Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзгелер 2927 1 пікір 24 Шілде, 2023 сағат 11:55

Қытай сапары: Көрген-білгеніміз жайлы екі ауыз сөз...

Алматы, Астана қаласынан әр саланың өкілдерінен 15 адамдық үйірме маусым айының 17-сінен 29-на дейін ҚХР-дың Шинжаң (Xinjiang) автономиясы мен Шандұң (Shandong) өлкесіне саяхат және зерттеу, тәжірибе алмасу сапарымен барып қайтқан болатын.

Алыс-жақындағы елдердің кейбір нақты, ұтымды басқару жүйесі еліміздің өркендеуіне өз септігін тигізер ме екен деген марқа көңілмен көріп білгенімізді оқырман қауыммен бөліссек деп едік.

Іленің Құлжа қаласындағы 6-көше, «Қазаншы» деп аталатын байырғы қаланың тарихынан сыр шертетін әйгілі орындарына бардық. Мұнда аталған орындардың дерегі жылнамалар бойынша арнайы тақтаға ойып жазылған, әрі арнаулы қызметкерлер бүге-шігесіне дейін қалдырмай таныстырады. Көп мағлұматқа қанық боласың. Кейбір тарихи деректерді жазып алып, суретке түсіріп дегендей өзіміз де әбігерге түсіп жүрміз. Біздің Құлжа қаласын аралағандағы байқағанымыз тарихи орындардың, құнды мұрағаттардың жақсы сақталғаны болды.

Ертеңінде қазақ жұртының ата қонысы, кіндікті мекені – Күнеске бет алдық. 147 мың қазағы бар бұл аудан Қытайдағы қазақтар ғана емес, әлемдегі қазақтардың ең үлкен ауданы. Біз алдымен Иінжар деген шағын қыстақты араладық. Мұнда да саяхаттап жүрген көп қауым. Шағын қыстақтағы қазағы бар, басқа ұлттары бар, тұрғындар аулаларын әр-түрлі үлгімен жабдықтап, мейман қабылдауға сақадай сай тұр. Мұнда сәл аялдап, атақты саяхат орны Наратқа бардық. Табиғи болмысы бұзылмаған тұмса табиғатты көрсең таң қаласың. Қоршаған орта өте қатаң қорғалған. Нараттан түскі асты ішкен соң тағы суыт жүріп, әйгілі Ақөзен жайлауына жол тарттық.

Мұнда қазақ өмірінен мағлұмат беретін театрланған қойылымдар, ақындар айтысы, ән-күйлер дегеніңіз аспан аясын кернейді. Ұшы-қиырына көз жетпейтін Ақөзен аумағында қазақтың ақ ордалары тіптен көп. Атқа мініп саяхаттайсыз ба, қыз қуарға шығасыз ба, ат үстінен теңге ілесіз бе, бәрі бар. Қазақтың ұлттық тағамынан жеп-ішуіңізге де мүмкіндігіңіз мол. Таң қаларлығы бәрі де қол жетімді, шарықтап тұрған баға жоқ. Қонақ көп. Бұнда өзімнің танымалдығымды біліп, бір марқайып қалдым. Мені көрген қалың қазақ бір дүрлігіп қалды. Менің осында келгенімді қыз-жігіттер сәулетті сахнадан жариялап та жіберді. Естелік суретке түсіп, сұхбат құрып жатқан қандастарда қисап жоқ. Сапарластарым мені күтіп көп аялдады. Мерейімді үстем еткен ел-жұртымнан айналайын! Ыстық ықыластарын көргенде көзіме жас та келді. Жүрегі елжіреген, жанары мөлдіреген қазағымды қимай аттандым. «Қайрылып қаршағадай мойным талды...» деген халық әнін іштей қайталап, қол бұлғап ұзай бердім...

Іле алқабында екі күн болып, Құлжадан Үрімжіге ұштық. Үрімжі әуежайында екі сағат аялдап әлемге аты мәшһұр Қашқарға самғадық.

Қашқар – алыс-жақынға аты мәлім байырғы шаһар. Махмұд Қашқари, Шоқан Уалиханов секілді ірі ғұламалардың ізі қалған, осы қала туралы айта қалсын еңбектер жазған шежіреге бай өңір. Біздің үйірме ең алдымен Қашқар қаласымен тансудан сапарын бастады. Көне қаланың әр мүйістері тарихты ішіне бүгіп қана үнсіз жатқандай. Әппаққожам мазарының салынғаныны биыл 383 жыл болған екен. Қытай патшасына жар болған оның жиен немересі Жұпархан (Ифархан) ханымның туған үйі, өскен ордасыын көргенде көп ойларға берілдік. 27 000 студенті, 1831 ұстаздар мен қызметкерлері бар «Қашқар Университеті» алып аумаққа қанат жайған. Автобуспен аралағанның өзінде біраз уақытың кетеді. Университет ректоры Мәмтимин мырза бірге жүріп таныстырды. Осы оқу онының құрлыстары көрген адамды таң қалдырады.

Келесі сапарымыз Пәйзауат ауданына жалғасты. Құмды, шөл далаға орналасқан осы ауданда жер сілкінісі болған. Бұрын онша дамымаған кедей аудандардың қатарында. Әріресе ауыз су мәселесі бұдан бұрын тым ауыр болған. Оның дәлелі жергілікті тұрғындар жер үстіндегі иоды кем сапасыз ауызсуды бірнеше ұрпақ бойы амалсыз тұтынған соң боғағы (зоб) салбыраған тұрғындар адам шошырлық жағдайда өмір сүрген. Осыны зерттеп білген үкімет сонау Памир үстіртінен таза ауыз суын құбырмен тартып, Пәйзауаттың барлық ауыл-қыстақтарына, тұрғындардың үйлеріне дейін ауыз су жеткізген, су құбырының жалпы ұзындығы 4500 шақырым. Өңір тұрғындары әлгі құбыжық ауырудан ада-күде құтылған. Біз мұны Пәйзауат ауданының Терім ауылы Бақыт қыстағына барғанда білдік. Халқына жаны ашитын үкімет осылай болады, деп іштей ойладық та қойдық.

Көнешәрі ауданына барғанымызда ауылшаруашылығы өнімдерінің алуан түрі сол жерде өсіріліп, өңделіп, шартарапқа жөнелтілетініне куә болдық. Көнешәрідегі ботаникалық бақтың өзі ұлан-қайыр. Музыка аспаптарының мұражайы мен шеберханасын шағын қалашық десе болатындай. Қашқар аймағы 11 қала мен ауданнан құралған. Мұның ішінде Ташқорған Тәжік автономиялы ауданы бар. Халық саны 4.5 миллион. 92 пайызы ұйғырлар.

Шандұң өлкесі. Қытайда экономикасы қарқынды дамыған алдыңғы үш өлкенің бірі. Сары теңізбен жүлгелес жатқан Жинан қаласының табиғаты да, ежелгі орындары да жақсы қорғалған. Патшалардың сарайлары, серуен бақшалары дегеніңіз көркімен көз сүріндіреді. Сұң дәуірінде, 1290 жылдары салынған көне мешіт Жинан қаласының орталық бөлігінде. Көбіне дүнгендер келіп құлшылық жасайтын көрінеді.

Қытайлардың аса құрметпен атайтын Тай шан тауы да осы аумақта. 9 миллион тұрғыны бар бұл қалада тым қарбаластық байқалмайды. Нән қалада қайшалысып жүрген адамдар мен көліктердің қарасы сирек. Әр кім өз жұмысымен болып, көшеде қайшалысып жүретін уақыттары бола бермейтін секілді. Біз Сары теңізге салынған 41 шақырымдық ғажайып көпірді де осында көрдің. Көпір құрлысы әрі таң қаларлық әрі сұсты. Құрлықтан алыс кетіп, ұшы-қиыры жоқ телегей теңіздің ортасымен кетіп бара жатқанда басыңыз айналады. Ертеңінде Жинан қаласынан автобуспен Чүй фу (Qufu) қаласына екі жарым сағатта жеттік.

Чүй фу қытайлар үшін атағы жер жарған киелі өңір. Жаңа эраның 479-551 жылдары өмір сүрген ойшыл, ғұлама – Кұң зының (Kong zi) кіндік қаны тамған жер. Кұң зының, тағы бір есімі – Кұң фу зы. Орыстардың Конфуций деп жүргені сол. Бізге осы өңірдің тарихы мен Кұң зының өмірбаянын таныстырған Кұңзының 75 ұрпағы болды. Бірнеше оқу орнын тамамдаған білімді азамат көрінеді. Ежелгі қытай ойшылының тұқымы ғой деп естелік суретке түстік. Бір байқағанымыз, Чүй фуға қытайдың түкпір-түкпірінен құйылған саяхатшылардың нөпірі қалың. Өздерінің әулиесіне тауап етіп келіп жатқан секілді. Чүй фуға бір түнеп алған біздер ертеңінде әйгілі порт қала Чиңдауға (Qingdao) келдік. Порт қала Сары теңіз арқылы мұхитқа тұтасады. Жүк кемелері, алып лайнерлер қайшалысады. Бір күн Чиңдау қаласын араладық. Мұнда заманауи құрлыстар көөөп. «Шаңхай ынтымақтастық ұйымының» салтанатты сарайлары осында. 1903 жылы неміс технологиясымен бой көтерген Чиңдау сыра зауытының (TSINGTAO BEER) әрі мұражайға айналғанын көрдік. Шандұң өлкесінің аталған үш қаласындағы сапарымыз аяқталған соң, ішкі моңғол автономиясының орталығы Кокхот қаласына екі сағат аялдадық. Моңғол үстіртіне орналастырылған жел энергиясының құрылғыларын аспаннан көріп өттік және оның сан-санақсыз екеніне таң қалғанымыз бар.

Түйін:

Ірі қалалар мен ауыл-қыстақтың дамуында тым алшақтық жоқ десе болады. Құрлыс нысандары, жолдары, ауыз су арналары, энергия желілері, әлеуметтік салалардың барлығы жаңа үлгіде.

Дихандарға жақсы жағдай жасалған, көп мүмкіндіктер қарастырылған. Ауыл шаруашылығымен айналысатындар, дақылдар еге ме, жеміс-жидек өсіргісі келе ме, әлде түрлі орман көшеттерін отырғыза ма, Үкімет олармен келісімшарт жасап, алдын ала субсидия төлейді. Өнімді күзде мемлекет сатып алады. Дихандардың өнімін өткізе алмай қалатын кездері мүлде жоқ.

Саяхат істеріне айырықша мән берілген. Қызмет көрсету, ас мәзірі, қонақ үйлер өте арзан бағада. Ешкім өз бетінше бағаны өсіре алмайды. Істеген жұмыстарына кең жол ашуды биліктен талап ете алады.

Қалалар мен кенттердегі үлкен алаңқайлар күндіз өз қызметін көрсеткенімен, кеште базарға айналып кетеді. Тек қана қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, тазалық ақысын төлесеңіз болғаны. Бірінен кейін бірі келіп, әурелеп жатқан түрлі мекемелердің тексерушілері көрінбейді.

Барлық тұрғындар қызмет көрсету орталықтарына, әкімшілік мекемелеріне барып кезек күтпейді. Басшылар мен таныстар іздеп әуре болмайды. Тек қана телефон жүйесі арқылы істі тындырады. Қабылданған шешім компютерлік база да сақталып қалады. Болды.

Түрлі банктердің несие беру тәртібі оңтайластырылған. Өсім 5–7 пайыз мөлшерінде. Әрине кепілдік талап етіледі.

Сөз соңында айтарымыз, тек көргеніміз бен білгенімізді, ойға түйгенімізді жанымыздан жарты сөз қоспай қағазға түсірдік.

Дамыған ел болса да, дамымаған ел болса да мың естігеннен бір көрген жақсы ғой. Отанымыз – Қазақстанды әлемдегі жан-жақтылы дамыған елдердің қатарынан көргіміз келетіні бәріміздің көкейтесті арманымыз.

Қайрат Құлмұхаммед

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401