Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)
2
Әкбар-Сейіт, Фатихтер мына Фуже әкелген төтенше жат хабарды естігенде қатты қобалжыды. Енді амалсыз бұрынғы өздері жасап, ойласып отырған жоспарларын бұзып, шұғылынан өзгертуге мәжбүр болды. Бұлар тап сол күннің өзінде Әкімді Шерумен іргелес, тау жайлаған Таймас руының адамы - Аусынақынға тізгін ұшымен жөнелтті...
Бұл кезде Күредегі «Мын-ха шо таңға» (Маңғұл-қазақ мектеп интернаты) бүкіл Күре уезіне қарасты ұйғыр, қырғыз, қазақ, маңғұлдың көптеген ересек балаларын ел-елден топтап жинап әкеп жатты. Қабылданған көбінесе 15 жастағы балалар. Мақсат - бұларды осы биыл өте тығыз тұжырыммен бір қыс «тәрбиелеу» болатын. Бұған Керімбек ауылынан да бала алынса керек еді. Олай болмады... Жұрт мұны Керімбекті шет қағып, балаларын «оқудан» шектегендікке жорыды. Ал Керімбек жайлы нақты шешімді Күре осы кезде анықтап, дайындап та қойған-ды... Ендігі батыл қимылдары бойынша Керімбек пен Қарымсақты бір-бірінен бөлмей, екеуін қолға бірге түсіру керектігі жоспарланған.
1944 жылғы бірінші қыркүйек күнінен бастап, екеуін тапқан жерде ұстайтын үкім шығарып, үйездік үкімет атынан Ма шяньгон мөр басқан бұйрық еді. Құлжаға аман ілінген Керімбекті бір қатерден өтті дегені болмаса, бұлардың өкше-ізінен түскен жау қолынан жолда мылтық атылып, оған дарымақ оққа Қарымсақ өз денесін тосқан...
2
Әкбар-Сейіт, Фатихтер мына Фуже әкелген төтенше жат хабарды естігенде қатты қобалжыды. Енді амалсыз бұрынғы өздері жасап, ойласып отырған жоспарларын бұзып, шұғылынан өзгертуге мәжбүр болды. Бұлар тап сол күннің өзінде Әкімді Шерумен іргелес, тау жайлаған Таймас руының адамы - Аусынақынға тізгін ұшымен жөнелтті...
Бұл кезде Күредегі «Мын-ха шо таңға» (Маңғұл-қазақ мектеп интернаты) бүкіл Күре уезіне қарасты ұйғыр, қырғыз, қазақ, маңғұлдың көптеген ересек балаларын ел-елден топтап жинап әкеп жатты. Қабылданған көбінесе 15 жастағы балалар. Мақсат - бұларды осы биыл өте тығыз тұжырыммен бір қыс «тәрбиелеу» болатын. Бұған Керімбек ауылынан да бала алынса керек еді. Олай болмады... Жұрт мұны Керімбекті шет қағып, балаларын «оқудан» шектегендікке жорыды. Ал Керімбек жайлы нақты шешімді Күре осы кезде анықтап, дайындап та қойған-ды... Ендігі батыл қимылдары бойынша Керімбек пен Қарымсақты бір-бірінен бөлмей, екеуін қолға бірге түсіру керектігі жоспарланған.
1944 жылғы бірінші қыркүйек күнінен бастап, екеуін тапқан жерде ұстайтын үкім шығарып, үйездік үкімет атынан Ма шяньгон мөр басқан бұйрық еді. Құлжаға аман ілінген Керімбекті бір қатерден өтті дегені болмаса, бұлардың өкше-ізінен түскен жау қолынан жолда мылтық атылып, оған дарымақ оққа Қарымсақ өз денесін тосқан...
Сол бірінші қыркүйек күні кешкі мезгілде үйезден шығып келе жатқан бес шерік пен үш полицейдің құпия қоржынында қолға салатын екі білезік кісен - «көзір» бар болатын.
Мазыны өрлеп, қопақтап шапқан суыт жүрісті топтың қоржыны ішінен сол кісен баяу сылдырлап, кешкі апақ-сапақ мезгілде тау қойнауына таман үн беріп келе жатқан. Керімбекті ұстайтындарына бүгін бұның бәрі де күмәнсіз сенген. Бұл топ Шеруді үш күн бойы ақтарғылап, тінтіп іздеп жүргенде, екінші жақта Керімбекке жол тосып жатқан Мамозы кездескен. Көп адам боп көзге түскілері келмеген Қарымсақ пен Керімбек Құлжаға Күре маңындағы керуен жолмен жүрмей, Сүйдіннің желкесін Керімқұл - Кебенекті басып, Сарыбұлақтағы Мұхабай ауылының үстімен өткен. Бірақ Керімбектің бұл сақтық сапарын Мамозы «көріпкелдей» білген. Сүйдіннің аты әйгілі «Қара-дөңінде айналаға дүрбі салып, жол кесіп жатқан қарақшы үшінші күні болғанда күдерін үзіп отыр еді. Дүрбінің арғы шеңберінен қылт еткен екі аттыны шалып қалды. Екі ара кемінде 20 шақырым жер болса да сол екеуінің бірі Керімбек екенінен күмәнданбаған. Айғыр жалды, ақсары аттың топ құйрығы шұбалаңдап, Мамозы көзіне оттай басылды. Жанындағы атқосшысы Хойылдыр-сібеге:
- Бол, мін! - деді де, өзі сарт етіп атқа қона, «Арыппай қараға» қамшы ұрды. Қаһарға мінген қандышелек жымдағы жолбарыстай Құр-Алматының аңғар-өзегімен кес-кестеп тартты. Күн батар мезгіл еді. Керімбек пен Қарымсақ бір ағаштың саясында ат шалдырып, өздері жан торсықтағы жолға алған қымыздан сусындап отырған. Бір сәтте Қарымсақ жан-дауысы шыға:
- Ойбай, Кеке!...- деп, өзге сөзге ауызы келмей, аға жолдасын өз бойымен бас сала, қорғай берді.
Бұл сәтте мылтық үні де шаңқ еткен. Аяғын аз жазып отырмақ үшін шынтақтаңқыраған Керімбекті төменгі балтыр еттен жарадар ету үшін атылған оқ екені білінді... Керімбектің жіліншік тұсынан кеп, Қарымсақты қолтық астынан жырып өтті. Сол кезде Қарымсақ:
- Атқа ұмтылыңыз, Кеке! - дей беріп, қатты сасып есі шыққан үлкенді орнынан тұрғызып демеп жіберді. Шылбыры қолда отырған аттың үзеңгісіне екеуінің де аяғы ілінді. Бұлар қосарлана тартып жөнеле бере Қарымсақ:
- Саспаңыз! Саспаңыз! - деді аппақ қудай болған Керімбекке дем бере: - Қолға түсіру үшін аяқ жағыңыздан көздеді, залым!
- Өзің... өзің қалайсың? Бір жеріңе оқ дарығандай боп қалдың ғой?!
- Жоқ, Кеке, кісі өлетін дерт емес сияқты!..
- Түсің жаман ғой, қай жерің? Қансырап жүрме! - Керімбек қайсар серігінің бейғамсытуына сенбей Қарымсақтың қуаң түсіне шошына қарап қадалған. Сол жақ емшек тұсын оң қолымен басып алған жолдасының саусақтары арасынан қан көрініп келеді екен.
Мамозы бұл екеуінің соңынан және түскен-ді. Сол кезде Қарымсақ қойнынан шығарып алған оқтаулы алты-атарды арт жағына кезене, Керімбекпен қатарласа шауып келе жатып Хойылдыр сібені ат үстінен серең еткізе құлатып атып кетті. Құлайғыр шеріктен түсірген мылтық тұңғыш рет «ақжолтай» болды. Дұшпаны аттан омақаса ұшқанда Қарымсақтың айызы қанғаны сонша, өз денесіндегі жараны аз уақыт ұмытып, сақ-сақ күліп жіберді. Манадан бергі әбігерлік те саспас ердің есін шығара алмаған екен.
