Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1641 0 пікір 14 Наурыз, 2023 сағат 10:23

Өнердің мақсаты – тәңірді тану, тәңірді таныту

Төмендегі сұхбатында айтқандай, ол өзін үнемі бақылап жүреді. Себебі, оны Құдайдың бақылайтынын сезеді, сезінеді.

Сол себепті де сегіз жасында-ақ бірнеше өнер аламанында топ жарған ол актерлік, композиторлық, бишілік, тележүргізушілік, ұйымдастырушылық қабілетімен көрініп жүр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Әлихан Байсұлтанов.

Сегіз жасымда жиырмадан аса байқаудың жүлдегері болдым

– Әлихан, сені дарынды әнші, талантты актер ретінде танимыз. Өнер жолын таңдауыңа не себеп болды?

– Музыкадан сабақ берген мұғалімім әнге деген құмарлығымды және жанайын деп тұрған шырағымды таныса керек, кішкене кезімнен түрлі сайыстарға қатыстырып жүрді. Сегіз жасымда жиырмадан аса байқаудың жүлдегері болдым. Сондай жарыстардың бірінде Қыдырәлі аға (Болманов –ред) ағамен таныстым. Ол кісімен бірге бірнеше жыл жұмыс істедік: «Ұлытау» тобына еріп, гастрольдік сапармен Қазақстанның қиыр-қиырын араладық, т.б.
Осы орайда «Айгөлек» бағдарламасын атап өтпесем адамдығыма сын болар. Қарақат апай жүргізетін осы бағдарламада орын алмағаныммен, дипломат атандым. Бірақ келесі жылы кастингтен өтіп, бағдарламаға жүргізуші болып тағайындалдым. Ал актер ретінде кей жерлерде төбе көрсетсем – осы бағдарламаның арқасы. Өйткені сериялдарға шақырған продюсерлер әңгімені әуелі «Айгөлектегі» жүргізушілігімді мақтаудан бастайтын.

– Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Психология» бакалавры атандың. Бұл мамандықты таңдауыңа не түрткі болды?

– Басында режиссураға тапсырғым келген. Бірақ жөн білетін кісілермен ақылдаса келе, төрт жылымды «өзімді қазуға» жұмсауға арнадым.
Себебі, біріншіден, менің таңдаған пәнім биология болды. Сол пәннен ғылыми жобалар қорғадым. Психология – Биология пәніне сай және мен оқуға түсетін жылы өте өзекті тақырыптардың бірі осы мамандық болғаннан кейін, шығармашылық адамына «Психолог» болу керек деп шештім.

– «Өнер қырандары» ойын-сауық театрында да бірнеше жыл бой көрсеттің. Театр саған қалай әсер етті?

– «Өнер қырандарына» алғаш 6-7-сынып оқып жүргенімде барғанмын. Барғандағы себебім – кішкентай баланың рөліне адам іздеген екен. Содан бері сол ұжыммен бірнеше қойылымда бірге ойнадық. Ойнап қана қойған жоқпыз, ағалы-інілі боп араластық.
Ал өзім «Өнер қырандарына» кірдім деп те, шықтым деп те айта алмаймын. Ағалар қойылымға керек кезімде шақырады, басқа уақытта өз шаруаларыммен айналысып жүре беремін. Яғни, ұжымның ресми мүшесі емеспін.
Театр маған көп тәжірибе берді, өнер туралы түсінігіме ықпал етті, ой-өрісімді кеңейтті. Себебі «Өнер қырандарындағы» ағалардың әрқайсысы – «қызыл дипломы» бар кәсіби актер.

Аллаға мойын бұрған кез келген суреткер әуелі өзін таниды

– «Өнер қырандары» дегеннен шығады. Дін өнерге қалай қарайды?

– Қиын сұрақ екен. Бұған исламтанушы-ғалымдар мен имамдар жауап берсін.

– Ал өнер адамының діни ұстанымы оның шығармашылығына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсың?

– Меніңше, әуелден кез келген өнердің мақсаты – Тәңірді тану, Тәңірді таныту ғой. Қай үздік өнер туындысының тереңіне үңілсеңіз де, оның Құдайын іздеген жүректен шыққан құбылыс екенін байқауға болады. Әннің тууы да сол – тарихын ақтарсақ, діни церковтарда пайда болды деген тарихқа кезігеміз. Сондықтан өнер адамының дінді ұстануы шығармашылығына өте жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Құдайшыл адам өлмейді. Өйткені оның көкірегі құндылыққа толып жүреді. Өнер адамының өмірден мән іздей жүріп, Құдайға жақындай түсуі гуманистік-шығармашылық ой табуына жетелейді.

– Аллаға мойын бұрған туындыгер не ұтады, болмаса неден зиян шегеді?

– Аллаға мойын бұрған кез келген суреткер әуелі өзін таниды. Өзін таныған адам Құдайын да таниды. Ең бастысы, Шәкәрім айтқан «Келдім қайдан, Не етсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» деген маңызды үш сұраққа жауап бере алады.
Құдайын таныған, өзін таныған адам мына әлемде ешқандай атақ-даңқсыз-ақ, талантын танытуға тырыспай-ақ, аға-көкеге арқа сүйемей-ақ өзін БАР сезінеді. Сол үшін өнер адамы ғана емес, кез келген жан Құдайына мойын бұрса, әрбір істі шын беріліп істейді, өзін жөнге салады, тәртіпке бағындырады. Өйткені ондай адамның әр амалға жан-тәнімен берілмесіне қайла жоқ. Себебі ол Құдайдың қарап тұрғанын, бақылап тұрған сезінеді.
Әлеуметтік психология өз-өзін бақылау пункті жоғары адамның басқаға қарағанда ұзақтау ғұмыр кешетінін айтады. Неге десеңіз, уақытылы тамақтанып, уақытылы күтініп, уақытылы денсаулығына мән беретін адам аурулардан алшақ болады. Өз-өзін бақылайтын адам сырттан біреудің бақылап тұрғанын сезінеді. Міне, Құдайға сенбейтін кісілермен салыстырғанда тақуа адамның ұзақтау ғұмыр кешетінін әлеуметтік психология осылай зерттеп, қорытындылаған екен. Рас қой, Аллаға шын сенетін адам әрдайым «Құдай мені бақылап тұр» деген оймен жаман әдеттерден іргесін аулақ салады. Ал нигилистерге бәрібір. Шын Алланы таныған, шын Құдайдың өнерін, оның жаратқан нәрсесіне хикмет көзбен қарай алған жан шынында бақытты өмір сүреді және позитивті бола түседі. Көбіне ештеңеге сенбейтін, Құдайын танымайтын адам пессимист болады.

– Сұхбатты келесі сұрақпен түйіндейік. Болашағыңды қалай елестетесің?

– Қазір отбасы құндылығын ойлап жүрмін. Өзімді болашақта үлгілі әке, сүйікті жар ретінде елестетемін. Алла қаласа, ол да бола жатар!

– Сау-саламат болайық!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446