Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6087 0 пікір 31 Тамыз, 2009 сағат 20:40

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ: «Алла тыйым салмаған нәрсенің бәрі - дін»

Қайсыбір күні елеусіздеу өткен бір жиында уағыз айтқан «Руханият» университетінің ректоры Мұрат қажы Мыңбай өзінде бар мынадай бір статистикамен бөлісті. Ол кісінің дерегінше, біздің республикада 11 млн. адам өзін мұсылманмын деп есептейді. Бірақ олардың бес жүз мыңдайы ғана бес парызды бұлжытпай орындап жүрсе керек. Ал тағы бір бес жүз мыңдай пенде жұма намазға ғана қатысып деген секілді тиіп-қашып жүрген көрінеді.

Қайсыбір күні елеусіздеу өткен бір жиында уағыз айтқан «Руханият» университетінің ректоры Мұрат қажы Мыңбай өзінде бар мынадай бір статистикамен бөлісті. Ол кісінің дерегінше, біздің республикада 11 млн. адам өзін мұсылманмын деп есептейді. Бірақ олардың бес жүз мыңдайы ғана бес парызды бұлжытпай орындап жүрсе керек. Ал тағы бір бес жүз мыңдай пенде жұма намазға ғана қатысып деген секілді тиіп-қашып жүрген көрінеді.

Осы орайда қажекең өзін мұсылманмын деп есептесе де, кейбір Ислам шарттарынан алшақтау жүрген қалған он млн. халыққа дұрыс насихат жүргізу керектігін айтып, оларды екі дүниенің де бақытына бөлейтін хақ діннің барлық шарттарын орындауға шақырды. Білген адамға Исламның уақытты алатын зияны да, бәрінен тыйып тастайтындай қиындығы да жоқ екенін ескерсек, Мұрат қажынікі - дұрыс сөз. Бірақ ол он миллион халыққа дін насихатын қалай жүргізу керек? Байғұс ҚМБД-ның, яғни, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қолында анау айтқан құзірет те, қаржы да жоғы аян. Басқарманың жергілікті бөлімшелері мен діни білімі тәуір адамдар алады демесеңіз, тиражы әр адамға бір бетінен берсеңіз де жетуі неғайбыл бірлі-жарым газеттері болмаса, әрине. Яғни, біздің елдің мұсылмандарына арналған бір телеарнаның ашылатын уақыты жеткен-ді. Тілесек, Құдай береді екен. «Алма-ТV»-нің сандық жүйесі арқылы тәуелсіз қазақ мемлекеті тарихындағы тұңғыш діни телеарна хабар таратуын бастады. Кәдімгі ашылуы біраздан бері сөз боп жүрген «Асыл арна». Басшысы - Мұхамеджан Тазабеков. Айтыскер ретінде танымал ақынға бірнеше сұрақ қойдық.

- «Асыл арнаның» көктемде жарық көруі жоспарланған еді. Кешігіңкіреп барып эфирге шыққандарыңыздың себебі неде?