Мамозы сусындап отырған Керімбектерге Ұрымтал жерден шыға келіп, ат үстінен мылтық кезей бергенде қиғаштау отырған Қарымсақтың көзі сол сәтін шалып қалған. Сонымен бұл сапардан өмірдегі жанқияр жолдасы Қарымсақ болғандықтан Керімбек аман құтылған.
Мамозы енді өрт сөндіргендей түнеріп Күреге мәлімдеп, бір топ шерікті екі-үш полицеймен қоса өзі бастап жүріп, Керімбекті Құлжадағы оның таныс-танысынан адақтап іздеді. Бірақ Керімбек бұл кезде Құлжада емес, Әкбар-Сейіттің қасында... Ма шяньгон Керімбек «еш жерде жоқ» деген хабарды естіген соң, оны әлі де шұғыл іздеттіре отырып, ақырында Құлжадағы аймақтық штаб арқылы енді ашық түрде «қашқын» атандырып, жер-жердің назарына жария өткізетін. Кімде-кім «қашқын» Керімбектің қайда бой тасалаған сыбысын сезсе, өкіметке баулап қолға түсіруге атсалыспаса басымен жауап береді. Ал көмек қып, себін тигізсе, сол үшін елеулі сыйлық бар делінді. Онысы өз заманында бес аттың құнына тұрған алтын сақа болатын. Кәдімгі арқар-құлжаның оңқай асығының қалыбына алтыннан құйылған бұл мұра ежелгі Жоңғар қалмақтарынан қытай қолына түсірілген алтын сақа. Керімбекті қазақ оңайлықпен ұстап бермейді дегені ме, адам қызығарлық бәйге тіккен.
Бұл кезде Іле аймағы бойынша ұйғыр, қазақ, қырғыздан ең алдымен қамауға алынуға тиісті болған жетпіс адамның екеуі Керімбек пен Қарымсақ еді.
Биыл Мазы мектебі ашылмады... Мақсұт ол жұмысты бір жақта қалдырып, «Тас түлек» ұйымының қажетіне алынған, Фатих қасында Мақсұттай жас, сауатты хатшының болуы дәл қазір кезек күттірмес істің өзі. «Августь жарлығының» хабары бүкіл аймақ бойынша Әкбар-Сейіттің тиісті адамдарына білінуі керек. Күредегі Лүріп-ламаға, Бұраталадағы Ләйдін-амбалға, Еренқабырғадағы Жамбы-ламаға, өргі Қызайдағы Рабат баласы Әбілхайыр төреге, дін назаратындағы Әліхан төреге, Құлжадағы «Ұйғыр ұйышмасының» секретары Әбдікерім Аббасұғлына қысқасы, атай берсе, осы сияқты тағы-тағы сансыз жерге тізгін ұшымен хат жөнелтіп, хабарласып отыру Мақсұттың міндеті. Бір ғана сол хабар емес, «Тас түлек» штабында болып жатқан мезгіл сайын, күн сайынғы ерте-кеш жаңалықтар болса соның барлығын айналадағы қажетті нүктелерге хатпен жеткізу керек. Әкбардың өз айнала маңында да «Тас түлек» ұйымынан күндіз-түні хабардар болып отыруға тиіс адамы аз емес... Міне, осының бәрі тек Мақсұт борышы. Бұл орайда Мақсұттың өзіне ең қолайлы адам болып ұйғыр жігіті Сауыт Абдырахманұғлы мен қазақ Байбазар қосылған. Бұлар Мақсұттың «Білім жұрты» мектебінде оқып жүргенде құрған «Тау түлегі» ұйымының үш басшысы болғаны мәлім. Шеру сияқты сан жердегі, сан рулардың Әкбар-Сейітке керекті адамдары бар. Соның бәріне хатты қардай боратып отыруға «Тау түлегі» ұйымының бұл үш адамы үлгере алмай, тез аралықта қалған мүшелерін шақыртқан. Міне осындай шақта Күре үкіметі бір мектепті бүтіндей жауып тастап, өзі жоғалған Мақсұтты да қабынып іздеп бұйрық жазып шығарды. Керімбек тәріздендіріп оны да «бүлікші қашқын» ретінде жариялады. Қыркүйек айы біткенше, бұлардың қайда екенін үкімет назары білмеді. Бұл мезгілде Әкбар Іле аймағы бойынша қазақта қанша мылтық бар, соның санын толық ала-алмай жаналқымға келіп тұрған. Сол сияқты. Ысқақбек қырғыздардың, Фуже қалмақ-маңғұлдардың және Әбдікерім Аббас ұйғырлардың дайындаған құрал-саймандарын анықтауда. Әкбар білген алдыңғы мәлімет бойынша, мылтық саны ойдағы зор күдікті аздап сейілтіп, үмітке айналдырарлықтай болса да, оқ-дәрі жағы көңілдегі межеден төмен жатты! Бұл орайда, ойда жоқта, Құлжадағы бас сот Қожаназардың пайдасы тиді. Аты сот мекемесі болғанымен өз қарауында он шақты әскер ұстайтын-ды. Өзіндік құрал-сайман сақтауға арналған қоймасы бар. Сол қоймада бес жәшік оқ, жарым центнер «қара дәрі, жасыл жарма дәрі» дейтін әр түрлі дәрі тұр екен... Қарасын «сасық қара» деп те айтатын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын, Мақсұт Мұрыншақтың кішкене немересін аймақтық соттың шешімі арқылы қайтарып алғанда, қол ұшын берген осы Қожаназар еді. Анада Гүлназым мәселесі жөнінде өзінің Керімбекпен бұрыннан таныстығы болса да Қожаназардың пайдасы тимеген. Себебі бұл орынды аз ұлтқа баста бір арнап қойған аты болмаса, губернелік штаб алдында қазіргі кезде бедел жағынан жұрдай десе болатын. Сотсыз да полиция мен әскери орын істейтінін істеп, шешерін шеше береді. Қожаназар Мұхабаймен дос еді. «Август жарлығын» естіген Мұхабай өздеріне шын қауіп енді төнгенін айтып, түн ішінде бұған келгенде Қожаназарда үрей қалмаған. Себебі «2603 жарлық тек қыр қазағының адамдарын ғана ұстауға шығарылмаған. Мейлі, аз ұлттың кімі болсын, осылардай ілікке алар адам тапса бәрінің де түп тамырына балта шабуға, отап қырқуға арналған. Сонымен Қожаназар ескілі-жаңалы бесатар мылтықтың он бесін, барлық оқ-дәрісімен бір түнде шығарып беруге уағда байлаған.
3
Әкбар осыған ерекше қуанып отырған күні бұларға шын сүйінерлік тағы бір хош-хабар ілінді. Ат жетпес алыстан, жанды мұрынның ұшына келтіре күттіріп жеткен бұл хабар Тарбағатай мен Алтай аймағынан еді! Қыркүйектің басында кеткен Аусынақын мен Әкім кешігіп, қазанның жарымына дейін келе алмауы бұндағылардың шыбындарын шырқыратып отырған. Тегінде, Аусынақын Бәйтік тауындағы Оспанның дәл өзімен кездесе алмаушы еді. Өйткені Бәйтіктің айналасын Гоминдаң әскері қысы-жазы тапжылмай қоршап жататындықтан, Оспанға қарай тіл өткізбейтін. Сондықтан Алтай аймағының орталығы Сары-Сүмбе қаласында Дәлелханмен тілдесіп қайтып тұратын. Ысқақбек, Фуже, Мұхабайлар сияқты Дәлелхан да Үрімжіде әскери мектепті бітірген жігіт.
