Сенбі, 23 Қараша 2024
Өнер 2360 2 пікір 24 Мамыр, 2023 сағат 13:07

Дүр Демеу

Алақандай эссе

Астанаға Демеу келді. Жампоз жыршы. Теңдессіз талант. Түпсіз тұңғиық. Терең тыныс. Аралдан өрген, Ақтөбеде жүрген даңқты өнерпаз жай келмепті. Тағы бір дара дарын Елмұра Жаңабергеннің шығармашылық кешіне шақырылыпты. Ауық-ауық түндігі желпілдеп, әр күн сайын шаңырағынан ән өрлеп, керегесін күй кернеп тұратын «Шабыттың» шуақты ғимаратының сырлы сахнасында Демеу ағам бақсыдай ойнады. Қадыр ақынның «Жазираның жалғыз сәні жаздағы, Жиде гүлі қызғалдақтай маздады. Бір бұтаға қонып алып жас бұлбұл, Жырға айналып ағып кете жаздады» деген өлеңі бар еді. Қадірлі Қадағаң қадап айтқандай, «Шабыттың» зәулім залындағы жағалай қонған орындықтарға шалқалай жайғасқан жас та, жасамыс та шетінен жырдың жетегіне ілесті де кетті.

Сөйтіп, елге танымал елеулі Елмұраның кешінде Дүр Демеу күллі жұртты дүр еткізді. Дүр еткізген Дүр Демеуге жұрт дүркірете қол соқты. Демеу Жолымбетовтің арнайы музыкалық білімі жоқ. Жоғары оқу орнын да бітірмеген. Сыр бойының, атап айтқанда, Арал – Қазалы өңірі жыршылық мектебінің өкілі. Тума талант. Сирек самородок. Саф алтын. Жасы алпыс бесте. Көп сөйлемейді. Домбырасы қолға тигенде ғана көкірек көзі ашылады. Ертеңнен салса – кешке озады. Ылдидан салса – төске озады. Бабы келіссе, бес күн, бес түн жырлауға бар. Тек даңқты жыршының маңдайы жіпсіп, қамау тері енді ғана шыға бастағанда алқалап отырғандардың шамалап шаршаңқырап қалатыны болмаса...

Ал енді репертуары ғаламат! Бұрын отыз үш дастанды жатқа білетін. Жақында отыз төртіншісін зердесіне құйып алыпты. Жарты кітапты құрайтын жауһар жырды жаттап алу оған бұйым емес. Бұл құбылысқа құмартқан музыка мамандары оны әбден тергеп-тексеріп, елден ерекше қабілетіне баяғыда-ақ көз жеткізген. Өзі мұны қалыпты нәрсе деп санайды. «Құймақұлақтық қасиет бабамыздың қанында бар ғой», – дейді де қояды жылы жымиып. Кешегі кеште музыканың майын ішкен парасатты профессорлар: «Қисса-дастанды көп жаттап, ұзаққа сілтеу жағынан қазіргі қазақ жұртында Демеуге жететін адам жоқ-ау», – деп байыпты байлам жасаған-ды. Қанағатшыл Демеу бұл тұжырымды сәл-пәл түзетті. «Әй, олай емес-ау, – дейді ол мұртынан күліп, – Сонау Семейде жанарынан айрылса да күллі әлемді жүрегімен көріп, жанымен жырлап келе жатқан Дүйсенғазы Нығыметжанов деген ағам бар. Ол менен де көп біледі...»

Демеудің әр жыры толық айтылғанда төрт-бес сағатқа созылатынын ескерсек, соның бәрін жаттаудың қандай қиындықпен жүзеге асқанын шамалай беріңіз. Ендеше, алпыстың бел ортасындағы Демеуді де, жетпісте жеткен Дүйсенғазыны да таңды таңға ұрып жырлатып, толық репертуарын таспаға түсіріп алып, алтын қордың берекелі бесігіне бөлеп қойған жөн. Ертең бармақ тістеп өкінбеуіміз үшін... Өйткені дәл осы кезеңде мүлт кетсек, халық жадының мұндай қайталанбас құбылыстарын ешқашан қалпына келтіре алмаймыз. Құрал-жабдық тапшы заманның өзінде Мұрын жыраудың мұхит суындай көл-көсір мұрасын қазыналы қазанымызға құйып тастаған жоқпыз ба?! Цифрландыру сиқырландыруға барабар боп тұрған бүгінгі дәуірде дыбыс пен бейне жазу деген не тәйірі?!

* * *

Ал Демеу ағамның ештеңемен шаруасы жоқ, көзі – бізде, өзі – түзде, жеңіл жымиып, домбырасын толғап, тереңнен тартып, арғы дәуірден қарпып, аңыраты-е-е-еп отыр...

* * *

Бір жарым сағаттай сұхбат жазып алдық. Небір сойқан әңгімелер айтылды. Оны жариялау алдағы күндердің еншісінде.

Бауыржан Омарұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364