Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3030 0 пікір 16 Сәуір, 2013 сағат 06:05

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

3

Ұлы жорық Ашалы-Көрсаймен асып, Тақия-жыңнан ары кетіп, төменгі даламен Шихуға беттегенде, күзде Нылқы түрмесінен босаған, қолбасшының бірі Қазыхан қасындағы ондаған адамымен Тәңіртауының асу бермес асқарынан жол таба, төтелеп тартып, жарты айшылық жердегі Манас, Сауан Керейлеріне қарай сапар шегіп бара жатты. Киімді қамдап киіп, бір-бір тоқ-жарау, мықты ат мінгенмен, осынау құс ұшпас, құлан өтпес, аспанға шаншылған, тау-тастың құлазыған асқарын кезе, жол шеккен бір шоғыр жолаушы дәл бір жаратылыстың сонау үстірттегі өз мақлұхаттарындай еді десе болатын. Адам баласы басып көрмеген шығанда, желден басқа ың еткен серігі жоқ, иен биіктің басымен жиһан кезген сапаршылар бейне шоғырымен жоғалып бара жатқан біреулердей еді. Оларды Тәңіртау қабаттары ертегінің адамдарындай көз көрмеске жұтып бара жатқан.

Тау перзенті ғана басып өтерлік жол машахатын өз мойнына алған жортуылшылар мақсаты ондағы қазақтарды Шихудың арғы жағынан бері қарай қаптату.

3

Ұлы жорық Ашалы-Көрсаймен асып, Тақия-жыңнан ары кетіп, төменгі даламен Шихуға беттегенде, күзде Нылқы түрмесінен босаған, қолбасшының бірі Қазыхан қасындағы ондаған адамымен Тәңіртауының асу бермес асқарынан жол таба, төтелеп тартып, жарты айшылық жердегі Манас, Сауан Керейлеріне қарай сапар шегіп бара жатты. Киімді қамдап киіп, бір-бір тоқ-жарау, мықты ат мінгенмен, осынау құс ұшпас, құлан өтпес, аспанға шаншылған, тау-тастың құлазыған асқарын кезе, жол шеккен бір шоғыр жолаушы дәл бір жаратылыстың сонау үстірттегі өз мақлұхаттарындай еді десе болатын. Адам баласы басып көрмеген шығанда, желден басқа ың еткен серігі жоқ, иен биіктің басымен жиһан кезген сапаршылар бейне шоғырымен жоғалып бара жатқан біреулердей еді. Оларды Тәңіртау қабаттары ертегінің адамдарындай көз көрмеске жұтып бара жатқан.

Тау перзенті ғана басып өтерлік жол машахатын өз мойнына алған жортуылшылар мақсаты ондағы қазақтарды Шихудың арғы жағынан бері қарай қаптату.

Ендігі соғыс Шихуда жүріп жатқанда, ортада, бір бүйірге әдейі қалдырылған Тақия-жың үйезі көңіл-күй жағынан өз-өзінен құлдырайтыны бесенеден белгілі. Ондай хал Тақия-жыңда ғана емес, Сарытаудағы «Букенің жамбылы» дейтін үйез де қақпанға түскен қасқырдай, өз бармағын өзі кеміріп жеумен жатты. Бұл уақытта ақсақалы Тайлақбай, Керімбек бастап жүрген Шеру руы Шихуға бармай, Ғани мен Қарымсақ, Мақсұттарды қолбасы етіп, сол үш полк бір бөлініп, Іле жерінің терістік иығындағы Бұраталаға қарай беттеген. Сол Сарытаудағы Жымпаң шаһарын айналдыра сейпілмен қоршатып алып, үйезді басқарып отырған Буке-қалмақ даңқы жер жарған, бір басында он үш мың қойы бар шонжардың өзі. Бұраталада ежелден жайлап келе жатқан, әзір мың үйдей қалмақ бар. Солармен іргелес Найманның Қаракерей руы қоныстанған. Барлығы қосылып Жымпаң үйезі болып Букенің жамбылына қарайды. Іледен Бұраталаға асатын жол - жерде қар бар кезде тек Кеңсай жолы. Бірақ онымен өту жүріске қолайлы болғанмен, Талқы кезеңін асқан соң, Сайрамның жазығына іліндірді де, бара жатқан қосынды Букенің дүрбісіне күншілік жерден тартып береді. Сондықтан жаз кезінде атпен жүретін төте жол - Қиятастың асуы бар. Мезгіл наурыздың іші болғанмен тау аймағын әлі қар бекітіп жатыр. Қиятастың қиынына жеткенше де жолда Шұбыртының кезеңінен шұбырып өтіп, онан «Ақбайтал» мойнағын басып бару керек. Міне, сондықтан үш полк әскер бірнеше күн Шеру руының қонағы ретінде еру боп қалды. Себебі, Шұбырты кезеңінен бастап үш асудың қарлы жолын күреп ашуға тура келген. Сол жердің басына апарып үйлер тігіп, сойыс жеткізіп, күрек ұстауға шамасы келерлік кәрі-жас атаулы іс қамына кіріскен. Әскердің өздері-ақ, жолындағы қарды күреп жылжи беруге болар еді. Әрі кір-қоңдарын жуғызып, екі-үш күн атақты Шеру руында тынықсын деген. Әр үйде бестен-оннан қонақ болып жатқан әскер, әсіресе, бала атаулыға қызықтың қызығындай. Әр біреуінің асынған қылыш, мылтығы бар. Қорамсақ-қорамсақ оқ тізбегін белдеріне самсатып байлап тастаған.

