«Ұлы қорғанның» ұлықтары" қазаққа неге қырын қарайды?
Ақтөбедегі қазақ-қытай бұрғылау компаниясында тағы шу шықты. Мұнайшылар жалақының аздығымен қоса, кез келген уақытта жұмыстан қуылатынын айтып, баспасөз мәслихатын өткізді. Олар кәсіпорын басшысына хат та жазыпты. Әзірге нақты жауап жоқ.
«Ұлы қорған» қазақ-қытай бұрғылау компаниясы - Орталық Азиядағы ірі бұрғылау орындарының бірі. Ол өңірдегі бірнеше кен орындарын игеріп жатыр. Мұнда 2,5 мыңнан астам жұмысшы бар.
«Еңбекақы көлемі аз. Басшылық екі жыл бұрын айлықты көбейтеміз деп еді. Әлі орындамай келеді. Рас, 10-15 пайызға көбейтті, есесіне сыйақыдан қағылдық. Бұған шыдай алар емеспіз». «Ұлы қорған» ҚҚБК» ЖШС Бас директоры Ху Эртайға жазған хатында мұнайшылар жанайқайын осылай деп жеткізген.
Ақтөбедегі қазақ-қытай бұрғылау компаниясында тағы шу шықты. Мұнайшылар жалақының аздығымен қоса, кез келген уақытта жұмыстан қуылатынын айтып, баспасөз мәслихатын өткізді. Олар кәсіпорын басшысына хат та жазыпты. Әзірге нақты жауап жоқ.
«Ұлы қорған» қазақ-қытай бұрғылау компаниясы - Орталық Азиядағы ірі бұрғылау орындарының бірі. Ол өңірдегі бірнеше кен орындарын игеріп жатыр. Мұнда 2,5 мыңнан астам жұмысшы бар.
«Еңбекақы көлемі аз. Басшылық екі жыл бұрын айлықты көбейтеміз деп еді. Әлі орындамай келеді. Рас, 10-15 пайызға көбейтті, есесіне сыйақыдан қағылдық. Бұған шыдай алар емеспіз». «Ұлы қорған» ҚҚБК» ЖШС Бас директоры Ху Эртайға жазған хатында мұнайшылар жанайқайын осылай деп жеткізген.
Жұмысшылар сонымен бірге жалақыны қазіргі инфляцияны ескере отырып, индекстеу жөнінде өтініш айтады. «Еңбекақыны тоқсан сайын қайта есептеп отыру жөніндегі ұжымдық шартқа өзгеріс енгізілсе», «шетелден келген мамандар жергілікті жұмысшыларға адам секілді қараса» дейді. Сондай-ақ «кәсіподақ комитетінің төрағасы қайта сайлансын» деген де талаптары бар.
- Ху Эртаймен болған кездесу көңілімнен шықпады. Өндірісте болып жатқан келеңсіздіктер туралы сөз қозғадым. Жұмысшылардың кәсіподақ жұмысына көңілі толмайтынын, басшылықтың қарапайым жұмысшыларға қатысты өзін-өзі ұстау мәдениетінің жоқтығын алға тарттым. Демалыс уақытында үлестірілуі тиіс жолдама атаулының жұмысшыға берілмейтінін тілге тиек еттім. Бірақ менің айтқандарыма құлақ асып жатқан басшылық жоқ. Ол аз болса, басшылықтағы өз еліміздің азаматтары алдымды кескілеп, сөз сөйлеуге мұрша бермей, үнемі әлгілерді қорғаштаумен болды. Тіпті әкімдіктегілердің де біздің емес, сол қытайлық басшыларды жақтап отырғанына не дерсіз?! Егер жағдай ушыға берсе, екінші Жаңаөзен оқиғасының қайталанбасына кім кепіл?! Ал мен жағдайды ушықтырмай, мәселенің бейбіт жолмен шешілгенін қалаймын. Егер жергілікті әкімқаралармен кездесе алмасам, жұмысшылардың жанайқайын Президентке жеткізуге бармын, - дейді бұрғылаушылардың атынан сөз алған оралдық жазушы, заңгер Алпамыс Бектұрғанов.
Егер қытайлық басшы қазақ мұнайшыларының талаптарын орындамаса, бастамашыл топ мұң-мұқтажын айтып, жергілікті атқару органдары мен тәуелсіз кәсіподақтарға жүгінбекші. Алпамыс Бектұрғановтың айтуынша, қазақстандық жұмысшылар қысымға ұшырап келеді. Қалыпты шамадан тыс жұмыс істейді. Аспан асты елінен келген мамандар жергілікті қызметкерлермен қалай сөйлесудің ретін біле бермейтін секілді. Бір ғана мысал, қытай аспазы қазақ есепшісіне қолына түскен шалқанды лақтырған. Бір құжаттарға қол қою керектігін айтып жолыққан есепші мұндайды әсте күтпесе керек.
