Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2034 3 пікір 4 Шілде, 2023 сағат 16:09

ШЫҰ жиыны: Тоқаев не деді?

Бүгін Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен  Шанхай ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалық еткені үшін Үндістан Республикасының Премьер-министрі Нарендра Модиге алғыс айтты.

«Сіздің еліңіз ұйымымызды дәйекті дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты.

Бүгінгі саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқықтық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді. ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын және көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді. Осы ретте әріптесіміз Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Беларусь Республикасының да біздің Ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын.

Осы жағдайды пайдалана отырып, әріптесіміз Президент Александр Григорьевич Лукашенконы кеше өткен Беларусьтің Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бауырлас белорусь халқына амандық, бақ-береке тілеймін. Бірнеше күннен кейін Өзбекстан Республикасында президент сайлауы өтеді. Құрметті Президент Шавкат Миромонович Мирзиёевке осы маңызды шараны табысты өткізуге тілектестік білдіремін»,-деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Ұйым алдындағы маңызды міндеттерді атап көрсетті. Мемлекет басшысы еліміз ШЫҰ-ға төрағалық еткен жылдары «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса назар аударғанын айтты.

«Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын жаңартуға күш салуымыз керек.

Бұдан бөлек, Қазақстан ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-қимыл бағдарламасын қабылдауды ұсынады. Бұл шаралардың бәрі тұрақтылыққа және ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті жүйелі түрде күшейтуге септігін тигізеді. Ауғанстандағы дағдарысты еңсеруге арнайы назар аударған жөн болар еді. БҰҰ-ның үйлестіруімен ауған халқына көрсетілетін көмекті жалғастыру маңызды.

Сондықтан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аумақтық орталығын ашу жөніндегі біздің бастамамызға тағы да тиісті деңгейде назар аударуды ұсынамыз. Осы аса қажетті құрылымға сіздер қолдау көрсетеді деп сенемін. АӨСШК-ті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру процесін бастауға қолдау көрсеткені үшін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге арнайы ризашылығымды білдіремін»,-деді мемлекет басшысы.
Президент көлік-транзит әлеуеті ШЫҰ-ның басым бағыты болғанына қарамастан, 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге аспағанын айтты.

«Осыған байланысты Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын»,-деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Ұйымға энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз ету жұмыстарына назар аудару керек.

«Біз аталған мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстанда ШЫҰ-ның Энергетикалық форумын өткізуге дайынбыз. Бұл саладағы ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты талқылау елдеріміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін бірлескен әдістер әзірлеуге мүмкіндік береді»,-деді мемлекет басшысы.

Президент цифрлық теңсіздікті жоспарлы түрде азайту ұйым қызметінде нақты басымдыққа айналуға тиіс деп санайды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы «экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес. Өкінішке қарай, су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейгенін байқап отырмыз»,-деп экология мәселесіне көңіл бөліп, шешу жолдарын атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызына тоқталды.

«Елдеріміз бен халықтарымыздың арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм. Дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ кеңістігі әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Мұны мойындау керек.

Қазақстан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Былтырдан бастап елімізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Бұл шара мемлекеттеріміз арасындағы туризмді дамытуға ықпал етеді»,-деді президент.

Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынды.

«Осыған орай «ШЫҰ-ның киелі орындары» жобасын қолға алуды ұсынамыз. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстандағы әлемдік маңызы бар осындай киелі орын саналады. ШЫҰ-ның «Алтын Орда және оның мұрасы» атты конференциясы аясында осы ортағасырлық сәулет өнерінің ұлы ескерткішінің таныстырылымын қасиетті Түркістан шаһарында өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды шара елдеріміз арасында анағұрлым тығыз гуманитарлық байланыстар орнатуға ықпал ететініне сенімдімін»,-деді президент.

Тоқаев Ұйым мүшелерін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін келесі саммитіне қатысуға шақырды.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364