Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3292 0 пікір 12 Сәуір, 2013 сағат 04:36

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

7

7

Таңертеңгі мезгілде көшеге толып шулаған балалар мен еркек әйел атаулы қара-қорым. Өйткені күні бұрын Гоминдаңмен соғысады екен деген мөр басылған анадағы қағаздарды Абдолда, Әбдажаппар деген жігіттер Нылқы халқына да әкеліп таратқан. Екі-үш күннен бергі жан-жаққа таратылған шапқын хабар мен сонау Нарынқол шекарасындағы Текес (Қызыл күре) үйезінен бері қарай Күнес, Қалмақкүре, Тоғызтарау, Нылқы, Шаптал үйездерінің елі түгелімен дүрлікті. Барлығы он үйезден құралған іле Аймағының «шығыс бес ауданы» аталатын жаңағы үйездердің қазағы жиырма төрт болыс Қызайдан ағылып келіп, осы Нылқыға құйылып жатқан адам нөпірінің саны жоқ болатын. Ысқақбектен күні бұрын хабарланып, құлақ түріп отырған жаужүрек қырғыз бен Фужеден ерте құлақтанған Қалмақ-күренің жауынгер қалмақтары да өздеріндегі бар құралдарымен лек-лек болып құйыла бастаған. «Ұйғыр ұйышмасы» арқылы Құлжадан Әбдікерім Аббасұғлы бастаған сансыз ұйғырлар легі де Нылқыға қарай күн-түн деместен аттылы-жаяу тез шығып келе жатты. Осы елдер ең алдымен өзді-өз үйез әскерінің қазақ даласында, тау-таста бағылымда жатқан көп қостардағы аттарын бірден шапқан. Және жан-жақпен жалғасатын телеграф сымдарын қиған. Міне, осының есебінен Қарасудағы үйездік өкіметі де қол пулемет, гранаталардың жәрдемімен келесі бір-ақ түннің ішінде қаратылып алынды. Алғашқы үйез Нылқыдағы полициясымен қоса алынған соң, өркештене түсіп, жер дүбіреткен қалың қол мұнан былайғы соғыстың осы Нылқы маңында өтетіндігін әйгілегендей еді.

Ендігі қолбасшы кейін ұлттық армияның генералы болған, соғыс тактикасына жетік, қырғыз жігіті Ысқақбек, қазақ шаруалары Әкбар - Сейіт, татар Фатих, ұйғыр Әбдікерім Аббас пен аты әйгілі Қайнам батырлар. Ал әскер сапында айтылатын жорық маршында төртеудің аты ерекше аталып, «Әкбар - Сейіт, Фатих, Ғани бастаған» болып, ең алғашқы көтерілісші саңлақтар жырланатын. Міне осындай қолбасылардың ақылдасуымен аз ұлт партизандары Нылқы мен Қарасудан кейінгі үйездермен әзірше барып соғыспай, олардың әскерлерін осы далада тосып жатып ұрысуды маслихат еткен. Әскердің қостардағы аты шабылып алынды дегенімен жайылымдағыдан өзге қолда ұсталатын да жарым-жартылай көлігі болады. Бір Нылқы полициясының өзімен Қарасу үйезінен шыққан қол пулемет, гранаттарға қарағанда, үйездік үкіметтердің күші аз емес. Оның барлығына барып соқтығысу соғыс құралы аз партизандар үшін өзін апарып ажалға тосу деген сөз. Онан гөрі сол үйездердің жартылай жаяу әскерімен кең дала төсінде қырқысу: қазақ, қырғыз, қалмақ сияқты тау халықтары үшін әлдеқайда қолайлы. Жаңағы сайыпқыран қолбасылар дәл осы жөнінде тағы бір қосымша ақыл қортысқан. Өздерінің сол қарарларын олар: Керімбек, Тайлақбай, Қарымсақтармен кеңесіп, бір бөлік қолмен Шеру Күреге шабуылға жіберілетін болды. Өйткені Құлжадағы гүбернеліқ штабтың назарын тұс-тұсқа шашыратып, әр жаққа бірден алаңдату керек  делінген. Енді осыған ұйғырларды шұбыртып Әбдікерім Аббасұғлы бара ма, маңғұл-қалмақтарды шабындырып Фуже жете ме, қырғызды атой салғызып Ысқақбек төне ме, жоқ осының әр бірінен бес жүзден ірікті қол алып, Ғани батыр шыға ма? Осыған келгенде азырақ талқы өткен. Немесе өзгесінің бәрін қалдырып, осы сапарға Әкбар өзі кете ме, - деген жерде Ғани бірден зіркілдей бастап:

- Нема деуатысыла?! Қазекеңді башлап Әкбар ағайын бір далаға кетедыған болса, біз бүйәрдә қалып наубайшылық құламдұқ! - деп өзге сөзге келмей, тіке ашуға басты. Өзге емес, Ғани бұл мінезді көрсеткенде жұрт Әкбарды айтудан ашық тайсалып қалды. Тегінде Ғанидың: «Менің өмірдегі: мейлі абақтыда болсын, мейлі еркіндіктегі болсын, дос-жолдастарымның бәрі қазақтар», дегенін бұлардың баршасы білетін. Бәлкім өзі жасынан ат үстінен түспей, тау, дала өмірін көп көргендігі себеп шығар. Қалмақ пен қазақтың байларынан не бір жақсы аттарды ұрлағанда, тау мен тастағы түнгі жорық жолдасы қазақтың ішінен шыққан өзіндей ер кедейлер болғаны хақ. Етінен ет кессе «қыңқ» демейтін, сыр сақтауға «берік-шемен» атанған - жалқы ерлер серігі болғандықтан көпке сенуді қойған Ғани өзі осы уақытқа дейін жеке жанның өмір-тірлік, тынысын кешкен.

- Олай болса, Күреге Шерумен бірге маңғұл-қалмақты басқарып Фуже барсын, - деген Фатихтың ұсынысына Әбдікерім қарсы болды.

- Сан жағынан алғанда біздің ұйғыр қазақтан аз болмағанымен жарым әскеріміз жаяу. Үйез-үйезден шауып алынған шерік әскерінің атын мінеді дейін десем, ер-тоқым тағы аз. Есектің шомы атқа тура келмейді... Аяғына шұлғау орамаған қоңылтаяқ адамдай, жайдақ қайда барамыз?! Және бізге қарағанда ат үсті шапқынға маңғұл ағайындар бейім. Ал оның бәрі Күреге кетіп қалған соң Ғани айтқандай, бұнда біз не бітіре аламыз. Менің айтқалы отырғаным мына қырғыз туған өзі бір қосындай ғана болғандықтан, әм күштің көбін бір Күреге ғана жіберіп қоймау үшін, әм Шеруге серік болатын дәл бір ғана қол шағын әскерін бастап Ысқақбек барса болады, - деп кесе айтты. Әкбар, Фатих бастаған бірнеше адам.

