Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3164 0 пікір 3 Сәуір, 2013 сағат 04:16

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

ЕКІНШІ БӨЛІМ

«ТАС ТҮЛЕК»

Бірінші тарау

1

Шеру кісілері енді Құлжаға жетіп, Фуженің үйіне түскен. Қалмақ жігіті Фуже түн бойына Керімбектерден Шерудің талайдан бергі мән-жайына толық қанығып болды. Арызшылар ендігі қағазды осындағы «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» дейтін аймақтық орынға бермекші. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының секретары - Үрімжіде қытайша оқыған Қызай жігіті - Мұхабаймен Керімбектің бұрыннан таныстығы болғанмен, екеуінің анық іштей ұғыстық-білістігі жоқ еді. Керімбек осы түні сол ахуалды Мұхабайға қалай жалғастыру керектігін ескерткенде, Фуже дәл осыған орай келерлік көмескілеу бір жайдың шетін білдіріп:

- Сол Мұхабай ағайыныңыздың сіздің өз басыңызбен жолықсам деп жүрген де бір мәнісі бар тәрізді еді. Сондай бір нәрсені аңғарып қалған сияқты ем. Не айтпақ екен, бара көріңізші...- деген. Әлде бір шетіндеу аужай, сыңайын шалдырған.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

«ТАС ТҮЛЕК»

Бірінші тарау

1

Шеру кісілері енді Құлжаға жетіп, Фуженің үйіне түскен. Қалмақ жігіті Фуже түн бойына Керімбектерден Шерудің талайдан бергі мән-жайына толық қанығып болды. Арызшылар ендігі қағазды осындағы «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» дейтін аймақтық орынға бермекші. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының секретары - Үрімжіде қытайша оқыған Қызай жігіті - Мұхабаймен Керімбектің бұрыннан таныстығы болғанмен, екеуінің анық іштей ұғыстық-білістігі жоқ еді. Керімбек осы түні сол ахуалды Мұхабайға қалай жалғастыру керектігін ескерткенде, Фуже дәл осыған орай келерлік көмескілеу бір жайдың шетін білдіріп:

- Сол Мұхабай ағайыныңыздың сіздің өз басыңызбен жолықсам деп жүрген де бір мәнісі бар тәрізді еді. Сондай бір нәрсені аңғарып қалған сияқты ем. Не айтпақ екен, бара көріңізші...- деген. Әлде бір шетіндеу аужай, сыңайын шалдырған.

«Қырғыз-қазақ ұйышмасы» қаланың «ноғай город» деген батыс бөлігі жағында, көшесінде қатар өскен, сыңсыған, зәулім шынар, теректері бар, алма-баулы, жеміс ағаш бақшалы, гүлге оранған қаланың ең бір әсем жағы. Ертеңгі сәске шағында қаңылтырмен шатырлаған ұзынша қарағай үйге, көше бойындағы мол саялы теректеріне ат байлап, он шақты кісі кеп түсе берді. Ең түптегі, ашық терезесінен бір үлкен бау көрініп тұрған кең, жарық бөлмеге іркілмей енген ел кісілерімен Мұхабай отырған орнынан түрегеп амандасты. Тайлақбай бастаған үлкендерге ол шынайы ашық шыраймен сәлем беріп, қарсы жүріңкірей кеп тегіс қол алысып ұшырасты. «Өзім» деген шат ажармен қызғын қарсы алып тұрғаны аңдалады. Ішінара бұрыннан таныстығы бар Шеру кісілеріне ізетпен тік тұрып, орын көрсетіп, өз орындығына сонаң соң барып жайғасты. Үрімжіде офицерлер даярлайтын «Жұң гуан шо-шау»* дейтін екі жылдық әскери мектепті бітіріп, аға лейтенант дәрежесімен келген, мундирлі сары ала қазақ офицері отыр. Ешнәрсеге тосылып шектелместей пайымшыл еркін нұсқасы бір қарағаннан танылатын: сұңғақ бойлы, ботакөз келген, сұлу жігіт Керімбектің тығыз бір іс жайымен жүргенін жаңа кіріп келе жатқаннан-ақ жазбай таныған. Өзі бір үлкен сыр жөнімен Керімбекті сыртынан көбірек еске алып, оны анық керек етіп жүрген. Бұл үшін сондай адуынды адам тап бұлай бейсағат жүрмейтіні белгілі еді. Оның жалпақ Қызайға аты шыққан кісі екенін де білетін.

