Сенбі, 23 Қараша 2024
Өз сөзім... 2486 3 пікір 14 Маусым, 2023 сағат 18:58

Бөсу мен өсу: Өтірік жайлаған ел

Ресейлік жазушы Ольга Светлованың «Под крылом судьбы» атты романында мынадай сөздер бар: «Қазіргі замандастарымның тірлігі, асыра айтсам кешірерсіз, менің көз алдыма ассенизатордың (адамның нәжісі ағатын құбырды не әжетхананы тазалайтын жұмысшы – С.С.) тірлігін еске түсіреді. Күндіз-түні нәжіс тазалайтын адам оның иіс-қоңысына да үйренеді. Кейде тіпті нәжіс бетіне де, құлағына да, киіміне де жағылып қалады. Бірақ әлгі бейшараның бұған әбден еті өліп кеткені сондай, ұзақты күн жуынбай жүре береді. Сол сияқты, дәл қазір жемқорлық пен алаяқтықтың асқынғаны, бел алғаны, күшейгені соншалық, бұған жоғарыдағылар да, төмендегілер де, әлгі ассенизатор секілді, бойын да, ойын да үйретіп алды. Қалың жұртшылық та бұл «иіс-қоңысты» сезбеуге айналды, өздерінің күнделікті жұтып жүрген ауасы сияқты қабылдайды».

Үндінің 2015 жылы түсірілген «Габбар қайта оралды» атты фильмі бар. Дәрігерлер дұрыс емдемей, ақыры қайтыс болған ер адамның артында әйелі мен екі қызы қалады. Сорлыларда мәйітті өртеп, ақырғы жөн-жоралғысын жасауға да қаражат жоқ. Көрші жігіт күйіп кетеді де, өлген кісінің сүйегін асыға-үсіге ауруханаға алып келіп:«Көмектесе көріңіздер, ағам әл үстінде!» деп жалбарынады. Дәрігерлер алдымен кассаға ақшасын төлетіп алады да, «науқасты» тексере бастайды. Тексергені бар болсын, оның әлдеқашан өліп қалғанын анықтайды. Бірақ пайда көкейін тескен пенделер тіпті өліктің өзінен де ақша жасауға кіріседі. «Анау керек, мынау керек, операцияға дайындап жатырмыз, аман сақтап қалуға тырысамыз» деп өтірік жанын салған сыңай танытады. Әлгі жігіт «бәрін тауып береміз, тек аман алып қалыңыздаршы!» деумен болады. Өлген адаммен қашанғы алыссын, жарты күн жаныққан дәрігерлер ақырында «Өкінішке қарай, қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ өмірін сақтап қала алмадық» деп бұларға келіп, «көңіл айтып», көлгірсиді. Сол кезде жігіт оларға «науқастың» бүгін таңертең, яғни осыдан жарты күн бұрын жаны шығып кеткені туралы медициналық анықтаманы көрсетеді. Мұның бәрін марқұмның қызы байқатпай ұялы телефонына түсіріп тұрады. Сөйтіп, ашкөз немелерді айдай әлемге масқаралайды...

Адамдар неге мұнша ардан безді? Қоғам неге осынша ластанып кетті? Аталған туындылар Ресей мен Үндістан қоғамын ғана әшкерелеп тұрған жоқ, жалпы адамзаттың азып-тозып бара жатқанын аңғартып тұр. Біздің қоғамның да олардан айырмашылығы шамалы. Оны бәріміз де күнде көріп жүрміз.

Біз бөсуден алдымызға жан салмай келе жатқан мемлекетпіз. Теледидар қарасаңыз да, радио тыңдасаңыз да, газет оқысаңыз да – бәрі керемет! Кілең ілгерілеу, кілең өсу! Атқамінерлеріміз цифрлар мен деректерді құлпырта ойнатқанда цирк жонглерлерінен де асып түседі. «Ең үлкен өтірік, ақыры, Ең үлкен мінбеден айтылды» деп Қадыр ақын айтпақшы, қазір қысылып-қымтырылу, ұялу жайына қалды. Өтірік уәделер, өтірік жоспарлар, өтірік жобалар, олардың орындалып жатқаны туралы өтірік есептер... Оған сенген түр танытқан басшылардың өтірік бас шұлғулары... Президент министрлерді шақырып алып жиын өткізеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіңдер» деп тапсырады. Кілең жемқор жиналып алып, алдындағы қағаздарына шұқшиып, «жемқорлықпен күресті күшейту керек» деп тұқшыңдап жазып алып жатады. Күлкілі ме? Жиіркенішті...

