Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 2925 7 пікір 22 Шілде, 2023 сағат 14:09

Соғыстың біткенін өлгендер ғана көреді - Платон

Бірнеше күн бойы ежелгі грек философы, данышпан Сократтың шәкірті, Аристотельдің ұстазы Платонмен (б.д.д.427-б.д.д.347) «ауырдым». Қазір менің алдымда оның «Философские наследие» сериясымен жарық көрген «Диалоги» атты кітабы мен төрт томдық шығармалар жинағының 1-томы жатыр.

Платон – шығармалары бүгінге дейін неғұрлым толық жеткен бірден-бір көне философ. Данышпанның терең мағыналы сөздері қазақ ойшылдарына да игі әсерін тигізген. Абай, Тұрмағамбет, Міржақып аталарымыз оның есімін ілтипатпен «Аплатон» деп атап отырады. Тіпті олардың кейбір ой-түйіндері ұлы ойшылмен үндесіп, сәйкесіп жататыны да қайран қалдырады.

Сіздердің назарларыңызға философтың кейбір афоризмдерін қазақ тіліне аударып ұсынып отырмын.

ПЛАТОН
(б.д.д. 427 – б.д.д. 347).

АФОРИЗМДЕР

Махаббат – жүйкені тоздыратын дерт.

Ойлау – жанның өзімен бірге алып жүретін тілі.

Кез келген адам ғашық болған кезде ақын болады.

Саясатқа араласқысы келмейтін ақылдыларды өздерінен де ақымақ адамдар басқарып жазалайды.

Біз өзгелердің бақытын ойлай отырып, өз бақытымызды табамыз.

Ақымақ адамды екі нәрсе арқылы тануға болады: ол өзіне пайдасы жоқ нәрселерді көп айтады және өзінен ешкім сұрамаған нәрселерді айтады.

Өлімнен қорқу – адамның бойында жоқ даналықты өзіне таңу, яғни білмегенді білемін деп елестетуден басқа ештеңе емес. Өйткені өлімнің не екенін, тіпті адам үшін ең үлкен нығмет болуы мүмкін екенін ешкім білмесе де, оның зұлымдықтардың ең үлкені екенін анық білгендей, одан қорқады. Бірақ білмегенді білемін деп елестетудің өзі ең масқара надандық емес пе?

Өлім адамның басына түсетін ең жаман нәрсе емес.

Біздің әрқайсысымыз екі бөлікке бөлінген адамның бір-бір жартысымыз. Сондықтан әркім әрқашан өзіне сәйкес жартысын іздейді. Демек, махаббат – тұтастыққа шөлдеу және соған ұмтылу.

Ешкім де кездейсоқ жақсы адамға айналмайды.

Басына бейнет түскенде адамдар тек өздерін емес, тағдырды, құдайларды және басқалардың бәрін кінәлайды.

Ең үлкен зұлымдық – жанның нәпсіқұмарлығы кезінде құмарлықтың үстемдік құруы.

Музыка бүкіл әлемді шабыттандырады, жаныңа қанат бітіреді, қиялдың ұшуына әсер етеді; музыка дүниеде бар нәрсенің бәріне өмір мен шаттық сыйлайды... Оны барлық әдемі және керемет нәрсенің көрінісі деп атауға болады.

Биліктің ырқына төтеп беретін адам жаны жоқ.

Астрономия адам жанын жоғарыға қаратады және бізді бұл әлемнен басқа әлемге бастап апарады.

Ізгілік – денсаулық, сұлулық, жан саулығының бір түрі, ал азғындық – ауру, берекесіздік [масқара] және әлсіздік.

Соғыстың біткенін өлгендер ғана көреді.

Барлық даналықтың негізі – сабыр мен төзім.

Егер сұрақ дұрыс қойылса, кез келген сұраққа жауап беруге болады.

Қараңғыдан қорқатын баланы кешіруге болады. Ал өмірдің нағыз трагедиясы – ересек адамның жарықтан қорқуы.

Меніңше, ақыл-есі дұрыс әр адам әрқашан өзінен артық біреудің қасында болуға ұмтылады.

Кітап – үнсіз ұстаз.

Әділетсіздікке шыдаудан гөрі әділетсіз әрекет еткен жаман.

Кедейлік – байлықтың азаюы емес, ашкөздіктің артуы.

Қажеттілік – барлық өнертабыстардың анасы.

Демократия тиранияға айналады.

Махаббат – ұзаққа созылатын ауыр жұмыс.

Жаппай надандық ең үлкен сор емес: нашар меңгерілген білімнің жинақталуы одан да жаман.

Маңызды істерде байсалды болу керек, ал жеңіл-желпі істе байсалдылық керек емес.

Ер адамдардың үш түрі бар – даналықты ұнататындар, абыройды ұнататындар және марапатты ұнататындар.

Жақсы адам – басқа біреуге ізгілік жасауға қабілетті адам.

Қандай істе де ең маңыздысы – қалай бастау.

