Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 16281 0 пікір 19 Сәуір, 2013 сағат 08:36

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған

1-2 - суретте: жазушы Талаптан Ахметжан

3 - суретте: Талаптан Ахметжан және жазушы Әзілхан Нұршайықов

4 - суретте: Талаптан Ахметжан және жазушы Әкім Тарази

5-6 - суретте: жазушы Талаптан Ахметжан отбасымен бірге

 

 

Жазушы Талаптан Ахметжанның  дүниеден озғанына төрт жылдың жүзі болыпты. Қаламгерлер мен замандастары ортасында сыйлы, сырбаз жан еді.

Жақсының аты өлмейді. Талаптан Зейноллаұлының кісіге мейірімді, аяулы бейнесі замандастарының жүрегіннен, жадынан өшпейді. Ал, артына қалдырған әдеби мұралары сан буын ұрпақтың игілігіне айналады. Қаламгердің өнердегі өмірі әдебиет пен театрда әлі күнге жалғасып жатыр. Жалғаса бермек.

Соңына өлмейтұғын сөз қалдырған қаламгер Талаптан Ахметжан қазақ оқырмандарымен бірге уақытты көктей өтіп, жасай бермек!

Төменде қаламгердің досы Әнуарбек Әуелбек пен қызметтес болған інілері Дәулетбек Байтұрсынұлы мен Саят Қамшыгердің естеліктерін жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

Мың бір мұң мен Талаптан

Адамдар артында ұрпағын қалдыруы мүмкін, жүректен шыққан туындыларын қалдыруы мүмкін. Жазушы-драматург Талаптан Ахметжан болса, осылармен бірге өзінің өзгеше мінезін де қалдырып кетті...

1-2 - суретте: жазушы Талаптан Ахметжан

3 - суретте: Талаптан Ахметжан және жазушы Әзілхан Нұршайықов

4 - суретте: Талаптан Ахметжан және жазушы Әкім Тарази

5-6 - суретте: жазушы Талаптан Ахметжан отбасымен бірге

 

 

Жазушы Талаптан Ахметжанның  дүниеден озғанына төрт жылдың жүзі болыпты. Қаламгерлер мен замандастары ортасында сыйлы, сырбаз жан еді.

Жақсының аты өлмейді. Талаптан Зейноллаұлының кісіге мейірімді, аяулы бейнесі замандастарының жүрегіннен, жадынан өшпейді. Ал, артына қалдырған әдеби мұралары сан буын ұрпақтың игілігіне айналады. Қаламгердің өнердегі өмірі әдебиет пен театрда әлі күнге жалғасып жатыр. Жалғаса бермек.

Соңына өлмейтұғын сөз қалдырған қаламгер Талаптан Ахметжан қазақ оқырмандарымен бірге уақытты көктей өтіп, жасай бермек!

Төменде қаламгердің досы Әнуарбек Әуелбек пен қызметтес болған інілері Дәулетбек Байтұрсынұлы мен Саят Қамшыгердің естеліктерін жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

Мың бір мұң мен Талаптан

Адамдар артында ұрпағын қалдыруы мүмкін, жүректен шыққан туындыларын қалдыруы мүмкін. Жазушы-драматург Талаптан Ахметжан болса, осылармен бірге өзінің өзгеше мінезін де қалдырып кетті...

Өмір. Жол. Тағдыр. Адам мен адамды жолықтыратын да, табыстыратын да, қимай қоштастыратын да осылар болса керек. Жер басып жүрген барша жан-ның еншісіне тиетін осы үш нәрсе әр адамның өзіндік бейнесін сомдап шығарады. Күні кеше арамызда жүрген Талаптан досымның табиғаты қан- дай еді? Оны жақын араласып жүрген кісілердің бәрі бірдей тани алды ма? Жазушы Талаптанды тану, бәлкім, кейінгі күндердің еншісі болар, сол арқы-  лы оның орнын толтыруға да болатын шығар. Ал дос Талаптанның орнын толтыру мүмкін бе? Әй, қайдам... мен бір ғана нәрсені білемін, жаныңа нұр сыйлағандай болып тұратын оның жайдарлы жүзі ешқашан көмескіленбейді. Керісінше, арада уақыт өткен сайын ол ажарланып, шуақтана түседі. Оған менің Талаптан тірі жүргеннің өзінде көзім жеткендей еді.

Көңіліне қылаудай  кір түспеген оның таза ниеті адамды өзіне тартып тұра- тын. Екеуміз егіз қозыдай болып төрт-бес жыл бірге жүрдік. Жұмысқа бірге баратынбыз, бірге істейтінбіз. Кеш қарая жаяулатып-жалпылатып үйге бірге қайтатынбыз. Көбіне, не оның үйіне, не біздің үйге барып түн ұзақ әнгіме- дүкен құрып отырып алатынбыз. Ол кездері екеуміздің жырымыз да, сыры- мыз да бір еді. Бірге қиналдық, бірге талпындық, бірге тойладық. Алматыдан баспана бұйырар түрі байқалмаған соң, қала шетіндегі ен даладан енші тиіп, жарымаған жалақымызға «жаман» үй салып алдық. Бала-шағаның басы бар, иттен сүйек қарыздар болып жүріп, сол күндердің өзінде күліп өттік.