- Мұнай саласына бар ғұмырымды арнадым деуге болады, - дейді өз кезегінде аталған кәсіпорында бұрғылау шебері болып қызмет атқарған Марат Қараманов. - Бауырларымның барлығы да әке жолын қуып, мұнайшы атанды. Енді балаларымыз да мұнай саласында. Біздің әулетті «мұнайшылар әулеті» деп бекер айтпаса керек-ті. Осы компанияда ұзақ жылдар еңбек еттім, тек биыл жұмыстан шеттетілдім. «Бір жұмыс құралдарына бас-көз болмадың» деген сылтаумен қызметтен босатты. Шын мәнінде, соның алдында ғана басшылыққа бар мұң-мұқтажымызды жеткізген болатынбыз. Бірақ менің жанайқайыма құлақ асқан басшылық жоқ. Менен құтылғанша асықты.
Мұнайшының айтуынша, оның шетелдік мамандардан көрген құқайы көп.
- 2-3 ай менің қол астымда жүріп үйренген қытай маманын маған басшы етіп тағайындап қояды. Енді мол тәжірибеміз болғандықтан, жұмыс барысында өз білгенімізді айтқымыз келеді ғой. Алайда олар өзінікі қате болса да, өз айтқандарымен жүреді, - дейді Марат Қараманов.
Жұмыстан қуылған мұнайшылардың айтуларынша, тіпті аспан астынан келген келген аспаздардың өздері де басынатын көрінеді. Таяуда бір жұмысшы келіншекке қолына түскен затты лақтырған. Ол байғұсқа дәрігерге жолығуға тура келді.
Марат Қарамановтың айтуынша, басшылыққа Ху Эртай келгелі жаппай жұмысшыларға себепсіз тиісіп, жұмыстан қудалау жиілеп кеткен.
- Бұрғылау жұмыстарына өте аз уақыт белгілейді. Қалай үлгерсең де ол өз шаруаң. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін бұзуға тура келеді. (Айта кетейік, таяуда ғана «Ұлы қорған» ҚҚБК-да жазатайым жағдай тіркелді. Техникалық қауіпсіздік талаптары сақталмағандықтан, 26 жастағы слесарь 200 литрлік бөшкені дәнекерлеу кезінде ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген соң, көз жұмды. - авт.) Ал бұл дегеніңіз - сыйақыдан қағыласың деген сөз. Мен шебер ретінде 150-160 мың теңге қолға алып жүрдім. Ал 5 жыл жоғары оқу орнында оқып келген инженерлер 120 мың теңге алады. Ал далада, аптап ыстықта жүретін қара жұмысшылардың айлығы туралы сөз қозғаудың қажеті жоқ шығар, - дейді ол.
- 8 теңгенің бұрандаларын 3,5 мың теңгеден сатып алады, екі кран істен шықты ма, оны қалпына келтіру үшін, 1,5 миллиион теңгеге жөндеу жұмыстарын рәсімдеді. Одан да базардан екі кран сатып алып, өзім-ақ қондыра салғаным оңай емес пе?! Мен неліктен бағаны сонша шарықтатады деп сұрап көрген едім. Қазір құжаттарға бағаларды жаздыртпайтын болды, - дейді инженер-технолог Мақсұт Мұхаметжанов.
Бейресми мәліметтерге қарағанда, қазақ-қытай компаниясындағы жайтқа қатысты облыс басшысы Архимед Мұхаметбетов жиналыс өткізбек.
«Ұлы қорған» ҚҚБК» ЖШС Бас директоры Ху Эртай бірқатар басылымға берген түсініктемесінде мұнайшылар таққан айыптардың негізсіз екенін айтады. Оның хабарлауынша, еңбек ұжымы сәуір айында жалақы мөлшерін 100 пайызға жоғарылату жөнінде ұсыныс жасапты.
- Іс жүзінде бұл талапты орындау мүмкін емес. Компаниядағы экономикалық жағдайды ескерсек, мамыр айынан бастап жұмысшыларға жалақыны тек 5 пайызға көтеру мәселесі қаралуда. Ал жаппай қысқарту жөнінде айтарым, бұл шындыққа жанаспайды, - дейді ол.
Мұнайшылардың кей тауарларды аса қымбат бағамен сатып алады деген мәлімдемесі де, Ху Эртайдың сендіруінше, шындыққа жанаспайтын көрінеді. Өйткені, мекемедегі лауазымды тұлғалар қадағалап отырады-мыс.
Асқар Ақтілеу,
Ақтөбе
"Жас қазақ" газеті