Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3615 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 13:20

Кiтап: жазғышбектер мен жазғышбикелер

 

Кiтап: жазғышбектер мен жазғышбикелер

Соңғы кездері «Хабар» телеарнасынан «Жігіт сұлтаны» байқауы көрсетіліп жүр. «Жі­гіт­ке жеті өнер де аз» дегенді ту еткен аза­маттар бар өнерін салып, бәйгеден оза шабуға дәмелі. Дәл осы байқаудың өткен түсіріліміне назар аударғанда, көз сүйсіндірер талантты жастардың бар екеніне көзіміз жете түскендей еді. Бірі жиырма келі кірді қым­сынбай көтерсе, енді бірі қазақтың дәстүрлі әнін домбырамен нақышына сала орындап, көрерменді тәнті еткендей болды. Алайда, кезек білімін сараптайтын сауалдарға келгенде көбі мардымды жауап айта алмай қиналып, жер шұқығанда көңіліміз су сепкендей басылғанын несіне жасырайық. Сондағы «Қасым Қайсенов кім?» деген сауалға мүлдем жауап таба алмай, иығын қиқаң еткізген бозбаланы да, «Жеті Жарғы туралы не білесің?» дегенде «Кезінде билердің ханға айтқан сөзі» деп, өзінің жауабына сенімді түрде «ал бұныма не дейсің» дегендей, қасқайып тұрған жасты да, «Ақындардан кімдерді білесің?» дегенге «Абай...» деп бастаған тізіміне қосатын есім таппай, әбіржіген жігітті де көрдік. Қазақтың жігіт сұлтаны атануға өздерін лайықты деп тапқан азаматтарымыздың жауабы осындай болса, өзгеге не жорық. Ал Сіз, құрметті оқушы, бұған не дейсіз?

 

Кiтап: жазғышбектер мен жазғышбикелер

Соңғы кездері «Хабар» телеарнасынан «Жігіт сұлтаны» байқауы көрсетіліп жүр. «Жі­гіт­ке жеті өнер де аз» дегенді ту еткен аза­маттар бар өнерін салып, бәйгеден оза шабуға дәмелі. Дәл осы байқаудың өткен түсіріліміне назар аударғанда, көз сүйсіндірер талантты жастардың бар екеніне көзіміз жете түскендей еді. Бірі жиырма келі кірді қым­сынбай көтерсе, енді бірі қазақтың дәстүрлі әнін домбырамен нақышына сала орындап, көрерменді тәнті еткендей болды. Алайда, кезек білімін сараптайтын сауалдарға келгенде көбі мардымды жауап айта алмай қиналып, жер шұқығанда көңіліміз су сепкендей басылғанын несіне жасырайық. Сондағы «Қасым Қайсенов кім?» деген сауалға мүлдем жауап таба алмай, иығын қиқаң еткізген бозбаланы да, «Жеті Жарғы туралы не білесің?» дегенде «Кезінде билердің ханға айтқан сөзі» деп, өзінің жауабына сенімді түрде «ал бұныма не дейсің» дегендей, қасқайып тұрған жасты да, «Ақындардан кімдерді білесің?» дегенге «Абай...» деп бастаған тізіміне қосатын есім таппай, әбіржіген жігітті де көрдік. Қазақтың жігіт сұлтаны атануға өздерін лайықты деп тапқан азаматтарымыздың жауабы осындай болса, өзгеге не жорық. Ал Сіз, құрметті оқушы, бұған не дейсіз?

Оқы­ған мен оқымаған, сауатты және сауатсыз деп бөле жарып қарайтын болсақ, кісі баласының бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей екені көзге ұрады. Десек те, көркем әдебиет адамның ішкі мәдениетіне, бүгіні мен ертеңін таразылауға сеп тигізер басты құрал дейтін болсақ, оған бей-жай қараудың салдары қандай? Бүгінгі әңгіме төркінін осы төңіректе өрбітуді мақсат тұтып, Қайыр ҚАРАҚҰЛАНМЕН сұхбаттасып, жергілікті жерлердегі белгілі азаматтарға сауалнама жүргізген едік.

