Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 2794 0 пікір 16 Маусым, 2023 сағат 13:12

Өзгеге теңелудің де, асудың да жолы - өзіңді дайындау!

Сурет: CFP

Егемендікке қол жеткізген 30 жыл тарихи дәуір көшімен салыстырғанда өте қысқа уақыт, ал адам өмірінің ішкі мүмкіндік қуатымен салыстырғанда аз уақыт емес.

Елқарасы ілги беруде; өз ішкі мүмкіндік қуатынды дамыта тиімді жұмсап, отан, халық, ұлт үшін аянбай тер төге еңбектене берудің қай-қайсысын да ұлы дәуір көшлегі шетке қақпай ерте береді. Еру бір басқа да, озу бір басқа. Саналы адам еруді емес, озуды мақсат, озу үшін рухты қанат қылары хақ. Бұл үшін бізде әуелі, озық адами қасиет, сосын, бәсекелі дәуір талабына сәйкесе алатын ғылыми ұстаным қажет. Адами қасиет әр сала, әр кәсіп негізінде жіктеле көбейе береді, жалпылық тұрғыдан бізге ең қажеттісі адалдық, мейірімділік, ар-намыстылық және еңбекқорлық. Кімде-кімнің бойынан көліктің төрт доңғалағы іспетті осы төрт қасиет толық табылса, ол - отаны, халқы, ұлты үшін жұмыс істеуді өз өмір жолындағы аса маңызды міндеттердің бірі деп қабылдайды. Бұл ханға да, қараға да ұқсас азаматтық таным.

Адами қасиет санадан туып, рухпен өрлейді. Бұл философия іліміндегі түп қағида. Ендеше қазіргі таңда мемелекетімізде алға қойылып отырған «Жаңа Қазақстан» құру идеясын сана сарабына салып, рух безбенімен өлшеп көрейік. Жаңа Қазақстан құру идеясының авторы мемелекет басшысы Қасым-Жомарт мырза «Жаңа Қазақстан құру» стратегиясының саяси- экономикалық, қоғамдық маңыз-мақсатын, қажеттілігін және талап-басқыштарын жан- жақты қамти ортаға қойды. Үгіт-нәсиқат жасалды. Әуелі мемелекет шекарасының айналасындағы көршілік қатынастар ара мүмкіндіктер ізделді. Басқада әлем елдері ара сауда-экономика, ғылым-мәдениет, оқу-өнер алмастыру қатарлы көптеген қарым-  қатынастарға жол ашуға талпыныстар жасалып қаржы және ғылым-өнер көздері қаралып жатыр. Әрине, бәрі де қолдауға да, қол сала істеуге де татитын аса келелі мемелекеттік істер.

Қашанда үлкен ойдан туындап, ұлы мақсатқа құрылған мемелекеттік іс сыртқы байланыста мемелекет деңгейлі саяси қайраткерлердің, ішкі жақта әр деңгейлі қоғам қайраткерлерінің рөлі мен мемелекет құрушы ұлтты негіз еткен жалпы халықтық сананың оянуы, ұлттық рухтың көтерілуі, мемелекеттік мүдденің қорғалуы негізінде жәй-жәйімен қанат жая іске асады. Осы бір мемелекеттік ұлы мұратқа жету үшін ханнан қараға дейін өз мүмкіндіктерін арттыру жолындағы өз-өзін дайындау қазіргі мемелекет жағдайында ауадай қажет іс деп қараймын. Ойлау мен айту бір басқа да, нақты іс-қимыл бір басқа, ортаға салып отырған осы идеялдар бүгінгі қоғамдық өмір түйсіндірген ой-тұжырымдар. Мұны «қолдаймыз» деп ұрандатып, «қолсала істейміз» деп теориялық жақтан дәріптей беру нақты іс адамының қылығы емес. Ендеше нақты іске де тоқталайық.