Әуелгі аман-сәлемнен басқа екі жақтан ел-жұрт тыныштығы сұралып, бөлме іші енді аз тоқталып қалғанда, ұзын жайдақ орындықтың бергі басында Тайлақбай мен қатар отырған Керімбек:

- Мына бір қырсық шалған, кертолғау жұмыспен рулы ел сергелдең боп, күйзеуге түсіп жүргеніміз! - деп Мұхабайдың алдына бүктеуін жазған қағазын ұсына берді. Арызды сөзге келмей тез иіліп алған Мұхабай бар зейінін салып, ұқыптап оқып отырып қалды. Салқындау қадалып, іштен түйіліп оқыды... Құндыздай жалтылдаған қара шашын саусағымен артқа қайырып қойса қайтып құлап, төгіліп түседі. Мұның ішінде қазақтың қытайға ұқсап шаш қойғанын ішінен мін санап отырған кісілер де бар-ды. Мұхабай арызбен анықтап танысып, барлығын да толық, жетік түйсінген аңғармен:

- Онда біз бұл іске жеңіл қарамайық... Дін назаратымен бірлесіп қозғап көрейік, - деді бірден-ақ. Іскерлігі шапшандығымен бірігіп тұратын адам сияқты. Керімбектер  ойға алып келген түйінді бұл да айтты. Арызда «Күреден қанағаттанбадық» деген сөз бар. Ол - сынығы оңай бітпейтін мертік. Мұхабай сөзіне және оның іштей тежеліп қалғанына қарап соны еске алған Тайлақбай тәуір жігітті сүйемелдеп:

 

* Жұң гуан шо-шау - әскери мектеп.

 

- Иә, бұл сынығыңның өзі оташы-мертікшіңнен бақайшағы майысқан ептік-сақтықты ғана сұранады, - деген. Мұхабай енді іркілмей дереу іске кірісудің қамын ойлады. Осы күні өзі бірге жүріп, дін басқармасындағы Әліхан-төреге келді. Бір Іле емес, Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары бірлескендік назаратының бас назары - Әліхан, тегінде, өзі Бұхарадан оқыған: ескіше, жаңаша, саясатқа жетік адам болатын. Баданадай үкі көз келген, ақсұрша жүзіне қысқалтаң күзеп, медресе тәртібімен дөңгелентіп сақал өсірген, көрікті адам. Ол бар мән-жайды ұғып, мүлгіп тыңдап болған соң, өз атына жазылған арызға тіркеп дін назаратының таңбасын аузына әкеп үрлеп басып, «Күре шянь жің фуінің шянь-гоны Ма шяньгонге»** деп, арабша, Бұхар баспасының сүйкек үлгісімен сүйрете жазып бір байланыс - алаха қағаз берді. Жуас қана майда сипап жазылған қатынаста: «Қазақ қызын үкімет адамы алып қашу себебі жете анықталып, қыздың өздеріне қайтарылып беруін дін назаратының шешімі кішілікпен талап етеді» - деген. Әліхан-төре өзі Керімбекпен шамалас, жасы алпыстардағы және бұл екеуінің бұрыннан да жақсы таныстықтары бар адам болса да оған қағазды ұстатып жатып, «қолымнан келгені осы» деп шынын айтқан.

 

** Күре шянь жің фуінің шянь гоны - күре үйездік өкіметінің оязы.

 

Үш аймақтың дін назараты дейтін даңғарадай аты бар орынның қолынан қазіргі кезде бар келері де сол еді.

Рас, осы өтініштің өзі де назараттың бұрынғы беделі болса, салмақты сөз болары даусыз. Осыдан он бір жыл бұрын - 1933 жылы Шыңжанда Шың шы сай алғаш таққа отырғанда аз ұлттардың өзге еркіндік, өзге «ұқық-теңдігіндей» дін-назаратына да өлшеулі жақсы ғұмыр «сыйлаған». Бірақ ол Шыңжаң үкіметін билеген Шың шы сайдің өз буынын бекітіп алғанға дейінгі аралық болатын. Бір Күре емес, Күредей он шақты үйездік өкімет келіп бас шұлғынатын Құлжа губернелік штабының өзімен жасқанбай сөйлесетін үлкен «ерік» беріп қойған. Тіпті, сол гүберне штабының өзінен де қайта-қайта адам келгіштеп, дін назаратынан «ақыл-кеңес» алып тұруды ұмытпайтын. Мезгіл-мезгіл дін заңының да қабағын жақсы бағып, көңілін жаңылмай аулап тұратын. Бірақ шынайы әрекетті Шыңжаң үкіметінің орынбасары аз ұлт өкілі, Қожанияз-қажымды ұстап көзін жоюмен бастаған. «Жапонияға алтын өткізеді» деген желеумен аз ұлттың бетке ұстаған екі зиялы адамы Қожанияз бен Дәулеткелдіні жойғаннан кейін келе-келе бұл өлкедегі аймақтардың барлығы да өгей қабақ өктемдігінде қалып бара жатты.