Аусынақынды осыдан бір жыл бұрынғы алғашқы сапарында Дәлелханға Ысқақбек хат жазып беріп таныстырған. Басында әскери мектепті өте үздік бітіріп, Үрімжіде бас штабтың өзінде қалған Дәлелхан кейін аз ұлт зиялыларын төмендету саясатымен өз аймағына жіберіліп, Алтай губернелік үкіметіне алынған. Қажетті деген бір орынға әскери қызметке тағайындаған... Дәлелханның бұл жылғы қорытынды сөзі «Қымбатты Әкбар! Мен дайынмын. Іс бастаған сәттеріңнен қалдырмай, тізгін ұшымен хабар ұшыртыңдар. Келетін Аусынақынның өзі болсын...» деген.
Молдажанның үйінде, түн мезгілінде өздеріне қарауыл қойған Ғани батыр, Фатих, Сейіт, Керімбек, Қарымсақтар Әкбардың қолын қыса құттықтасып, қазақ аймақтары соғысты бүгін-ақ бастайтындай желпінісіп қалды. Осы сәтте сүйегіндегі батырлығы қысып отырған Ғани, Үрімжі түрмесінен қашып келе жатқан сапарында жолда «Талды» деген қыстақта түнде басына қауіп төндірген бір бай қытайды өлтіріп, үйін тонағанда алған алақандай күрең торғынға түюлі гауһарын койнынан шығарып:
- Әкбар! Мә, тұт! - деп, зорлығы мен бұйрығы аралас ұсынып: - Қалыш апамға бересің. Сені құттықтағаным! Сол кісі ұстасын, - деп алғызды. Ежелгі қытай билеушілерінің сандығы түбінен шықпайтын тобықтай гауһар ала-көлеңке үйде сәуле тастап тұрды.
Аусынақын Шәуешекке де соққан. Бұрын жол білмейтін Әкім жолда Тарбағатай аймағына қарай жеке өзі айырылып кете алмай, екеуі бірге алдымен сол Шәуешекке жеткен. Ондағы жолыққан адамы «Тас түлекпен» тілдес жігіт Аталық баласы Жағда:
- Біздің Тарбағатай шет аймақ болғандықтан бұрынғы төңкерістерде қолға көп қару-жарақ түсіре алмаған ел. Және бұл жердің қазағы Іле аймағындай қалаға үйір халық емес, саптама етік, кең қолтық тау-таудың арасына сіңіп жатқан ел. Бірақ қол қусырып отырғанымыз жоқ... Ниеттеріңді бастаған сағатта хабар жеткізіңдер! - деген. Аталықов Жағда Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласындағы халық қамын ерте ойлаған, елі үшін болашақ аңсаған күрескер қазақ жасы болатын.
Өстіп, арада және бір ай шамасы өткен кезде тағы бір ерекше оқиға туды. Жазда Лүріп-лама үйінде болған жиын жайынан сыбыс шығып, үкімет әлдеқалай құлақтанып қалыпты! Сол үшін полиция орны Лүріп-ламаны бір түнде үйінен ұстап кеткен!.. Бұл мәселені үкіметке білдіруші сол күні, жиынның ішінде, топ ортасында отырған адамның бірі бопты!.. Сонда әр кімнің бетіне бір қарап, үдірек көзбен аңтарылып таңырқаған біреу болған. Ол Фатихтан мәжіліс мәнін жаға ұстағандай таңғала сұраған Қанатбек деген ақалақшы екен. Соның аузынан шығыпты дескен. Бірақ рас-өтірігін ешкім білмейді. Бұл хабар үкімет орнына осы қараша айының басында бір-ақ күнде дүңк ете түсті... «Алты қарақшы» деген атпен бүкіл Іле аймағын елең еткізді..
Бұл істің Іле гүбернесін ғажаптандырғаны соншалық Лю бин и ол турасында мәселеге өз жеке басымен қорытындыға келе алмай, Үрімжіге дереу тығыз, төтенше хабар салды. Машинамен екі-үш күндік жолға күн-түн жүріп Шыңжаңның бас штабынан Құлжаға өте бір айлакер генерал жетті... Енді жаңағыдай «ең тәуір» ел ағасы дегендерді губернелік штабтың қабылдаған «шешімі» бойынша әлгі генералдың алдына салып «алты қарақшыға» баруды ойлады. Сөйтіп аса құпия «Тас түлек» ұйымын құрушы «алты қарақшыға» «үгіт-насихат» жүргізу үшін қасына жетпіс-сексен әскер мен бірге бір топ ел басыларын алып шайқатылған тобымен Ластайдағы Есбосын қыстауына келіп түсе берді. Ішінде қазақтан кейбір ақалақшылар және ұйғыр қожасы Әкімбек-Қожа баласы Әкірамхан сияқты бір топ ел жуандары бар көп әскер екі мая шөпке аттарының ауыздығын алып, өзіне-өзі сенген мығым түрде түсті. Шаруа баққан қазақтың жаз бойғы маңдай терін сыпырып жиған үйме шөбін қысқы малға сары майдай сақтап отыр-ау деген жоқ, өктем.
«Алты қарақшы» деп аталғандар сол Ластайдағы Есенгелді руынан шыққан Есбосын батырдың ұрпақтары, белгілі: Әкбар-Сейіт. Науан дейтін үш қазақ жігіт пеи татардан Фатих, ұйғырдан Ғани батыр деген адам. Және бұларға зор жағдай туғызып, өз үйінің ішінен жер кепе қаздырып жасырын штаб ұстаушы - (жалғыз үй Албан) Молдажан. Шыңжаңдағы тарихқа мәлім шаруалар қозғалысының ошағы болған Іле аймағының әйгілі алты көтерілісшісі, міне, осылар болатын. (Кейін Іле, Алтай, Тарбағатай сияқты қазақ аймақтары тұтас көтерілгендіктен өзіндік тарихында «үш аймақ» соғысы атанған).
Осындай жер үйді тұрақ еткен «Тас түлек» штабында Құпия он адам болғанда, жаңағы алтаудан басқа: Фатих інісі - Хамит, ұйғыр диқаны Қари және Фатихпен дос татар жігіті - Рафих, қазақтан Манапхан, Суанбек дейтін шаруалар еді. Бұл кезде «Тас түлектің» құрамына «Маңғұл ұйышмасы», «Қырғыз-қазақ ұйышмасы» мен бірге «ұйғыр ұйышмасы» да тілдес болып, енді аз санды ұлттардың басы тез арада түгелденіп, бірігіп қалып еді. Өйткені «Август жарлығы» аз ұлттардан адам ұстау арнасын күннен-күнге кеңейте бастағанда, аймақ бойынша аз ұлттар үшін үлкен орындар болған сол үш «ұйышманың» астыртын ұранға шақырған хабарлары да ел ішіне тез жетіп, қанаудағы халықты бір-ақ сәтте дүрліктіріп әкетті. Аз санды ұлтқа айрықша бір дүмпулі толқын жетті. «Август жарлығының» сыры ашылды. Оның үстіне Әкбар маңындағы партизандар және бір қызық іс атқарған. «Ел ағасы» аталатын, халыққа аттары мәлім, бірақ жандары аяулы би-болыстардың бір тобын Мұса-көккөз деген бозашы ұйғырдың үйінде түнде сыртынан хабарланып келіп бірден қамап алып, сәтті іс тындырған. Оспан-шүй, Садуақас-шаң зуң, Нұрболат-мампаң, Пұңсұң-амбал, Сауыт-шаңия, Шың-сың-сібе сияқты тоғыз адамды үрейлерін ұшыра, қорқыта қамап алып, солардың мөрлерін зорлықпен басқызып отырып, қалың елге өте тығыз түрде көп хабаршылар шаптырып, қағаз таратып жібереді. Қардай бораған сансыз, қызыл мөрлі қағаздар жүз сан ереуілді, аттылар жүрісімен: «Халайық! Біз гоминдаң билеп төстеушілеріне қарсы соғыс ашамыз! Жаң қай шының Шыңжандағы отаршыл өкіметін осы қыстың ішінде құлатып өзімізге ежелгі «Шығыс Түркістан» мемлекетін қайтадан іргелендіріп кұрамыз!» делініп, қалың елдің қойны-коншын аралап кетті. «Қырғыз-қазақ ұйышмасының» бастығы соғыс тактикасының жаттықтырушысы - Ысқақбек Құлжадағы өз жұмысын Мұхабайға қалдырып, Ластайдағы партизандарға қауырт мерзімдегі әскери соғыс тәсілінің амал-айласын, шұғыл шолып үйретіп жатты. Осыдан үш жыл бұрын Ысқақбекті Үрімжідегі әскери мектеп оқу бітіруіне байланысты бір мақтап жіберген болса, бұнда гүбернелік штабтың өзі де оны аз ұлт ішіндегі әскери қабілеті жоғары офицер деп сыртынан күнде бақылап, көріп отырған-ды. Аға лейтенант дәрежесімен келген офицер жігітті қазір әскери саптың өзінде болмаса да, әр жылғы әскерлік сынақтарда көрсеткен еңбегін сеніммен мойындап, штаб бұны осы жылдар ішінде-ақ капитандыққа жоғарылатқан болатын.
