Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 3024 9 пікір 24 Мамыр, 2023 сағат 10:20

Мешіттер көп. Ал халықтың имандылығы артты ма?

Мына кішкентай мақала кезінде уаххабиліктің қазақ арасына таралуына бел шешіп кірісіп, журнал ашып, қаншама жастың адасуына ықпалын тигізген университетте бірге оқыған жігітке арналып жазылған еді.

Замандасқа хат

Соңғы жылдары уаххабилердің белсенділері арасынан көрмегеннен кейін, бұл жігіттің ақылы кіріп, қайтадан қазақтың дәстүрлі діни танымына бет ұрған екен ғой, деп жүр едім. Сөйтсем бұзылған санасы әлі орнына келмепті. Сол баяғы санасы уланған уаххабилік таным әлі сол бұзылмаған күйі тұр екен.  Оның санасының әлі тазармағанын қойған сұрақтарына қарай ретімен жауап берейін.

Рух туралы. Рух – Алланың адам баласына берген аманаты емес пе? Сен неліктен Алланың өзі берген аманатын Алладан бөліп қарайсың? «Бақара» сүресінің 156 аятында сенің осы сұрағыңа толық жауап бар. Ол аятқа көңілің толмаса, «Сад», «Сәжда» сүрелеріндегі рухқа қатысты аяттар толығымен сұрағыңа жауап берер деген үміттемін. Егер түсінуге талпынсаң...

Рух мәңгілік категория, шынайы мұсылманның рухы ешқашан өлмейді. Екі дүниеде қатар өмір сүреді. Ал, әулиелердің рухына келсек, ол туралы Құран Кәримде жауап бар. «Сендер әулиелерді өлдіге санамаңдар. Олар мәңгі тірі және ешнәрсені уайымдамайды», - деген. Әулие мен сахабалардың екі арасы салыстыруға келмейтін жәйт. Әулие – Алланың досы. Ал, сахабалар – Мұхаммед Пайғамбардың (САС) серіктері. Сондықтан әулие мен сахабаларды салыстыру мүмкін емес. «Мұхаммед Пайғамбардың (САC) рухы неге жәрдем бермейді?», - дейсің. Қалай жәрдем береді, сұрамасаң?! Аллаға серік қосу деп есептесең... Ал, әулиелердің қуаты екі дүниеге бірдей ықпал ете алады. Себебі, олар Алланың қасындағы достары және әскерлері. Ал, Қожа Ахмет Йасауи атамызға келетін болсақ, ол кісі мына дүниеге Алланың әмірімен келген және рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы әлсіреген  байланысты қайтадан қалпына келтіру үшін жіберілген. Сол үшін ол кісі «Екінші Мұхаммед», «Құтуб ал-ақтаб-Дүниенің тірегі» аталды. Ең бастысы ол кісі әулиелер мектебін қалыптастырды. Соның арқасында Алла мен адам арасындағы байланыс әлі үзілмей келе жатыр. Сен көзіңді ашып, жан-жағыңа қара! Бүкіл әлемге келіп жатқан апаттар неліктен Орта Азия мен Қазақстанды айналып өтуде. Міне, соның барлығы Алла мен адам арасындағы байланысты үзбей келе жатқан әулиелердің арқасы. Әрине, сен бұған сенбейсің. Себебі - уаххабисің.

Ұзақ жылдардан бері енді ғана Қазақстан Діни Басқармасы қазақтың дәстүрлі дініне қарай бет бұрып, муфтиіміз Наурызбай қажы рух-әруақты қолдап, мәлімдеме жасағаны сол екен, «Аллаға серік қосуға болмайды», - деп шыға келдіңдер. Сендер осы «рух-әруақ, рухани әлем» деп аталатын киелі де, қасиетті ұғымдардан хабарларың бар ма? Рухсыз адам болуы мүмкін еместігін түсіне аласыңдар ма? Әр адамға берілген есім – адамның рухына берілетінін білесіңдер ме? Рух тәнен ажырайтын болса, тән қабірге апарып қойылады. Ал, рух ше? Егер де жақсы, иманды, ибалы, адами болмыстан аттамаған адам болатын болса, ол адамның рухы мәңгілік өмір сүреді. Себебі, рух – Алланың өзінің әзіреті Адамға сыйға тартқан бөлшегі. Сондықтан рух келген жағына қайта оралады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 256 аятында айтылған. Ал, жаман, залым мен зұлымдардың рухтары сол тәнімен бірге көміледі. Олардың рухы сол тәнмен бірге өледі. Олардың қасында күнәһарлардың рухы бақыттырақ. Жазасын өтегеннен кейін қайта қатарға қосылуға мүмкіндік алады. Міне, осы мәселелерден хабардар болмай тұрып, рухты жоққа шығару, «Аллаға серік қосу» деп ұрандату – барып тұрған шектен шығу, адами болмыстан ажырау. Рухты мойындамау адамның хайуан дәрежесіне түскенін көрсететін басты көрсеткіш. Бұл мәселе түсінікті болу үшін таратып баяндап берейін.

Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың «Мират ал-Қулб» атты шығармасында рухтың жалпы жеті қабаттан тұратыны баяндалады.

Рухтың бірінші қабаты – Исмул-йақин деп аталады. Бұл жалпы жаратылған жаратылыстардың атауы.

Екінші қабат – Расмул-йақин деп аталады. Бұл қабат бар жаратылыстың суреті дегенді білдіреді. Бұл рухтың екі қабаты барлық жанды, жансыз жаратылған жаратылыстардың барылғына ортақ.

