Аманхан Әлімұлы. Өлең! Өлең! Өлең! (Жалғасы)
Өлең - оқыс пайда болған сұрапыл (стихиялық) сезімдерді «бас» білдіре, сол қас-қағымда туған сөздер мен сөйлемдерді шашпай-төкпей үнемдей, не образ бен музыкаға орап, көркем тілмен құйылып тұрған ырғақта бір тыныспен қағазға түсіру.
Мысалы, Мүқағалидың:
Жапырақ-жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын,
Сен адам бола бастасаң.
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың. -
(«Өмір сүрелік алмасып») дегені.
Қуандық Шаңғытбаев:
Тырмысып жалаң жақпарға,
Топшысы тайған қыранша, -
Теңкиген теңбіл қатпарда,
Телміріп көкке тұр арша.
Самал мен нұрға құмартқан,
Талшықтай талмау талшыбық, -
Семсердей өтіп мұзарттан,
Мініпті тауды алшы ғып.
Шайқасқан шақта шаршамай,
Сағалап қалмай саяңды, -
Шыдайтын осы аршадай,
Бар ма екен ғашық баянды?-
(«Махаббат»).
Өлең - оқыс пайда болған сұрапыл (стихиялық) сезімдерді «бас» білдіре, сол қас-қағымда туған сөздер мен сөйлемдерді шашпай-төкпей үнемдей, не образ бен музыкаға орап, көркем тілмен құйылып тұрған ырғақта бір тыныспен қағазға түсіру.
Мысалы, Мүқағалидың:
Жапырақ-жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын,
Сен адам бола бастасаң.
Мен қайың бола бастайын,
Келісесің бе, жас қайың. -
(«Өмір сүрелік алмасып») дегені.
Қуандық Шаңғытбаев:
Тырмысып жалаң жақпарға,
Топшысы тайған қыранша, -
Теңкиген теңбіл қатпарда,
Телміріп көкке тұр арша.
Самал мен нұрға құмартқан,
Талшықтай талмау талшыбық, -
Семсердей өтіп мұзарттан,
Мініпті тауды алшы ғып.
Шайқасқан шақта шаршамай,
Сағалап қалмай саяңды, -
Шыдайтын осы аршадай,
Бар ма екен ғашық баянды?-
(«Махаббат»).
Кеңшілік Мырзабеков:
Бар ма екен сенің есіңде,
Балқаймақ күндер шайқаусыз.
Бұлтиып бір зат төсіңде,
Булығып өсті байқаусыз. -
(«Анар»).
Осылардағы эмоция, әуен мен әуезділік... қойшы, әйтеуір, ӨЛЕҢ талабының қай-қайсысы да жоғары деңгейден табылып жатыр емес пе?!
* * *
Қазақта орындалуы тәп-тәуір, көп жылғы тәжірибемен (туа бітті ақындықтан емес) құрастырылған өлеңдер өте көп. Олардағы ең басты кемшілік - жан жоқтығы (Тіл, Образ, Музыка, (ТОМ) туғызған). Ондай өлеңдерді газет бетінде баспасаң (жақсы өлеңдер жарық көреді, ал, жаман өлең басылады), авторы «Өлеңімдегі батылдық пен ащы ақиқаттан қорықтыңдар» дейді. Оның, яки, автордың кәсіпқойлықпен жазылған өз дүниесінде өлеңге қажетті көркемдік, образдылық секілді компоненттердің жоқтығымен шаруасы болмайды. Оның куәсі Асхат Жүністің:
«Вольвоңнан» да асырып
«Джип» мініп,
Коттеджіңді коттеджден биік қылып,
Артықшылық танытар
астамшылдық -
Өлшем емес өмірге тұйық тірлік.
(«Өлшем емес өмірге») дегені. Сосын, Шаймерген Әлдибекұлының:
Көп жайда қараулықтар бар-ay анық,
Кей жандар сұқ көздерден
жараланып
Жататынын ұмытпайық,
Батыраштар
Зақым қылар озғанды
дараланып, -
(«Адамдыққа үндеу»), деп қарадүрсін де қарабайыр баяндауы.
Сонан соң, Бақытжан Тобаяқтың:
Қиын-қиын дейді кезең өтпелі,
Дүйім-дүйім осы заман бектері,
Көшелерде тіленеді қайыршы
Тиын-жиын, жарылардай өттері...
дегені мен:
Аяр бәрі, бақсақ жақсы, қараны,
Аян дәмі - ашылады араны.
Былай шыға түлкі бұлаң тірлігі,
Жылайдыға салар заман һарамы - деп «жырлағаны». Күнделікті газет-журналдардағы мақала мазмұнын өлеңге түсіру ниетінен пайда болған (туған емес) «ақындық». Ұйқасқа түсіріліп, буын саны түгелденіп, бір ырғақта оқылатын дүниенің бәрі өлең емес.