4
Өлкеден шыққан генерал «алты қарақшыға» жүздесуді дәме қылып Ластайға жеткенде, жайма-шуақ күз күні еңкейіп қалған мезгіл еді. Үсті-басы сап-сарала, биік мәртебелі әскери ақсүйек төре губерниялық штабтан жалы күзелген бір әсем қара жорға атқа мініп, қасына ерткен ел адамдарымен бірге «ешнәрсе білмеген» кісідей жып-жылмағай ғана, астындағы жорғасын жылан жүріспен, жәй сусытып келіп түскен. Және өзі бастап аттардың ауыздығын тегіс алдырып, «бейқам» адамдай жылмиып жеткен. Молдажан үйіндегі штабты біле ме, жоқ па, белгісіз соған таяқ тастам ғана келіп орнады! Қауіп деген осы еді... «Жақсылық» үшін жүргендігін «дәлелдеу» жолында бір қарапайым, момын қарияға өз мөрін басып хат жаздырып беріп, Әкбарға жұмсатқан. «Барлығы келіп жолықсын! Үкіметке қоятын талаптарын айтсын. Құлақ асып тыңдауға, пікірлерімен санасуға келдік. Егер өздерің келсеңдер барлық кіналарыңды кешіреміз!..» - деген қазақша хатқа алақандай ғып тарбайтып қалта мөрін басып берген. Соған қоса Үрімжідегі қазақша баспадан шығарылған «Талап-тілектеріңді «орындаймыз» деген негіздегі қатынас қағазға бас штаб мөрі басылған. 1757-жылдан осы уақытқа шейін екі ғасыр ішінде Шыңжаңда үкімет пен аз ұлт арасындағы тарих бойында үлкенді-кішілі көптеген ереуіл, қақтығыстар болғанын жақсы білетін генерал «қойдай қоңыр» болып келген-ді. Бұл уақытта бір жақсысы, Әкбарлар өздері үшін осындай жат түстегі әскер шығып келе жатқанынан алдын ала хабарланып, батыс беттегі ауылға мінбелеп, тақау тұрған биік сар қабақтың желкесінде бой тасалап қалған... Үш-төрт адам қыратта бой бағып, бағанадан бастарын қылтыңдатып қарауылда тұрған. Генерал қыстау алдындағы пішендіктің орнына, кең жазыққа жайылып қонған күзгі жайбарақат ауылда өзінің бар нөкер, сарбазымен алқа-қотан үйіріле отырып, әлде не жайдан біразға шейін шешіле сөйлеп, маслихат бастаған. Түсі «жайдары»... Өзі сымбатты, денелі адам екен. Әскерлерден шетке ала өздерінше бір шоғыр бола жайғасқан қазақтың қошеметшіл би-болыстары соңында бір эскадрон әскері бар, сап-сарыала айбынды генералдың сонша салтанатты бола тұра, мынадай «жұмсақ» түсіне «мені танып алса екен» дегендей, жарамсақтанған құрметпен қарасады. Олар тіпті ара-тұра маңындағы тілмашқа естірте күбірлесіп:
- Шіркіннің келбеті-ай! Дидарынан ақ жарылып, күн туып тұрған жоқ па! Неғыса да, тегін емес, осы ұлттың шыңынан шыққан қасқа-жайсаңның өзі ғой!
- Келіміне қарай, терісінің кең, сабазы-ай, бозымның! - десіп, сүйінген мақтаулар айтысып қояды... Мұны айтушының соңғысы Еркінбек, алғашқысы Қанатбек еді. Көп әскер де өздерінің мынадай қолбасшысына сүйеніп, анық нанып, сенген түсте. Қастарында патшадай боп толқысып, алтын иық генерал отырғанда өздерін ала қояр жау жоқтай көрінетін болса керек... Мойнындағы найзалы мылтықтары аузы түгелімен өрге қарай саудырап, сәт күткендей, қыбырсыз тынып қалыпты. Түр-түсі нағыз шонжарға лайық жаралған; маңдайы сүйемдей, жақ сүйегі сорайған үстем адам арбағыш көзі жергілікті ірікті топтың іші-бауырына кіре қарап, қазақ мансапкерлеріне бір жылы, «бауырмал» рай танытады. Арасында олардың жаңағыдай қошамет сөздерін жерде қалдырмай, тілмашқа аудартып, бас изеп, күле тыңдай, анық марқасқа адамның мінезін танытты... Қанатбек, Әкірамхан тәрізді атқамінерлерді бойына үйрете, еркінсітіп тілдеседі. Аналар соған-ақ арманы қалмаған адамдай елігуде. Өздерінің даңқ-құмарлығы бойынша генералдың қасына еріп келгенін онсыз да мақтан көріп отырған мансапқор, бишікештер енді осындай дәрежелі ұлықтың назарына іліне түсуді де көздеп, молдаға тәуір көрінген шәкірт баладай қамданысады.
Бірақ осы кезде анау үйлерде дыбыстарын сыртқа шығара алмай, бастарына шынайы қасірет күндері туып келе жатқандай болып жылаған әйел атаулы көп... «Ер өліп, Ертіс бұзылса» бақайынан келмейтін, малы түгел байлар қағанағы қарық болғанмен, қатын-бала, кемпір-шал ішкен асы бойына тарамас күнге жеткен. Бас иесі Есбосын бұл ауыл жүрек шайлы, қорқақ болғаны рас. «Соғыс болады» дегелі қандай күн туарын ойлап, ел атаулы жапырақтай тітіреп, қорқуда болатын.
Генерал өзінің бір сөзінде:
- Сіздердің жерлеріңіз «Ле-хуға»* жер жетпейді... Адамдары да көбінесе өңді, ақ манар болады! Міне шетіңізден әдемісіздер!.. Тарих тілімен айтқанда, осыдан жүз жылдай бұрын 1871-1881-жылдары орыс патшалығының Колпаковский деген генералы «Ле-ху» жерінің әсемдігіне қызығып, өзінің бар әскерімен келіп он жылдай тұрған...- дегенде, қошаметші қазақ байлары бір-біріне аңтарыла күбірлесіп «оны қайдан біледі» дегендей, бас шайқаса, генералға шын таңырқап қарасқан. Осы тұста жас байбатша Әкірамхан қожа:
* Ле-ху - Іле аймағын қытайша атағаны.
