Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Ақмылтық 2303 2 пікір 10 Сәуір, 2023 сағат 12:25

Біз көрмеген «әділ» сайлау...

2023 жылғы 19 наурызда президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан дегеніміз - Әділетті Қазақстан» атты ел билеу концепциясын жүзеге асыру үшін жасалған саяси реформалардың соңғы пакеті ретінде Мәжіліс және мәслихат сайлауы өтті. «Бұл сайлау әділ өтті ма?» деп сұрақ қою мүмкін кейбіреулерге күлкілі шығар. Бірақ, сайлаудан соң бұл реткі сайлаудың қалай өткені туралы көзқарас екіге жарылды. Президент Қ.Тоқаев: «Бұл жолғы сайлау ашық, әділ, бәсекелі өтті» деп айтса, сайлауға қатысып, жеңіске жете алмаған тәуелсіз кандидаттар, тәуелсіз бақылаушылар мен қоғам белсенділері «Халық парламент» атымен жиналып сайлаудың әділ өтпегенін, қайта сайлау өткізу керектігін мәлімдеді. Жиналыста тағы: «Бұл реткі сайлау әділетті Қазақстанның жаназасын шығарды» деген ашшы пікір де айтылды.

Тек әділ сайлау болғанда ғана әділетті қоғам құруға болады. Капиталистік саяси жүйеде әділеттілікті қалыптастырудың бұдан басқа балама жолы жоқ. Бұл аксиома. Сонда бұл сайлау зәйірі әділ өтті ма, жоқ?

Сайлаудың әділ өткен-өтпегенін сараптауда екі түрлы тұрғыдан ой жіберуге тура келеді. Бірі логигалық тұрғыдан талдау жасау болса. Екіншісі нақты заң бұзушылық фактілерге сүйеніп талдау жасау.

Бұл жолғы сайлаудың әділ өтуіне бұдан бұрынғы сайлаулардың қалай өткені қатты ықпал етеді. Бұдан бұрынғы сайлаулар әділ өтті ма? Сайлаудың әділ болғандығының ең басты белгісі сайлаудың бір-біріне балама бола алатын, салыстырып бағалауға болатын саяси тұлғалар арасындағы өтуі. Үміткерлер осылай болғанда ғана сайлаушыларда таңдау мүмкіндігі болады. таңдау мүмкіндігінің болуы бәсекені күшейтеді. Бәсекенің күшті болуы таза сайлау өткізудің қажетті инстурменттерді жандандырады, күшейтеді.

«Күшті Президент» идеясымен басқарылып келе жатқан Қазақстанда әділ сайлаудың басы президент сайлауынан басталады. Біз Назарбаев президент болған тұста соңғы жирма жылдағы президент сайлауында Н.Назарбаевқа қарсылас бола алатын саяси салмаққа ие тұлғалардың президент сайлауына түскенін көре алмадық. Кезінде Н.Назарбаев президент әкімшілігінің жетекшісі болған Әлихан Байменов Н.Назарбаевқа кезекті өткелі отырған президент сайлауына Әкежан Қажыгелдинді қатыстыруды ұсыныс етеді. Бұл президенттілігіңіздің легитимділігін арттырады деп кеңес береді. Басында бұл ұсынысқа мақұл болған Н.Назарбаев кейін айнып кеткен. Бұдан біз Н.Назарбаевтың сайлауда кімнің өзіне қарсылас болатынын өзі бегітетінін, өзіне күшті қарсылас, балама кандидат бола алатын салмағы бар тұлғаларды сайлауға жібермейтінін анық көреміз. Мұндай сайлауда сайлаудың әділ өтпегенінің белгісі ретінде Қазақстанда сайлау сайын болатын, халық шулап қалатын, топтап бюллетень тасталды, тәуелсіз бақылаушылар қуылды. Хаттама уағында берілмеді. Сайлау заңына қайшы келгенін дәлелдейтін видо айғақтар болса да, сот арызды тіркеуден себепсіз бас тартты деген фактілерді келтіріп сайлаудың әділ өтпегенін дәлелдеудің өзі басы артық шаруа.

2019 жылы маусымда өткен президент сайлауында Қ.Тоқаевтың қалай жеңіске жетгені көпке мәлім. Сайлау арқылы билікті өзгерткісі келген халық қатты белсенділік көрсетті. Халық өз дауыстарын қорғау үшін билікге қарсы шығуға дайын болды. Қақтығыс туылып, қан төгілуден алаңдаған Ә.Қосанов жеңілісін ерте мойындап, масқара болды. Бұл сайлау «Қосанов синдромы» деген атпен тарихта қалды.

2020 жылы сайлау заңына өзгерістер енгізілді.  Аталмыш өзгерістер сайлауды әділ өткізу үшін делінді. Бірақ, 2022 жылғы президент сайлауы балама кандидатсыз өтті.  Демек кешегі сайлауға дейін Қазақстанда әділ, таза сайлау өткен жоқ. Сондықтан сайлауды ұйымдастырушылар әділетсіз сайлау өткізу әдетін, мәдениетін қалыптастырып алды. Осындай жағдайда әділ сайлау өткізу үшін билік не істеуі керек? Президент Қ.Тоқаевтың сайлау алдында: «Бұл жолғы сайлау әділ өтеді», - деген бір ауыз сөзімен сайлау әділ өте ме? Жоқ! Сондықтан әділетсіз сайлау өткізіп қалыптасып қалған сайлау жүйесын дұрыстау үшін билік нақтылы әрекет етуі керек еді. Бірақ, билік бұл жолы ешқандай нақтылы әрекет жасамады. Жасамақ тұрмақ, тіпті, азаматтық қоғам өкілдерінің  орталық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерінде сайлауды қалай ұйымдастыру туралы «Ашық  сабақ» өтіп берсін, сайлау комиссияларының төраға, төрайымдары сайлауды әділ өткізу үшін «Ант қабылдасын» деген ұсынысына жауап та бермеді. «Ақжол» партиясының сайлау учаскелері бейнебақылау камераларымен жабдықталса деген ұсынысынан Сымайылов үкіметі қажетсіз деп бас тартты. Билік тарабының бұндай  әрекетсіздігі  сайлау комиссияларына бұрынғы әуенге баса беріңдер деген анық сигнал болды. Бұндай жағдайда әділ сайлау туралы сөз айтудың өзі қивн.

Бұл жолғы сайлауда да сайлау комиссияларына жаңадан тіргелген екі партияның мүшелері тартылмады. Бұл сайлау заңындағы заңдылық сақталмағандығын көрсетеді. Заң тұрғысынан осы заңсыздық бұл сайлауды заңсыз деп тануға жеткілікті. Желіде видеосы өріп жүрген күлкілі заң бұзушылық фактілерді бұл жерде тізбелеп жату қажетсіз болар. Бұл сайлаудан бұндай шектен шыққан бассыздықты көрген Мәжілістің биыл тараған шақырылымның депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Берік Дүйсенбинов: «Бұрынғы сайлаулар дауысты ұрлау болса, бұл жолғы сайлау дауысты тонау болды», - деп салды.

Біз жағдайды толық зерделей келе бұл жолғы сайлау әділетсіз сайлау болды, сайлауды заңсыз деп тануға толық негіз бар деп анық айта аламыз.

Ағыбай Әкбарұлы

Abai.kz

2 пікір