Тәрбие – жақсы әдеттерді бойға сіңіру.

Жүзден – батыр, мыңнан дана шығады, кемел адам жүз мыңнан да табылмауы мүмкін.

Ақылды адамды теріс қылық жасағаны үшін емес, болашақта істемеуі үшін жазалайды.

Маған сыпайылығыңызды көрсетіңіз, ал мылжыңдығыңызды басқа кезде көрсетесіз.

Әйел – адамзаттың тағы бір бөлігі, шындығында ол өзінің әлсіздігіне байланысты жұмбақтау және айлакер болып жаратылған.

«Теңдік достықты тудырады» деген ескі мақалдың шындығы бар.

Жақсы басталған іс – жартысы біткен іс.

Бұл әлемде ешнәрсе артық күш жұмсауға лайық емес.

Ешқайсымыз ажалсыз болып туған жоқпыз, егер бұл біреудің басына түссе, көп адамдар ойлағандай ол бақытты болмаған болар еді.

Барлық мемлекетте әділеттілік бірдей нәрсе болып саналады, атап айтқанда, өкімет үшін қолайлы нәрсе әділеттілік деп есептеледі.

Жігіттердің ең жақсы тәрбиесі, шын мәнінде, олардың өзі ұсынғанында емес, басқаларға ұсынған нәрсені өз өмірінде айқын түрде жүзеге асыруында.

Сүйген адам өз ғашығынан да гөрі құдіреттірек, өйткені онда Құдайдың рухы бар.

Кімде-кім тек шеберлікке ғана сеніп, Музалар ғибадатханасына шабытсыз кірсе, оның жолы болмайды және оның тәкаппар өлеңдері ақымақтардың жырлары алдында көмескі тартады.

Сөйлеген сөзі жақсы һәм көркем болу үшін сөйлеуші шешеннің ақыл-ойы сөйлейтін сөзінің шындығын ұғындыруы керек емес пе?

Үміт – ояу жанның түсі.

Уақыт – мәңгіліктің қозғалатын бейнесі.

Ақыл-есі дұрыстардың туындысы құтырған біреудің туындысының көлеңкесінде қалады.

Ұят – абыройсыздықтан алдын ала қорқу.

Құдай әрқашан геометр болып қалады.

Ақылдан адасу адамзатқа ең үлкен нығметтерді берді.

«[Мемлекеттер ішінде] бір-біріне жауласатын екі мемлекет бар: біреуі – кедейлер, екіншісі – байлар; олардың әрқайсысында тағы да көптеген мемлекет бар.

Ең тәтті нәрсе – шындықты есту.

Гректер Жерорта теңізінің жағасына батпақты айнала қонған бақалар сияқты қоныстанды.

Ең жақын достық, ежелгі данышпандардың пайымдауынша, бір-біріне ұқсас адамдардың арасында болады.

Сан әр нәрсенің мәнін құрайды.

...Өмірдің барлық трагедиясы мен комедиясында <…> қайғы мен ләззат бір-бірімен араласады.

Тәнге көз қандай керек болса, жанға білім сондай керек.

Үлгілі мемлекеттерде әйелдер де, балалар да ортақ болуы керек, олардың барлық тәрбиесі ортақ болады.

Эроттың қолына түскен әрбір адам, тіпті сол уақытқа дейін ол музалармен таныс болмаса да, ақынға айналады.

...Құдайлардың ешқайсысы философиямен айналыспайды және дана болғысы да келмейді, өйткені құдайлар онсыз да дана; ал жалпы, дана адам даналыққа ұмтылмайды. Сондай-ақ надандар да философиямен айналыспайды және дана болғысы келмейді.

Егер арифметика өнерін алып тастаса, өнер деп аталатын басқа өнерлерден бірде-біреуі қалмас еді, олардың бәрі мүлдем жойылып кетер еді.

Таңдану <…> философияның бастауы.

Тәрбие қандай болғаны жөн? Дегенмен, ерте заманнан бері келе жатқан тәрбиеден жақсысын табу қиын: яғни, дене үшін – гимнастикалық білім, ал жан үшін – музыкалық тәрбие.

Философияға шын берілгендер, шын мәнінде, тек бір нәрсемен – өлу һәм өліммен ғана айналысады.

Киприда музаларды қорқытты: «Әй, қыздар! Киприданы құрметтеңдер!»

[Соғыс] соғысып жатқан кезде жеке және қоғамдық сор мен бейнеттің негізгі көзі болып табылады.

Адамдар екі сордың бірін таңдауға мәжбүр болғанда, кішісін таңдау мүмкіндігі болса, ешкім де сордың үлкенін таңдамайтыны анық.

Әрбір некеге қатысты бір өсиетті есте сақтаңдар: әр адам өзіне ғана емес, мемлекетке пайдалы неке құруы керек.

Эллиндер варварлардан алғанының бәрін жетілдіретінін мойындауымыз керек.

Аударған Байбота Қошым-Ноғай

Abai.kz 

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394