Үшінші қабат - ‘илмул йақин деп аталады. Алла Тағала осы қабатты адамға бере отырып, мына жер бетіндегі жаратылыстардың барлығына иелік ету, игеру құқын берді. Демек, адам баласына жер бетіндегі барлық жаратылысқа үкімін жүргізуі үшін, игеруі үшін ақыл мен ғылымды берді. Егерде адам баласы рухты «Аллағы серік» қосу деп білетін болса, онда адам баласы хайуанға айналады. Біз адамның «Аллаға серік қосу» деп рухтан бас тартуы адам санасында қандай өзгерістер әкелетінін, хайуани болмыс жетегінде кететініне көз жеткіздік.

Сирияға кеткен «бауырларымыздың» адамның басын кесіп, доп ретінде теуіп, қорлағанын көрдік. Жақында ақтаулық жігіттің өзінің үш баласын өлтіргеніне де куә болдық. Осының барлығын көріп, біліп отырып, сол уаххабилік-салафилікті уағыздап жүрген өзің сияқты жандардың ойланбайтынына таң қаламын. Ең бастысы мұндай адамның санасына сыймайтын таным-түсініктің барлығы діннің атынан, Алланың адам баласына жіберген соңғы діні - Ислам діні атынан жүргізіліп жатқаны жанға батады.

Ислам діні адамға жіберген мейір-махаббаты емес пе? Алланың мейір-махаббаты жоқ жерде қандай дін болмақ? Өкінішке орай, соңғы жиырма жыл бойына осы хайуани болмысты уағыздайтын ағым қазақ халқының санасына мешіттерде уағыздалып келді. Осы бағытта имамдар дайындалды. Қазір елімізде не көп? Мешіттер көп. Бірақ, сол мешіттердің халықтың санасына ықпалы қандай? Халықтың имандылығы артты ма? Жоқ. Имамдар ол мешіттерде «Аллаға серік қоспаңдар» деп қақсады. Әруақпен алысты. Қазақтың салт-дәстүрімен алысты. Нәтижесінде халық – халық емес тобырға айналды. Бұл осы уаххабилік-салафилік уағыздың жемісі.

Ендігі кезекте, «Әруақтан сұрауға болады ма», деген сұраққа тоқталайық. Әруақ – Алланың сансыз әскері. Олардың мекені рухани әлем. Рухани әлемде өлшеусіз қуат бар және кез-келген сәтте шын тілеген адамына өзінің көмегін бере алады. Осы орайда, кешегі Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған заманында болған бір оқиғаны айтып берейін.

Оңтүстік Қазақстанның Сарағаш ауданына қарасты бір совхозында бір орыс жігіті директор болыпты. Совхоз негізінен бидай егумен айналысады екен. Сол директор егінді аралап, келе жатқанда, пісіп тұрған бидай алқабының шетіне от түскенін көреді. Егерде мына өртті тоқтатпаса, бүкіл егін отқа оранады. Қатты сасады. Қасында Әулие Жабай бабаның кесенесі тұр екен. «Помоги Жабай баба», - деп жылап отыра кетеді. Сол кезде аяқ астынан алқаптың шетіне қарай жел соғып, отты алқаптың шетіне қарай әкетеді. Шоферімен екеуі қолына түскен нәрсемен отты өшіріп, егінді аман алып қалады. Ертеңіне совхоз есебінен құрлыс материалдарын бөлдіріп, Әулиенің кесенесін жөндеткен екен. (Мен бұл әңгімені шежіреші Сейітомар Саттаров ақсақалдан есітіп едім.) Міне, осындай қуат пен құдіретке ие рухани әлемнің шегі жоқ. Шексіз. Оның қасында біз қиялымызбен шегіне жете алмайтын «Он сегіз мың ғалам» жұдырықтай қара тас қана. Ол қара тастың ішінен Алланың мейір-махаббатынсыз еш нәрсе шыға алмайды. Сондықтан да Алланың сансыз әскері саналатын әруақтың мүмкіндігіне шек келтіру – Тәңір  Тағаланың Құдіретіне шек келтіру екенін түсінуіміз керек. Жалпы біз қазақ халқы, жалпы Орталық Азия халықтары сол әруақтардың қорғауындағы халықпыз. Болмаса қазіргі күні бүкіл әлемді шарпып жатқан табиғи апаттар неліктен Қазақстан мен Орталық Азияны айналып өтіп жатыр. Мұның бәрі кешегі Қожа Ахмет Йасауи бабамыз бастаған әулиелердің шарапаты. Кезінде Қожа Ахмет Йасауи бабамыз рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыстың үзілер шағында дүниеге келіп, сол байланысты қайта қалпына келтірген, адам баласының басына төніп тұрған ақыр заманды кері ысырған ұлы тұлға болатын. Ол қалыптастырған әулиелер мектебі адамзат пен рухани әлем арасындағы байланысты күні бүгінге дейін сақтап келеді. Сол әулиелер басына жасалып жатқан зиарат, рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланысты жалғастырып тұр. Өйткені, ол әулиелерге түскен Алланың нұры зиаратшылардың жүрегіне құйылып, олардың жүрегіне Алланың мейір-махаббатын сезінуге мүмкіндік беруде. Сондықтан әруаққа шек келтіру Аллаға шек келтіру екендігін түсінгеніміз абзал.

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к., йасауитанушы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394