Естігеннен көргенді, көргеннен нақты қол салып істегенді айту тыңдаушыға тың ой да, нақты әсер де бере алады. Бәріміз де осы мемелекетте жасап отырғаннан кейін осы елдің дамуына, қоғамының тыныштығына, ел іші-сырты береке мен орнықты бейбіт тұрмыстың қалыптасуына мүдделіміз. Мен ҚХР-сы Шынжаң өлкесінің Үрімжі қаласындағы «Шынжаң педагогикалық иниститутында» қазақ тілі мен әдебиеті, қытай әдебиет тарихынан арнайы оқып, ҚХР-ның астанасы Пекин қаласындағы мемелекеттік «оқу-ағарту әкімшілік иниститутынан» білім саласын басқару мамандығы бойынша білім тереңдетіп, өмірімнің қырық қанша жылын осы салада еңбектенген тәжірибелерім негізінде көз көріп, қол сала істеген өмір силаған даму құндылықтарынан мысал ала, тілге тиек қылып отырған «өз-өзін дайындаудың» маңыздылығы жәйлі сөз қозғағым келеді. Әр қандай ұлттың да, жеке адамның да өзіндік пүлісі да, минусы да болады. Мейлі, қай елде болса да, мемелекеттің дамуына, ел халқының кәсіптенуі мен әл-ауқатының көтерілуіне қажетті кейбір ұнамды ұмтылыстарды айтпаудың өзі де әділеттілікке жатпайды. Бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тұсында көтерілген Қытай қаржысы мен мамандарына сүйене «50-неше зауат салу» тұсы да, әсіресе, мемелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы ҚХР-ның байырғы астанасы Чаң- ан (Ши-ан) қаласындағы самитте қол қойылған 40-қанша келісімшарттан кейін де, ел ішінде Қытайға қарсы толқулар болып жатқаны белгілі. Мен осы жағдайға орай осыдан бұрынғы «Abai.kz-те» жариялаған «Батыл қадам бақ әкелгей» атты мақаламда мемелекет өз ісін дамытуда «қадағалау механизімі кемел, заңы әділетті; әр деңгейлі, әрсала басшылары жемқорлықтан құлан таза, мемлекет үшін істеу рухы жоғары; түрлі салада жалпы халық кәсіп көздерін ашып әл-ауқатын көтеруге бет алған елді ешкім де басып ала алмайды» деген мазмұнда көзқарасымды ортаға салып, оқырманмен ой ортақтасқан да едім. Осы мақаламда ҚХР-сы билік саласының ел басқару үрдісіндегі көз көріп, қол сала істеген мына бір-екі құндылықтармен де оқырмандарыммен ой бөліспекпін.

Басқару ісін өз саласының маманына ұстату

ҚХР-сы тарихы ұзақ, үзіліссіз дәуір ағымы барысында түрлі саяси толқулары көп, экономикалық даму кедергілері де аз болмаған, республиканың алғашқы көсемі Мау Зыдұң мырзаның алға басу жолында «қателікті өткізуден қорықпа, түзетпеуден қорық», «өткеннен тәжірибе ал, кейінгіге ғибырат ет» деген ғибыратты идеясымен әр дәуірде партия басшылық саласындағы қателіктерге батыл сын өрістетіп, түзетуге күш салып отыру арқылы ұлы жеңістерге жетіп отырған ірі мемелекет. Осы ұлы дәуір көшінде өз саласының мамандарына емес, адамдардың саяси майданы мен келіп шығуының (табының) таза болуын өлшем еткен бағытта әр сала басшыларын тағайындау солақайлықтары болды. Нәтижесінде ғылым да, техника да, өндіріс те өрге баспай, халықтың әл-ауқаты көтерілмеді. Осы солақайлықтан туындаған қателіктерді тура танып, тәжірибелерді қорыта білген билік басындағы ірі партия 1978 жылы 11-кезекті 3-жалпы мәжіліс шешімімен 80-жылдар басынан бастап, неше ондаған жылдар бойы әр жылғы толық орта мектеп бітіретін оқушылардың белгілі салыстырмасын мемелекеттік қолдаумен кезең-кезеңімен әлемдегі ең озық елдердегі халықарада аты бар ірі үниверситеттеріне оқуға жіберді. Әлемде аты әйгілі озық елдерді негіз ете, мамандар мен қаржы көздерін тартып кең көлемде жұмыс орындарын ашты. Сонымен қатар әр дәрежелі басшылық саласына лайықты өз мамандарын қоюды басты өлшем ете зор көлемдегі саяси реформа жасады. Әр салалы билік қолынан іс келетін, жұрт мойындаған іскер азаматтардың қолына жалпы халықтық сайлам немесе жалпы халықтық іңкәс жинау арқылы тағайындау жолымен өткерілгеннен кейін, жергілікті орын мүмкіндіктеріне қарай бір жағынан көптеген жұмыс көздері ашылды, тағы бір жағынан жәй диқан-малшылар мен кәсіп күткен жастарды қысқа мерзімді кәсіби курстар ашумен, өндіріс ошақтарының қажетіне бейімдей өз-өзін дайындау арқылы маманданған кадр тапшылығын алғашқы қадамда шешті. Нәтижесінде жалпы халықтың кәсіптенуіне кең жол ашылып, өндіріс дамыды, халық ауқаттану жолына түсті.

