Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2911 0 пікір 3 Мамыр, 2013 сағат 04:17

Интернет-конференция: Ермұрат Бапи (жалғасы)

«Дат» жобасының бас оқырманы - Ермұрат Бапи конференция барысында келіп түскен оқырмандар сауалына жалғасты жауап беріп отыр.

Ермұрат мырза зейнетақы реформасы туралы ойын айта келіп былай дейді: «Ал зейнетақы жүйесіндегі реформаның ең сорақылығы - қазақ әйеліне 63 жасқа дейін кемінде 3 миллиондық зейнет қорын жинауға мәжбүрлеу арқылы оларды бала туудан қағу саясаты жасалып жатыр. Бұл экономикалық саясат емес, бұл - қазақтың тұқымын бірте-бірте құртуға арналған көзге көрінбес геноцид деп есептеймін».

 

- «Дат»  газетінің аты қазақша болғанымен ішіндегі мақалаларының көбі орысша. Қазаққа қашан жұмыс істейсіздер?!

Сәлемнен қарабұлақтық.

- Осы сұрақ маған жиі қойылады. Мен де жауап беруден жалықпаймын: біріншіден, қылшылдап тұрған қазақ мәселесін орыс тілінде қазақи уайыммен жазатын газетіңіз бар ма? Жоқ! Ендеше, біздің газеттің жарты бөлігі жаман-жақсы болсын осы міндетті атқаруға арналған. Соңғы нөмірлердің бірінде шыққан Қанағат аға Жүкешевтің «Какая Россия нам друг» деген мақаласын оқып көріңізші - бәлкім сонда газет тек қана қазақ тілінде болсын деген райыңыздар қайтарсыз. Бәлкі, сонда «қазаққа жұмыс істеп» жатқанымызға көзіңіз жетер.

«Дат» жобасының бас оқырманы - Ермұрат Бапи конференция барысында келіп түскен оқырмандар сауалына жалғасты жауап беріп отыр.

Ермұрат мырза зейнетақы реформасы туралы ойын айта келіп былай дейді: «Ал зейнетақы жүйесіндегі реформаның ең сорақылығы - қазақ әйеліне 63 жасқа дейін кемінде 3 миллиондық зейнет қорын жинауға мәжбүрлеу арқылы оларды бала туудан қағу саясаты жасалып жатыр. Бұл экономикалық саясат емес, бұл - қазақтың тұқымын бірте-бірте құртуға арналған көзге көрінбес геноцид деп есептеймін».

 

- «Дат»  газетінің аты қазақша болғанымен ішіндегі мақалаларының көбі орысша. Қазаққа қашан жұмыс істейсіздер?!

Сәлемнен қарабұлақтық.

- Осы сұрақ маған жиі қойылады. Мен де жауап беруден жалықпаймын: біріншіден, қылшылдап тұрған қазақ мәселесін орыс тілінде қазақи уайыммен жазатын газетіңіз бар ма? Жоқ! Ендеше, біздің газеттің жарты бөлігі жаман-жақсы болсын осы міндетті атқаруға арналған. Соңғы нөмірлердің бірінде шыққан Қанағат аға Жүкешевтің «Какая Россия нам друг» деген мақаласын оқып көріңізші - бәлкім сонда газет тек қана қазақ тілінде болсын деген райыңыздар қайтарсыз. Бәлкі, сонда «қазаққа жұмыс істеп» жатқанымызға көзіңіз жетер.

Екіншіден, біз газеттің басым бөлігін қазақ тіліне бірнеше рет көшіріп көрдік - тиражымыз күрт құлады. Шамасы, қазақ тілінің қазіргі бейшара халіне осы жағдай да бір барометр бола алса керек. Ал біз тек базар нарығы арқылы күн көретін тәуелсіз газетпіз: демеушіміз де, жанашыр олигархымыз да жоқ. Сондықтан тираждың түсіп кетуі - біздің материалдық жағдайымызға әсер етеді. Ал егер демеушілік етеміз, газетті таза қазақ тіліне көшір деп келетін жанашыр болса, ол ұсынысты қолма-қол қабылдауға даярмыз. Ал әзірге газеттің жарты бөлігін қазақша шығармасқа амал жоқ: рынок, қарабұлақтық бауырым!

- Ереке сіз талай журналистің еңбекақысын бермей, лақтырып кетіп жүрсіз. Оны «Дат»-та істеген журналистерден естіп, біліп жүрмін. Әділдікті ту еткен Сіздің өзіңіз біреудің еңбек ақысын жесеңіз, онда билікке қалай өкпелеуге болады? Осы сұраққа нақты жауап бермесеңіз Сіздің көк тиындық құныңыз жоқ. Гулмира.

- Гүлмира, шырақ! Ер азаматтың құнын көк тиынмен өлшеген керауыз әйелдің (кешіріңіз - бәлки қыз боларсыз, әлде әйелдің атын жамылған жалтақой жігіттердің бірісіз бе) сұрағына жауап бермесем де болар еді. Бірақ, осы сұрақ та менің алдымнан жиі шығатындықтан ғана тағы бір рет уәж айтып көрейін. Негізі, менің өз жерлесім «Қарабұлақтық жігітке» қайырған жауабыма зер салсаңыз - газеттің жағдайын түсінер едіңіз. Мен 15 жылдан бері ел-жұрттан тиын-тебен жинап, осы газетті өлген әкемнің басына ескерткіш қою үшін шығарып жүрген жоқпын: сіз сияқты виртуалды әлемде ғана батыр боп жүрген бұқпантай бұқара бірдеңе білсін деймін. Сол үшін сотты болдым, сол үшін бұл дүниенің талай қызығын тәрк еттім.

Ал «лақтыру» мәселесіне сіз айтқандай «нақты жауап» керек болса, газеттің қаржылық қиын жағдайына шыдамай, әр кездері бірер қыз-жігіттің кетіп қалғаны рас. Мәселен, дәл қазіргі жағдайда газеттің бүгінгі ұжымы үш айдан бері жалақы алған жоқ. Оған ақшамыздың жоқтығы емес, «КазПресс» және «Дауыс» сияқты газет таратушы ірі компаниялардың тиісті қаржымызды уақытылы қайырмай отырғаны себеп болуда. Олардың бізге жалпы берешегі 10 миллион теңгеге жетті. Бірақ, үш ай жалақы ала алмадық деп, Бақытгүл Мәкімбай мен Кенжетай Айтбәкиев сияқты 15 жылдан бері талмай, тайсалмай келе жатқан шынайы «даттықтар» кетіп қалған жоқ. Сондықтан, біз кассамызға ақша түссе, бірінші кезекте «ДАТ» патриоттарының қарызын өтейміз, одан артылғанын «жалақы іздеп», «жан бағу» үшін келіп-кететін «лақтырылғандарға» береміз. Ондай үш-төрт адамның тізімі біздің бухгалтерияда тіркеулі тұр: «ер мойнындағы қыл арқан шірімес» - «қолға қарға тышқан» күні бар-жоғы 200-300 мың теңгеден аспайтын ол қарыздан құтыламыз. Так что, «лақтырылғандарға» сіздің қимаңыз қышымасын! Одан да коммуналдық тарифтер мен өзіңіздің зейнетке шығу жасыңыздың өсуіне наразылық білдіру митингілеріне барып тұрыңыз. Бәлкім, сонда ғана «көк тиынның» құнын білерсіз...

- Ер-Аға! Ғалымжан мен Әкежан туралы пікіріңізді бүкпесіз айтсаңыз: олардың асығыс "айға шапқаны" ақымақтық болды ма, аңғалдық болды ма, арандатушылық болды ма? Бауырыңыз ғой.

- Бауырым, сізді түсінемін... ... Ал Әкежан елден бұрын «асығыстық жасамағанда», кейінгі «ДВК» да, «Ақ жол» да, «Азат» та, «Алға» да, «ЖСДП» да болмас еді. Сондықтан Семейден шыққан екі жігіт сол сәттегі өз миссияларын орындады деп түсінемін.

Осы ретте, сәті келіп тұрғанда «Серікболсын, Ермұрат, Төлен, Зәуреш, Бақыт (Түменованы айтам) опппозицияға басы бүтін кетіп, ақ-адал боп жүруді осылардың тағдырына ғана жазып қойған ба?!» деген келесі сауалға да жауап бере кетейін. Бұны да түсінем - кілең семейлік-шығыстық жігіттер дегеніңіз-ау, шамасы. Дәл байқадыңыз - осы өңірден осындай осқырынған оппозиция шыққан соң, Назарбаев та аяғын аңдап басуға көшті: бүгінгі биліктің, әкімдер мен министрлер, агенттіктер мен комитет төрағаларының, күш көрсетуші құрылымдар басшыларының тізімін тексеріп шығыңызшы - бірде-бір шығыстық-семейлік жігітті таппайсыз.