Елдің бір әңгімесі - Қайнам батыр. Ол Керімбек ауылында Әсемхан деген жігіттің үйіне түсіріліп, сонда күтілген. Осы үш күннің алдында қысырдың тайынан бие байланып, баппен ашытылған қымыздан Ғани сапар кесемен бір ішкенде, арт-артынан үш-төртеуін сілтеп салады. Соңыра «а-ақ» деп кекіргенде даусы селік еткізердей. Ғани Шеру үлкендерінің меймандостығына ырза болып, аттанарында қосар аттардың ішіндегі бір күрең жорғаны матауынан шешкізіп:

- «Жегжат мінгізген аттың жеті жыл көзі жүрсе, жетпіс жыл даңқы жүреді», - дейтін қазақ атаңның мақалы бар. Бұл ат жалғыз сенің қадаңа ғана байлағаным емес, тұтас жомарт еліңе деген құрметім, - деп үй иесі Әсемқанға шылбырынан өз қолымен ұстатқан.

- Бәрекелді!

- Есте қаларлық сөз! - десіп, атқа қонып тұрған алқа-қотан ел мынадай төрелікке қол жая, бірден шулап бата қып, шын сүйінген. Осы кезде үй иесі әйел батырға жол сыбағасын әкеле жатыр екен. Тұтасымен асылған жеңді-білектей бітеу сары ала қазысы бар, сүрдің ең тәтті-дәмдісінен дайындаған етін құрт-ірімшігімен қосып, таза ақ қалтаға салып жеткізе берген. Бірақ Ғани бұл ырымды әлденеге жақсыға санамаған сыңаймен:

- Жолға жүрерде хотын кісі ер адамға далаға ешнәрсе алып шықпауы керек! - деп сөзінің аяғын жұтып, азықты бір жолдасына қарай сілтей салған... Өз дастарқанында даңқты батырды күтіп, қошеметке ие болған Шәмшіхан дейтін қарақат көз сұлу келіншек, көрінеу мақтан ретінде осылай көрнек бере келген. Тегінде Ғани әйел жынысын еркектен басы ашық төмен көретін. «Біз анадан туылдық. Анамыз - әйел заттан болса да айтайын. Оны алтын таққа отырғызып та жаралысын еркекке теңестіре алмайсың» дейтін. Дүниеге тар, қатты адамды адам қатарына алғысы келмейтін бір мінезі бар-ды. Бұрын өзін ерегестіріп, ызасын келтірген байлардан ұрлаған жылқысын бір жаны ашыған, өзі тәріздес кедейге сойып бере салатынын білген сыбайластары бұның пайдасын білмес ақымақ екенін де, жомарт екенін де білмейтін. Бәлкім, батырлық та дүниелікке көңлі тоқ ердің ерінен шығар.

 

* * *

 

«Букенің жамбылы» оңайлықпен берілмеді. Ғани батыр осы жорықта жота тұстағы дәл омыртқаның басынан жараланып, Алматыға емделуге әкетілді. Бұл соғыста үш полк партизанды ұрысқа бастаған Қарымсақ. Үлкен дивизия Ашалымен асып, Тақия-жың жақтағы машина жолына ілінген хабарды алған соң, Лескин полкы да Талқыны тазалап, енді Қарымсаққа көмекке жеткен.