Тістегені алдаспан,

Жайдақ мініп жыр-атын.

Үсті-басын шаң басқан

Адасып жүр бір ақын, - деп жүрген уақыттар еді ол.

Алдында, бірге қызмет істейтін жазушы-журналист досымыз Жүсіпбек Қорғасбектің бір қарындасының үйінде уақытша тұрып жүрген Талаптан жиған-терген бар құрылыс материалдарын Бірінші Алматыдағы соңғы пәтерлердің бірінде тұрып жатқан менің үйіме әкеліп жинастырып жүрген. Екі кештің арасында Асқар Алтай екеуі үлкен көлік жалдап келіп, үшеулеп ақ тер-көк тер болып тиегеніміз есімде.

Алматыдан шыққан бүкіл «б.у» есік-терезе, ағаш-пағаш - бәрі біздің салған баспаналарымыздың негізін қалап жатты. Бұл кез біз үшін ауыр жылдар болды, біреу білсе, біреу білмейтін «Шаңырақ» біздің ауылымыз болатын. Осынша үлкен қалаға сыймай, айдалада екеуміз ғана тұрып жатқандай әсерде болатынбыз. Бірақ бізге келіп-кетіп жататын достар аз емес еді. Елге таны- мал ақын-жазушыларға айналған дос-жарандарымыздың әрқайсысы бір келіп кеткеннің өзінде жылдық азық жинап алғандай қуанатынбыз. «Шаңыраққа» біздің дос жігіттеріміз - Қорғанбек Аманжол, Әубәкір Қайран, Зейнолла Абажан, Нұрлан Мәукенұлы, Қайрат Әлімбек, Жаңабек Шағатай, Маралтай Райымбекұлы, Жүсіп Ерғалиұлы, тағы басқа өз биік, өз ұстанымдары бар әріптестеріміз қонақ болып келген сайын бір жасап қалушы ек. Өйткені, біздің ауылымызға келетін автобус та, көлік те жоқ еді. «Жазған құлда шаршау жоқ» деп ыңылдап қойып, Талаптан екеуміздің сонау үлкен Алматы каналы жақтан Рысқұлов көшесіне дейін жаяу жүретін кездеріміз еді. Күніне он бес шақырымдай жол жүріп жұмыс істеп жүрсек те, еңсеміз түсіп көрмепті. Бірақ, кім білсін, жастық жалынымыздың жартысы сол жолдың жиегінде шаңға көміліп қалған да болар. Уақыт көп нәрсені ұрлайды, «там салғанның тамтығы қалмайтыны» тағы бар. Біздің күш жігеріміздің көбі «Шаңырақтың» шаңымен араласып кеткендей көрінеді. Бірақ тәубашыл жан-дармыз ғой, кейін Талаптан сол күндердің өзін үлкен сағынышпен айтып, әңгімелеп жүретін.

Екеуміз «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеп жүргенімізде, марқұм Оралхан Бөкей көп жағдай жасады. «Әнібарбек (мені осылай атайтын) пен Талаптанға тимеңдер, іздемеңдер. Олар үй салып жатыр. Асарға барып, көмектесіп тұрыңдар!» деп қойып, материалдық көмек жаздырып беретін. Тіпті, бірде екеумізге «списаниеге» шығарып, бірінің үстіне бірі тұратын екі-екіден кішкентай шкафтар бергіздіргені бар. «Әй, Талаптан, сендерде не бар дейсіңдер, мыналарға кітаптарыңды, киімдеріңді салып қоярсыңдар. Біздің қолдан келетіні әзірге осы ғана» деп қоятын. Редакцияның ескі мүлкі біз үшін үлкен қазына еді, шынында. Екеуміз сол күні-ақ көлік жалдап, желкеміз кәдімгідей күжірейіп, үйге испан жиһазын апарғандай қуандық.

Сөйтіп жүрген Талаптаныма бір күні қаладан үй беріліп, көшіп кетті. Әрине, қатты қуандық. «Бізге де сенің жолыңды берсін!» деп ырымдап, жаңа үйіне барып Риза мен балаларды құттықтап, мәз болып қалдық. Бірақ, барлық қы- зығымыз Талаптанмен кетіп қалғандай, «Шаңырақ» жым-жырт болды да қал- ды. Мен үшін әлі де солай болып жүр. Талаптан кеткелі құтымнан айырыл- ғандай, қуыс кеуде жанға айналып қала бергендей болдым. Тіпті, қалаға шығудың өзіне жүрегім дауаламай, жұмысты тастап жатып алған кездерім де бар еді.

Елу грамм жалғасып бір-біріне,

Ұқсас күндер қол бұлғайды күніге.

Талаптан да көшіп кетіп мен жақтан,

Жалғыздығым жеткелі жүр түбіме, - деген шумағы бар өлендерім сол жылдардың мұңды күндерінің белгісі болып қалды. Талаптан оны кейінірек газеттен оқыған болатын.