***
Сыртқа терезеден қарап отырмын: Күз. Уақыт пен Табиғат табы адам көңілімен астасып, қазақы қоңыр кескін-келбеттің жанды, мың бояулы суреті көз алдыма келеді. Осындағы образ, тіл, сыр, музыка... сосын ұқсату ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Міне, ол - «Жан қалқа...». Есенғали Раушанов!
Жан қалқа, жылдар өтті, айлар өтті,
Ызғырық қойды жұтып май да лепті.
Тұратын қасымызда қасынысып,
Күз деген күрең тайым қайда кетті?
Жабуы жалқын сары пүліш еді,
Сынды екен қай қолатта күміс-ері.
Бейуақ оятпай ма тәтті ұйқыңнан,
Сол тайдың кісінеген үні сені.
Ол жазған жалғыз қалды -
мұңдасы жоқ,
Сен келіп сыр айтпайсың
«тыңдашы» деп.
Шылбырын сағыныштың
беліме орап,
Мен кеттім бір соқпақпен
бұрмасы көп.
Япыр-ау, бүгін соның бәрі аңыз ба,
Оп-оңай түсірген кім сабамызға?
Басқа күз... сәні басқа, әні басқа,
Тағы да күз келіп тұр қаламызға.
Осынау басымдағы сор-бағыммен,
Кезім көп жол екен деп орға кірген.
Қай жаққа бастайсыңдар енді бізді,
Күндер-ай күрең қасқа
жорға мінген.
Мұндай өлеңді оқу - қуаныш, сосын ол сапар... Сапар болғанда толып-толысқан, ақыл тоқтатқан, өткенге қарап өкініш араласқан тәтті мұңға берілу.
Бұл - ұлттық өлең.
* * *
Шіркін-ай, «Кейбір өзін «ақынмын» деп шіреніп жүрген шіркіндер өлеңнің образдылығын, көркемдігін, бояуы мен тілін, музыкасын қазақтың қара өлеңінен үйренсе ғой» деймін мен кейде өзіме-өзім. Мысалы, қара өлеңде:
Беткейдің бітік екен бүлдіргені,
Бүлдірген бірге теріп кім жүрмеді.
Қойнында қыз қалқаның
қоян жатыр,
Құсымды жіберермін ілдіргелі.
немесе:
Дәйім менің мінгенім Құлабөрте,
Құйрығы ұзын бөртенің, жалы келте.
Төстен қашқан түлкідей
шұбалаңдап,
Төсегінен қалқаның тұрсам ерте.
болмаса:
Астында ана қырдың жылқым
жатыр,
Жылқы деп жүріп сенен
қалдым ғапыл.
Салдыртып cap кезеңге
шыға келсем,
Сарғайып сағыныштай
жұртың жатыр.
сонан соң:
Ауылым Жақсыбайдың Ақсорында,
Өкпелер жаман - асқа,
жақсы - орынға.
Аққудай толқын соққан
көлбең етіп.
Ақ үйдің қылаң
берші жапсарында.
соңы:
Мен күтсемде сезіммен алас ұрған,
Сен өтпедің қара орман қара судан.
Сен өтпесең қара орман,
қара судан,
Мен өтейін кірпігің арасынан.
Осылай кете береді, кете береді...
Міне, бұлар қазақ өлеңінің ұлттық үлгісі. Осындай өлеңдерді оқығаннан кейін, төмендегі өлеңдерге үңілуге жүрегің қалай дауаласын:
Қиялға батыратын
Жұлдызды аспанымыз,
Қиянға шақыратын
Мұнартқан асқарымыз.
Балаша бәрімізді
Алдайтын ақсары қыз.
Ол барда маңымызда
Көрмедік басқаны біз.
Самғаған уақытқа еріп
Кетіпті жас шағымыз.
..Ол кезде бақытты едік,
Қазір тек ақшалымыз...
(Қастек Баянбай).
Сілтегендер асыра,
Содан рақат таба ма?
Бүгін сенің басыңа
Күн туды ғой, Жер-Ана!
Шығарды әркім көңілден
Іште бұғып жатқанды.
Естіп пе едік, өмірден
Өз Анасын сатқанды.
(Аманжол Шамкенов).
* * *
Сөз бостандығы мен демократияны пайдаланып кәсіпқой қаламгерлер шынайы өлеңді мақала тақырыбының құрбандығы етіп жібергелі қашан. Содан болар, Абай, Мағжан, Ілияс, Мұқағалидан соң да «ұлылар» мен «көрнекті ақындар» қаптап кетті. Бұ да сол өлеңге деген жауапкершіліктің жоқтығынан.
