Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 3550 4 пікір 2 Маусым, 2023 сағат 12:35

Бұл мақтаншақтық дегенді қойсаңшы...

Әлеуметтік желі пайда болғалы осы бір дерт өне-бойымды әбден меңдеп алды. Мақтанбасам тұра алмайтын дәрежеге жеттім. Әр нәрседен мақтанатын себеп іздеп, дегбірім қашып тұрады. Білетіндер мұны «лайкомания синдромы» дейді. Онысын жөнді түсінбеймін ғой. Шамасы бұл дерт менен басқа адамдарда да бар болғаны ғой деп жұбатамын өзімді.

Жуырда әлдеқалай көптен көрмеген әріптестеріммен бір тәуірлеу жерде шай ішіп, әр нәрсенің басын шалып, әжік-гүжік әңгіме айттық. Әдеттегідей саясатты сапырып, мәдениетті мәйектеп, тарихты таразылап отырғанда 5 сағат сырғып өте шығыпты. «Қой, отырыстан естелік болсын» деп шырт еткізіп әдемілеп суретке түстік. Мақтанудың бұдан артық оңтайлы сәті туар ма, әлеуметтік желіге: «Бүгін бір келелі сұхбат болды. Жігіттермен жақында жаңа жобаларды жүзеге асыратын болып келістік» деп жариялап кеп жіберейін. Көп ұзамай: «Керемет орта!», «Әп, бәрекелді!», «Сендерден үміт күтеміз!», «Кілең сайдың тасындай марқасқа жігіттер!» деген сыңайдағы пікірлер тасқыны ағытылды дерсің.

Әлгі суреттегілердің ешқайсысы: «Қой, қайдағы жоба, елден ұят-тағы» деп айтуға ауыздары бармады-ай, бәтшағарлар. Олардың да мақтанға кетары емес екенін осыдан байқай беріңіз. Мұндай сұрауы жоқ «жобалардың» әлеуметтік желіде ғұмыры бір күндік екенін білмейді емес, біледі, әрине.

Иә, бұл мақтаншақтық бір дендеп алса, қиын нәрсе екен. Оны оңайлықпен жеңем деп тыраштанудың өзі тым күлкілі. Мақтанам десең, айналаңда тақырып толып тұр. Мәселен, қаңғалақтап жүріп кабинетіңе біреу хал-жай сұрап келе қалды. Міне, құдайдың өзі айдап келді деген осы. Хатшы қызды шақырып, суретке түс те: «Бүгін Бәленшекең арнайы іздеп келіпті. Біраз ұсыныстары бар екен. Алла бұйыртса бірлесіп жұмыс істеуге уағдаластық» деп ұрып кеп жібер. «Бүгін не тауып айтар екен» деп ауызын ашып, аңтарылып отырған алғаусыз оқырманың не туралы уағдаласқаныңды өлсе біліп көрсін сосын.

Сенің мақтанышыңның объектісі болып кетемін деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген Бәленшекең де қалыссын ба: «Бүгін Түгеншекеңнің қабылдауында болдым. Өте биязы, елжанды адам. Қат-қабат қарбаласқан қауырт тірліктерінің арасынан маған алтын уақытын сарп еткеніне шексіз ризамын!» деп өз парақшасында кішіпейіл, қарапайым болмысыңа басы жерге тигенше иіліп, ілтипат-ықылас білдіреді. Ол да оңай жерде ұпайын жоғалтатын сабаз емес. Оның да мақтанқұмарлығы сенікінен асып түспесе, кем түспейтінін содан түсіне қоясың.

Әлбетте, мақтаныштың формасын ауыстырып отырмасаң, не берсең де қылғыта салуға дайын отырған аш оқырманыңды бірсарынды контентпен жалықтырып алуың әбден мүмкін. Рацион деген нәрсе мұнда да бар.

Ондай кезде жаңа заман трендінен қалмайтын жаңашылдығыңды, ізденімпаздығыңды, тіпті керек болса эксперттігіңді әйгілейтін бір жазбаң запаста дайын тұрсын. Ол жазба сенің қоғамның көп бөлігінен әлдеқайда алға кетіп, әне-міне Илон Масктардың иығына білек салайын деп тұрғаныңды, сосын неординарный ойларың бір шеңберден шыға алмай сіресіп қатып қалған қазақ қоғамында өзінің лайықты бағасын ала алмай қор болып жүргенін дәлелдеуі керек. Бұл жерде ұшқыр ойларың аздық етеді. Әр сөзіңнің астарында мынау ұйықтап жатқан қазақ қоғамын қайтсем селт еткізіп ұйқысынан оятып, көшін өрге сүйреймін деген жалпыұлттық масштабтағы зіл-батпан миссия болмағы ләзім. Сүйтіп «Сендер ғой, әдебиет, мәдениет секілді майда-шүйде ауыл арасындағы әңгімеден аса алмай жүрсіңдер, әңгіменің төресі міне, мына жақта» деп елден ерек туған қағылездігіңді тағы бір шегелеп қоясың. Ар жағында халықаралық масштабтағы эксперттігіңе біржола құлай сендіріп, көзсіз мойындатуыңа бір-ақ қадам қалады. Тренд тақырыптарда қазақтың жалпақ тілі өте қоймайды, оны өткізу үшін кейбір қазақ сөздерінің қасында аристократ ағылшын сөздері қолтықтасып жүруі керек. Мұндайда қазақ тіліне әлі ресми ене қоймаған «эйшн», «ижн» деген кірме жұрнақтарды аса шеберлікпен жалғап жіберсеңіз жетіп жатыр.