- Театрға бармау, көркем фильмдер көрмеу, дәстүрлі ән тыңдамау, кітап оқы­маудың ақыры қайда апарады, яғни осылай жалғаса беретін болса болаша­ғы­мыз қандай болмақ? Жалпы, қазіргі ұлттық талғам қай дәрежеде деп ойлайсыз?
- Бұл сұрақтар ең алдымен, әрине, хал­қымыздың болашағы - жастарға қатыс­ты айтылғаны айдан анық. «Театрға бармау, көркем фильмдер көрмеу, дәстүрлі ән тыңдамау, кітап оқымау» дегенді бір сөзбен «жастардың өнер атаулыдан қол үзуі» деп түсінген дұрыс шығар. Бұл құбылыс, бір жағынан, мына заманымызға, оның барған сайын үдер­ген, адамдарды бірінің иығын бірі жұлып жеуге мәжбүрлеп жатқан тегеуріні мен екпініне тікелей байланысты. Рухани өмірдегі мұндай бетбұрыс осылай жал­ға­са берсе, бұл, әрине, адамзат қоғамын «ұш­паққа» шығармайды - әркімнің-ақ жан дүниесінің жұтаңдығына (мүмкін, тіпті, қайыршылығына), тоқырауға ұрын­ды­рады. Адам ең алдымен, өзінің сол ішкі әлемімен, оның абзал қасиеттерімен: ізгілігімен, тірі табиғат түгілі, өлі табиғатқа деген қамқорлығымен, жанашырлығымен, қиратушы, жоюшы емес, бүтіндеуші пейі­лі­мен, әрдайым жасампаздыққа ұмтылуы­мен - адам. Егер осы абзал қасиеттері жо­ғалса, адам тек қана жыртқыш ма­құлық­қа емес, табиғат берген миына, ақылына сүйеніп, ең залым да зұлым, қанқұйлы монстрға айналады.
Енді «Жарайды, солай-ақ болсын, бірақ сонда бұл қатерге қарсы тұра алатын күш бар ма?» - десек, ондай күш бар екен. Ол күш, барлық жер жүзі бойынша өткен замандардағы, бүгінгі ақыл-парасат иелерінің пайымдауынша, жан-жақты терең білім мен сан-салалы, өресі де, тұғыры да биік өнер делініп жүр. Бүгінгі қазақ қоғамы осылардан құралақан ба? Жоқ, құралақан емес.
Бұл арада бір айтыла кететін нәрсе - тіршілікте, соның ішінде, қоғам өмі­рін­де де, жүзден жүз ұпайлы прогресс те, жүз­ден жүз ұпайлы регресс те болмайды екен. Қазақ деп аталатын халыққа, оның басы­нан өткізген тарихында ғасырлар бойы тартқан азабы мен көрген қоқанайы аздай-ақ, тағы да өлшеусіз көп тақсірет алып келген жиырмасыншы ғасырдың әйткенмен де бұйыртқан сыйы бар. Ол сый - халқымыз мына жаңа ғасырға, ке­шегі Кеңес Одағының шеңберімен есепте­ген­де ең сауатты (орыстардың өздерінен де көш озық) ұлттардың бірі болып ілікті. Сонымен бірге, ұлттық өнердің де (олар­дың ішінде сан жанрлы көркем әдебиетті ерекше бөліп атаған дұрыс) Құдайға шүкір, деңгейі биік, мерейі үстем. Егер біз осы мүмкіндікті дұ­рыс пайдалана алсақ, тегеурінді негатив­ке қауқары одан еш кем емес позитивті күштерді батыл қарсы қоя алатын ұлтпыз деп ойлаймын.
«Дәл бүгінгі күні ұлттық тал­ғам қандай дәрежеде?» - деген сұраққа қапысыз тұ­шымды жауап беруге тәуекел етпес едім. Ұлттық сана - ол бар. Ұлттың тыныс-тір­шілігіне, өнеріне деген ынта да - көпші­лігі­міздің жүрегімізде сақталған. Бі­рақ тағы да заман ағымымен және бас­қа да қақпа-соқпа әр түрлі себептермен дей­міз бе, ұлттық сана тұрғысынан космополит (әйтпесе, тіпті, өз ұлтын жек көретін сат­қын), ал өнердегі талғам тұр­ғысынан дүбәра, шәлтүріш болып кеткен қандас­тарымыз да жетерлік...
- Енді осылардың ішінде кітап оқы­май­тын бозбала, кітап оқымайтын бойжеткен... ата-ана, мұғалім, ше­неу­нік деп жеке-жеке қарастыратын бол­сақ, оның салдары қандай?
- «Көркемдік - әлемді күйреуден ара­шалап қалады» кредосы бекерден-бекер үзбей айтылып жүрмесе керек. Және бұл жарық дүниеге күні кеше ғана емес, ертерек келген әрі көзқарас, әрі үміт. Гу­ма­нист-ойшылдар, белгілі ғалым-қайрат­керлер адамзатты алда күтіп тұр­ған өте ауыр сынақтардың, қауіп-қатердің бар екенін күнілгері сезіп, олардың зардапты әсерін барынша жұмсарту жайын өте ерте заманнан бері ойлаған, толғаған. Сол ізденістерінде олар, өнерге, соның ішін­де, әсіресе, көр­кем сөзге, әдебиетке үл­кен үміт артқан. Өнер адамды мүлде басқа қалыпта - биік сапада тәрбиелейді: жоғарыда айтқаны­мыз­дай, оның жан дүниесін ізгілік пен мейі­рімге деген құш­тар­лық­қа толтырып, жұмсартады, асқақ арман­дарға жетелейді, өрелі де озық істерге құл­шындырады, туған халқы мен елінің мүддесін өз мүддесінен көшкө­рім ілгері қоюға итермелейді. Баланы, жас адамды осындай етіп тәрбиелеу ісі тек қана сан-салалы атадан мұра өнердің, әдебиеттің белсенді де үзіліссіз көмегі арқасында сәтімен жүзеге асуы мүмкін.
Данышпан жазушы, ұлы гуманист Лев Толстойдың «Өнер дегеніміз не?» («Что та­кое искусство?») атты еңбегі бар. Өзі оны «монография» деп атапты. Бұл автор­дың әлгіні ғылыми еңбек деп есептегенін көрсетеді. Сол шығармасында жазушы, өнерге анықтама береді. Лев Толстойдың берік сенімінде, өнер - сол өнер иесінің басқа адамдарға, әлгі туын­дыны пай­да­лануға тиіс оқушы-есту­ші-көрушіге, өзінің жан дүниесінің сол шығарманы дүниеге келтіріп отырғандағы қалпын, неше түрлі шамырқанған, бірі­мен-бірі астасқан қат-қабат сезімдерін жұғыстыру, беру, тасымалдау тәсілі. Әлі дүниетанымы, ой-па­ра­саты қалыптасып, бекіп үлгермеген жас адам, түн қатып өте талантты жазушының, мейлі шағын бола берсін, бір ғана хикаясын оқып шыққанда, ол әлгі бірнеше сағаттың ішінде барлық күйініш-сүйі­ні­шімен, ар­ман-тілегімен, құлшыныс-күре­сімен басқа бір адамның бүкіл ғұмырын немесе сол ғұмырдың сүбелі бір кезеңін өз басынан өткергендей күй кешеді екен (Театрда талантты да сәтті қойылымды тамашала­ғандағы көрерменнің күйі де дәл осындай болады). Сөйтіп, оның, әлгі оқушының немесе көрерменнің жан дүниесі тазарады, ол көптеген пендешілік ұсақ ой мен күйкі тілектерден арылады, арманы биікке сам­ғап, шарықтайды, өзінің бұрынғы іс-қылықтарына басқа, қытымыр көзбен қарайтын болады, жүрегі жұмсарып, мейірім мен кешірімге толады. Енді осындай өнер туындыларына келгенде сезімі тұл, таскерең, әсіресе, табылуы да, пай­да­ланылуы да оңай кітапқа да селқос, немқұрайды қарайтын ата-ана мен ұстаз атын құр босқа жамылып жүрген міскін жайлы не айтуға болады. Олар еліміздің, ұлтымыздың ертеңі - жас ұрпаққа рухани майданда нәдеге асатын қандай азық бере алады?! Өнер атау­лыдан, соның ішінде, көркем әде­биеттен бейхабар, бүкіл саналы ғұмы­рында «битін сала» тұшынып, бір кітап оқымаған шенеуніктің де елге тигізер пайдасынан зияны басым: ондай адамда нәзік сезім, өзгеге деген аяушылық, кемтарға қол ұшын беруге құштарлық сияқты абзал сезімдер әдетте болмайды...
Мен, шығармашылықтың жай-жап­сары болмаса, өз жеке басым жайында әңгіме қозғағанды ұнатпайтын адаммын. Алайда, дәл осы жолы әлі балаң кезімде басымнан өткен, мына сөз етіп отырған мәселемізге тікелей қатысы бар бір эпизодты әңгімелей кеткім кеп отыр.
1949 жылдың қаңтар айының алғаш­қы күндері - мектеп оқушыларының қыс­қы каникулының қарсаңы еді. Ол кезде мен Жайыққа жақын жатқан шағын ауылда, бесінші сыныпта оқитынмын. Күтпеген жерден қыруар олжаға кенелдім де қалдым: менің қолыма қомақты кітап - әсіресе, сол кездері аты дүркіреп тұрған үлкен жазушы Сәбит Мұқановтың латын әріптерімен терілген «Жұмбақ жалау» романы түсті. Кітаптың оған дейін оқыла-оқыла ескіргені сонша, тура ит та­лаған балпақтай болып кетіпті. Алайда, оның беттері, көпшілігінің жиектері жырым-жырым болғанымен, түгел еді. Қысқасы, мен соған дейінгі де, содан ке­йінгі де өмірімде ешқашан әлгі ел жаппай ашқұр­сақ жалаңашты қытымыр қыстың он күніндегідей бақыт пен шаттыққа кенел­меппін. Сол он күн бойы ұдайы мен роман­ның кейіпкерлері Асқармен, Бота­гөз­бен, Амантаймен және басқаларымен «мидай араласып», бірге болдым, шаттандым, налыдым, күлдім, жыладым, қыс­қасы, өзгелердің жанқияр күреске толы ызы-қиқы, шым-шытырық өмірін өз басымнан өткіздім. Сол жолғы тапқан ең үлкен олжам - мен өзімді дәл сол кезден бастап, әлі өзіме де айқын емес әлдене үшін «басыммен» жауап беруге тиіс адамдай сезінетін болдым...
Екінші жағынан, өнерге, ең болмаса соның бір саласына құштарлық - бақытты өмір сүргісі келетін көзі ашық, көкірегі ояу әр адамның жан азығы: әлгі адам сол сүйген өнерінің «сөлінен», нәрінен сусындап, бұл қалыптың үзілмей, жал­­ғаса беруін қалап тұрады, содан таяныш, сүйеніш табады, ондай адамдарда рухани тоқырау, өмірден түңілу деген нәрселер атымен болмайды. Адал еңбекпен та­был­ған байлық, әрине, жақсы. Алайда, тек қана жалаң барлық байлық, көбінесе адамды қапысыз бақы­тқа жеткізе алмайды. Мақтансүйгіштікпен, есерлікпен, әдейі аллегорияға барып айтқанда, қазан астына ақша жағып ас пісірген талай шіріген байлардың кей­біреу­лерінің ақыр соңында өзін-өзі өлтіруге дейін барғаны - жоғарыдағы тұжырымның ақиқаттығына бұлтартпас дәлел ғой деп ойлаймын.
- Жоғарыда ұлттық талғам жайын тілге тиек еттік. Енді көркем шығарма оқу тұрғысынан алғандағы талғамға келсек. Сіздіңше, қазіргі жастар қандай кітап оқуы керек?
- «Мына кітапты оқы, ал мынаны оқы­ма» деп, әлбетте ешкімді мәжбүрлей алмайсың. Ал жалпы, қазіргі көркем шы­ғар­маға қойылар талапқа келсек, ондай шығарма, мысалы, прозада көлемі жа­ғынан мейлінше шағын және қыз­ғылықты оқиғаға негізделіп жазылуға тиіс. Осы арада мен бүгінгі қазақ прозасына тән, белең алып кеткен бірер кем­шілік жайлы айта кеткім келеді. Олардың біріншісі - көпсөзділік, яғни көсілтіп, еркін жазамын деп, шама-шарықты ойламай шалқып, маңып кету. Ал екіншісі - жанр­дың таза­лығын, ерекшелігін сақ­тамау; айта­лық, болашақ әңгімеге не­ме­се новел­лаға ат таңдап, айдар тағып қойып, тағы да бас-көз жоқ эсселете беру...
- Соңғы кездері, әсіресе, жастар жағы дінге қатты ден қойып, соның ке­сі­рі­нен түрлі ағымдарға ілескен жұрт ата-анадан, туыс-бауырдан безуде. Бұның түпкі себебі неде деп ойлайсыз? Және осындай жағдайда ұлттық бол­мыс­тан ажырап, өзгеше ықпалға бой ал­дыр­ған адамның оң-солын танып, бас­тап­қы күйіне қайта оралуы мүмкін бе?
- Бұл сұрақтың мәтініндегі «Соңғы кездері, әсіресе, жастар жағы дінге қатты ден қойып, соның кесірінен түрлі ағым­дарға ілескен жұрт ата-анадан, туыс-бауырдан безуде» деп келетін тұжырым­мен мен мүлде келіспеймін. Барлық пәле «діннің кесірінен» емес, сол дініміздің ата-бабаларымыз бірден-бір хақ, ақиқат саласы деп құп алған тармағы - әһли сүн­нет уәл-жамағат ахидасы мен Ханафи мәзһабына бүгінгі таңда бәріміз жұмыла мойын бұрып, адал бола алмауымызда болып отыр. Кезінде қасиетті Пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жарықтық: «Яһудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың біреуі ғана жәннатқа барады, қалған 72-сі тозақтық болады», - деген екен. Сонда қасындағы сахабалардың біреуі: «Я, Расуллаһ! Жәннатқа баратын топ қайсысы?» - деп сұрағанда, Пайғам­барымыз (с.ғ.с.): «Менің және асхабымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап беріпті. Басқа бір дерек көздері бойынша, Алланың Елшісі бұған қоса: «Ол - менің үмметтерімнен ең көп қолдау тапқан жол», - депті. Осыған баққанда, бүгінгі таңдағы бүкіл жер жүзі бойынша жалпы саны 1,7 млрд. деп есептелінетін мұсыл­мандардың жартысынан артығы тұты­натын жаңағы Әһли сүннет уәл-жамағат ахидасы мен Ханафи мазһабын ең абзал (еліміздің қауіпсіздігі үшін де ең ұрымтал) жол деп есептеуге негіз бар. Оның үстіне, бұл жолды бар-жоғы төрт-бес көпшілігі ұсақ ұлттардан өзге барлық түрік тектес халықтар атам заманнан бері ұстанып келген. Кейін не болды? Кейін әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «Ал енді дінге ден қояйық, онсыз болашағымыз бұ­лыңғыр, күніміз қараң болуы мүмкін» делінді де, ел өте зәру дін қызметкерлерін тездетіп даярлау ісі қолға алынды. Алайда, ол кезде дінге қатысты биліктің тұтқасы да кешегі партноменклатура - атеис­тердің қолында болатын. Ал олар өздері түк білмейтін мәсе­леде көп бас қатырып жатпай (дұры­сы - баяғы өпірем өзім­білемдікпен), жастарды жер-жерге, әр түрлі араб елдері мен Түркия, Пәкістанға деген сияқты, оқуға жібере бастады. «Апырай, жаста­ры­мызға қай елде, қандай білім, тәрбие бе­рер екен?!» - деген ой әлгі ноқайлардың миларына кіріп те шыққан жоқ. Нәти­же­сін­де не болды? Әлгі жастарымыз кейін елге Исламның әр түрлі салаларының жанашырлары, на­сихат­шы­лары болып оралады. Болған-біткені осы ғана! Сөйтіп, айналып келгенде, барлы­ғына да өзіміз кінәліміз. Ықы­лым заманнан белгілі кеп - «Бақ­паған өгізін өлті­реді». Оның бергі жағында «Ал келіңдер, біз­дің елдің есігі барлық діндер мен конфессияларға ай­қара ашық, себебі, біз - зайырлы мем­лекетпіз» деген ұстаным және шықты!..
Шындығында, Ханафи мәзһабының негізгі ерекшелігі мен күші, тартымдылығы сонда - ол дін таратушыларға, егер мұ­сыл­­мандыққа бет бұрған ұлттар мен ұлыс­­­тардың ата дәстүрі, салт-санасы, әдет-ғұрпы Исламның негіздеріне, іргета­сына қайшы келмесе, оларды жоққа шығармауды, атқарылуына кедергі келті­р­меуді, қайта керісінше, олармен кірігуді, одақтасуды міндеттеген. Сон­дықтан (мен мұны әсіресе, қадап айтқым келеді) Ислам­ның ата-баба­ларымыз бізге мұра еткен бейбіт сала­сының талаптары мен біздің байырғы ұлттық тәр­биеміздің талаптары арасында еш­қандай қайшылық жоқ, қайта дәлме-дәл ұқсастық, үндестік бар. Мысалы, ата-анаға әрдайым зор құрметпен қарау, туыс-бауырлармен тату болу, ғайбат сөз, өсек-аяң айтпау, тағысын тағылар - Исламның тек қана кеңесі емес, қатаң талаптарына жатады. Енді біз үшін сол дінге арқа сүйеп, үміт артудан басқа жол жоқ. Бұдан бәріміз бірдей тақуа болып кетпеспіз, бірақ хақ сенімнен ауа жайылған басқа жолдардың бәрі бізді тек қана құрдымға алып барады.
- Негізсіз сөйлей салу, біреудің сыртынан ғайбат сөз айту немесе керісінше, сертінде тұру, жақынын сатпау, өсек айт­пау сынды қасиеттердің дұрыс-бұ­ры­сын үйрететін ұлттық тәрбиеден бү­гінде ажырап бара жатқан жоқпыз ба? Көркем әдебиетті оқыған адам осындай жағдайда бойын аулақ ұстайды десек, бұл да рухани жұтаңдықтың кесірі емес пе? Жалпы, жастарды әде­биет­ке жа­қын­датудың, кітапқа баулу­дың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
- Мен бір кездері жаппай кітап оқы­ған қауымнан бүгінгі таңда керісінше, еш­теңе оқымайтын қауымға айналып бара жатқан ұлтымызды бұрынғы қал­пына қайтарудың жолын, әрине, біл­мей­мін. Жалғыз-ақ, азды-көпті «жұбаныш», бұл - қазір бүкіл жержүзілік, әлемдік тенденция болып отыр. Мүмкін көп ке­шік­­пей біздің ақпаратты, ең алдымен қағаз­ға түсіріп, пайдаланатын тәсіліміз қол­даныстан шығып қалар. Ондай жағ­дай­да біз компьютерлерге, ғаламторға ғана қарап қаламыз. Бірақ мұндай тәсіл де мәңгілік бола алмайды. Себебі, үнемі электромагниттік толқындар мен сәулені пайдалану адам ағзасына, әсі­ре­се, көз бен жүйкеге, қалай сақтана бер, бәрі-бір зиянды. Мүмкін бір кезде, қазіргіше айтқанда, әйдік бір томдық материалды, информацияны қас-қағымда түгелдей «жұтып» алып, келесі сәтте миымызға «құйып» беретін құралдар шығатын шығар.
Алайда, бүгінгі таңда, әзірше, кітабы­мыз, Құдайға шүкір, бар. Жастарды сол кітапты әрдайым оқу дағдысына қалай баулудың төте жолын ұсына алмағанмен, сол бағытта жеделдетіп сөзсіз іске асы­рылу­ға тиіс бірер шараны атаған дұрыс па деймін.
Меніңше, жас ұрпақты кітапқұмар­лық­­қа баулу тәрбиесі отбасынан, кешеуіл­детпей, олардың өте шикі кезінен басталып, балабақшада, мектепте жал­­ғас­тырылуға тиіс. Бұл үшін әлгілердің жас ерекшеліктеріне сәйкес қызғылықты әдебиет жеткілікті мөлшерде және бай мазмұнда тездетіп шығарылуы шарт. Бала, әсіресе, кішкене кезінде үздіксіз тақпақ жаттап, оны мәнерлеп айтып, қысқа әңгіме, жұмбақ, ертегілерді «еміп» өссе, бұл іс үрдіске айналып, қас қақпай бақыланса, ондай адамның есейген кезінде де кітапқа немқұрайды қарай алмайтынына мен сенімдімін.
Бұл орайда тағы бір тездетіп іске асырылуы қажет маңызды шара - кітап әлемі қазіргі көп «қоқыстан» тазартылуға тиіс. Қазір кім көп - жазғышбек пен жазғыш­бике көп, не көп - кітап көп және әлгі кітап неғұрлым нәрсіз, дәрменсіз (ал ав­торы «мешел») болса, кітаптың сыртқы түрі, дизайны соғұрлым әсем, тартымды болып келетінін қайтерсің!..
Ақыр соңында, мен жастарымыздың театрлардағы қойылымдарға ден қойып, үздіксіз барып тұруларын тілер ем. Қазіргі кезде театрларымыздың «жанын» шын мәнінде сақтап жүргендер - студенттер мен мектеп оқушылары ғана. Ал үлкендер олай қарай аттамайды десек те болады. Неге? Мүмкін бұлай жалғаса бермеуі үшін әлгі өнер ордаларының өздерінің жұмыс тәсілдерін өзгерткендері, жарна­маға дұрыстап ден қойғандары дұрыс шығар. Жарнама деп мен бұл жағдайда әншейін жер-жерге ілініп қойылатын қатырмалар мен тақтайшаларды айтып отырған жоқпын. Неге театрлар, әсіресе, жылы маусым - көктем, жаз кездерінде көшедегі шағын ашық сахналарда көпшілікке арнап репертуарларындағы қойылымдардан тегін үзінділер көрсет­пейді, неге газет, теледидарды пайдаланып, белгілі-белгілі әртістердің шығар­ма­шылығын насихаттамайды, неге балалар мен жасөспірімдер үшін әр түрлі шетел­дік қойылымдарды қизалап, қайтала­ған­ша, халқымыздың өлшеусіз бай мұрасы - ертегілер мен аңыздарды сахналамайды? Түсініксіз!..
Өз басым, егер мені біреулер қонаққа шақырса, қазіргідей «ауыр» дастарқан ба­сында сағаттар бойы сірескеннен гөрі, әуелі театрдағы қойылымға немесе концертке шақырылып, соңынан әлгі үйде немесе мейрамханада құрылған «жеңіл» ғана дастарханнан дәм татқанды қалар едім...
- Әңгімеңізге рахмет.


Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын:

- Қазір кітап оқымайтын кісіні сыртынан танып алу, айталық, кітап жазбайтын кісіні сыртынан ажыратып алумен бірдей аса қиын шаруаға айналып кетті ғой. Күні кеше редакцияға екі егде кісі еніп шықты, бірі - автор, екіншісі - автордың кітаптары жүдә тәуір нәрсе екенін дәлелдеуші атқосшы. Өлеңмен де, қара сөзбен де нығарланған, мұқабасының көркемдігі көз тоярлық екі кірпіш кітапты шаршап қалмай көтеріп әкелгендерге, ең болмаса, сарт мезіретпен құтты болсын айтуға да тіліміз икемделмей діңкелеп, «ойпырмай, мынадай көп дүниені қалай жазып тастағансыз, біздің бар жазған-сызғанымыз бір кітаптан аспайды-ау» деп далбасаладық. Автор: «Ештеңе етпейді, әлі үлгересіңдер, ертең пенсияға шыққан соң өстіп жазасыңдар ғой», - деп жұбатты. Мысалы, осы кісіні кітап оқымайтындардың санатына кіргізуге болатын сияқты.
Оны қойғанда, басқа емес, осы өзіңнің де кітап оқитыныңа күдіктенетін кездерің кездеседі. Пәленбай өлкенің пәленбай деген мықтысы қай рудан шыққанын аяқ астынан естіп, таң қалып отырғаныңда, сөз иесі: «Өй, соны да білмейсің бе, пәленбайдың пәлен деген кітабында жазылған ғой, сірә, оқымағансың-ау», - деп ұялтып тастайды. «Енді... ондай кітап қолға түсе бере ме?» - деп күбіжіктеп қаласың.
Қазіргі кітап пен қазіргі оқырман шамамен осындай болып келетін сияқты.
Ал классикалық дүниелерді, небір асыл мұраларды оқитындарды тап басудың ақтөбеліктерге еш қиындығы жоқ. Ақтөбе, қалай десеңіз де, игере алмайтындай аса зор қала емес, халқы негізінен, бірі-бірімен таныс қала, сол себепті түсінікті қала. Ең тәуірі, біздің облыс орталығындағы кітапханаларымыз, бәлкім, басқа қалаларда да солай шығар, кітапқа, өз жұртымыздың, арғы-бергі елдердің ақын-жазушыларына қатысты шараларды көп өткізеді және сол басқосуларға осы кітап оқиды-ау деген зиялыларды міндетті түрде тізімдеп шақырып отырады. Мысалы, қайраткер Амангелді Айталы, ғалым Жұбаназар Асан, мекеме басшысы (бұрынғыша айтқанда, бастығы) Қанатбай Елеусіз... Оның үстіне кез келген мектептің немесе оқу орнының тіл мен әдебиет пәндерінен сабақ-дәріс өткізетін мұғалім-оқытушылары да, қазақ болса Абай мен Мұхтарды, орыс тілді болса Пушкин мен Толстойды оқитыны күмәнсіз ғой. Кітап оқымайтындардың да бірқатарын танимыз, бірақ олар да, кітап оқымайтындары болмаса, жап-жақсы-ақ адамдар.
Міне, осындай жағдайларға байланысты біздің Ақтөбеде кітап оқымайтындарды сыртынан ажыратамын деп әуре болудың қажеттігі аз. Тек декан ініміз Сабыржанның: «Бұрын филология факультетінің бірінші курс студенттерінен «соңғы оқыған әдеби шығармаңды айтшы» деп сұрайтын едік, қазір «қандай әдеби шығарма оқыдың» деп сұрайтын болдық», - деген сөзі есімнен кетпейді. Болашақтың сәуегейлері солардың кітап оқитын, оқымайтынын қалай ажыратып алар екен?..


Темірхан ӘДІЛХАН,
Ақтөбе облысы,
Темір ауданының мектеп директоры:

- «Кісі тілдескенше, жылқы кісінескенше» - демекші, адамның ішкі қасиеттерін, оның болмыс-бітімін анықтап, білу үшін онымен міндетті түрде тілдескен дұрыс. Адам мен адам тілдескенде оның мәдениеті, деңгейі, пайымдауы бірден байқалады. Ал газет-журналдарда, баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларды, көркем шығармаларды оқу - адамның ой-өрісін, тіл байлығын, ішкі мәдениетін өсіреді. Оқымаған адаммен біріншіден - түсінісу қиын, екіншіден - сөйлесу ауыр, үшіншіден - тілі жұтаң, төртіншіден - ойы ояң. Оқыған адам кез келген жерде әңгімеге араласып, пікірін білдіреді, өзінің оқығанынан мәліметтер келтіреді, пікірлесіп, емен-жарқын әңгімелесе алады. Ал оқымаған адам шорқақ, қорқақ, біреуден естігенін, көзбен көргенін айтады, өзі қолына алып оқымағаннан кейін өз-өзіне сенімсіз болады. Ондай адамға көп нәрсе түсініксіз, көп нәрсе жұмбақ болып көрінеді. Сондықтан жәй тұрмыстық тіршілікте де, ресми орындарда да, көшеде де ондай адамның көзінің алды күңгірт, жолы белгісіз, алды-арты пайымдаусыз, дүниеде болып жатқан жәйтқа парықсыз, көп нәрселерді өлшей алмайтын, байыбына бара алмайтын, сараптай алмайтын, ойдың түбіне жете алмайтын болып қалады.


Серіктес ТОҚҚҰЛОВ,
инженер-құрылысшы:

- 1960-1970 жылдардағы адамдар көркем әдебиетті, газет-журналдарды іздеп жүріп, тауып оқитын. Ал 1990 жылдан бері қарайғы жастардың көбі көркем әдебиетті оқымай, интернет пен теледидар қарайды. Егер салыс­тырмалы түрде қарайтын болсақ, екі ұрпақтың арасы жер мен көктей. Мінездері де өзгеше. Бұрынғы адамдардың мінезі жұмсақ, адамгершілігі мол, бауырмал болатын. Қазіргі жастардың бойында өзімшілдік, еліктеушілік, терең ойдың жоқтығы анық сезіледі. Адамның оқыған-оқымағандығын осыдан-ақ байқауға болады. Дегенмен, соңғы кездері жастардың көркем әдебиетке деген қызығушылығы ояна бастаған сыңайлы. Өзімнің балаларым да Абайдың қара сөздерін жатқа айтады. Сондықтан жастар өздерінің ішкі сұрақтарына көркем шығармалар оқу арқылы жауап таба алатынын, жалпы, әдебиеттің қажеттілігін сезіне бастаған сияқты.
Қазір латын әрпіне көшеміз деп жатырмыз. Меніңше, бұл көркем әдебиетке үлкен нұқсан келтіреді. Яғни бұрын жазылған әдеби шығармалардың 70-80 пайызын жоғалтып алу қаупі бар. Себебі, латын әрпіне барлығын көшіріп жазып шығу - оңай шаруа емес. Осының салдарынан оқимын деген адам іздегенін таба алмай қалуы ықтимал. Оның үстіне, шығармашылық тума таланты жоқ адамның латын әрпімен шығармаларын жариялайтын болса, ал көнекөз жақсы туындылар аударылмай қалса, оқырманды шатастырып, талғамына зиян келтіріп алуымыз мүмкін.
Соңғы кездері дүниежүзінде, әсіресе, Ресей мен Қытайда әдебиетке басымдық беру қажеттілігі жиі айтылып жүр. Оның бірден-бір себебі - әдебиеттің адам тәрбиесіне маңызы зор екендігінде. Сондықтан жастардың әдебиетке деген қызығушылығын оятып, ол үшін көркем әдебиетті, оның ішінде, жақсы-жақсы туындыларды, жазушыларды халыққа насихаттап, кездесулерді көптеп ұйымдастырып, жарық көрген жаңа кітаптарды барынша жарнамалап, халыққа таныс­тыру қажет деп есептеймін.

Дайындаған Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ.

«Қазақ әдебиеті» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371