«Еңбек Ері» атандырып шығарып салу керек еді...
Қазақстан Республикасының президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
мырзаның назарына!
Иә, 71 жасында өмірден озған қабырғалы мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының доқторы, профессор Бердібек Сапарбаевты Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театырынан ақтық сапарға шығарып салған азалы күннен соң да зуылдап он күн өте шықты. Жиында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов; «Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың дүниеден озуына байланысты қайғыра көңіл айтамын. Бердібек Мәшбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажырлы қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», - деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының көңіл айту жеделхатын оқып, соңынан жеке Өзі мен Үкімет мүшелері атынан марқұмның туыстары мен от басына көңіл айтты ғой. Еліміздің тәуелсіздік тасын өрге сүйреуге өз үлесін қосқан қайраткерге қабырға қайыстырар бұндай тілек сол күнгі барлық республикалық басылымдар мен теле радиодан, марқұмның алғашқы күнгі Астанада өткен құдайы асы мен елінде өткен жетісі рәсімінде де ағын төгін айтылып жатты.
Бұл тілектерді неге қайта алға тартып отырмын. Мен Бердібекпен Бесарық ауылында бірге туып өскен ағасымын. Сыр Ананың адал сүтін еміп өскен Бердібек 1995 жылы қылшылдаған 42 жасында ҚР Министрлері кабинеті аппаратының басшысы қызметінен Қызылорда облысының әкімдігіне кетіп бара жатқанда сапарына сәттілік тілеп қызмет орнына кіргенімде; «Аға, туған облысқа басшылық ету тағдырға жазылған нәсіп болыпты. Сенім артып отырған ел басшыларына рахмет. Елде оншақты жыл партия жұмысында болдыңыз, тәжирибеңіз бар, Алматыға келіп теледидарда жауапты қызмет жасап жатқаныңызға да соншама уақыт болыпты. Енді сол туған жердің абыройын көтеруге бірге барып тірлік жасалық- деп қолқа салған еді. Творчестволық жұмысты мақсат тұтып отыз жасымда жеті баламды арқалап Алматыға әзер жеткен мен;
- Ей, Алпамыстың ұрпағы, сенің жолың менің жолымнан бөлек - мемлекеттік қайраткерлік қызмет. Бұл жолда өнеге тұтар жанды іздесең кезінде республиканы басқарған Сұлтанбек Қожанов пен Нәзір Төреқұлов, республиканың бес облысын басқарған Садықбек Сапарбаев (Мен бұл ағамыз туралы кезінде абыз-ақын Әбділлә Тәжібаевтың қатысуымен бір сағаттық видиофильм түсіргенмін), тіріден тұлға іздесең Мәскеуде отырған Нұртас Оңдасынов сияқты ел құрмет тұтар ағаларың бар. Әне, солардың өмір жолы саған нағыз өнеге, сол соқпақта бол, солар салған абыройлы жолды одан әрі жалғастыр...- деп рахметімді айтып Ақмешітке шығарып салған едім.
Бір таңқаларлығы - Бердібектің тіршіліктегі осылай басталған тағдыры, оны кілең ахуалы ауыр аймақтарға, күрделі қиын шептерге салды. Соған қарамастан барған жерлерінің бәрінде ол сол қиыншылықтарды жеңе білді. Мәселен, сол кезге дейін артта қалған Қызылорда облысының ел алдындағы еңсесі жедел көтерілсе, жылусыз қалған Оңтүстікке барғанда білтелі шамға қарап қалған халықтың шамы қайта жарқырады, елдің Шығысына барғанда жердің шырайын ғана кіргізгіп қойған жоқ, ұлттық мәселе ушығып тұрғанына қарамастан Лениннің ескерткішін бір күнде алып тастатып, орнына сыншы Бақыт Сарбала бауыры айтпақшы; «Адасып қалған Абайын қойып, қауыштырды...». Ал батысқа барған сапарында Ақтөбеде құдайын ұмытқан құдайсыз қытайларды қазақ жерінде қазақтың дегенімен, тілімен тірлік жасауына иліктірді. Қырғыз ағайындармен шекаралас Әулиеата жеріне де дүнген мен қазақ арасындағы лап еткен өртті өшіруге жетті ғой...
