Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2886 24 пікір 8 Мамыр, 2023 сағат 16:48

Жазушылар ұйымын қайтсек дәуірге сай етеміз?

Бұдан бір айдай ілгеріде Жазушылардың кезекті құрылтайы болатыны хабарланды. Съезд 12 мамырда өтпек. Қызығы, онда қаралатын мәселелер күні бүгінге дейін атап айтылмады. Жұрттың шамалауынша, жаңа басшы сайланбақ. Ыңғайы бұл – алдын ала жарияланбаған күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Соңғы күндердегі елеулі жаңалық сол – жаңа мерзімде жазушылар одағын басқарғысы келетін қаламгерлердің  бағдарламалары жарық көріп жатыр. Жарияланған бағдармаларда құптарлық мәселелер айтылуда.   Бұл өте орынды бастама, ой саларлық жәйт, мұндай әдет бұрын ешқашан орын алған емес.

Дегенмен, жаңаша өмір сүруге бейіл, шын мәнінде жазушылар ұйымын жорымалы жаңа Қазақстанның озық ойлы зиялылар бірлестігі ретінде көргісі келетіндердің және соған адал қызмет етуді мақсат ететіндердің ең әуелі Одақтың тәуелсіздік жылдарындағы астарлы тарихын біліп, содан сабақ алуды ойлағандары дұрыс секілді.

Барша өзгерістің алдында болуға, тіпті еліміздің игілігін көздейтін тиімді жаңалықтардың локомотиві іспеттенуге тиіс зиялылар ұйымында, өкінішке қарай, тоталитарлық жылдарда күшейе түскен көне құлдық психология тәуелсіздік жарияланған 1991 жылы әлі де бекем табан тіреп тұрған еді. Қаламгерлер жаңа заман әкелген жақсы заңға, бейтаныстау, бірақ тартымды, болашағы зор демократиялық тәртіпке бағыну емес, жаңа заманның қолдарына билікті шоғырландырған дөкейлеріне, кәдімгі әкімшіл-әміршіл күшке табыну және, әрине, тиісінше, сондай билік буындарындағы мықтыларға жағыну жолына түсті.

Тәуелсіздік әкелген реформа жазушыларды бұрынғы игілігінен айырған: Одақ республикалық бюджеттен шығарылды, республикалық Әдеби қорға (ССРО Әдеби қорының Қазақ бөлімшесіне) Мәскеуден түсетін  бұрынғы қаржы көзі жабылды. Мәскеудің істеген жақсылығы – Шығармашылық үйді шаруашылық есепке көшіру қажеттігін алдын ала, бір жылдай уақыт бұрын, Қайта құру жылдары ескертті (өкінішке қарай, бұл ретте уақыт талабына жауап бере алатындай ешқандай шара республикада қолға алынбады). Ақыры, тәуелсіздік қарсаңында, Мәскеу Әдеби қордың Қазақ бөлімшесін  қаржыландыруды тоқтатты да, Шығармашылық үй ғимаратын өз балансынан шығарып, Бөлімше балансына бөліп берді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің Қоғамдық бірлестіктер туралы Заңына сәйкес,  жазушылар ұйымдары – Одақ пен Әдеби қор дербес қоғамдық ұйымдар ретінде  Әділет министрлігінде 1991, 1992 жылдары Жарғыларын тіркетті. Осы жылдардан бастап жазушылар ұйымдары мен қаламгерлер меншігіне сүлікше жабысқан коммерциялық мекеме арасында ит-ырғылжың күрес өрістеді.

Олардан құтылу үшін  Әдеби қор өз балансындағы, Жазушылар одағы коммунистік дәуірде қалыптасқан ескі әміршілдік әдіспен коммерсанттардың пайдалануына беріп жіберген Шығармашылық үйді ұзақ соттасу нәтижесінде өзіне қайтарып алды. Сөйтіп оны жаңа заман талаптарына сай пайдалану амалдарын жасай бастады.