Бұрын кемшілікті атап көрсеткен, бағыттың бұрыс екенін ашып айтқан адамның сөзіне құлақ асу басымырақ еді. Ешкім оның жасын да, лауазымын да ескеріп жатпайтын. «Мына жас маман дұрыс айтады, осы олқылықтың орнын толтырып, жөндеуіміз керек» деп ұжым басшысы да ондай «жалаңтөстерге» теріс қарамайтын. Қазір басшыға қарап сөйлеу мүмкін болмай барады. Тек «ләббай»! Бүгінде бастығы сөгіс берсе де рақмет айтып, басын иетіндер шықты!

Біреу өтірік жоба жасап, өтірік уәде берді екен деп, уақыт күтіп тұрмайды. Уақыт алға жылжыған сайын нұсқаудан нұсқау, пәрменнен пәрмен туындап, қатынас қағаздар тау-төбе боп үйіледі. Бірақ құр қағаз боратқаннан іс өне ме, сапа жақсара ма: «аяқталмаған», «орындалмаған», «игерілмеген», «пайдалануға берілмеген», «жемісі желінбеген» дүниелер үсті-үстіне қабаттала береді. Сөз жүзінде бәрі керемет, алайда нақты іс жүзінде – ештеңе атқарылмаған, не шала-шарпы, тиіп-қашып, әлдененің нобайы жасалған. Бұдан соң төмендегілердің де «өй!» деп қолды бір сілтеуі, немқұрайдылыққа, салғырттыққа салынуы – лезде-ақ. Өз ісіне жауапкершілікпен қарамау, азырақ жұмыс істеп, көбірек ақша табу, мемлекет қаржысына қол сұғу, жемқорлық өрістейді. Жаман әдет, тұмау секілді, жұқпалы келеді. Қазір мансап үшін өзінен жоғарыдағыларға жағымпаздануды, олардың алдында құрдай жорғалауды шебер меңгеріп алған жігіттер көп. Мұның ар жағында жершілдік пен жікшілдіктің де құлағы қылтияды.

Жағымпаздар қоғамын жасап кетті

Қоғамның даму бағытын мемлекет айқындайды. «Парақорлық, жемқорлық, жең ұшынан жалғасушылықтың бастауында өзіміз – қарапайым халық тұр» деп те соғатындар бар. Мен бұған келіспеймін. Ол төменнен басталып жатқан жоқ, керісінше, жоғарыдан туындап отыр. Халықта басқа амал қалған жоқ, шаруасын тез бітіру үшін (жұмысқа тұру, пәтер алу, т.б. көп қой), амал жоқ, сондай әрекетке баруға мәжбүр. Қазір мектептер мен ауруханаларға ай сайын тексеріс келеді. Солардың 90 пайызы (бәрі демей-ақ қояйын) ақша жинап алады да, кетеді, яғни сол үшін ғана келеді. Мекеменің жұмысы шынымен ақсап жатыр ма, директор әлде бас дәрігер талай нәрсені былықтырып отыр ма, жұмыстары жоқ, қалтасын қампайтады да кетеді. Сол мектеп пен емхананың қарапайым қызметкерлері ай сайын комиссияға деп ақша жинауға мәжбүр. Осындай қоғам қалай қалыптасты, неліктен осылай болды? Мұның бәрінің бастауы – жоғарыда. Сол жақ әбден былыққан. Қазір министр, депутат, әкім, департамент басшысы, т.б. үлкенді-кішілі қызметтердің кәдімгі прейскурант-бағасы бар. Оны ашық айтып, «сол орын үшін сонша сұрады, амал жоқ, тауып бердім, бір-екі жылда шығарып алам ғой ол қаржыны» деп күліп отырғандарды бәріміз де көріп жүрміз. Қысқасы, «балық басынан шіриді».

Мәселен, мен өзімді, достарымды, бала-шағамды, туыстарымды пара алмауға-бермеуге, т.б. әділетсіздіктерге, қылмыстарға бармауға ықпал ете аламын деп ойлаймын (бірақ о байғұстардың беруге парасы да, ала қоятындай қызмет-лауазымы да жоқ). Бәлкім, журналист ретінде де, әліме қарамай, әділдік пен ізгілікке шақырғыш шатпақтарым арқылы көпшілік арасындағы кейбіреулерге де әсер етіп қалуым ғажап емес (олардың денінің де шама-шарқы белгілі)... Ал анау қаптаған шенеунік-министр, әкім-қара, басшы-қосшы, депутат-директор, т.б. былыққа батқандарға қалай әсер ете аламын? Олардағы (жалпы мемлекеттегі, билік, қызмет орындарындағы) ең кемі 30 жыл бойы қалыптасқан тойымсыз жебірлік психологияны қалай өзгерте аламын? Оларды өзгертуге, түзетуге, жақсы жолға салуға, «адам болмайтындарын» аластап, әділ де мықты билік командасын жасақтауға менен (сенен, одан, кө-ө-ө-өп олардан) гөрі президенттің ықпалы молырақ емес пе? Және ол сол ықпал мүмкіндігін пайдаланып отыр ма? Пайдалана алмаса, оған не кедергі?..

