Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 2674 7 пікір 5 Сәуір, 2023 сағат 17:05

Ар мен рухты ту еткен

(Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың өмірден өткен күніне орай)            


5-сәуір Қазақстанның соңғы Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Парасат» пен «ІІ дәрежелі Барыс» ордендерінің иегері, асыл әкеміз Қабдеш Жұмаділовтың өмірден қайтқан күні.

Сәуір болмай тәуір болмайды деуші ме еді. Сондықтан да көптеген тарихи біртуар тұлғалардың сәуір айында дүниеге келуі тегін емес. Жалпы, сәуір әкеміздің де айы екен. Әкеміз шекарадан өткен сол айдың 24-ін өзінің туған күні етіп белгілеп, сол айда дүниеден өтіпті.

Адамның қаншалықты бақытты-бақытсыз ғұмыр кешкенін көзі тірісінде айту қиын. Оның бағасын адам тек дүниеден өткеннен соң беруге болады. Дегенмен, әкеміздің ешкімге ұқсамайтын өмір жолы мен тағдыры, оның шығармашылығы көзі тірісінде-ақ талайды таңқалдырып, оған деген шынайы қызығушылығын тудырған.

Қазақ көшпелі өмірдің соңғы жұрнағы, билер отбасынан шыққан «магиканның ақыры» ол өмірдегі өзіне жүктелген миссиясын толық атқарып өтті. Ол өзінен кейін бүгінгі қазақ қоғамына қазақтың арғы-бергі тарихын, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен дүниетанымын, ар-ождан мен намыстың қандай болу керек екені туралы түсінік қалдырып кетті.

Қабдеш Жұмаділов қазақ-совет әдебиетіне Қытайда тұратын қазақтардың тарихи тағдыры туралы тақырыпты алғашқы әкелген жазушы болды. Ал оның 1962 жылы небәрі 26 жасында Шәуешек аймағынан 200 мыңнан аса халықтың көшін ұйымдастырып бастап екі империяның шекарасынан өткізіп, ата жұрты Қазақстанға аман-есен көшіріп әкелуі қазақ қоғамы әлі де толық түйсініп, әділ бағасын бере алмай отырған үлкен тарихи құбылыс. Жазушының өзі де: «Менiң жазу­шылық еңбегiм, жазған том-том кiтап­тарым өз алдына. Ал 1962 жылғы көш – менiң азаматтық қызметiмнiң шырқау шыңы. Бақилық болар алдында да осы еңбегімді еске алып өтетін шығармын», - дейтін.

Сол 24-сәуір күні ағайын-туыс, дос-жорандар жиналып әкеміздің туған күнімен бірге қалың қазақтың біржолата ата-жұртпен  табысқан күнін деп қатар атап өтуші едік.

Жаратушы Ием әкемізге ешкімнің басында болмаған ерекше бір тағдыр сыйлаған екен. Құдай оған екі империяны, үш формацияны, КСРО-ның ыдырауы мен Қазақстанның тәуелсіздігін көруге жазыпты. Талай рет өмірі қыл үстінде болып, өзі айтпақшы «көктей орылып кетуім мүмкін еді» дейтін.  1958 жылы ҚХР саясаты өзгеріп қытайдан КазГУ-де оқып жүрген студенттерді елге қайтарғанда ұлы Мұқаң: «Жазушы боламын деген адамға Құдай өзі осындай кедергілер береді, кейін қайтадан жолыңды ашады. Мүмкін ол жаққа өмір-баяныңды байытайын деп жіберіп жатқан шығар. Бастысы сен жасыма!» деп айтқан еді. Дуалы ауыздан шыққан сол тілек қабыл болды.

Әкеміз өз естеліктерінде: «Жалпы, соққыны, айдауды, қуғынды көп көріппін. Қытайда төрт жыл сүргінде болдым. Алматыдан оқып барған соң… Жиырма екі жасымда ұлтшыл деген айдар тақты. Соның үшін қазір өзімді біреу «ұлтшыл» десе мақтаныш етемін. Бірде: «Менің халықтан алған, үкімет берген бірталай тәуір атақтарым бар. Сонымен қатар бір кезде Қытай империясы берген ұлтшыл деген атағымды да далаға тастағым келмейді», - депті.

Әкеміздің қаламынан он роман, жиырмадан аса повесть пен публицистикалық мақалаларды санамағанда жетпістен аса әңгіме туыпты. Сол шығармалардың бәрі де ұлт тағдыры, халық мүддесі, әділдік пен ақиқат үшін күрес тақырыбының айналасында өрбиді. Сондықтан да Қабдеш Жұмаділов ешқашан да «банкроттыққа» ұшырамайтын жазушы! Оның шығармалары қашан да сұранысқа ие болады.

Өмірінің соңғы жылдары әкеміз көлемді ірі шығармалардан гөрі кіші-гірім повестер мен хикаяттарды жазуға кірісті. Роман жазатын жазушы көп, ал таланттың шыңырау шыңы – әңгіме жазу. Бар ой-толғауыңды кішкентай хикаятқа сыйдырту деп айтатын. Оның жиырмаға жуық хикаяты егемендік жылдарында жазылыпты. Оның шығармаларының қай-қайсысын алып оқысаң да тұрған бір ШЕДЕВР дейсің! Оның шығармаларының көркемдігі мен идеялығы өз алдына бір керемет дүние болса, сонымен бірге ол болашақты болжай білген қасиетімен де ерекшеленеді.

2020 жылы желтоқсан айының басында әкем екеуіміз теледидардағы жаңалықтарды көріп отырғанымызда «Нұр-Отан» партиясының салтанатты бір жиыны туралы айта бастады. Соны көріп отырған әкем кенет маған бұрылып «Осылар бір күнде тоңқалаң асады» дегені бар. Мен «көке, бір күнде болмайтын шығар, ұйымдастыруы бар, дайындығы бар, ең аз дегенде жарты жыл не үш ай керек» дегенімде ол: «Жоқ, бір күнде тоңқалаң асады, көр де тұр», - деп өз ойын тағы да мығымдап айтты. Өкінішке орай, әкеме сол өзі айтқан сәуегейлігін өзіне көруді жазбапты.

Сол айтқаны айдай келді ғой. 2021 жылы болған қаңтар оқиғасының болатынын ол бұдан он жыл бұрын 2012 жылы «Диктатордың ажалы» атты хикаятында көрсеткен еді. Сол хикаят «Әріп пен Сара» атты жинақта басылды. Ол хикаяттың да өз хикаяты бар.

Әкем жұрт оқысын, кітапханаларға тарасын деп сол жинақтың 150 данасын өзі «Құрметті азамат» болған Мақаншыға жібереді. Ай өтпей Мақаншыдан жайсыз хабар келеді. Аса қырағилық танытқан бәз-біреулер хикаяттан Тұңғыш Президенттің ар-намысына нұқсан келетіретін жерлерді қызылмен сызып, қауіпсіздік комитетіне жүгінген екен. Содан Мақаншыға таралып кеткен 150 дана кітап оқырмандардан тізіммен қайта жинап алынады ғой. Ары қарай жинап алған кітаптың тағдыры не болды дейсіз ғой?! Жинап алынған сол кітаптың бәрін де үстіне бензин құйып өртеген! Содан «Назарбаев заманында кітабі өртенген жалғыз жазушы мен» деп әкеміз талай айтып отырушы еді.

Жалпы, әкеміздің сол кездегі билікпен ара-қатынасы оңай болған жоқ. Өкіметтің былығы пен қателіктерін бадырайтып көрсетіп, сын айтқан адамды кім жақтырсын?! Әкеміз әділдік пен ақиқатқа қиянат жасалса тыныш отыра алмайтын, сол үшін бар күш-жігерін сарп ететіп күресетін. Ол өзінің ұстанымдарынан ешқашан аумай, өз арына қарсы келген жоқ. Керісінше, жазушы – қоғамның айнасы болуы тиіс. Оның қаламынан тек ақиқат шығу керек дейтін. Тіпті 2011 жылы Жаңа-Өзен қырғыны орын алғанда зиялы қауым арасынан соған баға берген бірден бір адам Қабдеш Жұмаділов болды. Сол үшін болар оны өкіметтің көрнекті өнер қайраткерлеріне берілетін стипендиядан қатарынан жеті жыл бойы шектетіп тастады. Оған әкеміз мойымады. Қайта жігерлене, рухтана түсетін. Әкеме «Қабеке, егер жаңылдым, кешіңіз деп бір ауыз сөз айтсаңыз атақ та, абырой да, даңқ та бәрі болады» деп айтып келгендер де болды. Тіпті оны кейбір саяси париялардың қатарына да шықырды. Ондайларға әкеміз «Мен және менің кейіпкерлерім өз алдына бөлек бір партиямыз» дейтін.

