Әлем қазақтары: Қауымдастық неге қауқарсыз?..
Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күнінен бастап ұстанған дана саясаты – Қазақ деген ұлтты бүтіндеу. Қилы заманда әлем елдеріне тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды атажұртына шақырып, ұлттық бірлігімізді нығайтуды елдің экономикалық дамуынан да жоғары қойғаны белгілі. Осы мүддеден туындаған шетелдердегі қазақ диаспорасында өмір сүріп жатқан қандастарымызды атажұрты Қазақстанға шақырған экс Президеттің «Ағайынға ақ тілек» хатынан бастау алған отыз жыл ішінде бар қазақты бір қазақтық идеяға топтастыруға қара шаңырақ – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы өлшеусіз үлес қосқанын жақсы білеміз.
Алыс-жақын шетелдердегі ағайындардың алғашқы легі тарихи Отанына оралып, атамекеннің топырағын құшақтап жылап, сағыныштарын басқаны әлі есімізде. Бұл идеяны халық қолдады, елдің зиялы қауымы игілікті істер ұйымдастыра білді. Бұл жерде Назарбаевтан бөлек мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, Еңбек министірі Саят Бейсенов, сол кездегі лауазым иелері жазушы Қалдарбек Найманбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Әлібек Асқаров, Сауытбек Абдрахманов, бәрі тікесінен тік тұрып еді. Тұнғыш рет көші-қон мәселесесін Саят Бейсенов, Памир Камалиев, бүгінгі Марат Тоқсанбаев бастаған 6 адамның құрамында бастады, солардың күші сол кезде осы үлкен қыруар шаруаға қалай жетіп тұрғанына мен өз басым таң қалам. Осындай ұлттық рухты азаматтарымыздың еңбегі ерекше болды. Нәтижесінде 1992 жылы шеттегі қазақтар Отанына оралды, олардың саны бүгіндері өсімімен 3 миллионның үстінде. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, бүгінге дейін Дүниежүзі қазақтарының бес мәрте Құрылтайын өткізді. Әр құрылтайдан айқындаған мақсаттар нәтижелі түрде жүзеге асты. Басты нәтиже осы жылдар ауқымында шетелдерден 1,5 миллион қандасымыз тарихи Отанына оралып, Қазақстанның экономикасын нығайтуға, мәдени-рухани қазынамызды байтуға өлшеусіз үлес қосты. Әлемдегі бар қазақтың бір қазақ болып топтасуының негізін қалады.
Әлемде тек қана байырғы ұлттан құралған бір де бір мемлекеттің жоқ екенін, өз ұлтынан жырақ қалып, өзгенің қол астында өктемдік көріп жүрген ұлт бүгінгі заманның жалпылама бет-бейнесі екені өмір шындығы. Мұндай үрдісті бұзып, өзгенің боданындағы қандастарының тағдырына ерекше назар бөліп отырған мемлекеттер әлемде Германия, Израиль сияқты санаулы ғана. Біздің солардың қатарында болуымыз ұлттық мақтанышымыз. Тіпті сол санулы мемлекттің қай-қайсысы іске асырмаған ауқымды шараны біздің еліміз іске асырды. Байырғы Отаныма ораламын деген әр қазақтың отбасын ұшақпен тасып, үй-жайы, мүкәмалын автокөлікпен, пойызбен көшіріп әкелген бір де-бір ел жоқ. Айталық, 1991 жылдан бастап Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстаннан атажұртқа қайтқан қазақтардың жүгін тиеген көліктер легі толастамады: Тәжікстан қазақтары, Ирандағы қазақтар бір жарым мың адам пойызбен Түркіменстан-Иран шекарысы арқылы Оңтүстік Қазақстан облысына жеткізілді. Тіпті, пойызға сыймаған ирандық ағайындар Каспий теңізі (Ақтау) арқылы арнайы кемемен келуі Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілуі, Моңғолияның Баян-өлгий аймағынан Өскеменге оралмандар отырған ұшақтың күніне он төрт мәртеге дейін қатынауы – ұлтымыздың мерейін үстем етіп, әлем халықтарына үлгі болған еді.
