Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1952 0 пікір 6 Ақпан, 2023 сағат 11:53

Елімізде балаларға арналған қазақтілді контент көбейіп келеді

Әлемдегі дамыған мемлекеттер бала тәрбиесіне аса көңіл бөледі. Оны қоғамның сапалы мүшесі етуге ата-анасынан бастап үкіметіне дейін жағдай жасайды. Баланың бақытын бәрінен жоғары етіп қояды. Сондықтан баланың не көріп, не естіп жүргеніне өте үлкен мән беріледі. Мысалы, мамандардың дерегінше, бала уақытының 30 пайызын теледидар көрумен өткізеді екен. Ендеше мектеп жасына дейінгі бала орта есеппен 5 мың сағатын теледидардағы контентке бөледі деген сөз.

Көк жәшікке телмірген баланың уақытын шетелдерде пайдалы контент өндіру арқылы тиімді пайдаланады. Баланың санасын, түйсігін қалыптастыруға қауқарлы мультфильмдер, бағдарламалар ұсынады. Интернеттегі дереккөздерге сүйенсек, бүлдіршіндерге танымдық бағыттағы контент беру Америка Құрама Штаттарында жақсы жолға қойылған. Ал Жапонияда мультфильмдер арқылы елдің салт-дәстүрін, әдет ғұрпын насихаттайды, Қытайда патриоттық мазмұндағы мультфильмдер көрсетіледі екен. Бұл жалпы алғанда, болашақ ұрпақтың қалыптасу арнасын жасап беретін идеологиялық құрал. Сондықтан біздің елімізде де дәл осындай бағытта жұмыс істелгені абзал.

Бала бақыты бәрінен де жоғары тұруы керек. Олай болса, бүгінгі жас бүлдіршін, ертеңгі еліміздің болашағы үшін барлық бағытта ауқымда шаралар қолға алынуы керек.

Қазақстандағы өзекті мәселенің бірі ретінде – мемлекеттік тілдегі балалар контентінің аздығы десек болады. Әлеуметтік платформадан орыс тілінде, ағылшын тілінде мультфильмдер көріп өскен баланың тілі де солай шығары сөзсіз. Өз ана тілінде емес өзге елдің тілінде былдырлап жүрген балалардың ата-аналарынан «Неге балаңыз қазақша сөйлемейді?» дегенде, қазақ тілді балалар контентінің аздығын, сапасына көңілі толмайтындығын алға тартады. Бұнымен келіспеске амал жоқ. Қазіргі заман – жаңа технологиялар заманы. Бұрынғыдай әжесінің ертегісін тыңдап, атасымен мазмұнды сұқбат құрудан гөрі теледидардағы мультфильмдерді көруді ұнататын бала көп.Осының нәтижесінде ешкім үйретпесе де, балабақша бүлдіршіндері орыс, ағылшын тілдерін меңгеріп алады. Ал қазақ тіліне келгенде сөйлей алмай, тіпті білгенін ұмытып қалатын бала саны артып келеді. Біздің болашақ балаларымыздың тілі қазақша шығуы тиіс. Дәл осы миссияны күштеусіз-ақ телеарналар мен басқа да платформалар орындап бере алады. Бұл ретте тәрбиелік, танымдық және тілдік мақсаттар көзделген қазақтілді контент нағыз қажетті ресурс болмақ.

Мемлекеттік тілдегі анимациялық фильмдер баланың тілі қазақша шығуына бірден-бір таптырмас құрал. Оның осы ерекшелігін ескеріп, соңғы жылдары қазақ қоғамында барлық телеарналардағы балалар мультфильмдерінің тілін қазақшаға көшіретін уақыт жеткені туралы қайта-қайта мәселе көтерілгені рас.

Еліміздегі ең басты мәселе – қазақтілді контент санын, балаларға арналған арналар мен бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру мақсатында әзірге шетелдік арналарды қазақшалау мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, биыл соның нәтижесін көруге мүмкіндік туды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Nickelodeon» және «TiJi» телеарналарымен келіссөз жүргізіп, ынтымақтастық орнатты.

Нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және балалар контентін мемлекеттік тілде дамыту аясында балалар арасында жоғары сұранысқа ие «TiJi» және «Nickelodeon» телеарналарының хабарын бүлдіршіндер қазақ тілінде көре бастады. Бұл биылғы балалар жылының жақсы жаңалығы болды.  «Болашақ ұрпақтың үйлесімді дамуына әрқайсымыз жауаптымыз. Негізі балалардың тәрбиесі тілден басталады. Неге «Nickelodeon» және «TiJi» каналдары таңдалды? Бұл қазақ тілінде мультипликацияны көрсететін бәсекелестікті дамыту мақсатында жасалып отыр. Әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша, негізінен қазақ тіліндегі контент, балаларға арналған мультфильмдер көрсетілетін «Балапан» арнасы 1-орында, содан кейін «Nickelodeon» және «TiJi», «Cartoon Network», «Карусель», «Малыш» арналары тұрғаны анықталды. Айта кетейік, «Nickelodeon» мен «TiJi» арналары әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке бейімделген. Бүгінде «Nickelodeon» арнасы 180, «TiJi» - 20 елде таратылады. Қазіргі уақытта мультфильмдерің 800 жуық сағаты қазақ тіліне аударылды», - деген болатын Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров.

Сондай-ақ биылғы жылы  балалар мен жасөспірімдерге арналған қазақ тіліндегі тұңғыш ÖZINŞE атты стриминг-платформаның іске қосылды. Бұл онлайн кинотеатрда әртүрлі жастағы балаларға арналған толықметражды анимациялық және көркем фильмдер, комикстер, мультхикаялар, телесериалдар мен ситкомдар топтастырылған.

Стриминг платформаны іске асырған авторлар, балалар контентін жасаушы мамандар Мақпал Жұмабай мен Сандуғаш Баймаханқызының айтуынша, жоба 2020 жылдан бері қолға алынып, осы уақытқа дейін жасалған. ÖZINŞE қосымшасын гаджеттерге жүктеп алып, балаға қосып беруге болады. Өйткені бұл тек онлайн кинотеатр емес, балаларға ана тілінде сапалы, тәрбиелі контент ұсынатын сенімді алаң болып табылады. Мобильді қосымшаны кез келген адам IOS және Android мобильді операциялық жүйелерінде тегін жүктей алады.

Бүгінде қосымшада көлемі 3400 мин құрайтын мультсериалдар мен телесериалдардың лицензиялық құқықтары сатып алынып, жүктелген. Қазіргі уақытта ÖZINŞE Nickelodeon телеарнасымен және басқа да әлемдік студия өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жоба авторлары жүйенің жүйелі түрде жаңарып, толықтырылып отыратынын жеткізді. Сонымен бірген, ÖZINŞE ұжымы дайын өнімдерді сатып алудан бөлек,  өзіндік жобалар өндірісін де қолға алған. Мінекей, осындай жобалар қолға алынып, балалар контенті жолға қойылып келеді. Аз да болса, көңіл қуантады.

Мультфильм көру арқылы бала қай тілді болсын тез қағып алады. Сондықтан анимациялық өнімдер бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің ең тиімді жолы. Осы жасалып жатқан шаралардың пайдаға асуын қамтамасыз ету қажет.

Бұл ретте балабақша тәрбиешілері мен ата-ана жауапкершілік алады.

Қазақ балабақшасында да, орыс балабақшасында да мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың бір жолы ретінде қарап, балабақшалардағы ата-ана жиналысында «Nickelodeon» және «TiJi» арналарына, қазақтілді платформаларға жарнама жасалуы керек.

Аталған арналардағы өнімдер бала ұғымына сай жатық тілмен аударылған. Баланың қабылдауына қиындық келтірмейді. Тіл туралы әлеуметтік зерттеулерінде

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «жұмсақ күш» терминін пайдаланады. «Жұмсақ күштің» жарқын мысалы ретінде қазақтың жарық жұлдызы, әнші Димаш Құдайбергеннің әншілік талантын атасақ болады. Оның дауысына ғашық, әнін сүйсіне тыңдайтын әлемдегі жанкүйерлері Димаштың қазақша өлеңдерін жатқа біледі. Сол үшін қазақ тілін оқып, қызығушылық танытқан. Қазақтың мәдениетін әлемдік деңгейдегі әншіміз арқылы танып жатыр. Мінекей, баланы қазақша сөйлетеміз десек, осы «жұмсақ күшті» пайдаланып, олардың ең көп тұтынатын контенті – мультфильмдерді қазақ тілінде беру керек. Сондықтан да үлкен еңбекпен жасалған дүниені жарнамалап, ата-анаға да, балаға да көруін өтініп, ұсынып отырған дұрыс.

Бала бастапқыда тіл білмесе де, өзіне ұнаған фразаларды, жекелеген кейіпкерлердің сөздерін жаттап алады. Кейін келе қазақшаны түсінетін деңгейге жеткенде жекелеген сөздердің, одан кейін сөз тіркестерінің мағынасын түсініп, сөйлем құрай бастайды.

Мультфильмдегі кейіпкерлердің диалогтарын, қызықты эпизодын есте сақтап, жатқа айтуы мүмкін. Сонда ақырын ғана қазақша үйрену үрдерісі іске қосылып, нәтижесінде баланың тілі сынады. Тіл үйренуге деген қызығушылығы арта бастайды.

Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі болашағымыз. Олай болса, тіл үйрету, тіл үйрену үдерісінде ешқандай күштеусіз мультфильмдердің мықты қызмет атқаратынын естен шығармай, қазақ баласы үшін де, өзге этнос өкілдерінің балалары үшін де осы мүмкіндікті барынша пайдаланып қалуға асығу керек.

Қазақ ақындарының «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең-ертегілерін де қазіргі заманға сай етіп ұсына алсақ құба-құп.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371