Мемелекеттік қолдаудың жалпы жұртқа тең, кең көлемде кәсіптенуге тиімді болуы

Мемлекет халықтың иесі, қамқоры және қолдаушысы да. Халық мемлекетті дамытушы, бақылаушы, қорғаушы рөлдегі алып қосын. Осынау келелі байланыс елді ел ететін де, дамытатын да басты түйін. Ең әуелі, мемлекет басшысында, сосын, әр деңгей, әр салалы басшыларда осындай мемлекетшілдік идея күшті болған елде даму да, әділеттік те, «өз- өзіңді силай алсаң жат жанынан түңіледі» дейтін атажолды қасиет те және өзге ел әріптестері мойындайтын, құрметтейтін абырой да болады. Мұның керісінше әр деңгей, әр салалы мемлекеттік билікті қара басының қамы, отбасы мен дарабилік айналасының ғана мүдде құралы еткен елде әр салалы дамудың да, халқының мемлекетіне деген сенімінің болуы да, өзара сыйластық қарым-қатынасының артуы да екіталай. Бұл басқару іліміндегі жетекші тұжырым.

Мемелекеттік қолдау осы тұжырым аясында жалпыға тең, кәсіптенуге әсіресе жол, су, електр т.б қатарлы түрлі инфрақұрылым қажеттіліктері тым көңіл көншітпейтін шет-шалғай өңірлердегі бұқараға тиімді болуды негізгі мақсат ете нақты мәселеге нақты шара табу көзделе жасалса, қашанда оңды нәтиже көрсете, жалпы жұрттың сенімі мен сүйіспеншілігін және жұмыс ынтасын арттырады. Бұл жағындағы үлгі де, өнеге де боларлық жанды мысалды және де көз көрген ҚХР-сынан келтірейін. ҚХР-сы коммунистік партиясының жоғарда атап өткен 11-кезекті 3-жалпы мәжілісінен кейін партияның тұтас ел көлемінде «есік ашу, реформа жасау» саясаты негізінде «жоспарлы шаруашылықтан базар шаруашылығына қарай бұрылыс жасау», «партия саяси иделогияны, үкімет экономиканы негіз ете басқарып, әр саланы өз кәсіби мамандарына беру» қатарлы мемлекеттік даму бағдарламасын ұсынды. Осы бағдарлама қысқа ғана 30-40 жыл көлемінде ҚХР-сының экономикасын кісі сенгісіз дәрежеде дамытты, мемлекет құдіреттенді, халық ауқаттанды. Әрине, артықшылық болған жерде кемшілік те болатыны да заңдылық. «Есік ашу, реформа жасау» саясаты аясында мемлекеттің біртұтас «ұлттық иделогиясына» қайшы шетел, әсіресе, еркін демократиясының ықпалымен ел ішінде жемқорлық пен төрешілдік, ұлттық бөлшектеушілдік пен діни экстремизм қатері шегіне жете асқынды. Мемлекет халқының жалпы бетті тең дамуына, әсіресе, мемлекет тұтастығына кесе көлденең болатын осы бір ең үлкен дертті дер кезінде көре де, жөнге сала да білген ҚХР-ның қазіргі мемлекет төрағасы Ши Жинпиң мырза шектен асқандарын ату, аяусыз түрмеде жазалау, қайда жасырынса да (шет ел асса да) қуып жүріп мемлекет қазынасын қайтарту, еңбек-өнер лагерлерінде өзгерту-тәрбиелеу қатарлы пәрменді шараларын қолданып, мемлекетті зор көлемде оңады. Сонымен қатар түрлі кәсіп көздерін ашуға тиімді саясат беру мен төмен өсімді және өсімсіз несиемен жұмыс істеуге ниеттенген жекелерді де, кәсіп орындарды да қолдау, өнер-білім, технология жақтарынан тегін тәрбиелеу, қашан жолға түсіп, аяғынан тұрып алғанша салықтан босату қатарлы мемлекеттік қолдау тебінін күшейте, жалпы халықтың өзін-өзі дайындауына кең жол ашты. Осындай әділетті де пәрменді шаралардың нәтижесінде әлемге әйгілі миллиард жарымға жуық халқы бар Қытай елі қайсыбіреулердің айтып жүргеніндей «кері шегініп» емес, әлі де жалпы бетті даму мүмкіндігінен айрылған жоқ. Қайта жалпы бетті тең дамудың екінші кезеңді ұлы қадамына құлаш сермеді. Бұл, әрине, елімізге жарқын үлгі, жарамды тәжірибе деп қараймын.