Міне, осындай игі істердің нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келіп, жыл сайынғы көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына, яғни, 100 мың адамға дейін жетті. 2012 жылдардың ортасына дейін көш легі жылына 40-50 мың адамның төңірегінде болды.
Бұл жерде ерекше ескеретін нәрсе біздің мемлекетіміз қоғамдық саясат тұрғысында этникалық, әсіре ұлтшылдыққа барған жоқ. Қазақстанда өмір сүріп жатқан жүздеген ұлттың құқын тең қорғап, тілін, мәдениетін дамыта отырып, Қазақстандық мүддеге топтастыра білді. Мұның айқын айғағы орыс тілінің ортақ қатынас тілі ретінде қолданылуы. Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін дамытуға назар аударып, «Қазақстан халықтары ассамблеясы» атты қоғамдық институт құрды, басқа да сан ондаған шаралар жүзеге асты. Бірақ Тәуелсіз Қазақстан атты ұлттық мемлекет құру үшін ДҚҚ-ының шоқтығы мемлекеттік емес басқа ұйымдардан жоғары тұруы тиіс еді. Әрбір істің сәтті жүзеге асуы мемлекттік қолдауға, ең бастысы қаржыға келіп тірелетінін де жақсы білеміз. ДҚҚ мемлекттік емес ұйымдардың бастысы, бірегейі болса да заң бойынша қаржы мәселесін өз күштерімен шешу қажеттігін де түсінеміз. Дәл осы тұрғыда мемлекетке қол жаймай, өзін-өзі қаржыландыру үшін мемлекеттік қор құру идеясын ДҚҚ-ның бірнеше құрылтайына қатысушылар үнемі көтеру нәтжесінде бұл мәселе бесінші құрылтайда шешіліп, «Отандастар қоры» атты ұйым өмірге келді. Сөйтіп, Құрылтайға қатысушылар мен қауымдастық қызметкерлері, бөріктерін аспанға атып, әлем қазақтарына мақтанышпен жариялап, қауымдастықтың болашағына үлкен үміт артқан еді. ДҚҚ-ның іс қызыметін тұрақты жүргізу үшін қор құрып берген Президентке, Мемлекетке Әлем қазақтары рахметін айтып, ризашылдығын білдірді.
Алайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының іс қызыметін жүргізуге арналып құрылған өздерінің қорлары өздеріне бұйырмай, дербес мекеме ретінде қаржының жұмсалуы бүгіндері басқа сипатқа ие болып отыр. Тіпті «Отандастар қоры» Қауымдастықтың өзіне түрлі бөгеттер жасап, құрылтайдан сайланған басшысын өз білермендіктерімен ауыстыруға әрекеттенген. Осындай келеңсіздіктен Қауымдастықтың былтыр өтуі тиіс Құрылтайын да өткізе алмаған. Қазір Қауымдастықтың жағдайы ауыр, өздері «Аманат» Партиясының ішінде жалғыз бөлмеде тірлік етеді, әлем қазақтарының алдында, және Президентіміздің алдында не айтарымызды білмей отырмыз дейді. ДҚҚ-ның іс қызыметін жүргізуге арналған қаржыны «Отандастар қоры» деген ұйым жоқтан өзгеге жұмсап, мемлекет өзі атқарып жатқан кітап жәрмеңкесі, өнер байқауы сияқты іс шараларды өздері өткізгендей, немесе өткізетіндей боп жарнамалап жүр. Әлем қазақтары, олардың тағдыры, көші-қоны жайлы түйсігі жоқ, білері аз осы бір ұйым таудай болып құрылған ДҚҚ-ғын ақыры томардай етті. Қандастар жұмысына кедергі келтіріп, үй ішінен үй тікті.