Іленің Ашалыны асып, жазық далаға еңістеп кеткен алдыңғы жорық-Шеруі сонау күлөртең сахараға түсіп барып, наурыздың аяғына жеткізбей Шихуды да алған. Шиху әскерінің күші қыс бойына көп бөлінгені мәлім. Бұл уақытта Шәуешектен Жағда бастаған партизан қосыны көмекке жетіп үлгерген. Тарбағатай еліне биылғы қыс түспей хабаршы болып кеткен Әкім бастап солтүстік батыс шекеден әкеліп киліктірген.

Шыңжаңды басқарған император У жұң шының қыс бойғы үстін-үстін берген қатал әмірімен Шиху әскери казармалары өз армиясын Тақия-жыңға дейін машинамен тасыған. Содан әрі Ілеге қарай Ашалыны асыру үшін тек ат қана керек. Ал Тақия-жың уезінің таудағы қос-қос аттарын Фужемен тілдескен маңғұлдар бірден шауып, талап алғаны белгілі. Сонымен жартылай атты, жартылай жаяу шұбырып, арт-артынан барған шерік Ашалының шыға беріс ауызында Әбдікерім Аббасұғлының дайын жемі болған.

Партизан жасағының алды енді Шихудан ары Манас, Сауанға бет түзегенде, құрал-жарақ жағынан кемеліне келген аз ұлттық әскер шебінен бір қол жасақ бөлініп, кейін қалған Тақия-жыңға бұрылған. Бұл кезде мына жақтан «Буке жамбылын» қаратып болған төрт полк Тақия-жыңға қарай екінші шеттен кимелеп келе жатты. Бұларға Бұраталаның жергілікті халқынан қосылып алынған Қаракерей мен қалмағы да мол еді. Осындай болып ортаға тығылған Тақия-жың, онсыз да қыс бойына тамағына илектеніп тығылған асты түйіншектеп жұтып, өз хаупін екі көзі төрт бола күткен уезд. Әскерінің тең жарымы Ашалының ауызында қарғаның жемі болды.

Басқа үйездерден Тақия-жыңның алынуы өзгеше қызық. Бұл үйезге жаушы жүрді... Қолына ұзын сапты, жарымы ақ, жарымы қара ту көтерген адам жаушылық белгісімен үйездің «Ұлы Есігіндегі» автомат кезеген қарауылдарға момақан, жай жүріспен жақындай берді. Қарала туын жайқап, бұларды мүлде таңдандырып келе жатқан жеке аттыны көрген күзетшілер дереу әскер басысына хабарлаған. Үйез бастығы іште жатып ала тулының алдынан қарама-қарсы адам шығартқан.

Жаушы қолында мөр басылған куәлік қағаз бар... «Тақия-жың уезінің шянь гоны Лың жы жолдасқа!» - деген, қытайша дана жазылған қатынас - Үрімжіден... Мазмұны: «Оңтүстік Шыңжаң бізге қарсы соғыс ашқан жоқ. Көтеріліп отырған - тек осы үш аймақ қазақтары! Ал оңтүстік ұйғырлары бұнан былай да соғыс ашпақ емес. Біз әзір олармен келісімге келдік!.. Мұнан былай үкімет жартылай аз санды ұлттың, жартылай біздің қолымызда болады... Шыңжаң елін бірлесіп басқаратын кезге жеттік. Осы себептен қазірге дейін соғыспаған орындар, уездер сол бойында оңтүстік Шыңжаңның қарауына өткізіледі. Алтай, Тарбағатайдағы бірнеше уездермен қоса Манас-Сауан, Тақия-Жың сияқты бүліншіліктен аман делінген үйездер келісімнің ішіне алынды! Бұл орындар ұлттық армияға оқ шығармастан қарайды, беріледі. Шарт қатынас апарған жаушыға нанымды құрмет көрсетесіңдер... Және солардың ықпалына көніп өздеріңді аман қорғап қалуға тырысасыңдар... Солардың ерік-күшімен біздің қолға келесіңдер...» делінген.

Қазіргі жағдайда дәл бұлай болып шықса, бұлардың көктен тілегенін жерден бергені. Қатынасты қолына алған, шәпкісін шекшитіп көзіне киген, ат үстінде қоқырайған, ұзын подполковник, жанында тәсілқой полиция майоры және бұл екеуінің адъютант-тілмашы болып, мына іске өз іштерінен өте таңырқап тұрып:

- Бұлай болса, бізбен бірге жүресіз!