Осындай тағы бір сабырлы, қоңыр мінез байланыс-алахасы аймақтық - «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» атынан берілді. Керімбек бұл қағаздарды тигізіп алысымен қайтпады. Мұнан өзге, басқаша бір жасырын жұмыспен айналысып, екі-үш күн осында болып қалды...

Бұл істі: Керімбек, Тайлақбай, Мақсұт, Қарымсақтар, өз қасындағы бірге келген өзге кісілерден де жасырған-ды. Бастығы Абдолладан тартып ешкім білген жоқ. Фуже астыртын байланыс жасап жүрген ағайынды Әкбар-Сейіттің Нылқы Ластайында «Тас түлек» атты жасырын ұйымы бар. Мүшелері не бары он шақты адамнан тұратын құпия штаб. Содан Фуже арқылы Керімбек те көптен бері жең ұшынан жалғасып хабар біліп жүруші адам. Сона бір шақта, өткен күзде Керімбек Қарымсақты Фужеге қатынастырғанда, осы турасында жіберіп, астыртын тіл алдырған-ды. Керімбекке көшіріліп жеткен Таңжарық хаты қолына әуелде осы Әкбар-Сейіттен тиген-тұғын.

Фуже сол Әкбар-Сейіттің бір адамы. Бұл жолы Әкбар-Сейіт Фуже арқылы Керімбектің Құлжаға келген хабарын алған. Сөйтіп олар қолма-қол өздерінің бір кісісін Керімбекке суыт жіберген-ді. Келген - Штаб ұйымының ең нанымды адамы, татар жігіті - Фатих. Керімбекті бұрын сыртынан да көп айтып, олардың құлағына қанық етіп жүрген Фуже осы жолы оны Фатихпен мағыналы таныстырып үлгерді.

Әкбар-Сейіт, Фатихтар, Фужеден Шеруді «ұйымшыл ел» деп еститін. Сонымен енді осы Шеру руының жетекшісі - Керімбек мынадай шаруамен қиналып келгенде, Фуже Әкбарларға тізгін ұшымен өзі жетіп хабар айтқан. Фатихтың мына келісі осындай күйге байланысты.

Фатих, Фужелер әрекетінің бір тармағы Күредегі маңғұл адамы Лүріп-Ламаның үйінде болғандықтан, бұлар осы жолғы бір үлкен сұхбатты сол Күреде өткізбек. Осындай орайда Фуже менен Керімбекке Фатих осы жерден ерекше бір іс тапсырып қалды. Қазір Әкбар-Сейіт, Фатихтар құрамында Құлжада тек қана осы Фуже басқарған «Маңғұл ұйышмасынан» басқа ешбір үлкен орын жоқ болатын. Аз ұлт мекемелерінен осыдан өзге ешқандай беделді ірге әлі қолдарына ілікпеген. Сондықтан енді сәті түсіп, реті табылар болса. «Қырғыз-қазақ ұйышмасынан» сыр аулап көріп, қайткен күнде де соны ішке тартатын мезгіл жетіп еді. Бүгін Фатих құпия штабта сөз болған өз жоспар, тапсырмасы бойынша, Фуже мен Керімбекке соны ашып: Екеуіңіз «Қырғыз-қазақ ұйышмасының «бастығы» - Мұхабайды айналдырып көрсеңіздер қалай болар екен? Егер ол тезірек қолға түссе, ең бір арқа тіреп, ес қатар күшің сол болар еді! - деген.

Фуже мен Мұхабайдың жақсы таныстығы бар адамдар. Аймақ бойынша әйгілі екі үлкен ұйышманың бір қаладағы қызметтес екі басшысы бір-бірімен біліктес, жолдас та еді. Сол Мұхабай Фуже екеуі мұнан бұрын Керімбек басына байланысты бір жайдан қызықты сыр қозғасқаны бар. Шеру елінің басшысы Керімбек пен Фуже арасының жақын екенін білетін Мұхабай Керімбектегі өз басының бір үлкен шаруасы үшін сыр ашқан... Енді бүгін жаңағыдай Фатих тапсырып отырған өте мағыналы іске соның барлығы өз-өзінен ойысып, үйлескелі жатқан-ды. Осылай бар істің сәйкестенуіне орай Фуже Керімбекті қасына алып, сол Мұхабайға таман қиыстап ертіп әкеле жатты.