- «Асыл арна» осыдан екі жарым жыл бұрын ресми тіркеліп, студия ретінде жұмысын бастаған болатын. Осы көктемде телеарна ретінде кабельдік жүйе бойынша жарыққа шығып кетеміз бе деп ойлаған едік. Бірақ бағдарламаларымыздың дайындығы мен аздап қаржылай қолбайлаулар болып, кідіргеніміз бар. Қазір Алматы қаласына және Алматы облысының қалаға жақын елді мекендері «Алма-ТV»-нің сандық жүйесі арқылы «Асыл арнаны» тамашалап отыр. Қазір Қазақстанның барлық аймақтарына да шығу мүмкіншіліктерін қарастырып жатырмыз. Егер барлық нәрсе сүннетке сай болса, Алла береке береді. Біздің де осы ісіміз пайғамбар сүннетіне сай болса екен деп жатырмыз. Себебі, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) алғаш дінді Меккеде жиырма адамға, қырық адамға, жүз адамға насихаттап, сөйтіп-сөйтіп дүние жүзіне таратқан ғой. Сол сияқты «Асыл арнаның» көрермендері әзірге бір қалада болса да, бірте-бірте көрілу аумағымыз барлық шалғай жерлерді де қамтиды деп ойлаймыз. Біздің мақсатымыз - халқымыздың табиғи түрде туындап отырған рухани сұранысын қанағаттандыру. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің рухани кеңістігімізді мысықтілеу, мыстан елдерден келген миссионерлер толтыруға тырысты. Өзіміз де оң мен солымызды ажыратамыз дегенше талай уақытты өткізіп алдық. Дегенмен, ештен кеш жақсы. Халқымыздың діннен тамыры үзіліп кеткен жоқ. Омыртқасы орнында. Дұрыс насихат жүргізілсе, дұрыс жолда боламыз деп ойлаймын. Ал әрбір адамның дұрыс ойлауы мемлекеттің дұрыс өмір сүруіне тікелей әсер етеді.

- Арнадағы діни кадрлар, журналистер жағы қалай?

- Журналистер мәселесінде қиындықтар туындайтыны рас. Себебі, аңшылыққа байланысты бағдарламаны аңшылықтан хабары бар адамның жасайтыны секілді, діни бағдарламаларды да хақ Ислам жолын ұстанатын журналистерге әзірлеткіміз келеді. Ал діни арна дегенімізбен, азаннан кешке дейін дін туралы айтып отырады екен деп те ойлап қалмаңыздар. Себебі, дін деген Алла тыйым салмаған нәрселердің бәрін қамтиды. Сондықтан халқымыздың салт-дәстүрін де, этнографиясын да, танымын да, өмір сүру дәстүрін де насихаттаймыз. Журналистерді іріктегенде де ұлт мәйегене тойған, ұлттық салт-дәстүрді жетік білетіндігіне қараудамыз. Ал бағдарламалар қазақ және орыс тілінде дайындалады. Хабарлар қазақ туралы болғаннан кейін қазақ тіліне басымдық беріп отырмыз.

- «Асыл арнаны» өмірге әкелуде Діни басқарманың көмегі қаншалықты болды?

- Діни басқарманың қолында көп қаржы жоқ қой. Діни басқарма біздің өтініш-тілектерімізді үкімет жаққа жеткізуші болды. Қазір де олармен қамшының өріміндей бірге өріліп жұмыс істеп жатырмыз. Рухани тұрғыдан, діни бағдарламаларды салмақтау, сараптау, тақырыптарды таңдау, имамдардың біздің хабарларымызға қатысуы, атсалысуы тұрғысынан Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы аса ауқымды жұмыстар атқарып отыр. Жалпы біздің бәріміз Діни басқарма төңірегіне топтасуымыз керек. Басқарманың айта алмай жатқанын айтып, қолы жетпей жатқан жерінде қолын ұзартуымыз керек.

Ал қаржылық жағына келетін болсақ, қазақтың бірнеше азаматы көмектесіп жатыр. Ол жігіттердің өздерінің өтініші бойынша, аттарын атамай-ақ қояйын. Бірақ арнаның бүкіл шығынын көтеріп жатқан осы жігіттер. Бірақ телеарна деген бір-екі адамның көмегімен жасалатын дүние емес. Алдағы уақытта да талай отандастарымыз, ұлтжанды, иманды бауырларымыз өз мүмкіншіліктерінше жәрдемдеседі деп ойлаймыз.

- «Асыл арна» әлі студия болып құрылмай тұрған кездің өзінде Қазақстанда діни арна ашылуына үзілді кесілді қарсы болғандар да табылды, «Қазақстанда діни арна ашу мүмкін емес» деп пікір айтқандар да болды. Жалпы осы сеңді бұзу қаншалықты қиын болды?

- Бір нәрсенің басы ашық. Мұндай жұмыстар адамның ғана мүмкіншілігімен шешілмейді. Тікелей Алланың жәрдемімен шешілетін нәрсе. Бір кездері қазақ секілді ұлт өз тәуелсіздігін алып, осындай іргелі елге айналады деп ойлаған адам көп болды ма екен? Бірақ, Құдайға шүкір, қазір қазақпыз деп кеуде қағатындай дәрежеге жеттік. Сол секілді «діни арна ашу мүмкін» емес дейтіндер - ұлттың болашағына жаны ашымайтындардың, болашағына сенбейтіндердің әңгімесі.

Жалпы біз тек жақсылыққа иек артып өмір сүруіміз керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Ор соғысы сезінде ор қазып жатып, қайласы шақ етіп тасқа тигенде қасындағыларға «Біз ертең Византияны, Румды, Парсыны аламыз. Сол кездегі халдеріңді елестете аласыңдар ма?!» деп айтқан екен. Ал ол кездегі мұсылмандардың жағдайы қандай еді? Қарындары аш, тіпті қасындағы көршісі көмектеспейтін, әне-міне жер бетінен жойылып кететіндей жағдайда еді. Бірақ сонда да пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің үмбеттеріне жақсылықа ниет етуді үйретіп кетті. Бір хадисте «Мұсылманның ниеті - оның амалынан абзал» деп келетін сөздер бар. Біз де арнаны ашуда жақсылыққа ниет қылдық, арғы жағын Алла өзі реттеп берді. Бір күні Сүлеймен пайғамбар (с.ғ.с.) кәдімгі бал араны ұстап алып, «Ей, ара, сен осы балды қалай жасайсың?» деп сұрапты. Сонда ара «мен бар болғаны ызыңдаймын, балды жасайтын Алла!» деп жауап беріпті дейді. Сол сияқты біз де ниетімізді туралап, «халқымызға еңбек етейік, руханиятына сәуле шашайық» деп ниет қылдық, нәтиже Алладан. Өйткені, дін - насихат. Алла Тағала қасиетті Құранда «Ей, Мұхаммед! Сендердікі - тек қана жеткізу. Ал иман беру тек қана менің қолымда» деген. «Асыл арнаның» да мақсаты да сол. Қалған дүние Алланың қолында.

- Енді аздап жалпы тақырыпқа қарай ойыссақ. Тәуелсіздік алғаннан кейін діни білім алушы жастар көбейді. Олардың бірсыпырасы шетелден оқып келіп жатыр. Біреу Ташкентте, біреу Каирде білім алды деген сияқты. Ал кейбір мәселелерде олардың пікірлерінде алшақтық, қайшылықтар кездесіп жатады. Фикх саласында, ақидада. Тіпті оразаның өзінде. Қарапайым халық кімнің сөзіне сенерін білмей қалмай ма?