- Үлкен кісінің өзімен дидарласуыңыз керек! - десіп, бірден ішке қарай әкетпек ниеттерін көрсеткен. Жаушы аяқ тартқан жоқ... Келіскен жүзбен атын тебініп өзі алдыға түскен... үйез билеушісі тегінде қытай емес, Шапшал үйезінің бүкіл Ілеге аты әйгілі, қазағуар, атақты сібесі Лың жы - осы болатын. Ол сөзді созбай, таза қазақшалап:

- Өзің, дегенмен, мүйіз жүрек екенсің!.. Жазым болмас па екенмін деп қорықпай, бізге сеніп келгенің ғажап-ақ!.. Жалғыз-ақ, былай шыға: «қайда көрдім қасқа есек» - деп шетке таман шыға бермейсің бе?! - деді.

Мүмкіндігі өлшеулі, тарыққан адамның сыңайымен ананың ішінде не барын терең барлап, көзінен көзін алмай қадалып қарады.

«Жаушы» атанып «келісімге» келуші адамның нұсқасы бұларды еріксіз қауіптендіреді. Ол бет кескіні аса бір қайсар адамды танытатын, жауқабақтанған жігіт Арыппай болатын. Күзде Керімбек пен Қарымсақ Әкбар батырдың жасырын ұйымын қорғалау үшін елден безіп шыққанда, Тайлақбайға да тықыр таянған. Керімбекті табу үшін Күре енді соны ұстауға кісі шығарады. Сол хабар құлақтарына ілінісімен Тайлақбайды Арыппай бастап қашқан-ды. Қазір өзі Мақсұт полкында. Ол қазір Лың жының күдіктенуінен саспай:

- Мен қасыңызда емеспін бе. Әскеріңізбен алып шыққан жерімде өзгелер қолыңызға түспесе де, бір маған шамаларыңыз келеді ғой. Қарайған қазақ ішіндегі өз жанын тастай алмай жүрген саяқ мен деп тұрсыз ба?! - деп жауап берді.

Беті мен мойны тұтасқан, көзі сығырайған, мұрты аузын жапқан Лың жы мен жаңағы офицерлер мына қазаққа нанарын да, нанбасын да білмеген. Бірақ өз қолдарындағы жаңағыдай генералдың белгі-мөрі басылған қағазбен қоса жаушы ұсынған тағы бір куәлік бар еді. Ол Үрімжідегі қазақша баспадан шығарылып, Өлкелік штабтың қазақ еліне қаратып жазылған, алақандай таңбасы басылған «тілек талаптарыңызды орындаймыз...» деген қысқа мағыналы - «тоқтам» қағазға қарап дағдарыста болған. Рас, өзге айла-лажы болмағандықтан, жауабын бір тәулікте беретін болып, қазақ өкілін қақпадан шығарып салды.

Сонымен ертеңінде үйез әскері мен полиция құрамы сап түзеп болған сағатта кешегі жаушы қолына ала туын алып, «Ұлы Есіктен» қайта келіп кірді. Әскердің алды он шақты атты, қалғаны жаяу еді. Бірақ адам біткенді ғажапқа қалдырып, көп жылдан бұлардың бас иесіндей болған Лың жы бүгін жоқ болып шықты. Жаушының екі жағында кешегі подполковник пен көзі алаңдап, тәсіл баққан майор полицей. Қыс бойына үйез сейпілінің қақпасын маңғұлдың қарулы мықты күзеті тырп еткізбей, бағып келген. Сол алыстан бағып күзетіп жатқан қарауылдардың көзіне түспей, қақпаннан құтылған көкшолақ арландай үйез бастығы сытылып кеткен.

Лың жының қашқаны кейінгі қалған мына төрешіктер үшін бір жағынан зәрелерін кетіргенімен және бір жақтан өздерінің ендігі абыройы осы тәрізденіп көрінген. Басшысы қашқанмен бұлар «опасыздық» етпегені. Бұл жалтақ, үркек қалыптағы соқыр үміт шылауы. Жаушы подполковник бастаған армияны «Ұлы Есік» қақпасынан алып шықты. Аулағырақ жерде аттарының басын осылай қаратып, сап түзеген партизан қосыны. Қазақтар дауылпаздарын дабылдатып, ұйғыр жағы ұзын мойын керней-сырнайларымен «дар» ойынының ышқынған күй-сазына салып қарсы алуда.

