Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 2349 6 пікір 14 Маусым, 2023 сағат 12:29

Шәкәрімнің құдіреттілігі

Әулие адамдар қарапайым пендеге түсініксіз көптеген тылсым, яғни керемет істер жасай алатыны белгілі. Шәкәрім атамыз да сондай әулиелердің бірі болған. Бірақ оның жеткен бұл биік рухани шыңын түсіну қарапайым адамға оңай емес. Себебі, қарапайым адамға оның көзге көрінетін тылсымдық қасиеттері керек.

Әрине, оның ерекше қасиеттері болған. Бірақ оның бұл қасиеттері заттық тұрғыдан емес, рухани тұрғыдан қарағанда ғана түсінікті болады. Заттық тылсымдық қасиет пен рухани құдыреттіліктің айырмашылығы үлкен. Шәкәрім фәни әлемнен толық қол үзіп, оған енді бұл өмірдің әсері әлсірегенде оған өзінің материалдық ерекшеліктеріне көңіл бөліп, елге көрсетудің қажеттігі болмады. Бірақ  ол рухани жолда пайда болған өзінің ерекше қасиеттерін жақсы сезініп, жақсы біліп отырған.

Рухани құдыреттілік адамның рухани болмысынан шығады. Рухани жетілу барысында адамның ішкі дүниесі тазарып, жаны ояна бастағанда, оның  жүрек көзі ашылады. Тәнді рух басқаратын болғандықтан, осылай рухани жетілген адам бойында көптеген тылсымдық күштер пайда болады.

Рухани адамның негізгі жетістігі – жан дүниесінің қасиеттері, рухани ерекшелігі. Жетілу барысында адамның қасиеттері Алла тағаланың, яғни Ғазиз Жан қасиеттеріне ұқсай бастайды. Жетілудің заңғар биігіне көтерілгенде Шыбын жан Ғазиз Жан болысымен біртұтас болып бірігеді. Бұл сәтте адамның кеудесі түрлі хикметке толып, өзінің рухани қуатын сезінеді. Абай да бұл туралы «Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» деп ескертіп кеткені белгілі. Алла тағаланың қасиеттері қанша шексіз болса, тазару барысында шыбын жан да соған сәйкес өзінің алғашқы қасиеттеріне ие болып, хикметін түсіне бастайды.  Шәкәрім де осы деңгейге көтерілген. Ол өзінің осындай сәтін былай деп суреттейді:

Жар көрмеген надандар:
«Жарың кім?» – деп күледі.
Оқыған ойсыз адамдар
Жансыз өмір сүреді.

Ойласам, олар – жанды өлік,
Меңіреу, мисыз бір көлік.
Осыдан жоқ өңгелік,
Адаммын деп жүреді.

Қанжарың бер, барайын,
Меңіреудің ішін жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын,
Сонда оған жан кіреді.

Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін.
Жарымнан алған тілегім
Қап тауын нандай тіледі.

Нұрыңды көрсе, болып мас,
Мейлі кәрі, мейлі жас:
«Меңіреу мұны жаратпас», –
Деп Тәңірісін біледі.

Сиқыр көзбен арбасаң,
Табиғат басын иеді,
Кәрленіп кімді қарғасаң,
Қатесіз оғың тиеді.

Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебін киеді,
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйеді.

Өлшеп жібер нұрыңды,
Білсін әлем түріңді,
Бір-бірлеп аш сырыңды,
Соныңды көңілім сүйеді.

(«Жар көрмеген надандар»)

Шәкәрім осылай рухани адам мен қарапайым адамның арасындағы айырмашылықты көрсетеді. Оқып, көп білгенімен оны ойға салып, рухани жолға түспей, Жар (Құдай) көрмеген адамды «надан» деп атап, «жансыз өмір сүреді» деп оны жанды өлікке балайды.  Ондай адамдарды дұрыс жолға бағыттап, оларға  өзінің көмек бере алатынын түсінеді. Сол үшін ол Құдайдан рухани күш сұрап меңіреудің ішін жарып, нұр салдырып, жанын кіргізіп, оны бұл фәни әлемнің зардабынан құтқаруға мүмкіндік беруді сұрайды. «Нұрыңнан сәуле салайын,    Сонда оған жан кіреді» деп рухани надандарға көмектескісі келеді. Ақынның бұл сөздері өзінің қандай жоғары құдыреттілікке ие болғанын көрсетеді. Бұл қасиеттер түрлі мистиктер мен экстрасенстердің көрсететін кереметтерімен салыстыруға болмайтын өте жоғары деңгей.

Шәкәрім әрі қарай өзінің ғайыптан хабар білетінін, Қап тауын да тілетінін, кәрленіп кімді қарғаса, қатесіз оғы тиетінін, егер оның нұры болмаса бүкіл жаралыстың кебін киетінін айтады. Осылай Шәкәрім атамыздың қарапайым тылсымдық қасиетпен салыстыруға болмайтын өте жоғары құдыреттілікке ие болғанын көреміз. Ол Алла Тағаладан қарапайым пенделер үшін нұрын өлшеп жіберіп, сырын бір-бірлеп ашуын сұрайды. Әрине, бұлардың барлығы эзотерикалық құпия ұғымдар. Шын мәнінде діни адамның құдыреттілігі оның мистикалық күшінде ғана емес, оның беретін рухани шапағатында болып табылады, Мысалы, егер әулие адам батасын беретін болса, оның тілегі орындалады. Материяны рух басқаратын болғандықтан, берген рухани тілегі міндетті түрде орындалып, оның құдыреті күшті болады. Сонымен бірге Алла тағала Өзіне шын берілген құлын ешуақытта қалдырмайды, жебеп жүреді. Ақынның сырлы сөздерін, оның терең ойларын байыппен қарап, бойға сіңіре білсек Шәкәрімнің әулиелігіне көзіміз жете түседі. Оның тағы бір осындай терең сырлы сөздеріне көңіл бөліп көрелік:

