Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дидар-ғайып 2905 2 пікір 14 Маусым, 2023 сағат 13:43

Қазақтың тағы бір қара нары құлады

Жазушы-журналист, аудармашы, баспагер Сағат Жайпақұлы 1935 жылы маусымның 15-жұлдызында Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданының Шақпы жайлауында Бөгенбайдың бесінші әулеті Қабылбайдың ұрпағы Қартайдың ұлы Жайпақ зәңгінің отбасында дүниеге келген.

1942 жылы қыркүйектен 1944 жылы маусымға дейін Досымбек Баймұратұлы салдырған Шапқы іші Бөлгенсай бастауыш мектебінің үшінші сыныбына дейін оқыған. Отбасы жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмай, 1945 жылы мамырдан 1947 жылға дейін байдың малын бағады. Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) азат болған 1946 жылдан кейін, Іле аймағы Күнес ауданынның орталығы Бестөбеде орталау мектеп ашылады. Осы мектепке, әл-ауқаты төмен кедей балаларынан қырық неше баланы үкімет қаржысымен жатақта жатқызып, оқытады. Сағат үкіметтің осы қамқорлығына ілігіп 1947 жылы қыркүйектен 1951 жылы маусым айына дейін толықсызды осы арададан үздік бітіреді де, сол жылы Шынжаң өлкелік биюро кадрлар мектебінің үшінші кезекті оқуына емтихан беріп қабылданады. Үрімжіде бір жылдан артық бюро мекемесінде оқып бітіргеннен кейін, 1952 жылы қазан айында «Шынжаң газеті» мекемесіне жолдамамен қызметке тұрады. Он жеті жасында ақпарат кәсібінің табалдырығын осылай аттаған ол бұл мекемеде жаңа келгендер өтетін алғашқы өткелде көшірмеші, корректор, қаламақы есептеу, хабар-мақала тіркеу сияқты ұсақ-түйек істердің ырқына көніп, ығына жүгірді.

С.Жайпақұлы өзіне тиесілі міндеттерді орындай жүріп, редакторларға еліктеп мақала өңдеуге, мақала жазуға талпынады. Талпынысы табысқа жеткізеді. Сол кезде қаламы төселген тілші, қазақ тілі газетінің бас редакторы Қали Ысқақұлы, редакция бөлімінің меңгерушісі Бұлантай Досжанин, бір беттің жауапты редакторы Рақыметолла Әпшеұлы сияқты ақын-жазушы, редактор ағаларының назарына ілігеді. Бір жолы бас редактор Қали Ысқақұлы ол өңдеген бір мақаланы бүкіл редакция (ханзу, ұйғыр, мұңғұл тіліндегі) бойынша ашылған жиналыста үлгі ретінде оқып оны мадақтайды. Осыдан шабыт алған Сағат тілшілік мамандығын игеруге барған сайын ұмтыла береді. Бос уақытында ханзу тілі мен фото сурет түсіруді үйренеді. Ол кезде редакцияда адам аз, газет редакторларға мұқтаж еді. Небәрі екі жыл ішінде С.Жайпақұлы корректорлықты игеріп болып, редакция бөліміне ауысады. Содан көп өтпей газеттің бір бетінің жауапты редакторы болып шыға келеді. 1962 жылға дейін «Шыңжаң газеті» қазақ редакциясында редактор, тілші, фото тілші болып қызмет жасайды.

1962 жылы Шыңжаң партия комитеті қазақ тілінде «Ячика тұрмысы» журналын шығаруды бекітеді. Бұл журналда Сағат сегіз жыл бойы қазақ редакция бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жүргізеді.

Мәдениет зор төңкерісінің аласапыраны арнаға түсе бастаған кезде «7 мамыр кадрлар мектебіне» барып шынығу деген науқан басталды. Бұған әуелі Шыңжаң автономиялы райондық партия-үкімет саласындағы кадрлар баратын болды. Сағат солармен бірге автономиялы район жағынан Құтыби ауданында құрылған «7-мамыр кадрлар мектебіне» барады.

«7-мамыр кадрлар мектебінің» директоры болып тұрған Шыңжаң автономиялы райондық партия комитеті үгіт бөлімінің бастығы Фууын мырзаның ұйғаруымен Орталықтан келген екі адамға аудармадан емтихан тапсырады. Емтиханнан сүрінбей өткен Сағат Бейжіңге барып Орталық халық радиостанциясының қазақ тілінде ашылатын радионың негізін қалайды. Бұл 1969 жылы қарашаның соңғы кезі еді. Сөйтіп, Сақаңның Орталық халық радио станциясындағы 15 жылдық өмір жолы міне, осылай басталған болатын. Астанамыз Бейжіңдегі қазақ радиосы 1971 жылы 1-ші мамырында құрылды. С.Жайпақұлы осы радиода табаны күректей 15 жыл жауапты болып, ұжымды басқарады.

