Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 1579 0 пікір 12 Ақпан, 2023 сағат 12:11

Діни сауатты қоғамды қалыптастыру – маңызды міндет

Қазақстанда діни жағдай тұрақты. Оған себеп, еліміз о бастан зайырлы, демократиялық, құқықтық даму жолын таңдады. Дәстүрлі діндердің қоғамда еш қысым көрмей өмір сүруін қамтамасыз етті. Бүгінде 18 конфессияның өкілі байырғы сенімін ұстанып, бейбіт тіршілік кешіп келеді.

Мемлекет тарапынан халықтың діни сауатын қалыптастыру ісі - басты маңызға ие. Сондықтан да елімізде діни ағарту жұмыстары тоқтаған емес. Жыл сайын Үкіметтен қомақты қаражат бөлініп, ел-елді сауаттандыруға жұмыс топтары жіберіледі. Қазіргі күні әртүрлі электронды порталдар ашылып, жұмыс істеп тұр. Бүгінде дұрыс діни бағытты таңдау, адасқан ағымдарға ермей, діни сауатты мамандардан мағлұмат алуға мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар ҚМДБ жанынан беделді ислам оқу орындарын бітірген теологтар, исламтанушылар, ғалымдар, діни білімі терең имамдар кіретін Сарапатамалық кеңес жұмыс жүргізуде. Кеңесте еліміздің діни ахуалын нығайта түсетін, дәстүрлі діннің мектебін қалыптастыру жолында еңселі шаруалар түгенделеді. Соған қоса дәстүрлі діннің маңызды бөлшегі ұлттық құндылықтар мен мәдениетті дәріптеу қолға алынған.

Алматы қаласында имамдардың білімін көтеру мақсатында Ислам институты құрылған.

Қазіргідей терроризм қаупі төніп тұрған, алмағайып заманда білімді дін мамандары ауадай қажет. Олардан ілім үйренген азаматтар мұсылманның ең жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, қоғамның гүлденуіме үлес қосары анық. Сондықтан еліміз діни білім алу саласын жетілдіруге күш салуда.

Мемлекеттің қолдауымен  ашылған «Нұр-Мүбарак» Ислам университетінде бүгінде дін саласында 12 ғылым докторы, 201 магистрант және 1554 жоғары діни білімі бар бакалавр дәрежелі мамандар өсіп шықты.

Былтыр Нұр-Мүбарак университеті мен 9 медресе колледжін 606 студент бітірді. Сонымен қатар, ауылдағы жас мамандарды діни қызметке тарту мақсатында кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының айтуынша, кейінгі жылдары елімізде рухани ілім-білімге ұмтылған жастардың саны артып келеді. Сондықтан білсем деген адамды дұрыс жолға жөн сілтеп, олардың еліміздегі дінаралық келісімнің сақталуына үлес қосуына мүмкіндік жасау қажет.

«Қазақстандағы мұсылмандар дәстүрлі исламның ханафи мазһабын ұстанады, алайда, исламның теріс ағымына түсіп, адасатын адамдар да бар. Сондай қыз-жігіттермен жұмыс жүргізіп, оң жолға салу керек»,-дейді қажы.

Сондай-ақ Бас Мүфти жастарымызды теріс жолда түсірмеу жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы талмай еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.

Оның сөзінше, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарында мықты  мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың тиімді моделін қалыптастыра алды. Тіпті шетелдер үшін біздің тәжірибеміз қызықты болып келеді. Жалпы, ҚМДБ-ның негізгі қызметі елдері діни ахуалдың ушықпауын қадағалап, көпұлтты халқымыздың достығын одан әрі жандандыру болып табылады. Ол үшін радикалды идеологиялар мен қауіпті ағымдардың жолына тосқауыл қойып, көпшілікті әрқашан ақпараттандырып отыру маңызды.

Дін саласындағы білім беруді реттей отырып, Қазақстан әлемдегі ең қауіпті проблемалардың бірі – экстремизм мен терроризм қатерімен күресіп келеді. Соның аясында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 және 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданған болатын.

Білім және ғылым министрлігі мен Дін істері комитетінің ұйымастыруымен ел ішінде әртүрлі іс-шаралар, ақпарттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Оның мақсаты - азаматтарға еліміздегі конфессияаралық татулық пен келісімнің маңызын, адасқан ағымдардың зиянын түсіндіру.

 

Abai.kz

0 пікір