Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Депутаттық сауал 2907 1 пікір 30 Маусым, 2023 сағат 13:31

Назарбаевтың нөкерлері халықты әлі де қанап жатыр

ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен
Алматы облысының әкімі
Марат Сұлтанғазиев мырзаларға депутаттық сауал

Біз – депутаттар мына жақта ақ тер-көк тер болып, Қазақстан халқынан ұрланған, талан-таражға түскен активтерді елге қайтаруға қатысты заңды қабылдап жүргенде, Алматы жақта «ескі» Қазақстанның Назарбаевтан қалған жебірлері мен жемқорлары қарапайым халықты қанауды жалғастырып жатыр. Нақтылап айтқанда, назарбаевтар әулетінің өкілдері – Нұрбол Болатұлы Назарбаев, Қайрат Сатыбалды мен Ахметжан Есімовтің нөкерлері және «Қаңтар генералы» Серік Күдебаев Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауытының ұжым мүшелеріне пайға берілген жерді көпе-көрнеу тартып алған.

Бұлар пайшылардың 274 гектар үлесін өз адамдарының атына құрылған Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге рәсімдеп, Қазақстанның заңын озбырлықпен бұзған. Екі мыңнан астам пайшылардың заңды үлесін «ИЖС»-қа айналдырып, оның едәуір бөлігін сатып жіберген.

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Осы орайда менің қолыма тиген барлық құжаттардың көшірмесін сіздің атыңызға жолдаймын. Алматы облысы мен Қарасай ауданының прокуратура органдарынан әділет таппай, озбырлықтың құрбаны болған, шырылдаған халықтың қағазға тамған көз жасын оқып көріңіз. Бас прокурорлық құзырлы міндетпен бірге, таза азаматтық ниетпен көңіл қоятын болсаңыз, «етегіңіз жасқа толады», бұл көпе-көрнеу қиянаттың жай-жапсарына көзіңіз әбден жетеді деп ойлаймын.

Сондықтан мен жалпы салмағы 40 килограмм болатын құжатта жазылған мән-жайды тізбектеп, депутаттық сауалдың мардымсыз уақытын рәсуә етпейін. Пайшылар арызынан қысқаша ғана бір мысал келтірейін (Әминаның арызы).

Менің ендігі айтпағым – осы қылмысты қиянаттың саяси астары. Саяси дейтін себебім – жазықсыз елдің заңды жерін тартып алған осы озбырлардың кланы мен олардың жандайшаптары Қарасай ауданында әлі де сайран салып жүр. Жергілікті прокуратура мен полиция зарлаған халықтың емес, тойымсыз, тажал кланның мүддесін қорғауда.

Пайшыларға араша түскен адвокат Ләззат Жапашеваны және бұрынғы «Каменка» асыл тұқымды мал зауыты қызметшілері кооперативінің төрайымы Әмина Жеңісбекованы «алаяқтық жасады» деген жалған айыппен екі айға қаматып тастады. Пайшылардың наразылық шағымын жазып, жоғарғы органдарға ұжым атынан арызданып жүрген Абылай Қожа деген жігітті үйінен ұстап әкетіп, абақтыға тыққан.

Кооператив пайшыларының сот пен әділеттілік орнатуға қажет құжаттарын Қарасай ауданының полицайлары мен прокуратурасы тартып алып қоймасын деп, жасырып жүрген Мәлік Ұзақов деген азаматқа іздеу жарияланып, ол бүгінде бассауғалап, қарасайлық полициядан тығылып жүруге мәжбүр болған.

Ай мен күннің аманында үлеске берілген жерінен айырылған пайшылардың өкілдері, жиыны 20 шақты адам, әділет іздеп, арашаға түсуді сұрап, екі ай бұрын маған Астанаға келген еді. Олар назарбаевтар кланы талан-таражға салған жерден «қалған 274 гектардың жартысын мемлекетке қайтарайық, бізге жартысын заңдастырып берсе болғаны» деп, жергілікті билікпен компромиске баруға дайын екендіктерін мәлімдеді.