Бұл ұжымда бес ұлттан құрылған 18 адам болып, бір-бірінен үйреніп, бірінің артықшылығымен бірінің олқылығын толтырып отыратын. Олар төңіректің төрт бұрышынан түрлі кәсіптен, түрлі мамандықтан келген болсада қысқа уақыттың ішінде өз ара шүйіркілесіп қызметті барлық ынта-пейлімен беріле істеді. Жубаучуан (ұлты ханзу) мырза Сақаңның орынбасары болды. Екеуі бөлімнің қызметінен шашау шығармауға ұмтылады. Береке-бірлігі жақсы болғандықтан партия мен халық тапсырған міндетті шама шарқынша орындайды.

Жасырары жоқ, әрқандай іс бірден сәтті бола бермейді. Радио эфирге шыққан тұс Мәдениет зор төңкерісінің құрсауы қол-аяғын босатпай, бір мезгіл кібіртіктеп қалады. Ылғи аударма материал беруден аса алмайды. Жерлік қазақ авторлардың шығармасын беруге мүмкіндігі болмайды. Өзінен тілші шықпайды. Сонымен, «олай тартсың өгіз өледі, бұлай тартсаң арба сынадының» керін киіп, тұйыққа тіреледі. Сүйтіп жүргенде бағына жарай қоғамдық жағдайда кенет өзгеріс бола бастайды. Партия орталық комитетінің көрегендігімен «Төрттік төбе» дейтін алапат биліктен аластатылды. Бұған бүкіл ел халқы қуанды. Бұрынғы қат-қабат ресмиет-кедергілер алынды. «Гүл біткен жайнады, тіл біткен сайрады». Реформа мен сыртқа есік ашудың алғашқы үрдісі басталды. Бұрынғыдай емес, өз алдына тілшілік істеуге, ақын-жазушы мен өнер адамдарынан сұхбат өткізуге мүмкіндік алады.

1980 жылы шілде айында Күнгей Мұқажанұлы, Мақатан Шәріпқанұлы, Жақып Мырзақанұлы қатарлы жазушылар Бейжіңге мәжіліске келеді. Сонда С.Жайпақұлы оларды қазақ әдебиеті туралы шолу жазуға ұсыныс етеді. Бұл үш қаламгер ақылдаса келіп «Көркейу жолындағы қазақ әдебиеті» деген тақырыпта әдеби шолу жазады. Шолу сол жылы шілденің 5-ші жұлдызы радиода оқылады. Жыйырма неше жыл аты өшіп, із-тозсыз кеткен аға буын жазушылардан 30 неше кісінің аты аталып, атағы әйгіленеді. Осы әдеби шолу жарияланғаннан кейін қалың тыңдарман қауымды, өте-мөте өнер адамдарын қуанышқа бөлеп, үмітке жебегендігі ауыздан-ауызға аңыз болып тарайды. Тыңдармандар редакцияға хат жазып, алғыс айтып марапаттайды. Бірінші болып ақын, қоғам қайраткері Құрманәлі Оспанұлы хат жазады. Ол кісі шолуды естігенін айтып қана қоймай, өзгелердің де жақсы лебізін жеткізе келіп: «Шолудың құрылымы, мазмұны, тіл көркемдігі жағынан тұжырымды, көкейге қонымды, шындық шымыр бейнелеген» деп жоғары баға беріп жазған еді хатында.

Олар үшін 1970 жылдардың соңы мен 1980 жылдардың басы қазақ радиосының алтын дәуірі есептеледі. Бұл жылдары Сақаң бөлім атынан қазақтың ән-күйлерін көбейту туралы жоғарыға доклат жазады. Доклат көп өтпей бекітіледі. Сонымен 1979 жылы «Төрттік төбе» талқандалып, заман жақсара бастаған тұста Орталық халық радио станциясы мен Шыңжаң халық радио станциясы бірлесіп, Күйтің қаласында бас қосып, үш аймақтың ән-би үйірмесінен 70-80 адам шақырып, екі айға жуық уақытта 100-ден астам ән-күйді таспаға жазып алады. Бұған Орталық халық радио станциясының қазақ бөлімінен Мұқамет пен Сағат барған еді. Бұл рет жазып алынған ән-күйлер радионы шыт жаңа бейнеге енгізеді. Осы ән-күйлердің бірталайы күні бүгінге дейін беріліп келеді.