* * *
Бірнеше сұраққа жауап.
- Бүгінде өлеңнің қадір-қасиеті кеткен. Оны ешкім де оқымайды дегенге қалай қарайсыз?
- Өлеңнің қадір-қасиеті болмаса, онда ол өлең болмағаны. Сондықтан, нағыз өлеңнің қадір-қасиеті болмауы мүмкін емес.
- Нағыз өлеңнің төрешісі кім?
- Ұлт (тобыр емес). Нақтырақ айтсақ, УАҚЫТ.
- Оқырман мен ақын қарым-қатынасындағы басты нәрсе не?
- Олардың бір-біріне деген СЕНІМІ. Әсіресе, ақын тарапынан. Ол ешуақытта да оқырманға өтірік айтып, одан өзін жоғары қоймауы керек. Сонымен бірге, қара дүрсін, қарабайыр болып, жайдақ су секілді күй кешуге тағы да құқы жоқ.
***
Өлеңде де, өмірде де бүгіндері жан-жағымызға қарауды ұмытып бара жатырмыз. Жан-жағымыз дейтінім. өмірден өткен үлкен ақындар: Өмірзақ Қожамұратов, Сағи Жиенбаев, Жұматай Жақыпбаев, т.б. мен көзі тірі Бекен Әбдіразақов, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова, Есенбай Дүйсенбаев, Еркін Ібітанов...
Е.Дүйсенбаевтың:
Түріп те тастan іргені мүлдем,
Түн ортасында көз ілсең.
Оянып ерте бір керім үннен,
Ойланып жатсаң өзің сен.
Табан жердегі терезе-белден
Табиғат таңғы қол беріп, -
Тобылғы, тор көз керегелерден,
Топ ете түсер жол келіп. -
дегені мен Еркін Ібітановтың:
Бұл жаңбыр қызық жасады, ә?
Талай жұрт сая жүрді іздеп.
Мен тығылған тасаға,
Тығылды тағы бір қыз кеп.
Шапанды шешіп жалма-жан,
Жаураған қызға ұсындым.
(Қыз десе жаным қалмаған,
Мен де бір жомарт кісіңмін).
Бойыма кірді бір жылу
Сезімді ақын, ал, жырла,
Садаға кетті қынжылу,.
Рахмет айттым тағдырға.
Тезірек өтпей сол бір кез,
Созылса шіркін ғасырға,
Жанымда тұрсын мөлдір көз,
Басылма, жаңбыр, басылма! -
деп толғаған суретке толы өлеңдерінің дәмі мен образды өрнегі әлі де «таңдайымыз» бен көңілімізде.
* * *
Өлең де кей-кейде хабарсыз кететін адам секілді. Ол да жазылмай, із-түзсіз жоғалып, жаныңды қаузап, жегідей жейді. Тіпті, жазған өлеңің әлдебір бейтаныстай әсерде отыратын кезіңде болады. Мысалы, менің өз басымда сондай жай болды. Онда мен:
Саудасы сәтті берік қой,
Саудагер тұрса тиын ап, -
Ақынға келген көрікті ой,
Айтылмай қалса қиын-ақ.
Сәтсіздеу өлең жазылған,
Ақынға білсең, сол қайғы, -
Саудагер болар азынған,
Саудагер ақын болмайды -
деген болатынмын. Үңіле қарағанға мұнда қазақтың үлкен ақыны Қадыр аға Мырзалиевтің «салқыны» бар. Еліктеп-солықтаудың классикалық үлгісі. Өзімнен кейінгі жастарға осындай ақындыққа жат жайдан алыс болыңдар дер едім. Өйткені, осындай бір өлеңнен басталған еліктеу бүкіл творчествоңды, яки, поэзияңды жалған жолға түсіріп жіберетіні белгілі.
* * *
Кей-кейде бір ақын туған жер туралы өлең жазады. Егер, сол өлеңдегі авторды алып тастап, оның орнына басқа авторды қойсаң, ол өлең әлгі автордың өлеңі болып кете береді. Міне, өлеңдегі жалғандық деген осы. Яки, ақын өзінің туған жері туралы өлеңінде со өңірдің табиғаты мен кескін-келбетін толық жеткізе алмаған. Есениннің бір жас ақынға: «Алдымен, сен Отаныңды тауып ал» деуі де сондықтан.
Жалпы, ӨЛЕҢДЕГІ басты мәселе - өтірік айтпау. Сонда, ақынның бүкіл ПОЭЗИЯЛЫҚ шығармашылығында ақиқат өріліп, жүректерге жол табары анық.
30. 06. 2000 жыл
Соңы
Abai.kz