Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 2973 13 пікір 12 Сәуір, 2023 сағат 12:29

Халыққа қашан қайрыласыз, Смайылов мырза?

Сәуір айының 11-і күні кешке таман ҚР ІІМ-ге қарасты Астана қаласының Полиция департаментінің арнайы жасағы Жаңаөзеннен елордаға әділдік іздеп барған жетпістен астам мұнайшыны күштеп ұстап алып кетті.

Осынау жайттан құлағдар болған Жаңаөзендегі бірқатар мекеме жұмысын тоқтатты. Бірнеше сағат ішінде Жаңаөзен мен Ақтау қаласының тұрғындары алаңға ағын судай қаптады. Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданындағы Жыңғылды ауылының отыздан астам тұрғыны да, Орал қаласындағы белсенділер де – жалпы жағдайға бей-жай қарай алмайтын ел азаматтары Қазақстанның қиыр-қиырынан жаңаөзендіктерді қолдайтынын білдіріп, «оларды босатсын», «қудаланбасын», «қойған талаптары орындалсын», деп талап қойды.

Бұдан бір апта бұрын тұрақты жұмыс сұраған жүз қаралы жан Жаңаөзен қаласындағы «ӨзенМұнайГаз» АҚ кеңсесінің алдына жиналған. Сәуір айында жұмыссыз қалған, алды он жылдан астам тәжірибесі бар мұнайшылар мен кәсіби мамандар бірнеше рет видеоүндеу жолдады.

Сондай-ақ, тендер өткізу тәртібіндегі «тәртіпсіздіктерге» де наразы екенін ашық айтты. «ӨзенМұнайГаз» компаниясы директорының орынбасары Ермек Қарамұрзаев топ алдына шығып, әдеттегі риториканы қайталады: жұртты сабырға шақырды да, тендер ұтқан мекеменің жұмысқа қабылдайтынын жеткізді. Мұнайшылар болса еңбек шарты мен қауіпсіздік мәселесінің шешілмегенін алға тартып, аталған мекемеге барудан бас тартты. Бұған қоса, тиісті органдар мәселені шешпесе, Астанаға баратындарын да ескерткен еді.

Ақыры сәуір айының оны күні Астанаға жетті, Энергетика министрлігінің алдына барды, наразылықтарын айтты, видеоүндеу жолдады. Ал құзырлы органдар бұл пикетті заңсыз деп, тарауларын сұрады. Басқа барар жері жоқ екенін айтқан жаңаөзендіктер сол күні министрліктің алдына түнеп шықты. Ертесіне мәжілістің үш депутаты – Ермұрат Бапи, Мақсат Толықбай, Ринат Заитов Энергетика министрлігінің алдындағы наразы топқа барғанымен, мәселені шешу мүмкін болмады. Сол уақытта Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев журналистерге Ресей тілінде: «Бұл – ұйымдасқан пикет, Олардың мақсаты – өзіне назар аударту. Далада түнеу – олардың қалауы. Менің түсінуімше, акция назар аудартып, ажиотаж жасауға көбірек ұқсайды. Сіздер олардың алдына барғаным мәселені шешеді деп ойлағаныңызбен, Энергетика министрлігінің алдына жиналған қауым олай ойламауы мүмкін. Керісінше ушығып кететін шығар?», – деді.

Әрине, Мемлекеттік тілде сөйлемесең, қарапайым халыққа шікірейіп, төбеден қарасаң, ушығып кететіні анық. Ушықты да, бірақ, Сәтқалиевтың барғанынан емес, барып жұрттың жан-айқайын естімегеннен ушықты. Арнайы жасақ адамдарды автозакқа күштеп тиеді. Осыдан соң Жаңаөзен халқы өре түрегелді. Содан кейін Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов пен Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың видеоүндеулері тарады. Екеуі де «Рамазан айында сабырлы болайық», - деді.

Қараша халыққа сіз қашан қайырыласыз, Смайылов мырза? «Рамазан айындағы сабырлықты» Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа неге айтпайсыздар? Қымбатшылық қысып, жұмыссыз сенделген халықтың жан-айқайына неге құлақ аспайсыздар?

Альбер Камюдің «Бүлікшіл адам» атты еңбегі бар. Онда былай дейді: «Бүлікшіл адам дегеніміз қандай адам? Ол «жоқ» дей алатын адам... Бұл «жоқ» мысалы, «Осыған дейін – болды, бояуы сіңді, бірақ, одан әрі – жетер», «Сіз тым алысқа сілтеп барасыз», оған қоса: «одан әрі аттауыңызға мен жол бере алмайтын шек бар» деген мағыналарды білдіруі мүмкін. ...Өзін құлға айналдырған тәртіпке ол өзінің құлдыққа өзі белгілеген шекараға дейін ғана төзу құқын қарсы қояды» (Аударған Жомарт Әбдіхалық). Мұнымен айтқым келгені, халық – құл емес. Осы рас болса, әділетсіздікті көрген сайын көзі жәудіреген жұрт: «Жоқ, бұған төзбеймін» деп айта береді, бас көтере береді. Мұның шешімі – күштік құрылымдармен қорқытып, автозакққа тиеу емес, мәселені шешу. Шеше алмайтын жағдайда, кішірейіп, кешірім сұрау. Ал екеуі де қолдан келмесе, жөн білетін кісіге орынды босатып беру.

Асылан Қуанышұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443