- Бұл жерде үлкен бір мәселе бар, бауырым. Уақытында діни кеңістігіміз тарылып қалды емес пе? Діни білім беретін медреселер жабылды, ғұламалар азайып, «Фатиқа» мен «Ықыласты» оқитын адамдар көзімізге әулие сияқтанып көрінді... Қазіргі кезде жастардың жан-жақтан білім алып келіп жатқаны рас. Шетелге шықпаса да, интернет, басқа да байланыс құралдары арқылы сырттағы дін ғұламаларымен байланыс жасап, білімін молайтып жатыр. Бірақ біз бір нәрсені байқауымыз керек. «Діндегі қайшылықтар мәселесі, ол қайшылықтарда қандай шешім қабылдауымыз керек?» деген үлкен бір тақырып бар. Ол бір өзі үлкен ғылым. Бірақ бұл ғылым саласы әлі біздің елде көтерілмеген тақырып. Біз әлі ондай дәрежеге жеткен жоқпыз және ондай тақырыптарды көтеретіндей қажеттілік те жоқ. Себебі, қазір бізде ондай қайшылықтарды көтеретіндей уақыт емес. Біз барынша ортақ, келісілген мәселелерге халықты шақыруымыз керек. Ал қайшылықты мәселелерді барынша көтермей, уақытын күтуіміз қажет. Тіпті болмай бара жатса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Діндегі қайшылықтар - ол Алланың мәрхабаты» деген хадисіне жүгінсек болады. Себебі, әр адамның жаратылу табиғаты әртүрлі. Бір адамға қаттырақ пәтуа ұнайды. Енді біреу жұмсағырақ болса екен дейді. Мысалы, бір жігіт әйелін өргізіп тұрғызатын болуы мүмкін, енді бір жерде әйелі күйеуіне үстемдік құруы мүмкін. Осы екі жағдайға бірдей пәтуа жүрмейді. Сондықтан жағдайға байланысты, мекенге, уақытқа байланысты берілетін дін ғалымдарының тианағы, керісінше, Алланың кеңшілігі болып есептеледі. Егер дұрыс бағытта болса, қайшылықты болса да, айтылып жатқан ғылымның түбінде жақсылық бар. Қарапайым ғана мысал, «оразада ауызды тіс пастасымен шаюға болмайды» делінген болса, ол кейбір адамдарға қиындық әкелуі мүмкін. Бір адамдар бұл тыйымға қиындық деп қарамауы да ғажап емес.

- Кезінде айтысқа қатысып, жарқырап көріндіңіз. Қазір бұл өнерден алшақ жүрсіз. Жұртшылық арасында бұл жайлы түсінбеушілік пікірлер де кездеседі. «Мұхамеджан діндар болып, айтысты тастапты» деген сияқты. Осы орайда Исламдағы өнер, музыка мәселесі жайлы сұрағым келіп отыр.

- Абай атамыз айтты ғой, «Әннің де естісі бар есері бар» деп. Шариғи тұрғыда музыка ғана емес, дыбыстардың өзі бірнеше түрге бөлінеді. Табиғи дыбыстар, аспаптардан шыққан дыбыстар, болмаса компьютер арқылы жасалған дыбыстар деген секілді. Бірақ мен біздің елдегі қазіргі кездегі Ислам насихаты музыкадан басталмау керек деп есептеймін. Қазір біз имандылықтың шарттары, негізгі парыз болған құлшылықтар, адамдар арасындағы дұрыс қарым-қатынас, тікелей тағдырымызға қатысты харамдар жайлы көбірек әңгімелеуіміз керек.

Ал музыкаға байланысты ғалымдар пәтуа шығарып қойған. Бірақ, тағы да айтайын, біздің халық мұндай әңгілемелерді тыңдауға әлі әзір емес. Себебі, балаға да әріптен бастап барып құрмалас сөйлемге дейін үйрететеніміз секілді, халықтың да бірден басын қатырып жібермес үшін, мейлінше діни сауаты жоғары адамдардың ортасында болмаса, бұл тақырыпты айта бермегеніміз дұрыс. Халыққа мынау дұрыс, мынау бұрыс деп айтудың да қателіктері мен қатерлі тұстары болады. Білген білімнің бәрін сыртқа шығара беру де міндетке жатпайды. Кезінде Алладан көптеген ақиқат жеткенмен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) да уақыт-уақытымен, адамдардың қазанына қарай өлшеп беріп отырған.

Ал діндегі өнер мәселесіне келетін болсақ, дін - ақындыққа қайшы емес. Ақын өсиеті, өнегесі мол жайттары айтып, Аллаға иман келтіретін болса, ондай ақындардың дәрежесі жоғары екенін Алла - Құранда, пайғамбарымыз өз хадистерінде айтып кеткен. Ал айтысқа қатыса алмай жүрсем, ол діннің өнерге, оның ішінде ақындыққа қарсылығынан емес, физикалық мүмкіншілігіміздің жетіспей жатқандығынан, басқа да шаруаларымыздың көптігінен деп білерсіздер.

 

Ерлан ӘБДІРҰЛЫ, «Абай-информ»

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970