Айналайын, Талаптан менің жан-дүниемді жақсы түсінетін. Қашан көрсем, менің жағдайымды көп сұрап, Құдайдан тілек тілеп отыратын. Мен «Хабар» телеарнасында жұмыс істеп жүргенде, Қазақстан Жазушылар одағының жанынан «Әдебиет айдыны» газеті шыға бастайтын болып, мені өзімен бірге қайтадан қызмет етуге шақырған еді. Достың көңілін қалдырғым келмеді. Оның үстіне «Жазушылар одағы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Бәлкім, үйдің реті де болып қалар» деген сөзі пендешілік үмітімді оятқанын да жасыра алмаймын. Жазушылар одағында қайтадан бірге жүрген соң, арамыз тіпті де үзілмегендей болып кетіп еді. Бірақ, көп ұзамай менің қу тірліктің тауқыметімен басқа жаққа ауысып кетуіме тура келді.

Қолыңа қалам ұстап жүрген соң, ішкі сезімдеріңді, беймәлім дүниеге зарық-тырған сағынышыңды түртпектеп жазып қалғың келетіні бар емес пе. Сондай сәттің бірінде жазылған «Жардың басы» деген жырымды бір топ өлеңдерім-мен қосып, Талаптанның электронды поштасына салып жібердім. Көп ұзамай «Әдебиет айдыны» газетінде жіберген өлеңдерім жарыққа шықты. Бірақ, өзі туралы жырды газет бетіне бермегенді жөн санаған шығар, ол оның өзінде қалып қойған еді. Бұл өлең таяуда жарыққа шыққан «Жаныңмен жаз сырың- ды» атты кітабымда бар.

Ұмытпасам, сәуір айының аяғы ма деймін, қалта телефоным шыр ете қалып, ар жағынан ақын досым Дәулетбек Байтұрсынұлы үн қатты. Хал-жағдайды сұрасқан соң, ол «Тәкең сырқаттанып қалып, Совминнің ауруханасында жатыр» деген еді. Менің ойымда ештеңе жоқ, «Тәкеңнің көктем келгенде, күз келгенде суықтап қала беретіні бар еді ғой. Дұрыстап емделіп алайын деген шығар, айтқаның жақсы болды. Хал-жағдайын сұрайын» деп, іле-шала Талаптанға қоңырау шалдым. Ақжарқын даусы түк болмағандай, үй-ішімнің жағдайын сұрап, жұмысым туралы сұрастырып, біраз әңгімелестік. Мен сөз арасында Дәулетбекке айтқанымды айтып едім, ол: «Сен дұрыс айтпапсың. «Талаптанның көктем-күзде құс келіп, құс қайтқанда ауырып қалатыны бар еді» деуің керек еді» деп, сөз аяғын күлкіге айналдырып жіберді. Біз ақын Нұржан Қуантайұлы екеуміздің барайын деп жатқанымызды айтып едім, «Мен әне-міне шығайын деп жатырмын, әуре болмай-ақ қойыңдар» деген. Содан кейін онымен тағы бір-екі рет телефон арқылы сөйлестім. «Алматы Ақшамының» электронды поштасына газетіміздің Бас редакторы Қали Сәрсенбайдың айтуымен Талаптан «Мұң» атты әңгімесі мен суреттерін салып жіберген екен, ол сол мезетте газетке шықты.

Одан кейін мен Талаптанмен қоштасуға бір-ақ бардым. Бұл ауыр қоштасу еді. Оны Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратындағы мәңгілік ақтық сапарға шығарып салушылардың арасында аз уақыт қана болдым да, шыда- май жылдам кетіп қалдым. Топырақ салуға бара алмадым... Көңілімді содан бері мың бір мұң басқандай болып жүрмін. Жаныңа жаны жақын адамнан айырылу қиынның қиыны ғой, кеудем қайтадан қаңырап бос қалған сияқты. Ол туралы айта бергім келеді, айта бергім келеді. Біздің бірге жүрген кез- дерімізден қалған естелік көп қой, шіркін. Ендігі жерде көңілге соны медеу етуден басқа ештеңе қалмағандай. Өмір ғой бұл...

 

Жардың басы

Мен қосылам, домбыра Талаптанда,

Аздап ауыз тиген соң шараптарға,

Қайтатынбыз қыр асып жаяулатып,

Адам ізі түспеген алаптарда.

Шалқамыздан жатамыз қарап Айға,

Ол біз жаққа қарай ма, қарамай ма,

Жұмысымыз жоқ онда, бәдіктеніп,

Айтысамыз, іргеміз жар андайда.

Айға қарап шағамыз мұңымызды,

Біреу білсе күлер ау мұнымызды.

Әппақ қарда, сірескен сары аязда

Тартқылаймыз тізеге тонымызды.

Терең сайда суық су сылдыраған,

Өзен бойы тік жар еді құлдыраған.

Түн жарымы. Күн суық. Ән саламыз,

Көтереміз көңілді тұнжыраған.

Қолымызда домбыра кезек-кезек

Күмбірлете шертеміз кезеп-кезеп.

Әрбір сөзге зіл батпан жүк артамыз,

Ол өзі бір сөйлейтін кез екшелеп.

Көз ұшында бір-бір үй салынбаған,

Жөн де шығар ол күнді сағынбаған.

Үйдің іші даладай азынайды,

Ұйықтап жатыр сол жерде жарың, балаң.

