Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 12961 0 пікір 11 Мамыр, 2013 сағат 06:29

Нағашыбек Қапалбекұлы. 27 жылқы және сұлу келіншек

- Калинин совхозының  жиырма жеті бас жылқысы электр желісіне ұрынып ток соғып, қырылып қалыпты. Барып, көзбен көріп, анықтап келіңдер, - деді бүкіл бюро мүшелерінің көзінше маған тапсырма берген бірінші секретарь. Қасыма аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ережепов пен госстрахтан Ертайды қосты.

Райком айтты - бұлжымас заң.  Калинин совхозы орталықтан жырақта соноу қалың құмның жағасына орналасқан түйе мен жылқы өсіретін шаруашылық.

Астымда су жаңа уазик, ішін қалыңдап ешкі терісімен тыстап, табанына кілем төсеттіргенмін. Далада ақпанның ақырған ақ бораны, ал машина іші ұядай жып-жылы. Екеуін қасыма отырғызып алып, совхозға жетіп бардық.  Директор ауырып қалды деп, бізді бас зоотехник қарсы алды. Қара тоны қаудырлаған ірі денесіне қарамай ұшып-қонып, ілтипат көрсетіп жатқан бас зоотехник салдырлай қатты сөйлейді екен.

- Үйден шәй ішіп, жылынып алыңыздар. Күн азынап тұр ғой, жол жабылып қалмаса... мүмкін  ашылған соң ертеңгісін шығып кетеміз бе?

- Бақандай бір үйір асыл тұқымды жылқылар түгел қырылып жатқанда қайтіп демаласың бас зоотехник жолдас? Кеттік қане!

Түріне қарасаң қанша жаста екені айырғысыз Ережепов:

- Ұлан Керімбекович, тоңып, дірілдеп тұрмын сенсеңіз. Бір-екі кесе шәй ішіп, жылынып алайық. Жол алыс, күн болса мынау боздаған...

- Астан үлкен ештеңе жоқ, - деп Ертай да қостай кетті.

- Калинин совхозының  жиырма жеті бас жылқысы электр желісіне ұрынып ток соғып, қырылып қалыпты. Барып, көзбен көріп, анықтап келіңдер, - деді бүкіл бюро мүшелерінің көзінше маған тапсырма берген бірінші секретарь. Қасыма аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Ережепов пен госстрахтан Ертайды қосты.

Райком айтты - бұлжымас заң.  Калинин совхозы орталықтан жырақта соноу қалың құмның жағасына орналасқан түйе мен жылқы өсіретін шаруашылық.

Астымда су жаңа уазик, ішін қалыңдап ешкі терісімен тыстап, табанына кілем төсеттіргенмін. Далада ақпанның ақырған ақ бораны, ал машина іші ұядай жып-жылы. Екеуін қасыма отырғызып алып, совхозға жетіп бардық.  Директор ауырып қалды деп, бізді бас зоотехник қарсы алды. Қара тоны қаудырлаған ірі денесіне қарамай ұшып-қонып, ілтипат көрсетіп жатқан бас зоотехник салдырлай қатты сөйлейді екен.

- Үйден шәй ішіп, жылынып алыңыздар. Күн азынап тұр ғой, жол жабылып қалмаса... мүмкін  ашылған соң ертеңгісін шығып кетеміз бе?

- Бақандай бір үйір асыл тұқымды жылқылар түгел қырылып жатқанда қайтіп демаласың бас зоотехник жолдас? Кеттік қане!

Түріне қарасаң қанша жаста екені айырғысыз Ережепов:

- Ұлан Керімбекович, тоңып, дірілдеп тұрмын сенсеңіз. Бір-екі кесе шәй ішіп, жылынып алайық. Жол алыс, күн болса мынау боздаған...

- Астан үлкен ештеңе жоқ, - деп Ертай да қостай кетті.

Бас зоотехниктің жайтаңдаған  ашық-жарқын келіншегі ағылшын тілінің мұғалимасы дастарханды жайнатып тастапты. Ет жеп, құрт қатқан сорпа ішіп, шәйға қанып, жолға шықтық.

Бас зоотехниктің уазигіне  отырып, екеуіміз жол бастадық. Ережепов пен Ертай мінген менің машинам  қалың қарлы боранда әйтеуір қалмай ілесіп келеді.

- Ау, осы сендердің директорларың  жұмыс істей ме өзі?  Қашан көрсең Алматыда жүреді, өзі әлі күнге көшіп те келмепті. Әлгі шешендерге тоғыз қора салдырдық деп ақшасын жеп қойды деп сөз шығып еді, ақыры не болды? - деп бас зоотехникті алқымға алдым.

Шынында да директор бас терісі келіспеген, түкірігін шашыратып кекештене сөйлеген сөзін жан адам түсінбейтін өркөкірек қу, берекесіз біреу. Жұмысы сонша ақсап жатса да былқ етпейді.  Міне, бізді де менсінбей үйінде тығылып қалды.

- Прорабтың шалалығы ғой,  документтерді дұрыс толтырмаған. Құм ішіндегі қамыс қоралар ғой салынған! Бірақ біреулер қастандық жасап өртеп жіберіпті бәрін. Комисия шығып, госстрахтан құнын өндіріп алдық қой...

- Ал, бас зоотехник жолдас, қалай ғана айдың күннің аманында осыншама жылқы қырылып қалды? Көрші колхоз, совхоздардың өрісі бір, қонысы бір малдары дін аман. Партиялық жауап бересіңдер бұған! Қозы алу жоспарынан ең  соңындасыңдар, мал шығыны да орасан. Бұл қалай Бекболов жолдас?

Қуырып, шыжғырып бара жатсам да рульді сыға ұстаған бас зоотехник мыңқ етер емес.

- Биыл жөндейміз бәрін,  ретке келтіреміз, - деп міңгірлегендей болды.

Қопадағы шойын жолдан өтісімен ен далаға шықтың ба дегендей ақтүтек ала қаншық боран жалақтап, үрді де тұрды.

- Осыннан қанша шақырым біз баратын жер?

- Жүз жиырма болып қалады. Жол ашық болса ештеңе етпес еді, ал мынандайда қиын-ақ...

Жол танауы қусырылып,  тарыла түскен, дөңгелектің қос ізі кейде көрініп, кейде мүлде көрінбейді.

- Аңырақайдың құзғын желі  көтеріліпті ғой, - деп бас зоотехник  әңгімені басқа жаққа бұрды.

Ұлыған боран терезе әйнегін  сабап-сабап кетеді.  Жол жиегіндегі күрдік-күрдік аққырау көмген бүріскен шоқ-шоқ жусан қобыздай сыңсиды.

Жаналғыш әзірейілдей ысылдап-ызылдап, аһлап-уһлеп  алас қағып тоқтамайтын Аңырақайдың  ақ мылтық бораны қураған қаңбақтарды дедектете қуалап, жол  үстіне әкеп тығып, қармен бүркеп тастапты.

Екі уазик те ызылдай ышқынып,  қалың қарды қарс айырып,  боранға қарсы ашуланған арыстанша ұмтылады.

Қыс түсті болды аудан алашапқын боламыз, бүкіл мал осында қыстайды. Райком бізді  өкіл етіп колхоз-совхоздардың  мал қыстатуын тексертеді. Қаншеңгелде апталап кезекші болып жатамыз. Ал мынандай - оқыс оқиға, алапат жағдайдағы ерекше тапсырмаға абай болмасаң босқа күйіп кетесің.

Жол-жөнекей Қосқұдық, Ащысай деген бір-екі үйлік қыстау маңдарынан ғана болмашы тіршілік нышаны сезіледі.  Басқа селт еткен ештеңе жоқ, сұрқай дала, сұмырай кеш.

Аңырақайдың әзірейіл бораны басталса көлік те  жүре бермейді.  Міне, бізге қарсы азынаған абажадай екі ғана әскери машина өтті.

- Ұлан Керімбекович, сәл-пәл тоқтап, аяқ-қолымызды  қозғалтып алайық - деп бас зоотехник сұранғанда өзім де әзер отырғанмын, басымды изей бердім.

Бекболов сөмкесінен   арақ, консерві, қазы, ет шығара бастап еді:

- Осы той-тойлаймын деп гөлайттап  жүріп құрттыңдар ғой қоғам малын, - деп дүрсе қоя бердім. Ол дереу сөмкесін қайта жинастыра бастады.

Құтырған төбеттей боран арсылдап-гүрсілдеп орайда-орай соғады, сәл-пәл ғана ентігін басып алады да қайта екіленеді.  Жылқының  картасындай  аяз сорған әппақ бел-белестер бозарады.

Менің  шоферым мен Ертай түсті де, Ережепов көрінбеді.

- Ол ұйықтап қалды - дегенде госстрахтың бастығының аузынан арақ иісі бұрқ ете түсті.

«Ә-ә, бұлар өкіртіп ішіп келеді екен ғой».

- Басеке, күн қақап тұр ғой, жылыну үшін сәл-пәл ішіп едік, - деп Ертай ақталғансыды.

- Кеш батып барады, тездетейік қане! - дедім  дігірлеп. Әне-міне дегенше қараңғылық үйіріле бастады.

- Енді қанша қалды?

- Жиырма шақырымдай - деді Бекболов алға үңілген қалпы.

Жол екіге айырылды, тіке кететіні - Қаншеңгелге барады. Қаншеңгел - құм өңіріндегі қыстайтын малшылардың орталығы саналатын оншақты үйлі ауыл. Біз оған жетпей Аяқжол деп аталатын жолмен  күнбатысқа бұрылдық. Бұл өңірдегі әр сай, жота, жолының өзіндік аттары бар, оны мына Бекболовтар  жатқа соғады, тіпті қызық-қызық тарихынан да әңгіме айтады. Қаншеңгел оншақты шақырым,  одан әрмен  қалың құм ішінде  жүздей шақырым жерде  - Ақтұз атты  кеншілер поселогы бар.