- Ераға, сізге рахмет! Алла жар болсын! Сіз сияқты адамдар болмаса, біздің қоғам қайтер екен деп ойлаймын кейде. Билік өзгермей қазақтың жағдайы жақсармайтыны белгілі. Билік өзгерсе не болады деп ойлайсыз? Әлде қазіргілері кетіп, дәл сондайлар келе ме?

- Егер биліктің ауысуы адал қоғамның әділ сайлауы жағдайында өтер болса, заман өзгеріп сала береді.

- Құрметті  Ермұрат аға, газет шығару ісіне толық айтып берсеңіз. Ауыртпашылығы мен келіп кетер пайда мен шығын, жалпы тіркелуден тираж жинауға дейінгі мектепті Қазақстанда Сізден артық білетін адам жоқ деп ойлаймын. Өтініш, осы мәселені толық ашық айтып берсеңіз.

-Менің осы abai.kz порталында жарияланған алдыңғы сұхбатыма «жауапты қысқа қайырып беріңіз» деген комментаторлар талабын ескере отырып, бұл сұрағыңызға жеке кездесуде жауап берсем деп ойлаймын. Егер ыждаһатыңыз болса, хабарласыңыз - редакцияда жолығып, оңаша сөйлесейік. Телефонымыз - 267-39-29. Айып етпеңіз!

- Ереке, 15 жылдан бері істеп келе жатқан жұмысыңыз Алладан қайтсын. Билікке қарсы, солардың былық-шылығын ашып көрсетуде басқа басылымдардан артық тұрсыңдар, сол үшін де Қазақ сізге қарыздар. Бірақ, оны кәзіргі Қазақ енді бір он жылдан кейін айтады. Осы 15 жылда бірнеше журналистермен жұмыс жасадыңыз, осылардың ішінен қайтыс болған Марат Қабанбайдың орны бөлек еді. Мәкеңнің жазу стилі, сөз саптауы, бастысы: қазақшылығы-ұлтшылдығы өте керемет еді. Марқұм Жұматай Сабыржанұлы да сондай адам болатын, жазбалары жойқын еді, жатқан жерлері жайлы болсын! Осы кісілерден үлгі алған жас журналистер көптеп саналады деп ойлаймын, бірақ көбі "өзі болған қыз - төркінін танымас" болып кетті.

Сұрағым: осы "Дат" жобасы негізінде болсын, басқалай болсын, осы марқұмдардың соңында қалған мұраларын жинақтап, халыққа ұсынсаңыз еді. Қазақтың айтар рахметі осы болар еді.

- Өте жақсы тілек! Қолдаймын! Біз кезінде - ғасыр басында Әкежан аға Қажыгелдиннің көмегі арқасында «ДАТ» кітапханасы» деген сериямен екі-үш кітап шығарған едік. Олар негізінен «Қазақгейт» сотына, биліктің қылмысты әрекеттеріне қатысты болған. Сол серияны жеке авторлар еңбегіне орай жалғастырсақ деген арманым зор. Амал нешік - қол қысқа.

Бірақ, биылғы Марат Қабанбайдың 60 жылдығына орай марқұмның публицистикалық жинағын шығаруды жоспарлап отырмыз. Қаржысын көтерем деген демеушіміз де бар.

Айтпақшы, «ДАТ»-тың 10-15 жылдан бері үзілмей келе жатқан «ДАТ, тақсыр!», «Диалог», «Бетпе-бет» деген айдарлары аясында шыққан жарияланымдарды жинақтайтын болсақ, әрқайсысы қалың-қалың бір-бір том болады екен. Мәселен, Жұқамыр Шөкенің төрт жыл қатарынан үзбей жүргізген сұхбаттары 40 баспа табақ кітап болады.

- Ереке, ассалаумағалейкүм! Желдің өтінде жүрсіз ғой. Жақында Матаев "Алма-Ата" туралы тантыды. Мүмкін саяси тапсырыс шығар, білмедім. Басты сұрағым, Павлодар атауын өзгертуге көзқарасыңыз қалай? Барлығы орыстардан қорқып, солармен санасу керек деп жүр ғой. Қалай ойлайсыз олармен санасу керек пе? Билік қашанғы санаса береді? Екінші сұрағым - зейнетақы жүйесіне қатысты болып отыр. Үкімет пен Парламенттің жасап отырғаны "гендерлің" емес, "кендірлік" саясат емес пе?

- Сіз айтқан және мен қатты сыйлайтын Сейтқазы аға Матаев жуықта Павлодар атауын «Қонаев» қаласы деп өзгертейік деген ой айтты. «Кереку» деген түсініксіз атауға қарағанда, дұрыс ұсыныс деп ойлаймын.

Ал зейнетақы жүйесіндегі реформаның ең сорақылығы - қазақ әйеліне 63 жасқа дейін кемінде 3 миллиондық зейнет қорын жинауға мәжбүрлеу арқылы оларды бала туудан қағу саясаты жасалып жатыр. Бұл экономикалық саясат емес, бұл - қазақтың тұқымын бірте-бірте құртуға арналған көзге көрінбес геноцид деп есептеймін.

- Ермұрат аға! Ел газеті деп дәріптелетін, зорлықпен жаздырса да қорлықпен оқыта алмайтын "Егемен Қазақстан" газетін сіз оқисыз ба? Біздің университетке оның шамамен 500-дейі күнде жеткізіліп тұрады. Біз студенттер оның бетін де ашпаймыз. Мұғалімдеріміз де қолына алулары сирек. Кіреберісте шашылып жатып қоқысқа кетеді.Ылғи НӘН көкені мақтаған нәрселер көзге шалынады. Сіздің газетіңізді дүңгіршектен кезекке тұрып аламыз әр жұма сайын. Екеуінің айырмашылығын көріп тұрған шығарсыз? "Егеменнің" сұлтаны Сауытбек Абдрахмановты танисыз ба? Кездесе қалсаңыздар қол алысып амандасасыздар ма? Әңгімелесе қалсаңыздар не туралы айтар едіңіздер? Демократияшыл бас оқырман мен биліксүйгіш газет қожайыны дос па екен дегенім ғой...

- «Егемен» туралы ойымды айттым. Оның ішінде Сауытбек А(Ә)бдрахманов жөнінде де бір ой бар. Дос емеспін, қастығым да жоқ. Бірақ, анда-санда кездесе қалса (аэрапортта), менен бүйі көргендей қашады. Неге екенін білмеймін. Аға ғой - менде амандасудан басқа бөтен ой жоқ.

- Ермұрат Бапи мырза сізді құрметтеймін!  ДАТ-тың оқырманымыз, істеріңіз қайырлы болсын!

1. Өз отбасыңыз жайында айтып берсеңіз?

2. Қазақ оппозициясы бар деп есептейсіз бе?

3. Қазақ оппозициясындағы қай тұлғаны өте қатты силайсыз(пікірін, көзқарасын, ұстанымын, жалпы бағытын)?

4. Қазіргі оппозицияның белсенділерінің барлығы шеттегі саяси күштердің ықпалымен қимылдайды деген пікірге не айтасыз?

5. Жанболат Мамай деген жігіт жайында пікіріңіз?

6. Қазақ оппозициясындағы серкелердің (2006-2013 аралығында белсенді болып жүрген) кемшіліктерін тізіп шығып бір кітап жазу идеясына қалай қарайсыз?

7. Егерде Құдай сәтін салып ҚР Президенті болып кетсеңіз не істейсіз?

8. Дәл қазіргі Қазақстан жағдайында Революцины қолдайсыз ба?

9. Өз бағытыңыздан титтей де болса кемшілік байқайсыз ба?

10. Қазақ жастарына қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз?

11. 11-нші сынып оқушыларына қандай мамандық таңдауды кеңес етер едіңіз?

12. Діни көзқарасыңыз жайында бірер сөз айтсаңыз.

13. Қазақстанды болашағы бар ел деп есептейсізбе?

14. Өзбекстанның болашағы туралы қандай ойдасыз?

15. "Қазақ мафиясы" жайында не білесіз? Пікіріңізді білсек. Жалпы осы тақырыпта "ДАТ" та зерттеу мақала жарық көрсе деген тілек бар еді.

Құрметпен, Сатыбалды Қойлыбаев. Алматыдан.

- Ой, Сәке, қазақ баласына сұрақ қалдырмаған екенсіз. Дегенмен, менің басымды бақандай 15 сұраққа бағалаған ниетіңізге рахмет!