Бізде жағымпаздар көп. Әсіресе үкімет жақта, билік жүйесінде, әкімдік орындарда... (сол қызметтерге жете алмай жанталасып жүрген қаншама потенциальный жағымпаз бар!) Қайбір жылғы «Пәлен жерге елбасының есімін берейік!» деген сияқты жалпыш ұсыныстардың жиі шығатыны да сондықтан. Бұған аса таңқалуға да болмайды. Себебі...

Себебі осындай жағымпаздар қоғамын өз қолымен жасаған сол елбасының өзі...

Себебі сол елбасының өзі жұрттың қоғадай жапырылып жағымпазданғанын қалап тұратын...

Себебі елбасының өзі мақтаншақ еді...

Қанша жесе де тойғанын білмейтін мешкей секілді, даңққа құныққан адам да сондай тойымсыз болады екен. Біз сталинизмді «жеке басқа табынудың шектен шыққан үлгісі шығар» деп білдік, бірақ одан да сорақысы алдымызда екенін және оның өз арамыздан шығатынын болжамаппыз. «Халықтар көсемі» де осындай тойымсыз болса керек: Сталинград, Сталино, Сталинабад секілді қалалар болды, көптеген ескерткіштері қойылды, айтқан сөздері мен суреттері көрінген жерде ілініп тұрды... Ал қазір солар қайда? Сталинград – бүгінде Волгоград, Сталино – Донецк, Сталинабад – Душанбе... Ескерткіштер құлатылды, сөзі де, суреті де ұмытылды. Тіпті Ленинград пен Ленин ескерткіштері де жоқ қазір. Осының бәрін көріп өскен Назарбаев қалай ғана жеке басқа табынудың жаңа – «тәуелсіз нұсқасына» тыйым салмады? Неге ақылға келмеді? Тоқтаусыз мақтау-мадақтан санасы тұманданып, көзін шел басты ма?

Тыйым салмады. Өйткені өзі мақтаншақ. Өйткені өз алдына келгенде өзгелердің құйрығын бұлғаңдатып, құрдай жорғалауын, жалпылдап, жағымпаздануын өлердей сүйеді, содан рақат табады. Әйтпесе әу баста мұндай жағымпаздыққа қатаң тыйым салса, жағымпаздануды жақтырмайтынын білдіріп, шара қолданса, жағымпаздар да ақымақ емес, «қой, құрысын, кәріне ілігіп жүрерміз, тыныштық керек» деп бұ кісіден аулағырақ жүрер еді, өз тәсілінің өтпейтініне көзі жетер еді... «Мені жер-көкке сыйғызбай қолпаштай берсе екен, пір тұтып, табына берсе екен» деп тілеп тұратын «ауру» адамды мақтап-мақтап, мақсатына жетіп жүргендерді кейде түсінуге де болатын сияқты ма, қалай... Диагнозына сай емі де...

Ал енді біреудің өзіне жағымпазданғанын қалап тұратын, сондай көзіне мақтап, көлгірсігендерге тоқтау салып, тыйып тастамайтын, ел үшін сіңірген еңбегін бұлдап, соның өтеуі ретінде атын көшеге, қалаға қойып жатса, көзін бақырайтып қойып, тірідей ескерткішке айналдырып жатса, қарсы шықпайтын адамды кім деуге болады? Мұндай адамның моральдық-адамгершілік негізін, кісілік келбетін қалай бағалау керек? «Өзіне-өзі масаттану мен өзін-өзі дәріптеу – бақытсыздық, бұл қасиеттер адамды ақымақ етеді» деген неміс саясаткері Карл Либкнехттің сөзі рас екен-ау...

«Ұлық болсаң, кішік бол» деген бабаларымыз түк білмейді-ау, шамасы. Бүгінгілер «Ұлық болсаң, ұртың толғанша аса, үрім-бұтағыңмен біріге же» дейді...