- Дұрыс, дұрыс!

- Осы нақ орынды сөз!

- Аббас ұғлы бар шындықты айтып отыр, - десіп бұйра шашы бар, қой көзді, келісті жігіт Әбдікерімді қостады.

Сонымен бұл сапарда Шеруге бір мың қол қырғызды бастап қосылған Ысқақбек өзі бас болып еді. Осылайша мың жарымдай әскері бар Шеру, қырғыз сол күні жолшыбай: Жабықбай-Жырғалаңы, Сулы-Құжыртай, Құрғақ-Құжыртай, Ноғайты-Ойменбұлақ, Құр-Алматы, Сулы-Алматы, Бес-Сары бұлақ, Керімқұл-Кебенек деген жерлерді басып, түніменен тау жебелеп тартып отырып, күн шыға Шеру мекені Мазыға жетті. Бұнда жарты күндей ат жемдеп, дамыл алып, түс ауа қайта атқа қонған партизан жиынына мына жақтан Таймас руы келіп қосылды. Бастаған: ұзын көк буырыл сақалды, қапсағай денелі, батыршалыс Аусынақын.

Бұлар енді Күреге қарай суыт бет алып, жарым жолдағы Шыншахозыға жеткенде, күн бұрын кеткен хабармен Қорғастағы Албан-Суан да алдарында жер қайысып, тосып тұр екен. Оларды да Аусынақын тәріздес Әкбарлар мен бұрыннан толық қатысы бар Суанбек, Молдажан сияқты белгілі адамдар бастапты.

Бұл уақытта неше күннен бергі Нылқы жағдайынан тынбай хабар алып тұрушы Күредегі Әбдірәйім Айса Керімбектің осы түні келетіндіктерін мұнан бір күн бұрын біліп отырған. Мол жорық түн жарымы ауа Күреге келіп ілінді.

Қарасу алынатын кешегі түні телефон сымы екі жерден қиылған болса, бұл жақта Күренің де Құлжамен жалғасатын байланыс торабы үзіліп үлгерген. Сонда барлығымен шендес болатын жалғыз Құлжа губернаторы ұядағы саңырау құрдай, алғашқы бетте-ақ қатты аңтарылып қалып еді. Губерне бастығы Лю бин и өзі жіберген, өлкеден келген генералдан және оның қасындағы әскерден екі күн бойына хабар болмағандықтан, Қарасуға, одан Нылқыға телефон соғып, екеуінен де тырс етіп жауап ала алмай қойған. Ақыры, жүрегі бір жаманат сезгендей Қарасу үйездік үкіметіне хабарға бірден суыт жүз әскер аттандырған болатын. Бірақ олар да жылымға батқандай, не бары алпыс-жетпіс шақырым жерден тәулік бойына еш дерек, дыбыссыз қалды... Сонымен, енді істің тегін еместігін іші анық сезген Лю бин и: Қарасу, Нылқы жағына үшінші күні сайма-сай қару-жарақпен құрсанған, тура мың әскерді бір-ақ шығарды. «Алдыңғы кеткен генерал мен кейінгі жүз әскер бір жағдайға ұшыраған болса, қазақты қырып сал, жауабын мен берем» деп аттандырған.

8

Күренің телефоны қырқылып жан-жақтан мүлде хабарсыз қалған соң, Ма шяньгон полковниктің Құлжаға жіберген шапқыны да гүбернелік штаб кеңсесіне әлдеқашан жетсе керек еді. «Тастүлек» штабы жолдаған жүз елу торушы бұл жақтың сондай хабаршысын да жүргенін жүргендей, жолдан отап тұрған-ды. Және Лю бин идің Ма шяньгонге шаптырған 20 әскерін Баяндайдан өткізбей жайпаған. Құлжа гүбернесіне қарасты он шақты үйездің барлығының да көргені осы болған.

Күре енді тек күні-түнгі күзетті күшейтумен, Құлжаға кеше де жиырма-отыз әскерін жөнелткен. Жаны ардақты Ма шяньгон машинасымен Лю бин иге өзі хабарласу орнына қорғаннан шықпай, әскер жосытқан. Ал генерал болса, Қарасу мен Күренің үйез бастықтарын тап қазір көзіне көрінсе шайнап-бүркерліктей жағдайда еді. Лю бин н шығарған қалың әскерді Қарасуға жеткізбей төрт жағын бірдей тұйықтап қоршап алған партизан қимылы бұлардан артқа қарай тіл жібермеуді сертке ұстаған. Қарасудан түскен жүзге тарта қол пулеметті алдағы кезеңнің шыға берісіне самсатып құрып, әрі мол автоматпен тосқан. Бұл уақытта Күренің полиция бастығы Ли жүй жаң мен үйездік үкіметтің барлық басшылары Ма шяньгон полковниктің қатал бұйрығымен күн-түн күзет басында өздері отырып, мына жағдайдың не екенін, тіпті сыртта не болып жатқанын ұғына алмай қамалған. Бәрі де сұрланған, қуаң түсте. Атышулы «алты қарақшы» жайсыз сезілді.

Сондай қатал күзет ішінде Әбдірәйім өзінің бір тәуліктегі бар жоғы төрт сағат қана ұйқы уақытын алып, үйіне түнгі сағат бірде келіп жантайған-ды. Мың-мың қолды бастаған Ысқақбек, Молдажан, Суанбек, Қарымсақ, Керімбектер сейпіл ботайларында, қарауылда тұрған әскерлерге дыбыс білдірмеу үшін, Сүйдін жақпен оралып келген еді, Әбдірәйімге хабар жеткізбек... Осы кезде ортадағы хабаршы Қарымсақ қойнынан шығарып берген екі ақ көгаршынды Тайлақбай үлкен уысымен қос қолына қатарлап ұстап: - Ал жануар, ақжолтай бол да, мекеніңді бақыт құсы боп тапшы! - деп ытқытып, ұшырып жіберді. Бақпанды көгаршын Әбдірәйімнің ауыз үйіндегі ұясына жетіп, қанаттарын сатырлатып қонғанда үй иесі аса сақ басып, лып етіп сыртқа шықты. Түрме бастығы қызметін қоса атқаратын Әбдірәйімнің үйі абақты маңына жақынды. Қамаудағы аз ұлт адамдарының тілін білетін Әбдірайым өзіне бұл жұмысты қосымша жүктегенде бас тарта алмаған... Аз күннен бері бұл өзі Әлидің жанына жекелеп қамаған Лән бияуды сақтана барып шығарды... Бір тар қуыстағы есікпен сып дегізіп жөнелтіп жіберді. Әскери машықтан өткен Лән бияу полиция ауласының межелі жерінде шелекте тұрған бензинді алып лып етіп жөнелді. Нысана - бұл арадан қашықтау, үйездік әскерлер жатақханасына тақау тұрған оқ-дәрі қоймасы. Әбдірәйімнің күн бұрынғы сыбырлап тапсыруы бойынша Лән бияу ұзынша тас үйдің орта тұсындағы темір торлы терезенің алынған көзінен ішке қарай жанар майды шаша төкті де, ізінше сіріңке шағып лақтырды. Бір сәтте-ақ лап еткізіп, от қойып жіберді. Өзі дем арасында қайта оралды. Әбдірәйім оны енді Лүріп-ламаның қасына кіргізіп, есігін сықырлатып жауып тастады. Көп ұзамай аспан жарылып жерге түскендей болды. Жер-көкті жаңғыртып, атыла бастаған сұрапыл дауыс құлақ тұндырған.

Сол хикімет жарылыс үсті-үстіне әлденеше жалғасып, әп-сәтте дүние саңырау болды. Бұл кезде сейпілдің төрт бұрыншындағы үлкен төрт ботайда тұрған сақ күзетші, қарауылдарға қарай сырт жақтан тақау кеп қалған қырғыз-қазақтың жаяу мергендері бар-тын. Өрт жарығы аспанға шыққан, мынадай күтпеген сойқан жарылыс мезетінде сол қарауылдар осы жаққа назар аударып, ботай қуысынан бойларын еріксіз бері шығарысып қалған. Төбесін қопара аударып тастаған қоймадан аспанға жанартаудай от атылып шыққан-ды.

Міне дәл сол жарықпен ботай қарауылдары өздерін оққа ұстап берді. Төрт қабырғасының әр қайсысы бес жүз метірлік ботайдың бұрыш-бұршындағы күзетшілер жойылумен қатар партизан легі сейпілдің барлық жағын қоршап алған-ды. Айналасы екі мың метірлік төртбұрышты қорғанның ішіндегі әскермен полиция жатақханасынан саулап қаптап сыртқа шыққан қару-жарақты шерік, полицейлер қарбаласып сапқа тұра бастаған. Сейпілдің «мың бекініс» деп аталатын, сыртқа үш қабырғасынан оқ атуға арналған тесіктерін иелеген қазақ, қырғыз мергендері осы кезде өрт жарығын пайдаланып ішке қарай оқ жаудырды. Бірақ әскер қырылғаны қырылды, қалғаны тығыз бұйрықпен үшке бөлініп әлгі «мың бекіністерге» қарай жапатармағай ұмтылды. Оққа ұшқандарына қарамастан партизан мылтықтарын сан көптігімен қақалтып келіп қалды... Ысқақбек енді өз қосынынан шығын шығармауды ойлап атқа қонып шегінуге бұйырған. Себебі атыс тағы созылса ат-көлік алыстап кететіндіктен жаяу қалған партизан қырғын табуына болады.

Бағана оқ қоймасының жарылуы кезінде өзге қарауылдармен бірге «Ұлы Есік» күзеті де оққа ұшып, үлкен қақпа ашық қалған болса да, басып кіру әрекетін тау елі өз жоспарларына енгізбеген.

Керімбекке Әбдірәйімнің алдын ала білдіруі бойынша, Күре үйездік үкіметінде мұндай қауіпті кезеңде олай-бұлай хабар жеткізуге арналған бар жоғы, тек қана жалғыз автомашина бар. Ол сыртқа «Ұлы Есіктен» ғана шығады. Сондықтан ендігі амал, бұл Күре маңында бір ғана осы қақпаны аңдып, соған жетерлік жасақ қала тұрады. Өздерінің тақыр жаяу қалдырылғанын біле ме, жоқ па? Күре әскерінің қырғынға ұшырағанынан қалғаны бүгінгі қимылдарымен «мың бекіністің» құр есік-тесіктеріне ие болып қалды.

Сонымен қараша айының бас кезінде, таң ата Күрені шала жансар күйде бір тастап, атойлаған жорық Нылқыға қарай қайта ойысқан. Бұл жолы Шеру мен қырғыз ғана емес, Таймас руын Аусынақын, Суанды Суанбек, Албанды Молдажан бастап, аз ұлт партизаны барған сайын қанат жая бастаған түрде жетті. Сөйтіп, әділетсіздікке қарсы атылған оқтың өзі әділет екенін ойлады ма, жоқ па, Күре уезінің асқақ полковнигі - Ма шяньгон мен полицияның тәкаппар бастығы Ли-жүйжаңға жер дастарханында жасаушы өзгелердің де тілегі бұлардың өздеріндей екендігін ескертті.

9

Бұл соғыс енді бір Іле гүбернесінде ғана болып қалмады. Әкпарлар әрекетінен Аусынақын мен Әкім арқылы Тарбағатай, Алтай аймақтарына да хабар жеткізілгені мәлім. Сондағы келісім бойынша, Нылқы шабуылын білдіріп «Тас түлектің» іс бастағандығы жайлі Әкімге ерген тағы да қос-қос атты шапқындар ұшыртты. Осыдан Алтайға дейінгі аралықта, бекет-бекетке тың атпен лаушылар қойылғандықтан, ол жақтан ұтылап жеткен ендігі хабар аз-ақ күнде келді. Тарбағатайда Керей мен Найман тұтасымен атқа мініп соғыс бастағаны, ол аймақты Аталықов Жағда басқарып қозғалған хабары дүңк ете түсті. Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай, Дөрбілжін сияқты солтүстік екі үйез бір-біріне жақындау жайғасқандықтан әзірге көтерілген тек солардың қазақтары секілді. Сол үйездерге тән: Жақсылық-Шолақ, Барлық, Майлы-Жәйір тауларының қойны-қоншынан Шәуешекке қарай ағыла-құйылған Керей, Найманның саны жоқ көп дескен. Тарбағатай Найманының негізгісі - Дөртуыл болса, қалың Керейдің: Мастабан, Шұбарайғыр, Молқы, Шеруші, Терістаңбалы, Жәдік, Меркіт, Қарақас сияқты аталарынан аттанған ел - жер дүбіреткен-ді. Шығысындағы Қобық үйезімен түстіктегі Шиху, Сауан үйездері мойны қашық болып, аналармен ұштаса алмағандықтан әзірше тыныш көрінеді. Қобық пен Шәуешек арасындағы өркештенген биік Орқашар тауының қалмақтары ғана Жағдаға түп көтеріле келіп қосылыпты.

