Парламентіміздің Жириновскийдің желікпе сөздеріне «қырғызша» жауап беруге қауқары жетпегені ме?
Айыр қалпақты ағайын әрбір елге тіл тигізіп, этикаға кереғар мәлімдеме айтқыш Жириновскийге есігін тарс жаппақ. Кеше ғана Қырғызстан Парламенті Ресей Думасының депутаты, Либералды-демократиялық партия көшбасшысы Владимир Жириновскийді «нон грата» тұлғасы деп жариялап, елдің Сыртқы істер министрлігіне оны республика аумағына кіргізбеу туралы мәселені қарауды тапсырды. Оппозициялық «Ата Жұрт» партиясынан сайланған депутат Жылдызқан Жолдошованың Жириновскийді елге жолатпау туралы ұсынысын 100 депутаттың 67-сі қолдап, дауыс берген.
Айыр қалпақты ағайын әрбір елге тіл тигізіп, этикаға кереғар мәлімдеме айтқыш Жириновскийге есігін тарс жаппақ. Кеше ғана Қырғызстан Парламенті Ресей Думасының депутаты, Либералды-демократиялық партия көшбасшысы Владимир Жириновскийді «нон грата» тұлғасы деп жариялап, елдің Сыртқы істер министрлігіне оны республика аумағына кіргізбеу туралы мәселені қарауды тапсырды. Оппозициялық «Ата Жұрт» партиясынан сайланған депутат Жылдызқан Жолдошованың Жириновскийді елге жолатпау туралы ұсынысын 100 депутаттың 67-сі қолдап, дауыс берген.
Осыдан бір ай бұрын Мемлекеттік Думаның қарызды реттеу туралы отырысында Ресейдің Либералды-демократиялық партия төрағасы Жириновский қырғыздардың шамына тиетін бірқатар сөз айтқан болатын. Оның айтуынша, сайлау науқаны кезінде Қырғызстан президенттігіне үміткер кандидаттар жеңіске жеткен жағдайда Ресейге «тұтас облысты» беремін деп уәде етіпті-мыс. «Бір кезде Бішкек кішкентай ғана ауыл еді, қазір үлкен қала, оны кеңестік билік тұрғызды. Енді келіп, Ресей біздің қарызды қалай кешіре салады деп таңғалады? Қарызды кешірумен шектеліп жатқан жоқпыз, бар жағдайын жасап жатырмыз... Егер қарыздарын төлегісі келмесе, Ыстықкөлді бізге берсін» деп көсілген еді. Әрине, бұл мәлімдеме қырғыздардың наразылығын тудырды. Намысын қорлатпаған қырғыз депутаты Жылдызқан Жолдошова бұдан былай Жириновскийді сабасына түсіруге шұғыл кірісіп кетті. Жириновский Жоғарғы Кеңеш депутаттарының қатқыл қаулысын ести сала түлкібұлаңға салып, «қырғыз халқы мені дұрыс түсінбей қалды. Мен оларды кемсітейін деген жоқпын» деп, ақталып келіп, артынан «қарыздан құтылудың жолы бар екенін, Ыстықкөлді 49 жылға бере алатындарын еске салдым» деп әуеніне қайта басты. Арқасүйер әскері, тірек болар экономикасы, қазба байлығы жоқ қырғыздың өзі басынан сөз асырмай, ұлтының намысын мемлекеттік деңгейде қорғауға дайын екенін тағы бір көрсетіп берді. Қысқасы, тіл мен жағына сүйенген Жириновскийге нон-грата жариялаған елдердің саны тағы бір елмен толықты. Бұған дейін Латвия мен Украина да Владимир Жириновскийді «нон грата» тұлғасы деп жариялап, ел шетіне жуытпаған еді. Осыдан бір ай бұрын ғана Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Владимир Жириновскийдің тәжіктерге қатысты сөзі үшін Ресейге наразылық нота жазған соң, ол айылын жиғанға ұқсайды. Баяғыда біздің елде туып, ас-суын ішкен Владимир Жириновскийдің мемлекетіміздің шекара мәселесіне қатысты айтқан сөзінен кейін оны «персона нон-грата» деп жариялаған-тұғынбыз. Кейін өзі кешірім сұраған соң, оған елге кіруге рұқсат еткенде айылын жиған Жириновский жоқ. Қайта жыны қозған бақсыдай ауық-ауық қитұрқы сөздер мен қисынсыз мәлімдемелер айтуын доғарған емес.