«Елу жылда ел жаңа» – ештеңе емес екен. Ел отыз жылда-ақ құбылып шыға келеді екен. Осы отыз жылда қазақтың кісілік келбеті, болмысы, табиғаты қалай өзгеріп кетті, ә... Жақсы жағына емес бірақ... Тіпті қаршадай балалардың өзі бар шаруасын ақшамен шешетін жағдайға жетті... Бұған тойымсыздығымен қоймай, нарциссизм дертіне де шалдығып біткен адамның аузына қарап отыз жыл отырған өзіміз де кінәліміз...

Өмір мәні – тойыну мен киіну емес

Бізде қит етсе «халық өзгеріске дайын емес» деп шыға келетін әдет бар. Әлдебір саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалар жасау туралы сөз бола қалғанда билік басындағы тұлғалар, шенеуніктер сүйіп айтатын әңгіме бұл. Мұндай сөз қазір де ара-тұра айтылып қалады. Шын мәнінде өзгеріске дайын емес (дұрысын айтқанда, өзгеріс жасауға құлықсыз) жұрт – билік басындағылардың өзі. Әйтпесе халық қашанда дұрыс бастамаларды, игі идеяларды іліп әкетіп, қолдап отырады.

Мұның бір көрінісі – өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғы мен 90-жылдарының басындағы Қазақстан қоғамындағы ахуал. 1986 жылдың желтоқсанында бір сілкініп алған қазақ рухы содан кейінгі «жариялылық», «қайта құру» деп аталған аз-кем еркіндік лебін пайдаланып, еңсе тіктей бастады. Жер-жерде ұлттық-демократиялық ұйымдар құрылды. 1989 жылы оқуға түскен біздер үлкендерден жасырынып, «Азат», «Алаш» секілді сондай бірлестіктердің кешқұрым өтетін құпия жиындарына да барып қатысушы едік. Бәлкім, Сәбетқазы Ақатай бастаған ағалардың әріден толғаған терең ойларын ол кезде толық түсіне қойған жоқ шығармыз, алайда Мәскеуге бағыныштылықтан босау, ұлттық мемлекет құру, қазақ тіліне басымдық беру секілді ұрандарына құшырлана қол соғып, сөздеріне еліте құлақ қоятынбыз.

Сол уақыттағы қазақ баспасөзі де қазақ рухын оятуға көп еңбек сіңірді. Сол кездегі «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Алматы ақшамы», «Өркен» секілді газеттер мүмкіндігінше сірескен ресми сипаттағы материалдарды азайтып, ұлт мүддесін ашық алға тартқан өткір мақалаларды көбейткен болатын. Баспасөздің пәрмені, жұртшылық санасына ықпалы басым кезең ғой, сондай жарияланымдар газет-журнал беттерінде де, қоғамдық жиындарда да, шығармашылық кештерде де, әйтеуір бірнеше адам басқан қарапайым орталарда да қызу талқыланып, сөз болып жататын. Қоғамдағы кемшіліктер ашық айтылып, оларды жоюдың жолдары ұсынылып, баспасөз беті ұлттық мемлекет құру бағытындағы идеялардың нағыз қанбазарына айналған шағы еді. Сол уақыттағы билік басындағылар осы идеялардың бәрін болмай-ақ қойсын, тек тең жарымын ғана алып, дұрыс іске асыра алғанда, Қазақстан әлдеқашан нағыз ұлттық-демкоратиялық мемлекет болып отырар ма еді деп ойлаймын кейде.    

Бір жарым жылдан бері үздік-создық жүріп келе жатқан Украина мен  Ресей арасындағы соғыстың бір ұшы орыс тіліне барып тіреледі. Ресей билігі өзінің шовинистік пиғылын үнемі Федоров, Никонов сияқтылардың сандырағы арқылы бізге де білдіріп келеді. Қазақстандағы орыстардың жағдайын ойлағыш Путин орыс тілінің біздің еліміздегі осы пәрменділігі сақталғанын қалайды. Біздің билік қай мәселеде де әрдайым Мәскеудің қас-қабағына қарап отыратыны белгілі. Ал тіл мәселесінде тіптен! Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуін талап ететін тіл күрескерлері не үшін үнемі қуғындалады? Қуат Ахметов не үшін елден кетті? Себебі біздің билік Ресейге тәуелді. Солар ашуланып қалмасын деп жаны шыға жаздап, жан ұшыра өз азаматтарын қудалайды. Оларға қазақ тілінің жағдайын ойлау автоматты түрде орыс тіліне тыйым салу секілді көрінеді. ҚР Конституциясындағы 7-баптың 2-тармағын («Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады») алып тастай алмай отырғанымыз да сол себепті. Біріншіден, солтүстіктегі мазасыз көршімізден жасқанамыз, екіншіден, өзіміздің орыстілді билік те орыс тілінен оңайлықпен айрылғысы келмейді.

1991 жылдан бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде бұрын КСРО құрамында болған республикалардың көпшілігінде (бірінде батыл, бірінде баяу) отарсыздану үдерісі жүріп келеді. Сол елдердің көбі өздерін кезінде Ресейдің басып алғанын, орыс тілін үстем етіп, ұлт тілдеріне қысым көрсеткенін, жалпы қаншама жыл орыстың отары болғанын ашық айтып, енді ресми Мәскеудің нұсқауына бағынбай, еркін, азат, ұлттық мемлекет құрамыз деп алдарына батыл мақсат қойды. Тіпті отыз жыл бойы осындай саясат ұстанып келе жатқан Латвия, Эстония, Грузия, Түркіменстан секілді елдерде бүгінгі жас буын орыс тілін онша білмейді де. Ресейге жалтақтап отырған тек біз ғана сияқтымыз.

Ал Ресейде, керісінше, «отар елдерімізден айрылып қалдық, енді оларды қалайша қайтадан қол астымызға қаратамыз?» деген идеология кейінгі жиырма жыл бойына үзбей жүргізіліп келеді. Бүгінгі Мәскеу, жалпы орыс қоғамы Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Молдова секілді елдерді тіпті «тәуелсіз мемлекет» деп те санамайды, Ресейдің қолтығындағы баяғы кіріптар республикалар деп біледі. Бұл елдердегі орыс тілі басымдығының күшейе түскенін көксейді. Украинадағы соғыс қалай аяқталады – біздің тағдырымыз соған байланысты. Егер Ресей жеңсе, масайраған Путин жоғарыда аталған елдерге көз тіге бастайды. Ал украиндар басқыншыларды өз жерінен қуып шығып, масқараға ұшыратса, Путин тағынан айрылып, билікке дұрыс адам келе ме деген үміт бар.    

Біз әлі де әлемге ресейлік БАҚ-тың көзімен қарап келеміз. «Алма-ТВ» жинағында жүзден астам телеарна болса, соның кемінде 70-сы орысша сайрайды, Ресейден басқарылады. Әрине, оның бәрі саясат туралы айта бермес, бірақ экранымызды солар жаулап алғаны анық. Яғни телекеңістігіміз – әлі отарлаулы күйде. Сайттары мен ютуб-арналары тіптен көп. Қалалардағы аз-кем дүңгіршектерде толып тұрған ресейлік басылымдар. Кейбір коммерциялық телеарналарымыз «Наше кино» деген айдармен Ресей фильмдерін көрсетеді. Ақпараттық бағыныштылық деген сұмдық! Ресейде 89 әкімшілік-аумақтық субъект бар (облыстар, өлкелер, республикалар, автономиялы аудандар, т.б.). Мен кейде «Қазақстан – Ресейдің 90-шы субъектісі» деймін. Әрине, күйінгеннен.

Тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды ете білу бар. Осы жағынан келгенде, шамамен жаңа ғасырдан басталған бұрыс кетулер, рас, бізді де қынжылтты. Әлеуметтік жағдай ішінара дұрысталғанымен, адам ғұмырының, мемлекет өмірінің мәні тек тойыну мен киіну ғана емес екенін, ұлттық саясаттың, тіл саясатының, мәдени саясаттың ақсап жатқанын, тіпті керу кету басталғанын байқаған біз де баспасөз бетінде өз ойымызды білдіріп, пікірімізді айтумен болдық. Әлі де айтып-жазған боламыз. Негізінен әлеуметтік желіде. Бірақ бәрібір сөздің баяғыдай қауқары болмай қалды. Бәлкім, жоғарыдағылар сөзге құлақ аспауды жақсы меңгеріп алған шығар.

Сосын бізде кейінгі жылдары бәрін 1991 жылдан ғана бастайтын, одан бұрын жер бетінде қазақ болмағандай, болса да тек босып жүргендей, ештеңе істемегендей етіп көрсетуге құмар саясат белең алды. Рас, біз Кеңес Одағынан ресми түрде 1991 жылы бөлініп шықтық, бірақ оған дейін де КСРО құрамында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы өмір сүрді – сол кезеңде де ұлт ғылымы мен экономикасын, әдебиеті мен мәдениетін алға сүйреген қаншама жетістіктер болды. Өз заманындағы ықпалды мемлекеттер болған Алтын Орда мен Қазақ хандығына дейін тереңдемеген күннің өзінде. Сондықтан тәуелсіздік кезеңін тәспірлей отырып, одан бұрынғы өткенімізді, оның қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы алар орнын аласартпауымыз керек.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5490