Жырлағаннан басқа түк қалмағандай,

Үміт алдан күтетін алдағандай.

Бар күдікті бір серпіп тастаушы едік,

Ырыққа әкеп сырықты жалғағандай.

Туған күнім еді ол, біз жырақта,

Тойлап жүрміз көңілді тұнжыратпай.

Әлденеге алаңбыз, кім біледі,

Нені іздеп жатырмыз, кімді таппай?

Бара жатса да беттен суық қарып,

Қызатынбыз біз қайта суып барып.

Бірімізге-біріміз сеп боп жүріп,

Жүректердің жылуын суытпадық.

Содан бері тірлікте қарқын басым,

Талай рет қар алды қардың басын.

Тау жағалап Талаптан кетіп қалды,

Жалғыз қалдым жағалап жардың басын.


Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

ӨЛІМІ ДЕ ҮЛГІ ЖАҚСЫНЫҢ

2005-2009 жылдар арасында 5 жыл бойы ол кісімен бір мекемеде қызметтес болдым. «Әдебиет айдыны» газетінің ашылған күнінен бастап, «жабылған» күніне дейін осы газеттің ыстығы мен суығына бірге күйдік, бірге тоңдық. Әсіресе бұл жауапкершілік бізден гөрі Қазақстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары, газеттің Бас редакторы Талаптан Ахметжанға салмағының ауыр сезілгені рас. Одақтағы өтіп жататын сан алуан шаралар, Алматы, Астанадан асып, халықаралық деңгейдегі жиындар, конференциялар болып жатады. Оған бару, сөз сөйлеу, одан келе қалса, әртүрлі жұмыстармен келіп жататын қаламгерлермен пікірлесу, олардың сөзін тыңдау, тиісті жауабын беру, әкелген материалдарын қабылдау. Ал, редакция ішіндегі басшылық жұмысы... бірінен соң бірі күтіп тұратын... Жалпы тыным болмаушы еді. Ол кісінің отбасылық өмірі мен жеке шығармашылық құпиясын аса біле бермеймін, алайда менің байқағаным, осы жылдар ішінде ол кісінің қаламынан «Қараторғай» Орал, Өскемен театрларында, «Екі жүрек», «Тазша бала», Ғ.Мүсірепов атындағы жас өспірімдер мен жастар театрында, «Сұлу мен суретші» М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылды. Тәкең өз бойындағы қайсар қажыр-қайратын, шығармашылық шеберлігін сахналық еңбектеріне арнады. Соның нәтижесінде үлкен табыстарға қол жеткізіп, еңбегі жарқырады. Режиссер Нұрқанат Жақыпбаев қойған «Сұлу мен суретші» өте бір сұлу шығарма, шынайы өнер туындысы. Ол қазірде көрермені көп, жастардың көзайымына айналған шоқтай жанып тұрған қойылым.

Кезекті бір әңгіме үстінде: «Біраз әңгіме, хикаят, пьеса жаздым, ол еңбегіме  лайықты баға да алдым. Енді бір романның сюжеті даяр, басталуынан шешіміне дейін жадымда тұр. Қандай тәсілмен жазатынымды да ойлап қойдым, тек отыра алмай жүрмін» - деп айтып еді. Сол кесек дүние қолға алынды ма, жоқ па? Ол жағы бізге беймәлім. Мүмкін сол жаңа романын бастай алмаған болу керек, оған себеп, қол байлаған шаруасы шашынан көп болды. Ал, оның арғы жағында дымкәс денсаулығы ылғи да сыр беріп ауырып қала беруші еді. Сонда да ұзақ жатып, үзілді-кесілді емделуге назар аударған жоқ. Қатты қиналып кеткенде ғана доқтырға бармаса, жұмыстан қала беруді де жаны сүймейтін.  «Істегісі келмейтін кісіден, жауапкершілігі жоқ адамнан жұмыс өзі қашады. Ал, ұяты бар адамды жұмыс іздеп келіп, өзі табады» - деуші еді.

Кейде ойлаймын, ең болмаса екі-үш айға жұмыстан босап, әлгі жазбақ болған романын бастағанда бітіріп кетер еді деп. Онда не айтқысы келді екен? Ол жағы бізге сырлы қалпында Тәкеңмен бірге о дүниеге сырғыды... Себебі, Тәкең, мұнда ағасы Нұрлан Оразалинді жалғызсыратқысы келмеді, сол асыл ағаның қашанда қасынан табылды. «Әдебиет айдынын» құлазытқысы келмеді. Кеменің капитанындай ылғи да биіктен қарап тұрды. Соның бәрі денсаулыққа кері әсер етпей қойған жоқ. Тура келген ажалға ешкім араша болмасы белгілі, десе де, себебі көп болды-ау!

Талаптан Ахметжан редактор болып тұрған кездерде газетте не өзгешеліктер болды? - деген сұрауға әркім әр түрлі жауап берер, мен өзім ол кісінің жанында жүргендіктен көзім жеткендерін санамалап көрейін.

