Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 2769 4 пікір 20 Сәуір, 2023 сағат 18:01

Махаллада дуб-дуб гәп

Өзбек билігі сол жолы мықтап қателесті. Бұл науқанды әу баста ескі әдіспен тып- тыныш, жып- жылмағай түрде өткеріп алмақ болды. Бұрын Ислом ака тұсында талай рет Конституцияны дабырасыз өзгертіп, толықтырулар енгізуге машықтанған Ахмал Сайдов тобы бұл істі әп- әдемі орындап тастаған.

Қарақалпақстан Жоғарғы кеңесінің келісімін алып, Олии мәжілісте мақұлдатып та қойған. Қарақалпақ халқы ашық талқыланбаған осы Конституциядағы тәуелсіздікке қатысты баптарға қарсы шықты.

"Қарақалпақстан суверенитеті " деген сөз алып тасталған болатын. Өзбекстан жағы ең әуелі өзбек- қарақалпақ байланысы туралы ара қатынасты құқықтық негізде нақты анықтап алуы қажет еді. Келісім шарт негізінде мақұлданған мерзім 2013 жылы біткен болатын. Қарақалпақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы Декларация бекітіліп, рәміздері- елтаңба, байрақ, әнұрандары Жоғарғы кеңесте қабылданып қойылған болатын. Өз Конституциясына ие егемен елдің еркімен есептеспей , "Өзбекстан Республикасы құрамында екінші суверенді мемлекет болмайды" деген желеумен бұл бапты өзгертіп тастаған. Шілде көтерілісі осыдан басталды. Әскерлер күшімен аяусыз жаншылған бұл қайғылы оқиға бүгінде әлемге мәшһүр болды. АҚШ - тың мемлекеттік хатшысы Өзбекстанға өзі келіп , Нөкіс бұлқынысын тергеуді дұрыс , әділ өткізуді талап етті. БҰҰ -ның арнаулы өкілі Фолькер Тюрк мырза Ташкент пен Нөкісте болып билікпен ашық сөйлесті.

Құрбан болғандар есебі де кемітіп көрсетілген. Елінің егемендігін , коституциялық құқығын талап еткен жазықсыз ереуілшіл жастардың үстінен қозғалған Бұхара процесін  демократиялық  әлем мойындаған жоқ. Осы " экстремистік топтың" серкесі  он алты жылға қамалған Д. Тәжімұратовтың бүгінгі денсаулығы туралы алаңдаушылық білдіріп жатқан хабарлар естіліп жатыр. Белгілі адвокат бұл туралы Өзбекстан президентіне мәлімдеме жасады.

Сонымен кейінге шегерілген референдумның  өтетін күні де белгіленді. 30 сәуірге белгіленген бұл науқанға даярлық қызу басталып та кетті. Қарақалпақстанның ішкі, сыртқы саяси тіркелмеген ұйымдары бірлесіп, референдумға бойкот жариялап та үлгерді. " Айды етекпен жабу мүмкін емес," әрине.

Олар  " Өзбекстан конституциясы бізге қатысты емес" деп дүниеге жар салып жатыр. Бұл сайлауға  өзбек оқығандары мен бұқара жұрты әлеуметтік желілер арқылы наразылық білдіруде. Неге? Егер бұл референдум мақұлданса , Мирзиёевтің екінші мерзімі нөлге теңестіріліп , жеті жылдан екі рет Президент болуға құқығы болады. Биліктегілер оны тағында қалдыру үшін жанын салып - ақ жатыр. Президенттің өзі барлық уәлаяттарды аралап , халықты уәдеге тойдырып қайтты. Қарақалпақстанда да болды. Қаржылай жәрдемді аяп қалған жоқ.  Анада Фолькер Тюрк келер қарсаңында Әмударияны да  суға толтырып берген. . БҰҰ  өкілі Мойнақты да көзімен көрді емес пе?

Президент өзіне пиар жасаудан кенде қалған жоқ. Барлық аймақтарда  жалаулатқан, кернейлеткен шоулар , думанды мерекелер жаппай өткізілуде.  "Референдум менікі, сенікі, оныкі" деп өлеңдеткен әнші- бишілер бар өнерін салып бағуда. " Мұстақыллық  Мирзиёев  Президент болған он алтыншы жылдан басталады",- деп дабылдатып жүрген  өзбектің өнер жұлдыздары ел құлағын шулатты. Мұғалімдер ел аралап , жұртшылықтан  дауыс жинауда. Кока кола, шампун таратып беріп , қағазға қол қойдыратын шараны бұрын- соңды  естімеппіз.  Каримовты даттап, Мирзиёвті мақтап жарнамалап жүрген мәдениет министрі бар атағын бірінші президент тұсында алыпты ғой. Өзбектің шетелдердегі зиялылары " Әлем алдында шәрманда болдық," деп шулап жатыр. Олар осы юртбашының тағы он төрт жыл  билік құрғанын қаламайды. Халықтың кедейшілік қамытын кигені әлдеқашан. Кембағалдықпен күрес министрлігі тек ғана осы елде бар шығар. Жуырда  Шавхат ака халыққа " тауық бағып, жұмыртқаны тамақ қылуды" үйретті. Баяғыда " балық өсіріңдер" ," қой- ешкі бағыңдар" деген еді. Бүгінде біздегі сияқты жаппай қымбатшылық белең алған , көкөніс бағалары да аспандап тұр. Жан басына шаққанда ішкі өнім екі мың доллардан келеді екен. Әлеуметтік ахуал тұрақты емес. Халықтың жартысына жуығы шетелдерде күн көріс қамымен жүр. Олар қазынаға жылына 12 миллиард доллар құяды екен. Өзбекстандықтар бүгінде оянған. Биліктің құйтырқы тірліктерінен әбден зәрезап болған.

Олар  Конституциясында жазылған демократиялық қоғамды армандайды." Қазіргі кезде айдан басқа жердің бәрінде өзбектер бар." Өздері солай дейді. Диктатура мен сыбайласып алған  монополия іскенжесінде қысылып жатқан  бауырларымыздың  өркениетті  елдерді  көріп, көздері ашылған. Орта Азиядағы екі іргелі мемлекеттің одақтас болғанына қуанамыз .Еңбекқор өзбек халқының бай, қуатты жасауына құқығы бар. Ең бастысы, тыныштық. Өзбектер өз таңдауын жасайды. Біз бұл науқанның  бейбіт өтуіне тілектеспіз.

  Шынында, референдум кімдікі?

 

Қалбай Әділов

Abai.kz 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434