Сенбі, 23 Қараша 2024
Депутаттық сауал 2174 7 пікір 27 Сәуір, 2023 сағат 14:25

Халықтың қаржысы қашан қайтады?

Түрлі схемалармен сыртқа шығарылған активтерді елге қайтару – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатында күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірегейі еді. Бұл жөнінде мемлекет басшысы президенттік сайлау кезінде қоғамға уәде етіп, тиісті заң жобасын биылғы наурыздың 31-іне дейін дайындау жөнінде былтырғы қарашада үкіметке тапсырма берген-ді. Бірақ белгіленген мерзім өтіп кетті – президенттік пәрмен әлі орындалған жоқ.

Назарбаевтық клептократтар сан түрлі айла-амалмен ұрлап-жырлаған қазынаны халыққа қайтару ісіне үлес қосу – жаңа парламенттің де бір мұраты болуы тиіс деп санаған Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мырзалардың атына депутаттық сауал жолдады.

Құрметті Әлихан Асханұлы

және Берік Ноғайұлы!

Сонау 1998 жылы ұлттық компаниялар қаржы жылының қорытындысы бойынша өздерінің жылдық баланстарын жариялауды тоқтатқанда, біз – Демократиялық күштер форумының бір бөлігі саналған Қазақстан Республикалық Халықтық партиясы (ҚРХП) қоғам мен билікке меншікті ысырап ету нышаны қалыптасқанын және қазына қаражатын жымқыруға жағдай жасалып жатқанын ескерткен едік. Кейіннен дәл солай болып шыққанын уақыт көрсетті.

Ұзақ жылдар бойы азаматтық қоғам мен оның белсенділері биліктен еліміздің қазба байлықтарын игеру барысында есеп берудің толық ашықтығын талап етіп, инвесторларды жіті қадағалауды сұрадық.

Бірақ дәл осы қазба байлықтарды пайдалану және ұлттық меншікті бақылау тақырыбы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдайтын ескі биліктің кланы мен табысты (арсыз ұрлықты) қайта бөлудің бұрынғы тәжірибесін тоқтататын кез келді деп, бастама көтергендер арасында қайшылық болып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев кланын биліктен түпкілікті кетіруді, ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне қызмет етуге жұмылдыруды талап еткен жаппай наразылыққа әкеп соқтырған қақтығыс ескі биліктің зардабынан пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаев та, оның жақтастары да жағдайды өзгерту үшін ешбір шара қолданбады және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам мен билік арасында жаңа қарым-қатынас орнату әрекеті олардың мүдделеріне сай келмеді.

Міне, сондықтан да активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – иеліктен шығару (отчуждения) үдерісін тексеру, мемлекет мүлкін жымқыру тақырыбы сайлау қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси күн тәртібіндегі және біздің де кампанияның басты мәселелерінің біріне айналды.

Ел-жұрт активтерді қайтару процесінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтуде. Осы орайда президенттің пәрменімен арнайы комиссияның құрылуы, қайтару туралы жаңа заңның әзірленіп жатқаны жайлы жаңалықтар әкімшіліктің басты тақырыбы болады деген Тоқаев мырзаның уәдесі ел азаматтарына біраз сенім ұялатты.

Алайда сол комиссияның тарапынан ешбір нақты әрекет көрінбейді, егер бірдеңе-сірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтуде. Бұл не сонда: президенттің пәрменіне қарсы саботаж жасау ма, жоқ әлде бұрынғы талан-таражды жалғастыру мақсатында әлі күнге дейін жалғасып жатқан астыртын ымыраның белгісі ме?!

Барлық мемлекеттік қызметкерлерге, ең алдымен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне халық атынан тікелей сайланған депутат ретінде ескерту жасағым келеді: сіздер бұрын да жасырын жұмыс жасадыңыздар, Назарбаевтар отбасы мүшелеріне тиесілі және олардың жақындары бақылайтын жасырын шекара өткелдері мен кеден бекеттерінде арнайы салық режимдерін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмауы тиіс.

Біз – бір мандатты округтерден сайланған Мәжіліс депутаттары, бұдан былай мемлекеттік деңгейдегі бұл талан-таражға, миллиардтап сыртқа ағылып жатқан ұрлық-қарлыққа «бақылаушы-келісімпаз» бола алмаймыз! Біз мемлекеттік және халықтық мүдде жағындамыз!

Капиталды қайтару, жекешелендіруді қайта қарау және инвесторлардың ойранынан қалған күйреуді жою барысында, cондай-ақ ұлт мүддесі үшін жұмыс істеп, елдің қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуі тиіс ұлттық компаниялардың жұмысын тексеру мәселесінде біз президенттің бастамасымен одақтаспыз!

Сондықтан мүмкіндігінше президенттің бағдарламасына қастандық жасауға жол бермейміз, бұл мақсатта азаматтық қоғаммен бірге жұмыс істейміз. Себебі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру мақсатында капиталды елдің игілігіне қайтару идеясын жүзеге асыруға пәрмен беретін президенттік билік институтынан басқа – әзірге басқа қуатты күш жоқ.

Құқық қорғау органдары жұмысының тиімсіздігін бәріміз де көріп келдік. Өткен жылдарда олар сыбайлас жемқорлыққа және халықтық қаржыны сұғанақ қолдардың жымқыруына қарсылық көрсете алмады. Оның үстіне олар Назарбаевтар кланының ұрлық-қарлығына көмектескені сөзсіз. Оларға сенуге болады дейтіндей, бізде әзірге дәлел де, өзгерді деуге – негіз де жоқ.

Оған қоса, біздер – азаматтық қоғамның куәгерлері кейбір жағдайларда ұрлықтың жасалу жолы тетіктерін жергілікті прокуратурадан кем білмейміз. Ел азаматтары ұрлық фактілері туралы ақпаратты күнде жариялайды, алайда тәртіп сақшыларының сол фактілердің дәйектілігін анықтау мақсатында жедел әрекетін көрмейміз.

Біз, мысалы, Батыс елдері юрисдикцияларында Назарбаев қорын «сақтаушылардың» активтеріне тыйым салына бастағанын білеміз, бірақ Бас прокуратура бұл тұрғыда шұғыл шара қолданғанын естімедік.

Сонымен бірге біз Прибалтика республикаларының бірінде Қазақстанның клептократтары тыққан ақшасын «жуып-шайып» жатқаны жөнінде күдікке ілініп, Президент әкімшілігіне тағайындалған жаңа басшының бұрынғы кеңсесіне (Антикор) сұрау салынғанын да білеміз. Алайда бұл тұрғыда біздің құқық «қорғаушылары» недей әрекет етіп жатқаны бізге белгісіз.

Мәселен, Латвияның құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының жекелеген азаматтары салықтан жалтарды және Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Латвия аумағында мүлік сатып алуда деген күдік келтіруде.

Атап айтқанда, сөз Қайрат Боранбаев тұрғысында айтылуда. Дей тұрғанмен, Боранбаев мырзаға қатысты тергеу едел-жедел жүргізіліп, ол Қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен сотталып та кетті. Бірақ латыш құқық қорғаушыларының Боранбаевқа байланысты бұрыннан бергі күдігі Қазақстанның тиісті органдары тарапынан тексерілмеді, сот үкімінде дәл осы қаржы криминалына қатысты тиісті баптар аталмады.

- Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың Латвия мен Еуропа елдеріндегі қызметін, оның отбасы мен компанияларына жазылған сырттағы активтерді неге тексермеді? Боранбаев мырзаның негізгі байлығы мен активтері Батыс елдерінде тығылған еді ғой, бұл жағдай Агенттік пен Бас прокуратураның назарынан неге тыс қалды?

Боранбаев мырзаның келіншегі өз атына жазылған бизнес-ұшақты (самолет) сатып жібергені сізге белгілі ме? Маман-эксперттердің айтуына қарағанда, бұл ұшақтың нарықтағы құны 30 миллион долларға дейін бағаланады екен. Біздің елдің тиісті органдары осы сауда-саттық жағдайын біле тұра, ұшақтың қандай қаржыға сатып алынған анықтағанға дейін, бұл активті «мұздатып» қоюға неге әрекет жасамады?