Үйез әскерінің артқы сабы күдік ойлай ма, жоқ па, әлде рас сенім артумен келе жатыр ма, белгісіз. Ал бірақ, алда бастап келе жатқан подполковник пен полиция бастығы сияқты ірікті топтың өңдері қу шүперектей. Қалайда бар шоғырымен үрейлері ұшып келе жатқаны айтпай білінеді.

Рас, бұларға қарай қазір оқ шығарған ешкім жоқ. Салы суға кеткен шеріктер шебі өздерін күтіп алушы қосынға жақын келді. Былайырақ иек артпа қабақ астында жасырын партизандар тобы тұрған. Пулеметтер мен автомат, мылтықтылар. Қарама-қарсы екі әскердің аралығы жүз метр шамасындай қалғанда жаушы тілмаш арқылы:

- Енді осы жерге тоқтайсыздар, түгел құрал тапсырасыздар! - деген. Сол сәт подполковник бастаған топ тілді алар-алмастарын білмей, бір-біріне ұрланып қарасқаны шалынды. «Бұл қалай болады?!» десіп үрейлері ұшып кеткен.

Анығында жаушы апарған «қатынас» қағаздың екеуін де Мақсұт пен Қарымсақ басқарған партизанның өзі жіберген. Біріншісі - Үрімжіде қазақша май баспадан шығарылып, орталық штабтың тарбайған таңбасы басылған, күздегі өлке орталығынан Ілеге келген генералдан «алты қарақшыға» қаратылып берілген қағаз. Ал соңғы қытай тілінде сұлу жазылған «келісім» «тоқтам хат» қолға түскен қытай офицеріне жаздырып, және сол баяғы өлген Үрімжілік генералдың қалта мөрімен «бекітілген». Лың жы өлкелік генералдың өзін танымағанмен оның өлген себебін білетін. Және бұрынғы бір документтен соның басқан мөрін көзі шалғаны бар-ды. Жаушы әкелген қағаздар жасама документ екенін алдыңғысынан аңғармаған болса да, екіншісіндегі генералдың мөрі көзіне оттай басылғанда жүрегі зу ете түскен. Тұла-денесі у жайлағандай, төбе-құйқасына дейін шымырлап, киіздей тұтып қалған. Соны бірден біле тұрса да, түсінен ешкімге сыр шалдырмай, жаушыға алдымен оның өзін мақтау сөз саптап сөйлеп, соған қоса «былай шыға қайда көрдім қасқа есек деп шетке шыға бермейсің бе» деп, ұтқыр ой айтқан. Және әлгі екі қатынас қағазға «келісіп» қол қойып берген. Әсіресе өзі сезік, күдігін бірде-бір жанға білдірмей, жеке жоғалғанын білген жұрт қандай мінезге жатқызарын білмей, Лың жы сібенің жұмбақ сырын көп уақыт сөз етіскен.

Жаушы жаңағыдай «құрал тапсыру» жайын бұйырғанда үйез әскері дағдарыста кідіре түскен. Себебі, өздерінің Лың жыдай сарааяқ басшысынан ажырап қалулары бұларға сенімсіздік тудырған.

Міне тап осы уақытта қабақ астындағы сайма-сай жасақ сау етіп шыға келді. Манадан музыкалатып, «қарсы алушы» отрядты ғана көрсетіп, өздері бой тасалап тұрған қарулылар бетті ашыққа салды. Ендігі уақыт ыхырар болса да, болмаса да қарусыздану, тек тәсілім болу сәті ғана екенін подполковник те ұғына берді. Жаушының қолындағы қарала тудың түбіне жарақ тапсыру басталды. Жер әлі қарлы болғандықтан партизандардың түйеге артылған шатыр-палаткаларының брезент жабулары алаңқайға жайылып, төселді. Ескі аңызда «жылан көшеді» демейтін бе еді. Ауған жылан алдында басқа бір жылан патшалығының өкілі жол езуінде басын жерден қарыстай көтере, қадалып тұрады да сапарға беттеушілер әлгінің көз алдынан өтіп, суси береді дейтін. Соны еске алғызып үш қатар шерік өздерінің үш жаяу «әріптесіне» бойындағы қару-жарақ атаулысын түгелімен өткізіп өте берді. Бой қаруынан сымпиып құтылғандар сол саптары бойынша қарсы алдыға тізіле бастаған. Ендігісі айдаған қойдай көнгені.