Ақыл құсы адаспай аспандаса,
Әлемде нәрсе болмас оған таса.
Жеті көк жерден оңай басқыш болып,
Ғарышқа қол жетеді қармаласа.
Жанның бәрі мендей Жар табар еді,
Терең ой, сау ақылмен шамаласа.
Өлім маған өмірден мың есе артық,
Жарға құрбан қылуға жан жараса.
Дозақ отын күл қылып сөндіремін,
Жаралы жүрегімнен қан тараса.
Жарды көрген көзімнен сүймек болып,
Ғажап па тамам айуан анталаса.
Хақиқат Жар нұрына қанса біреу,
Оның жаны өлмейді балталаса.
Жар нұрының ұшқыны осы ой деп,
Жанған отқа шоқынам Жар қараса.
От арқылы Жарыма бас ұрамын,
Тыңдаман кәпірсің деп табаласа.
Адамға періштелер сәжде қылған,
Адамнан Жарым артық тым тамаша.
Жалтарып Жардан нұрын жасырғаны,
Күн батып, жер жамылып қораласа.
Жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем,
Көзімнен қанды жасым сорғаласа.
Жарды көрген көзіме шоқынып жүр,
Су бұраңдап, майысып, жорғаласа.
Тау тапжылмай, ағаштар қалғыр ма еді,
Бастарын Жар сиқыры торламаса.
Көрсе, еріксіз сайрай ма ақын бұлбұл,
Көңіліне гүлдің нұры орнамаса.
Асықсың деп айықтар сөккенімен,
Ұялмай ма мас ақыл қорламаса.
Сау жүрек тесіле ме оқ батпаса,
Оқ орнынан біздің ой – шаққан маса.
Айық адам аңғармас ішкі сырды,
Байқайды сол тесіктен мас қараса.
Араққа ақыл, мастыққа ой билетпек,
Оңай емес ертерек ойланбаса.
Тәкаппар өзімшілді Құдай ұрар,
Ақылына бас имей шалқақтаса.
Сопыларға біздің Жар бір қараса,
Жарық нұрмен жүрегін араласа,
Жанын жан, ескі иманын иман демей,
Байқұстар қалар еді-ау таң-тамаша.

(«Ақыл құсы адаспай аспандаса»)

Әулие ақын осылай өзінің шаттық сәтін білдіре отырып, басқаларды да өзіне еруге шақырғандай болады. Бұл өлең жолдары ақынның құдыреттілігін толық  көрсетіп отыр. Ол рухының жасампаздық қасиетін сезген кезде «Дозақ отын күл қылып сөндіремін, Жаралы жүрегімнен қан тараса» деп өзіне құдыретті күш дарығанын білдіреді. «Өлім маған өмірден мың есе артық» деп өзінің бұл фәни әлемнің әсерінен толық босанғанын білдіреді.

Әулиелер фәни әлемнің ықпалынанн шығу үшін әуелі өздерінің нәпсісін жеңуге ұмтылады.  Бұл күрес ислам ұғымы бойынша «үлкен жиһад» деп аталып, жан құмары мен тән құмарының күресін білдіреді. Бұл күрес – жан иесі үшін ең ауыр және негізгі күрес. Бұл күресте жеңген адам толық еркіндікке ие болып, Алла тағалаға қайтуға мүмкіндік алады. «Үлкен жиһад» дегеніміз осы. Бұл күрес өте ауыр және жүрекпен болатындықтан, ең әуелі жүрек жарақаттанады. Сондықтан Шәкәрім «Жаралы жүрегімнен» деген ұғым қолданып отыр. Ал «қан тарау» дегені рухани сезімдердің өрістеуі. Сонда рухани күштің әсерімен заттық өмірді өзіне бағындырып, не болмаса өзгертіп, қайта жасауға болады.

Ойды Алла тағалаға шоғырландыру үшін түрлі амалдар қолданылады. Мысалы, Шәкәрім бұл туралы «Жанған отқа шоқынам Жар қараса» деп өзінің ұшқыр сезімін білдіреді. Бұндай құдыретті адамдарға тіпті періштелер сәжде қылып, бас ұрады. Ал Алла тағала ондай адамнан да артық және жоғары екені белгілі. Ақын осындай жоғары рухани деңгейге көтерілгенде өзінің рухани күшін, құдыреттілігін сезініп, «жер жүзіне қып-қызыл гүл бітірем» деп өзінің құдыреттілігін білдіргендей болады. Бірақ бұл халды тек асықтар ғана түсініп, солар ғана сезіне алады, ал айықтар, яғни рухани мастықты түсінбейтіндер бұл халды білмейді де, білсе де қабылдай алмайды. Қарапайым адам ғана емес, тіпті Құдай жолына берілген сопылардың өздері «Сопыларға біздің Жар бір қараса, Жарық нұрмен жүрегін араласа, Жанын жан, ескі иманын иман демей, Байғұстар қалар еді-ау таң-тамаша». Өзінің рухани құдыреттілігін Шәкәрім осылай суреттеп отыр.

Басқа шығармаларын алмағанның өзінде, Шәкәрімнің осы екі өлеңі ғана оның қандай жоғары рухани деңгейге жеткенін, құдыреттілік қасиеттерге ие болғанының дәлелі болып табылады.

Досым Омаров, шәкәрімтанушы ғалым, философ

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320