Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3793 0 пікір 12 Сәуір, 2013 сағат 09:14

Жасан Зекейұлы. Күншiлдiк – жазылмайтын дерт немесе М.Мыңжасарұлының мақаласына жауап

"Жас Алашта" 29 наурыз күнi жарияланған "Колледж түлегi өзiн "академик" санады" атты М.Мыңжасарұлының мақаласында сыналған Жасан Зекейұлы редакцияға қарсы мақаласын жолдады. Бiз екiншi жаққа да өз уәжiн айтуға мүмкiндiк беретiн дәстүрiмiздi және "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң талаптарын сақтай отырып, оған да газет бетiнен тиiстi орын бөлдiк. Қытай әрiптерiмен таңба­лан­ған, Ж.Зекейұлы мақаласында өз жазғандарына дәлел ретiнде ұсынған құжаттардың нақтылы аудармасы мен түсiнiктемесiн, сондай-ақ өзге де ой-пiкiрлердi алдағы уақытта жарияламақпыз.

Мен "мың өлiп, мың тiрiлген" қазақтың баласымын. Шекараның аржағында бабаларымыздың өмiр сүргенiне үш ғасырдан астам уақыт болыпты. Сондықтан туған жер - Қазақстан мен секiлдi мыңдаған қазақтың жүрегiне арман болып, шер болып қатқаны қашан?!. 1863 жыл­ғы Шәуешек келiсiмiне сәйкес Орыс патшалығы мен Қытай елi мұндағы жергiлiктi халықты атақонысынан айырды. Шекара қазақ мүддесiне мүлдем кел­мейтiн керi сызыққа тү­зелдi. Қазақ елi әп-сәтте же­рiнен, орман-көлiнен айырылып, қытайға берiлдi.

"Жас Алашта" 29 наурыз күнi жарияланған "Колледж түлегi өзiн "академик" санады" атты М.Мыңжасарұлының мақаласында сыналған Жасан Зекейұлы редакцияға қарсы мақаласын жолдады. Бiз екiншi жаққа да өз уәжiн айтуға мүмкiндiк беретiн дәстүрiмiздi және "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң талаптарын сақтай отырып, оған да газет бетiнен тиiстi орын бөлдiк. Қытай әрiптерiмен таңба­лан­ған, Ж.Зекейұлы мақаласында өз жазғандарына дәлел ретiнде ұсынған құжаттардың нақтылы аудармасы мен түсiнiктемесiн, сондай-ақ өзге де ой-пiкiрлердi алдағы уақытта жарияламақпыз.

Мен "мың өлiп, мың тiрiлген" қазақтың баласымын. Шекараның аржағында бабаларымыздың өмiр сүргенiне үш ғасырдан астам уақыт болыпты. Сондықтан туған жер - Қазақстан мен секiлдi мыңдаған қазақтың жүрегiне арман болып, шер болып қатқаны қашан?!. 1863 жыл­ғы Шәуешек келiсiмiне сәйкес Орыс патшалығы мен Қытай елi мұндағы жергiлiктi халықты атақонысынан айырды. Шекара қазақ мүддесiне мүлдем кел­мейтiн керi сызыққа тү­зелдi. Қазақ елi әп-сәтте же­рiнен, орман-көлiнен айырылып, қытайға берiлдi.

Дүние астаң-кестең болды. Кеңестер одағы келмеске кеттi. Әлемнiң әр түкпiрiнде тағдыр тауқыметiн көтерiп жүрген 5 миллионнан астам қазақтың өшкенi жанды, өлгенi тiрiлдi. Қазақстан егемендiгiн, тәуелсiздiгiн жариялады. Осы кезеңде бiр миллионға жуық қазақ туған жерiне атбасын тiредi. Жусанды даласына ту тiктi, қоныс аударды. Егемен елдiң тiлегi, жүрегi, бiлегi болуды армандаған мыңдаған қандастармен бiрге Алматыға келдiм. Қытайдың жақсылығын да, жамандығын да көрдiк. Осылай Қазақстанның азаматы болып, өзiмдi iздедiм. Оқы­дым. "Жас-Ай" медициналық орталығын құрып, ұлтыма қызмет ете бастадым.

Бiрақ, "Жас Алаш" газе­тiнде М.Мыңжасарұлы деген бiреу тасадан оқ атты. "Тисе терекке, тимесе бұтаққа" дегендей менiң өмiрбаянымды қазбалап, күйе жағуға тырысыпты. Мұның бәрi менiң медицина саласындағы қол жеткiз­ген табыстарымды жоққа шығару үшiн жазылған. Мұның артында "Жас Алаш" газетi тұр­ған жоқ. Қазақстандағы шы­ғыс медицинасы қызметiн қаралау, басқа бiр мүдделi топтардың сойылын соғу үшiн жазылғаны көзге ұрып тұр. Осындай тасадан оқ ату кiм үшiн керек? "Iшiң күйсе тұз жала" деп, мақалаға назар аудармауға болар едi. "Ит үредi, керуен кө­ше­дi". Бiрақ шындық шырағы халыққа жетсе игi. Сондықтан да қарсы мақала жазып, мә­селенiң мәнiн айтқанды жөн көрдiм.

Қай жерде жүрсем де, қандай сұхбат берсем де елбасымыздың қазақ үшiн, әсiресе, шетелдегi қандастарымыз үшiн жасаған қамқорлығын көп айтатыным шамына тисе керек, автор мақаласын "елбасы Жасанды шақырды ма?" деп бастапты.

1992 жылғы Дүниежүзi қазақтарының I құрылтайында елбасымыз "Ау, ағайындар, тәуелсiз мемлекет болдық, атамекендерiңе оралыңдар, шамамыз жеткенше қарсы аламыз. Мына ас­қар Алатау, анау кең жазира дала, өзен-көлдер, теңiздер сiздердiкi" деп, жүрекжарды сөзiн арнады.

Президентiмiз Н.Назарбаев менi ғана емес, күллi қазақты тарихи отанына шақырды. Автор­дың ойынша шетте жүрген 5 миллион қазақтың әрбiрiн президент атын атап, түсiн түстеп шақыруы керек екен.

"Жаптым жала, жақтым күйе" дегендей М.Мыңжасарұлы мақаласы тек қана бiр мақсат­қа бағытталған. Тiптi ол менiң Қазақстан азаматы екенiмдi де естен шығарған. Ата заңымызға сәйкес менiң жеке өмiрiме қол сұға алмайды. Оны тек қана құқық қорғау органдары ғана тексеруге тиiс. Менiң заң алдындағы жазығым болса... Бiрақ ол жоқ қой. Дегенмен "Аққа құдай жақ" деген. Мақалада менiң атыма жағылған қара айыптауға ақ жауап беремiн!

Бiрiншi жаласы: ем қабылдаудың қымбаттығы, аурудан шындап айығатындардың аздығы.

Жауап: "Жас-Ай" медициналық орталығының бағасы қаламыздағы басқа жекеменшiк медициналық орталықтардан ешқандай жоғары емес. Дәлел: Емнiң бiр күндiк ақысы - 2000 теңге. Науқас тiркелу үшiн және бас дәрiгердiң қабылдауында болу үшiн, сондай-ақ, өзге де дәрiгерлердiң қарауында болу үшiн 4500 теңге төлейдi. Есесiне, осы төлем арқылы он күн бойы орталықтағы барлық дәрiгерден тегiн медициналық кеңес алады. Бұлардың iшiнде зейнеткерлер мен мүгедектерге және студенттерге 30 пайыз жеңiлдiк жасалынған. Ал әлеу­меттiк жағынан қиналған адамдар тегiн емделедi. Олар аз емес.

2013 жылдың 30 наурызына дейiн: "Жас-Ай" медициналық орталығына тiркелiп, емделген науқастардың саны - 27 071 адам. Олардың көпшiлiгi сырқаттарынан құлан-таза жазылғандығын айғақтап, арнайы кiтапшаға ризашылықтарын жазып тұрады.

Екiншi жаласы: 1989 жылдың маусым айын­да қызыл коммунистердiң бейкүнә сту­денттердi қызыл қанға бөктiрген "Тяньаньмэнь" алаңындағы қатыгез қылмыс жайлы сөз.

Жауап: Кез келген адам өзi өмiр сүрген ортасының, өзi өмiр сүрген қоғамның сөзiн сөйлейдi. Қытайда туып, қытайда өсiп, сол жерде оқығаннан кейiн қытайдың коммунистiк партиясының қатарында болғаныма арланбаймын. Ол кезде оқимын, iлгерi басамын деген адамға партия мүшесi болу шарт едi.

Сондықтан да кәсiби мамандығымды жетiлдiру, аз ғана халықтың аз да болса қор­ғаны болу азаматтық абырой деп бiлдiм. Қытай коммунистiк партиясының қатарында болуымның себебi осы. Оның үстiне, Қазақстанның озық ойлы азаматтары компартияның, комсомолдың қатарында болған жоқ па? Менiң өмiрбаянымда жасырар деректер жоқ. Оның үстiне, Қазақстан азаматтығын алар кезде елiмiздiң құзырлы органдары тиiстi тексерулер жүргiзетiнiн М.Мыңжасарұлы бiлмегенi ме?

Үшiшi жала: Жоғары бiлiм алмағаным.

Жауап: Дажуан - институт деген сөз. Қытайшасы, оқылуы: (da zhuan/zhuan ke xue yuan) - ұғымын М.Мыңжасарұлы арнаулы курс деп қате аударған. Даж­уан (da zhuan) - институт, ешқандай арнаулы курс емес. Қытайда «gao deng xue xiao» деген термин де бар. Мұндағы «gao deng» - «жоғары дәреже» деген сөз болса, «xue xiao» - «мектеп» деген сөз. Бiрақ нақты мағынасында ол мектеп емес, университеттер мен институттардың жалпы аталуы. Жоғары мектеп ұғымы. Қытай тiлiнде де баспа-бас аударуға мүлде келмейтiн терминдер бар.

Мұндай айғақталмаған мақаланы жарияламас бұрын газеттiң қытай тiлiнiң iргелi медицина мамандарына көрсетiп алмағанына таңым бар. Әлде газет М.Мыңжасарұлының жазуына шексiз сене ме? Ал ол сенетiндей Қытай медицина саласының маманы ма едi?

Ескеретiн жайт, Қытай медицинасы институт бiтiрiп, жоғары бiлiмi болмаған кез келген  дәрiгерлерге ешқашан күрделi науқастарға операция жасатпайды және мемлекеттiк сертификат та берiлмейдi.

Менiңше, бiр құжатқа назар аударуды қажет деп бiлемiн. Бұл М.Мыңжасарұлының жалалы сөзiне орай әдейi берiлiп отыр. Бұл құжатты жалақор М.Мыңжасарұлы әдейi көрмеген болған секiлдi. Бұл 1997 жылы 17 желтоқсандағы Қытай Халық Республикасы Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы бiлiм мекемесiнiң анықтамасы.

Менiң Қытайда 1992 жылдары сирек жасалатын оталарды жасау құқығына ие болдым. Бұл сөздерiмдi дәлелдейтiн фото, бейнетаспа өзiмнiң жеке мұрағатымда тұр. Бұл сот отырысында нақты дәлел, айқын айғақ болады.

Ал Қазақстанға келiп аспирантураға түсу үшiн де, Қазақстандағы мемлекеттiк органдар жоғары бiлiмнiң бар-жоғын заңды түрде тексередi. Жоғары бiлiмi бар болған жағдайда ғана, мемлекеттiк конкурсқа қатыстырып, аспирантураға түсуге рұқсат бередi. Ғылыми диссертация қорғаған кездегi ғылыми жетекшiм - медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұхтар Әлиев және медицина ғылымдарының докторы, профессор А.Ж.Нұрмақов болды. Қазақтың атақты дәрiгерлерiнiң абырой болғанда көздерi тiрi. Менiң медициналық зерттеуiмнiң шығыс медицинасына қатысы бар екенiн осы азаматтар арқылы тексеруге болмай ма?

Төртiншi жаласы: Өз бетiмен ақша алған деген айып сөз.

Жауап: Қытайдағы Күйтүн ауруханасында қызмет атқарып жүрген кезiмде шалғай ауылдардан келетiн қазақ науқастарға айрықша қамқорлық жасадым. Неше жүздеген қытай әрiптестерiмiздiң арасындағы санаулы қазақ дәрiгерi болғандықтан, сонау алыс аймақтардан арып-шаршап келген қаракөз қандастарымыздың шынайы хал-күйiне жанымыз ашып, қашанда бүйрегiмiз бұрып тұратын. Сол кездерi қытайдағы қандастарымыздың көпшiлiгi мемлекеттiк қызметте емес, ауыл шаруашылығымен шұғылданатын. Сондықтан емделу үшiн өз қалталарынан қаражат шығаратын. Ол кездерi емхана бюджетiн көтеру үшiн әр дәрiгерге үлес қосу мiндетi қойылатын. Шипалығы бiрдей, бағасы әртүлi дәрi-дәрмектер болатын. Бiз қандастарымыздың көп шығындалмай ауруынан тез арада бiржола айығып кетуi үшiн жағдай жасадық. Сол үшiн де кейбiр әрiптестерiмiз үшiн "ұлтшыл" саналдық. Бұл емхана әкiмшiлiгiне жақпады. Осы себептен ора­йын тауып, қытай пациентi арқылы маған өз бетiмен ақша алды деген жала жабылды. Кейiннен бұның барлығы қолдан жасалған әрекет екенi айқын болғасын, кiнәсiздiгiм дәлелденiп, қызметiм қайта қалпына келдi. Шын мәнiнде өз бетiмен ақша алған дәрiгер қытай заңы бойынша қызметiн жалғастырмақ түгiлi, дәрiгерлiк құқығынан да айырылады. Тiптi сотталып, қылмыстық iс қозғалады. Ал маған 50 юань (1150 теңге) айыппұл салып, сөгiс айтылды. Егер менiң өз бетiммен ақша алғаным рас болса, партия мүшелiгiнен шығарады.

Оның үстiне, ауруханадағы партия ұйымының басшысы қазақ жiгiтi болатын. Ол қорғаудың орнына өз қандасын жығып беруге тырысты. Өзiн осылай көрсетпек болған қандасымыз араша түсудiң орнына бедел жинап қалуға тырысты. Осылай қиянатты қытайдан емес, қазақтан көрдiм. Ал қытай басшылары тексеру жүргiзiп iстiң ақ-қарасын анықтады. Мен осылай әдiлдiкке қол жеткiздiм.

Қытай үкiметi өте ұқыпты, заңды қатаң ұстайды. Осы орайда менiң қызмет iстеген жерiмнен маған қатысты деректердi М.Мыңжасарұлы мырза қалай алды? Оған менiң тағдырыма қатысты деректердi жинауына, жариялауына әрi бiрлесiп ақпарат алуына кiм жағдай жасады? Әлде М.Мыңжасарұлы мырзаның өзi қытайдағы медицина топтарының немесе қытайдан келiп ине қойып жүрген шала сауаттылардың сойылын соғып жүр ме деген ой келедi.

Бесiншi жаласы: Ұстаздар туралы.

Жауап: М.Мыңжасарұлы "Ғалым-дәрiгер Құң Сұн туралы бiлмеймiн, ондай адам өмiрде болмаған" дептi. Автордың бұл сөзiнен шындықты iздеуден алшақ, жалған ақпаратқа ғана сүйенетiн немесе ақиқатты бұрмалап көрсететiн адам екенiн байқауға болады. Ата-тегiнен емшiлiк үзiлмеген Кұң Сұн ақсақалдың баласы Кұң Ми Сын қазiр Күйтұн қаласында тұрады.

Мақала авторы мыңнан астам шәкiрттер тәрбиелеген Ли Жи Сун деген ғалым-дәрiгердi де жоққа шығарыпты. Бiрақ автор айтқандай Ли Жи Сун емес, ол Ли Жиың Жу деген ғалым. Iле облыстық ауруханасының бас хирургi болып қызмет атқарған. Бұл ғалым қазiр құрметтi демалысқа шығып, iшкi Қытайда тұрып жатыр. Ал М.Мыңжасарұлының айтып отырғаны Ли Жы Шин - бүкiл әлемге танылған шығыс медицинасының шөп дәрiлерiн тапқырлаған, оны қағаз бетiне түсiрген ғалым.

Алтыншы жаласы: Бiлiм жолындағы жетiстiктер туралы.

Жауап: "Пысық әрi қоғамдық жұмыстарға белсендi болғанын осы мұрағат құжаттардағы колледждегi оқуын аяқтар кездегi толтырыл­ған анкеталарда жазылған төрт жылда жетi рет сыйланған" дептi. Мұндай қисынсыз пiкiр жазуға екi түрлi себеп бар. Бiрi - мақала авторы қытай мемлекетiнiң бiлiм жүйесiнен мүлде бейхабар. Екiншiсi - көреалмаушылық. Өйткенi қытайдың бiлiм жүйесiнде мектептен бастап жоғары оқу орнына дейiнгi оқушылар мен студенттердiң көрсеткiшi тек сабақтағы үлгерiмдiлiгiне байланысты. Қытай мектеп­терiндегi ұстаздар үшiн сiздiң өнерiңiз, қоғамдық белсендiлiгiңiз барлығы екiншi орында. Жақсы бiлiм алған бала ғана жоғары бағаланады. Қытайдағы мамандардың бiлiктiлiгi оқу сапасымен бағаланады. Бұл сөзiме қытай елiнде бiлiм алған кез келген азамат шек келтiрмейдi.

Ал иненiң құрамы туралы сөз қозғап, шыр-пыр болған азаматқа айтарым: жалпы, қазақ тiлiнде алтын деген сөздi тура мағынасында ғана емес балама мағынасында да қолданыла беретiнiн бiлгенi абзал. Мысалы, "алтын ұя - мектеп", "алтындай азамат" т.б. болып қолданылады. Алтын деген сөз шипалық қасиетiне қарасты айтылған. Алтын ине деген термин қазiр ғылыми айналымда тұрақты қолданылады.

Жетiншi жаласы: Академиктiк атақ туралы.

Жауап: 2007 жылы 6 айдың 3-i күнi, Халық емшiлiгi және Ғарыштыққуат академиясы № 0010-XF құжатта "Халық емшiлiгi және Ғарыштыққуат мамандығы бойынша ХМжҒҚ академиясының толық мүшесi болып сайланды" деген құжат берiлдi.

2010 жылы Ресей Халықаралық Шығармашылық Академиясы АС - 03 - 92 № 03 құжатымен академик атағы берiлдi.

Мақала соңында автордың қойған айырықша сұрақтарына тоқталайын:

Сұрақ: Ғылым кандидаты ғылыми дәре­жесiн ғылымға қосқан қандай ерекше еңбегi үшiн алды?

Жауап: 2002 жылы 13 қыркүйекте профессор Аман Нұрмақовтың жетекшiлiгiмен Алматы қаласының Сызғанов атындағы ғылыми зерттеу иниститутында "Тибет медицинасы бойынша хирургиялық аурулардан соң пайда болатын асқынуларды "Хассы" инесiн қолдану арқылы алдын алу және емдеу" ғылыми еңбегiме ҚР медицина ғылымдарының кандидаты атағын алдым. Көшiрмесiн ұсынып отырмын.

Сұрақ: Мәскеу қаласында медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесiн қалай қорғады?

Жауап: 2012 жылдың 28 ақпанында Ресей Федерациясы Жоғары Академияаралық аттес­тациялық комиссиясының № 012027 ше­шiмiмен "Жүйкесi жұқарған емделушiнi күй­зелiстен шығаруда дәрiсiз емдеу және адамның қал-жағдайын қалпына келтiру үрдiсiн бақылау" (контроль состояния, не медикаментозное лечение и реабилитация пациентов с невротическими, связанными со стрессом, расстройствами) атты ғылыми еңбегiме "Медицина ғылымдарының докторы" ғылыми дәрежесi берiлдi. Мәскеуде ғылыми еңбектi қорғау барысында аудармашы және әдеби редакторлардың болғанын айта кетейiн. Докторлық құжат және авторефераттың көшiрмелерiн назарыңызға ұсынамын.

Осынша құжат ақтарып, "iзденген" автор бiздiң орталықтың ешқандай жақсылығын байқамаған. Оған келгенде көзi көрмей, құлағы естiмей қалған болуы керек. Ендеше, "Жас-Ай" медициналық орталығына келiп ауруынан айығып қайтқан қарапайым халықтың бiр-екi алғысын атап өтейiн.

