Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2484 1 пікір 17 Наурыз, 2023 сағат 11:47

Бейжіңнен сөйлеп тұратын ақын

Бейжіңнен сөйлеп тұрмыз...

Бейжіңдегі Қазақ радиосының әр сағаттық жаңалықтарын ақын, диктор Балапан Рабат осылай бастайтын. Осы бір жылы сөз менің құлағыма жеткелі көп жыл өтті. Ол кезде өрімдей баламын. Ескі қыстауда малды қоралап болып, бір үйлі жан кешкі астан соң радио тыңдаймыз. Қара радионың ар жағынан «Бейжіңнен сөйлеп тұрмыз» деген қазақы һәм жағымды дауыс шығады. Сілтідей тынып, айтқан әр сөзіне құлақ салатынмын. Бала қиял сол сәтте «Бейжіңде де қазақ бар ма, болса, олар не істейді?» деген сансыз сауалдармен аласапыран күй кешетін. Ең риясыз, ең кіршіксіз дүние баланың қиялында болса керек. Есейдік, жоғары оқуға түстік. Кейін келе, «Бейжіңнен сөйлеп тұратын» сол кісінің ақын, диктор Балапан Рабат екенін білдік. Ептеп өлең жаза бастағанымызда, ақынның жыр жинақтарын тауып оқып, тағы да таң-тамаша болдық. Ешкімге ұқсамайтын, мүлдем бөлек стиль, өзгеше ойлау.

Меніңше, ақын жайлы айтылар ең жақсы сөз оның шығармашылығы хақында болуы керек. Поэзия шыдамдылыққа үйретеді. Ойыңдағы сөзді болаттай қорытып, оны дайын күйінде жұртқа ұсыну үшін шыдамдылықтан артық ештеңе қажет емес-ау. Ақындар кейде бірнеше күн, тіпті бірнеше ай өз ойын өзгеге қапысыз білдіру үшін ой теңізінен маржандай сүзіп, керекті сөз іздеуі мүмкін. Олардың бұл сәтін «Шал мен теңіздегі» қос кейіпкердің арпалысты күйіне теңер едім. Яғни шал – ақын, балық – сөз (өлең). Поэзия сардары, Охайо оғланы Эзра Паунд «Метро бекетінде» атты өлеңін жазуға бір жыл уақыт жұмсаған екен, ал оның сол өлеңі небәрі 14 сөзден ғана тұрады. Міне, сонда ақыннан асқан шыдамдылық иесі бар дегенге ендігәрі сенгіңіз келмейді.

Шындығында, поэзия көп дүниелерді есте сақтауға көмектеседі. Гректер мен мысырлықтар поэзияны тек ләззат алу үшін қолданған жоқ. Оның өзгеше қасиеті бар екенін олар ерте кезден-ақ білді. Бір ақынның көңіл күйі мен сезімін, көзқарасын білдіретін өлеңдер, арысын айтсақ, философияны, тарихты, дінді, тіпті ғылымды өзара байланыстырды. Осындай сан-салалы ғылым қамтылған шығармаларды жаттау ежелгі адамдарға өз ойларын еркін жеткізуге айтарлықтай мүмкіндіктер берді. Бір қызығы, жазу пайда болған кезде Платон «бұл жаңа технология жастардың санасын жаулайды» деп шыр-пыр болған деседі. Платонның бұл пікірімен келіспесек те, поэзияның сан түрлі ритмдері бізге мірдің оғындай сөздер мен тұнық идеялардан бастап, пайдалы шындықтан қайнап шыққан фактілерге дейін бәрін есте сақтауға қалай көмектесетінін аңғара аламыз. Ал өлең пайда болғанда, әлемнің қай ойшылы жиі ойланды екен деген сұрақ еріксіз алдыңыздан шығады. Оған да бір күні тұшымды жауап табылар.

Балапан Рабаттың біз жаттап алған жырлары жетерлік. Ал сол жырлардың санамызға қалай әсер еткені де жұмбақ емес. Ол өлеңді жазып қана қоймайды, өлеңдері арқылы саған серік болады. Әр тармағы өмірдің құбылыстарын, шындықтың кейпін дәлелдеп беріп отырады. Өлеңнің ішіндегі көріністер «мен мұндамын» деп алдыңнан шығады. Бұл шынайы өлеңдерде ғана кездесетін қасиет. «Дәурен-ай» жинағының іші жыр тасқыны. Бірінен соң бірі «мені оқы» деп кезекке тұрады. Жыр кітабын жазып, оны оқырманға ұсыну – әсем гүлдерді терең шатқалға лақтырып жіберіп, одан шыққан дауысты естуге құмартумен бірдей. Балапан ақын «Дәурен-айын», міне, осындай риясыз үмітпен, шынайы сеніммен жазған десек, артық емес. Шәкерім Құдайбердінің «Абай – өзін-өзі өлеңмен жұбатқан жан» деген жақсы сөзі бар-ды. Біздің Балапан ағамыз да бір сәт өзін өлеңімен жұбатқысы келеді. Ол бұл жолы алыс аймақтарда емес, тіпті туған дала төсінде де емес, Ұлы қорған етегінде.

«Ұлы қорған етегінде кешкілік,

Күз желімен жапырақтар ескіріп.

Құлап түскен ғұн жылқысы секілді

Сұлап жатыр ескі үміт.

Есесіне өре тұрып жаңа арман,

Бірте-бірте біраз нәрсе жаңарған.

Саудагердің сайқалдығын мойындап,

Аңқияды аларман.

Тау басына тасылған тас, кесектен,

Еңбекшілер елестейді кеше өткен.

Бүгін, міне, өзіңді алып шығуға

Шыдамайды қос өкпең.

Ұлы десе, ұлы болар қорған-ақ,

Тәніндегі тарих қаны сорғалап.

Тас айдаһар бара жатқан тәрізді,

Бауырымен жорғалап.

«Ер емеспіз шыға алмасақ саған біз»,

Қарыса да тас қабырға, таған-мұз.

Сені қалай көтеріп тұр, көрдің бе,

Сабырлы тау, сабаз құз.

Секілденіп көкейдегі көп өлең,

Қарлығаштар ұшып өтті төбеден.

Тәңір тауға талпындырмай құсымды,

Неге тұрмын, неге мен?!»

Кейде жақсы поэзия ішкі даусымызды іздеп табуға көмектеседі. Біздің ойымызда жүрген идеялар өлең болып түлеп шықса, оның жөні бір басқа. «Құлап түскен ғұн жылқысы секілді, Сұлап жатыр ескі үміт» деп жаза алу үшін ақында қаншалықты потенциал болуы керек деген ойдың шүңетіне құлауға тура келеді. Қайталап оқыңызшы, ол «Құлап түскен ғұн жылқысы секілді» дейді. Осы бір тармақта сонау ата дәуірдегі алтын шақтарымыз жөңкіле ағып, тамырымыздағы қанға келіп құйылардай бір өзгеше екпін елестейді. Ғұн кім, ал оның құлап түскен жылқысы қайда? Бұған ақын өзі тұрған тас айдаһар төсінде, ал сіз өз жүрегіңізде жауап іздейсіз.

Поэзия әлемінде дұрыс пен бұрыстың арасын таразылап отыру да бір ерекшелік. Ақын өлең жазған кезде өзіне қоятын жалғыз маңызды сұрағы – «Бұл оқырманға керек пе?» деген сұрақ болса керек. Алайда бұл күй әр ақында әртүрлі. «Терезедегі таң» (Morning at the Window) Т.С.Элиоттың ең көп оқылған өлеңдерінің бірі. Оқыған адамға тым күрделі де, түсініксіз де емес. Бұл туынды күнделікті детальдарға назар аударып, Бодлердің өлеңдегі салған сүреңіне ілесіп, Лондонның ерекше заманауи көрінісін көз алдымызға жайып салады. Нәтижесінде керемет өлеңді оқып, айбынды Лондон таңын ойша қыдырасыз. Өлеңге осыдан артық қандай бақыт керек? «Ұлы қорған етегінде кешкілік» деп басталатын өлеңді оқығанда мен осындай күй кештім. Көз алдымда Ұлы қорған, ақын және әлдебір тосқауылдың кесірінен төрт аяғын аспанға атып құлап бара жатқан ғұнның асылтұқымды жылқысы… Бұл өлең маған (сізге де) заманауи қалалық өмір туралы миниатюралық бақылаулардың топтамасын ұсынады: әрине, Бейжің бастан өткізген сан қилы тарихты ақын бұл өлеңінде тізбелеп, дәріс оқығысы келмейді. Бірақ емексітіп айтады, жеткізеді. Зерделеп қарасаңыз, өлеңде тау, құз, жылқы және соны қазақы қалыппен бақылап тұрған ұлт ақыны бар, аңсау бар. Кэндзабуро Оэның «Кітаптарды жазылған жеріне барып оқу ләззат сыйлайды. Достоевскийді Петерборда, Беккет пен Джойсты Дублинде оқығанға не жетсін?» дейтіні есіме түседі де, Балапан ақынның осы бір салмақты жырын Ұлы қорғанның етегінде тұрып қайталап оқығым келеді. Мүмкін, онда әсері тым басқа болары шындық.

«Сурет салу үшін көзіңді жұмып ән салу керек», – деді Пикассо. Балапан Рабатша өлең жазу үшін өзге ештеңенің керегі жоқ, тек шынайы болу керек. Естеріңізде болса, Мұхтар Мағауиннің «Көкбалақ» романында «Домбыраны үйренбейді, домбырашы болып туады» дейтін жақсы сөз бар. Ақындық та құдды осындай саф өнер. Оны үйренем деп, алаңғасар күй кешкендердің орны қайда болғанын оқырманның таразысы түсіндіріп берді.

«Қоғалы көлдің бетінде,

Қобыздың қоңыр әуені.

Қоралы қойдың шетінде,

Қорылдап жатыр тау елі».

Бұл не деген сөз? Хакім Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дегенінің заманауи түрі емес пе деп ойлауыма рұқсат беріңіздер. Алып Бейжіңнің төрінен әсем Қастың немесе әлдебір көркем жайлаудың арасындағы халықтардың тіршілігін жіті бақылаған ақыннан осындай рухыңды қайрайтын жыр тумай қайтсін?! Өзге халық жанталаспен өмір сүріп жатқанда, енді бір халық бейғам күйінде ұйықтап жатыр. Абыз таулардың арасында әлі де есінеп жүрген халықтың ақын ұлы осылай жазбаса, ақындығына мін болар ма еді, кім білсін? «Поэзияның өзі музыкамен туыс. Оның ішкі ырғағы, иірім-иіндері, сыртқы сұлулығы, әр буындағы сыңғыр, ұйып түскен ұйқас – осының бәрі әуендетіп, әндетіп тұрады. Мысалға, ән мен мәтіннің жоғары деңгейдегі бірлігі музыка мен поэзияның қандай жымдасып кететінін сипаттайды. Бұл жай ғана мысал, болмаса керемет күйлер мен халық әндерін тыңдаңыз, одан ары симфониялық, аспаптық шығармалардан ғұзырланыңыз, солардың бәрін поэзиялық, ақындық түйсікпен қабылдайсың. Өлең жазбайтын адам да музыканы ең әуелі ақындық сезіммен түйсінеді. Онсыз музыкадан ләззат алам деу бос сөз. Көрдіңіз бе, өлең, музыка – бірі сөзбен, бірі сазбен салынған рухани сарай», – дейді ол бір сұхбатында. Дұрыс айтады. Осыны сезген ол музыка мен өлеңді қатар алып жүрді. Демек, оның ақындық сапарын пар ат жеккен әсем пәуескеге теңеуге мүмкіндігіміз бар.

«Армысың қыналы қыр, бөрте белең,

Бармысың бала ғашық еркелеген.

Жырымды құсқа балап ұшырсам да,

Жүректі күнің жоқ-ау өртемеген.

Армысың баба таулар, шіреген шың,

Асырған айбынымен Іле көркін.

Өзіңді өле сүйген біреу барын,

Өлеңшіл былайғы жұрт біле берсін.

Армысың ақ айдыным гәккулеген,

Аман ба аққу құсың оқ тимеген.

Өркешің жағалаумен өбіседі,

Қарсыға қайығым жоқ, өттім немен?!

Кім ортақ көлөксігі, тау мұңына,

(Қараңыз, қалып қойған ауды мына)

Қарсыдан қызыл алау көзге ұрады,

Баяғы бала қыздың жаулығы ма?!»

Бұл өлеңде не айтылған деп сұраңызшы, өлеңнің құдіретімен өткен күнге қайырылу деп жауап берер едім. Бірақ қайтадан жалт бұрылу кім үшін болса да, оңайға түспейді. Кейде армандарымызды өлеңмен жеткізу жеткіліксіз әрі қисынсыздау. Өлеңді оқи отырып, сіз ақынның оқырмандарға өзінің жеке дүниетанымын беруге тырысатынын аңғарасыз. Бірақ биік деңгейде екенін де ұмытпассыз. Мұндайда «Ақылсыз адам шығарған өлең жолдары нақылға айналмайтыны хақ» (Олжас Сүлейменов) деген қисынды сөзді алға тартқың келеді.

Демек, Балапан Рабат поэзиясы көп оқылған, талқыға түскен, көп жатталған бақытты поэзия. Оның таралу масштабы қазақтың төр жайлауының кең жазықтарынан Қытай астанасы Бейжіңге дейінгі ұлан-ғайыр өлке. Ақын үшін де, ақынның шығармашылығы үшін де бұл үлкен табыс. Балапан поэзиясы саясат та, ешбір изм де, тіпті бөтен сөз де араласпаған саф поэзия. Осы қасиеттер оның жырларын сансыз жүректерге еш насихатсыз жеткізе алды. Өлеңге саясат пен аярлық, зорлану мен күшену қосылғанда оның тазалығы туралы ештеңе айта алмай, дәрменсіз күйде қаламыз. Есенғали Раушановтың кейінгі буынға көңілі толмайтыны өлеңге ақшаның араласқанын білгендігінен шығар.

Қалай десек те, өлеңнің өз жұмбағы бар. Осыны түсінетін уақыт жеткен сияқты. Балапан өлеңдеріндегі тазалық пен әлемге, адамға деген айнымас адалдық сезімі туралы зерттеу ендігі мақалалардың жүгі. Бәрі де тозады, бәрі де ескіреді. Бірақ шынайы өлең ғана ғасырлар өткен сайын жарқырай береді, жүректерде сөйлеп тұрады. Максим Горькийдің ұлы Толстой туралы «Егер ол балық болса, әрине, тек мұхитта ғана жүзер еді де, ішкі теңіздерге, әсіресе өзендердің тұщы суына еш уақытта жоламас еді» дейтін шын бағасы оның тіпті орыс халқының Толстойдың бағасын білгендігі емей, немене? Біз бұл сөзді айту арқылы Толстой мен Балапан Рабатты салыстырып отырғанымыз жоқ. Егер Балапан Рабат Парижде, Лондонда немесе Нью-Йоркте өмір сүрген ақын болса, кітаптары неше жүз мыңдаған данамен шығатын жаһандық шайыр болары сөзсіз, менің бұған еш күмәнім жоқ.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5535