақ әдебиетінде көп оқылған жазушының бірі – Мұхтар Мағауин. Меніңше, бұл жазушының «Шақан шерісі», «Қыпшақ аруы», «Сары Қазақ» сияқты үлкен ой айтқан шы­ғармаларын әлем тілдеріне аудару қажет. Мұхтар Мағауин шығарма жазуды әбден меңгерген қаламгер ретінде жазған дүниелері шетел оқыр­мандарына да ұнайтыны сөзсіз. Со­сын оның туындылары тек бір жақ­­ты емес, ішінде адам жаны, та­рих сыры, еркіндікке ұмтылу сияқ­ты көркем шығарманың бағасын биіктетуге қажетті детальдар көп. Дулат Исабековтің де десі бар, қаламы жүйрік екені рас. Оның паспортына айналған «Қарғын» романы, «Сүйекші», «Гауһар тас», «Әпке» шығармалары да сыйлық алуға лайық.

Ал Төлен Әбдіктің «Өліара», «Тозақ оттары жымыңдайды» ро­ман­­дары біздің әдебиеттің ұлы жетіс­тіктерінің бірі деуге болады. Құруға бет алған үндістер трагедиясын жа­зу арқылы халқының басындағы қиын­дықты астарлап айтып елді еркіндікке ұмтылуға үндейтін шығарманы жаһан оқырманы жатсынбайды. 1993 жылы Нобель сыйлығын алған америкалық жазушы Тони Моррисонның да бірнеше романы жоғалып бара жатқан ұлтты, ұлысты, дәстүрді жоқтап, оларды азаттыққа шақырады. Бұндай идея­лар әлемдік әдебиетте үлкен сұра­нысқа ие. Сол себепті, Төлен Әб­дік­тің шығармаларының алпауыт сыйлықтардан мүмкіндігі бар екенін оқырман есіне салғымыз келеді. Тіпті «Парасат майданы» мен «Оң қолдың» өзі сұранысқа ие шығармалар болатынына күмәніміз жоқ. Маңыздысы – бұл шығармалар шет тілдеріне сапалы аударылса.

Жапон үкіметінің жыл сайын мық­­ты жазушыларының шығар­ма­ла­рын әлемдік тілдерге аудартып, өзге жұрттың оқырмандарына, жаһан әдебиетіне таңдаулы дүниелер ұсынатын жақсы үрдісі бар. Соның нәтижесінде қазірге дейін оларда әдебиет саласы бойынша үш бір­дей Нобель лауреаты бар. Әри­не, қаламгер болғасын, Нобель сыйлығымен санаспауға да жол жоқ. Бізде сөз көп, құлшыныс аз екенін жасырғымыз келмейді. «Ол сыйлықты біздің жазушылар қашан алады?» деген жалаң ұраннан гөрі ең алдымен жақсы жазушылардың шығармаларын ағылшын тіліне аудару жұмысына ат салысқанымыз абзал. Өйткені Нобель сыйлығы қазақ тілінде жазылған шығармаларға берілмейді.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470