- Тақсыр! Сіздің өз жеріңіздің табиғаты да жерұйығы шығар, ә? Неге десеңіз, мәселен, табиғаты көркем Алтай жерінің түлкі терілерін осында әкелсе бір аттың құнына бермейді. Біздің үйде біреуі тұр, жеңгемізге ала баруыңызға татиды. Көрсеңіз қолыңыз батып, көзіңіз қиып, бұзғыңыз келмейді... Соған қарағанда, жан-жануар, адам барлығы өз туған жерінің құнарына қарай туатыны даусыз. Өзіңіз айтып отырғаныңыздай, біз сізді де сондай әсем табиғат түлегі болар деп шамалағалы отырмыз. Оңай мекеннен өзіңіздей көрікті, тұлғалы адам шыға ма? - деп, генералға көпе-көрінеу өзін тыққыштап, қойнына кіріп бара жатты. Қанатбек ақалақшы тілмашқа аңдата:
- Қой, тілің тиіп кетер! - дей берген.
Бірақ... міне, тап осы уақытта күз шуағына маужырап, жым-жырт боп тұрған өлкені тітірентіп, сар қабақтан ыра-төмен оқ жауып қалды... Ауыл үстінде аспан жарылып жерге түскендей, көрген түс тәрізді күй туды. Отырған әскердің көбі орнынан да тұра алмай: «Әй-ио!» «әй-ио!» деп бақырып жусап түсті. Ішінара орнынан атып-атып түрегелгендер болса атқа қарай жан ұшыра қашқанмен ұзай алмай, олар да құлап жатыр. Қазақ кісілері мен әскердің екі ортасындағы ашықта, тілмашымен оңашалау отырған генералды тірі қолға түсіру үшін тек Әкбардан өзге ешкім атпауға келісім болған-ды. Мылтық үнімен қабат қираған әскердің кейбірі жан дауысымен бақырып жіберген сәтте генерал оң қолы жамбасындағы тапаншаға қалай барып қалғанын өзі де андамай. орнынан ұшып түрегелген. Осы секундта ол өзінің бұрынғы бақ-дәурені қайтып келместей қапы қалғанын ғана ойлай алған-ды. Желке тұстағы қабақтан тік құйылған, балқып ұшқан қорғасын шеріктерді жаңағыдай баудай түсірген кезде генерал жан ұшырғандай бір сойқан шапшаң қимылмен маядағы атына қарай ұмтылған. Оны аяғынан ату керек еді. Жүз қадамдай жерге бара алмастан денесі қатты бір солқ етіп қалып, қолындағы тапаншасы жерге ұшып түсті. Маядан ары қарай жосып үріккен көп аттарға іліге алған жоқ. Алғашында келісім бойынша саннан көздеп өзі атқан Әкбардың бірінші оғы қалың етін түйреп өтіп, жан-далбасамен жығылмай қашып еді. Екінші оқ тағы да оң жақ жіліншігін үзіп, тербеліп тұрып жантая құлап кеткен. Сексен әскердің орындарынан ұзағаны жоқ. Әпсәтте тып-типыл боп жусап түсті. Алты атарлар саудырап қорамсақ-қорамсақ сықасқан оқ қорымен қалды. Белге тағып байланған, жауырынға қиғашынан асылған ұя-ұя оқ пен қосақ-қосақ гранаталар қан сасыған шеріктер денесінен шешіліп алынып жатты. Бүгін «ұлыстың ұлы күні» аталған құрбан айттың үшінші күні болғандықтан, ел алқасы жиын болатын. Сары қабақтың үстінде екі жүздей партизан қапысыз сайланып тосқан еді.
Жығылған генералға қарай қабақ басынан төмен жарыса шауып, құйылып жеткен жұрттың ішінде Шеруден Керімбек, Қарымсақ, Тайлақбай, Мақсұттар бар. Генерал аз сәтте ес жиып, басын көтеріп алды. Оқ тиген жағын астына баса, қос қолымен жер таянып көсіле отырған бойында оң жақ балағының аузынан қан саулап алдына келген қазақтарға бір нәрсе жайлы қатты дауыстап сөйлей бастады. Ысқақбектің аударуы бойынша осының ішінде «Әкбар-Сейіт» дейтіндердің қайсысы екенін сұрап көріп алып:
«Мен сендердің басыңды өз қолыммен аламын деп келіп едім!.. Амал жоқ, пешене оған жазбады!» деп, жұдырығымен өз маңдайын аямай бір-екі ұрды: - Бірақ, бәрібір түптің түбінде иттің табан ізіндей жерге сыятын аз қазақ, сендердің бұл әрекеттеріңнен ешнәрсе шықпайды! - деп ағайынды екі жігітке жаралы жауыз от шаша қараған. Әкбар оның өз пистолетімен өзін атқалы алға таман аттағанында генерал жер таяна қалшылдап, ентігіп отырып, қарсыласып, бақырып сөйлеген сөзінен танған жоқ. Аянар емес, жаралы қасқырдай. Осы кезде әлдеқайдан сап етіп, келіп қалған Ғани мынадай жауызды Әкбарға атқызбастан үстіне қона түсті. Сол бетте күректей қолымен кеңірдегінен сығып, буындырып өлтіріп жіберді.
5
Осы күннің түнінде, таң ата-ақ, Шеру руынан жүздей сайлы жігітпен және соларды бастаған жүз шамалы үлкендері құйылып Ластайға жетті. Бұған дейінгі аралықта Ғани бас болған бір топ түннің жарымында жақын маңдағы Иван деген орыстың диірменінде Қарасу үйездік әскерінің ұнын тартып жатқан 20-30 шеріктің бірде-бірін тырп еткізбей жойып, мылтықтарын тағы алған. Және Әкбардың әкесі Есбосынды ұстатқан, өзі бай, қытай үкіметіне қол баладай жаққан Жамса деген шал қалмақтың жеті жүз жылқысы шабылып алынған. Керімбек елеусіздеу бір адамды Күреге, Әбдірейімге, осындағы болып жатқан тосын жағдайдан төтенше хабармен жөнелткен-ді.
Әкбар, Фатих, Ғани батырлар осы түні Нылқы шабуылын бастамақ! Үйездік үкімет Нылқының өзінде емес, осы Ластай маңындағы Қарасу деген жерде. Нылқыдағы тек полиция мекемесі. Әкбардың өз айналасында қазір үш жүздей ғана құралды партизан бар еді. Соған енді Шеруден қосылған бес жүз қолдың жүз елудейі-ақ мылтықты болып келген.
Кешегі генерал жайынан жан-жақ әлі хабар ала қоймаған-ды. Құлжадағы гүбернелік өкімет оларды қазақ аулының біріне немесе осы маңдағы үйездік орын Қарасуға қонып, бірер күн насихат жүргізіп қайтуын табыстаған. Генералмен бірге барған әлгі «ақылгөй» ел басыларды да ешқайда шығармай өздерін бір үйге жеке иіріп, қамап отырған.
Әкбарлар Лүріп-лама үйіндегі болған жиынды үкіметке білдіруші Қанатбек ақалақшы екенін дәл осы кезге дейін біле алмаған. Нылқыға басып кірудің түнгі жорық жоспары бойынша Ластайдан қас қарая шыққан жасақ қырық-отыз шақырым жердегі межелі орынға қалың түнді жамылып асықпай жетті. Түн айсыз, жұлдызды еді.