Ал Алтай аймағы Сарсүмбенің өзінен бастап Жеменей, Буыршын, Сарбуыршын, Көктоғай, Қаба үйездерінің қазағы түгелімен көтерілгені естілді. Гоминдаң үкіметіне күні бүгінге дейін алдырмай, атақты - Бәйтік тауында көп жылдан бекініп жатқан атақты қара Оспан бар. Абақ Керей ішінде Шақабайды бастап, батыр Оспан тауда соғысып жатқандықтан, Алтай қазағы бұрыннан-ақ жан-жаққа құлағы елеңдеп отырған ел. Енді соған қосылып гүбернелік өкімет Сарсүмбенің өз әскери қызметкері Дәлелхан Сүгірбаев шыққандықтан, халық дүркіреп аттанған. Аймақтық өкіметтің саңлақ офицері Дәлелхан Оспанмен атсалысып іс қозғағандықтан, сол губернелік штабтың өз қару-жарағын қолға едәуір түсіріп алып, бірден бұрқ етіп бөлінген. Бірақ қасақана болғандай, осы кезде оңтүстік Шыңжаңның алты уалаят халқы тырс етіп, қозғалмай жатты.

Қытай үкіметі Шыңжаңды өз тілдерімен: «Нәнжаң, Бижаң» деп екіге бөледі. (Оңтүстік, Солтүстік). Екінші сөзбен айтқанда, Тәңіртаудың оңтүстігі - Қашқария, солтүстігі - Жоңғария. Жоңғарияға Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары жатса, Қашқарияға Қашқар, Ақсу, Ярканд, Қарашәр (бұған Жұлдыз кіреді) Қотан, Құмыл уалаяттары болып, ежелгі атымен «Алты шаһар» кіреді. Міне, осындай оңтүстік Шыңжаңның бірнеше гүбернелік үкіметке бөлініп жатқан 5 миллионға жуық халқы мүлде қозғалмағандықтан тарихта «Үш аймақ» көтерілісі болып аталған дүрбелеңнің қайнар көз ошағы Іледегі айқас аздан соң жүйелі түрде басқарылған...

Өлкелік бас штабтан келген генерал қайтпай және байланыс торабы үзіліп, Құлжа тырс етпей хабарсыз қалған соң, таққа мінгеніне бір жылдан жаңа асқан император - У жұң шың қаһарға мініп Іле штабынан ендігі тілді самолетпен алғызған-ды. Үш аймақтың бүлінген хабары жетісімен өлкелік бас штаб Үрімжі жолындағы Тақия-жың, Шиху уездерінің әскерлеріне төтенше тығыз бұйрық берген. Одан арғы Үрімжіге тақау: Манас, Сауаң, Құтыби жағын дайындыққа тұрғызған. Сырттағы Қытай әскерінің Ілеге келер жолы екеу еді. Бірі - терістік иықтағы Сайрам көлді айналып, Талқы кезеңімен асатын жалғыз Кеңсай машина жолы. Енді бірі - Іле жерінің шығысын орап жатқан Еренқабырға тауының Тақия-жың тұсындағы Көрсай, Ашалы шатқалымен жаяу және атты әскер өтетін салтан жол. Әрідегі Шиху әскерін машинаменен Тақия-жыңға жеткізу оңай болғанмен бір ғана мойынмен Талқыны асыру күш. Өзін-өзі жалғыз асуда тек ажал оғына ұстап беру болады. Ал сол Шихудан жетпек армияны Тақия-жың әскерімен бірге Көрсайды асыруға болар еді. Оған мұрша келтірмей жың үйезінің атын баяғы Лүріп-лама жалғасып жатқан Көксала, Құсемшек тауының маңғұлдары шауып алған. Бірақ сонда да аттысы атты, жаяуы жаяу шұбырған. Құмырсқадай қара-қиқым әскер желтоқсанның сақылдаған сары аязы кезінде Ашалы жолымен ентелеп, тау ішінің қалың қарына малтығып, омбылап келе жатты. Сондай екінші тізбек ажалға бас тіксе де Талқы кезеңіне қарай машинамен шуай бастаған.

Бұл кезде Ашалы жолын  Әбдікәрім Аббасұғлы мен татар Марғуб Ысқақов бастаған жорық бекітіп жатып соғысты. Қарағайлы, көр шатқалды, тау қойнының қар бекіткен қиын жолын басып, арып-ашып, ілбіп келіп ілінген аттылы-жаяу әскер буға піскен «жың мома» нандарын жіпке тізіп, мойнына асып алған екен... Мүмкіндіктері сондай ғана. Ұйғырларды басқарған Аббасұғлы олармен Ашалының ауызында, қыл мойыннан тосып жатып өліспек. Әбдікәрімнің өзі айтқандай, атпен соғысуға шорқақ ұйғыр қосыны қытайдың қыс қажытқан жаяу әскерімен сай ауызындағы шыға беріс еңіреуде шайқасуды Әкбардан аттай қалап алған. Сонау Тақия-жыңнан бері қарай атты-жаяу, сай тағанының қалың қарлы, ауыр жолын күрекпен аршып, аязбен сіресіп қыбырлап келе жатқан, халы мүшкіл шерікпен әсіресе қылыштасып қырқысуды талап қылды.

Құлжа Губернаторы - генерал Лю бин и автомат, қылыш асындырып өзі жіберген мың әскер Қарасуға жетпей қырғынға ұшырап, сол хабарды зорға білген соң, енді бүкіл гүбернелік штабтың әскерін тұяғынан тік тұрғызды. Гүбернелік үкіметтің өзін қорғайтын бір мың әскерді әзірше сыртқа қумай қорғаныс дайындыққа қойды. Құлжа «Иран-бағындағы» әскери гарнизонның үш мың жасағы аттылы-жаяу, жер қайысқан сап құрып, лек-легімен басып, Нылқыға қарай ентелеп келе жатты. Атқа жеккен зеңбірек, пулеметтерімен, автомат, гранаттарымен көк мұздай құрсана қаруланып, ежелден бері жалғасып келген жорық жырын бастап, ырғақпен басып, айбынды маршпен жылжып келе жатыр еді. Шақылдаған аязда, қарлы даланы жаңғыртып, даусы жер жарған, қаһарлы әскер қозғалғанын байқатқан. Міне, осы қарсаңда аз ұлт партизандарын: Ысқақбек, Фатих, Сейіт, Әбдікәрім, Ғани, Фуже, Мұхабайлар Әкбарды басшы етіп отырып бірнеше полктарға бөлді. Бұлар шығыс үйездерінің қазақтарынан бастағанда:

1. Нылқы, Текес, Күнесті құрамына алған «Тоғыз тарау атты полк» командирі Әкбар Есбосынұлы.

2. Күре уезіне қарайтын екі дуан ел: Қорғас пен Сүйдіннен құралған «Сүйдін атқыштар полкі». (Бұған Іле өзенінің арғы жағындағы Шапшал үйезіне қарасты «арбын-сұмын» деген нәммен аталған сібе-солаң, дағұрлар сияқты аз ұлттар да қосылған). Бұл полктің командирі - Қарымсақ Батыршаұлы.

3. «Дүңген құрама полкі». Соғыс қыза бастағанда дүңгендер де қатты көтерілген. Алғашында жалтақтау боп, бейтарап тұрғаны бұрынғы дүңген көтерілісінің аяусыз соққыға ұшырауынан болатын.

4. «Пиход» деп аталатын Әбдікәрімнің ұйғырдан құрылған «Жаяу полкі».

5. Фуженің «Қалмақ күре полкі».

6. «Кеңсай атты полкі» Кеңсай деген машина жолы келетін Талқы кезеңінен асып бері түскендегі атақты бекеті бар үлкен сай. Сол жерде өздерінше омарта ұстап, өкіметке алым-салық төлеп, біраз үй орыс отыратын. Содан шыққан Лескин есімді азамат ешкім айтпаса да, өз соңына әр жерден орыс адамдарын құрастырып, дәл жүз отыз партизан ертіп, Әкбарға дүңгендерден бұрын келіп қосылған. Сол Лескиннің өжеттігіне сай, әр ұлттан құрама жасақ дайындап, өзіне арнайы полк құрап берген. Бұл «Лескин бригадасы» деп те аталады.

7. «Қырғыз полкі». Бұның сыртында «Комендант эскадрон» және жалпы «Дивизион» (атты әскер). Бастығы Ысқақбек. Ал дивизияда екі запас полк бар. Оның бірі ыңғай қазақ жастарынан іріктелген «Тау түлегі» атындағы Керімбекұлы Мақсұттың полкі. Екіншісі «Тас түлек» нәміндегі: қазақ, қырғыз, қалмақ-маңғұл, ұйғыр дүңгендерден іріктеліп құралған «Қайнам батырдың запас полкі» Аздаған өзбек, татар, түрікпендер де, осының құрамында. Бұл екі запас полктің міндеті гоминдаң әскермен атыс салған өзге полктардың қайсысына орайлы кез туса, қауырт соның көмегіне өту. Қарулары автомат, мылтық қана емес, жартылай қылыш. Есебі, жау жағы сасқалақтай бастаса, бір бүйірден тікелей ат қойып шабуылға кіру. Қылыш өнерін үйретуші Ысқақбек, Мұхабай, Фужелер.

Міне, осындай жүйелі түрге келген, аз ұлт қосындыларынан құралған үлкен партизан армиясы үш-төрт жақтан бірдей келетін жауға төтеп беруі керек. Ол Ашалы - Көрсай жағы. Машина жүретін Талқы-Кеңсай жолы. Құлжадан келе жатқан губернелік әскер. Және Күре мен Қарасуды айтпағанда Текес (Қызыл күре), Күнес, Қалмақкүре, Тоғызтарау, Шапшал уездерінен жаяу-жалпылы жосып келе жатқан мың-мың шерік.

Лю бин идің берген қатал бұйрығымен жаңағы уездер өздерінің барлық басшыларына дейін тіпті полициясымен әскер сапында келеді. Әр үйезде тек «Ұлы Есік» - қақпаларына пулеметтермен мықты күзет қалдырып, Нылқыға қарай түп көтеріле ағылған. Сонымен «Кеңсай атты полкін»  бір түннің ішінде Лескин солай қарай алып жөнелген. Кеудесі құшақ келетін, еңгезердей орыс жігіті жолға шығар алдында штабқа арнап тігілген киіз үй ішінде: Ғани, Фатих, Әбдікерім. Акбар - Сейіт, Марғұб, Фуже, Мұхабай, Ысқақбектерге ақыл салып:

- Машиналардың сай ішіне түскені дұрыс па, жоқ әлде кезеңнен лаждың барынша бері асырмай, Сайрам көлінен өткізе бере іс бастау ұтымды ма деп, соның шешімін толықтап сұрап білген. Басшылардың айтқалы отырған тапсырмасын өзі қадалып сұраған. Ғани көзіне ешнәрсе көрінбейтін ерлігімен:

- Екеуінің бәрі бір. Сай ішіне түсіріп алсаң да болады, - деген. Оған Әкбар қарсы болып:

- Жоқ, ол болмайды, - деп кесіп сөйледі: - Арғы қайқаңнан лажы болса бері асырмау керек. Өйткені сайдың даңғыл жолына бір ілініп алса, көп машина атыс сала жүйткіп ие бола алмай қалуың мүмкін. Алдын бері өткізіп алсаң, сен сонымен болып жатқанда өлгеніне қарамай, соңы да ағылады. Ал бұл жаққа машиналы әскердің қаншалық қауіпті екенін өздерің білесің!..- деген.

Бұл мәжілісте Молдажан, Суанбек, Манапхандармен бірге Шерудің де белгілі үш-төрт адамы шет қалған жоқ-ты. Түн қараңғысында қи толтырыла жағылған пешті қоршай отырып, жалпылдап жанған әлсіз шам сәулесімен алған демдерінен бу бұрқырып, таластары қыза түсті. Әкбардың айтқанын Фатих пен Сейіт қостап:

- Сол дұрыс.

- Сол қолайлы, - дескенде Фуже өзінің ішті мінезімен үндемей, тымпиып отыра берген.

