Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4213 0 пікір 3 Маусым, 2013 сағат 11:10

Тұрсын Жұртбай. Үндемей кету – шындыққа қиянат (жалғасы)

4.

 

Мұхтардың тағдыры хақында толғағанда, бұлтартпайтын, айтуға да, айтпауға да болмайтын, бірақ қалайда жауап берілуге тиісті шындықтардың ұшырасатынын жасырып қала алмайсың. Үндемей кету – шындыққа қиянат.

1938 жылы қаңтарда Б(б)КП Орталық Комитетінің пленумы «Партия ұйымының коммунистерді партиядан шығарудағы қателіктері, БК(б)П-ден шығарылғандардың шағымдарына формальді-бюрократтық көзқарас туралы және кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы» қаулысы шығып, соның негізінде жазалау науқанының бірінші легін ұйымдастырғандардың өзі «халық жауы» болып жарияланып, Ежовтың өзі де ұсталып, атылып кетті. 1938 жылғы наурыздағы «ССР Одағының Прокуратурасының» Бухарин бастаған оңшыл-троцкийшiл блогы туралы» шығарған үшінші қаулыға сәйкес Қазақстандағы соңғы үкім 1938 жылы тамыз айында Алматы қалалық партия жиналысында шығарылды. Онда Мұхаметжан Қаратаев әшкереленді. Өзін ұстап берген өзі одаққа мүше етіп алған екі адамның атын бізге өз ауызымен айтып, олар туралы жақ ашпау жөнінде уәде алып еді. Біз сол уәдемізді бұзуды әдепсіздікке санадық. Ал үш рет үйіріліп соққан «қара дауылдан» Мұхтар Әуезов және бір ақын ешқандай қуғын көрмей аман қалды. Қалай?

4.

 

Мұхтардың тағдыры хақында толғағанда, бұлтартпайтын, айтуға да, айтпауға да болмайтын, бірақ қалайда жауап берілуге тиісті шындықтардың ұшырасатынын жасырып қала алмайсың. Үндемей кету – шындыққа қиянат.

1938 жылы қаңтарда Б(б)КП Орталық Комитетінің пленумы «Партия ұйымының коммунистерді партиядан шығарудағы қателіктері, БК(б)П-ден шығарылғандардың шағымдарына формальді-бюрократтық көзқарас туралы және кемшіліктерді жою жөніндегі шаралар туралы» қаулысы шығып, соның негізінде жазалау науқанының бірінші легін ұйымдастырғандардың өзі «халық жауы» болып жарияланып, Ежовтың өзі де ұсталып, атылып кетті. 1938 жылғы наурыздағы «ССР Одағының Прокуратурасының» Бухарин бастаған оңшыл-троцкийшiл блогы туралы» шығарған үшінші қаулыға сәйкес Қазақстандағы соңғы үкім 1938 жылы тамыз айында Алматы қалалық партия жиналысында шығарылды. Онда Мұхаметжан Қаратаев әшкереленді. Өзін ұстап берген өзі одаққа мүше етіп алған екі адамның атын бізге өз ауызымен айтып, олар туралы жақ ашпау жөнінде уәде алып еді. Біз сол уәдемізді бұзуды әдепсіздікке санадық. Ал үш рет үйіріліп соққан «қара дауылдан» Мұхтар Әуезов және бір ақын ешқандай қуғын көрмей аман қалды. Қалай?

Керісінше, бухариншілер қуғындалған тұста жұрттың бәрі халық жауы болып тұтқындалып, атылып, жер аударылып жатқанда Мұхтар Әуезов 1938 жылы 26-маусым күні ҚССР Орталық Атқару Комитетінің президиумына – жолдас Өмірзақовтың атына өзінің «сотталды» деген айыбын жоққа шығару туралы өтінішін жолдады. Онда:

«1930 жылы қыркүйек айында ПП ОГПУ-дің Қаз ССР-дегі өкілдігінің шешімі бойынша «Алашордашыл қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты ұлтшылдық әрекетім үшін (58 баптың 7, 10, 11 тармақтары бойынша) тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында үш жылға – 1930 жылдың қазанынан бастап шартты кесіммен үкім шығарылды.