Бұл келеңсіздікті ұғып түсінген жекелеген зиялы адамдар ғана емес, «Ұлттық мүдде» қоғамдық бірлестігі, «Әкелер» орталығы, «Тарихи Ата-Жұрт» қоғамдық бірлестігі, «Аналар кеңесі» сияқты қоғамдық ұйымдар ДҚҚ-на жанашырлық танытып, жуықта бас қосып, осы мәселені талқылап, жағдайды Президентімізге шұғыл жеткізуді дұрыс деп шешті.
Қазір ДҚҚ-ғы мемлекттік емес ұйымдар ішінде ең маңызды роль атқармақ түгіл, бірінші басшысы жоқ, басқарусыз, елеусіз ұйымға айналды. Ал Құрылтай шешімімен құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының іс қызметін жүргізуге арналған қорға ең алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі кірісті, ақыры бір азғана сыбайластар өз ара қол жинап, бұл қорды Сыртқы Істер министрлігіне өткізіп үлгерді. Сонымен қорын құрып, енді ғана іс-қызымет жүргізу мүмкіндіке ие болған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы далада қалды. Жаныашымастар «Бұл қор мемлекет қаржысымен құрылған, сондықтан оны кімнің қарауына беруді құзіретті органдар ғана нақтылап, шешім қабылдай алады, ал ДҚҚ-ғы мемлекеттік ұйымға жатпайды» деп уәж айтып, ауыз жабатын көрінеді. Егер шындығымен солай болса, «заңдық мәртебесі ДҚҚ-ғымен бірдей «Аманат» Партиясына, Қазақстан Халықтар Ассамблеясына, тағы сол сияқты үкіметтік емес ұйымдарға неге мемелекет ақшасын үйіп-төгіп беріп отыр?» деген сұрақ туындайды. Осының салдарынан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы атты беделді ұйым бұл күндері өзінің миссиясын толық атқара алмайтын қалге жетті десек, артық айтқандық емес. Қауымдастықтың кешегі Астанаға көшкенге дейінгі Алматыдағы беделі, материалдық қаржылық қауқары, отырған орны, әлем қазақтары алдында халықаралық беделі қандай еді?.. Ал бүгінгі өзгеге кіріптар болып, қауқарсыз жағдайы әр қазақтың аяушылығын туғызады. Бұл ретте ДҚҚ-ның қазіргі бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырзаның қандастарымыздың көптеп көшіп келуіне жағдай туғызу үшін бірнеше ұтымды жоба әзірлеп, игілікті іске ұмтылып жақанын жоққа шығармаймыз. Бірақ қай қоғамда болмасын істің ілгері болуы қаржыға тікелей байланысты екенін білеміз. Қаржысыз ұйымның қолынан не келмек? Әлде бұл ұйым өз миссиясын толық орындап, қоғамға қажетсіз болып қалды ма?
ДҚҚ-ғы бүгінгі таңда ұлттық бірлікті қамтамасыз ету атты өз миссиясын толығымен аяқтап, қоғамға қажетсіз болып қалған ұйым еместігі айтпаса да түсінікті. Біздің еліміз осындай қиын қыстау кезеңде тәуелсіз мемлекетімізді сақтап қалу үшін ең әуелі ұлттық бірлігімізді нығайту, бар қазақ бір қазақ болып топтасу керек екендігі белгілі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Отандастар қоры» Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мүддесі үшін, ұлттық бірлігімізді нығайтуға осы ұймның белсенді үлес қосуына арналып құрылған қор екенін ескере отырып, қордың жарғысын, құрылтайшыларын қайта қарау маңызды және қауымдастық үшін құрылған қорды бастапқы мақсатқа сай өз міндетін атқарту әділеттілік болар еді. Қауымдастықтың абыройы біздің экс Президентіміз Назарбаевтың тұсындағы беделіне ие болуы керек. Қазақ елінің тағдырын шешетін осы ұйымның тізгінін алда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолына алуын әлем қазақтары армандап, асыға күтіп отыр.
Өркен Нәсіпбекұлы
Abai.kz