1. «Әдебиет айдыны» Қазақстан Жазушылар одағының үні, Айдындағы ақ желкені болды. Ол тұста «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» секілді басылымдардың басқа мекеменің құзырында одаққа бағынбай кеткен кезі еді. «Әдебиет айдыны» ақиқат айнасын жұртқа жария етті. Шындықтың шырайын ашты. Соңғы нәтиже: «Айдын»  қайық секілді «Қазақ әдебиетін» арғы жағадан бергі жағаға арқалап өткізді де, өз миссиясын орындап, тарихи борышын адақтап «Қазақ әдебиеті» деген қара арбаға таңылып (Қазір қосымша ретінле «Қазақ әдебиетінде» жалғасып жатыр) алыстарға жол алды.

2. «Әдебиет айдыны» есігі ашық оқырманға етене жақын, авторларға еркін және бүкпесіз жылышырайлы газет болды. Ол ешкімді алаламайтын, бар қазаққа бір қазақтай көз салып, құлақ қоятын ізгі қасиетін көрсетті. Оны төрт жылғы тігіндіні парақтаған оқырман бірден байқайды. Жалпы газет ұлт рухын ту ету позициясынан айнымады.

3. Жастармен қоян-қолтық қызмет ете білді. Университет аудиториясындағы студент шығармашылығынан тартып, еңбегін елге қалай жеткізудің жолын таппай жүрген жас таланттарды тани білді, тағдырына аз да болса оң ықпалын тигізуге көмек қолын созды. Әрине, өзге басылымдар да қарап қалған жоқ. Дегенмен «Әдебиет айдынына» жас қаламгерлер үйірсек болды. Және олар өзіне қанағаттанған жауаптарын еркін отырып алды ғой деп ойлаймын.

Кешегі сарыауыз балапан, бүгінгі ақпараттың сайыпқырандары, ақын, жазушы болып жүрген бір шоғыр тебінді, тегеурінді қаламгерлердің сәт сапары осы арадан басталып еді десек артық айтқандық болмас еді.

4. Газетіміздің міндеті имандылықты насихаттау болмаса да, әр айдағы төрт санының бірінде мұсылмандықты түйін еткен кемінде бір материал шығып отырды. Ашық цензура, қатаң шектеу болмаса да, заң арқылы бекітілген зайырлы мемлекетте бір дінді айта беру де айып саналатыны шындық. Дейтұрғанмен, қазақ халқы мұсылман, оның үстіне діни бостандық құқы тағы бар, ендеше, Ислам туралы айтуға толық мүмкіндік бар деген сөз.

Кейбір газеттер жыл бойы иман туралы бір ауыз жылы сөз жазбай жүргенде «Әдебиет айдыны» ондаған материал жариялап, оқырмандары мен қаламгерлер арасында жаңалық алып келді. Жүрек тазалығы арқылы ақиқаттың ауылын іздейтін ізгіліктің рухын жеткізіп отырды.

Бұларды жіктеп-нақтап жазып отырғаным - газет әйтеуір көп газеттің бірі болмады, оның ұжымы ұйымшыл, қызметкерлері бауырмал, бір-бірінің қуанышына да, жұбанышына да ортақ болып жүрді. Халал дастархандар жайылып, «қайырлы болсын!» айту дәстүрге айналған болатын. Осының бәріне ұйтқы болып Тәкең тұрушы еді. Редакторымыз рұхсат еткендіктен, өзі дем беріп жолға қойғандықтан, біздің ұжымнан сондай көркем мінез, көңілді орта қалыптасты. «Жақсының шарапаты» деген осы шығар.

Сол әдетіміз бойынша 16 желтоқсандағы Талаптан Ахметжанның туған күнін биыл да атап өтіп, ол кісіге құран бағыштадық. Өкініштісі сол: бетпе-бет отырып тілек айтудың орнына, рухымен сырласып, ақыретіне жақсылық тілеп дұға бағыштадық. Қазір «Әдебиет айдыны» мекемесі таратылғанымен, оның орнында құрылған «Ан Арыс» баспасы жұмыс істеп жалғасып келеді. Жалпы жүректегі «айдын» суалған жоқ. Ылғи да хабарласып, сөйлесіп, бас қосып тұрамыз. Редакторымыз әлі де Талаптан Ахметжан.

Газет болған соң, қарбаластық, қайнаған қызу жұмыс жүріп жататын. Бірде белгілі бір дін тақырыбындағы сұхбатта «Біздер қажылыққа баратын азаматтарға барлық іс-амалдарды үйретеміз» деген сөз, бөлім редакторының қолынан өткенде «Біздер қажылыққа баратын азаматтарға барлық ғибадат (дұрыс еді) амалдарды үйретеміз» болып өзгертіледі. Ал, терушіге барып, онан корректордан өткенде әлгі сөз «Біздер қажылыққа баратын азаматтарға барлық ғайбат (өрескел қате) амалдарды үйретеміз» болып өзгеріп кетеді. Оны үстінен қараған кезекші редактор байқамай қалып, байқаса да түсінбей қалып, газетке шығып кетті. Ертесіндегі жағдай белгілі, шу басталды. Бірі - Ғибадат - сауапшылық, ізгі амал, Аллаға жақындаудың жолы. Енді бірі - Ғайбат - барып тұрған күнә, сыртынан сөйлеу, өсек, жала, арандату секілді теріс әдет. Алла алдында айыпқа бату, ұятқа қалу күнәһар болу. Үндестігі жақын болғанымен, бір-бірінің антонимі. Редакцияға телефон қоңыраулары түсіп жатты. Мекемеде шұғыл жиналыс ашылды. Іс басында мен жүргендіктен, әрі Талаптан Ахметжанның орынбасары болған соң, жауапкершіліктің бір басы маған да тиді. Қарсылықсыз қабылдадым. Оның үстіне дін туралы материалдарды даярлап беріп жүргендіктен, мойныма алдым. Келесі номерде түзету енгізіп, Қазақстан мұсылмандарынан кешірім сұрадық. Мұны айтып отырғаным - сол жолы Тәкең мені оңаша шақырып: «Дәулетбек, міне, абайсыздықтан үлкен қателікке ұрындық. Бұдан былай дін тақырыбына байқап барсақ, тіпті қоя тұрамыз ба?» - деді. Мен ол кісіге: «Тәке, қателік жіберуіміз ұят болды, біздің қызметкерлердің арасында әлі де «ғибадат» пен «ғайбатты» ажырата алмайтындар бар. Мұның өзі тұтас ұлтымыздың ортақ ауруы. Яғни, иманнан алыс, діни сауаты төмен. Қателік болды екен деп, кідірудің орнына қайта имандылықты насихаттайтын танымдық материалдарды көбейтейік. Жұрт қалай ойласа да мейлі, ең бастысы - Аллаға деген ниетіміз түзу. Алған бетімізден қайтпайық. Сіз редактор болған кездегі газет беті тура жолды жеткізуге арналса, ол үлкен мәртебе» - деген мазмұнда ойымды ашық айттым.

Тәкең екеуміз осы ойға тоқтап, араға бірнеше номер салып жіберіп, дәстүрлі имандылық тақырыбын жалғастыра бердік. Осының өзін Алланы сүйген ақ көңіл азаматтың ізгі амалы деп білемін. Ол үшін Алла Тағала сауапшылық етері сөзсіз. Менше артынан тоқтаусыз баратын амалдардың бірі осы болу керек.

Бірге істеген кездерде Тәкеңнің маған және менің қатарымдағы азаматтарға жасаған оңды ықпалы, тәлім-тәрбиесі, ұстаздықтың үнсіз өнегесі әрдайым алдымыздан шығып, өз әсерін тигізіп отыратын. Кішкене ғана алақандай хабар-ошар жазудан, көлемді мақалаға дейін ол кісінің қырағы көзі, қисынды қаламынан таса қалмаушы еді. Айғай-аттан,  қырып-жою атымен болмайтын. Ақырын ғана көрсетуші еді. Бәрін көзімен, бірер ауыз қонымды сөзімен білдіріп отыратын. Сондықтан да ол кісінің қарамағында жұмыс істегендер өшігіп кетудің орнына, қимай, қиналып қоштасатын, әрі уақыт өте келе жиі келіп тұратын.

Тәкең мойнына алған міндетті өзі орындап шығатын. Әлде бір бастықтар секілді қол астындағыларға итере салып, сырғыта өткізіп, сүйреп салып қоразданып отыруды білмейтін. Өзінің тастай тындырымды жұмысы арқылы көрініп отыратын. Және онысына ешкімнен ақы да сұрамайтын. Ауырып жүрген кезінің өзінде «Алтын қалам» сериясымен шыққан М.Әуезовтың бір томдығына құрастырушы редактор болып, әрбір бетіне дейін қолын қойып, қадағалап түзетіп, үтір, нүктесіне дейін назар аударып баспаға өткізді. Түрік ойшылы, исламтанушы ғалым Фетхуллаһ Гүленнің «Баян» кітабының қазақша аудармасына редактор болып, діни тақырыпта сауапты жұмыс атқарды. Сол кітап қазір оқырмандардың іздеп жүріп оқитын еңбегіне, ақын-жазушылардың жан азығына айналды. Маған соңғы тапсырмасы: Жүсіпбек Айтмауытовтың «Қартқожа» романының редакциясын қарап шығуымды және Ғабиден Мұстафиннің «Көзкөрген» романының құрастырушы редакторы болуды тапсырды. Өз әлімше орындадым ғой деп ойлаймын. 2009 жылы тамыз айында Жазушылар одағы тарапынан Түркияға баратын делегацияның құрамына ол кісі мені де қосты. Біз 8 күн жүріп, Алматыға оралған күннің түнінде Талаптан аға бақи дүниеге аттаныпты. Оны білетін күллі қазақ баласы ол кісіні Кеңсайдағы мәңгілік мекеніне шығарып салуға тура келді.