Менің тергеу ісімді өзге алашордашылардан бөліп алуына және шартты түрде сотталуыма өзімнің бұрынғы ұлтшыл өткенімді шын жүректен айыптауым, оны баспасөз арқылы («Казправда», 1932 жыл, 10 маусым күнгі №131 саны, «Еңбекші қазақтың» да («Соц.Қазақстанның – Т.Ж.) да сол күнгі саны) ашық мәлімдеуім себеп болды. Революция ісіне бұдан әрі шын жүректен беріле қызмет ету менің тереңнен түсінген өмірлік мақсатымнан туып еді. Содан бері, 1932 жылдың көкегінен бері мен кеңес жазушыларының қатарында өнер мен әдебиет майданында еңбек етіп келемін.

Осы жылдардағы менің атқарған істерім көпшіліктің көз алдында өтіп келеді. Нағыз төңкерісшіл жазушының мақсаты мен міндеттері менің де идеялық-саяси және қоғамдық-шығармашылық ісімнің мазмұнына айналды. Мен өз бойымнан пролетарлық төңкеріс ісіне деген құштарлық пен сенімді ояттым (таптым). Мен өзімнің ісім арқылы кеңестік социалистік мәдениеттің құрылысшылары қатарына нық қадаммен және мәңгілік қосылдым.

Сондықтан да ОАК-нен (Орталық атқару комитетінен – Т.Ж.): енді менен 1932 жылы сотталғаным туралы айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.

Сол үшін: 1/ Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мінездемесін 2/ Өткендегі сотталғаным туралы анықтаманы ұсынып отырмын. Әуезов М. (қолы). 26 /ҮІ -38 ж.»,– депжазған.

Орыс жазушыларының ішінде Сталиннің өзі ұнатып-ұнатпаған, идіріп-тартып жүрген Михаил Булгаков та мұндай тәуекелге бара алмаған. Сонымен қоса қарындашпен жазылған:

«1932 жылдан бастап менің қаламымнан ондаған кеңестік (тақырыптағы – Т.Ж.) пьесалар, бірқатар әңгімелер, зерттеулер жазылды. Сонымен қатар мектептерде қазақ әдебиетін оқытуға арналған мен жазған 6-класс оқулығы да бар. Қазақ академиялық театрында және облыстық театрларда менің: 1/ «Еңлік-Кебек», 2/ «Тас түлек», 3/ «Октябрь үшін», 4/ «Түнгі сарын», 5/ «Шекарада» (қорғаныс тақырыбына арналған), 6/ Менің аудармам арқылы: «Ревизор», 7/ «Ақсүйектер», 8/ «Любовь Яровая», 9/ Қазақстанның опера театрында «Айман – Шолпан», 10/ «Қалқаман – Мамыр» – атты пьесаларым қойылып жатыр. «Қалқаман – Мамырдың» либреттосы арқылы Қазақ опера және балет театрының тұңғыш балеттік қойылымының шымылдығы ашылмақ»,– деген анықтамасы да бар.

Шындығында да, ақылға сиымсыз қарама-қайшылық. Ажал оғына кеудесін төсеп кеңес өкіметін құрғандар атылып жатыр. Ал «нағыз алашордашыл, ұлтшыл, астыртын ұйымның белсенді қайраткері» өзін ақтауды ұсынады. Мұның себебін, ілгеріде М.Қаратаев айтқан Сталиннің кешірімімен ғана байланыстыруға болады. Тура сол күндері Мирзоянның өзі де «Герман-жапон шпионы болып әшкереленіп», оны мойындап жауап беріп, үкімі шығарылып жатқан. Тура сол күні кешегі жас ақындар Дихан Әбілев пен Әбділда Тәжібаев одақтың төріне шықты. Бұл екеуінің өжеттігі ме, жастығы ма, жоқ бүйірден түрткен түлен болды ма, әйтеуір М.Әуезовтің жоғарыдағы өтінішін қанағаттандыруды сұраған анықтама жолдайды. Бұл өтінішті жауапты хатшы Өмірзақов: «Бейсеновке», ал Бейсенов «3/ҮІІ-38 күні қорытынды пікір беру үшін ҚССР-нің Ішкі істер комиссариатына» жолдаған. Әрине, «халық жауын» әшкерелеуден және өздері «әшкереленуден» қолдары тимей жатқан Ішкі істер Халық Комиссариатының жағымды жауап беруге дәті шыдамайтын. Дауылдан кейінгі тыныштық орнап, ел есін жия бастағанда 1939 жылы 5-тамызда Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының хатшысы Ә.Тәжібаев Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы жолдас Қазақбаевқа:

«Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы (президиумы – Т.Ж.) осы жылдың 2/ҮІІ – күнгі отырысында 1932 жылы ПП ОГПУ-дің үкімімен 3 жылға шартты түрде сотталған ж.Әуезовтің мойнынан «сотталған» деген айыпты алып тастау туралы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады.

Жазушылар одағының мүшесі және жазушы-драматург, прозашы және қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ретіндегі жолд. Әуезовтің еңбегі Қазақстан жұртына барынша толық әрі кеңінен белгілі.

Ж.Әуезов өзінің өткендегі кінәсін соңғы 7,5 жылдың ішіндегі кеңес жазушысы ретіндегі қоғамдық пайдалы қызметімен толық жойды.

Жоғарыдағыны ескере келіп Қазақстан Жазушылар одағының төралқасы Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің президиумынан Мұхтар Әуезовтің «сотталғаны» туралы айыбын алып тастау туралы ұсыныс жасайды.

Қазақстан Жазушылар одағының төралқасының хатшысы – Ә.Тәжібаев»,– деп М.Әуезовтің өтінішіне қоса ілеспе хат жолдады.

Сонымен қатар 1939 жылы 13 тамыз күні Ішкі істер комиссариатына:

«1938 жылы 3 тамыз күні №129 қатынаспен жолданған ... Мұхтар Әуезовтің өтінішіне орай беретін жауаптарыңызды тездетуді сұраймыз»,– депсұрау салған.

Ол жылы да бұл мәселе кейінге ысырылған. Осы жылдары Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаевтің арасындағы түсіністік барынша қалыптанып, бір арнаға тоғысып, «Ақ қайың» атты пьесаны бірлесе жазуға алып келген. Араға төрт ай салып барып, яғни, 1940 жылы 20-қаңтарда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысы Т.Тәжібаев (мәтінде Ә.Тәжібаев деп қате кеткен. Сірә, Төлеген Тәжібаев шығар, өйткені ақын Ә.Тәжібаев ондай лауазымды қызметті атқармаған) Қаз ССР ішкі істер Халық Комиссариатының орынбасары жолд. Чирковқа:

«Қазақстан жазушылар одағы басқармасының президиумынынан жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтен «сотталған» деген айыпты алу туралы ұсыныстың келіп түсуіне байланысты біздің сіздерге қарата 3/ҮІІ-38 ж. жолдаған №129 және 13/ХІІ-39 ж. жолдаған №273 сұрауымызға әлі ешқандай жауап қайырылмағандықтан да, тездетіп жауап берулеріңізді өтінеміз»,– деген қатынас жіберген.