Құрметті Марат Елеусізұлы!

Мұны мен сізге арнап айтамын. Пайшылар өз үлестерінің тең жартысын мемлекетке қайтаруға құлықты. «Біз өз пайымыздың жартысын Алматы облысының Жер комитетіне беруге дайынбыз, тек біздің заңды үлесіміз назарбаевшылардың жемсауында кетпесе болғаны. Ал жердің екінші жартысын заңды иелері рәсімдеп алуына мүмкіндік тудырсын» дейді пайшылар.

Мен зар илеген пайшылардың осы ұсынысын ҚР Президент әкімшілігінің басшылығына жеткіздім (құдайға шүкір, билікте елдің мұң-зарын тыңдайтын азаматтар бар екен, Ерлан Қошанов мырзаның көмегімен Президент әкімшілігі басшыларының бірінің қабылдауына кірдім), қалыптасқан заңсыздықтың мән-жайын айтып, ертең ереуілге шығайын деп отырған екі мыңнан астам адамның талабын насырға шаптырмай, Қарасай ауданынан тыс аймақтың прокуратура қызметкерлерінен арнайы комиссия құрып, саяси шешім қабылдап, пайшылардың компромистік ұсынысын қарастыруды сұрадым. (Ереуіл демекші, нақақ жаламен қамауға алынған желтоқсаншы Ләззат Жапашеваны қорғап, елдегі желтоқсан ұйымдары да наразылыққа шығуға қамдануда).

Содан бері бір жарым ай өтті. Президент әкімшілігі пайшылардың ісін сөзбұйдаға салғаннан басқа ешбір іс бітірмеді. Ал мен болсам бұл жер дауын дабырасыз және ереуілсіз шешуге жәрдем жасаймын деп, наразы үлескерлерді сабырға шақырып, тоқтатып келдім. Бұдан ары пайшыларды алдарқатқандай бола алмаймын. Сондықтан қолымнан келетін соңғы амалым – депутаттық сауал жолдап, назарбаевшылар нақақ жасаған қиянатты жариялауға мәжбүр болып отырмын.

Дегенмен, құрметті мырзалар, әлі де кеш емес. Президент Тоқаевтың әділетті және «жаңа Қазақстан» құру саясатына нұқсан келтірмеудің мүмкіндігі түгесілген жоқ.

Ол үшін:

Асылов мырза!

А). Сіз өзіңіздің арнайы өкіліңізді («спецпрокурорды» немесе арнайы прокурорлық комиссияны) Қарасай ауданына жіберіп, қалыптасқан жағдайдың күрмеуін шешу үшін тексеру жүргізіп, пайшылардың талабын тыңдауға;

Ә). Қарасай аудандық прокуратурасы мен полициясы үлескер азаматтарға жасап жатқан қиянатты қысымды тыюға;

Б). Қамауға алынған азаматтарға таңылған айыптың ақ-қарасын анықтап, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоюға құлықты болсаңыз – болғаны.

Марат Елеусізұлы мырза!

Сіз өз өңіріңізде шырылдап жүрген тұрғындардың өкілдерін қабылдап, олардың үлес пайын 50 де 50-лік нұсқамен тең бөлу жөніндегі ұсынысын тыңдауға зауықты болсаңыз – болғаны.

Мен бұл мәселенің әділетті түрде шешілуі үшін, бұл жер дауын аяқсыз қалдырмаймын! Егер бұл мәселе тағы да назарбаевшылардың мүддесіне шешіліп, жер иелері зарлап қалатын болса, ел Президентіне дейін барамын!

Бұл – саяси шантаж емес! Бұл – әділет үшін айқас болады! Тоқаев мырзаның әділетті Қазақстан құру идеясына жәрдем жасаймыз десеңіздер, озбырлықты оздырмауға жәрдем жасаңыздар, мырзалар!

Ермұрат Бапи,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

1 пікір