Тақия-жыңды алудың осындай тактикасында жауынгерлер ортасынан өзіне сеніп бел буған Арыппайды осы сағаттардан бастап жұрт ауызға ерекше алысқан. Батыс бүйірден келіп ілінген: Қарымсақ, Мақсұт және Ғани батырдың құрама полкін қоса басқарған Лескин болып кеңескенде, жаушылыққа жүретін нағыз жаужүрек адамды Мақсұт өз полкінен шығарып, ағасы Арыппайды таңдап берген. Әрі бұл күн Мақсұттың өзгеше бір қуанышты күні болып, Қамардан хат жетті.

 

4

 

Хат сәлемін жолдаған адамы осы ұрыс майданының өзінен барып келген кісі... Күзде Тәңіртаумен төте асып кеткен Қазыхан Манас, Сауан жағында баяғы атақты Күре үйезінің сұрақшысы мен Мамозының інісі Рахимның өздерін қолға түсіре алмай, бір дүңгеннің үйінде олар бекітіп ұстаған Гүлназымды іздестіріп тапқан. Тұтқыннан енді әрең ажыраған қызды Шиху соғысы жүріп жатқан майдан маңына жолатпай, салт атпен басқа жақты айналдырып өткізіп ел шетіне іліндірген. Қыз ағасы Әкім өз қасына автоматты бір жас, мықты партизан алып зорға табылған қарындасын шешесі Қәнікенің қолына тигізгенде, Қамар жүгіріп жетіп атқосшы әскерден Мақсұтқа хат жолдапты. «Соғыс!» деген жаманат, суық хабар дүңк етіп естілгеннен бері, қыс бойында бірде-бір күн, бірде-бір сағат жаны сүйген Мақсұтты есінен шығармай, өзінің лүпілдеген, үркек жүрегімен жат қорқынышты күйге түскен жас қыз бар-ды. Әкбардан бастап, майдандағы ерлер оққа ұшқан аяусыз жаманат арт-артынан дүмпілдеп жеткен сайын жүрегі сулап жүріп, бұл хатын сондай үнсіз жүдеу қалпымен жолдаған. Міне, осындай кездегі дәрменсіз қыздың бар тынышсыздығына медеу болып, алдарқата алған нәрсе, Мақсұт өз қолымен бұған беріп кеткен бір кітап... Күндіз-түні бірдей басына жастанған қалың кітапты құран дұғасындай қастерлеп, қайта-қайта оқып, сонымен мұңдасушы еді... Ол 1944-жылдың қазанында «Шыңжаң» баспасынан араб әрпімен басылып шыққан «Абай» романының бірінші кітабы! Тегінде өзі әнші, өлеңші Қамардың бірер жыл бұрын, небары он жеті жасында жалғыз ағасы қайтыс болғанда айтқан жоқтауы ел аузында сөз болғаны бар. Ұзақ жоқтаудың бір тұсында:

 

«Қаңқылдап қонған қаз ба екен,

Қаз келгені жаз ба екен...

Атан тартпас Қамардың,

Қайғы-дерті аз бе екен!» -

 

деп қосып, қаршадай қыз келген елді жылатпай қайтармайтыны аңыз болған. Өзі хат танып, ес тоқтатқаннан бастап кіші әкесі Қарымсақтан «Қыз-Жібек», «Әсет пен Рысжанның айтысы» сияқты ғана қолжазбалардан басқа үлкен том кітап оқып көргені осы болса да, әсіресе Абай мен Тоғжанның сүйіспеншілігіне шөгіп бойлай түскен сайын бұның сезімпаз жаны мүлде басқаша түлеген-ді. Бұл үшін, тіпті барша әлемде осы кітаптан ләззатты, дәл бұдан асып кетерлік тәтті мұң жоқ болып көрінген. Сол сырқұмар қыздың Мақсұтқа деген сәлемі екі ауыз өлеңмен түсіпті. Сүйген жүрек үнімен зорға толып туылған жыр:

 

«Таппағанда Тоғжан сұлу Абайын...

Мен қалайша шын бақытты табайын?..

Қорқа жүріп, үрке жүріп тілейін,

Арманыма жеткізсін деп талайым.

 

Ақ тілекпен тілейінші ылайым,

Сонан басқа қандай лаж қылайын.

Екі көзім ойылғанша жылайын,

Аман-есен кездестірер деп, құдайым!»