Ластайдан шыққан бойда күншығысты төске алып келіп, Іле дариясының басқы бір тармағы болған Қас өзенінің бойына жақындап тоқтаған қосынның алдында ұзын ақтаңгер атқа мінген Әкбар, торықасқа атты Ғани бар еді. Фатих Муслимов, Сейіт Махмутұлы, Фатих інісі Хамит сияқтылармен Шеруден келген басшы адамдар да осы алдыңғы топта болатын. Өзеннен Нылқыға қарай өтетін Қас көпірі бар. Ал сол көпірде шеріктердің күзет жайы «ботай» тұр. Сондықтан партизан легі көпірмен өтпей өткелмен кешіп өтейік десті. Өйткені шабуылды алдымен көпірден бастау, арғы жақтағы полиция ұясын үркітіп тұрғызу болады. Төмендеу барып өткелден өтіп алса, қосынды екіге бөліп, мол бөлігімен Әкбар, Ғанилар Нылқы шабуылына кіріспек. Екінші аз бөлік көпір қарауылына тимек. Көпірдің жалғыз жарығы ботай терезесінен көмескі ғана сарғыштанып әне көрініп тұр. Жап-жақын жерде тұрып қырғын жайлы ақылдасқан бұл елдің қазіргі дәл осы тұрысы жүрексінткен қорқығыш күдігімен қоса ғажаптандырған қызығы да мол кез тәрізді болатын. Еңіске құлап аққан Қас өзені ұйқылы өңірді түнгі сарынымен шулатып, міне алда жатыр. Қосын кеп жасырынған екі жағы биік қабақтың қараңғы аңғарының ішінен қарағанда жұлдызды аспан бозғылттанып, жарық тартып көрінеді. Өзек іші қап-қара түн. Жоңғар аспанынан ашық түнде гауһардай жарқыраған жұлдыз әлемі бүгін тіпті ерекше маздап, тай-таласа елбіреп жанады. Үлкен өзен бойындағы тоғайлы аңғар күздің салқын түнінде денеге бір ширыққан желік, сергектік шақырып, семіз, жарау аттармен ықшам киінген жорық сәтіндегі адамға бір түрлі қызулы, жұмбақ сырлы дүрмек бергендей. Тізгін тартып, пысқырынған аттар дыбысын, ер-тұрман сылдырын өзен шуы жұтады. Адам атаулыны өр жігерлі, әлде бір тынышсыз, асығыстық қысады. Келер сәт өз жұмбағымен сиқырлап, сезім көзін байлап алған. Алдыңғы жақта әне енді жарты-ақ шақырым жерде Нылқы полициясының көп жарығы көрінеді. Ертегілерде айтылатын әлдебір дию-перілер мекеніндей, жат сырлы.
Аттылар алды-арты тегіс судан өтіп шығып, бір мол үйірім, қойнауға тоқтады. Жиын бір аумаққа шоқтай иіріліп, жорық басшыларынан ауқым бақты. Тізгінді тежеп ұстап сулық, үзеңгіні сылдырлатпайды. Жасы отыздың ішіндегі Әкбар бар топтың үлкені Тайлақбай мен Керімбекке бұрылып тіл қатты. Керімбектің ата-жолдастығын, әкесімен әкесінің достығын еске алып тұрған сыңайы бар. Томаға көз, қияқ мұрт жігіт бала бүркіт қабақтас. Ол:
- Ал, Тайлеке! Кеке! Ер қазасы - намысы болсын! Өлісіп көреміз! - деген. Таңында үкінің ақшыл балақ жүніндей үлпілдеген барақ жүн қаптаған ақтаңгер иесінің көңіл-күйін танытқандай қарғылап тұр. «Жіберші, жібер» дегендей, сулық тартып, мойнын жұлқа созып, әлденені сезіп тұрғандай пысқырынады.
- «Ер өлер жеріне күліп барады» деген. Жаннан кешпей жау жеңбейсің, - Тайлақбай Әкбардың жаңағы сөзіне орай, маңындағыларға леп беріп сөйледі. Бұнымен Әкбар екеуінің рулары Солтангелді, Есенгелді болып, түбі бірге туысатын қатар жатқан екі тайпа ел еді. Сол себепті Әкбардың әкесі Есбосынмен Тайлақбай да бұрын жас күнінде таныс адамдар болатын. Өзінің қырық жастар шамасында, Шеруге көшпей тұрғанында Тайлақбай Есбосын батырдың руымен қанаттас елдің жігіті болған. Осыны білетін Керімбек:
- Әкелі-балалы екеуіңіздің басыңды шебер тағдыр бәлен жылда әкеліп қайта қосқан екен... Осы үйлесулеріңді тегін демей, мағұрыптағы мәшүріптегіге қосылып тұр деп білейік. Жорық сәті жолдасымен, - деп көпке дес бере түсті.
- Енді Шыңжан емес, бүкіл Гоминдаңмен соғысуға мен дайын! - деді Ғани да дауысы күркіреп. Қазақ атаулы «Қайнам батыр» деп, ерекше ауызға алатын Ғани өзгеше зор, атан тұлғалы жан еді. Ақсарылау, атжақты ірі жүзінен жіңішке ғана, сирек ақшыл қастары аңдалмайтын, айрықша үлкен мұрыны шоқыланып тұрған өзі кірпіксіз адам. Сонда зорға көрінетін тақыр қасымен суық қабағы астынан уыттанып қарайтын кірпіксіз жанары жылан көздің анық өзі болып қадалатын. Табиғат ерекше туғызған, нысанаға біткендей көрінісі бар бұл адамның Үрімжі түрмесінен қашуы да қызық бір қисынға сиғандай... Абақтыда кісенмен жатқан Ғаниды енді екі-үш күнде атылады екен деген жасырын сыбыс шығып қалады. Ғани кісеннің бекітер жердегі тілшігіне дәл қылмойыннан у сарымсақты жаншып тартып, темірін алдын ала шірітіп жүреді. «Атылады» деген сұм хабарды естігеніне екі күн өтеді. Уайыммен шөлмектей болады. Ең ғажабы екінші түні таң ата жер сілкінеді!.. Ғанидың дәл жанындағы қабырғаның кірпіштері жік түсіп босаңсып қалады. Тұтқын теміртекпен шұқылап, өлгенде әрең бір кірпішті суырып алады! Содан таң атпай бір кісілік тесік шығарып, кісенді әлгі жерінен бір-ақ бұрап сындырады да, екінші басын оң жақ балтырына орап таңып алып қашады. Өзі жалғыз кетпейді. Қасындағы өзінің ең тату, дос қазағы Үсейінді ала шығады. Міне, осы сәттілігіне қарап-ақ, ел-жұрт бұрыннан батыр атаған әйгілі адамның «тегін еместігін» сөз етісетін. Осыған дейін: қазақ, қалмақ байларының жылқысына тиюмен жүрген, жасынан жетім, кезбе жігітті өз ұйғырлары кейде «Ғани-ұғры» деп те атайтын. Бұл уақытқа дейін «әліпті таяқ деп білмеген» өзі үйсіз-жайсыз адамды, ыға білмейтін анық батырлығына қызығып Әкбар-Сейіт ағайынды екеуі қолтығына алған. Ғанидың өзіне де осылардай бір мығым орта қажет еді. Өз тарихында түрмеден үшінші рет қашып шығып келіп отырған ол «Тас түлек» ұйымындағы бір шоғыр адамға айбын берген, шынайы белді мүше болып шыға келді. Кеше өлкеден шыққан генерал келе жатқанда Әкбар-Сейіт, Фатихтер қашқын боп жүрген Ғаниды басында көзден таса қоя тұрған. Соңынан келіп, генералды сөзге келмей қылқындырып өлтіргені Гоминдаң үкіметінде кешпес кегі бар адам екенін айтпай-ақ білдірген. Түп атасы оңтүстік Шыңжаңдағы Қотан-Қарақаштан болған «Ғани-ұғры» Жаң қай шы үкіметіне өзін қазақ-қалмақ байлары үш рет ұстатқандықтан, атқамінер атаулымен қаны қас, майданы берік, қара-қасқа кедейдің өзі болатын. Жасы міне отыздар шамасына жеткенше, үйлену дегеннің де не екенін білмей өткен, тонаулы, тапшы тағдырдың жұтаң иесі.