Атап өткеніміздей «саясаттық тиімділік», «қаржылық сүйемел», «қолданылмалы техникалық өнермен жетелеу», «салықтан босату» т.б қатарлы мемлекеттік қолдаулар, әрине, Қазақстанда да бар, амал нешік, біз цитата келтіріп отырған елдегідей «кімге беру, қалай берудің саясаттығы мен өлшем-талаптары» қатаң емес, тіпті «жариялылығын», «дұрыстап тиянақтануын», «соңғы нәтижесін» қадағалап отыратын механизім де күшті емес. Бізде «бүкпеге» бүркеніш боларлықтай аздағаны амалсыздан жай халық қолына тиеді-ау, шіркін! Өкінішке орай, ал қалған қомақты бөлек қойыртпақты «қонжуыр» бөгетінен өтуге қауқарсыз халде «шамтүбі қараңғылығынан» шыға алмай, жолы күдір, сенімділігі бұлдыр болып, «басы таудай болса да, аяғы қылдай» бола, созбақтала барып тоздыруды жай әдет емес, кәнігі тәсілге айландырып алғандай сезім тудырады...

Орынсыз «көпке топырақ шашу» да адам баласы оңайда бара қоймайтын адами қасиетке жат әділетсіздік екені де белгілі. Солайда ел егемендігінен бергі осынау жылдарда жері кең болса да халқы аз (халқы аз елдің, әрине, елді мекені де, шешуге тиісті түрлі мәселелері де аз болады ғой) ел халқының ең көрнекі «теледидар» атты осы заманданған электронды хабарына құлақ салсаң болды, құлағың құрышы қана, көзайым боларлық оңды хабар жоқтың қасы. Аталмыш теле хабарлары несімен есте қалып жатыр? Оған осыбір түйткілді сауалдар да жауап болар-ау:

Неге әлемге әйгілі кең далада жай халық тірлік қыларлық жер теліміне жарымай, шу көтеріп жатады; неге елді мекендерде жол, су, электр... тағы басқа инфрақұрылымдар келеңсіздігі осынау жылдар бойына жалғасқан таусылмас тақсіретті хабар көзіне айналып алды; неге жыл өткен сайын жақсарудың орнына «жемқорлық», «жұмыссыздық», «қымбатшылықтан» шаршаған бірбөлім жалданбалы халық жұмыс істесе жалақысын уағында ала алмай, істемесе жан баға алмай «күйелі» кредиттің тұтқынына айналу зары жыл сайын қайталана береді; неге көбі әкесіз, кейі шешесіз тірі жетім балалар мен қараусыз жалғыз басты ата- аналар, нашақор, құмарпаз, ұры, содыр-сотанақтар көбейіп барады; неге кең жер, аз халықта баспана зары осыншама мемелекет деңгейлі бас ауыруға айналып кетті; неге туып өскен жерін тастап жұмыс іздеп шет ел асатын адамдар қатары азаймайды?..

Ата-бабамыздан қалған «көрші ақысы - тәңір ақысы» деген сөз бар, екі алпауыт көршінің бірі барған сайын әлем халқына сүйкімсіздене, барған сайын өз көрін өзі қазып жатқандай қалып танытып бара жатқаны ащы да болса шындық. Ал енді, халқы көп, экономикалық қауқары бізден әлде қайда қалың, мемлекет қауіпсіздік қуаты мығым, ғылым-өнері барған сайын әлемдік өреде жаңару үстіндегі тағы бір алпауыт көршімен халықаралық заңды келісім шарттар, өзара дербес, теңдік, бейбіт мемлекеттілікке құрмет ететін әділетті саяси ұстанымдар негізінде сауда, экономика, ғылым-мәдениет, оқу-ағарту ауыс-түйісті достық байланыста болудан соншама неге алаңдаймыз, «барыспасаң-келіспейсің, алыспасаң-беріспейсің» дейтін аталы сөзіміз бар емеспе еді, ағайын?..

Біреумен жағаласпай араласудың да, егеспей теңесудің де жалғыз жолы – о баста айтқанымыздай саяси-заң, қоғамдық мораль, экономикалық қуат, ғылым-техника, мәдени-ағарту жеке бастық мемлекет мүддесіне сай жауапкерлік жақтарының қай-қайсысында болсын өз-өзімізді бүгінгі дәуір талабына сай дайындау ғана!

Жаддыға осыны мықтап түйіп өз-өзін не іске болса да дайындаған адам кіммен болса да берекелі, бейбіт, тең тұрғылы мәміледе достық қатынаста бола алады.

Жұмашәріп Шәһадатұлы, 

Жазушы, публицист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258