Машина  шоқалақтап, секіріп, ойқы-шойқы жолда  ызылдап жүрісі өнбейді. Алдан түк көрінбейді. Әлгі ертегілердегі Таусоғар мен Көлтауысарлар шайқасындай құм, қар жентек-жентек машинамызды  сабалап, құм қойнауының әңкі-тәңкісі шыққан.

Екі мәрте оппа қарға тығылып, әзер шығарып алдық.

Өлдім-талдым дегенде  жылт-жылт еткен жарық көрінді. Әупілдеген екі  барақ  ит  алдымыздан жүгіріп шығып, шабалана үрді.

Қора-қопсыға жанай салынған  үйге тақап тоқтай қалғанда есіктен  тонын желбегей жамыла бір жігіт жүгіре шықты.

- Кет, әй кет әрі, - деп иттерді апарып үйшіктеріне қамады. - Кел, келіңіздер! - деп бас зоотехникті ғана танып, біздерге таңырқай қарап, үйіне бастады.

- Жаурап қалмадыңыздар ма? Жол ұзақ,  күн болса мынау, боран дегендей... мен свет берейін, қазір шабанканы қосайын! - деп серейген ұзын жігіт қалбалақтап қалды.

Тыр-пыр етіп шабан движогы оталып, лып-лып электр жарығы жанды.

Біз үйге  жаурап кірдік.

Бетінің қызылы тамған  толықша келген ақсары келіншек үй-ішін  жиыстырып, төрге көрпе төсеп жатыр.

Бекболов бірден тапсырма бере бастады:

- Пешті жағып, шәйларыңды әкеліңдер. Келінжан тездет, тоңып қалдық.

- Қазір-қазір,  ағалар!...

Дөңгелек үстел үстіне қант, май қойып,  шәй әкелгенше Бекболов таныстыра бастады:

- Мына кісі бәріміздің бастығымыз - деп мені мақтап-мақтап талай жерге апарды.  Өзі газетке шыққан менің әңгімелерімді оқығандығын танытып, үлкен жазушы деп дардай ғып қойды.

Бүріскен су торғайдай әптер-тәптері шығып мыжырайған  Ережепов пешке кіріп кете  жаздап қақталып отыр. Ал, осындай сапарларға әбден еті өліп кеткен Ертай ширақ, қайта қунақ қағады.

- Мынау әлгі жылқышымыз - Саттар, мынау келіншегі - Гуля.

Шәймен бірге сыңғырлап бөтелкелер келді, Ережепов көзі тұнып  екі рет қырлы стаканмен  тартқаннан кейін кәдімгідей сөйлей бастады.

- Ал, басеке, мен мына Саттармен Қаншеңгелге  барып келе қояйын - деп Бекболов орнынан тұрды - келін, шырағым соғым етінен молырақ сал.

- Мен де әлгі  почташыда шаруам бар еді, сендермен бірге барайын! - деп госстрахтың бастығы Ертай да  оларға қосылды.

Ережепов машинадан сөмкемді алам деп  далаға бірге шығып  кетіп еді, көзі тіпті атысып кетіпті, үстелде тұрған арақтан дәу бір стақанға ліпілдете  өзі құйып толтырып алды да лықылдата жұтқаны-ай!

Шөкім нанды иіскелеп, бірдеңелерді мұрнының астынан міңгірлеп айтқан бойы қылжиып ұйықтап кетті.

Бұрышқа көтеріп апарып жатқызып, үстіне тонын жаптым.

- Бұл кісі де көтере алмайтын болыпты, әйелі басқа күйеуге тиіп кеткелі осындай болып жүр... Не деген атпал арыстандай жігіт еді!...

Қазанға ет салып болып,  дастарханның шетіне тізе бүккен келіншек бұрышқа немқұрайды ғана көз қиығын салды.

- Өзі түк тамақ ішпейді, енді осыдан  мәңгіріп ертеңгісін бірақ оянады.  Өте білімді, жігіттің төресі еді, шамның білтесіндей таусылып бітіп барады.

Дастархан үстіне бір шиша арақ әкеп қойды.

- Оқымысты қайным, жаурап келдің ғой, кел мынадан тартып жібер.

- Жаңа айттым ғой, мен ішпеуші ем...

- Онда менде таза спирт бар, - деп  сандығын сарт-сұрт ашып, ішінен әскери фляжка  шығарды. - Ем үшін, қарашы, түшкіре бересің денеңді суық буып қалған.

Шынында да мұздап, жайым болмай тұр.

- Жасым жиырма тоғызда дейсің бе? Күйеуім отыз алтыда. Ал өзім... - деп сылқ-сылқ күлді. - Өзім биыл жиырма алтыға шығамын.

Мә, мына келіншек менен де жас екен ғой. Жұп-жұмыр білегі мен  толық омырауына көзім еріксіз түсіп кетті.

- Оқымысты қайным-ау, жеңгеңнің ниетін қайтарма - деп стақанға жартылай фләжкеден спирт құйды да, бір шыны таза су әкеп берді. Жарқылдай күліп, денесін  тақай жаныма отыра кеткенде жылы ағыс бойыма жүгіріп өтті. - Ем үшін демалмай тартып жібер!

Әрі-сәрі боп отырып:

- Ақ жеңеше! Бірінші сіз  алыңызшы!

- Әй шешек-ау,  мен тамақ істеймін ғой. Мейлі оқымысты қайным айтқанда у да болса зәм-зәм болар - деп өзіне құйғанды  ары бұрылып сіміріп алды да, артынан су ішіп, біраз отырып қалды.

Бері бұрылғанда жанарында лыпылдаған от тұтаныпты. Әдемі жан жадыратар  жымиысы қандай!...

- Нартәуекел! Ала ғой, қане қайным!..

- Иә, денсаулық үшін,- деп көзімді шарт жұмып тартып кеп жібердім.

Ауа жетпей тұншығып барамын.

- Мынаны жұтып жіберіңіз - деп  мөлтілдеген кеседегі суды ұсынды ақ келіншек. Іш-әлемім өртеніп барады.

Лезде бусанып, жаным жадырап шыға келді. Темір пештегі лаулаған оттан ба, үй ысып бара ма, арқама жапқан тонымды ысырып тастадым.

Көзім шырадай жанып, артынан ішкен екі кесе  ыстық шайға балбырап, балқып, ішкі әлемім ыстық ағысқа толып, рахат күйге бөленіп, толып шыға келдім.

- Әбден буын-буыныңызды суық қармап қалыпты, кел теріңді сүртіп жіберейін, - деп әппақ жұмсақ сүлгімен бет-аузымды  бір қолымен сүрткіштеп, екінші алақанымен  арқамды сипалай ма, әйтеуір бір рахат әлемге жаным бөленіп, бүкіл денем жадырап, шаттық әнін сала жөнелді.

- Оқымысты қайным-ау, кел, енді кішкене ғана ішсеңіз, түк те  болмай біржола сауығып кетесіз.

Манағыдай емес, өзімнің де тағы ындыным құрып, зейінім соған ауып тұр.  Мына  бұлықсыған  әдемі  келіншек тағы қышаса екен деген емексі ой буады.

- Терлеп, жақсы боп қалдым, жетер, жеңеше?

- Жеңгеңнің тілегін қайтарма. Суық әбден сорып тастаған,  сүйек-сүйегіңе дейін өтіп кеткен. Егер мынаны ішпесең, кейін кеселденіп кетесің.

- Ақ жеңеше-ау,  оның бәрін қайдан білесің?

- Мен көп нәрсе білемін, қайным... Қазір су әкеп берейін...

Менен кейін ол да тартынбады.

Темір пеш үстінде қазанда жылқының сүр еті  шұрқ-шұрқ қайнайды,  үй іші ыстық па, жоқ   спирттен бе терлеп ап жөнелдім.

Шар етіп бала жылады.

Келіншек лып көтеріліп, толқи басып «мен қазір» дегендей ыммен білдіре түпкі бөлмеге кіріп кетті.

Баласын ұйықтатып, қайта кіргенде келіншек тіпті ажарланып кетіпті. Екі беті албырап, еріні қызғалдақтың үлбіреген қауызындай  қызара толып, көзі жарқырап, үстіне жеңсіз көйлек киіпті.

- Үй ысып кетті ғой, - дейді менің сұқтана қарағаныма қысылғандай. Таралған екі бұрым шашы ұзын, арқасын еркелей қағып, бөксесін ұрады.

Ол отты қағыстырып, сорпаны сапырып, етті аударыстырып жатқанда шыдай алмай орнымнан қалай түрегеліп, арт жағынан барып қапсыра құшақтағанымды  білмеймін.  Оның қолаң шашын сипап, өзіме тартқанда ол күле бұрылды.

- Өй, қайным-ау, етті сапырайын да! -  деді зілсіз үнмен сыбырлай.

Мен еркінсіп кеттім, әппақ мәрмәрдай мойынынан, жұпар иісті   омырауынан, топ-толық  ерінінен өліп-өшіп сүйе бастадым.

- Шешек-ау, жүр ана бөлмеге барайық! - деп еркелей назданған келіншек түпкі бөлмеге жетектей жөнелді.

Әппақ сейсепті көрпе жапқан жерге төсек салып қойыпты. Сол бұрышқа барып, шырт еткізіп жарықты өшіріп, шешіне бастады.

Көмпиген төсекке сүңгіп:

- Келсейші, - деймін үздігіп.

- Қазір - дейді ол шашын түзей,  көрпені аша беріп, - Шыдасайшы жаным!...

Алтынның буындай, күмістің суындай іңкәр көңіл алып-ұшып барады.

Күн сіңген, сүт сіңген, уыз иісі бұрқыраған топ-толық ұршықша иірілген піскен әңгелектей жас келіншек есімді алып,  елжіреп, алыс-алыс  армантауларынан асып кетіп барамын,  шаттық шыңдарына биіктеп келемін...

