Украина өзін әлемге қалай дәлелдеді?
Украинадағы соғыс бұған дейін ешкім байқай қоймаған көп дүниенің бетін ашты. Ал Украина болса, жалпақ жаһанға украин әскерінің жауынгерлік әлеуетін, украин қоғамы мен осы елдің мемлекеттік аппаратының өзін-өзі ұйымдастыруының жоғары деңгейін паш етті.
Жақында әлемде УҚК-нің нақты жағдайы жағымсыз әсер қалдырды. Нақтыласақ, Украина әскері әлсіз, қару-жарағы сайланбаған және дайындығы жеткіліксіз деп есептелді. УҚК-нің бұлай төмен бағалануына 2014 жылғы гибридтік соғыс кезінде «Донецк кеншілері» мен Ресейдің «Ихтамнетіне» қарсы тойтарыс беруде әскери шеберлігімен көзге түсе алмауы себеп болды. Мұны анығырақ түсіну үшін Иловайск пен Дебальцеваны еске түсіру жеткілікті.
2022 жылы Украина әскері «қайта дайындалған кеншілерге» төтеп беру қиынға соқса да, өздерінен әлдеқайда қуатты орыс әскерін тоқтатып қана қоймай, біраз жерге дейін тырқырата қуғанда әлем жұртшылығы көзін жұмып, аузын ашты. Кейінгі сегіз жылда украиналықтардың ай бағып, бос қарап жүрмегені анық.
Ал дүниежүзі елдерінің көбі Украинаны Солтүстік Африканың даму жолы кері кеткен елдерімен теңестіріп, кедейлік жайлаған, жемқорлықтың батпағына батқан, бейберекет және бәрін сатып алуға һәм Үкіметі сатымсақ ел деп ойлап келді.
Дегенмен әлемдік БАҚ басқыншылар жермен жексен еткен Украинаның әр аймақтарындағы қиранды қалалар мен елдімекендермен қатар, Шығыс Еуропадағы қалаларға ұқсайтын мұнтаздай таза, көшелері абаттандырылған, замануи үлгіде салынған үйлері мен ғимараттары алыстан көз тартатын шалғайды ауылдар мен қалаларды да көрсетті. Сонда жалпы жұртшылық Украинаның еңбекке жарамды халқы мен білікті кадрлары бар біршама гүлденген ел екенін көріп таң қалды.
Жаһанды жалт қараны, бәрінен бұрын, Ресей баса көктеп кіргенде Украинаның жанын сала қарсы тұрғаны болды. Ресей жүздеген жылдан кейін алғаш рет сарқылмастай көрінген дүниелерінен тапшылық көріп жатыр. Тарих беттерін парақтасақ, солтүстіктегі көршімізге ақша, қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрілер жетіспеген кездер болғанымен, әскер қатарын толықтыруда түйткілдер туындай қоймайтын. Сол себепті де соғысатын адам таппай қиналамыз деген ой басына кіріп шықпаған империялистер елінде бүкіл орыс соғыс стратегиясы да пайда болған.
«Украина – 2022-2023» – сарбаздарының тапшылығына байланысты жұмылдырылған күштерінің жаппай жер жастануы Ресей тарихындағы алғашқы жағдай. Соғыс даласында сұлаған сарбаздарының орнын толтыру үшін Путин жүйесі қолынан келетін түрлі айла-шарғыға барды. Ақша берді, қорқытып-үркітті, мобилизация жариялады, «ез болып елде қалғанша, ерлерше шайқас» деп ұрандатты, үгіт-насихат жасады. Алайда мұның бірі де пайдаға аспады.
КСРО ыдырағаннан кейінгі отыз жыл ішінде ресейліктер жақсы өмірге, тұтынушылық серпіліске, мейрамханалар мен сауда орталықтарына үйренді. Осының бәрін тастап, Бахмуттағы жертасада жатуға ешкімнің зауқы соқпайды.
Соғыстың Ресей аумағына өтуі сол елдің тұрғындарының көңіл-күйіне мүлде әсер етпегені белгілі болды. Олар «Отан қорғаушылар» қатарына қосылудың орнына, бұған қалай тез бейімделу керек екеніне бас қатырып әлек. Айтып отырғаным ақылға қонымсыз сөз секілді көрінуім мүмкін, бірақ шындық осы – орыстар өздеріне жасалған шабуылға қарсы тұрмайды және қорғану үшін де әрекет қылмайды.
Орыс қоғамының түбегейлі бытыраңқы және атомизацияланғанын, әркім өзі туралы ғана ойлайтынын және бұл кездейсоқ немесе өздігінен болмағанын мойындауымыз керек. Кейінгі онжылдықтарда путиндік Ресейдің бүкіл мемлекеттік машинасы ел азаматтарының қарақан басын ғана ойлауы және оларға қатысы жоқ, олар күтпеген істерге араласпауы үшін жұмыс істеді. Бір сөзбен айтқанда, ресей қоғамы әлеуметтік белсенділіктен ада: «біз тек жеке істермен айналысамыз, біз тек өз отбасымыздың гүлденуін ойлаймыз» деді. Олар үшін ең жақсы азамат – ресейдің пассивті тұрғыны.
Осылайша, Украина өз халқының жауынгерлік рухының және негізгі одақтастары мен заманауи Батыс қару-жарағының арқасында 145 миллион азаматы бар Ресей қоғамының бұл соғысқа мүлдем немқұрайлы қарайтынын дәлелдеді.
Abai.kz