Қазақстан-2024 факторы немесе біз қайда барамыз?
2024 жылдың бірінші тоқсанында, егер бәрі біз ойлағандай болса, Қазақстан халқының саны 20 миллион межесін бағындырмақ. Қазір оған 200 мыңдай жетпей тұр. Және сол жылы ақша бойынша біз 60/40 паритетіне қол жеткіземіз деп топшылауға болады - яғни халық жинағы жалпы қоржында 40% үлеске ие болады. Ол қалай болмақ?
Жалпы картинаны түсіндіре кетейін.
Қазір Қазақстан мемлекетінде 127,4 миллиард доллар бар. Оның ішінде, Ұлттық қорда 59,2 миллиард доллар, таза халықаралық резервте 33,5 миллиард доллар, еркін айналымдағы валютада 15,5 миллиард доллар, алтында 19,9 миллиард доллар жатыр.
Ал халықта 73,1 миллиард доллар бар. Оның 35 миллиарды зейнетақы қорында, 38,1 миллиард доллары банк депозитерінде қордаланған. Бір ескеретіні, халық жинақтары мемлекет жинағына қарағанда тез өсіп келеді. Ол ішкі тұрақтылыққа өте жақсы әсер беретін болады. Ал идеалды елде халықтың ақшасы мемлекет қаржысынан көп болуы тиіс. Біз соған бара жатырмыз.
Қазір, халық пен мемлекетті қосқанда бізде 200 миллиард доллар бар. Бар байлығымыз осы. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл жаман емес. Біз әрине, бай мемлекет емеспіз. Ортанқол және көштен қалмадық деп айтуға болады.
Бір қуанарлығы, сіз бен біздің елімізде бәрі жақсы болады. S&P 2026 жылға дейін, жыл сайын экономикамыз 4% өсіп отырады деген болжамын нақтылады. Ол Теңіз кенішінің өз қуатын ұлғайтатынына байланысты. Дәл осы кезде, БҰҰ 2026 жылға дейін мұнайға деген сұраныс 23%-ға көбейеді деп болжап отыр. Мұнайды көбірек өндіреміз және оны лайықты бағаға сата аламыз.
2030 жылы Маңғыстауда гидроген (жасыл сутегі) өндіріп, оны Еуроодаққа сатуы тиіс Sveving Group басшысы Вольфганг Кроп 50 миллиард доллар инвестициясын жинап үлгерді. Және жобалау жұмыстарын аяқтап, барлау фазасына кірісті. Сол себепті, Германияның федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескеннен кейін, үкіметаралық делегацияға Вольфганг Кропты да енгізген болатын. Кроп Маңғыстауда Қазақстан Премьері Әлихан Смайыловты күтіп алып, ритуалды кнопка басқызды. Барлау келесі жылы бітеді, сонымен Hyrasia One жобасының құрылысы басталады.
Инвесторларға ғана сеніп, ішкі отандық кәсіпкерлікті ұмыт қалдыру үлкен қателік болар еді. Бұл ретте бар үміт - Үкімет бастаған демонополизацияға артылып отыр. Кезінде Отбасыға жақын топтар бүтіндей бір салаларды (қант, мұнай-газ, көмір) еш бәсекелес келмейтіндей қылып буып тастаған болатын. Ол отандық бизнесті таза деградацияға ұшыратты. Егер демонополизация қарқынды және дұрыс бағытта жүретін болса, біз оның нақты жемісін 2026 жылдары жейміз.
Қазақстан - перспективасы мықты мемлекет. S&P, Дүниежүзілік банк аналитиктері әр сөзін салмақтап, терең зерттеуден кейін ғана айтады. Сондықтан, сіз бен біз ертең күліп оянатын боламыз.
Айбар Олжаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz