Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Әдебиет 2511 0 пікір 1 Мамыр, 2023 сағат 15:47

Ғабиден (Жалғасы)

Басы: Ғабиден

ҒАБИДЕН – 4

...Президенттің алдынан бір сөмке ақшамен шықтық. Шыға сап әрқайсы бет-бетімен кетіп жатыр. Мен Жазушылар одағына қарай тарттым. Бір сөмке ақшаны қайда тығам, қайда қоям? Әрине, Ғабиден ағаның сейфінен асқан сенімді орын болуы мүмкін емес. Бірақ, Ғабиден аға бір сөмке ақшаны өте ауыр талаппен қабылдап алды. «Бұл ақшаны қайтып менен сұрамайсың! Мен күт деген уақытқа дейін күтесің. Айтылған уақытта үстіне тағы да ақша қосып қаланың маңайынан үй алып берем» деді. «Олай болса мен кішкене қажетіме жарайтын мөлшерде алып қалайын» дедім... Ендігі әңгімені айту ұят е. Содан «Қажетіме жарайтын мөлшерді» күніге болмаса да, күнара келіп алам да тұрам, алам да тұрам. Ағамның «қатал талабы» маған жүрмеді. Ең соңында орталаған сөмкемді қолыма ұстатып тұрып: «Енді қайтып маған келме!» - деді. Бұл қатал талаптың да орындала қоюы неғайбыл еді.

Бір күні жұмыс аяғында Жазушылар одағының бірінші қабатында айлық алған «Қазақ әдебиеті» газетінің жігіттерін күтіп тұр едім, екінші қабаттан Ғабиден аға түсіп келе жатыр екен. Ағаның көзіне түспеуге тырысып жүргеніме біраз уақыт болған. Қабағы қату көрінді. Маған «Жүр» деді. Мен ілесіп есік алдына шықтым. Сол күні Ғабиден ағаның шофері көрінбеді. Ғабиден аға бірден Абылайхан даңғылына шығып такси ұстады. Такси тез тоқтады. Такси жүргізуші басқа ұлт өкілі екен. Орысшалап бір адресті айтып еді, анау басын изеді. Маған көліктің алдыңғы жағына отыр деді. Содан ұзақ жүріп «Алма Арасан» бағытындағы жолға көтерілдік. Бір мезгілде «Аркобалено» деген мейрамхананың алдына келіп тоқтадық. Мейрамхананың алды ығы-жығы мол көлік екен. Ғабиден аға таксишіге екі сағатқа ақша төледі. Ғабиден ағаның қимыл-әрекеті мен бүгінгі мінез-құлқы маған біртүрлі боп көрінді. Ғабиден аға көліктен түсіп бес-алты қадам жасап кейін қарай кілт бұрылып маған келді де, қалтасынан бүктеулі бір қағазды шығарып: «Екі сағатта шықпасам, осы адамға хабарласасың» деді де, мейрамханаға қарай жүріп кетті. Мені түсініксіз үрей биледі. Тізем дірілдеп кетті. Көліктен шығып шылым шектім. Ойыма неше түрлі нәрселер келді. Қағазды ашып оқуға бірнеше рет оқталдым. Бірақ, беймәлім бір құдірет қағазды ашып көруге жететін жағдай болса жақсылық болмайтынын сезіндіргендей болды. Уақыт табандап қалғандай өтпей қойды. Бір сағат әзер болды. Мен он рет шылым шектім-ау деймін. Мендегі қобалжу тіпті таксишіге өтіп кеткендей еді. Ол да сағатына жиі қарай бастады. Көзіміз мейрамхананың есігінде. Бір кезде Ғабиден аға шығып келе жатты. Менің күрсінгенімді таксиші анық естіді. Ғабиден аға көліктің артқы орындығына кеп жайғасты. Таксишіге қарап «Үйге» деді. Бір ауыз сөзінде көп мағына сыйып тұр еді. Таксиші үйдің адресін сұраған жоқ. Бағанағыға қарағанда дауысы анық, көңілі ширақ секілді сезілді. Ғабиден аға осы мейрамханаға басы бәйгеге тігіліп келген сияқты көрінді. Енді иығынан бір жүк түскен сияқты. Маған қолын созды. Бүктеулі қағазды алып ашық терезеден тастай салды. Сонымен бүктеулі қағазға жазылған жазу мен үшін мәңгі жұмбақ қалпында қалды...

Үнемі осы мейрамхананың қасынан өткенде сол бір тылсым түн есіме түседі. Кейін келе бұл мейрамхана сол уақыттарда Рахат Әлиевтің иелігінде болғанын естігем...