Не деген ғажап әлем, сиқырлы дүние: мың ғасырда бір ақ рет  келіп, кететін нағыз рахатстан ұжмақ есігін ашып, төрін ұсынып,  таңғажайыптарымен таңқалдыра таныстырып, есімді алып барады, бәрін-бәрін ұмыттырып, естен тандырып, есеңгіретіп барады.

Қыз Жібектің  желкілдеген әсем көңіліндей, Ақ Баянның  ақжарқын пейіліндей, Қыз Құртқаның  сағынышты сазындай әлдилеген ақұлпа әппақ сезімдер тұтқынында  шәһид болып кетсең де арманың болмас, сірә! Әппәқ шуда-шуда бұлттар үстімен  желбірей ұшып келемін, ұшып келемін. Ағараңдаған ақ періштелер тым биікке алып ұшып әкетті.

 

*                 *                 *

 

Көзім ілініп барады екен, селк ете ояндым.

- Аналар келіп қалса қайтеміз?

Ол мойынымды құшақтаған білегін алып, мекірене керілді.

- Малдың бүкіл документін, актілерін  түні бойы толтырып таңертең ғана әкеледі.

- Олар Қаншеңгелге ғана барып-келеміз деп еді ғой?

- Иә, Қаншеңгелдегі пошташының үйінде.  Сонда ауылдан ветврач, управляющий бәрін шақыртып, документтерді толтырып жатыр.

- Мені алдап тастап кеткен бе сонда? - Шырт ете ашуланып, орнымнан қарғып тұрып кеттім.

- Таңертең бірақ келеді. Түнімен карта соғып, арақ ішеді.

Әппақ сазандай бұлықсыған келіншек артық-кемі жоқ әппақ тәнін жарқырата  көрсете, еш қымсынбай  түрегеле бастады.

- Не болды, жаным? - деп тік тұрған мені жалаңаш күйі қыса құшақтап, құшырлана сүйді.

Манағы бір сәттік жойқын сезім, асығып-аптыққан қызба мінез сап басылған қатты алданғаныма ішімді удай өкініш тілгілейді. Қойныма суық жылан салып жібергендей қиналдым.

- Мені бәрің алдағансыңдар ма сонда?

- Қайным-ау, жаным!... Не болды соншама! Жаңа киімді бірден батпаққа салмас болар. Қызығымызды лайламашы. Қойшы жаным!

Оның жәдігөйлене жалына бастағанына ішім мұздап,  лезде қатайып алдым.

- Қойшы, жаным,  міне денең де лапылдап тұр. Тундрада жаурап келген қонақты әйелімен жатқызып жылытады екен. Сен де енді ауырмайсың.

- Шоферімді де, машинаны да алып кеткенін қарашы.

- Қойшы, жаным! - деп тығыршықтай келіншек жұп-жұмсақ үнмен  бөбегін сипағандай сылап-сипап, өбектей бастады. Әйелдің демі, айналып-төңкерілгені, сыбырлағаны - бәрі-бәрі жаныма майдай жағып барады. Бірақ, сыр бермегенсіп сазарып, қатайып қалдым.

- Неге сонша қапа боласың? Тікен ішінде де гүл болады, батпақта да алтын жарқырап жатады. Өмірдің осындай  сәттілігін сезініп,  дәнін теріп жемесең аққан судай өте шыққан ғұмырыңда не қызық қалады? Түп-түзу жол да жалықтырады, анда-мұнда өстіп бұзып қоймасаң несі қызық?

«Сен көрінгенмен өстіп жата кетесің бе?» деген  суық сұрақ көкейімде тіреліп тұрып қалды.

Тас қорғасынды да ыстық балқытады. Ол менің қолымнан тартып, қайта жатқызды.

- Қайным-ау, мына келіншек әбден бұзылған, көрінген еркекке көз сатады екен деп ойлап қалдың ба? Менде де ар-намыс бар, көрінген кешіп өтетін жайдақ су, салдақы емеспін. Есіңе сақта жаным, - сенсең сен кіріп келген бетте-ақ ұнап қалдың. Жер бетінде қыбырлаған қаншама адам бар, бір-ақ саған бұйырғаныма  шын бақыттымын! Өйткені, сен маңдайы жарқырап туған  нағыз  алтын айдарлы ертегімсің менің... Сенесің бе, сені осыдан бір ай бұрын түсімде көргенмін. Жаңа кіріп келгенде таң-тамаша болдым. Мен ылғи осылай болашағымды түсімде көремін.

- Бақсылығың бар ма? Тәуіпсің бе?

- Е, жоға. Бірақ келешекте болатын жағдайларды түсімде алдын-ала  көріп қоятыным бар. Ылғи осылай.

- Апыр-ай, ә? Мен түк көрмеймін, тіпті түске сенбеймін.

- Білесің бе, армандай берсең алыс таудың шыңына да шығасың. Міне бүгін сенімен жолықтым, бақыттымын! Мұндай бақыт бұйыра бермейді.

Ол өліп-өшіп қайта сүйіп, құшақтап еркелете бастады. Шынында да жомарт бақыт құсы  басыңа қонды деген осы ма екен?

Келіншектің ыңғайына көніп, бұлықсыған денесіне көміліп, армантауларына қалықтап барамын. Ләззат атты таңғажайып әлем есігін ашып, бәрін-бәрін тарс ұмытатын, әппақ нұрға бөленіп, гүл-гүл жайнар қайран шақтар-ай...

*                 *                 *

 

Ауызғы бөлмеде  қаңғырлап шелек құлады, тасыр-тұсыр етіп есік ашылды. Шошып, тұра бергенімде:

- Жаным, ол  Ережепов қой. Есін білмейді, далаға шықпақшы. Жүз грамм құйып берсең өлген өгіздей былқ етпей  сөткелеп ұйықтайды, - деді келіншек ып-ыстық құшағына қыса.

- Тұрайық - дедім де, тез киіндім.

Ережепов даладан қалтырап-дірілдеп жылан қуған көжектей бүрісіп,  сұрқы қашып, көзі бағжаңдап дөңгелек үстел жанына сұлқ отыра кетті.

- Ии, күннің суығын-ай!

- Кел, жылыну үшін кішкене алып қояйық - деп келіншек алдына арақ құйылған  стақанды қоя салды.

Анау  дауыл күнгі қураған жапырақтай дірілдеп, стақанды екі қолымен ұстап, езуінен тамшылата  тыжырына жұтты. Әншейіндегі шәушиген беті тіпті  күйген терідей тырысып-пырысып, жұдырығымен  аузы-басын сүрткіледі. Сүт пісірімдей тұнжырап отырды да бөтелкені алып, тағы өзіне-өзі құя бастады:

- Сіздер үшін. Күнде мұндай той бола бермес - деп тағы  сімірді. Арақ ішкенде ашырқанып, бет-әлпеті шөпиіп бір уыс болып, тыжырынып біреу желкелеп батпақ жегізгендей әбден қиналады екен.

- Ет балбырап пісіпті, міне түсіріп жатырмын, - деп ұршықша қозғалған қызылсары келіншек  пештің түбінде дөңгеленіп жүр.

Ережепов шынында да арақтан әбден жеңіліпті, отырған орынында көзін жартылай жұмып,  ес-түссіз қылжиып қалды. Ауылдан шыққалы аузына түйір ас салмады ғой бұл сабазың. Күйіп кетеді ғой, ішіне түскен шер-шеменін өстіп  жынды сумен  жуамын деп жүріп біржолата өртеніп кетеді ғой.

- Жігіттің  төресі еді бұл кісі, нағыз интеллигент! Білімді, жұмысты шыр айналдыратын мықты маман дейтін.  Әйелі мұны тастап,  басқаға тиіп кеткелі бері осыған үйір болып, ақыры осындай сормаңдай  күйге түсті.

Ортадағы нән табақтағы  еттің шетін де оя алмадық, бір-бір кесе құрт қатқан  сорпа ішіп,  келіншекпен емен-жарқын әңгімелесіп отырмын.

- Мыналар кешікті ғой.

- Ертеңгісін бірақ келеді демедім бе? - деді келіншек жайбырақат.

Сағат тілі түнгі үшті көрсетіп тұр.  Ыстықтап далаға шықсам, боран әлі ұлып тұр, түнде әлдеқайдан аждаһаның қырылындай зәрлі-запыран тұла бойыңды тітіркендіретін жаман үн сарнайды. Тасырлап жылқылар үріккендей болады. Қап-қара түнектен  бозарған қар көмген  далада Аңырақайдың  әңгүдік желі жын-ойнақ салып, есерленеді.

Тасырлаған менің жүрегімнің лүпілі екен. Суылдаған қарды иіріп әкеліп үйдің ық жағына үйіп тастаған.

Ұйқым шайдай ашылып,  қарды сықыр-сықыр, қарш-қарш басып ары-бері жүргіштеп кеттім.

Бұлар мені алдап, торға түсірмек қой. Көлдің бетін қаншама қамшымен сабаласаң да із қалмайды. Мына жылқышының күзді күнгі піскен алмадай  қызыл келіншегімен әдейі жеке қалдырғандары ғой. Мен қазір таптап-таптап келіншекке  айтып қоюым керек, аузына сақ болсын. Ал, анау маскүнем Ережеповтен  келер қауіп жоқ, бір қатыным кетті деп  соншама жүнжіп, бітуге шақ жүр өзі.  Рухы күйреуік-ау, әлде қатынын тым қатты жақсы көріп, жүрегін беріп қойған ба екен? Бекболовтар талайды көрген әккі көкжалдар ғой, күліп отырып, аяқ-қолыңды байлап, отқа тастап жіберуден тайынбас. Абайламасаң - арандап қаласың. Осы совхоз ғұмыры көтеріле алмай-ақ қойды, өзіне бастық та құтаймайды.  Малдың өлім-жітімі де көп, төл алуда да ең соңында жүреді. Солай бола тұрса да мына бір дұдық, айтқан сөзін адам ұқпайтын дөкір мінезді былтыр күзде келген  директоры ешкімнен ықпайды, қыңқ демейді. Тіпті аудандағы бюро, исполком,  халықтық бақылау секілді сан-сапалақ жиналыстарға да қатыспайды, мына бас зоотехникті жібереді.

Құрысжанов та бұрын екі ауданды басқарған, ұстаған жерінен айырылмайтын, айтқанынан қайтпайтын, қарсы келгенді қақыратып жіберетін бірбеткей де азулы басшы. Ол бюро өткізгенде  шыбынның ұшқан ызыңы естілмейді, біреуге өшіксе  басына  қанды қара боран дауыл соғып тұрғандай тұқыртып  жібереді. Бюроға түскендер есі кетіп, қол-аяғы дірілдеп, есеңгіреп отырады.  Тек осы совхоздың директорына ғана   тісі батпай,  ыңғайы келсе оңдырмай алып ұрайын деп аңысын аңдып жүр еді. Мына жиырма жеті жылқының аяқ асты өлімінен кейін кекеш директордың аяғы көктен келетін шығар. Қой, қызыл бет келіншекпен әңгімемді әбден пісіріп қояйын. Жоламай-ақ қоюым керек пе еді, әй бірақ бұл құпияны кім біліп жатыр? Екеуміздің ортамызда мәңгі айтылмас сыр болып қалар.  Бұл беті жылтыраған жылтыңдаған бәлекеттей қатын әлде мені тұзаққа  түсіру үшін әдейі, қасақана осындайға барды ма?

Жүрегім шым етті. Аласұрған бақсыдай ұйқы-тұйқы соққан бораннан денем мұздады.

Жып-жылы ұядай үйге кірсем... лаулап жанған темір пеш түбінде келіншек жүрелеп кішкентай ағаш орындықта жылап отыр. Екі көзі қып-қызыл, жасы бетінен айғыз-айғыз ағады.

- Не болды? - дедім сасқалақтап.

- Ұлан, Ұлан Керімбекович! Кешірші! Кейде бақыттан  бас айналып осылай іштегі  шер-шеменді  шығару үшін қатын деген өстіп жылап-сықтап алатыны бар. Сіз мені бір жеңіл жүрісті салдақы деп ойлап қалдыңыз-ау, сірә?...

- Жо-жоға! - деп сасқалақтап қасына  тізе бүктім

- Мен де біреудің ерке қызы едім. Үйде бір ұл, бір қыз ғана едік, ағам ерте үйленіп кетті. Мен  студент болып анау-мынау жігіттерді менсінбей, көкірек керіп жүріп алдым.  Тәккәпарлық - жарға жығады. Үшінші курста Сағымға жолықтым.  Ау, оны сіз танымайсыз ғой, атын неғып айтып отырмын. Ол физкультурный институтта оқиды, күрестен қала чемпионы, ұзын бойлы, бұйра шашты әлгіні өлердей жақсы көріп қалдым. Мына ессіз жақсы көру де - апиын секілді  жындандырып, не істеп, не қойғаныңды білмей қаласың. Онымен ресторандатып, анда-мұнда қонып қалып жүріп жүкті болып қалдым. Төңірегінде өңкей спортпен айналысатындар, шетінен мақтаншақ, даңғой, қалталарында уыс-уыс ақша, түнімен сайрандап, күні бойы жапалақ секілді пырылдап ұйықтайды. Аяғым ауырлағаннан кейін  үйленейік деп едім өзіме тарпа бас салды.

- Немене деп сандалып отырсың! Әлі оқуды бітіруіме екі жыл бар. Екі жылдан кейін көреміз.

- Оған дейін күн санап өсіп бара жатқан ішімді  қайтемін? - десем:

- Басымды қатырма көп! Алдыртып таста! Сен-ақ пәле болдың ғой жабысып! - деп қанша жылап жалынып, жалбарынсам да тастап кетіп қалды. Жолы жіңішке біздер жылағаннан басқа қолымыздан не келеді? Әбден жылап-жылап, амалым жоқ дәрігерге  бардым. Не керек, бала өсіп кеткен, төрт айдан асқан, алдыруға болмайды. Жалындым, ақша ұсындым. Көнбеді. Талай жерді шарладым. Сағым да сол кеткеннен жоқ болып, мүлде көрінбей кетті. Шарадай басым шақшадай болып, өз перзенті ғой бірдеңе ойластырар, некемізді қидырармыз деп жатып кеп іздедім.  Оны еш жерден таба алмай дал болдым, өзім сабаққа да бара алмай жатып қалдым.  Екі айдай уақыт өткенде барып Сағым қалада деген хабар естідім.  Бірақ ол мені іздеп келмеді. Бір күн күттім, екі күн, ақыры оған аяғыммен өзім іздеп бардым.

Медеудегі түнгі ойынханада бір топ жолдастарымен  шала мас болып дуылдап отыр екен.  Сағымның қолтығында ұзын тырна сирақ, желбіреген сары шашы иығын жапқан тыриған арық қыз тіпті ұялу-қымсынуды білмей жабысып қайта-қайта сүйіседі. Сағым мені кеудемнен итеріп, сүмелек иттей қыңсылатып, зар жылатып қуып шықты.

- Енді көзіме көрінбе! Ішіңдегі менің балам емес, міне мыналар куә болады! Кет дегенде ит те кетеді! Жоғал! - деп шапалақпен салып-салып жібергені-ай.

Медеуден әбден тауым шағылып, ебіл-себіл жылап қайттым. Несін жасырайын, мұншама масқара қарабет болғанша біржола өлгім келді. Енді қалай өлуді ойлана бастадым. У ішем бе, арқанға асылып қалам ба, тамырымды қиып, ваннада қансырап жатып көз жұмамын ба?... Жан шығару дегеннің - қаншама азап екенін ұқтым, егер кездейсоқ тірі қалсам, онда тіпті масқара болғаным ғой. Әңкі-тәңкі басым қатты.

Бұл өмірде баланың парызы - әке-шеше, бауырларына кір келтірмеу екен. Көпе-көрнеу өліп кетсем  масқараланған әке-шешем зар илеп сорлап қалады. Мүлде жоқ боп кетсем ғой. Қайтіп біржола жоғаламын, мына қарғыс атқыр қу өмірден. Мойныма тас байлап көлге секірем бе, қайтемін енді?...

Ең сұмдығы - өлімге мойынсұнған жан сергектеніп кетеді екен. Екі хат жаздым, біреуі Сағымға, екіншісі әке-шешеме... Бойым жеңілдеп, хатымды жазып болып, кім арқылы берерімді ойладым.

Санамды сапырылыстырып, құрбы-достарымды жіктеп қарай келе Динаға тоқтадым. Дина деген жан досым, осы совхоздың  қызы. Ұят-намысы бар. Басыңды қатырып қайтейін, оған  бар сырымды, сұмдық шынымды түк қалдырмай жырдай ғып айтып бердім. Ол хаттарды екі мәрте қайталап  оқып шығып жабырқап, қабағы түсіп, салмақтана былай деді:

- Шолақ өзен тез тасиды. Сен тым қызба, морт екенсің ғой. Бәрін ақылға салу керек.  Өзіңе ең қымбат - өміріңді және сол өміріңді  жалғастыратын құрсағыңдағы балаңды қалай өлімге қиясың? Тым келте ойлайды екенсің,  сені мен ақылды қыз ба деп жүрсем. Қаншама жайсаң жігіттер соңыңнан өліп-өшіп жүгірді, біреуіне көз тоқтатып қарамадың. Паң болдың, тәкаппар болдың. Өркөкіректік - орға жығады, сор жабыстырады. Шешілмейтін түйін болмайды. Қаншама жұбайлар бір перзентке зар болып, жете алмай зар жылап жүр. Алла саған сыйлады. Ғұмыр - біреу, өмір бір-ақ рет беріледі. Оны қадірлеу керек, аялап, әлпештеп, бағалау керек. Кімнің басында болмай жатыр мұндай жағдай, тек енді екеуміз бірігіп  ойластырайық.

- Қажай берсең темір де тесіледі, ұра берсең қара тас та уатылады. Менің ары қарай тірі жүруге әлім жоқ. Мүжіліп біттім, қап-қара қалың мұң, сор, ішімнен таусылып біттім. Неге ғана маған осындай қасіретті басыма үйіп-төгеді, неге ғана бұл өмірге келдім екен? - қарғана зар жылағаным есімде.

Дина шапалақпен осып-осып жіберді.

- Сен таза  ақымақ екенсің ғой. Сені жын иектеп, шайтан  азғырған ғой. Жап- жас үлбіреген өміріңді қайтіп дәтің барып қиып кетпексің? Есіңді жи, басыңды көтер! Кейін кім біледі, қызығыңды осы баладан көрерсің.

- Бала емес ол маған бәле болды ғой. Әкесі оңбағанның баласы қайбір жетіседі ғой дейсің?

- Ғайбат айтпа, Ішіңдегі бала бәрін естіп, сезеді. Ол - әппақ нұрдан жаралған періште. Сол періште - саған бақ әкеледі, бақыт сыйлайды. Бәрін ұмыттырады, осы бөбегіңнің күлкісі - бар қайғыңды жуып кетеді!

Дина құрбымның осыншама ақылдылығына таң-тамаша болдым. Дәл бір сексенге келіп,  көпті көрген әжедей ақыл-кеңесін беріп, бірде ұрысып, бірде жібектей есіле әңгімелер айтып кешке дейін қасымнан шықпады.

Томаға-тұйықтық, жан адамға сыр ашпау - қасірет екенін сонда ұқтым. Ішке түскен уайым-қайғыны ешкімге  айтпасаң түйінделе-түйінделе үлкейіп, ат басындай шер-шемен кеудеңді буып, қаратас-қалың орман қайғы жамылып, ауру-індетке ұшырайсың да үзілесің, не өзіңе қол салып, бұл фәнимен қоштасасың.