 

Ұлы жазушының рухынан осындай жаңғырық алған Қамарды, зиынды Қамарды ойлағанда, Мақсұт өзін қайда қоярын білмегендей болды. Дәл осы күні қолы қалт ете қалса, ішкі төс қалтасындағы тұмардай қастерлеген хатты алып, қайталап оқумен шектеледі. Тіпті жаңағы өлең жолдарының қалай жатталып қалғанын да аңдаған жоқ. Ендігі жалғыз тілегі «Соғыс тез бітсе екен! Тезірек жеңіске жетсек-ау» дегендей бір ғана арманға ұласты. Тықыршытқан аңсарлы тілек арманындай.

Тақия-жың үйезінің орынбасары сояу қара подполковник өз қорғанының ішіне қайта кіргізілген Ашалы соғысына бармай тірі қалған мыңға тарта, ендігі құры қол әскерін бастап кірген. Алдымен төрт-бес полк партизан басшылары іске кірісіп, қамал ішіндегі оқ-дәрі, қару-жарақ қоймалары сияқты орынның барлығын мұрындыққа тізгендей етіп сыртқа көшіріп шығарған. «Ұлы Есік» аузына партизан қарауылы тұрып, үйезді тұтасымен тұтқында ұстады.

Ендігі соғыстың тез жүргені соншалық, наурыздың аяғына жетпей Манас, Сауан алынып бола берді. Бірақ міне дәл осы кезде жұртты бірден аң-таң етіп, ауыздан-ауызға гуілдеген жалғыз сөз тарады. «Соғыс тоқтатылды»... деген тосын хабар дүңк ете түскен... Анығында, бұл өрісі енді шындап кеңейіп, күн санап қанат жая, аршындай бастаған партизан дивизиясы үшін «әттегене-ай!» дегізіп, бармақ тістеткен, өте бір ашынарлық оқыс әрекет еді... Майдан талабының кенеттен бұлай шешілуі аз ұлт армиясы үшін бірегей ғажаптың дәл өзі болып қалған. Бұның себебін жұрт кейін білді. Бұл уақытта бүкіл Қытай елінде ішкі оқиға қиындап, күрделілене түскен кезең екенін былайғы ел соңыра ұғынды. Үлкен держава сыртқы жаудың қаупіне ұшырап, Жапонияның атақты «Қуантон» армиясының бір миллион әскері легімен кіріп, Қытай елінің шығыс-солтүстік алты өлкесін (провинциясын) тұтастай басып алуға айналып, сан жетпес, қара-қиқым жау шебі қанды тұмсығын сағат санап ішке қарай сұғындыра түскен. Міне, осы тұста Қытай халық-азаттық армиясы мен гоминдаң партиясының екеуінің де ойлануына тура келді... Қытай компартиясы бастаған халық-азаттық армиясының бас қолбасшысы Жудеге Шыңжаңның да күші қажеттің қажеті бола бастаған. Егер Шыңжаңды аз ұлттық армия тұтас қаратып алған болса ғой, Жуде ойлаған мәселенің түйіні қиындықсыз-ақ шешілер еді. Шыңжаңның барлық партизан армиясын бірден-ақ, шұғыл көмекке шақырары сөзсіз. Ал қазір Оңтүстік Шыңжаңдағы ежелгі «алты шаһар» атанған аймақтар: Қашқар, Ақсу, Яркент, Қотан, Құмыл, Қарашәр гүберниялары болса түгелімен Үрімжідегі гоминдаң билеушісі У жұң шыңның қолында. Сол себепті, қолбасшы Жуде Шыңжаңның аз ұлт армия дивизиясын Қытай Компартиясының халық-азаттық армиясының қатарына бөліп шақыра алмайды... Осылардың барлығын ойластыра келгенде Мао цзы дұң мен генераллиссимус - Жаң қай шы қызық түрдегі үш түрлі шартқа өзара келісуге мәжбүр болды. Екеуі ішкі соғысты уақытша тоқтатуды жүзбе-жүз кеңесті. Соған саятын үш келісім шарт: 1. Жапонның «Қуантон» армиясына қарсы бірлесіп соғыс ашу. 2. Соғыс барысында мызғымас бірлікпен достасқан екі әскер: халық-азаттық армиясы мен гоминдаң әскері бір-біріне қастық ойламау. 3. Ұлы елді Жапон капиталистерінің құзғындарынан азат еткен соң, тірі қалған әскерлері мен қару жарақтарын әділдікпен бөліп алып, бұрынғы соғысты қайта жалғастыру. Міне, осы келісім бойынша парламент мүшелері енді Шыңжаң мәселесін қалай шешу керек екенін айқындаған. Ол үшін аз санды ұлттан құралған, партизан дивизиясына тиіспей тұрып, оңтүстік Шыңжаңдағы алты гүберненің отыз шақты үйездерінің әскери күшін түгелімен ішкі бірлескен соғысқа шақыру шарасы ғана қалған. Бұл үшін Шыңжаңның әзіргі үкімет басшысы генерал У жұң шыңды тақтан тағы да тайдырып, орнына аз санды ұлтпен әлі де Гоминдаң шонжарлары бірлікте басқаратын жаңа үкімет құру. Шыңжаңның жаңа тағына ішкі жақтан келіп мінетін адамның еркі Жаң қай шыға берілгенде, ол ойланбастан генерал Жаң жы жұң деген әскери ақ сүйек төренің баратынын бірден белгілеген. Ертегідегі «Қап тауынан» күркіреп шығатын қанатты диюдай самолетпен ұшып кететініне дейін Қытай компартиясына жария еткен. Шыңжаң гоминдаңшыларының әскери күші Жаң қай шыға көмекке келе алмай, осы өлкенің өзінде бұғауланып тұруы мұнан бұрын маршал Жуде үшін өте тиімді шешімнің бірі болып келсе де, енді амалсыз сыртқы жаумен бірлесіп шайқасу үшін бұған да көнуіне тура келді.

