Сенбі, 23 Қараша 2024
1022 0 пікір 20 Наурыз, 2023 сағат 18:41

Ұрпағымыз не көріп, немен азықтанып жүр?

Мемлекет басшысы қойып отырған басты талап – қазақ тілін дамыту. Осыдан екі-үш жыл бұрын балалар мен жасөспірімдер арасындағы ең өзекті мәселе – қазақтілді контенттің жоқтығы еді. Қазіргі таңда бұл олқылықтың орны толып келеді. Өткен жылы ғана бәрімізге танымал әлемдік «Tiji» мен «Nickelodeon» телеарналары қазақ тілінде көрсетіле бастады.

«Қазақстанның әлеуметтік даму институты Nickelodeon және TiJi арналарына тоқталмас бұрын 2020 жылы ата-аналар арасында арнайы сауалнама жүргізді. Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан 15 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарымен сауалнама жүргізілді. Негізгі тақырып «Қазақстандағы балалар теледидары» болды. 1200 респондент қатысқан сауалнама негізінде теңдестірілген нәтиже алынды. Яғни қорытыншы бойынша, балалардың 44%-ы ақпаратты интернеттен, 44%-ы – теледидардан алады, көбінесе бұл анимациялық фильмдер. Мәселен, «Балапан» қазақ арнасының контенті 0 мен 6 жас аралығындағы балаларға арналған. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балалар бұл мазмұнға қызығушылық танытпайды. Осыған орай, «Балалар арасында қандай халықаралық телеарналар сұранысқа ие?» деген екінші зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде Nickelodeon және TiJi арналары, сондай-ақ ресейлік Мулт арнасы алдыңғы қатарға шықты. Осы нәтижелер негізінде 2021 жылы Nickelodeon және TiJi арналарымен келісімшарт жасалды. Бір жыл ішінде мазмұны қазақ тіліне аударылды. Ал, 2022 жылы Балалар жылында бұл арналарды кабельдік операторлар қазақ тілінде тарататын болды», – деп мәлімдеген еді институт төрағасы Қазыбек Майгелдінов.

Иә, бұл телеарналардан бөлек заман ағымына сай YouTube желісінде қазақтілді контенттер көбейіп, бәсекелестік арта бастады. Солардың бірі былтыр «Қоғамдық келісім» РМУ балаларды қорғау күніне орай «Қазақ халық ертегілері» және Khancast жобаларын ұсынды.

Біріншісіне әртүрлі этностардың фольклоры жатады: жануарлар туралы ертегілер, тұрмыстық және қазіргі заманғы ертегілер.

Бұл жоба туралы «Қоғамдық келісім» РМУ директоры Ғалымжан Құсманғали:

«Өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қазақстан халқы ертегілері» жобасы жүзеге асырылды. Онда Қазақстанда тұратын 25 этностың 100-ден астам ертегісі бар. Бірақ таралымы небәрі төрт мың дана болған. Егер қаласаңыз, оларды кітап дүкендерінен сатып ала аласыз, бірақ біз барлық балаларды қамту мүмкін емес екенін түсінеміз. Сондықтан қазақтілді контентті көбейту үшін оларды YouTube үшін бейне форматта жасау идеясы туындады. Екінші жағынан, балаларды жастайынан халқымызға жақын құндылықтармен таныстыру. Көп шығын кеткен жоқ. Бәрі жанашыр жандардың көмегі арқылы жүзеге асты», - деді.

Ғалымжан Құсманғали балаларға арналған мемлекеттік тілде лайықты контенттің  жоқтығына алаңдаушылығы осы идеяның тууына алып келгенін атап өткен еді:

«Мені ата-ана ретінде бізде балаларға арналған мемлекеттік тілдегі сапалы контенттің жеткіліксіздігі алаңдатады. Өз балаларым YouTube арнасынан кез келген нәрсені көреді, бірақ қазақтілді контентті емес. Өйткені бізде балаларға арналған қазақ тіліндегі жақсы контент жоқ», - деді ол.

Балаларға арналған контенттің жетіспеуінен жаңа жобаны дүниеге әкелген жандардың бірі – Әйгерім Исатаева. Қазақ тіліндегі материалдың жоқтығы оның жүрегін ауыртып,  мәселені шешуге мүмкіндік берді. Ол қазақ тіліндегі балаларға арналған түрлі материалдарды іздегенін сағынышпен еске алды.

«Мен қазақша материалдарды іздей бастағанда, мынандай нақты мәселеге тап болдым. Қазақша контенттің  бәрі сақталған бірде-бір платформа болған жоқ. Маған ескірген веб-сайттардан ертегілерді оқуға, жазылған балалар әндерінің компакт-дискілерін іздеуге және салт-дәстүрлер туралы ауызша немесе табылуы қиын кітаптар арқылы білуге ​​тура келді. Мен немесе балаларым қазақ тілін тез әрі жақсы меңгеру үшін оған толықтай еніп кететін қолжетімді және жақсы дереккөздерді таба алмадым», - деді жоба авторы.

Сапалы қазақ фольклорлық мазмұнына қаныққысы және «экран уақытын» мағыналы пайдаланғысы келетіндер үшін Qonzhyq қолданбасы заманауи қазақ және дәстүрлі музыканың кең жинағын ұсынады, қазақ фольклорының барлық туындыларын бір жерге жинайды және қазақ тіліндегі жүйелі фольклорлық мұрағаттың жоқтығын, халықтық фольклор мәселесін шешуге тырысады, - дейді қосымшаның негізін қалаушы Әйгерім Исатаева.

Qonzhyq қолданбасы – заманауи және дәстүрлі қазақ әндерін, халық ертегілерін, қазақтың дәстүрлі музыкасын – күйлерді, өлеңдерді және тіпті Абай Құнанбаевтың «Қара сөзін» - барлығын смартфоннан алуға болатын, сонымен қатар қазақ тілін жүріп үйренгісі келетін пайдаланушылар үшін керек мәліметтерді қосатын платформа.

Исатаева орыстілді мектептерде білім алған көптеген қазақ ата-аналары сияқты қазақ тілінің өркендеп, өз балаларының  үйде еркін сөйлегенін қалайды.

«Балалар өсіп, әлемді тереңірек танып-білген кезде, менің басты мақсатым – оларды халық ертегілерін оқу, халық әндерін айту және сүйіспеншілікті насихаттайтын тиісті дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтау арқылы біздің бай мәдениетімізбен таныстыру», - деді автор.

Бұдан өзге «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» қазақша дубляж жобасын айтсақ болады. Әрине, мұндағы контент тек балалар мен жасөспірімдерге емес, ересектерге де арналған. Десек те Disney, Pixar сияқты алпауыт компаниялармен келісімге отырып, 37 туындыны қазақша сөйлету –  қазақ дубляжы үшін үлкен жетістік саналады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434