Бұлар келіп есіктен кіргенде, Мұхабай әлденеге үмітті болған қабақпен орнынан ыршып тұрып, шұғыл қарсы алды.

 

2

 

Осы өткен көктемде Мұхабай Шерудің елі-жерін арнайы көре барып, Керімбек ауылына қонақ болып қайтқан. Бұ келісінің басқаша да мәні бар-ды. Керімбектің інісі Ахмади зәңгінің басы бос, ел аузына ілінген қызы бар екенін естіп барған. Мұхабайдың ерте күнде айттырып қойып, ата-анасы әперген әйелі де бар.

Соның үстіне енді өзі таңдап бір қыз алмақ ниеті боп, о жер бұ жерден қыз жақпай жүрген. Сарыбұлақтағы Торғай руы мен Шеру жері шалғай елдер болса да, мына қыз жөнін Мұхабай сол өз елінде естіген. Ол қызға да жер жақаай, әлі басы ашық отыр дескен.

Сонымен өзі сырттан жәйін ұғынып барып көрген бұл қызға Мұхабайдың көңілі анық тұрақтап, бекіп қайтқан. Бірақ онысын әлі ешкімге айтып, аша алмаған. Тек, бір ғана білдіріп жүрген адамы - осы Фуже болып келген.

Мұхабай Керімбекті әнекүні алғаш көргенде өздері істі боп жүрген соң, ол жәйлі үндей алмай қалған-ды. Жаңа Фуже екеуі кіріп келгенде, енді соның орайы бүгін туа ма деп қатты үміт етіп еді. Үшеуі жақсы аман-сәлеммен жәй сұрасудан бастап кең әңгімелесті. Шерудің мына жағдайлары туралы сөз қозғасып, одан Шыңжаңдағы аз санды ұлттардың тағдыры сөйленді. Барлығының да көріп отырған осындай сан қилы ауыртпалық езгісі айтылды. Озбыр өкімет бұғауынан ел басына туған күн үшеу ара ортақ пікір болыңқырап отырды. Фуже мен Керімбек бастап отырған сөзден Мұхабай да алшақ шықпай, бірге маслихат салды. Бір кезде Керімбек пен Фуженің әкеліп отырған не әңгімесі бары да тыңдаларлықтай мезгіл жетіп, Мұхабай соны естігісі келген сыңай байқатқанда, Фуже жымиып:

- Біз, Кекең екеуіміз сенің өзіңе бір зор бұйымтай тілеумен келіп отырмыз! - деп еді, Мұхабай сақ отырған қалпында, алтын тісі жарқырап күліп:

- Бұйымтайды сіздер ғана айта бермей, біз де айтайық та, бізден де хал-жағдаят сұрап қойыңыздар! - деді.

Керімбек:

- Жөн, кісі дәруі кісіде, - деңкіреп, Мұхабайдың бірдеңе айтпақшы болғанын байыппан аңдап, жол беріп отырып қалды.

Мұхабай сөзгер, алашқа әйгілі жігіт. Айтарын Керімбектің шаруасынан кейін қалдырмай, енді осы арада айтып алмақ болып, әңгімесін суыртпақтап бастады. Өткірдің епшілі екені байқалады.

- Кеке! Жігіт жүрегіне сенеді дейді ғой, осы... Мына, Фуже тамырыңыздан райымды жасырмай-ақ айта берейін, сөйтейін бе? Ойындағысын жаман адам айта алмайды дейді екен, жарамаған сөз болса қала берер... Оған сіз де айып етпеңіз, жақсы-аға! - деп, майыстырып әкеле жатты. Жаудыраған бота көзін сағымдандырып, сырттағы көркем бауға көз тастап қойып, ойын асықпай ғана сабақтап сөйлеп отыр.

- Кекеңмен көңілің, жүрісің жақын ғой, деп бұл базынамды мына Фужеге де айтқан едім. Сол кісінің құлағына сал деп, көп ниет қып тапсырып жүрген үмітті шаруам болатын. Адамда тілек, мұрат дейтін, көңіл дейтін әурегер құрғыр бар ғой. Отқа-суға түсіріп, мезгілден ерте тоздыратын да сол екен. Адамды тегі қиындық мойыта алмаса да, арман мойытатын көрінеді. Сіздер теңдесі жоқ бұйымтай әкелген болсаңыздар, тап сол өздеріңіздікіндей арзу-тілек менде де болып отыр, - деп майын тамыза келіп:

- Жазға салым өз ауылдарыңызға барғанда, сіздердің өнегелі ортаңыз өсірген бір балаңызға ниет ауып қалып еді, - деп келгенде Керімбек сезе берді...- Адамға ғаріпшілік тек таршылықта ғана емес, жүректі ең ыстық соқтыратын, осындай бір ізгі игілік жолында да түсетін көрінеді ғой. Арман-әлекті жасырғанда менің сөзімді кім айтып береді деп, өлермен болып, отқа түсіп отырған жайым бар еді, ақсақал!