- Айтқандарыңның бәрі теріс емес, - деп сөзге Ысқақбек кірісті - Дұшпан бізді әсілі кезеңнің арғы жағынан күтеді... Себебі, соғыс тактикасының өз талап-өлшемі бойынша, картаға жүгінсе солай. Мейлі, жүздеген болсын, онан көп болсын машинаға тиеліп, тізіліп келе жатқанында жауыңды патырлатып атқылай беретіндей боласың. Бірақ олар да жан иесі. Әзір оңай көрінгенмен сенің барың білінген заманда жапатармағай жерге түседі де, автоматты ол да түтетіп береді. Соғыс позициясында ойлайтынын ойлай берсін басқа тұстан ұру жөнінде Қайнам батырдың айтқаны да жөн келеді. Ең әбзелі оның шамалауынан мүлде басқа тәсіл табу. Олардың ойына келе қоймайды-ау дейтін бір амал бар. Жауға әуелі бір ойды ойлатып алып, соның панасына бұғыну. Ол үшін алдымен шолғыншылар тау басынан алдын ала машиналар неше бөлек, сан мөлшері қаншалық екенін көріп алған соң, алдыңғы шоғырын үндемей кезең асыру. Ал Кеңсай ішіне түсетін жол әрі биік, әрі тік, қиын болғандықтан, оларды сайға толық түсірмей-ақ соғатын бір тобымыз жол ортада болу шарт. Бірақ алдыңғы машинаға ол да соқтықпай, көз алдынан анандай ғана жерден өткізіп, тыныш жата береді... Себебі, бұны машинадан түсуге мұршасын келтірмей, дөңгелектен атып-ақ жою оңай болғанмен, оның соңынан тағы көп тізбек келіп үлгірсе қақалып қаласың. Қырғын тауып қалуыңа болады. Сол себептен шеріктің алдын сай ішінен қарсы алу. Соңғы тізбектен өзгесін таңдандырып, осылайша өткізе беру өте қажет, - Ысқақбектің бұл  айтқанын аналар ғана емес, әңгімені үнсіз тыңдаған Тайлақбай, Керімбек, Қарымсақ, Мақсұттар да өз іштерінен анық мақұл көрген. Қысқасы, үш бөліп соғысу дұрыс сияқты. Ең алдын өткізіп жіберіп сайдан тосу, екіншісін - жол ортада қия еңкейісте, ал кейінгісін - арғы жағынан, кезеңге қарай тырмысып келе жатқанында ұру.

10

Қыс күшіне кірген кез. Соғыс Іле қысының нағыз шақылдаған қызылшұнақ аязы кезінде қызды. Ақ қарлы дала төсінде өзек-жыра бойында, қалтарыс-қойнауларда партизандар үшін тігілген киіз үй сансыз. Ел-ана өздерінің азаттығы үшін басындағы қалқайтқан жалғыз үйін де аяп қалмай, қайта кәрі-құртаң, кемпір-шал белдерін буынып алып, өз көліктерімен неше күн бойына есепсіз сойыстарымен қоса үй көшіріп әкеп тіккен. Ол тұрмақ боздағын оққа қиып, қаралы үн салып, қол қусырып қалған түтін басы санағысыз! Желек астындағы жас келіндер қара жамылып боздады! Соғыс зардабы ер-әйелге бірдей, бірінің қанын төксе, бірінің жасын төкті.

Осы Нылқы маңында тапжылмай үш айға созылған соғыс қатын-бала, кемпір-шал, ел-жұрт атаулыны тартқызған уайымымен сары ауруға салды. Барлық партизан шептерінің ішіп-жеуі тек осы ел мойнында. Қыс бойы жер-ошақтан түтін үзілмей, нан-бауырсақ пісірілгендіктен, енді азықтанарлық шай-тұз, ұн да таусылды. Осы қыста өз жауымен әйел-еркек бірдей соғысты десе болатын. Шаруасы күйзелген ел тырмаштап жиған азын-аулақ жем-шөптерін де күндіз-түні арба, шаналарына тиеп осылай қарай тасуда. Бір Нылқы маңының қазағы ғана емес, енді аужал аларлық ұн-шай, сойыс мал өзге елдерге де белін қайқайтқан салық ретінде салынды. Бұндай істер штабта арнайы шешіліп отыратын. Бұл уақытқа дейін бір жақсысы Іле жеріне сырттан әскер кіре алмады. Сайрам көлінің бойы мен Ашалының аузында қырылған қытай шеріктің саны жоқ десе болатын. Ойлағандай, құрған жоспар бойынша Талқы кезеңі мен Ашалы, екі жақтың екеуі гоминдаң әскерін қанға бөктіріп тұрды.

Ал мына жақтағы үлкен майданда: қазақ, қырғыз, қалмақ, ұйғыр, дүңгеннің жерді дүбіреткен қалың қолы Құлжа әскери гарнизонының «бақайшағына дейін қаруланған» дейтін сайлы әскері мен үйездердің сан-сан мың жасағын артқы шепке жақындатып дарытпай, алдын кесіп ұрысқан.

Сөйтіп, аз ұлттар құрамынан биылғы жылы ойламаған шақта соққы тауып, қыс ортасы кезінде ойсырай бастаған гоминдаң әскері тірідей Қас суына да үйір-үйірімен түсіп кетіп жатты. Үрейі кеткен, баспанасыз ұйқысыз аш әскерден Қас өзені бойындағы Албанның қатындары мылтықтарын тартып алғандықтары естілген.

Айпара деген әйел буға піскен, аяздап, мұз боп қатқан «жың мома» нандарын мойындарына тізіп, тышқандай қажап кемірген тоғыз шерікті мұз ойған балтасымен жалғыз өзі алдына салып айдап, ауылға әкелген. Соны сөз етушілер:

- Құры қол қалған ғой?

- Жоға, қарабасқырлардың мойнына асынған мылтықтарымен айдап келген дейді.

- Немене, сонда мылтықтарының оғы жоқ па екен?

- Е, жо-оқ, оқтың бәрі тіпті соларда дейді. Белдерінде неше тізбек оқ бар деген.

- Ой, оқ деген де сөз бе екен, тәйірі!.. Шындаса бір қатынды құрғақ мылтықпен-ақ серейтпеуші ме еді.

- Е, бәсе, үрейлері ұшып кеткен десеңші онанда.

- Сонан кейін қайтіпті, соны айтсаңдаршы.

- Айпара жеңгемнің онысы тіпті қызық, қолынан балтасын тастамай тұрып жаңағы оқтарын белінен шештіріп, мылтықтарын бір жерге үйгізген соң, барлығын бір үйге кіргізіп, дастарқанға май салып, жұмсақ тандыр нанмен шай бере-еп отыр дейді.

Міне, айтушылар осы әңгімені неше жерде сан құбылта қайталап, Айпараға өздері жолыққан жерде сұраса:

- Шай бергенім рас. Барлығы маған бірнеңе деп мұрындарынан суы ағып, жалынып жылап кеткен соң, бейшараларға жаным ашып, ызылдап тұрған самаурынды көрсетіп, тегіс үйге алып кірдім де, пешті дүрілдете қыздырып жіберіп, шыныларына кесек-кесек сары май опырып салып, шәй бердім.

- По, тіпті төркінің келгендей бопсың ғой!

- Ел мына жақта онымен соғысып, құдайға жазып, қырылып жатса сенің мына мырзагөйлігіңе жол болсын!

- Жоға деймін-ау, өзгесін қоя тұршы, сонымен баға бердің бе, қайттің оларды?

- Ой, байқұс-ау, қайдан баға берген! Тірі кете алса бір жаққа, шынымен-ақ кетсін деп отыр едім, күйеуімнің сырын өздерің білесіңдер. Ана сорлылардың шыбын жан үшін қалталарынан алып, төрге шашып тастаған ақшаларын келіп көргенде шеріктерге бір, маған бір қарап:

- Ойбай-ау, мына істеп отырғаның не ей, айналып кетейіннің қатыны?! Иттің қызы-ау, ақшадан әкең өліп пе еді?! - деп ілулі қамшыны ала жүгіріп, өзімді сабай жөнелгені бар емес пе. Сонымен барлығын айдап апарып Әкбарға өткізіп еді. Қолға тірі түскендерге қосып Нылқыға айдатыпты.

Міне, қанаушыл үкіметтің қыс сорған аш, жаяу әскері осындай үрейсіз халде еді. Ауған киіктей әруейін сүйреп, қораға өзі келіп, пана күтіп тығылған! Соның есесіне партизан жасағының қару-жарағы барған сайын молайып, оқ-дәрі қорын жау тылынан қойма-қоймасымен басып қалып жатқан. Гоминдаң армиясының дала соғыс бекінісі осы маңның барлық адыр, қойнауларында іркес-тіркес, бірнеше бекет құрып, мықтап жайғасып алған. Губернелік штабтың және әскери гарнизонның машиналарымен қыс басынан бері ретін тауып, күн-түн демей тасымалдаумен ақ қар үстінде қара-қорым, сансыз шатырлар орнатып, жатын орын, азық-түлігін бар шамасынша қамдап үлгергені айқындалған. Бірақ құрылған пулеметтер мен маузер, автоматтар қанатты құстай, атты партизан армиясының шыр айнала қамаған соғысына төтеп берерлік амал тапқан жоқ. Әдейі мерзім созған, сараң шабуыл онсыз да титықтаған жау тылын әсіресе аштықпен діңкелетті.

Гоминдаң шеріктері ең басында бейне түс көргендей, биылғы осы соғыстың басталғанынан бірден құлақтанып, губернатордан тұңғыш реткі екпінді жарлықты алысымен ұрыс майданына қарай ентелей аттанғанда, өздерінің Лю бин идей даңқы жер жарған генералдарының қатал рухымен суғарылған кәрлі түсте қозғалған. Төрт қатарлап сап құрған, құмырсқадай қалың әскер асқақ жорық жырын жаңғырта, батальон-батальонымен бері беттеп, ойнақтап басқан. Өте-мөте, шетінен ширыққыш, тәкаппай-әскер басылары азуын айға жанып, әрі күпті, әрі күпінген, айбатпен «еріккен» партизан қосынын жусатып салардай, өрекпи қаптай келе жатты. Бірақ сол кеудемсоқ арынның оп-оңай аспайтынын бүкіл дивизиясымен енді аңғарған халде.

Бірнеше аптадан бергі бір-бірін алма-кезек шегіндірген ұрыс бүгін түс ауған сәтте анық қырғын шайқасқа ұласты.

Нылқыдан Құлжаға қараған бетте жан-жағы алаң-ашық дала болып жатқан, қиял мекеніндей, өзгеше жаралған Абыралы деген жеке тау тұр. Қазіргі соғыс көз ұшынан жүрекшеленіп көрінетін сол таудың атырабында. Алыстан құлаққа жеткен тоқтаусыз мылтық үні сол маңды әлденендей жат сырлы, сұрапылт тажал мекеніндей, дауасыз пәлекет ұясындай көрсетеді.

Түстен кейін айрықша бір қалың қар жауа бастаған. Желсіз күнгі тып-тынық ауада жапырақ-жапырақ болып қапалақтап қалқыған ерекше қалың қар түйірі аспан-жердің арасын торкөздендіріп, табиғаттың аясы сағымдай бұлдырап кеткен. Иә, осы кенет құбылыс ойламаған тұста жау пайдасына шешілді! Шеріктер армиясын бұрынғыдай тұс-тұстан қоршамақ болған мың-мың атты партизандар бірауық қардың саябырлауын күтіп жау қарасынан қашығырақ адырларға бекінген. Ойлағандай, құлама бесін кезінде бірден қар тоқтап, енді күн көзі шала көріне дала дидары кенет жарық тартты. Партизан жасағының бір-екі батальоны мылтық үнін әдейі түсті беттен шығарып, жау тұрағына автомат, маузерден оқ атып жылжи түсті. Арқасын терістік беттегі Абыралы тауына жастанып бөктердің бұлақты сулы өзек-жылғаларын қоныс еткен гоминдаң армиясы аз ұлт жасағының жаңағы әрекетіне жауап ретінде бірнеше дүркін пулеметтен оқ шығарған. Дұшпан назарын солай бұрдық деген аз ұлт жасақтары өзге тұстардан да біртіндеп жақындай түскен. Алдан жау нобайы шалынбаған соң, әсіресе батыс бөлік партизан легі ілгерлей түскен. Бірақ өз айласын мықтап асырған жаудың бір бөлінген мың қаралы нөкері әлгі қалың қар түсіп тұрған мезгілде үстеріне тұтасымен аппақ киім киіп, арнайы ақ желеңдерін аяқ бастарына дейін шымқап орап, қол пулеметтерін қыр басына құрып, қапысыз тосқаны ешбір пенденің қаперіне кірмеген іс болып шықты. Өздері де басып салған көбік қарға көміліп жайғасыпты. Сондай қаскөйлікпен сансыз атты әр ұлт жасағы қапелімде жаңбырдай жауып жіберген қарғыс оқты өз денелерімен бірден күтіп алуға мәжбүр болған! Қыс бойғы соғыста дәл бұндай зор қырғын өкініш кездеспегені байқала, ат пен адам әп-сәтте баудай түсіп, қосынның алғы легі қырқылып кетті! Оқ атуға шамаларын келтірмей, бірінің үстіне бірін үйме-жүйме құлатып, қирата, отап жіберген.

Біреуді біреу біліп болмастай сол қырғын сәтте партизан армиясы кейін қарай жапырыла, амалсыз жалт бұрылып, жан сауғалаудан өзге лажы қалмаған. Міне тап осындай мезет үстінде терістік бүйірде жасырынған өзектен Ғани батыр басқарған қылышты сардарлар бөлігі лап қойып, ақ кебінге оранған жаяу шерік армиясына өз шапқынын бастады. Алдыңғы бағыты басқа жақ болған шеріктер ендігі бетін түзеп үлгермей-ақ, екі әскер мидай араласып кеткен сәт түсті. Шабуылмен қабат аспан-жер тұтасымен ұрандап жаңғырған айқайға ұласқан. Екінші жақтағы шегінген партизан енді осы кезде ғана ес жиғандай, бір тұста шуласып өзді-өзі шолақ тіл қата, қарбалас, қатаң үндер шығарып:

- Сейіт жаралы болды!

- Сейітке оқ тиді!

- Апыр-ай, жазым болмаса игі еді! - дескен сасқалақ дауыстар жамыратқан еді. Айтқандары «Тас түлек» ұйымының белгілі жетекшісі, батальон командирі Сейіт Көрпебай ұлы болатын!!! Әлгі әзірдегі қас пен көздің арасында опат болған үш жүзге тарта адамның ішінде Сейіт бары бүгінгі атыс біткен кезде-ақ расқа шықты.

Аз ұлттан құралған қылышкер жасауыл омбы қарға малтығып, айдалада өзін-өзі ұстап берген жаяу шерік жасаған ат омырауымен қақтырып, еркін жайпап, қылыш сілтеген. Өздерінің бұдан тірі қалмасын көрген үрейсіз шерік көп тұста қару көтеруге де мұрша таппай, айналасы сүт пісірім мезетте мыңға тарта әскерден тігерге тұяқ қалмай, типыл болып қырылды. Бірақ өзге тұстағы ұрыс гоминдаң двизиясын бұл күні ойсырата алған жоқ. Абыралы тауындағы соғыс осылай алма-кезек тойтарылыс сағаттарымен бірнеше аптаға созылған. Тек арада бір ай шамасы өткенде барып Құлжамен екі арасындағы қатынасы мүлде үзіліп, аштыққа қамалған гоминдаңшылар мекені сәт санап тынысы тарыла, әлсірей түсті. Міне осы уақытта, жеңіс лебі масаттандырған өркештену кезеңінде, аз ұлт дивизиясы құлаққа тосаңдау естілсе де, мерзім тілегінің өз тынысындай «Марш» әнін жырлай бастады.

 

«Бар мілләт - туғандар,

Жеңіс туы қолда бар.

Жаңа талап қаһармандар -

Қадам басып алға бар!» -

 

«Алла жар, Алла жар,

Жеңіс туы қолда бар.

Жаңа талап қаһармандар

Қадам басып алға бар»

 

деп өз белеңінің дала соғыс гимінін үндетті. Саппен басқан атты әскер ертеңді-кеш қыс ауасын қақ жарып жорық жырын жаңғыртты.

Ақпан айының бас кезінде гүбернелік өкіметтің Құлжа «Иранбағындағы» әскери гарнизоны да алынып болды. Гарнизоннан кейінгі Құлжа қаласындағы ең басты, мықты орындар «Бас сақшы» немесе гүбернелік полиция. Және гүберне штабының өзі. Осындай күштері бар Құлжа қаласын алуда атты полктармен қоса жаяу ұйғырлардың орасан еңбегі соғыс штабынан шығатын «Төңкеріс үні», «Ыңқылаб авозы» атты екі газетте арт-артынан беріліп тұрды. Бұл тұста Әбдікерім Аббасұғлы өз полкін екіге бөлген. Өзге қыстық-үйездерден алынып келген ұйғырларды өз билігіне алып, Ашалы соғысында ұстап, Құлжадағы әр ұлттан құралған сарбазды тұтасымен Марғубқа басқартып, қаланы алуға аттандырған.

Ақпан айының ішінде генерал-губернатор өзін-өзі бауыздап өлтірген хабар дүңк етті! Дала соғысында үйез-үйездерден Абыралыдағы дивизиясына қарап келе жатқан мың сан шеріктердің алдын тосып айқасуда дүңген полкі қазақ, қырғыз, қалмақ полктерінен кем түспеді. Полк командирі баяғы Осман болатын. Қыз алып қашумен көктемнен бері жоғалған Әлидің інісі - Осман осы. Күн асқан сайын қалмақ-маңғұлдардың Фуже баулыған полкі де атүсті соғысқа мықтылығы жағынан аңыз болып тарайтын. Ғани батырдың әр ұлттан құралған запас полкі қоян-қолтық келген қытай әскеріне өкпе тұстан ұран салып тиеді. Бір ғажабы, қыс бойғы шабуылында маңайындағы баудай түсіп жатқанда, Ғанидың ешбір жерін оқ сызбай қайтатындығы. Тек бір жолы әлсіреп келген қаңғырған оқ шекпенінің арасына тоқтап қалыпты... Соны соңыра, тыныстау кезінде шапанының өңірін сілкіп қалып жерге түсіргені байқалады. Соған қарап өз перзентін «киелі» етіп сөйлеген кей ұйғырлар:

- Ғаникемді құдай өзі шын сүйіп, атқан оқ денесіне дарымайтын ғып жаратқан емес пе!

- Жауып тұрған оққа қарсы шапқанда тиген оқ шапанының мақтасынан ары өте алмай, шегеріліп қалады екен... Кейін былай шығып сілкініп жібергенде, жиналған оқ шарақ-шұрақ жерге түседі екен, аллаакбар! - десіп, жағасын ұстасатын. Ғанидың батырлығынан бұрын осындай атақ айбынынан үркіп-ақ, дінге сенген кейбір ұйғыр-қазақ баласы маңын баспай жүретін. Оның «Қайнам батыр» деген аты, әсіресе, осы соғыс кезінде Әзірет-Әлідей ерекше шоқтықтанған.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419