Жазушылар одағының ғимараты мен ондағы ресторан да коммерсанттар қарамағында еді. Оны реттеу үшін алдымен Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасында Қызметтестік туралы келісімшарт жасалды. Бұл шарт бойынша Одақ негізінен шығармашылық жұмыстармен, қоғамдық-саяси шаруалармен айналысады, ол оның бұл жұмысын материалдық жағынан қамтамасыз ету үшін Әдеби қор таза шаруашылықпен – Шығармашылық үйді, Одақ ғимаратын, Әдебиетшілер үйін, ресторанды тиімді пайдалану жолдарын қарастырып, ұйымдастырумен, ғимарат бөлмелерін жалға беруді дұрыс жолға  қоюмен шұғылданады деп келісілді.

Бұл көзделген мақсатты толық жүзеге асыру үшін Президент әкімшілігімен келісіліп, Мемлекеттік меншік мекемесінің шешімімен Одақ ғимараты Әдеби қор балансына берілді. Ендігі үлкен мәселе – ғимаратқа іс жүзінде қожайын боп отырған коммерсанттардан  Одақ үйін босатып алу болатын. Ал олар өздеріне Жазушылар одағы өте көп сома қарыз деп санады, сол себепті ғимараттан кетуді ойына да алмады. Сонда Әдеби қордың ұсынысымен қалалық прокуратура тарихи ғимараттың коммерциялық ұйымға берілуі заңсыз екенін алға ұстап, талапкер ретінде сотта жеңіп шықты. Енді Әдеби қор өз балансына алынған екі ғимаратты да (Одақ үйі мен Шығармашылық үйді) басқару құқына ие болды. Жазушылар одағымен жасалған Қызметтестік туралы келісімшарт бойынша толыққанды жұмыс істеуді бастау Әдеби қордың күн тәртібіне қойылды.

Алайда 1996 жылғы съезден кейін Одаққа келген жаңа басшылық  Қызметтестік туралы келісімшартты мойындамады, биліктегі барша таныстары мен тілектестерін салып, сотқа жүгінді. Сөйтіп Жоғарғы сот судьясы өзі нұсқау алған әміршісіне сеніп, заңды озбыр түрде белден басты да, заңдылық тұрғысынан сауатсыз шешім шығарып, Әдеби қорды жойды. Әдеби қордың өтініші бойынша ҚР Жоғарғы сотының Шаруашылық істер жөніндегі алқасы қатардағы ЖС судьясы қабылдаған шешімді тексерді де, оның «Әдеби қорды құрғанда түзетілуге жатпайтын кемшіліктерге жол берілген» деген ұйғарымын жоққа шығарды. Әдеби қордың бөлмелері мен мүліктерін басып алған Жазушылар одағының әрекеттері өзбеттерінше жасалған, заңға және қабылданған сот шешімдеріне қайшы деген шешімін Жазушылар одағы мен Әдеби қорға 1997 жылғы 22 қаңтарда № 8-2-7 хатпен хабарлады.  Бірақ жоғарыдағы сүйеушілеріне сеніп, заңға бағынуды ойына да алмаған әдеби көсемдер оған пысқырған да жоқ.

Есесіне, Одақ ғимаратында отырған коммерсанттар өздерінің басты жауы Әдеби қор жойылған соң, қайтадан күшіне енді. Ақыры, бітіп тұрған істі сәтімен жалғастырып, пайдаға асырудың орнына, Одақ коммерсанттармен жаңа шарт жасауға мәжбүр болды. Сөйтіп,  өздерінің құқықтық тұрғыда сауатсыз әрекеттері салдарынан, қайтадан  коммерсанттарға қаржылық тәуелділік тұзағына түсті. Содан жылдар бойы соттасып жүріп, ғимараттарды олардан әзер қайтарып алды. Бірақ өз кемшіліктерін мойындаудың орнына, бар пәлені 1996 жылға дейін істеген басшылыққа жауып, өздерін ғаламат қаһарман етіп көрсетуге тырысты, белгілі дәрежеде, жоғарыда айтылған жаппай құлдық психология шырмауынан жазушылардың көбі әлі де  арылмағандықтан, солай ете алды да.

Енді аса маңызды мәселе жайында бірер сөз. 1996 жылғы съезде әсіре белсенді, астам топ жаңа жарғы қабылдатты. Негізінен, заң жолымен келгенде, бұл құрылтай жаңа жарғы қабылдай алмайтын еді, өйткені тәуелсіздіктің алғашқы жылы тіркелген   Жазушылар одағының жарғысы бар, енді тек оған түзетулер мен толықтырулар енгізу ғана заңға сыйымды, көңілге қонымды-тын. Cондықтан да олардың алдын-ала талқыланбаған, съездің үстінде хабардар етіп қабылдана салған жарғысын, әрине, тіркеуші орган есепке алған жоқ. Одақ басшылығы бұл қателігін жазушылардан жасырып, жұмысын алғашқы жарғымен жүргізе беруге мәжбүр болды. Содан бергі жылдарда оған съездің қарауынсыз  талай өзгеріс енгізді, оларды тіркетіп те алған сияқты, бірақ осы уақытқа дейін бәрі құпия сақталып келді, өзгерістер ешқашан съезге баяндалып, жазушылардың жоғарғы органының бекітуіне ұсынылған емес. Қызмет барысында туындаған сұрақтарға орай көрсетуін талап еткен Одақ мүшелеріне Жарғы берілмейтін де, көрсетілмейтін де. Шексіз билікке жармасып-жабысқан аз ғана топ бекем ұстанған сондай құпиялылық салдарынан ұзақ жылдар бойы жазушылар ұйымына мүлдем жат әдет – өзінше бір жеке басқа табынушылық орын алды. Бұған дейінгі барша наразылық содан туындаған.

Алайда  Жазушылар одағының Жарғысын  – жазушылардың ішкі одақтық тыныс-тіршілігінің үйлесімді де ұтымды болуын, демократиялық құндылықтарға сай өрістеуін қамтамасыз ететін  «Негізгі заңы» деп білген жөн. Сондықтан да келе жатқан съезде бар мәселені соны дұрыстап алудан бастау керек. Бұл табан астында жасалатын шаруа емес. Күн тәртібі хабарланған жоқ, жарғыға ұсынылатын толықтырулар, түзетулер жасалған жоқ, демек жарғыны қайта қарау бұл құрылтайда көзделмегені айдан анық.

Ендеше,  12 мамырда ашылмақ құрылтайда таза әдебиет мәселелерін талқылау өз алдына, жазушылар ұйымы жұмысының бұдан былай заман талабына жауап бере алатындай дәрежеде жолға қойылуы үшін, оның «Негізгі заңын» – Жарғыны қайта қарауды қолға алу ләзім. Бұл үшін ұйымның мақсаты мен міндетін нақтылап, оның шығармашылық үдеріс тамырын ұстап, бақылап, дер кезінде бағалап, бағыт-бағдар беріп отыруға қабілетті құрылымын, басшыларды сайлау тәртібін реттеуден бастап қаржыландырылу көздерін жан-жақты ескеріп-қамтитын Жарғы жобасын жасайтын  арнайы Комиссия құрған дұрыс болар еді.

Комиссияға осы істі белгілі бір мерзімде (айталық, үш ай ішінде) дұрыстап, тиянақтап дайындауды, дайындалған жарғының барлық филиалдарда талқылануын ұйымдастыруды, оны қабылдап-бекіту үшін (барша жазушыны жию шарт емес, әр бес, әлде он жазушыдан бір делегаттан сайлатып) арнайы төтенше құрылтай шақыруды тапсыру керек. (Төтенше құрылтайға дейін Комиссия төрағасы уақытша Одақ басшысы міндетін атқарады деп белгілеу орынды болмақ).

Құрылтайда осындай жолмен баянды болашаққа жол ашу үшін күресуге жазушылар тәуекел ете алар ме екен?!

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5400