1.Өзім 12 баланың үлкенімін, бауыр-қарындастарым аман-сау. Бұйыртқан бала-шаға баршылық...

2.Оппозиция бар, бірақ ол ала-құла: бірі - демократтар, екіншісі - ұлт патриоттары, үшіншісі - блогерлер, төртіншісі - әлеуметтік әділет іздегендер, бесіншісі - биліктің жырымен кухняда бәйбішесінің құлақ-етін жейтіндер. Ала-құлалығы - бастары бірікпейді. Бірақ, осылардың ішінде «кухняның батырлары» бір сәтте алаңды толтырып, «жирен революцияның» жауынгерлеріне айналатын күш бола ма деген оғаштау болсын ойым бар.

3.Жиырма, отыз, қырық... жүз мың қазақты алаңға бастап шығатын тұлғаны бағалайтын боламын.

4. «Шеттегі оппозицияңыз» - бүгінде Әкежан мен Мұхтар болса керек. Ел ішіндегінің бергісін - түрмеге қамап, арғысын - атып тастайтын болған соң, сіз айтқан күштер шетке кетпегенде қайтсін?! Біздің қоғамға қалай және кімнің ықпалымен қимылдаса да - бір қимыл қажет-ақ.

5.Жанболат - жас жігіт қой: алай-бұлай деу - менің 50-ден асқан басыма сын.

6.Онысыз да оқ пен соттың астында жүрген серкелердің кемшіліктерін теріп қайтеміз, одан да жақсылықтарын айтып, қайраттарына қанат байлайық.

7.Мен үшін президент болар сәт туа қоймас. Ондай аңсарым жоқ. Ал алда-жалда құдай айдап, ондай сорға тап болсам, бірінші кезекте халықпен ақылдасар едім.

8.Дәл қазіргі Қазақстанның жағдайында революция тудыра қояр халық жоқ. Қалың халықтың қалтасына түскен тариф пен пенсия мәселесіндегі митингіге мыңнан асар-аспас адам қатысса, революцияның ретін көру қиын сияқты.

9.Кемшіліктен кенде емеспін. Билікті дос ете алмай жүрмін...

10.Шынымды айтсам, соңғы алты ай бұрын бастаған кітабымды әлі бітіре алмай жүрмін - уақыт тым тапшы. Сондықтан анау-мынау ақыл айтудан аулақпын. Тек «чтивомен» уақытын қор қылатындарға түсінбеймін.

11.Талантың тасып бара жатпаса, заңгердің оқуына түсе көрмеңдер. Бүгінде бір шидің түбін теуіп қалсаң, құрығанда бес заңгер қаша жөнеледі. Біздегі 16 миллион халықтың 3 пайызға жуығы заңгерлер екен. Тәуірі - қазіргі заман коммуникациясына қатысты білім алған дұрыс шығар...

12.Аса діндар емеспін. Бірақ жылына бір рет елде қалған ата-анамның басына барып, құран оқытып, қатым түсіріп қайтам. Біздің шығыс аймаққа нағыз ислам діні 17-ші ғасырдың соңында келіпті. Оған дейінгі мыңдаған жылдар бойы тәңірге табынып келген халықтың ұрпағы айналасы 3-4 жүз жылдың ішінде исламға иіп кетті дегенге илана алмаймын. Өз басым, әжем үйретіп кеткендей, туған айға күміс көрсетіп, жарылқау тілеймін. Аруаққа айналған анамның бет-бейнесі көз алдымнан кетпесе, өзім көрмеген басқа құдіретке қалай сенем?..

13.Бүгінгі билікпен болашақ бұлыңғыр көрінеді. Бірақ, мәңгілік кім бар: бұ да кетер, халық қалар...

14.Өзбекстанның Ішкі жалпы өніміндегі орта және шағын бизнестің үлесі 60 пайызға жуық екен. Ал бізде ол көрсеткіш 20 пайызға жетпейді. Ертең алда-жалда мұнайдың бағасы күрт құласа, әйелдердің зейнет жасын тағы да 10-15 жылға көтеруге мәжбүр боламыз. Ал кәдімгі дүкендер мен шәйханалар есебінен 60 пайыз ІЖӨ өнім жинап отырған өзбек өлмейді.

15. «Қазақ мафиясы» жөнінде шығармашылық идеяңыз болса, редакцияға хабарласыңыз - бірігіп талқылайық.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377