Бердібектің қайда жүрсе де осындай жан алысып жан берісер қызмет майданының басы-қасында болғанын бәріміз көрдік. Өзі басқарған бес өңірді ұршықша иірді.Оның осы тірлігін азаматтық көзімен көре білген, «Құмырсқаның тасқа басқан ізі Тәңірге аян екенін» қашанда айта жүретін, әліптің артын бағып бүгежектемейтін, жас та болса бас, бүгінгі күннің белгілі зиялыларының бірі, қатарынан оза шапқан белгілі ғалым Берік Жүсіпов; «Құм көрпенің астында қалған асыл сүйегі жапанға жалғыз қонып шыққанына міне жиырма төрт сағат болды...»- деп басталатын «Ой салатын ойран қаза» жоқтау реквиім мақаласында; «...Бердібек деген қара күйе жағып даттауыңа да «қолайлы», ретін тауып мақтауыңа да сия беретін ерекше тұлға. Өйткені, Жаңа қазақстанның, тәуелсіз мемлекет тарихының басында тұрған екі адам болса, сөз жоқ, соның бірі - Бекең, Бердібек Мәшбекұлы!»- деп ағасына лайықты бағасын берген екен. Тізе берсек осындай бағаны қаралы рәсімде сөйлеген қаншама ел ағалары мен Бердібекті ұстаз тұтқан шәкірттері, бүгінде ел басшылығында жүрген азаматтар да айтты. Бәрі де елге сіңірген ерен еңбегін айтады, бірақ еңбегіне орай берілмей қалған лайықты құрметті атақ Социалистік Еңбек Ерін беріп құрметпен шығарып салу мәселесінде келгенде тілдері кібіртектеп жатты...
Мен осы ойымды Бердібек қайтыс болған күні Астанаға жетіп, сонда ас рәсімін жүргізіп отырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен аста сөз алған мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов пен Қызылордалықтар атынан сөз алған ақсақал Бақтыгерей Досмамбетовтердің қолдарын алып тұрып; «Ас тізгінін өз қолдарыңа алып, өзгеге айтуға мұрсат бермедіңдер. Бердібекке Еңбек Ері атағын беріп шығарып салу керектігін көтермегендерің оңды болмады»- деген өз уәжімді айтып, әлі те болса жоғары жақтағыларға жеткізулерін өтініш еттім. Министр «қаза үстінде мұндай әңгімені көтеруге бола ма екен»- деген әңгіме шығарып еді, ұлтын сүйген ұлына қайғыра білген халық пен Үкімет өз құрметін өмірден өткен жанның қырқына, тіпті жылына дейін көрсетіп жатса үлкен сауап болатындығын да ескерттім.
Қазір, өз қара басына болмаса басқа біреу үшін шырылдап қимыл жасай қоятын заман болмай тұр ғой. Содан бері он күн өтсе де ол жақтан жылы хабар болмай жатқан соң, Бердібектің асыл сүйегі жапанға жалғыз қонғанда 24 сағаттан соң жоқтау жазған Берік інім сияқты, соны жалғастырып 240 сағаттан соң маған да осы уәжді жазып, айтуға тура келіп отыр. Несін жасырамыз, қазір елімізде кейбір әділдікті қажет етер нәрселер бір адамның қолдауымен ғана өз шешімін тауып жатыр ғой. Бұл орайда; «... осы жылы әдеби Мемлекеттік сыйлықтың іріктеуінде осы ғасырда өмірге келген ең озық дүниелердің бірі Тұрысбек Сәукетайдың «Желқайық» романының орынсыз өтпей қалуы - көңілінде алалық жоқ зиялы қауым үшін, көзі қарақты, ұлт мүддесін ойлайтын оқырман қауым үшін үлкен өкініш болар еді. Тұрысбек Сәукетайды лайықты сыйлығына жеткізу енді Сіздің қолда тұр деп білемін...» -деп алыстағы АҚШ- та жатқан қазақ әдебиетінің алып қайраткері Мұхтар Мағауиннің ел перезиденті Қасым Жомарт Кемелұлы атына әлем желі арқылы айтқан уәжі өз кезінде қолдау тапқаны есіме оралып мен де уәжімді ел басы назарына салғанды жөн көрдім.
Тәуелсіз еліміздің бес аймағын басқарып, Үкіметтің жалпыға емес, жалқыға ең қажет әлеуметтік саласының жетекшісі болып өмірден өткен Бекеңе берілер бұл Еңбек Ері атағы өз басына енді керегі де жоқ. Бірақ ел келешегі үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін өте қажет екендігін ұмытпайық. Туған халқының рухани дамуына риясыз еңбек еткен қайраткер, қоғамдық күштер мен билік институттары арасында үйлестіруші ұйтқы бола білген Бердібек осы атаққа лайық қазақтың нағыз марқасқа жігіт болып өмірден озды....
Бақтыбай Айнабеков,
Қазақстан қажылары діни бірлестігінің төрағасы, Ілімгер- жазушы
Abai.kz