Латыш өкіметі Қазақстан билігімен бірлесіп, Боранбаевтың мүлкін, компанияларын және есепшоттарын анықтауға үмітті болған еді. Бірақ біздің тараптан тып-тыныш үнсіздік болған соң, бұл мәселені өздері тексеруге кірісті. Латвия Боранбаевтың активтерін «мұздатып» тастады, ол активтердің құрамында бүкіл Балтияға белгілі ірі гольф-клуб пен отель бар. Тексеріс барысында тағы қандай мүліктер анықталады – ол жағы әзірге бізге белгісіз. Бұны бізден бұрын Қаржы мониторингі агенттігі де білмейтін сияқты...

Сол сияқты «Jusan bank»-тың иелері Қазақстаннан шығарған ірі көлемдегі қаражат Батыс елдерінің бірінде «мұздатылғаны» тағы да бізге белгілі болды.

- Осыған байланысты Агенттік не істемек, «Jusan bank» олжалаған ақшаның ізін қуа ма? Бас прокуратура мен нақтылап айтқанда, Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов (суретте) мырза бұл процесті бақылауға ала ма?

Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – біздің клептократтарға ұрлаған ақшасын басқа жаққа тығып үлгеруге мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді.

Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз ұрланған капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға ала аламыз және мемлекет үшін осы кесірлі тәжірибенің одан ары жалғасуына жол бермейміз.

Өткен жылдың қараша айында Президент Тоқаев мырза үкіметке тиісті заң жобасын наурыздың 31-іне дейін дайындауды тапсырған еді. Міне, ел президенті белгілеген мерзімнен бір айға жуық уақыт асты, бірақ ол заң жобасынан тырс еткен хабар жоқ.

- Сіз үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі Министрлер кабинетін басқардыңыз, ендеше Президенттің тапсырмасын орындау неге созылып бара жатқанын қалай түсіндіресіз, премьер мырза?

Біз Қазақстаннан ұрланған активтер жасырылған елдердің парламенттеріндегі әріптестерімізге қаржыны қайтарумен айналысатын біздің мемлекеттік органдарға барынша көмек көрсетуді сұрап, өтініш жолдауға дайынбыз. Егер біздің мемлекеттік органдар капиталды тез арада қайтаруға күш салмаса, біз бұл мекеме басшыларына сенімсіздік көрсету мәселесін көтереміз. Біздің мемлекет пен қоғам қазір бұл ақшаға бұрынғыдан да мұқтаж.

Бізге көп сенім берген бұл заң әлі ұсынылған жоқ. Оның іс жүзінде қалай қолданылатынын әлі білмейміз.

- Үкімет осы бағыттағы жұмысы туралы азаматтарды қалай хабардар етпек? Президент тағайындаған комиссия қалай жұмыс істейді?

- Бұл комиссия құқық қорғау органдарының жұмысын қалай үйлестірмек?

Айтпақшы, құрметті депутат мырзалар, осы өзекті сұрақтар бойынша Бас прокуратураның есебін тыңдауды ұсынамын. Бұл орайда Бас прокурордың орынбасары – Президент тағайындаған комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов нақты немен айналысатынын тыңдау өте маңызды. Активтерді қайтару комиссиясының қызметін жақсарту үшін, Парламент іс-жүзінде қандай көмек жасай алады? Бұл да талқылауды қажет ететін мәселе.

Сондай-ақ мемлекет мүлкін заңсыз иемдену фактілерінің барлығына бірдей тергеу жүргізілмеуі де бізді алаңдатады. Ішінара іріктеп алып, тексеру жүргізу сыңайын таныту – бұл алдарқату, қоғамды алдамсырату амалы болады. Мәселен, белгілі бір әуежай ел меншігіне қайтарылған болса, оны кім, қалай иемденгенін біз неге білмейміз? Бұл үшін жауапкершілікті кім көтереді және бұл активті пайдаланудан түскен дивидендтер қайтарыла ма? Айтып отырған сомалардың мөлшері қандай?

- Кәрім Мәсімов, Тимур Құлыбаев, Александр Клебанов, Айгүл Нуриева тобы және басқалары елден алып кеткен байланыс қызметтері нарығын пайдаланғаны үшін дивидендтер қашан және қалай қайтарылады? Бұл жерде бірнеше миллиардтаған доллар туралы айтылып отыр.

Осы орайда, Смайылов мырза, қалай ойлайсыз, елімізде жер қойнауын пайдалану салығы және байланыс қызметінен түсетін пайда мен дивидендтерге салынатын салықтардың жаңа нормалары туралы заң жобасын енгізетін уақыт жеткен жоқ па?

Елден ұлттық активтерді ұрлау күн сайын жалғасып жатқанын сіздің назарыңызға салғым келеді. Қазақстанның бюджеті күннен-күнге кедейленіп барады. Қаржы секторына көмектесу үшін, мемлекеттік қазынадан ондаған миллиард доллардың қалай аударылғанын ешкім тексермейтінін көріп отырмыз. Назарбаевтар отбасы әлі де елдің стратегиялық активтерінің қомақты бөлігіне ие. Бұл активтер олардың қолына қалай жеткенін әлі анықтау қажет. Егер оның тиісті ақысы төленбесе, барлық ақшаны соңғы теңгесіне дейін өндіріп алуға тиіспіз. Әзірше олардың жұмысын бақылауды бастау керек.

- Ел ресурстарына бақылау әлі барлық салада толық жолға қойылмаған. Ел игілігі үшін ол ресурстар қалай пайдаланылуда? Қандай да бір оффшорлық құрылымдар арқылы ма немесе шетелдерден басқарыла ма?

- Үкімет пен оның органдары экспортқа қалай бақылау жүргізіп жатыр? Ал бұл ресурстар біздің дағдарыстағы экономика үшін өте маңызды. Мемлекет байлығына мұқият және жауапкершілікпен қарау – ел азаматтарының сенімін сақтаудың кепілі.

Экспортқа бақылау орнату – тіптен оңай. Темір жол мен автомобиль көлігіне арналған барлық кедендік өткелдер белгілі. Ендеше үкімет үшін экспортты бақылау қаншалықты қиын? Егер сіздер осы қарапайым нәрсені жасай алмасаңыздар, үкімет ретінде несіне қажетсіздер?

Біз әрбір сайлаушыдан «несиеге» сенім алдық және оған нұсқан келтірмеуіміз керек. Әртүрлі мемлекеттік емес ұйымдардан (НПО) келетін сигналдарға қарағанда, импорт та жеткілікті түрде бақыланбайды.

Бұған кім кінәлі? Неліктен активтерге ие болған «инвесторлар» маңызды ресурстарды тұтыну өскен жағдайда сұранысты өтейтіндей өндірісті ұлғайтпады? Оның орнына, түскен пайданы шетелге шығаруға, сол жақта зәулім үйлер тұрғызуға, яхталарда демалып, мемлекеттік компаниялар есебінен отбастарын жеке ұшақтармен тасымалдауға олардың мүмкіндігі қалай болып отыр?

- Осы жылдар ішінде «ҚазМұнайГаз» нақты не бітірді, тапқан пайдасы қайда кетті?

- «Қазақмыс» компаниясы қазба байлық ресурсының 30 пайызына қалай ие болды? Соңғы он жылда бұл компания осы 30 пайыздың есебінен қаншалықты байлыққа кенелді?

- Сол сияқты, құрамында назарбаевтық кланның үлесі бар «Еуразиялық топ» халықтық байлықтың 40 пайызын қалай иемденіп кетті? Аталған осы екі компания соңғы он жыл көлемінде қазынаға қанша салық төледі? Бұлар иемденген шашетек байлықтың (тиісінше – 30 және 40 пайыздың) қанша бөлігін біз елдің иелігіне қайтара аламыз?

- Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауы тиіс «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры және оның бөлімшелері қандай әрекеттер жасап жатыр?

Міне, активтерді қайтаруға қатысты менің депутаттық сауалымда бірнеше сұрақ көтерілді. Осы сұрақтарға байланысты үкіметтік түсініктеме жауапты жазбаша түрде қайыруыңызды сұраймын.

Ермұрат Бапи,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

Бұл талап-сауалды депутаттар – Қазыбек Иса, Абзал Құспан, Ринат Зайытов, Жанарбек Әшімжан қолдайды.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371