Мемлекеттік биліктің ынта көрсетуі орынды болатын. Өйткені «Абай» спектаклі аса жоғары деңгейде өтті. «Абай» романының бірінші кітабі жазылып бітті. Мұхтар Әуезовтің есімі бүкіл одақ деңгейінде танылып, беделі көтерілді. Ал оны «сотталған» жазушы ретінде таныстыруға ешкімнің батылы бармайтын. Сондай-ақ тиесілі атақ-абырой да бұйырмайтын, сайлау және сайлану құқы да жоқ, сол тұстағы бір қушыкеш тауып айтқандай, «мүсәпір жазушы» болатын. «Абай» спектаклінің абыройымен қанаттанған Мұхтар Әуезов енді бұрынғыдай тартыншақтамай, қаламын батыра қайыра өтініш жазды.

«Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің төрағасы ж. Қазақпаевқа

Кеңес жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Әуезовтен өтініш

«1930 жылы қыркүйек айында мен ОГПУ мекемесі тарапынан «Қазақ ұлтшылдарының» ісіне байланысты тергеуге тартылып, 1932 жылдың көкек айында тергеу аяқталған соң үш жылға шартты түрде үкім кесіліп, бостандыққа шығарылдым. Бұл үкімнің кесімді уақыты 1933 жылы қыркүйекте аяқталды. Ал мен 1932 жылы Қазақстан кеңестік жазушыларының қатарына өттім.

Міне, 24-жылдан бері драматург, прозашы және әдебиет тарихын зерттеуші ретінде әдебиет майданында еңбек етіп келемін. 1921 жылы жазылған менің «Еңлік-Кебек» атты тарихи пьесам осы күнге дейін барлық қазақ театрларында (академиялық және облыстық театрларда) қойылып келеді. Менің бұрынғы әдеби шығармаларымды былай қойғанда, соңғы тоғыз жылдағы мен атқарған істер партия-кеңес жұртшылығына жақсы мәлім.

1926 жылы Қазақ мемлекеттік драма (қазір академиялық) театры менің «Еңлік-Кебек» пьесаммен өзінің шымылдығын ашты, ал 1934 жылы қазіргі Мемлекеттік опера театры өзінің шымылдығын менің «Айман-Шолпан» атты пьесаммен ашты. Өздері жұмыс істегеннен бері осы театрлар және облыстық театрлар менің тарихи және қазіргі тақырыптарға жазылған көптеген пьесаларымды қойып келеді. Өткен 1940 жылы республиканың жиырма жылдық мерекесін академиялық драма театры Л.Соболевпен бірігіп жазған менің «Абай» атты пьесаммен атап өтті. Осы тоғыз жылдың ішінде мен көптеген әңгімелер мен повестер, оқу құралдарын жаздым. Қазір қазақ әдебиетінің классигі туралы «Абай» атты көлемді роман жазып бітіріп, баспаға ұсынбақшымын. Сонымен қатар мен аударған батыс Еуропа мен орыс әдебиетінің классиктері Шекспирдің «Отелло», Гоголдің «Ревизор», қазіргі кеңес жазушылары Погодиннің «Ақсүйектер», Треневтің «Любовь Яровая» т.б. пьесалары Қазақ театрларының репертуарынан орын алған.

Осыларға қоса мен қазақ әдебиетінің тарихы туралы тұрақты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін.

Жоғарыда көрсетілген өзімнің қоғамға пайдалы игі істерімді атап өте келе, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумынан – менің азаматтық арыма түскен қара дақ болған «Сотталған» деген айыпты алып тастауларыңызды өтінемін.

М.Әуезов. 1941 ж., 21 қаңтар.

Ескерту: менен сотталғаным туралы айыпты алып тастау туралы Жазушылар одағының бірінші ұсынысы мен мінездемесі және 1932 жылы шартты түрде кесілген үкімнің анықтамасы ҚССР Жоғарғы Кеңесінің «Кешірім жасау» бөлімінде жатыр».