Әне, сондай Ғани «Шыңжаң ғана емес, бүкіл Гоминдаңмен соғысуға мен дайынмын» дегенде өзгелер шынымен арқаланып еді.. Себебі, қазір бар адамның жүрегі ауызына тығылғандай болып, қыл үстінде тұрған мезет. Әркімнің көңіліне соғысудан дағ сол соғысты бастау ойраны қиындай сезілетін, өтпелі кезең. Беліндегі сала-құлаш қылышы ат қимылымен салақтап, Ғани жаңағыдай шоқтықтана тіл қатқанда:
- Жүр! Тарт! - деп, Әкбар қойды өртке бастаған серкедей, алға оза берді.
Нылқы полициясы ішке кірер қақпа, есік-тесіктерінің барлығын құм толтырған қап-дағарлармен үйіп тіреп, ашылмастай ғып, тас бекітіп алған екен. Қытай билеушілерінің ежелден бергі тарихында соғыста қолданатын бір амал-тәсіл осы. «Алты қарақшының» аты жайылған соң сақтық үшін осыны алдын алып істеген. Олай болса, адамдары да сауысқандай сақ деген сөз.
Өзеннің ат бауырынан асқан, кең жайқын өткелінен өтіп, Нылқы полициясының қорғанына тақап келген қосынның алды енді аттарын тастап, жаяулап, бұға жылжыған кез - сағат дәл түнгі үштің шамасы еді. Фатихтың інісі - Муслимов Хамит сұр көздеу, сары жігіт, жасы әлі отызға толмаған, ұзын тарамыс денесі сілеусіндей епті де, шапшаң болатын. Осы бір тарихи жорық басында, сын сағатында көзге ең алдымен сол көрініп, сегіз гранатты біріне-бірін байластырып алған бойында, ағаш-ағаштың арасымен еңкейе тез жылжып отырып, тап қақпаның түбіне таман келді. Бұның соңынан бір-бірлеп ергендер Әкбардың інілері - Сейіт, Науан. Әкбармен аты қатар аталатын Сейіт мінезі жеңіл Хамитты етегінен басып тоқтатып:
- Қақпаны ашпа! Ашпау керек дедім ғой! - деп жекіре сыбырлағанша Хамит қосақталған бір шоғыр гранатты ішке қарай лақтырып үлгерді. Гоминдаңшылар ұясының полицейлер жатаханасын дәл, орта тұстан талқандаған зор жарылыс қара түнді қақ айырды. Сол секундта өз өжеттігіне басқан албырт Хамит қақпаға да ұмтылды. Осы кезде қорғанның төбесіндегі ботай-үйшігінде болатын екі күзетші ес таппай, сасқандықтарынан мылтықтарын кезей-кезей ашыққа өз-өзінен шыққан. Әкбар мен Фатих жақын жерден оларды бір-бір атқаннан қалдырған жоқ. Сейіттің «қақпаны бірден ашпаймыз» дегеніне Хамит құлақ салмады:
- Гранатты тастаймыз... Ішкі жаққа зобалаң тиіп жатқанда дарбазаны қиыратамыз да, хауарыштардың* ұясына бірден басып кіріп қырғын саламыз! - деп полиция орнын ойыншықтай санаған... Сонымен қатар бұл өз туылысындағы көзсіз ерліктің ырқына кетіп тұрғанын да алғашқы осы қимылынан шүбәсыз танытқан. Хамит ойлағандай ішкі жаққа «зобалаң» тиюін әп-сәтте-ақ тиді. Жатақхананың төбесі ортасына опырыла құлап түскенде, тірі қалғаны жан таппай шошынған полицейлер саулап далаға қашып шыға бастаған. Әр қайсысы өз кереуеттерінің бас жағына мылтықтарын тізбектеулі оғымен іліп жатқан сақ топ, қолында құралы бары-бар, жоғы-жоқ қалпында төбесі құлаған үйден өздерінің аулаға қалай саулап шыға бастағандарын да білмегендей. Ес жиғандары таса-тасаны қолайттап, жау әйтеуір қақпа жақтан келеді деп солай қарай мылтықтарын кезеніп, бекініс сақтады.
* Хауарыш - қашыр деген сөз.
Хамит өз қасындағы біреудің қолынан жұлып алған қысқа сапты күрекпен қақпаның шикі кесектен қаланған жақтауын қазғылай бастағанда, осындай күрек ұстаған өзгелер де екі жағын тұс-тұсынан қазуға кіріскен. Темір қақпа сәлден кейін-ақ, сыртқа қарай шалқайып барып құлап түсті. Осы уақытта бұйрық берілген болса керек, іштен сыртқа қарай оқ жауды. Хамит ойлаған «басып кіру» мақсаты шешілмеді. Бір жақсысы аңырайып қалған қақпаның партизандар келген тұсы қараңғы. Бұл сағатқа шейін өз басынан бұндай қандыкезең атысуды кешпеген қазақтар тегі мергендіктен де құралақан емес-ті. «Құралайды көзге атқан» дейтін өз әлінше «сұр мергендер» ең қиын тау-тастың өзіндегі аңшылық сүргінінде сыналған. Қақпа құлап түскен сәттен-ақ: Фатих, Ғани, Әкбар, Сейіт, Хамит, Науандар бастаған алғы топ құм толтырып үйген қаптың тасасына тығылған. Осылар бастап ішке қарай оқ шығарыла берісімен арт жақта қараңғыны тасалаған қалың ел полиция мекенін нысанаға алды. Бос қалған қақпадағы қараңғы жайдан оқ атқан сарбаздың молдығын аңғарғанда, мұндай тосын әлектен әшейіндегі мығымсып жүретін шетінен кердең-қораз полицейлердің жаннан бұрын үрейлері ұшып кеткені мәлім. Полицияның жатақханаларынан әлі шығып бола алмай, қайшалысқан полицейлер алғашқы сәтте ауладағы электр жарығымен оққа өзін-өзі ұстап берді. Бір үйездік өкіметтің не бары елу-алпыстай сақшы-полицейлерін, қылп етіп көрінгенін құлатып, санап атты. Бірақ, енді ғана басталған, өзіндік тарихында айрықша дабыралы оқиғаның алғашқы өкініш сағаты да соқты!.. Өлшеусіз мұрат, үміттің тұңғыш «құрбаны» болып жиырма сегіз жасар - Хамит Муслимов жау оғына ұшып үлгерді! Фатих пен Әкбардың екі жақтап, қысқа-қысқа бұйырып:
- Өзіңді байқа!
- Басыңды көтерме! - деп шолақ қайыра, жекіріп ескерткендеріне назар аударды ма, жоқ па? Бір кезде кеуде тұсын қос алақанымен шап басып, іле-шала сылқ етіп құлап түсті. Фатих:
- Хамит! - деп қатты дауыстап жіберіп, бар ауызына түскен сөзін айтып: - Не болды! Не болды, бағырым! - деп, иығынан сілкілей жұлқып жатты. Сейіт Хамитпен дос еді, бір жағынан о да келді.
- Хамит! Хамит деймін! - дей келіп, кеудесін құшақтай көтеріп, шетке қарай сүйреп, о да дыбыс ала-алмады.
Полицейлер тек мылтықпен ғана емес, қол пулеметпен де оқ төккен. Атыс екі сағатқа созылып, жерге жарық түсіп келе жатты. Тірі қалған полицейлер қуыс-қуысты паналап, қашып-бұғып атысты. Анығында полиция жалданбаларының көрсеткен бұл қимылы жеңістен дәмелі болу емес, «ақыр өлдімнің» қарсылығы сықылданған. Осы кезде полиция бастығының орынбасары, ел-жұртқа әйгілі Қызай жігіті Нүсіпхан қолына ақ ту ұстап... «өздерінің тізе бүккендігін» мойындаған болып, майданға шықты... Соны көре салысымен полицей атаулының жаны бары түгел қару-жарақтарын ортаға лақтырып тастап Нүсіпханның соңынан бір-бірлеп ашыққа жинала бастады. Қолдарын үрейлене көтеріп, елбек қаққан қимылдары таң аппақ атқанда қақпа сыртынан көзге анық шалынды. Міне, сол мезет баяғыдан бергі үкіметтің ең бекем орны саналып келген полицияның кең ауласына қақпа сыртындағы жасақ лап қойды. Осыдан кейінгі әрекетте біреуді-біреу біліп болмады.