Сонымен аз ұлт партизан қосыны Үрімжіні енді екі күнде қаратып аламыз деп, қыс бойғы соғыстың қортынды есебін шотқа салып тұрғанда, мылтық үні су сепкендей тынып басылды. Партизан армиясы енді осы Сауан-Манастың өзінде жатып, қаратып алған жерге Ұлттық армия құру жұмысын да қолға алу кезеңіне жеткен. Сөйтіп, бес айға созылған қырғын соғыс аяғында, 1945 жылы 8 сәуір күні Іле, Тарбағатай аймақтарының ресми Ұлттық армиясы құрылғаны жарияланды. Кеңеске Алтай аймағынан шақыртылып Дәлелхан Сүгірбаев та қатыстырылды.

Иә, осымен, Шыңжаңды енді соғыссыз, тыныштықпен бірлесіп басқару шартына амалсыз келісім берген аз ұлт партизанының ер жүрек басшылары қырғыз: Ысқақбек Мінінұлы, татар - Фатих Мүслимов, қалмақ Фуже, ұйғыр - Әбдікерім Аббасұғылы, қазақ - Мақсұт Керімбекұлы болып Ұлттық армияны төмендегі сатымен құрды.

Бұған Тарбағатай аймағының өкілі ретінде қатысқан, сол губернияны азаттық соғысына бастаушы қазақ жігіті Аталықұлы Жағда. Негізгісі Іле аймағының төңкерісшілері. Осылар дүниеге әкелген Ұлттық армия құрамы:

1. Сүйдін атқыштар полкі.

2. Құлжа атқыштар полкі.

3. Комендант эскадрон.

4. Алтыншы Тарбағатай атқыштар полкі.

5. Оныншы дүңген полкі.

6. Бесінші Тоғызтарау атты полкі.

7. Дивизион (атты әскер).

8. Маңғұлкүре атты полкі.

9. Лескин бригадасы, құрамында үшінші Кеңсай атты полкі, төртінші Дөрбілжің атты полкі.

10. Төртінші Құлжа запас полкі.

11. Бірінші Шиху атқыштар полкі.

12. Шиху эскадроны. Және «Артиллерия дивизиясы».

Манас-Сауанда жатқан партизан легіне бүкіл қытай елінің қазіргі позициясын Үрімжіден бері қарай жеткізушілер, сол Үрімжі қаласында жасырын ұйыммен тұрып, Іле соғысын жандандырушы, негізгі тірек басшылар: Ахмеджан Қасымов, Бұрхан, Шаһиди, Сейпидин Әзиз сияқты Шыңжаңның басты зиялы адамдары болатын. Осындай келісіммен қоршаудағы Тақия-жың үйезінің мың әскері ұзын, қара-сора подполковнигімен бірге айдалып, Үрімжі қаласына шығынсыз өткізіліп берілді.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387