Сырласатын досың болғаны - қандай жақсы! «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» - деген рас екен.  Шын жолдасың - шыңғырған шындықты бетіңе шыжғырып айта отырып, одан қалай жолын тауып құтылуды да ойластырады. Динаға, шынын айтайын, екі дүниеде де алғысымды айтамын, тірі көрер күнімді, жарық дүниеде өстіп тірі қалғаным тек қана сол қыздың көрегендігі. Не керек, сол күні кешке маған ұрсып-ұрсып алып:

- Сені біздің ауылдағы бір жігітке ұзатамын! Қаласаң ертең келіп машинасымен алып кетеді! - деп тұр.

- Қарным шермиіп байға тиетін жағдайым бар ма?

- Оның бәрін ойластырып, ол жігітпен әбден кесіп-пішіп, келісіп қойдым. Бүгін бірнеше мәрте телефонмен сөйлестім. Бар шындықты айттым.

- Ей, Дина, ақылы ауысқан жігіт болмаса біреудің екіқабат қылып тастап кеткен салдақысын қалай жар ғып алады?

- Міне, мәселе осында болып отыр, - деп Дина бәрін тәптіштеп түсіндіре бастады.

Ауылында Сапар деген жамағайын ағасы бар екен,  өзі тумасынан жылқышы, жасы біздерден бір мүшелдей үлкен болғанымен, таза ауа, кең далада көкпар тартып, қымыз ішіп жүргендіктен сұңғақ бойлы, жиырмадағы жігітке бергісіз. Өзі екі рет үйленсе де бала болмапты, дәрігерлерге қаралса кінә Сапардан болса керек. Боранда қалып, суық өтіп, қатты ауырып, ауруханаға жатып емделген. Емделіп шыққанымен  бедеу болып қалатынын ескерткен екен.  Тағдырға не шара, сол жылқышы ағасына бала керек, жар керек. Міне, Дина сол Сапар ағасына осылай-да-осылай деп бар жайды тәптіштеп түсіндіріп айтыпты.

- Гүлнар жеңіл жүрісті жаман қыз емес. Салмақты, ақылды, тек ғашық боламын деп ұрынып қалды. Жігіті алмай тастап кетті.  Түр десең түрі бар, мінезі жібектей! - деп әбден мақтапты.

Белден ұрған жыландай мен сексен ширатылып, тоқсан  тарқатылып қалың ойға малынып,  ойланып отырып қалдым.

Адамның үміті өшкен күні - өлгені деген рас қой. Бұл өмірден мүлде күдер үзген,  таусылып біткен мен бұл ұсынысқа не дерімді білмей дал болдым. Шегінерге жер жоқ.

Дина алқымдап, тақылдап қояр емес, қайтсе де ол көндіруге көшті. Ақыры не керек:

- Жігіттің өзін көрейінші! - деппін. Өзімнің қас масқарам шығып  отырғанына қарамай  ана жігіт мүмкін аузы-басы қисайған,  төрт мүшесі сау емес мүгедек не есалаң ба деген ой туды.

Ауылы осы Алматыдан екі жүз шақырым Күртіде. Ертесіне түсте «Жигули» машинасымен келіп тұр ғой. Сапар - шынында да жігіттің  көркемі, көз тартатын ұзын бойлы, тарамыс жігіт екен.

ЖенПИ-дің жанындағы «Шахта» деп аталатын асханадан түстік іштік. Лағманды жей алсамшы, өрттей қызарып, ұяттан өліп барамын, жігіт те тіке қарауға жасқанып,  сөзден қалған.  Дина ғана екеуімізге тілегін ақтарыла айтып жатыр, айтып жатыр.  Сапарға перзент керек, мына сәбиді өз баласы дейді,  ешуақытта жан баласына айтпайды, бетіңе баспайды... анау басын изеп, мақұл  дей берді.

Не керек екеумізден де уәделерімізді алып, қолымызды ұстастырып:

- Ағаштың тамыры ащы болғанымен жемісі тәтті. Екеуің осылай қол ұстасып тату-тәтті ұзақ бақытты өмір сүріңдер! - деп түс ауа бізді  жолға шығарып салды. Оқуымды сырттай оқып, кейін бітіруге  келістіретін де Дина болды.

Жол-жөнекей сықсыңдап жыладым. Ол тырс етіп үндемейді.

Күрті өзенінің жағасына тоқтағанда ғана ақырын ғана шашымнан сипады.

- Гүлнар, Гуляжан... жылама. Мен сені енді ешқашан жылатпаймын. Саған уәде беремін! Сені енді Гуля, Гуляжаным деп атаймын - дегенде басымды еңгезердей жігіттің кеудесіне қойып, еңкілдегенім-ай. Ол күректей қолымен шашымды, иығымды, арқамды аялай сипай берді.  Маңдайымнан шөпілдете сүйгені-ай!...

- Рахмет! - дедім - Рахмет, сізге! Мың да бір рахмет. Аллаға, сізге кезіктіргеніне! Мен мәңгі сендікпін!

Көктем жаңа-жаңа шығып келе жатқан көкөзек шақ. Қырға қылтиып бәйшешектер шығыпты.

- Бәйшешектер биыл қалың шығыпты, береке болады, - деді Сапар. - Оларды жұлмай-ақ қояйық.

Екеуміз жағаны керіп, көбігі шапшып, таси ағып жатқан  өзенге беті-қолымызды жудық.

Міне, Сапармен осылай жолықтық.  Оған қосылғаннан кейін күзге салым нәрестелі болдық. Сапар керемет қуанды, асып-тасып, бөбегін қолынан тастамады...

- Уһ!... - Ол  егде әйелдердей көкірегін жара күрсінді. - Бағанағы алып-ұшпа сезім,  спирт қызуы бәрі-бәрі ізім-қайым жоғалған, келіншектің әңгімесін елти тыңдаған қалпы малдасқұрған аяғым ұйып қалыпты.

- Қой,  шәй суып қалыпты. Құр әңгімемен отырып байқамаппын ғой! - деп ол орнынан лып көтеріліп, пеш төңіректеп кетті.

Әңгіме әсерінен алған қорғасындай ауыр ойдан арыла алмай тұнжырап отырмын. Мына ылдым-жылдым  пысық, үлбіреген келіншектің - қаратүнек зындан тағдырына, одан шығып күншуақтанған бүгінгі ғұмырына қайран қалдым. Көмейімде кептеліп қалған талай-талай сұрақтарға жауап іздеп екіұдай отырғанымда,  шәй демдеп әкелген келіншек әңгімесін жалғады:

- Сапарға бала ұқсай ма демексіз ғой.  Құдайдың құдіреті бүкіл келбеті, сыриған ұзындығы айнымайды.  Өз фамилиясына жаздырып алды.  Міне, екі жыл болды осылай жылқышы болып жүріп жатырмыз.  Жаз жайлауға сонау қырғыз жайлауымен иықтас Құмбелге шығамыз,  қыста осы құмды қыстаймыз. Жыл он екі ай малдамыз.  Енді мына Құдайберген  баламыз  мектепке қалай барады деп отырмыз. Ертегі сияқты өмірімді айтып мылжыңдап басыңды қатырып жіберген жоқпын ба?

- Жоға.

- Сіз жазушысыз ғой. Бәрін түсінеді деп айтып жатқаным ғой.

- Дина қайда? Келіп тұра ма?

- Дина мына Құдайберген туғанда сыйлығын алып келіп құттықтап, екі-үш күн жатып кеткен. Мына баламыздың кіндік шешесі сол. Орал жаққа күйеуге шығып кетті, балалы-шағалы.  Елге жақсылық ойлаған жан бақытты болады, жақсылығы алдынан шығады. Былтыр кішкентай сәбиі, күйеуімен бізді іздеп келіп, жайлауда оншақты күн қымыз ішіп, демалып қайтты.

- Оқуың не болды?

- Не болушы еді, тастадық қой. Шынын айтсам масқара болған қалаға қайтадан барғым келмейді, көргім келмейді. Сапарымның тілеуін тілеп, бала-шаға бағып, шәй-суын реттеп беретін әйелі болсақ та жарады. Оқу, оқу деп тапқан  шапағатымыз қайсы? Мектеп бітірісімен күйеуге тиіп кеткен қыздар нағыз бақытты, нағыз адал жар, асыл ана, кейін қасиетті әже әне солар болады. Ал қалаға барып, оқуға түсіп,  тікаяқ болған студенттердің көбісі - алаяқтанып, небір бәлекеттерді көріп, біліп,  арбадан бұзылған аттай жаман жолға түсіп кетеді. Қыздың бақыты - ертерек байға тию, бұзылмай тұрып өзінің жарын табу. Әке-шеше алыста, ауылда, қалаға келген қыздар селкілдеп қызық іздеймін деп нешетүрлі жігіттердің құрығына ілінеді, арақ-шарап ішеді, мас болады. Қайда, қалай жатып қойғандарын білмейді. Екіқабат болып неше түрлі кеселге ұшырап, баласын алдыртып тастайды, түрлі дәрі-дәрмек ішеді, еті үйреніп, соны  қуаныш көреді.Олар ертең қалай ана болады? Кейін күйеуге тисе де бала таба алмай бедеу болып қалады, немесе жарымжан мүгедек сәбиді ілдалдалап әзер табады.  Өзінің ауру болғандығынан баласы да кемтар болып, қасіретті өмірге душар болады. Көп сөйлеп кеттім бе?...

- Шынымды айтсам, айтқаныңның бәрі рас.

- Жастық шақтың тез кебетін буы болады, мән-мағына бермейсің. Талай-талай нәрсені көрдік, талай қыздар боздап қалды.  «Қызға қырық үйден тиым, қала берсе қара құлдан тиым». - Ата-бабаларымыз  қыздарын, әйелдерін  қалай бағалап, сақтандырған. Оң босағаға пәк күйінде келген қалыңдық абыройы қандай еді!... Уһ! Көптен бері ішімде  құса боп жүрген жан сырымды бүгін ағыл-тегіл ақтардым-ау... Сіз жазушысыз, бәрін түсінеді дегенім ғой... Тек Дина ғана біледі, сол келгенде шерімді тарқатамын. Бала, күнделікті күйбең тіршілік - бәрі-бәрін ұмыттырады екен. Уақыт - емші. Баяғыдағы өлгім келгені жайлы  есіме түссе - жаман ұяламын... Еліккеннен есіріп,  өмірде қайғы тауып алған  өзіме де обал жоқ. Адам өзіне-өзі тағдыр жасайды. Қазір басқаша ойлаймын,  көзқарасым мүлде бөтен.

- Жаңа студент қыздардың бәрі бұзылған дедің бе?

- Арын, ұятын сақтаған бойжеткендер толып жатыр. Тозақта да періштелер жүреді. Дегенмен жастар еліктегіш,  желіктеп көрінгеннің жетегінде кетеді.  Адамды араласатын орта бұзады,  ұрының досы - ұры болады. Ата-анасынан ажырап,  өздерінше қалада ғажап өмір осы екен-ау деп тұтылып, жұтылып жатқан қаракөздер қаншама. Сол қайғы-қасірет, шерменде болған шерлі қаракөздердің  сел-сел көз жасынан  қаланың ағып кетпей сау тұрғанынан таңқаламын!

- Сен, Гүлнар, философ болып кетіпсің ғой.

- И, жоға. Біз көргенімізді, ойға түйгенімізді айтамыз.

- Әлгі жігітің қайда?

Келіншек ащы мырс етті, көзінде  от жарқ ете қалды.

- Оны қашан сұрайды екен деп отыр едім. Ол жоқ, төбелесіп, пышақтан кетіпті. Өзі Якутиядан жасырып алтын, бриллиант таситын. Өлілерді тілдемейді. Талай қызды сорлатып еді, қарғыстары жібермеген шығар. Өзім де көп қарғыстап едім бекер екен оным... Оның өліп қалғанын естігенде  түбі солай болатындай селт етпедім. Бүкіл оған деген сезімдерімнің бәрі өртеніп-өртеніп, сөнген күл ғана болып қалыпты. Зырылдап өтіп бара жатқан уақыт бәрін ұмыттырады деген рас.  Тағы бір кесе ішіңіз, - деп кесемді алды. - Тағы қандай сұрағыңыз бар?

- Мен журналист-жазушымын ғой. Айып етпе.

- Көмейіңде тұрған бір сұрақты қойсаңшы.

- Ол не?

- Ұялма. Мына келіншек опалы тағлым-тәрбие жайлы көп мылжыңдады.  Өзі қандай  деп отырсың ғой.

- М-м...

- Түсінемін. Қанша еркектің құшағында болдың деп төтесінен сұрамайсың ба?

- Айтпай-ақ қой. Жаңа ғана құмарлана  иіскеген жұпар гүлім - шоңайна тікен болып шықса қайтемін.

- Баяғы өзім өлердей ғашық болып, екіқабат болған  пышақтан өлген жігіт пен Сапардан басқа еркекке жолаған емеспін. Сенбейсің, ә? Өлердей шын сөзім.  Бүгін саған бар сырымды, жырымды, шынымды айттым ғой. Жылқышының жас әйелі деп қылжақтап, емеурін білдіретіндер толып жатыр. Бірақ, біреуін жақындатпаймын. Іштей сертім бар. Сапардың ақ төсегін, пәк  сезімін ластағым келмейді.

- Ал, бүгінгі... мен ше?

- Сені көргенде тым ыстық тартып кеттің. Жаңа айттым ғой маған түсім аян береді деп. Мың-миллион жылдан бері білетін жақын адамымдай көріндің.  Шын айтамын.  Бұдан кейін де ешкімге көз салмаймын, сенбейсің бе?

- Білмедім... - деп күмілжідім.

- Шынымды айтсам ренжімейсің бе?

- Неге ренжимін.

- Құдайбергеннің соңынан біреу еру керек қой. Ары-бері соны көп уайымдап, қайтсем екен деп жүруші едім. Түсімде сенімен жолығатынымды көрсетті ғой. Саған мың да бір рахмет!...

Ол қайта көзіне жас алды.

- Біздер қатындар қауымы  өстіп жылап алмасақ - тұншығып өлерміз. Сөзімен бірге көз жасымыз дайын тұрады.  Қайтейін енді. Арыстай атақты сенен жүкті болсам - ертең арыстандай ұрпақ әкелмеймін бе! Құдайға шүкір, тәуба!... Күпірлік ете көрме! Сен Ұлан, ренжімеші... Екеуміздің арамызда жан баласы білмейтін мәңгілік сыр болып қалсын. Құдайбергенім қайтіп жалғыз тал  болып қалады деп мен тасмаңдай сорлы уайымнан сал-сал болып жүруші едім. Сені жолықтырған Аллаға рахмет!

Ол мені «сен» деп атымды атап, теріс айнала құлшылық ете бастады. Спирттен бе, жоқ мына келіншектің әңгімесі ме басым әңкі-тәңкі. Ми қауашығының арасына мың сан құмырсқаны өргізіп жібергендей әптер-тәптерім шықты.

Ол өксіп-өксіп, қап-қара шашы жайылған қалпы екі иығы селкілдеп жылап отыр. Бір адымдай жердегі оған бірдеңе айтайын десем тілім күрмеліп,  барайын  десем зілзал болып, қозғалмаған күйі  мелшиіп қара тас  болып қаттым да қалдым.

- Сен мені жеңіл жүрісті жаман қатын деп ойлап отырсың ба? Менің жан-дүниемді,  қатпар-қатпар, қилы-қилы қасіретке толы өмірімді түсінеді-ау деп саған бәрін-бәрін айтып отырмын.  Адамгершілік - ол да ерлік. Ұланжан,  мен саған қара күйе болып жабысып қалмаймын. Мүмкін кейін кездессем де бас шұлғып, амандасқаннан ары бармаймын. Бар құпиям өзіммен бірге кетеді.  Сен ауданның маңдайына сыймайсың, астанаға алысқа кетесің. Құлашыңды Айға сермейсің, кеудеңді Алатауға теңейсің, жұлдыздармен сырласатын жаның нұрға толып, биіктеп кетесің. Содан мен бір ұшқын сәуле алып қалдым мына боранды түнде. Сол сәуле мәңгілік мені қуаттандырып, жан әлемімді сәулелендіріп, кеудемді жап-жарық етіп тұрады.

Мына айдалада кездескен жылқышының келіншегі пештегі жанып жатқан сексеуілдің қып-қызыл шоғына қадала қарап толқи айтқан осы бір сөздері миымды найзағайдай осып-осып өтті.

- Еркек біткеннің дені  қыз-келіншек көрсе болды бұқа көзденіп,  көкезуленіп  өтірікті судай сапырып, жаттанды әңгімесін гөйітіп, тиісе жөнеледі. Ә дегеннен бетін қайтарып тастамасаң ыржалақтап-қылжалақтап, арам ойлап,  арсыздана қолын жүгіртіп,  бәрінің ұры мақсаты - белгілі жайт.  Қатынның соңынан әзәзіл сөз ергіш болады.  Бір былғап, қарабет болсаң өмір бойы жуып кетіре алмайсың. Сенің ойлы,  арғы-бергінің бәрін білетіндігіңе орай  өткенімді қазбалай тізіп шықтым, шынымды айтсам сол бір қасірет жамылған  қаралы күндерімді ойлаудың өзі - азап. Тажал тағдыр адам баласын өстіп сынап, өз тезінен өткізеді екен ғой. Бұған сен не дейсің?

Не дейін, тұншығып үнім шықпады.  Бір ауыз артық сөз - жанын жаралап, мәңгілік кесел боп жабысар. Іштей ұғындым,  ол жанын жегідей жеген мұнар басқан  ойларын бөліскісі келді, шерін тарқатты.  Енді мен ойлана бастадым, бұл шер маған ауады ғой. «Алтын басты әйелдің ішінде бесігімен бала жатады, алтын басты еркектің ішінде ат басындай шер жатады».

Дүние ғапыл болса да осынау алай-дүлей боранды түнде жапандағы жалғыз үйдегі келіншектің орайда орай айтқан құпия сыры жан-дүниемнің астаң-кестеңін шығарды.

Бұрыштағы  Ережепов аударылып жатты.

- Тұрып тамақ, шәй да ішпеді байғұс. Бір қатынның кесірі - қырық есекке жүк болар деген.  Жақсыдан - шарапат, жаманнан - кесапат. Неге үндемейсің, Ұлан? Сені өте жақын тартып кеткендіктен бірер сәтке ғана сен деп отырмын.  Оған ашуланба. Мен ЖенПИ-де оқыған тіл маманымын ғой. Оқуды тастап кеттім, қалаға барғым да келмейді, көргім де келмейді.  Қалада бәрі жасанды. Күндіз қыздары ұяң, ұлдары сабырлы көрінеді де, түн баласы былапыт былғанышқа белшесінен батады. Қала түні бойы жынойнаққа айналады. Шайтан азғырып,  ібіліс иектеген кәрі-жасы бәрі араққа кәйіп болады,  наша тартып есіріктенеді,  ресторан, қонақүй біткен қызойнақ ордасы. Азғындаған, алапестенген замандастарымнан қазір өлердей жеримін,  айта берсем небір сұмдық, сұрқияларды көріп, біліп жүрдік қой. Бәрі біледі, үндемейді.  Сен де оқыдың ғой қалада. Қала - ұрпақты аздырады, тоздырады. Рас емес пе?

- Кім біледі, бәріне қара бояу жаға бермеу керек қой.

- Анықтап қарасақ Айдың бетінде де секпіл бар. Сенің миыңды ашыттым ба. Көп сөйлеп кеттім ғой, сірә. Ойбуй, таң атып қалыпты ғой, сиыр сауып келейін, - деп келіншек орнынан тұрып, тонын киіп, басына түбіт орамалын орап алды. Белі кеткен түйедей қалың ойға қамалып, үстел шетінде  отырған орнымда ойланып, қаражартастай қатып қалыппын.

Даладан қайта кірген келіншек:

- Күн шайдай ашылыпты! - деді қуана. Бағанағы мұң, қасірет ізі жоқ. Шелектерін алып шыққан оның соңынан мен де киіне бастадым.

Дала беті үлпілдек ақша қар,  аспан асты, жер үсті тым-тырыс.  Жылқышының қоржын үйінің мұржасынан билеп шыққан  ақ түтін де тік шаншылып көкке көтеріледі. Үп еткен самал жоқ.

Терісі әбден оңған,  жүні түскен ескі қара тон киген келіншектің жанына келдім. Ол сексеуілді бірінің үстіне бірін соғып, сындырып әуре. Қарулы. Жон арқасы күжірейіп, орамалы қисайып кеткен келіншек мүлде бөтен,  жатбауыр тартып тұр.

- Әкел, мен көмектесейін!

- Қойыңыз... қолыңызды жаралап аласыз, - деп белін жазып, сыңқ ете қалғанда мойылдай жанары жалт ете түсті.  Бар әдемілік, тұнықтық, сезім оты - көзінде екен ғой. Тауқіметті қанша тартса да бұндай жандар балажан болады,  бұлар жаманшылық жасамайды және бұлар тым тәуекелшіл болады.

- Құдай мен некелескен  байыңа  құлай сенуің керек! - деді ол, нық үнмен.

Мен қора айналып, күртік-күртік қарды қыңсылата басып,  ой сапырып, мұң мүжіп қырға көтерілдім. Суық сорған дала сүмірейіп, безеріп тұр.

Әппақ матадай бозарып мелшиген бел-белестер. Таңғы аяз бет шымшылайды.

Гүр-гүр етіп екі уазик екпіндей үйге тақай келіп тоқтады.

 

*                 *                 *

Үстел үстін жайнатып тастапты. Бұрыштан кілмиіп Ережепов басын көтеріп, бізге таңырқай өлген қойдың көзіндей  қызыл шелденген нұрсыз жанарымен мелшие қарап қалыпты.

- Қане, қолдарыңызды жуыңыздар, ас дайын! - деп жылқышы  мойынына сүлгі асынып, бір қолында кірлен, екінші қолында шәугім, бәрімізге кезек-кезек су құйып шықты.

Түннен желінбей қалған ас қайта жылытылып, үйме табақ ет әкелінді.

Сапар сөмке толы шишаларды суырып алып, бәрімізге құйып шықты.

- Басеке, сіз бастаңыз, тост айтыңыз.

- Шаңыраққа тілек айтыңыз - деп Ертай қостай қойды.

- Әр үйде қуаныш, береке болсын! Есіктен ырыс, бесіктен бала кетпесін!

Келіншек нұрлана жымиды да, түрегеліп келіп өзі стақан қағыстырды.

- Әй бәрекелді! Тауып айтылған сөз. Қане алып қояйық! - деп Бекболов өзі бастап, жылқышы қоштап, стақандарын көтеріп, алып тастады.  Ережепов жалаңаяқ жылан басқандай тыжырына, үш-төрт бөліп, лоқсып барып, әрең тауысты. Ертай ішкен сайын өңденіп сала беретін сал-сері дерсің. Осындай той-думанның гүлі, шаршау дегеннің ізі білінбейді.

Бас зоотехник екі рет тартқаннан кейін көпіріп сөйлеп жүріп берді.

- Сіз бекер ішпейсіз. Мынандай алапат суықта ішпеген адамға кесел жабысады ғой - деп араққа біраз мадақ арнады. Бәрімізді шетімізден мақтап-мақтап көтермелеп сөз берді.

Дастархан басындағылар әңгімесі созылып, Ережеповтың масая бастағанын көріп:

- Қой, тұрайық. Баратын жерімізге барып, көріп қайтайық! - дедім.

- Басеке, онда мынаған көз салып жіберіңізші, - деп Бекболов қолыма қағаз ұсынды.

- Бұл не?

- Акт ғой.

- Қандай акт?

- Ұлан Керімбекович, қарап шығыңызшы, акт дұрыс жазылған ғой, - деп Ертай дидары ашылып, сүлгімен терін сүртінді.

Бекболов төтесінен тартты:

- Басеке, мына шаңырақта мына озат жылқышы Сапар мен Гуля келініңіздің ақ дастарханында таңғы ас  үстінде актіге қол қойып берсеңіз.

- Әй, бәрекелді! Тауып айтылған сөз! Қазақтың барлық мәселесі дастархан үстінде шешілген. Солай емес пе Ережепов жолдас? - деп көзі кілмиіп әзер отырған райсельхоздың бастығын түртпектеді.

- Так точно! Так точно! Солай. Қайда мен қол қояйын? - деп Ережепов қолын созды. Әне-міне дегенше екі жерге қолын қойып та тастады.  Бекболов еркінси Ертайға да дереу  қол қойғызды да қағазды маған ысырды.

- Сіздер қызықсыздар. Әлі өлген бір жылқыны көрген жоқпыз. Қалай қол қоямыз?

- Көресіз, көрсетеміз. Тек мына жерде документті дұрыстап алайық, бәрібір өкімет госстрах арқылы құнын қайтарады.

- Ұлан Керімбекович, қол қоя салыңызшы!   - Бас зоотехник қаламын тыққыштап қоймады.

Керілген жіп жұқа жерінен үзіледі. Шарт та шұрт тарс ашуланып, бұрқан-тарқан болып шыға келдім.

- Тоққа түскен жылқылар қайда? Оның бәрі асыл тұқым, өте қымбат мал. Көрсетіңдер қане?

- Аға, ағатай, жағдай осылай болып қалды. Түсінесіз ғой - деп жылқышы жыламсырап қолыма жармасты. - Ағатай, мен құрып кетемін ғой.

Жасы менен үлкен болса да мені «ағатайлап» жалпақтап жалынып-жалбарынып тұр.

Менімен бірге бәрі өре түрегелді. Жапатармағай жармасып, жалынуда.

Тек келіншек қана сол отырған орынында мелшиіп қатып қалыпты. Ойбай-ау, түк көрмей жиырма жеті бас асыл тұқымды жылқыны өлді деп қол қою - қылмыс қой.

- Әй, сен неғып отырсың. Күйеуің сотталып кетеді ғой. Қайыныңа тоқтау айтпайсың ба? - деп Бекболов жылқышының келіншегіне әкіреңдеді.

- Жоқ, Сапардың түк кінәсі жоқ. Директор екеуің бәрін қырғызға саттырып жібердіңдер. Бізге бәлені жаппақсың ғой...

- Әй, сапылдаған қатын, жап ауызыңды. Уыздай жас жігітті айналдыра алмапсың! Осыдан бір бәле шықса ана Рославль совхозының жылқышыларындай күйеуің түрмеде шіриді. Аяғына жығыл қане, қайыныңның, жіберме!

Келіншек үн-түнсіз жылап қалды.

Ережепов отырған орынында қисайып, ұйықтап кетті.

Госстрах бастығы жалаң бас күйі далаға бірге шықты.

Жылқышы мен бас зоотехник екеуінің жалынғандарына қарамай, қолдарын сілкіп тастап:

- Партияны алдап, мемлекет малын талан-таражға салғанды көрсетемін сендерге! - деп машинама мініп, тартып кеттім.

 

*                 *                 *

Аупарткомның  бірінші секретарының алдына барлық істі жайып салдым. Құрысжанов әбден разы болғандығы соншалық:

- Келесі партконференцияда сені бюро мүшесі етіп сайлаймын. Мына нарконтрольдің ісінің де, сөзінің де берекесі жоқ. Жарайсың! Нағыз коммунист міне осындай болуы керек! Ертең сағат екіде бюро өткіземін.  Сен хабарлама жасайсың, жақсылап дайындал! Совхоз директоры, парторг, бас зоотехникті шақыртамын. Калинин совхозының кекеш директоры жер баса алмай шіреніп жүруші еді. Қолға түстің бе әйтеуір - деп алақанын ысқылап қойды.  - Қоғам малын құртқан олардың ертең көздеріне көк шыбын үймелетіп, партиядан  шығарып, жұмыстан босатып, ісін прокуратураға бергіземін. Әбден ісіп-пісіп кеткен ғой! Шіркін, партияның өкілдерінің бәрі сен сияқты принципті болса ғой, баяғыда коммунизм орнар еді.

Құрысжанов  анау-мынауға шешіліп, ішін алдырмайды. Айбарынан, ашуынан ығып, көзіне түспеуге тырысып, қашып-пысып жүреміз. Міне, маған бүгін ықыласы бөлек, көңілі дария.

Түннің біруақытына дейін қадалып отырып хабарлама жаздым. Бюрода нақты фактімен айтпасаң, көпсөзділікті көтермейді. Калинин совхозындағылар шыбын шаққан құрлы қорықпайды, өтірікке әбден машықтанып алған, еттері әбден өліп кеткен. Бұл қылмыс қой, өте ауыр қылмыс! Енді өздері сазайын тартсын. Басқаларға сабақ болады.

Ертеңгісін ертелеп  бірінші секретарь шақырды.  Жазған хабарламамды көрейін деген ғой деп алып-ұшып бардым.

Есік алдында сары шашты бұлдырықтай хатшы қыз:

- Бірінші өте ашулы! - деп құлағыма сыбырлады.  Жүрегім зырқ ете қалды. Тасып тұрған көңілім су сепкендей басылды. Ішке қорқа-қорқа кірдім.  Ақбурыл тарта бастаған шашын  сілкіп қойып, көзілдірігінің астымен сұстана қараған Құрысжанов жауар бұлттай түнеріңкі.

Апалақтап барып, алдына отыра да алмай, қақиып тіке тұрып қалдым.

- Бүлдірдің ғой бәрін. Бас зоотехник пен жылқышыны қорқытып, тілдегенің не?  Тірі болсам директорды құртам депсің ғой. Рас па? Сен үшін менің естімегенім жоқ. Облыс басшысы Көбелеков жер-жебіріме жетіп боқтады. Алқаш мұжық секілді қит етсе орысшалап боқтап алып жөнеледі. Жебір, қылмыскерді анықтасақ та бәлеге қаламыз...

Қайнаған самаурындай болған аудан басшысының  қалыптан шығып, сөйлегенін тұңғыш рет көрдім.  Орнынан тұрып, ары-бері жүргіштеп кетті.

- Отыр, неғып  қалшиып тұрсың. Сендер де шаш ал десе бас аласыңдар. Ақыры мен таяқ жеймін. Көбелеков оңдырмайды,  сойқанды салады.  Ол анау Политбюро мүшесі Кириленкомен бажа.   Мә, мыналарға қол қой, - деп қағаздарды маған қарай лақтырып жіберді.  Олар өлген қарғаның қанатындай жайылып қызыл кілем төсенген  паркет еденге қалықтап түсті.  Дереу жинап қарасам, кешегі өзім әкеп берген акті.

- Неменеге көзіңді бағжаңдатасың. Қол қой қане!

- Түсінбедім, жолдас Құрысжанов?

Ол тарс етіп, бомбадай жарылды.

- Әлі көзін ашпаған сен күшік неге түсінесің? Сен әлі піспеген жұмыртқасың. Сені тым ерте редакторлыққа қойыппын. Саясаттан жұрдай дымбілмес сендейлер түбімізге жетеді. Әй, жетесіз, саған не айтып отырмын. Калинин совхозының ана кекеш, сумұрын директоры мен Көбелеков екеуі институтта бірге оқыған, тіпті жатаханада бір бөлмеде бірге жатқан кәтта дос дейді. Түсіндің бе суми! Жыланның аузына саусақты салмайды. Енді жетті ме жетеңе. Түнде Көбелеков звондап, тас-талқанымды шығарды. Зіркілдеп, талай кемшіліктерді айтып, құртамын, жоямын деп әкіреңдеп, тілдегені-ай.  Маған ерегісіп, мені орнымнан алдыртып, өзің болу үшін әдейі істеп отырған залымдығың дейді. Қол қойдың ба, әпкел бермен! - деп өзі бір тексеріп шықты да, екінші секретарды шақырды.

Жасына жетпей жайыла семіріп кеткен, араққа үйір, көзінің алды көлкілдеп жүретін өңкиген жалпақ сары Соловьев деген екінші секретарь Ережепов пен Ертайды ерте кірді.

- Комиссия түгел ғой. Қазір Соловьев бастаған мына қол қойған комиссия мүшелері Калинин совхозына барасыңдар.  Госстрах бастығы апатқа ұшыраған жылқылардың құнын төлейсіз. Жиырма жеті жылқыны есептен шығарып,  актіні директорға табыс етесіздер. Ережепов жолдас Калинин совхозына қосымша  резервтен үш жүз тонна комбикорм жем бергізіңіз. Осы совхоз малын қыстан қысылмай аман алып қалуға сіздер  тікелей жауапты өкілсіздер! Ережепов егер совхозда 24  форма бойынша өлім-жітім  малы болса осы комиссиямен  дұрыстап актімен шығарыңыздар.  Бүгін бюро өтпейді.  Партияның міндеті - жазалау емес, көмектесу! Түсінікті ме?

- Түсінікті! - деп бәріміз  түрегеп, сымдай тартылып, тұра қалдық.

- Рұхсат етсеңіз, ауырып тұрғаным, мен бармай-ақ қойсам - деп едім Құрысжанов шаңқ ете қалды.

- Жауапты партия қызметкері ауырмау керек. Доғар сөзді! Ей, сен өзің көп сөйлейтін, түк түсінбейтін доғал, саясаттан шаласауатты  коммунист екенсің! Кетіңдер қане, жоғалыңдар! Өңкей милау, нақұрыстар!

Атып-атып қалай далаға шыққанымызды білмей қалдық. Ертай менің машинама, Ережепов екінші секретардың көлігіне мініп, қалың қар көмген жолмен Калинин совхозы қайдасың деп  тартып кеттік.

 

*                 *                 *

Көңіл хошым болмай, сіркем су көтермей отырсам Ертай жайраң-жайраң етіп әңгімелесуге құштар.

- Көрінген нәрсені көңіліңе ала берме. Бірінші бастық болған соң ұрысады, тәрбиелейді. Ой-хой, менің жұмысым қып-қызыл жанып тұрған өрт қой, ылғи да осылай алашапқын  болып жүреміз. Көндігіп кетесің. Байқап қарашы, ұзақ жасайтындардың бәрі салмақты, көңілді жүреді, - деп Ертай  анекдоттар айта бастады.

Шоферым шиқылдап мәз,  мен де түйінім жазылып, жадырайын дедім.

Ертай -  ұзақ жылдар госстархтың бастығы болып келе жатқан, елдің бәрінің тілін таба білетін басшының бірі. Ешкімге қарсы келмейді, күліп қарсы алып, күліп шығарып салады.

- Ауданның қанша бірінші басшысын білемін бәрі қатал, өстіп зіркілдеп, зілденіп, ұрысып, қабақтары ашылмайды.  Ойбай-ау, басшы бос болса - береке кетеді,  жан-жаққа бытырап шашылып қалмаймыз ба? ЦК-дан солай тапсырма  алған, оларға ешуақытта қарсы келуге болмайды. Қарсы келсең желкең қиылады. «Сіздікі дұрыс, бәріне мақұл» деп мөнді-мөнді болып, ығына жығылып жүре бер.  Беймезгіл шақырған қораздың басы шабылады. Абайлап, тек жүрсең - дөңгеленіп көп жүресің.

Ертай мені жақын тартады, менен жиырма жастай үлкендігі бар. Айтқанының жаны бар, бірақ жан-дүнием  қабылдай  алмай әлек.

Айдаладағы бір түп тораңғыдай туғаннан қақиып жалғыз өскендіктен бе  кісікиіктеніп, көп адаммен араласпай,  ішкі сырымды ақтара алмай, сіресіп жүремін.  Қандай ғана жанның аға-інілері,  қаумалаған бауырлары болады,  қызыға да қызғана қарайсың да іштен тынасың. Ғұмыр бойы әкем тұттай жалғыз болыпты,  мен де әке-шешемнен ерте айырылып, интернаттың қара нанын қаужаңдап, аш-жалаңаш болып  тірмізіктеніп, өлермендікпен оқыдық, диплом алдық, жұлқынып жүріп көзге түсіп, тез өстік. Жиырма жеті жасымда аудандық  газеттің білдей бас редакторына тағайындарда Құрысжанов жеке қабылдап:

- Сен лапылдаған жассың. Әр нәрсені байыппен, ойланып шеш. Талантыңа  шек келтірмеймін. Тек екі нәрседен ерекше сақ бол. Аузыңа арақ-шарап алма, екінші  қыз-қырқыннан абай бол.  Бұл екеуі де мойыныңа киілер тұзақ, өміріңді құртатын тозақ! Түсінікті ме! - деп тапсырған.

Ертай аға да  міне, әңгімені  сол ыңғайға аударып келеді.

- Ұлан, бауырым, сені ерекше сыйлаймын,  тіпті інімдей жақсы көретінімді білесің. Аға болған соң саған бір тәмсіл айтайын.  Біз ескі қақсалдар не көрмедік. Бәріміз де бөрік киген еркек атымыз бар. Несін жасырайық әдемі қыз-келіншек көрсек көкке тойған текедей  қызылкөзденіп қаламыз. Қатындар  қылымси жымиса  дүние төңкеріліп кетсе де бәрі-бәрін тарс ұмытып, күйлеген құнажын көрген бұқадай жындысүрейленеміз.

Атам заманнан бері еркек атты ұрғашыға көз тігеді, құмартады, кейде құтырып, алапестеніп кетеді. Жассың ғой лапылдап жүріп - қатын деген өрт қой, өртеніп кетпе, көрінгенге көзіңді сатып, көңіліңді берме.

Сабыр түбі - сары алтын. Абайлап жүрсең - алысқа барасың. Қатын біткеннің бәрі бірдей емес.  Май тақым, жын тақым, сұм тақым деп үшке бөлінеді.   Күлмей тыңдап ал. Бұрынғылар айтқан көне ғақлия ғой. Май тақым дегені - мұндай қатынның еркегінің жолы ашылып,  қырсығы кесіліп,  мол дәулетке жолығып, берекелі, мерекелі боласың. Жын тақымға жолықсаң - қырсық шалып, абыройдан айырылып, берекең кетіп, өміріңнің тас-талқаны шығады. Ал, сұм тақымды қатынға  кезіктірмей-ақ қойсын.  Ондай қатындардай сатқын, салдақы бұйырған еркек біткен ажал құшып, өмірі үзіледі. Біз көпті көрдік,  беті жылтыраған қатындардың кесірінен небір атпал арыстандай жігіттер арақ ішіп, қызметінен айрылып, құрып кетті.  Талай-талай азаматтар қор болып қалды. Ережепов те өсіп, кейін бірінші секретарь болады-ау дейтінбіз, міне көз алдымызда салдақы қатынының кесірінен өшіп бітіп барады, әбден құлдырады.  Көрінген қызыл ала көбелекті қуа берсең де  орға жығыласың - деп Ертай кейбір хикаяларды айта бастады.  Бұл кісі нені тұспалдап отырғанын ішім сезіп, қылп ете қалдым.

Үндемей қысқы жолда қыз-келіншектер жайлы, олардың мекірлігі мен кесірлігі жайлы қызық-қызық  оқиғаларды тыңдай бердім.

Әппақ қар көмген ауыл ортасындағы совхоздың екі қабат кеңсесі алдында  бізді жап-жаңа бұлғын жағалы, қызыл тон киген директор:

- Құрметті өкілдер, қош келдіңіздер! - деп түк болмағандай, моншадан жаңа шыққандай буы бұрқырап, жылмия күліп қарсы алды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371