Аға лейтенант Нүсіпхан Әкбардың жан досы екенін қытай полициясы бүгінге дейін сезбеген... Күн бұрынғы келісім бойынша, Нүсіпхан әдейі алдын-ала тәсілім болып шығу белгісіне «Тас түлек» ұйымының өзінен жаңағы ақ туды алған.
Бағынып шыққан жиырма шақты полицейге, әсіресе, ендігі қасқырдай тиген Ғани болды. Арманынан бір шыққысы келген адамдай, жалаңаштанып тастап, полицейлерді бұрыштан-бұрышқа қуалап, қылыштады. Хазырет-Ғалидай ақырып, солақай қолмен иықтан, бастан шауып түсіреді. Әрбіреуін шапқан сайын бар даусымен күркіреп, «міне! міне!» деп қылыш сермесе, қалған полицейлер ана жақта бақырып, бажылдай жылап, ес-түссіз көздерін Ғани жақтан алмай, жер текпілене шошынады. Мағынасыз халде екі қолдары да ербеңдеп бақырған. Ғани не шаршайын демейді. Неғұрлым дауысы қаттырақ шығып қашқанға қарай бет түзеп ұмтылады. Сөйте жүріп Нүсіпханның жанында состиып тұрып қалған Әкірамхан қожаға:
- Әкірамхан! Баяғы үгіт-насихатыңды, қане, енді айтпайсың ба! - деп айғайлап жіберді. Сонша зор денесімен барыстай ытқып, көз ілеспестей шапшандықта оңды-солды қылыш сілтеп жүріп ақырғандағы айбаты алдында адам шыдап тұра алмастай. Қаһары аяздай Ғанидан әшейінде солқылдаған мырза Әкірамхан қожаның жаны қалмай қорыққаны сонша, Нүсіпханға «пана бол» дегендей жалтақ-жалтақ қарап, қалшылдап кеткен. Ластайда болған құлақ естігісіз сұмдық оқиғаны, әлгі өлген генералға ерген сексен әскерден біреу қалмай жусағанын айтқалы келген жерінен Нүсіпхан Қанатбек пен оған ерген Әкірамханды ешқайда шығармай бір бөлмеге қамап ұстап отырған. Енді аз болмағанда екі етегі желпілдей шауып жеткен лауазымшыл Қанатбек бар сырды осы полиция мекемесіне білдіріп жібергендей екен?
Кеше кешке Әбдірейімнен «Тас түлек» ұйымына қайта хабар жетіп, баяғы Лүріп-лама үйінде жасырын өткізілген жиынды Күреге хабарлаған осы Қанатбек болыс екенін, содан «сақ болуды» құлақтандырған.
Бағанадан Нүсіпхан мен Әкірамханды далдалап, көзге түспеуге тырысқан Қанатбекті жерге жарық түскенде Ғани енді байқады. Со бойда оған бір ауыз сөз де айтпастан, кетіп бара жатқан жерінен басынан бір-ақ атты. Бұны көріп жаны қалмаған Әкірамхан қашып барып бар топтың ішінен Әкбарға ғана тығылған соң, сол қорғап қалды. Осындай сәтте мылтықтарын тапсырған полицияның бір офицері қойнындағы жасырын пистолетпен Ғани батырдың сырт жағынан кезей берді. Бірақ сол сәтте екі көзі осы Ғанидың қимылында айызы қана таңырқауда болған Қарымсақ найзалы мылтықпен офицерді аш бүйірден бойлата шаншып, ұзынынан сұлатты. Бұл кезде абақты есігі талқандала ашылып, тағы бір ошарыла дабыр салған қамаудағы мол топ аулаға қарай ағыла ақтарылған. Полиция бастығы жуан мойын қытай - Рын дау сыны осы абақты ішінен шыққан Қазыхан деген ұзын бойлы, сылыңғыр қара жігіт жасырынып қалған жерінен желкеден ұстап, сүйреп келе жатып:
- Әкбарды өз қолыммен атамын деп еді, сол Әкбарға енді мұның өзін берейін! - деп Қазыхан даңғырай сөйлеп, полиция бастығын тыртыстырып, сүйрелеп әкеле берді. Бұл кезде тағы бір тұста Бұрын Әкбарды жазықсыздан соттаған сібе сот (си-бо) сол Әкбардың аяғына оралып, ендігі зарын жеткізе алмай, өкіріп жатқан болатын. Бірақ бүгін көз жас өтетін күн емес еді. Аяғын құшып тізерлеп жатқан сотты мылтық найзасымен сүбеліктен жерге қадай шанышқан Әкбар Рын дау сыны жанындағы Фатихқа меңзеп:
- Мына иттен Хамитыңның кегін ал! - дей берген. Қазыханның әлуетті қолынан енді босаған төртбақ қытайға Фатих қылышын қынабынан суырып ұмтылғанда, шыбын жаны шырқыраған борсықтай семіз неме құтылар жағы болмаса да, жандәрмен, барбаңдап тұра қашқан. Фатих оны адамдардың арасымен қуалап, жоталата қиғаш шапқанда, жаны аяулы төре, доңыздай шыңғырып құлады. Бұндай үн шығарушы бір ғана ол емес, әр тұста өгіздей өкіріп жатқан айқай, үн. Өстіп кеп жерге жарық әбден түскен кез болды. Кісі өлімі де осы уақытта, енді аяқтап, полиция қорғанының кең ауласын қан сасытқан кескілеу басылған. Кеше ғана басындағы телпегінің сары жездерін даңқ санап, күн қағарын көзіне түсіре киіп, шетінен тымырсықтанып жүретін қоралы полицейден тігерге тұяқ қалмады. Жетпестей көріп жүрген қарғыс осылай жетіп, бүгін-ақ орнын сипағандай етті. Өздеріне шен санаған, маңдайында жарқыраған какар шытырасы бар, әшекей бас киімдері енді ит алғысыз боп әр жерде жатты. Кесірлі бастар лас денеден бөлініп домалап түсті.
Түнде көпір күзетіне қалдырылған жүз шақты сарбаз байласқан уағда бойынша Хамиттың гранаттары жарылған мезетте-ақ, көпір қарауылындағы жалғыз жарыққа бірден оқ жаудырып жіберген. Күзетжайдың жалғыз үйшігіне тығылған қарауылдар қарсы оқ атуға үлгермеген. Орталарында бір қол пулеметі бар он шақты полицей екен. Бас қалқалары есік, терезе атаулыдан шұрық-тесік болғанда іштегі адамдар да жайраған. Сөйтіп, ол жақты да жүз адам иесіз қалдырып келген. Шығынға ұшыраған тек полицейлер ғана болмады. «Тас түлек» ұйымының астыртын хабаршысы болып жүрген ұйғыр диқаны: қалың қара мұртты, қашқар шекпенінің аңқайған омырауынан кеуде жүні көрінген Хари да Нылқының алынғанын көзімен көре алмай кеткен он бір адамның қатарында опат болды. Соның бодауына Нылқы полициясының өзінен неше мың оғымен үш жүз мылтық, жиырма жеті қол пулемет, жүздей қылыш шықты. Түнгі ұрыс басталмастан бұрын Нылқының Күредегі үйездік үкіметпен хабарласатын телефон сымдары қиылған.
(Жалғасы бар)
Abai.kz