Алғыс бiлдiрушi Қайыпбай Өтегенұлы, Қарасай ауданы, Үшқоңыр ауылы:

"Мен Қайыпбай Омардың атасымын. Осы немерем туғаннан денсаулығының ақауы бол­ғандықтан, көп қиындық көрдiк. Сол жағы жансызданып, өздiгiнен отырып-тұра да, жүре де алмайтын. Жергiлiктi дәрiгерлердiң ем-шараларының көмегi тимедi, немеремнiң денсаулығы ешқандай да жақсармады. 2011 жылы "Жас-Ай" медициналық орталығына алып келдiк. Ем қабылдаудың үшiншi күнiнде-ақ немеремнiң бетi берi қарай бастады. Бiрiншi келгенде отырды. Екiншi келгенде жүрдi, үшiншiде бұрын­ғыдан да жақсы болды. 2012 жылдың мамыр айында төртiншi рет алып келдiк. Құдайға шүкiр, немерем жүретiн, отырып-тұратын халге жеттi".

Алғыс бiлдiрушi Гүлмира Ысқаққызы Исмаилова:

"Өзiм дәрiгер болсам да, 75 жасымда жемсау дертi әбден меңдеп, аяғымды зорға басып келiп едiм. Шашым сыпырылып түсiп, басымнан жаман иiс шығып, аяқ-қолым қозғалтуға келмей, тамақ iшуден қалып, дәретiм де бұзылып, жүдеп-жадап үмiтiм үзiлуге айналғанда осы орталыққа келiп едiм. Жас кезiмде қолаң шаш сұлу бойжеткен болдым, қол-аяғым бал­ғадай едi, кейiн ұзақ жыл еңбек етiп, "Тыңды игергенi үшiн" медалiн де алғаным бар. Қазiр өзiмдi жастық шағыма қайта оралғандай тың, сергек сезiнемiн. Шашым да өсiп келедi, аяқ-қолым да сауығып, ел қатарына қосылдым. Менi өмiрге қайта әкелiп, екiншi өмiр сыйлаған "Жас-Ай" медициналық орталығының ұжымына, академик Жасай Зекейұлының өзiне, Жайнар, Гүлнұр, Анар, Риза атты өз iстерiн сүйiп iстейтiн адал қызметкерлерге басымды иiп рақмет айтамын. Әркез ел алғысына бөленiп, бақытты, мағыналы, қызықты өмiр сүрулерiне аналық ақ жүрегiммен тiлектеспiн".

Жалпы, "Жас-Ай" шығыс медицина орталығында 43 адам жұмыс iстейдi. Олардың 11-i - атажұртына келген оралман бауырлар. Әрi бiз Қазақстан медицина жоғары оқу орындарын бiтiрген жас мамандарды да жұмысқа алып отырмыз.

"Жас-Ай" шығыс медицина орталығы iшiнде "Нұр Отан" ХДП бастауыш партия ұйымы бар. Мен елбасы партиясының мүшесiмiн. Бүкiл қазақтардың ұлт көшбасшысының партиясына кәмелетке толған әр оралман бауырларымыз мүше болуға тиiс деп есептеймiн. Өйткенi бiз Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты, жасалған қамқорлығы арқылы да өз отанымызда еңбек етiп жүрмiз. Мен мұндай ойға өмiрдi көрiп, сан түрлi сыннан өтiп келiп отырмын. Өйткенi кезiнде мен Мақсұт Нәрiкбаевтың "Әдiлет" партиясына мүше болдым. Кейiн "Нұр Отан" ХДП-сы шын мәнiнде халықтық партия екенiне көз жеткiздiм. Осылай "Нұр Отан" ХДП-сының қатарына өттiм.

"Жас Алаш" - ұлтымыздың өзiндiк беделi, берерi бар газет. Озық ойдың жаршысына айналған "Жас Алаштың" М.Мыңжасарұлының мақаласын жариялағанына өкiнiш бiлдiремiн. "Жас Алашты" сыйлағандықтан да қарсы мақала жазып отырмын.

М.Мыңжасарұлының мақаласындағы дәйексiз, күлкiлi сөзге, жалған деректерге тиiстi құжаттарыммен жауап беремiн. Осымен мәселенiң нүктесi қойылды деп есептеймiн. Уақытымның көбiн ауруына шипа таппай жүрген науқастар­ға, кем-кетiк жандарға арнаймын. Ал, М.Мыңжасарұлы мырзамен сотта жолығатынымды мәлiмдеймiн.

Жасан Зекейұлы,

Ресей медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420