Мұның ішінде «Ақ тамақ», «Майра», «Ақ бидай», «Абай күнім-ай», «Алқоңыр», «Сұржекей» т.б секілді халық әндері мен халық композиторларының әндерін азат етіп радиода жарялайды. Бұл халық арасында үлкен дүмпу қозғайды.

Халқымыз «көш жүре түзеледі» демеп пе еді. Құрылғанына небәрі 10 жылға жетпеген, оның бірнеше жылы сынақ ретінде жарты сағаттық аударма хабар берумен жүрген жағдайда жаңағыдай жетістікке қол жеткізу оңай емес еді. Сол тұстарда астанаға келген ақын-жазушылардың шығармаларын өздеріне оқытып тарата бастайды. Мысалы, Омарғазы Айтанұлы, Қаусылқан Қозыбаев, Мақатан Шәріпқанұлы, Күнгей Мұқажанұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Ерғали Әбілқайырұлы, Әбдірешіт Байболатов, Жұмабай Біләлұлы, Оразқан Ахметов, Жұмаділ Маман, Әкпар Мәжітұлы сияқты қаламгерлеріміз радиода поэзиялық, прозалық шығармаларын оқып өз үндерін әлемге таратып, томағасын алған қырандай шарықтайды. Мұның өзі өшкіндеп, сөніп бара жатқан қазақ мәдениеті мен әдебиетінің шырағын қайта жаққандай болады. Қалың тыңдарманның көңіл-күйін сергітіп, болашаққа деген сенімін күшейтті. Әйгілі әншілеріміздің Бейжіңге келіп түрлі мәдени шараларға қатысу орайын қалт жібермей, оларды студияға шақырып, дыбыс таспасына ән жаздырып алып қалуды әдетке айналдырады. Мысалы, Қамит Ысқақұлы, Камал Ішікбай, Күлман Шүленбайқызы, Арзыгүл Тұрсынқызы сықылды әншілерден орайы келгенде таспаға ән жаздырып алып қалып отырған. Мәдениет зор төңкерісі тұсында қазақ халқының түрлі мәдениеті, әсіресе домбыра-күй мәдениеті жоғалуға шақ қалған еді. Осындай көкейкесті мәселені ескеріп 1980 жылы Сағат Жайпақұлы Орталық халық радио станциясының басшыларына халық ән-күй мұраларын жинау жөнінде өтініш жазуды қолға алады. Станция басшылығы бұл өтінішін бекітеді. Шыңжаң қазағының әйгілі күйшілерінен Тайыр Белгібайұлы, Дәулет Халықұлы, Камал Мақайұлы, Ғизат Сейітқазин сиқты домбырашыларды Бейжіңге ұсыныспен шақырып, көптеген халық күйлері мен өз күйлерін алтын қорға жаздырады.

Қызмет бар жерде табыс та, олқылық та, қайшылық та, пікір талас та өмір сүреді. Бұл табиғый құбылыс. С.Жайпақұлы радиода жұмыс жасаған 15 жыл уақтын тып-тыныш, мамыражай, ақаусыз, кедергісіз, ылғый сәтті өткізді десек ақылға симайды. Қызмет барысында кемшілік те, талас-тартыс та болады. Алайда олар мүлде отаса алмайтын мүдде қақтығысын тудырған емес. Қайта қызметті жақсартуға, ынтымақты күшейтуге, алға басуға, жаңалық жаратуға бағытталған көзқараспен жүреді. Таным, пікір жағындағы ұқсамастықтан туындаған уақыттық құбылыс деп біледі. Олардың барлығын өз кезінде шешімін тауып отырды.

Алғаш Сағат Жайпақұлы жетекшілік еткен Орталық қазақ радиосы қазір отызға тарта тілші, редактор, аудармашы бар, 44 мемлекетке үні жететін мемлекеттік ақпарат құралына айналды. Эферге шығатын сағат саны көбейді. Ол заманындағыдай емес, шектеусіз дәуір талабына үйлесімді, сан-саналы айдарлар ашылды. Мұның ішінде «Ауыл ауаны», «Парасат», «Қайнар», «Заң және замана», «Экономика айдыны», «Шипагерлік», «Техника тетігі», «Әлем аясында», «Өнер өлкесінде» т.б. лар бар. Осыған қарап қуанасың, марқаясың. Қызметкерлердің бәрі жастасты, қызметтің сапасы мен мәдени өресі артты.

