Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5091 24 пікір 14 Сәуір, 2023 сағат 14:28

Жаңа Қазақстандағы түсініксіз үш жаңалық

Біз саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саяси реформаларды еңсердік. Жаңа, әділетті Қазақстан құру жаңа кезеңге қадам басты. Бұл жерде жаңа сөзі мен әділетті сөзін бөліп қарауға болмайды. Жаңа болмаса әділеттіліктен сөз ашуға қиын. Әділетті болмаса жаңа болып жарытпайды. Жаңа Қазақстан құруға бағытталған бастамаларда анықтық болу керек. Анықтық әділеттіліктің бір шарты.

Біз жаңа Қазақстанды құрудың заңдық қадамы ретінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» және «Сайлау туралы» Конституциялық жаңа заң қабылдадық. Бұл заңдар демократияны ілгерлетеді, ел өміріне саяси жаңғыру әкелуге көмектеседі деп дәріптелді. Әсіресе, «Бейбіт жиналыстар» туралы заңда бұрынғы бейбіт жиналыстар ұйымдастырудағы «рұқсат сұрау» формасы «хабарлама жіберу» формасына ауыстырылды.

Бұдан кейін бейбіт жиналыс ұйымдастыру үшін бес күн бұрын тиісті жергілікті атқарушы органға жазбаша «хабарлама» жіберсе жетіп жатыр деп түсіндірілді. Осы заңды жазуға ат салысқан депутат Айдос Сарым: «Бұдан кейін бейбіт жиналыстарға  қатысу қарапайым халықтың күнделікті тұрмысының бір мазмұнына айналады», - десе, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин: «Бұл заң жаряланғаннан бері бейбіт жиналыстар саны күрт артты», - деді. «Қанды қаңтар» оқиғасынан кейін президент Қ.Тоқаев: «Бейбіт жиналыстар туралы заңды және де өзгертудің қажеті жоқ. Бұл заң бұрынғы заңдағы «рұқсат алу» формасын «хабарлама жіберу» формасына ауыстырды. Бұдан арыға жол берілмейді», - деп қадап айтты.

Бүгінде көптеген жеке тұлғалар мен ұйымдар бейбіт жиналыстар ұйымдастыру үшін заң талаптарына сай «хабарлама» тапсырғанымен жергілікті атқарушы органдар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға жол бермеген. Тіпті, неше он мәрте тапсырса да рұқсат ала алмағандар бар. Осы жолғы Мәжіліс сайлауына наразы болғандар да жер-жерден бейбіт митингке хабарлама жіберді. Жергілікті билік бірде-біреуіне келісім бермеді. Биліктің айтқанына сенсек, хабарлама жіберсең болды, бейбіт жиналысқа жол ашық сияқты. Онда бұл қалай?

Сөйтсек аталмыш заңда өтінішке келісім беру (12-бап) деген әңгіме бар екен. Билікте келісім беру құқы бар екен. Билік келісім берсе ғана шерулетуге жол бар, өйтпесе жол жоқ. Бейбіт жиналысыңыз заңсыз. Бұл «өтінішке келісім беру» формасының өзгерді делінген «рұқсат  беру» формасынан қандай айырмашылығы бар? «Өтініш» деп жазылған қағазға «келісемін» деп жауап беру мен «рұқсат» деп жауап берудің практикада қандай айырмашылығы бар? Билік хабарламаға «келісемін» деп айтпаса, митинг заңсыз болып табылады. Бұл құрттың атын жаңылтып малта қою емес пе? Түсініксіз...

Сайлау туралы Конституциялық заңда сайлау бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген баған болатындығы көрсетілді. Президент Қ.Тоқаев бұл өзгерісті сайлаушылардың таңдау жасау құқығына құрмет еткендік деп түсіндірді.

Сайлау – демократияның мерекесі. Сайлауда таңдау болады. Таңдау талғамды өсіреді. Талғамның өсуі саяси сапаны қалыптастырады. Демократия салтанат құрады. Сайлау бәсекесі жанды кандидаттар арасында болғанда ғана таңдауға салмақ түседі. Сонда ғана таңдауға құрмет көрсетілді деп ұялмай айтуға болады. Бұл жолғы Президент сайлауы практикасынан сайлауда бәсеке болмаса, сайлау бюллетенінің құны болмайтындығын көрдік. Сайлауда сайлауға қатысқан сайлаушылардың 50 пайыз емес, 90 пайызы «бәріне қарсымынды» таңдаса да кандидаттардың сайлануына ешқандай әсер етпейді. Яғни, «бәріне қарсымынның» заңдық күші жоқ. Сайлау заңында бұл туралы ештеңе жазылмаған. Бұндай жағдайда «бәріне қарсымын» демократияның көрінісі деп, сайлау бюллетенінің күшін асыра бағалаған биліктің бастамасын қалай түсінуге болады?.. Тағы да түсініксіз...

«Президент партия атаулыға мүше болмайды. Қ.Тоқаевтың бұл әрекеті биліктің монополиялануының алдын алады. Ешқандай партияға басымдық берілмейді. Саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді» делінген еді. Бірақ, біз былтыр өткен кезектен тыс Президент сайлауында Қ.Тоқаевтың партия атаулыға мүше болмауы партиялардың арасындағы бәсекеге емес, керісінше, бір адамның айналасына (атқарушы  билктің) топтасуына жол ашқанына куә болдық.

Атқарушы билікке оппозиция болатын мүмкіндік болмаса, Қазақстанның саяси жүйесінде оппозиция бар деп қалай айтуға болады?! Қ.Тоқаев Президент болды. Партиялардан бір партия Парламентте үстем орында болуы керек. Әлемдік саяси практикада солай. Бұл жолғы Мәжіліс сайлауында «Аманат» партиясы орасан зор жеңіске қол жеткізді. Президент Қ.Тоқаев өз қалауымен «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан  Қошановты мМәжіліс төрағалығына ұсынды. Ұсыныс бір ауыздан қолдау тапты. Бұл билік партиясы «Аманат» партиясы болады, «Аманат» партиясы міндетті түрде Президентті қолдайды деген сөз емес пе?! Президент пен «Аманат» жаңылтпаш саяси ойын ойнап отырған жоқ па? Сонда Қ.Тоқаевтың ешқандай партияға мүше болмауынан Президенттің Парламенттегі ықпалы әлсіреді деп айтуға бола ма? Жаңа Қазақстанда жаңаша өзгерді деген саяси жүйенің жұмбағы осы ма?! Түсініксіз...

Ағыбай Әкбарұлы

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502