Сенбі, 23 Қараша 2024
1864 0 пікір 26 Наурыз, 2023 сағат 22:55

Сұхбат: Дін көп халықтың басын біріктірді

Ықылымнан бастау алған Құдай жайлы әңгіме мәңгіге созылмақ. Соған сәйкес дін тақырыбын шиырлаған шетсіз талас-тартыс та әзір таусылатынға ұқсамайды.

Көрнекті ақын Мырзан Кенжебайға көптің көкейінде жүрген сауалдарды қойдық. «Адамның денесіне рух үрленген сәттен бастап пенде баласы Тәңірі Тағаланы іздеп шарқ ұрады», – дейді ол. Ақ-қарасын көзі қарақты оқырман өзі айыра жатар.

– Аға, әлеуметтік желілерде дін туралы, қазақтың Исламға бет бұруы туралы жиі ой қозғайсыз. Айтыңызшы, балалық, жастық, жігіттік шағы кеңес дәуірінде өткен кісі, яғни сіз, Құдай туралы ең алғаш қашан ой кештіңіз?

– Тарих беттерін парақтап отырсақ, ұлтты ұлт қылған, көп халықтың басын біріктірген – дін екеніне көз жеткіземіз. Ал қазақтың Ислам дінін қабылдағанына он ғасырдан астам уақыт өтті. Біздің балалық, жігіттік шағымыз келмеске кеткір кеңестің тұсында өткенімен, «Бір Алла» деп өстік. Үлкендер де осы бір құдіретті сөзді аузынан тастамайтын. Дінді – апиын деп, атеизмді ұран қылған қызыл үкіметтің қылышынан қан тамып тұрған кезде, оқушы кезімде, мұғалімімнен: «Құдай жоқ деп жүр ғой, бұл қалай болғаны?» деп сұрағаным бар. Ол кісі: «Ондай әңгімені айтпайық», – деп жылы жауып қоя салды. Құдайға құлай сенбесе, «Жоқ!» деп кесіп айтар еді ғой. Сұрағыңа «Нақты мына уақытта ойладым» деп жауап бере алмаймын. Өйткені Адамның денесіне рух үрленген сәттен бастап пенде баласы Тәңірі Тағаланы іздеп шарқ ұрады.

– Олай ойламайтындар да бар ғой?

– Не айтпағыңды түсіндім.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында айпара әлемге атағы жайылған АҚШ-та туып, Францияда дүние салған антрополог Алфред Луис Кребердің «Мәдениет дамуының конфигурациялары» деген мақаласы бар. Сол мақаласында ол былай дейді: «Араб өркениетінің қалыптасуы Мұхаммед пайғамбар жасаған ұлы идеялар жүйесінен басталады. Ислам діні келгенге дейін араб мәдениеті лирикалық поэзиясын есептемегенде, оншалықты сапалы, көз тартарлықтай болған жоқ. Ислам діні орныққаннан кейін зор мәдени және материалдық игерулер басталды. Философия, ғылым, әдебиет, сәулет өнері – жалпы адам баласының өмірлік салаларының бәрі Ислам діні келгеннен кейін дами бастады». Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Өйткені, көзі ашық, көкірегі ояу, кеудесіндегі сәулесі өшпеген адамның айналып табар темірқазығы – Ислам.

Ең қызығы, не кітабы, не пайғамбары, болмаса ілім-ғылымы жоқ, я бір уағыз жоқ, бір топ ілім-ғылымы, көктен түскен кітабы, ұстанатын тәртібі бар Исламды қаралауға құштар. Олар және ата-баба деп сөйлейді. Құдайшылығын айтқанда, өздері көктен түспесе, қазақ екені рас болса, әке-шеше, ата-бабасы мұсылман екені анық. Ислам дінін қабылдаған он ғасырдан астам уақыттан бері салт-дәстүріміз бұзылмады, тіліміз, жеріміз сақталды. Осылардың бәрін сараптай келе, бұларға қазақ халқын дінінен, түркілердің бірлігінен айыруға бағытталған үлкен бір тапсырма бар ма деп ойлаймын.

Теріс әрекеттердің артында Ислам емес, саяси мүдде тұр

– Сіз айтып отырған топ Исламды «Әйелді кемсітеді, ғылым-білімнің аяғына тұсау салады деп айыптайды. Бұған не дейсіз?

– Еуропада «қараңғы ғасырлар» деп аталып кеткен кезең болды. Католиктерді өртеді, әйелдерді қырды. Кейбір деректерде «Христиан діні таралғаннан бері бес миллион әйел өлтірілген» деген мәлімет бар. Сонда мына Еуропа ғалымдары: «Бізді қараңғылық жайлаған ғасырдан алып шыққан – Ислам діні» деп айтады.

Ал «Әйелді кемсітті» деген сөз Кеңес заманынан бері келе жатыр. Қарап отырсақ, дін атаулының ішіндегі әйелді құрметтейтіні – біздің Ислам. Құранда: «Анаң мен әкең қатар шақырса, әуелі анаңа жүгіріп бар», – дейді. Бұл – бір. Екіншіден, «Жұмақ – ананың табанының астында» деп білеміз. Әйел баласын осылай қадірлеу, құрметтеу басқа дінде жоқ.

Екінші айыптауына келсек, жердің Күнді айналатынын Коперниктен бес жүз жыл бұрын Әбу Райхан әл-Бируни айтқан. Сол секілді, алғаш көк аспанды зерттеп обсерватория ашқан Ұлықбек (толық есімі Мұхаммед Тарағай бин Шахрух) еді.  Бұдан «Еуропаға ғылым-білімді алып барған – Ислам!» деген қорытынды шығады.

– Ал қаймағы бұзылмаған қазаққа деструктивті діни топтан қайдан және қалай келді?

– Қызыл империяның «Дін өкіметтен бөлек» деген қағидаты болды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін зайырлылықты заңмен бекітті. Демек, бұл – «кім қай дінді ұстанамын десе де өзі біледі» деген сөз. Мұны пайдасына жаратып, қазақтың жанын отарламаққа жан-жақтан түрлі-түрлі «дін» ағылды. Қара құрттай қаптаған «қара діндер» уын ағызып, насихатын  жүргізе бастады. Оның сыртында ата-бабамыздың асыл дініне күйе жаққыштар білгенін істеді. Ешқандай дін жаман болсын демейді. Ендеше мыңдаған террорлық, экстремистік әрекеттердің артында дін емес, саяси мүдде тұр.

Ислам тарихы мен мәдениетін арнайы оқытуымыз керек

– Осы ретте заңды сұрақ туады. Сайқал саясаттың сапалағына айналған жат ағымдардан жастарды қалай арашалап аламыз?

– Біреу келісер, біреу келіспес. Әйткенмен, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында Ислам тарихы мен мәдениетін, әдебін түсіндіруге, насихаттауға арналған сағат жүруі керек. Бұл үрдіс кейбір көрші мемлекеттерде қолға алынып келеді. Адамзат өркениетінің қарыштап дамуына үлес қосқан Шығыс ғұламаларының қай дінді ұстанғанын айтса жетіп жатыр.

Оқу орындарында мұның бірі де айтылмайды. Керісінше, ұлттық дәстүрімізге, наным-сенімдерімізге қарсы дүниелер көптеп қозғалады. Батыстың ұғымын «Демократия» деген желеумен тәрбие сағаттарын өткізу арқылы сәбилердің санасына сіңіргісі келеді.

– «Дін – биліктің құралы» деген сөз де жиі айтылып қалады...

– Жоғарыда айттым, дін – тарыдай шашылған көп халықтың басын біріктірді, ұлтты ұлт қылды. Қазіргі таңда дінді әркім өзіне бұра тартып, айрандай ұйып отырған жұртты бөлшектегісі келеді. Бұл кімге пайдалы? Әрине, «Бөліп ал да, билей бер» дейтін үлкен саяси топтардан басқа ешкімге опа бермейді. Міне, биліктің құралы болатын осындай «жендет діндер». Ал Ислам секілді кірсіз, мінсіз дін – ешкімнің құралына айналмақ емес.

Сұхбаттасқан Сайтхуджа Томирис Маратқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371