Қазақстан Жазушылар одағында жүріп, біраз істерге куә болдым. Өмір болған соң, той-думан, өлім-жітім алма кезек. Бақилық болған ағалар мен апалардың біразының қоштасуы Одақтың Әдебиетшілер үйінде өтеліп жатты... Сонда кейбіреулері рәсім үшін атқарылып жатқан шаралар екенін де байқайтын едім. Өйткені көңіл айта келген кісілерді былай қойғанда,  марқұм болған адамның жақындарының көзінен де жас тамбаушы еді. Ал Талаптан ағаның қазасы оны білетіндердің денін шын қайғыртты, езілтті, егілтті, жанардан жас парлатты. Жүректі толқытып, қимастық сезімге бөледі... Тәкең атаға - бала, ағаға - іні, ініге - шынайы аға бола білген пенделік дүниенің заттық материалына емес, адамдардың руханият әлеміне қызмет еткен азамат еді. Пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с.) көркем мінезіне барынша мұрагер бола отырып, адамдарға қызмет етті.  Жүректерге жылу таратты. Сондықтан да: «Көтерген туың жығылмай,

Жақсы өліпсің япырмай» - деп Абай атамыз айтқандай, жақсы өмір сүре білген, бейнетті шығармашылығы арқылы мол өнер туындысын артына қалдырып, жарық дүниемен де жақсылап қоштаса білген, өмірімен ғана емес, өлімімен де өнеге көрсетіп кеткен санаулылардың сапында.

«Ғұмырың қысқа болса да,

Жұртыңа шаштың нұрыңды.

Үйретіп кеттің баршаға,

Өмірді қалай сүруді» - деп ақын Ұлықбек Есдәулет жырға қосқандай, «Біз өтірік айта білеміз. Ал ол айтпайтын. Айта да алмайтын» - деп досы Бауыржан Омарұлы жазғандай айтулы азамат еді. Оған бес жыл бірге жұмыс істегенде көзім анық жеткенін айтқым келеді. Сол себепті ол кісі дүниеден өткенде мен де шағын ғана жыр толғап едім. Сол шумақтармен сөзімді аяқтайын:

Білінген жұртқа бір бетпен,

Өмірі жайнап нұрлы өткен.

Дархан даламыз сияқты,

Көз алдымызда тұр көктем.

Күндерін босқа оздырып,

Өтпеген әсте дүрмекпен.

Өзгенің жанын жаралап,

Кезі жоқ көңіл кірлеткен.

Ардақты болған тірлікте,

Қиналмай өмір сүрмек кең.

Ажалы жетсе Аллаһтан,

Шығарар елі құрметпен.

Болсын деп жаның жәннатта,

Топырақ салар бір кетпен.

Жүрекке ұйып иманы,

Амалы серік бірге өткен.

Өлімі де үлгі жақсының,

Ерте ме, кеш пе бір жеткен...

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

сәуір, 2010 жыл

 

 

Көңілдердің көпірі

Ғұмырында уақытын мағыналы да мәнді өткізетін адамдар бар. Олар әр сәтінің, әр секундының қадырын біліп, үлкен күш-қайратпен, қажырмен еңбек етіп, үнемі шығармашылық ізденісте жүреді. Сонымен қатар қандай күндерді бастарынан кешірсе де, қуанса да, қиналып, мұңайса да, қызметте мерейі өсіп, жоғарыласа да, болмаса қарапайым жай қызметкер болып қалса да өзгермейтін, үмітсіздікке салынбай, тек алға қарай талпынып, бірқалыпты күймен, көңілмен жүретін жандар арамызда аз болса да, бар. Қуанып, шаттанғанда асып-тасып кетпейтін, қайғы мен қиындықтар басына төнгенде асып-саспайтын, қашан көрсең де бір мінезінен айнымайтын сондай адамдар көпке үлгі.

Осындай бірқалыпты өмір сүрген жақсы жанның бірі жазушы, драматург, ұлағатты азамат марқұм Талаптан Ахметжан еді. Бойында адамгершілігі мол, парасатты жанның жүрегі жұмсақ, көңілі сахарадай кең болатын.

Талаптан ағамен мен студент кезімде таныстым. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде оқып жүргенімде ол кісі «Парасат» журналында қызмет етіп жүрген еді. Журналға менің өлеңдерімді бірнеше рет басты. Бас редактор Баққожа Мұқайды іздеп барғанда Қалихан Ысқақтың әңгімесін тыңдап, Әмірхан Балқыбектің жаңа өлеңдерін естіп, бір марқайып, көңіліміз көтеріліп қайтушы едік. Сол кездерде Талаптан Ахметжан үнемі жұмыс үстінде, қызу еңбек үстінде болатын. Сөйлегенде мейірімін төге, күлімсіреп тұратын, сенің барлық сөздеріңді байыбына жетіп, соңына дейін тыңдай алатын адамға қызыға қараушы едім...

Күндердің күнінде мен Қазақстан Жазушылар одағына әдеби кеңесші болып қызметке келдім. Талаптан аға төрағаның орынбасары екен. Жазушылар одағынан «Әдебиет айдыны» деген әдеби газет ашылып, бас редакторы болып Талаптан Ахметжан тағайындалды. Ол кісі енді екі жұмысты да қоса атқаратын болды.

Талаптан аға Жазушылар одағының барлық жұмыстарына асқан жауапкершілікпен кіріскенін көзім көрді. Төрағамыз Нұрлан Оразалиннің тынысы, інісі бола білді. Төрағаның берген тапсырмаларын үлкен ыждағатпен орындайтын. Бізге тапсырма, жұмыс бергенде алдымен оны түсіндіріп, жөн сілтеп, содан кейін асықпай отырып пікірімізді сұрайтын. Тапсырманы орындаған, орындамағанымызды қадағалап, жұмысты талап ететін. Жұмыста өте талапшыл болды. Өзі де сол биіктен табылды, басқадан да соны талап етті.

Бірде мен кезекті жұмыс барысында бастықтардың бірінен сөз естідім. Басымнан сөз асырмайтын «асау» шағым. Қызбалықпен мен де бірдеңелер айтып қалдым, білем...

Ертеңінде Талаптан аға мені бөлмесіне шақырып, басшыларға олай сөйлеудің дұрыс емес екенін, жұмыс барысында ондай-ондай мәселе болып тұратынын, ел сыйлайтын адамдарға құрметпен қарау керек екенін түсіндірді. «Әлі-жассың ғой, әлі талай жерлерден өтесің, сол кезде білуің тиісті нәрселер», - дегені әлі күнге көкейімде, жадымда. Маған ондай ағалық ақылын айтатын адамнан айналайын... Маған жұмысқа уақытында келіп, уақытында қайтуды үйреткен, айтқан сөзді орындау керек екенін, ал орындай алмайтын істі жауапкершілігіңе алмау керек екенін де осы ағам үйреткен болатын.

«Әдебиет айдыны» газеті біраз жыл шығып, кейін одаққа «Қазақ әдебиеті» газеті қайтып келген соң, қосылып кетті. «Әдебиет айдыны» газеті өткен тарихқа, мұрағатқа көп мән берді. Ұмытыла бастаған фотосуреттер, ұлы тұлғалардың жасаған баяндамалары мен мақалалары жас ұрпақпен қайта қауышты. Нұрлан ағамен бірлесіп Талаптан аға газетті өте жоғары деңгейде шығарды. Газет редакциясына қызметкерлерді де жақсы таңдап алды. Жарас Сәрсек, Алмат Исәділ, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Дәлелбек Батыр, Кенжеғазы Айтжұманұлы сияқты азаматтар бар қажыр-қайраттарымен еңбек етті. Бас редактордың бойындағы жылылық пен мейірім, көркем мінез бұл жігіттердің бойынан да көрініс берді. Ақын-жазушылардың барлығы бұл газеттің редакциясынан риза болып, желпініп шығатынын, көтеріңкі көңілмен қайтатынын көзім көрді. Талаптан аға да, қарамағындағы қызметкерлері де адаммен сөйлесіп, қарым-қатынас жасай алатын, кісінің жан дүниесін айтпай түсінетін жандар еді. Бүгінде Талаптан ағамыз арамызда жоқ, бірақ «Әдебиет айдынының» үлкен мектебінен өткен басқа жігіттердің барлығы әр салада еңбек етіп, абырой биігінен көрініп келеді.

«Әдебиет айдыны» газетіне ақын Серікжан Қажи екеуіміз де көмектестік. Жазушылар одағынан шығатын газет болғандықтан, біз де материалдар ұйымдастырып, сұхбаттар алып, кезекшіліктерді атқардық. Талаптан аға менің Қасым Қайсенов пен Марфуға Айтхожинамен, Айгүл Иманбаевамен араласуыма жол ашты. Осындай адамдардан сұхбат алуды тапсыратын. Сұхбат алу барысында ол жандармен арамыз жақындайтын, біріміз әке, біріміз бала болып, біріміз ана, біріміз ұл болып, біріміз замандас, біріміз дос болып кететін едік. Міне, Талаптан Ахметжан осындай адамдардың жақындауына әсер етіп, көңілдердің көпірі болып жүретін.

Бір күні мені Талаптан аға жұмыс кабинетіне шақырды. Кірсем, бір апай отыр алдында. Таныстырды. Апай дегенім Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі Құмарова Шарайна Файзуллақызы екен. Мені апайға «қазіргі жас ақындардың мықтыларының бірі» деп өсіріңкіреп айтып таныстырды. Сол күні маған енді осыдан былай сен осы кітапханаға көмектесіп тұрасың, «Шабыт» деген жас ақындар клубына жетекші боласың, одақтың атынан кітапханамен байланыс жасайтын жауапты адам боласың деп тапсырды. Содан бастап бірнеше жылдардан бері мен ол кітапханамен етене тығыз қарым-қатынастамын. Көптеген жас ақын-жазушылардың ол кітапханада кітаптарының тұсаукесерлері, шығармашылық кеш, кездесулері өтті. Кітапхананың «Шабыт» клубы көптеген жас таланттардың жарқырап көрінуіне мұрындық болды. Клубтың жұмысы бүгінде де қарқынды түрде дамып келеді.

Міне, Талаптан Ахметжан осындай іргелі істердің ұйытқысы, бастамашысы болды. Адамдар мен адамдардың арасын жалғайтын алтын желі еді.

Талаптан аға өмірден ерте аттанып кетті. Өтірік айтпайтын, шыншыл, әділетшіл, еңбекқор дарын иесі ортасына сыйлы болатын. Ауырғанын көп ешкімге сездірмеді. Жайдары, жайсаң күйінде өмір сүрді, сол қалпында бақиға да аттанды.

Жаныңыз жәннәтта болсын, ардақты аға! Алла ұрпақтарыңызға бақытты да ұзақ ғұмыр берсін!

Саят Қамшыгер,

Ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371