Мынандай сөзге Фуже аз жымиып төмен қарап тымпиып отыр екен. Керімбек бұның өзінен жауап тоса қараған сұлу жігітке таңырқай отырып «әр сөзінің өзі бір қаралық жатыр-ау» дегенді ойлады. Осындай аралық сәтте Мұхабай өз айтарын әліде аз жалғап:

- Бұл сөзді жалаң аттың жалында, жалаң қылыш жүзінде айта салды демессіз, бір жағы «үлкенім» деп сүйеніп айтқан еркелігім болсын. Бұйрықты күні - бүгін, сіздің өз дидарыңызға ілтипат етіп айтпағым, білдірмегім осы еді, - деп тоқтады. Ашық үні де мағыналы, әсерлі. Кескін қабағында өзгеше бір дара, бітімділік тұр. Бұл өзі Күреге жақын маңдағы Бес-Сарбұлақ дейтін өңірді мекен ғып жайлаған Қызайдың Торғай руынан шыққан жас. Оның ауылын Керімбек білуші еді. Бір дүркін қырдағы сол өз үйінде көп кісімен қонақ болғаны да бар. Мұхабайдың үйіндегі өзі аурушаң, екі-үш баланың анасы болып қалған әйелінің қолынан дәм татқан.

Жігіттің еріксіз ой саларлық сөзінен соң, Керімбек тосылып отырды да:

- Дұрыс-ау, балам. Бір қазақтың баласы сендей-ақ, сөз тапсын!.. «Сұлуға сұқ, татуға тіл» деген ғой, - деп қойып, аз тоқтады. Жігіттің басына айтар өзінің де орасан өтініші ойда тұрғандықтан, «Сұлуға сұқ болса, ендеше татуға тіл» дейтін және бар дегенді алғыр азаматқа алдын ала аңғартып өтті. Аз ойлана отырып:

- Сөзіңнің бәрі де рас, бәрі жөн. Бірақ әрі қиын, әрі жөн. Қырдың қыл құйрықтысына емес, ердің құнына бітер сөзбен тұсау саласың... Салып отырған қолқаң оңай қолқа емес. Тек жалғыз-ақ қолқаңнан сөзің қиын, сөзіңнен қолқаң қиын болып отыр! - деп қайқалақтап қалды. Астары асқақ, бедері берік, сөз тастады. Айтарының аяғын әлі де сәл жалғады. Күлкі шырай жат боп кеткен, айбынды кісіге Мұхабай жалтаңдап қарағанда:

- Солай да болса көрейік енді... Қыран ұшпас жер болмас, қылыққа адам тоймас... Ауыз дәмдіні, көз әрліні сүйеді, қарағым! Бір балама оралса оралған шығар, сенің де жақсы туған мерейің. Бірақ сөзіңдей бекімің болсын, - деп аяғын ауыр түйген Керімбек жауабын тоқтатты.

Керімбектің қарсы тұсында отырған, жасы отыздың шамасындағы көрікті қызыл жігіт Фуже бар пікірі үсті томпақ, жымсық көзінің аясында сақталып тұрғандай сезілетін, тымырайған жан. Ол Мұхабайдың да, Керімбектің де сөз мағынасын ішінен анық, өрелі ұғынған бойымен кірпігін ара-тұра лып еткізіп қағып қойып, үндемей тымпиып отыр. Үшеуі аз үнсіз қалғанда, Керімбек қайта бір сөйлеп:

- Шама келсе, береке неге жаман болсын... Жауынгер елің мақалдап, «Саусақ - жұмсаң жұдырық, ашсаң қылдырық» дейді, - деп қойды. Ендігі бастайтын әңгіменің негізін салған осы сөз ауқымы. Бірігейік демекші! Осыдан біраз уақыт өткенде, бұлар Керімбек пен Фуже келген жұмысқа да жылжып ауысып алған-ды. Үшеуін енді анық ұзақ ұстаған әңгімелері бүгінгі ең алғашқы сәттің өзінде-ақ, бір ет асымдай кезге кетіп, бара-бара жасырын сыбырға көшіп, құпия сөйлесіп қалған. Отаршыл өкімет үстемдігіндегі ел тағдырын сөйлескенде, атадан балаға мирас болып қаларлық нәсілдік езгіге қарсы серт таразысына тас салған үш адам болып табысқан.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6076