Дарақылығы шектен шыққан Жириновскийдің оспадар сөздерін одан әрі тыңдау мүмкін емес. Қазақстан туралы, қазақ туралы, қазақтың тілі, екі ішекті домбырасы, мәдениеті, тауы, тасы, көлі туралы.. қысқасы, айтпағаны жоқ. Бір сөзінде «Мен Қазақстанда тұрғанда орыстар жергілікті халықты «хайуан» деп атайтын. Қазақта мәдениет болған емес. Көрген-білгені - мал, қазақ үй. Одан басқа ештеңені білмейді. Екі ішекті домбырасымен тауды жырлағаннан басқа айтары жоқ» деп қазақ халқының ар-намысына әбден тиіп бақты. Өкініштісі, бізде оның қиямпұрыс қитұрқы қалжыңдарына ресми түрде тоқтау айтатын дипломаттар да, мемлекетті қызғыштай қоруға тиісті депутаттар да табылмай отыр. Сыртқы істер мекемесі де, Мәжіліс те, Сенат та, бәрі де үнсіз. Осы сөздің өзі ғана ресейлік саясаткерді екінші рет қазақ жеріне аяқ баспайтындай етіп жазалауға жетіп жатыр. Ресейдің ресми лауазымды тұлғасы Жириновскийді лайықты жазалауға, оған сазайын беруге біздің депутаттардың қауқары неге жеткіліксіз? Парламентіміз алақандай қырғыздың Жоғорғұ Кеңеші ғұрлы болмағаны ма?
«Әкесін сабағанды талай көрдік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды алғаш көруім» демекші, Қазақстанға қатысты келеңсіз пікірлер аз емес. Алайда күллі қазақты мазаққа айналдыратын арнайы фильм - «Боратты» еске түсірейікші. Тіпті сол Сашаға да нон грата жариялауға жарамадық. Бірер жыл бұрын ресейлік саясаткер Дмитрий Рогозин НАТО-ны Қазақстанның көңілдесіне, ал Ресейді - күйеуіне теңеген кезде де қазақстандық ресми органдардың үн-түнсіз қалғаны талай қазақты қынжылтты. Парламент заң шығарушы ғана емес, әрдайым ұлттық мүдденің қорғаны мен айбары болуға, қажет кезде азуын ақситып қоюға тиісті. Сонда ғана өзге елдің әумесерлері әупілдеуін тыйып, айылын тартатын болады.
Түйін:
«Өзіңді өзің жаттай күт, жат жанынан түңілсін» деген бар еді. Бүгінде Ресей мен АҚШ бір-бірінің саясаткерлерін жаппай «қара тізімге» енгізіп жатыр. «Нон грата» жариялағандағы мақсат - ұлттық намысты көрсету. Ресейдің көп көмегіне мұқтаж бола тұрса да, қырғыз ағайын, қырғыз қалаулылары Жириновский сияқтылардың көп сандырағына көз жұма қарай алмайды, ұлттық намысын таптата алмайды. Өйткені кез келген мемлекет үшін ұлттың ары мен мүддесінен мәртебелі ештеңе жоқ.
Бір пікір:
Тұрсынбек Өмірзақов, Мәжіліс депутаты:
- Жеке басым Қырғызстан депутаттарының бұл ісін барынша қолдаймын. Бұл нағыз адам сүйсінерлік іс болды. Ыстықкөл дегеніміз қырғыздар үшін қандай киелі екенін бәріміз білеміз. Бүтіндей бір ұлттың мақтанышына айналған көл. Ал Жириновскийдің сөздерін жай ғана мазақ ретінде емес, дөңайбат ретінде қабылдауға болады. Қырғызстан да, Қазақстан да - Ресейдің серіктесі. Ендеше, шенеуніктердің аузынан серіктес елдерге қатысты қалай болса солай сөйлеуге Ресей әкімшілігінің өзі де жол бермеуі керек. Осы уақытқа дейін Жириновский Қазақстанға қатысты талай ерсі сөз айтты. Алайда депутаттарымыз оны елеген жоқ. Ендігәрі сондай жағдай қайталанса, бізге де қырғыздардың шешімін қайталау керек. Өз басым беделді саясаткер емеспін, дегенмен қазақтардың ар-намысына келетін сөздер айтылатын болса, әріптестерімді осындай қадамға баруға шақыратын боламын.
Автор: Сәдуақас КЕБЕК
"Алаш айнасы" газеті