Алғашқы өтініштей емес, бұл жолғы арыздың астарында салмақ бар. Сөйлемдері де, дәлелдері де нық. Жоғарғы Кеңестің сұратуымен 1941 жылы 19-ақпан күні Жазушылар одағы президиумының атынан Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, А.Тоқмағамбетов, Е.Хасанов қол қойған мінездеме жолданады. Мұнда М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаяны сыни тұрғыдан жинақтала бағаланғандықтан да қысқаша үзінді келтіреміз. Онда:

«Жолд. Мұхтар Әуезов – жазушы драматург, 1933 жылдан Қазақстан кеңестік жазушылар одағының мүшесі. Осы уақытқа дейін жолд. Әуезов қаламынан көптеген шығармалар жазылып шықты, соның ішінде ерекше көрінетіндері мыналар:

1. 1916 жылғы көтеріліс туралы жазылған «Түнгі сарын» пьесасы. Мұндай тарихи оқиғаны автор кеңес жазушысының көзқарасымен бейнелейді және оны кемелденген суреткер ретінде үлкен шеберлікпен суреттеген.

2. «Шекарада», пьеса, 1937 жылы шекаралық аудандардың колхоздарындағы қастандық әрекеттерді әшкерелеу тақырыбына арналған. Ол академиялық театрда қойылды, кезінде үлкен табысқа ие болды.

3. «Абай», пьеса, жолд. Соболевпен бірігіп жазылған. Пьеса тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Москваның камерлік театрында қойылуға дайындалып жатыр. Бұл шығарманың көркемдік құндылығы туралы орталық газеттерде тамаша пікірлер білдірілді («Известия» және «Лит.газета»).

4. «Абай», роман. Бұл романның бірінші кітабі (25 баспа табақ) аяқталып, баспа қабылдап алды. Роман, сөзсіз қазақ әдебиетіндегі, тек қана қазақ әдебиетінің емес, (кеңес әдебиетіндегі) көрнекті құбылыс болып табылады. Қазақтың ұлы ақыны Абай өмір сүріп, шығармаларын жазған ХІХ ғасырдың күрделі оқиғалары романда барлық қайшылығымен терең ашылған. Автор аса мол тарихи материалдарды еркін меңгерген және оқырмандардың назарын аударарлықтай көкейкесті шығарма боп шыққан...»,– деп«Абай» романына тұңғыш рет ресми баға берілген.

Бұдан кейін жазушының аударма, драматургия, театр, ғылыми зерттеу, фольклор, абайтану саласындағы еңбектеріне баға беріле келіп:

«Жазушылар одағының тапсырмасымен әр түрлі тақырыпта баяндама жасайды, жас авторларға, әсіресе, драматургтарға кеңес береді. Қазір жолд. Әуезов кеңес интеллигенциясы туралы опера театрына арнап либретто жазу үстінде, қазіргі тақырыпқа арнап пьеса жазу үшін 6 айға Балқашқа іссапар сұрап жүр»,–деп қорытындылайды.

Бәрі де дұрыс пайымдалған. Бірақ кешірім тағы да жасалмады. Бұл кезде тұлғалардың өз араларына да жарықшақ түсті. Тек Ғабит Мүсірепов қашанғы әдетінше екі жаққа кезек бұрылып қойып, екеуіне де ішін бермеді. Ә.Тәжібаев пен С.Мұқановтың арасынан «қара мысық өткелі» де бір неше жыл болған. Әсіресе, жас ақынның отыз сегізінші жылы «кәдімгі Сәбит Мұқановтың» өзін одақтан да, партиядан да шығарып, жария түрде «орынын басып қалуы» Сәбитті қатты түңілдірген еді. Енді ол Мұхтар Әуезовке ықтап, жазушылар арасында кәдімгідей қақпақыл топ құрды. Жоғарыда айтылған «үштік» іске қосылды.

Өйткені тыныштық – идеологиялық тыныштық кеңес өкіметіне жат болатын. Мұны екі идеологияны ұстаған тұлғалардың арасындағы «пәленше мен түгеншелер» араласқан:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Әуреге қалма езбеден, –

деп Абай айтқан кәдімгі «езбе әурешілік» әрекет еді.

Жайылып кетпеу үшін бұл мәселеге келесі тарауда тоқталамыз.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371