ҒАБИДЕН – 5

Осыдан екі жыл бұрын Ғабиден ағаның кіші ұлы Шыңғыс хабарласты. «Аға, сіз папам туралы біледі екенсіз. Кітабына алғы сөз жазып бересіз бе?» деп өтініш айтты. Жеңіл-желпі сылтау айтып сытылып кеттім. Екі жылдан бері Шығыс жақтан ақын Ермек Дайырбаев інім қолқалап жүр. Оның да бұйымтайы, осы Ғабиден аға туралы естелік жазып бергенімді қалайды. Оған  сылтау айтпасам да, бұл тақырып мен үшін өте ауыр екенін емеурінмен сездіргем...Кеше Шыңғыс інім телефоныма хабарлама жіберіпті. «Папамның заттарын ақтарып отырсам, мына бір құжатының арасына сіздің фотоңызды салып қойыпты» деп құжаттың арасына салған менің үш те төрт фотомның суретін қоса салып жіберіпті. Толқыдым. Содан қолға қалам алдым. Әңгіменің бас жағында да айттым ғой, Ғабиден ағаға байланысты естелік тек менің қым-қуыт, аласапыран, пышақ жүзінде жүрген кездеріммен сәйкес келеді. Ғабиден аға туралы жазудан басымды ала қашатыным да сондықтан еді.

Ғабиден аға Жазушылар одағы хатшылығының орынбасарлығына сайланған жылғы жаз менің жеке басым үшін түрлі ауыртпалықпен өтті. Оны айту маңызды емес. Менің «дәруіштік» ғұмырым басталды. Бұл ғұмыр бажайлап қарасам бұрынғы ғұмырымнан көп өзгешелігі жоқ. Мен Кеңсайға шығып кеттім. Кеңсайдың басынан Алматыға қарап тұрудың ғанибетін сіз сезе аласыз ба!? Әсіресе жер қазып болып, үсті-басыңның топырағын қағып... Шындығында да, Кеңсайдағы жер қазушылар мені ешқандай жатырқамай қабылдады. Солармен бірге ішіп, бірге жеп, әр шаруамызды ықтияттап бітіргенімізге бірге қанағаттанатын едік. Бір күні Баукеңнің, бір күні Мұқағалидың, бірде Жұмекен, бірде Жұматайдың басына түнеймін. Оларға өз өлеңдерін оқып берем. Жер қазатын жігітердің үйлері бар. Олар шаруасы біткен соң қайтып кетеді. Жер қазатын жігіттер олар ол жердегі Мұқағалиды да, Жұмекен мен Жұматайды да менен артық біледі. Олар маған өлең оқытады. Мен тұтас Кеңсайға өлең оқимын. Түн баласы Кеңсай тұтас менің иелігіме өтеді. Ол жерде әруақтар мен мен ғана қалам.

Аза бұлты  қаза жасын төккенде,
Жаз ба, күз бе, жә, болмаса көктемде.
Күрегін ап көр қазатын күрсініп,
Бір әзіз жан дүниеден өткенде.

Жанарынан талай мәрте шық құлап,
Қу фәниден шыншыл әрі құттырақ,
Сан жақсыны жайлы орынға жайғаған
Оның шені министрден мықтырақ.

Көрем десе, тәңірінің көзі көп,
Кімнің алдын кімдер болжап сезіп ед?
Ол қайтқанда жуып жатты денесін
(Бұл түсі ғой) қажы Рәтбек өзі кеп.

Ақыры енді сөздің басын ашқасын,
Ақ шашын да сыйламай-ақ, қасқасын.
Сорға біткен сүйрік тілім, сүйреңде,
Құдайдан тек қақпайтұғын басқасын.

Біз салғанда садақаның жарысын,
Ол аспанға түртті саусақ,
Наны үшін.
Қайдан жыртсын қайыршылар содан соң
Дін мұсылман баласының намысын.

Ал әлгі жан қабыл болмай тілегі,
Иығында басы сынған күрегі.
Көзін жұмса, таныс зират ішінде
Үй салатын  жер таба алмай жүреді...

... Ерлан мені Меңдекештің басынан тауып алды. Ерлан - Ғабиден ағаның шофері. Көліктен түсе сап маған қарай емпеңдеп жүгірді. Келе сап құшақтады. «Бүгін екінші күн сені іздеп жүргеніме. Ғабиден аға сені «таппай келме,-деді» дейді. Мен бірден «Бармаймын!» дедім. «Ол сенің осылай айтатыныңды біліп отыр. Келмесе өзім барам. Өзім барсам сол жерге көміп кетем деді»,-дейді Ерлан. «Не, мен барсам, басыма алтын шатыр тіге ме екен?» деп күбірлеп көлікке қарай қозғалдым. Бұл, шынында да, менің қатты шаршап жүрген кезім еді. Санамда дағдарыс туған, тірілерден қараптан-қарап безіне бастағам. Жақсылардың бәрі әргі бетке көшіп кеткендей халде едім. Ақиқат пен шындықтан адасып қалғандай, адамдардың екіжүзділігінен көңіл кесесі қаусап қалғандай. Өмір бойы дуана боп күн кешпесім де анық еді. Қайтадан төменге түсуге тура келді. Қимас, асыл, таза дүнием Кеңсайдың басында қалып бара жатқандай болды.

Кейін білгенімдей Ғабиден аға сол кезде композитор Тілес Қажығалиевтің жерлеуіне Кеңсайға барған екен. Мені Кеңсайда сыртымнан көріп қалыпты. Қалың жұрттың арасында мені қайтадан таппай қалса керек. Ол кезде менің Кеңсайға қонып, Кеңсайда түнеп жүргенім әдеби ортаға тарап та кеткен болатын...

ҒАБИДЕН – 6

Сонымен солай, бір сыдырғы күндер өтіп жатты. Бір күні Ғабиден ағаға барып, бір қызбен үйленейін десем, бірге тұратын жер таппай жүргенімді айттым. Ғабиден аға мені машинасына мінгізіп алып, Сейфуллин көшесінің бойындағы бірінші Алматы жақтағы бір жатақханаға алып барды. Өзі ішке кіріп сөйлесіп шықты да, мені шақырды. Жатақхананың коменданты әйел адам екен. Ертең келіп орналасатын болдым. Қуанышым қойныма сыймады. Алайда ертерек қуанып қойған сияқтымын. Мен сол күні-ақ кешке жақын «қуанышымды жасыра алмай» жетіп келгем ғой. Менің шын сипатымды көрген комендант әйел ол жатақханаға мені қайта жолатқан жоқ. Жазған құлда шаршау жоқ дегендей, қайтадан Ғабиден ағаға келдім. Ғабиден аға; «Келінді әкеп көрсет»,- деді. «Ақымаққа болмайды ақыл айтып, Алдап кетер көзіңді бақырайтып» деп Мұқағали айтқандай, менің берекесіздігімнен Ғабиден ағаның да әбден «аузы күйген» боп тұр ғой. Ертесіне Толқынды ертіп келдім. Ғабиден аға «Не істейсің, айналайын?» деп сұрады. «Қыздар институтында аспирантпын, аздап өлең жазам», деді Толқын. «Қане, бір өлеңіңді оқышы» деді Ғабиден аға. Толқын өлеңін мәнерлеп оқып кеп мына шумақпен түйіндеді:

Таяқ болып тиген тұщы етіме,
Тағдырымның тік қарадым бетіне.
Шебер Құдай шеңбер сызып жатқанда,
Бір нүктемін шығып қалған шетіне.

Ғабиден аға риза шырайда «Даусың жақсы екен» деді. Содан кейін отбасы болудың оңай емес екені жөнінде әңгіме тиегін ағыта отырып жұмыс үстелінің суырмасын ашып жүз долларды үстел үстіне қойды. Демек, мына жүз доллар біздікі деп ойладым. Ғабиден ағаның әңгімесі қоюлана түсті. Тағы бір жүз доллар әлгі жүз доллардың үстіне келіп жайғасты. Сол кезде қарап отырмай: «Аға, айта түсіңіз, айта түсіңіз. Бізге ақыл да, ақша да көптік етпейді» деп едім, Ғабиден аға бірден: «Болды, осыны жеткізіңдер. Келін шырақ, мынаны мынаған беруші болма» деп тағы бір жүз доллар қосып Толқынға ұстатты. Біз шыға сап бірден «Жетім бұрышқа» барып алғашқы жолыққан адаммен саудаласпай, үш айға пәтер жалдап, қалған ақшаға азық-түлік пен керек-жарақ алдық. Келесі күні Ғабиден ағаны қонаққа шақырдық. «Саяхаттың» төменгі жағындағы Есикская деген көше еді. Нөмірін ұмыттым. Ғабиден аға Темірше Сарыбаев екеуі келді. Өзімізше дастарханды мол қылып жайғанбыз. Жаңа бас құрап жатқан ақын дастарханында шарап неге тұрмасқа?! Темірше аға мен Ғабиден аға бізге ақ тілегін білдіріп дастархан иесінің көңілі үшін аздап ұрттады. Ғабиден аға маған: «өлең оқы»- деді. «Аға, қонақсыз ғой, сіз оқыңыз»- дедім. Ғабиден аға ұзақтау бір баллада ма, поэма ма оқыды. Жады мықты екен. Кейін іздеп жүріп тауып алдым. Әлгі өлеңнің басы сұрапыл басталатын еді:

Қоңыр жел жасыл өңірден,
Жібектей сусып төгілген.
Енесін емген құлындай,
Қара жер нұрға емінген.

Алты ай қыс жатқан көгеннен,
Бұлақтар босып жөнелген.
Жасаулы көші көктемнің,
Келін боп келді өлеңмен...
Осы өлеңдегі әсем әуез сол кезде құйқамды шымырлатқан. Әлі де әсері солай...

ҒАБИДЕН – 7

Ғабиден ағаның алды адамнан босамайтын еді. Жазушылар одағының екінші қабаттағы фоэсінде сымға қонған қарлығаштай боп күніге он бес, жиырма адам Ғабиден ағаның қабылдауын күтіп отыратын. Аға солардың бәрінің тілін табуға тырысатын. Олардың ішінде қаламгерлер ғана емес, басқа да түрлі әлеуметтік топтағы адамдар, тіпті ит арқасы қияннан келіп шаруасын айтатын егде жастағы кісі қарасы молдығына таңданатынбыз. Мүмкін, әлде, Алматы қалалық кеңесіне депутат боп сайланған кезінен қалған жақсы әдет пе екен? Әйтеуір ел мәселесіне келгенде аянып қалмайтын. Ара-арасында Ғабиден ағаның кабинетінде мен бұрын көрмеген жүріс-тұрысы бөтен, паң, мықты спортшы екені анық байқалатын төрт-бес жігіт пайда болады. Солар келген сайын Ғабиден ағаның кабинетінен дауласқан, дөрекі, дауыс көтере сөйлеген үндері фоэге естіліп қап жататын. Байқасам, бір ортақ шешімі табылмаған даулы мәселе сияқты. Сол жігіттер бір күні тағы да келді. Тағы да у-шу болды. Ғабиден ағаның хатшысы Дихан Әбіловтің келіні Гүлсім апай еді. Мен Гүлсім апайдың алдымнан шығып тоқтатқанына қарамай Ғабиден ағаның кабинетіне кіріп бардым. Ғабиден аға маған мән берген жоқ. Төмен қарап телефоннан бір нөмірді теріп жатыр екен. Әргі жақ телефон тұтқасын көтергенде, Ғабиден аға да басын көтеріп ашуға толы алабұртқан дауыспен: «Алмаз, мына күшіктеріңді алып кет! Енді келсе қайта алмай қалады. Тірсегін қиям!» деді де, телефон тұтқасын лақтыра салды. Ашық тұрған есіктен «күшіктердің»  басы салбырап біртіндеп шыға бастады. Маған аузында кілті тұрған сейфті нұсқап «Әкел!»  деді. Сейфте ашылмаған үш шыны «Парламент» арағы тұр екен. Соның біреуін алып шығып аштым. Аштым да, екі стаканға толтырып құйдым. Тост айтылған жоқ. Тарттық. Портсигарынан «Парламенттің» екі талын шығарып, бірін маған ұсынды. Сигарет түтінін екі мәрте сорды да, күлсалғышқа мыжып тастай салды. Маған иегімен есікті нұсқады...

Түс әлеті болатын. Одаққа келе жатыр едім. Одақтың алдында Ерлан тұр екен. Ерлан – Алматы облысының жігіті. Ғабиден ағаның шофері. «Аға қайда?» деп едім, «Қазір шығады» деді. Сөйткенше Ғабиден аға да шыға келді. Амандасып жатып «Кеттік» деді. Содан «Алма Арасанға» кетіп бара жатқан жолдың бойында, шамамен қазіргі полиция бекеті орналасқан жердің маңайындағы кигіз үйлерге келіп тоқтадық. Кигіз үйдің егелері ағайынды екі жігіт екен. Өздерінің адал еңбектерімен мал тауып бала-шағасын асырап отырған азаматтар екені көрініп тұр. Кигіз үйдің алдында мал сойып, кәуап жасап сатып пайда көретін сияқты. Ғабиден аға бұл жерге осы жігіттердің арнайы шақыруымен келіп отырғанын байқадым. Олар біздің алдымызға дәм-тұзын қойғаннан кейін өздерінің мәселесін айта бастады. Бұларға сол кезде аты дүрілдеп тұрған қылмыстық топтың бұзықтары келіп күш көрсетіп әлімжеттік жасайды екен. Сендерге біз «крыша» боламыз, бізге алым-салық төлеп тұрмасаңдар, күндерің қараң деп қорқытатынға ұқсайды. Мұндайды естіген Ғабиден аға бірден алабұртып көтеріліп кетті. Жүзі әдеттегідей нарттай қызыл түске боялды. Ол сол жерде орысша сөйледі. «Завтра вечером  они будут стоять  как суслики!» деді. Мен күмәнданғам жоқ...

Жалғасы бар...

Маралтай Райымбекұлы

Abai.kz

0 пікір