Міне, бар болғаны осы. Сосын не болады дейсіз бе? Нәтижесі көп күттірмейді. «Қазағымның сіз сияқты көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары көп болса ғой, шіркін!» деген сыңайдағы пікірлердің астында қаласыз. Ал сосын мақтанбай көр!

Бұл мақтаншақтық дегенді қойсаңшы...

Мақтанның да ағайыны көп. «Күріштің арқасында күрмек су ішіпті» демекші, мақтау арқылы мақтануға болатынын білесіз бе? Бұл әдіс, әсіресе, апай-топай ауыс-түйіс, сапырылысқан тағайындаулар кезінде оң жамбасыңа ыңғай тұрады. «Әй, өзім де қумын ғой» деп Тайыр ақын айтпақшы, биліктің биік астауына мойын созып жүргендермен орайын тауып суретке түсе жүретінім осындайда кәдеге асып кететінін қайтерсің. «Бәленше әлдебір қызметке тағайындалыпты» деген хабар жылт ете қалысымен сандық түбіндегі жарқын бейненің жарық дүние дидарын көретін бақытты сәті туады-ау. Әлбетте, кейіпкеріңнің келісті образын кемеліне жеткізіп мақтайсың-ай бір! Бір-екі ауыз тілдескен болсаң, ода-мақтаудың әлгі тұсына бояуын қалыңырақ жағып, тағдыршешті сол кездесудің өміріңе қаншалықты рең-репет бергенін алғаусыз оқырманыңа тамсана айтып бересің. Сол арқылы өзіңнің де тегін адам емес екеніңді меңзеп, әлдеқалай тісін батырғысы келіп жүргендер болса жон арқаңды күжірейтіп, айбатыңды асырып қойсаң, несі айып?

Рас, әлеужелінің мақтанға еріксіз тартып тұратын еліртпе, есіртпе қасиеті бар екен. Аста-төк дастархан басында қонақтармен түскен суретімді талай мәрте өздеріңіз де көрген шығарсыздар. Ұят болса да қонақтарды қаңтарып қойып, «ойбай, бәйбіше, суретке түсір» деп ең басты шаруамды күйттеуді ұмытқан емеспін. Несі бар, біздің де берекелі, барақат ғұмыр кешіп жатқанымызды білсін жұрт. Анау барлық пен байлығыңды паш ететін белі майысқан дастархан, анау әйел біткеннің ішіне шоқ түсіретін соңғы үлгідегі қымбат ыдыс-аяқ, анау мейманасы тасып отырған мәртебелі меймандарды көргенде алдияр көңіл алғаусыз оқырмандарың «паһ, шіркін, өмірді осылай сүру керек қой» деспей ме? Ал қызғаныштың қызыл шоғы ішін үрлеп, қыздырып бара жатқандар маған десе тұз жаласын! Ойбай-ау, ішерге асы, тігерге тұяғы болмаса, менің қандай жазығым бар? Одан менің мақтаншақ нәпсім неге зардап шегуі керек? Мендей болам десе, кім бетін қағып, аяқ-қолын матап отыр екен? Странно вообще...

Сосын мақтанудың мынадай бір сұмдық түрі бар. «Осы ше, мен анадай адамдарды түсінбейді екем» немесе «бәленше типтегі адамдарға таңғалам, тіпті суқаным сүймейді» деген сыңайдағы айыптау пост. Әлбетте айыптап отырғандай емес, парасат биігінен байыптап отырғандай жазасың. Оларды қаншалықты мансұқтай түссең, өзіңді соншалықты кемшілік атаулыдан пәк кемел тұлға ретінде айшықтай түскеніңді аңғал да алғаусыз оқырманың аңғармай қалады. Аңғармақ былай тұрсын, сенің жазғандарыңа айызы қанып, сен жеткізе алмаған тұсына тұз сеуіп, тіпті керек болса, есекке теріс мінгізіп, біржола итжеккенге айдап жібереді. Біреуді мансұқтау арқылы өзіңнің шаң жұқпаған мінсіз бітім-болмысыңды биіктетіп алғаныңа көңілің тоғайып сен отырасың.

Бұл мақтаншақтық туралы таңды таңға ұрып айта беруге болады. Несін айтасың, әлеуметтік желі келіп, мен сияқты бұрын мақтана алмай, іштен тұншығып жүргендердің дәурені жүріп сала берді. Маған кейде бүкіл Фейсбук әлемі мақтанып тұрғандай көрінеді. Затаевич тірі болса, дәл осылай айтар ма еді, кім білсін... Садағаң кетейін, Цүкірбір көкемді қазақтың маңдайына бере салған ғой.

Айтпақшы, бәрін айтып, ең негізгісін ұмытып барады екем. Жуырда «Мақтану арқылы бір айда қалай 5000 подписчик жинап, смело МИЛЛИОН жасауға болады» деген 3 күндік мегаинтенсивім өтеді. Бүгінгі айтылғандар жай ғой, ол жерде енді взрыв мозга болады. Егер курстан кейін мақтаншақ болып шықпасаңыз, ақшаңызды 100 пайыз қайтарып беремін. Орын саны шектеулі, асығыңыздар!

Рауан Сәбитұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366