Әкеміз ешқашан «заказбен» кітап жазып, биліктің сөзін сөйлеген сарай бұлбылы болған жоқ. Оның әр сөзі өзінің жан тебіренісі мен ой толқуынан туды. Ол әрқашан да халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесі, әсіресе қазақтың жері, тілі, мәдениеті деген қасиетті ұғымдар үшін жыртылып айырылатын. Бұған оны итеретін аласапыран күш – жеті атасынан үзілмей келе жатқан тектілік. Қазақтың би-жыраулары мен батырларынан қалып бойына сіңірген қазақтың асқақ  рухы мен еркін санасы!

Әкемізге Халық жазушысы деген атақ берілген соң өкімет бұл атақты мүлде алып тастады. Бірде мен соның себебін сұрағанда ол: «Халық жазушысының халықтың атынан сөйлеуге қақы бар, ал бұл билік үшін керегі жоқ» деген екен. Міне, бүгін еліміз әділетті қоғам құруға бет алғанда қоғамға Сіздің ақыл-парасатыңыз, даналығыңыз ауадай қажет боп тұрғанын-ай! Бірақ Сіз артыңызда қалдырған мол мұра сөздің құдіретін білетін барлық саналы қазақ үшін көкте жарқырап тұрған  темірқазық іспеттес.

Сіз өле-өлгенше халықтың жыртысын жыртып, сөзін сөйледіңіз. Халықтың да Сізге деген ниеті, пейілі оң болып, соңғы өситіңіз де орындалды.

Әке, Сіз «Соңғы көш» роман-дилогияның эпилогында Жұмаділ атамызға арнап «Әке! Сен жерленген сұр төбені айсыз қараңғы түнде көзімді жұмып барып-ақ табар едім...» деп едіңіз. Жат қолында қалған ата-қонысқа барып Жұмаділ атамыздың басында құран бағыштауға Жаратқан Ием тек  1989 жылы ғана сәтін салды. Оның есесіне өзіңіздің өсиетіңіз бойынша Алматы-Семей-Бақты жолдарының түйіскен, ел арасында «тоқсан екі» атанып кеткен тоғыз жлдың торабында қазақ халқының тарихи тағдырына ескерткіші боп жатырсыз. Жаныңыз жанатта болсын!

Ол жерде ары-бері өткен жолаушылар Сіздің қабіріңіздің жанынан бет сипамай, дұға бағыштамай өтпейді. Қазір сол жер ресми түрде «Қабдеш бекеті» деп аталып кетті.

Құдайға шүкір, сол аманаттың орындалуына көп жылдан бері бауырыңыздай болып кеткен, талай іс-шараларды атқарысып қасыңызда жүрген көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Есілханұлы Сыдықовтың көмегі көп тиді.

Әкеміздің басы көтерілгенше Ұлықпан аға «Қабдеш Жұмаділов» атындағы құрылған қоғамдық қордың төрағасы болды. Қордың атынан әкеміздің шығармашылығын насихаттауға, атын жаңғыруға арналған талай іс-шаралар ұйымдастырылды. Күмбезі көтеріліп болған соң «әрі қарай өздерің жүргізіңдер» деп Қордың тізгінін өзімізге ұстатып кетті.

Қордың жұмысына атсалысқан барлық ағайын-туысқа, жалпы жұртшылыққа лағысымыз шексіз. Әсіресе күмбезді тұрғызған кезде басынан аяғына дейін басы-қасында жүріп соны ұйымдастырған Әсет пен Съезбек бауырларыма және олардың достарына, Таскескен аданының әкімі Айдын бауырымызға алғысымыз шексіз!

Алла тілеулеріңізді берсін!

 

Арман Қабдешұлы

«Қабдеш Жұмаділов» қоғамдық қорының төрағасы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5395