С.Жайпақұлы 1984 жылы Орталық радио станциясынан ауысып Шынжаң халық баспасына келеді. Ол 1984 жылы қарашадан 1995 жылы маусымға дейін Шыңжаң халық баспасының қазақ редакция бөлімінде орын басар меңгеруші, тете аға редактор, «Оқырман өресі» журналы бас редакторының орынбасары болып жұмыс істейді. Сақаң ақпарат ғылымының белді саласы есептелетін газет-журнал, радио және баспасөз саласында 40 неше жыл жемісті қызмет істейді.  Ашығын айтсақ, С.Жайпақұлы өз өмірінде төрт саланың кәсібіне араласыпты. Осы төрт салада істеген еңбегінің бәрін жіпке тізіп айтып отырмай-ақ, тек Шыңжаң халық баспасында істеген кезінде өзі жауапты редактор болып шығарған кітаптар мен әдеби аудармалардың бастыларын айта кетейік. Олар: «Қытайдың қазіргі заман тарихы туралы білім» (екі кітап), «Сотциялизм тарихы», «Тіл ғылымы мәселесі туралы», «Психология туралы сұрау-жауп», «Тарих білімі сөздігі», «Заң білімі туралы» (7 кітап), «Жаңа дәуірдегі партия құрлысы» т.б. 200-ге тарта кітапты редакциялап баспаға жолдап, қырық неше кітаптың жауапты редакторы болады. «Оқырман өресі» журналының 60 саны Сақаңның жауапкершілігінде жарық көрді. Аударған әдеби туындылары: «Батысқа сапар» (роман, екі адам бірлесіп аудардық), «Ергежейлі елі мен алыптар елі» (романнан үзінді), «Өмір», «Біз жастар» (повэст), Уаңмиңнің «Соңғы тау», «Сапырылған салашылар» (әңгіме), ханзутілінде жазатын қаламгер Әкпар Мәжітұлының «Ақсақ құлан», «Он бестегі Халида», «Әттең ромкабай» т.б. әңгімелері. Мұның сыртында ханзу авторларының шығармаларынан тәржымалаған он неше әңгіме мен өзі құрастырған үш кітап бар. Міне, осындай еңбектерінен тыс, өзі қалам тербеп жазған очерек, шалқыма, эссе, жаңа жылға арнау сияқты әдеби мақалалары да өз заманында оқырманың алғысын алып, жақсы әсер қалдырған еді.

Үкімет жарты ғасыр төккен тері мен елге сіңірген еңбегін бағалап Сақаңның өмірбаяны мен еңбегі туралы жазылған шағын таныстыру 1989 жылы Бейжіңдегі кітап баспа мекемесі жағынан жарық көрген «Жұңгоның баспасөз саласындағы әйгілі адамдар сөздігінің» (қытай тілінде) 481-бетіне және 1994 жылы Лияулиң Ұлттар баспасы жағынан жарық көрген «Қытай аз ұлт мамандары, оқымыстылары сөздігінің» (қытай тілінде) 593-бетінде беріледі. Ал 1999 жылы Бейжіңде жарық көрген «Дүние білім қамбасы» атты үлкен желілес кітаптың бірінші томының 991-бетіндегі «Домбыра» тақырыптағы ханзу тіліне аударылған очергі басылады әрі очерк алтын медальмен сыйланды.

Сақаң зейнет жасына толып демалысқа шыққаннан кейінде қаламын қолынан тастаған жоқ. Жұбайы, жүйрік журналист, марқұм Тұрсын Жолынбетқызы екеуке бір-біріне рухани демеуші бола жүріп, халқына өміршең туындыларын ұсынып үлгерді. Сақаңның соңғы жылдары шыққан "Із" деген кітабына автордың өмірбаяндық эсселері, очерктері мен сыр сухбаттары еніп, оқырмандарының жақсы бағасын алады.

«Өрлі-қырлы өмір жолымда шығандап шыңға, қара үзіп озып кетпесем де, шама шарқымша талай кезеңдерді астым. Өмірде осы жүрісіме ризамын. Мен екі сөздің бірінде бүгінгі бақытты заманда жасағаныма разы-хош болып «өмір саған рахмет!» деген сөз мәтеліме айналып кеткен көрінеді», - деп марқұм Мақат ағаның өзі жазып кеткеніндей, шынында солай, өткен өгей өмірдің ащты-тұщтысын азда болса татып қалған Сағат Жайпақұлы секілді қариялардың қазіргі бақытты заманын ересен қастерлеп, дәуірдің талабына сай бүкіл күш-қуатын қоғам қажетіне сарқа жұмсағаны анық. «Өмір саған рахмет!» деген марқұм Сақаңның өзінің үйреншікті мәтелін бізде қайталай бергіміз келеді...

Сағат Жайпақұлы 2023 жылы 12 маусымда 88 жасқа қараған шағында қайтыс болады.

Бақұл болыңыз, ардақты Сағат аға!

Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір