«Қазақ тілі» қоғамы: Ұйым түбегейлі өзгеруі керек!
2021 жылы тіл жанашырлары мен осы жолдағы күрескерлердің бастамасымен және талап етуімен өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VІ Құрылтайында қоғамдық бірлестіктің басшылығы өзгеріп, ұйым жұмысы біршама жанданғанымен, толыққанды іс-шаралар жасалған жоқ.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысына әкім болып кетті, облыстық филиалдардың жаңадан сайланған төрағалары Орталық кеңеске мүше болуы керек болса, бұл да жүзеге аспады, кеңес жұмысы божырады. Төралқада ұйым жұмысын жандандыруға атсалыспайтын мүшелер де болды және төралқа уақтылы шақырылмады. Ал қазақ тілінің ахуалы болса күннен күнге әлсіреуде. Бұл өзекті мәселенің кілті – мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру, қолданысы аясын арттыру. Бұл орайда «Тіл туралы» жаңа заң қабылдаудан бастап үкіметтік, парламенттік деңгейде шешілуге тиіс жайлар бар. Сол себепті «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандырып, сол мәселелерді шеуді қоғам болып талап етпесек, билік тіл мәселесіне басын ауыртқысы келмейді.
Қоғамның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат өңірлердегі филиал төрағаларының атынан ҚР-ның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қаринге хат жазып, онда: «Бізді, барлық өңірлердегі «Қазақ тілі» қоғамының өкілдерін, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанына 34 жылға аяқ басса да әлі өз деңгейіне көтеріле алмай жүрген жағдайы алаңдатады. Тәуелсіздік алған елімізде қазақ тілінің мұндай күйге түсуіне, біріншіден, жоғарғы саяси биліктегілердің ұлтжандылық танытпауы әсер етсе, екіншіден, тіл мәртебесін көтеру мақсатында арнайы құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» ұйымының соңғы басшылары еліміздегі ұлт жанашырларын ұйыстыруға қауқарсыз болғаны себеп болды деп есептейміз.
2021 жылдың 26 қарашасында біздің бастамамызбен сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың қолдауының арқасында Қоғамның 10 жыл бойы өтпеген ҮІ Құрылтайы Түркістан қаласында өткен болатын. Онда Қоғамның жаңа Президенті мен оның екі орынбасары, Төралқа, Орталық Кеңес мүшелері сайланып, ұйым жұмысы аз да болса жандана бастады.
Бірақ былтыр Қоғам президенті Б.Әбдіғалиұлы Ұлытау облысына әкім болып кетуіне байланысты Құрылтайда алға қойылған мәселелер аяқсыз қалды. Қазір тіл жанашырлары әлеуметтік желіде ұйымның бары, жоғы белгісіз деп Қоғам жұмысын қатты сынға алуда.
Осыған байланысты біз Сізден «Қазақ тілі» қоғамының ҮІІ Құрылтайын жедел түрде өткізуге көмек жасауыңызды сұраймыз. Онда Қоғамның Құрылымдары мен басшыларын қайта сайалануы керек», – делінген болатын. Өйткені бізде азаматтық қоғам әлі орнықпауына байланысты қоғамдық ұйымдар өз жұмысын жарғыға сәйкес жүргізе алмай, жоғарғы билік органдарымен келісуге мәжбүр болуда.
Нәтижесінде шілденің 21-де қоғамның кезектен тыс Құрылтайы Астанада өтті. Құрылтайға дайындық барысында арнайы жұмыс тобы құрылып, ол ұйымдастыру мәселелерін талқылап, Қоғам басшылығы мен құрылымдарына біршама өзгеріс әкелді.
Құрылтайға қоғам Президенті Берік Әбдіғалиұлы онлайн қатысып, екі жылға жуық уақытта атқарған жұмысына есеп берді.
Берік Әбдіғалиұлы өзінің орнына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды.
Осы жерде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті Рауан Кенжеханұлы жайлы толық мәлімет бергеніміз жөн болар. Рауан Кенжеханұлының қоғамдық жұмыс, мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік, дипломатия, журналистика, технологиялық бизнес саласында мол тәжірибесі бар. Ол 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметке дейін Маңғыстау облыстық телекомпаниясының директоры, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде бірінші хатшы, сондай-ақ, «Хабар» агенттігінің Мәскеу бюросының жетекшісі болған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Халықаралық қатынастар» мамандығын тәмамдаған. РФ үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясынан MBA дәрежесін алған. 2010-2011 жылдары Гарвард университетінің Weatherhead Center for International Relations орталығының арнайы бағдарламасы бойынша білім алған.
Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Құрылтай жұмысын жүргізуді қолына алған Рауан Кенжеханұлы делегаттар мен қатысушыларды өз өмірбаянымен таныстырып, күн тәртібіне сәйкес жұмыс тобы ұсынған қоғамның Орталық кеңес, Төралқа мүшелерінің жаңа құрамымен және екі вице-президенттің кандидатурасын дауысқа қойды.
Дауыс беру нәтижесі бойынша құрамы 51 адамнан тұратын Орталық кеңес, солардың ішінен 21 адам Төралқа мүшесі болып сайланды. Олар:
1. Аңсат Сәдуақас Әбдіқадырұлы – Қызылорда облыстық филиалының төрағасы.
2. Әшімжан Жанарбек Садықанұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
3. Әбдіғалиұлы Берік – Ұлытау облысының әкімі,
4. Әбенов Мұрат Абдуламитұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
5. Иса Қазыбек Жарылқасынұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
6. Сарым Айдос Әміроллаұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
7. Елубай Смағұл Абатұлы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы.
8. Заитов Ринат Рифхатұлы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
9. Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
10. Құлкенов Мереке Әбдешұлы – ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасы.
11. Құрманбайұлы Шерубай – Қазақстанның ҰҒА-ның академигі, ф.ғ.д.
12. Қамзабекұлы Дихан – «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы.
13. Мусин Бағдат Батырбекұлы – ҚР цифрлы даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі.
14. Салжанов Исламбек Төлеубайұлы – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы.
15. Тастекеев Дулат Тұрсынұлы – TAS Group компаниясының басшысы.
16. Тоқашбаев Марат Бәйділдаұлы – «Президент және халық» газетінің бас редакторы.
17. Тлешов Ербол Ердембекұлы – ҚР ҒжЖБМ-і Тіл саясаты комитетінің төрағасы.
18. Фазылжанова Анар Мұратқызы – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры.
19. Шалабаев Құсман Кәрімұлы – Алматы қалалық филиалының төрағасы.
20. Осман Асылы Әлиқызы – Қоғам қайраткері, «Мемлекеттік тілге – құрмет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
21.Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы – белгілі тіл жанашыры, қоғам қайраткері.
Сонан соң Құрылтай делегаттары және елге танымал зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салды.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Тіл төңірегінде айтылмаған сөз қалмады ғой, енді тек сөзден іске көшетін заман туды, ағайындар. Сондықтан мен тек ұсыныстарымды ғана айтқым келеді. Осыдан 3-4 жыл бұрын бүкіл Қазақстан әкімдіктерінде Тіл басқармалары болатын. Сол басқармалар жойылды, кейбірі бөлімге айналып кетті. Содан тілге орай жасалатын жұмыс сұйылып кетті, мемлекеттік тілдің рөлі төмендеді. Енді сол әкімдіктердегі тіл басқармасын қайтадан қалпына келтіруіміз керек деп айтар едім.
Бізде қазір тіл мәселесі, тіл кеселі тереңдеп кетті. Содан кейін, әрине, ағымдағы заң ескірді. Осы 30 жылдан бері тіл, тіл деп халықтың зарлап келе жатқан себебі осы заңның жұмыс істемеуіне байланысты болды. Ендеше мемлекеттік тіл туралы дербес заңның қабылданатын уақыты жетті. Жылдың аяғына дейін осы мақсатқа жету үшін, осы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы басын тауға да, тасқа да ұруы керек деп ойлаймын. Бұл заңды түзетпей, істің мәні болмайды, тілді түзете алмаймыз.
Содан кейін мемлекеттік бір іс-қимыл жасайтын уақыт келді. Көріп отырсыздар, күні кеше Қырғыз президенті мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін қаулыға қол қойды. Ендеше бұл Қазақстан үшін кешіктірмейтін ең бір тарихи қадам болғалы тұр. Осы қырғыз ағайындардың бастамасын біз де іске қосуымыз керек. Осы жолда біздің «Қазақ тілі» қоғамы күндіз-түн демей жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Әсіресе Парламент депутаттары.
Содан кейін «Қазақ тілі» қоғамы тек тілмен ғана шектелмей, сол тілді дамытатын мәдениеттің салаларын да қолдап, белсенділік танытса дейміз. Мысалы, Президент өткен Құрылтайда бүкіл Қазақстан дүкендерінде сатылатын кітаптың 10 пайызы ғана қазақ жазушыларының кітабы екенін айтты. Бұл не деген масқара, ағайын?! Міне, осындай нәрселерге қазақ тіліне тікелей мәселелерге біздің қоғам тікелей араласуы керек.
Содан кейін мектеп балаларының тілін шығаратын қазақ жазушыларының кітаптары жетпейді. Президент сөзінде балаларға арналған қазақ әдебиетін көптомдық етіп шығаруды тапсырды ғой. Осыған да біз атсалысуымыз керек. Содан кейін қазақтың тілін дамытатын тағы бірнәрсе – киномотография саласы. Осыған да біз шамамыз келгенше араласып отыруымыз керек. Әлі күнге дейін қазақ балаларын тәрбиелейтін кинолар жоқтың қасы. Жақында санап көрсек, 60 жылдың ішінде қазақ балаларына арналған, мықты үш ғана кино шыққан екен. Неге балаларға арналған киностудия ашпасқа. Сондықтан бұл «Қазақ тілі» қоғамының күрес кеңістігін кеңейтуіміз керек деп ойлаймын.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
– Қазір біз ақпараттандыру доктринасын қабылдадық. Сол доктринаның негізгі міндетінің бірі – құндылықтарымызды ұлықтау, жалпы қоғамдық санаға мемлекеттік тілді, біздің қазақ тілін енгізу, тұғырына қондыру, ақпараттық қауіпсіздігімізді сақтау. Осы бағытта жұмыстар басталып кетті. Бізге мемлекет басшысы жалпы ақпарат саласындағы заңды өзгертуге тапсырма берген, сол бойынша жақында, білесіздер, онлайн платформа және онлайн жарнама туралы заң қабылданды. Бұл заңның негізгі қағидатының бірі – бүкіләлемдік алпауыт компаниялардың, соның ішінде: Meta, Instagram, TikTok, Google, YouTube және басқа да бүкіл үлкен компаниялардың интерфейсын қазақшалау. Жұмыс басталды, қазір елімізде өкілдіктері ашылған үлкен, алпауыт компаниялар интерфейстерін қазақшалап жатыр. Біз Netflix, Apple, Google-мен және басқалармен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Заң күшіне енгеннен бастап, бәріне міндеттеледі. Бұл қазақ тілінің халықаралық деңгейде өрісін кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Екіншіден, заңнамалық тұрғыда тағы массмедиа заң жобасы қазір мәжілісте қаралып жатыр, оның негізгі бізге беретін тұсы – бұған дейін баспасөзде тіл 50/50 болып келгенін білесіздер. Оны өзгертіп, қазір 70/30 деп жатырмыз. Бұдан былай, мына жаңа заң бойынша еліміздегі барлық ақпарат, еліміздің бүкіл массмедиасының тілі 70% қазақ тілінде болуы міндеттеледі.
Қазір қазақ тілі туралы доктрина әзірленіп жатыр, сол доктринаға ақпаратты қазақ тіліне басымдылық беру туралы біз өзіміздің ұсыныстарымызды енгіздік. Сонымен қатар, Ақаңның сөзі бар ғой «Ел боламын десең – эфиріңді түзе» деген. Шын мәнінде, тілдің тұғырға қонуы үшін эфир, массмедианың тілі өте маңызды. Осында аға буын журналистер отыр, көптеген массмедиа өкілдері отыр. Заңның әрі қарай орындалуы бізге байланысты, журналистерге де байланысты, сонымен қатар жалпы қоғамға да байланысты. Қазірдің өзінде, «Қазақстан» 100%, «Балапан» 100% тек қана қазақ тілінде қызмет көрсетеді, оны білесіздер. Оны 20-дан астам мемлекет сатып алады.
Қырғыз депутаттары «Балапан» арқылы біздің тіліміз қазақша шығатын болды» деп айтқаны белгілі. Бүкіл Орталық Азия елдері, түркі елдері біздің анимацияға, мультфильмдерімізге үлкен сұраныспен қызығушылығын танытып отыр. Әзербайжанға, басқа да тамырлас елдерге қазақ тілінде анимация жасау бойынша біз үлкен жұмыстар жүргізіп отырмыз. Сонымен қатар, біздің сериалдарымыз ТМД елдерінде алғашқы орынға шықты. Жалпы, елімізде жылына 60-тан астам сериал түсіріледі. Сол сериалдардың негізін біз қазақ тілінде беруге басымдылық беріп отырмыз. Сол арқылы тек біздің елімізде ғана емес, сериалдарды көретін басқа елдерге тіліміздің таралуына мүмкіндік туғызамыз.
Екінші мәселе – қаржылық жағы. Бізде азаматтық бастамаларды қолдау орталығы деген бар, сол орталықта біз көптеген тіл төңірегіндегі жобаларды қаржыландырып отырмыз. Мысалы, қазақша түрлі ойындар, қазақша әртүрлі жобалар біздің қоғамымызда, Рауан Кенжеханұлы мырза, азаматтық бастамалар орталығына құжаттарыңызды тапсыруға болады. Әрине, арнайы комиссия қарайды, меніңше сіздердің жұмыстарыңызға комиссия басымдық береді ғой деп ойлаймын. Ол жерде қомақты қаржылар бөлінеді, сондықтан жалпы министрліктен осы сіздердің жобаларыңызды ақпараттық қолдауға біз дайынбыз.
Үшіншісі – әдістемелік мәселелер. Бізде, Қазақстанда, қоғамдық даму институты бар, сол институтта көптеген кітаптар қазір қазақ тіліне аударылып жатыр. Әлемдік, ең мықты Кэмбриджде, Оксфордта шыққан немесе Колумбия университетінің ғалымдары дайындаған бірнеше кітапты қазір қазақ тіліне аудардық. Соларды біздің баспасөз қызметінің журналистері осы салада әлемдік, үздік еңбектерімен қазақша қамтамасыз ету жолдарын біз әрі қарай жалғастырамыз.
Сонымен қатар, жалпы біздің БАҚ саласы, біздің журналистеріміз «Қазақ тілі» қоғамы құрылған күннен бері қызмет етіп келе жатқаны белгілі. Біз бұны алаш арыстарының аманаты ретінде қабылдаймыз. Кешегі Әбдіуәли ағаларымыздың аманаты ретінде қабылдаймыз. Сол Әбдіуәли ағаларымыздың кезіндегі Өзбекәлі Жәнібековтың, марқұм, біздің руханиятымыздың сардарларының бірі шешімімен «Ана тілі» газеті осы «Қазақ тілі» қоғамының басылымы ретінде бекітілген болатын. Қазір «Ана тілі» осы «Қазақ» газеттерінің құрамында. Оның басында белгілі ақын – Ерлан Жүніс қызмет етіп келеді. Осында «Қазақ» газеттерінің басшысы да отыр. «Қазақ» газеттерін қаржыландыру бізден, әрине, газет «Қазақ» газеттерінің құрамында. Сіздер сол газетке бүкіл мүше болып, пікірлеріңізді, жанайқайларыңызды, ойларыңызды жазсаңыздар болады. Сондықтан, 93-тегі, 30 жыл бұрын қабылданған шешімге сәйкес, жалпы «Ана тілі» газетін қоғамның бір мінбері ретінде қабылдауларыңызды біз сіздерден сұраймыз. Біздің министрлік қоғамның кез келген жұмысын қолдауға дайын, өйткені бұл тіл тек қана біздің мәдени өрісіміз ғана емес, қоғамдық сананы өзгертетін үлкен құрал. Өткенде мемлекет басшысы ұлт құру туралы идея көтергені белгілі. Жалпы ұлт құрудың көптеген компоненттері бар, негізінен 5 компонентін көбірек айтады, соның біріншісі – тіл. Тілдің төңірегіне тұтаспай – ұлт тұтаспайды. Қоғамдық сананы жаңарту, жалпы әділетті қоғам құру жолында тіліміздің төрге озуына баршамыз атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Осы жолда баршаңызға және жаңа сайланған төрағасы мен оның командасына сәттілік тілеймін.
Сәдуақас АҢСАТ, Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:
– Сөзімді КСРО құрамында жүріп-ақ 1989 жылы ұлтымыздың үлесі 39 пайыз-ақ кезінде қазақ тілінің жеке-дара мемлекеттік мәртебеге ие болғанын еске салудан бастағанды жөн көріп отырмын. Өйткені сонан бері 34 жыл өтсе де, тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болса да, ұлтымыздың үлесі қазір 70 пайыздан асса да тіліміз неге өзінің мемлекеттік мәртебесіне көтеріле алмай отыр деген сұраққа «Платон менің – бірақ шындық маған қымбатырақ» қағидасына сай күлтектемей өз пікірімді алдарыңызға жайып салғым келді. Бұрынғыдай Мәскеуге, Кеңес өкіметіне сілтейтін емес, тәуелсіз Қазақ мемлекетінің Қазақ басшылары басқарып отырған кездегі мемлекеттік мәртебесі бар тіліміздің мүшкіл ахуалының негізгілеріне тоқталайын.
- Ғалымдардың зерттеуінше, бұған дейін жазылған диссертациялардың 23%-ы ғана қазақ тілінде қорғалған. Ал Ұлттық орталыққа тіркелген 16949 ғылыми жобаның қазақ тіліндегісі 608 ғана, тіпті 4%-ға да жетпейді. Бұл – қазақ тілі жақын арада ғылым тілі бола алмайтынының көрінісі емес пе?
- Солтүстік, шығыс, батыс өңірлерден біздің редакциямызға жазғандар (Павлодардан жазған Сайлау БАЙБОСЫН) қай салада болмасын қазақ тілінің қолданысы өте төмен дейді. Қазақша балабақша деген аты ғана, онда орыс тіліндегі «Колобок», «Репка», «Баба яга» ертегілерін айтып, қазақ тілін ғана емес, сананы да бұзуда, мектептерде де де осы жағдай көрінеді.
- Еліміздегі орыс мектептерін бітірген балалардың қазақ тілінен алған бағалары «4» пен «5» болғанымен, олар тіпті «3»-ке білмейді екен. Ол мектептерге осыншама қаржы жұмсау кімге керек? Қазір кез келген үй ауласындағы балалар (оның ішінде қазақ балалары да) бір бірімен тек орыс тілінде сөйлесуде.
- Үкімет мүшелерінің кейбірі, мысалы энергетика, қорғаныс министрлері қазақ тілінде жазбақ түгілі ауызша сөйлей де алмайды. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жартысы іс-қағаздарын қазақ тілінде жаза алмайды. Кейбір министрлер мен депутаттардың Ант бергендегі бейшара кейпін көргенде жылағың келеді. Сол себепті осы уақытқа дейін қабылданған жүздеген заң нұсқасын Үкімет бір де бір рет қазақ тілінде ұсынбаған.
Билік басындағылардың қазақ тілі дамуда, оған алаңдауға еш негіз жоқ деп, тіліміздің осындай ахуалына дәті шыдамай шыр-пыр болып жүрген тіл жанашырларын саяси ұпай жинаушылар деп кінәлайтынын сіздер түсінбесеңіздер, мен түсінбей отырмын.
Бауыржан Момышұлы сонау Ұлы Отан соғысының жан беріп, жан алысқан майданында жүріп-ақ, ұлтшылдығы үшін батыр атағын ала алмай жүргеніне қарамастан бір айға Алматыға демалысқа келген кезінде қазақ тілінің қолданылу аясының тарылып бара жатқанына дәті шыдамай, 1944 жылдың 25 ақпанында Қазақстан басшыларына хат жазады. Сол хаттан үзінді келтірейін: госпиталда жатқан Баукеңнің көңілін сұрап келген Сахарова деген орыс әйелінің Баукеңнің жазып отырған күнделігіне көзі түсіп:
«Бауыржан, почему вы пишете по-казахски? – деп таңғала сұрақ қояды. –Вы меня удивляете, Нина Александровна, почему я не должен писать по-казахски на своем родном языке, – дедім мен.
–Ведь многие казахи не пишут и не разговаривают, потому что до того говорят ваш язык бедный,-деп ұялмай-қызармай айтып отыр дейді. Орыстың жай шүйкебас әйелі емес, Қазақ Үкіметі халық комиссары 1-орынбасарының қазақ тілі туралы ұғымы осындай болса, қалайша намыстанбассың?! Қатты қиналдым. Осы хатты жазуға қамшы болғанның бірі – сол қазақ жерінде 10 жыл тұрып, Қазақстанның нанына семіргеннен басқадан хабарсыз, ел басқарушылар қатарына кіріп алған, надан замнаркомша екендігін жасырмаймын», деп жазады.
Баукең осы таңда қазақ тілін «дөрекі, кедей, икемсіз, артта қалған тіл» деп менсінбейтін, жала жабушылардың көбейіп келе жатқанын, мерзімдік басылымдағы мақалалардың тілі добал, орыс сөздерінің көп екеніне, радиодағы сөздер құлаққа түрпідей тиетініне, дәйектеме келтіре отырып: «…бұндай бұрмалау, ұрмалауды тоқтату керек, кейін тарихқа, ғылымға, ұрпаққа не бетімізбен қараймыз?», – деп:
– қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына, төрге шығарып отырғызылсын, бұл талабым қатал төңкеріс түрінде іс жүзеге асырылсын;
–…қазақтардың өздерін тіл жөнінде тәртіптеуден бастап, барлық өкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында көтеріліп, қолға алынсын», – деген талаптарымен бірге барлық оқу орындарында қазақ тілі, әдебиеті, тарихы міндетті сабақ ретінде оқытылуы, балалардың қазақ мектептерінде оқуы, оқу құралдарының «шүршіттіктен тазалануын», барлық орыннан қазақ тілін білмейтіндерді қуу керектігін айтады. Сөйтіп, 33 жасында ана тіліміздің мәселесін соғыстағы айқастан бір саты да кем көрмей жанайқайын білдірген еді, қайран Баукең!
Кеңес Өкіметі кезінде-ақ, 1989 жылы қазақ халқының бейьіт кездегі батыры Мұхтар Шаханов бастаған ұлт жанашырларының арқасында ана тіліміз сол Баукең айтқан мемлекеттік мәртебесіне ие болды. Ал содан бері 34 апта емес, 34 ай емес, батпандай 34 жылды артымызға қалдырдық. Енді сол артта қалған 34 жылды азсынып, бізге асығыстық жасамайық деп ақыл айту қай қисынға келеді? Мұны айтқандар елге бейбіт өмір керек деп, көрші Ресейдің қасы-қабағына қарау тұрғанын сеземіз. Олай болса, бұл геосаяси жағдайдың өзгергенінше осы бейшара жағдайда қала береміз бе? Ресеймен арадағы 7,5 шақырым шекара жақын арада қысқара ма, әлде Ресей басқа жерге көшіп кете ме?
Ана тілімізді мемлекеттік мәртебесіне шығару үшін 1989 жылы құрылған аты дардай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы уақыт ішінде неге жатпай-тұрмай бұл мәселеге бүкіл халықтың бетін бұрмады, неге жоғарыдағы басшыларға тапжылмай талап қоймады? Сөйтудің орнына ұйымымыздың өзінің ахуалы құлдырап кетті ғой.
Кімнің алдында болса да алмас қылыштай қиып түсер ақиқатын айтатын Баукең арамызда жоқ, Мұхаңды да әбден қажыттық. Қазақ тілі тек Баукең мен Мұхаңа ғана керек пе? Қазір «Қазақ тілі» қоғамынан қайыр болмағасын көп азаматтар ана тіліміздің жанашыры болуды өздері қолға алды. Ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек ИСА, қоғам қайраткерлері Асылы ОСМАН, Оразкүл АСАНҒАЗЫ, қоғам белсенділері Руза Бейсенбайтегі, Дина ЕЛГЕЗЕК, Ақмарал Түсіпбекова, Ақмарал Шатемірқызы сияқты жүздеген ұл-қыздарымыз жүрген жерінде, әлеуметтік желіде тіл тағдыры үшін жанын салып шырылдап жүр.
«Қазақ тілі» қоғамының Құрылтайы – ана тіліміздің осындай қордаланып қалған мәселелерін жеріне жеткізе талқылайтын, қоғам қызметіне серпіліс беретін жиын. Сондықтан «Ауыруын жасырған өледі» демекші, осы Құрылтайда тіл тағдырына тірек болудағы «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының кем-кетігін ашып айтып, алдағы қызметіне жаңа серпін берейік. Жаңадан Президенттікке сайланған Рауан Кенжеханұлының айналасына топтасқан белсенді Орталық кеңес, Төралқа мүшелері Қоғамның елдегі мекемелерінің бәрінде бастауыш ұйымдарын құруға атсалысып, ондағы мекемелерде құрылған бастауыш ұйымдарындағы тіл жанашырларының басын құрап, өңірлердегі филиалдардың жұмысын республика бойынша бір жұдырыққа ұйыстыра алатын ұйым болуын қолға алуымыз керек. Ол үшін мына мәселелерді назарларыңызға ұсынамын:
Біріншіден, қаржы мәселесін шешу. Қаржы табудың жолы көп. Демеуші болатын ұлтжанды қалталы азаматтар баршылық, ақпарат құралын дамыту арқылы да қаржы табуға болады (біз филиал жанынан «Тіл сақшысы» газетін 12-13 мың данамен республика аумағына таратып жүрміз). Бастауыш ұйым мүшелерінен азғантайдан болса да жарнапұл жинауды да қолға алған дұрыс (біз осы кезге дейін мекемелерде құрылған бастауыш ұйымдарындағы тіл жанашырларынан 30-50 теңгеден жарнапұл жинап, қоғам жұмысын белсенді жүргізудеміз).
Екіншіден, Түркістанда өткен құрылтайдың қаулысында жазылған «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңды қабылдатуға жылдың аяғына дейін Парламенттегі ұлтжанды депутаттармен бірлесе отырып, Үкіметке қабылдатуымыз керек. Егер ол шын мәніндегі Қазақ мемлекетінің Үкіметі болса осы қадамға баруы керек. Бұдан әрі кешеуілдетуге болмайды.
Үшіншіден, тіл ахуалын нақты білу үшін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі интитуты елімізде жалпы халықтың, өңірлер бойынша қаншалықты мемлекеттік тілді меңгергенін, ғылыми диссертация қорғаушылардың әр сала бойынша қазақ тілінде қорғалып жүргенін зерттеп, тіліміздің ахуалын тез арада жақсартарлық ұсынысын берсін.
Төртіншіден, Үкіметтен халыққа қызмет көрсететін орындарда, «ҚР тіл туралы» заң талаптарының орындалуын тексеру, бақылау, хаттама толтыру, жауапқа тарту тетіктерін заңға енгізуді талап етейік. Қазіргі заңдардың еш қауқары жоқ.
Бесіншіден, «Жаман үйдің қонағы билейді» дегендей елімізде тіл мәселесін ішіміздегі басқа ұлт өкілдері қоздырып, оны сыртқы күштер қолдап саясаттандыруда. Осыған «Халық Ассамблеясы» тікелей араласуы керек. Қазақстанның әрбір азаматы ұлты кім болса да еліміздің заңдары мен рәміздерін қалай құрметтесе, мемлекеттік тілді де солай құрметтеуі тиіс. Осыған дейін үйімізді қонақтарымызға билетіп, жаман үйдің иесі болып келгеніміз жетер.
Алтыншы. Түркістандағы Құрылтайда Мемлекеттік хатшының жетекшілігімен тіл мәселесін үйлестіріп отыратын тұрақты комиссия құрылатыны айтылды. Бірақ ол комиссия әлі құрылған жоқ. Неге Мемлекет хатшысының айтқаны сөз жүзінде қалуға тиіс? Сол комиссия Үкіметте де, аймақтарда да құрылуы тиіс.
Ендігі жерде осы Құрылтайда сайланған жаңа құрам Жаңа Қазақстанға ана тілімізді Конституцияда тайға таңба басқандай етіп жазылған мемлекеттік мәртебесіне көтеру үшін тапжылмай күресіп, нақты нәтижелерге жетуіміз қажет. Бұны біз тек азаматтық міндет деп қана емес, ата-баба аманаты деп түсінгеніміз дұрыс. Осы кезге дейін бір-бірімізді алдарқату үшін әр нәрсенің басын бір шалып келгеніміз жетер. Ондай ұйымның құны көк тиын болмақ. Құрылтай жұмысына сәттілік тілеймін!
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы:
– Бүгін аты аталған тіл жанашырлары, тіл қайраткерлерінің әруағы да айтылып, тербеліп жатқан ағаларымыздың еңбегі бізді осындай жағдайға алып келіп отыр. Рауан Кенжебекұлының сөзінде айтқанындай, жаңа сапаға көтерілуі де бәріміздің іскерлігімізге байналысты. Бәріміз де бір қызметке еге болып жүрміз. Қазақ «қызмет – қолдың кірі» деп бекер айтпайды. Екінші нәрсе, әрбіріміз өз қызметінде барлықтарыңыздың қолдарыңыздан қалам түспейді, бәріңіз мінберге шығып, халықтың алдында сөйлей аласыздар, тіпті ресми емес, той томалақта да сөйлей аласыздар. Соның бәрі осындай қоғамды жұмылдыратын кезеңге өту керек деп ойлаймын. Ал енді біз соның көзін таба алмайтындай болып отырмыз әлі күнге дейін. Бүгінгі жағдайдың өзі, мен қоғамның мүшесі ретінде айтайын, соны көрсетіп отыр. Біреуіміз онлайнға асылып отырмыз, біреуіміз намысымыз қозып келіп отыр. Жалпы деңгей болу үшін де біздің бірлігіміз, намысымыз болуы ұйымға байланысты.
Екіншіден, біз үлгі тұтатын Түркияға қараймыз, тіл құрымы мен тарих құрымы Ата түріктің кезінде бір банкке тіркеліп, содан қаржыны бөліп, есеп беріп отыратындай, яғни ұлт тұрған кезде тұратын ұйым болуы керек. Сондай деңгейге көтерілу керек, соның тетігі табылу керек деп есептеймін. Тетігін күнде айтсын, күнде сауалнама жасасын, бірақ ол өте күрделі жүрмеу керек. 30-40 жылдан кейін де айта берсек, өзімізге де ұят болады, екіншіден, мектептегі сапамыз қандай, 75 пайызы бітірді. 100 оқулық, соны енді басқа ғылымдар бойынша дамытуды кім жасайды? Білім саласының қазақ тілі оқулығымен қамтамасыз етуі 10 пайыздан аспайды. Кім жасау керек оны? Біз рейтингке жағаласып, әлемдік бір нәрселерге жүгіріп бара жатырмыз,. Біздегі ғылыми атақ беретін, ғылыми дәреже беретіннің бәрі, қазақ тілінде оқулық аударса сол әлемдік оқулық болар еді. Соған дәреже беретіндей жағдай жасап қою керек. Оп оңай нәрсені біз қиындатамыз. Бұл да бүгінгі біздің ақылмен шешетін мәселелеріміздің қатарына кіру керек.
Кезінде Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы секілді тұлғаларымыз (әруақтары риза болсын) қазақ тілін Президенттен емтихан алатындай деңгейге көтерді. Яғни, кез-келген атқарушы биліктің азаматтары қазақ тілінің алдында басын иіп өтетіндей жағдайға көтеру ол сіз бен біздің борышымыз деп есептеймін. Істеріңізге береке берсін!
Исламбек САЛЖАНОВ, кәсіпкер:
– Рауан Кенжехаұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды.
Сондай-ақ, қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған KITAP – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық университеті» сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылды.
2017-2021 жылдары Рауан Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды.
Қазыбек ИСА, ҚР Парламентінің Мәжілісінің депутаты:
«Қазақ тілі» қоғамының жалпы мақсаты не? 89-шы жылы мен ауылдағы мектепте мұғалім болдым. Сонда біздің ауданда «Қазақ тілі» қоғамынына мүше қылып сайлады. «Қазақ тілі» қоғамының мүшесіне сайлану – өте жоғары мәртебие болған еді. Ал қазір «Қазақ тілі» қоғамының бар-жоғы да белгісіз. Жаңа Смағұл, Сәдуақас ағалар жақсы айтты. Біз, ең бастысы, мына үй салу үшін не істеуіміз керек? Әрине, іргетас керек. Біз үйдің іргетасын салып жатқан жоқпыз. Бірден қабырғасын қалаймыз, шатырын жабамыз, әйнегін саламыз, сырлаймыз, бірақ іргетас жоқ. Ол іргетас – мемлекеттік тілге дейтін заң қабылдануы керек. Сонда ғана ол үй тұрады.
Осы жерде айтылды, 89-шы жылы қазақтың саны 39% еді, орыстардың саны 37%, шамалы-ақ, арасы 2%. Ал қазір енді қазақтың саны 70%-дан асып кетеді, 75% деп айтып жатыр. Оның өзі де сенімсіз, негізі 80%-ға жуық. Ал енді сол 80%-ға өссе, 2 еседей өссе, біздің тілдік қолдануымыз да 2 есеге өспейді ме? Ол сол 89-шы жылғы күйінше тұр. Қарапайым сұрақ. Неге ол осы уақытқа дейін өспейді?
2019-шы жылы Ұлттық кеңестің бірінші отырысын ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басқарып отырды, сонда мен ұсыныс жасадым, «Мемлекеттік «тіл туралы» Заң қабылдануы қажет, ол үшін Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау керек» деп. 2021 жылы Парламентке келіп, 3-ші ақпанда осы мәселені көтердім. Былтыр 2022 жылы 27-ші сәуірде үлкен қоғамдық қозғалыс болды. Петиция жасалды. 500 мыңнан аса адам қол қойды. «Қазақ үні» ұлттық порталында 2020-шы жылдан бері тұр, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Өмірзақ Айтпаев, Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Мекемтас Мырзахметұлы ағаларымыздың барлығының қолы қойылған. 130 мың адам 1,5 айда қол қойған. Ол жерде жай петициядағыдай аты-жөні, саны емес, бәрінің аты-жөндері жазылған. 130 мыңның артында, интернетке кіре алмайтын, қолдану білмейтін миллион тұр. Ең басты мәселе – «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы. Бізде барлық нәрсе қажеттілікке келіп тіреледі, ал қажеттілікті жасайтын – Заң. Сол 2019 жылы Ұлттық кеңесте көтерген соң, мен «Ассамблея өзін ақтасын, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңының қабылдануының бастамашысы болсын» деп айтқанмын. Ассамблеяда ол кезде Жансейіт Түймебаев «Ұлы даланың ұлтаралық қатынас тілі» форумын өткізді. Сонда өзге этнос та үндеу қабылдады. Мемлекеттік тілді міндеттейтін Заң қабылдау керек деген. Мен осыны Үкіметтің алдында қойдым, ал сіздер болса бірдеңе болса өзге ұлттарды айтып шығасыздар. Бізде мемлекеттік тілге қарсы шығып отырған өзге ұлт өкілдері емес, Заңды қабылдатқызбай отырған, мемлекеттік тілді білмейтін, мемлекеттік қызметте отырған шенеуніктер. Біз ол заңды жасап қойғанбыз, 2011 жылы Заң жобасын жасап, ұсынғанбыз. 2012 жылы «Ақжол» партиясымен Заң жобасын ұсындық. Үкімет қарсы шықты. Ал кеше мемлекеттік тіл туралы тұжырым бізде талқылануға ашық талқылауға қойылды. Сонда мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды қабылдамақ түгілі, біздің соның ішіндегі «мемлекеттік «Тіл туралы» Заң қабылдануы керек» деген бір сөйлемді 11 сәуірде қойылған, 21 сәуірде алып тастаған. Мен оған айқай шығарып, «Қазақ үкіметі қазақ тіліне қайта қарсы шықты» деп, 11 депутатқа қол қойғызып, сол жерде мәселе көтердім. Кейін, сол кездегі вице-премьер Көлгінов «Маған депуттатарды жинап келіңіз, сол мәселені қайта көтерейік, қалпына келтіреміз», – деп уәде берген еді. Бірақ, оны өз орнынан алып тастады. Орнына келген Тамара Дүйсеноваға да оны айттық. «Сіздің мойыныңызда, соны қайта көтеру керек, «Тіл туралы» Заңның қабылдануы туралы», – деп. Мемлекеттік «Тіл туралы» заң қабылданбаса, 2050 жылы да осылай отырамыз. Жаңа Сәдуақас көкем ол туралы жақсы айтты. Мемлекеттік «Тіл туралы» Заңды қабылдау әлі ерте деп айтатындар әлі де бар. Мемлекеттік «Тіл туралы» Заңның қабылдануы үшін, бәріміз жұмыла іске кірісейік, мемлекеттік тіліміз – мемлекеттік тілге айнала берсін. Рақмет!
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы:
– Бұл қоғам алғаш құрылып, оған академик Әбдуәли Қайдар төраға болған 90-жылдары зор беделге ие болды. Халық «Қазақ тілі» қоғамын айрықша қолдады, оған сенім білдірді. Сол алғашқы 10 шақты жылда қоғам жақсы жұмыс атқарып, ісі өнімді, сөзі өтімді болды. Қалың жұрт қолдап отырған айбарлы ұйымның қойған талаптары орындалып, тілдің өрісін кеңейтуге үлес қоса білді. Бірақ одан кейінгі кезеңдерде бастапқыдағыдай қарқынды жұмыс атқарып, ел алдындағы абырой-беделін сақтап тұра алмады. Келе-келе аты бар да, ауыз толтырып айтатын атқарған ісі жоқ елеусіз ұйымға айналды. Қазір қоғамның төралқа мүшесі болғанымыз үшін ұялатын жағдайға жеттік. Өйткені аты дардай бұл қоғамның атқарған жұмысы көзге көрінбей отыр. Нақты жұмыс атқармай, дәл бұлай ілдәлдалап күн кешіп жүріп, бар екенін жұртқа дәлелдеуге әрекеттенуден еш пайда жоқ.
Істің басына Б.Әбдіғалиұлы келіп, ұйымдастыру жұмыстарын қолға ала бастағанда көп үміт күтіп едік, ол жаңа ашылған облысқа басшы болып тағайындалғандықтан қоғам жұмысын қатар алып жүру қиын болды. Сондықтан Құрылтай шақырылып, оның басшылығына Рауан Кенжеханұлы сайланып отыр. Екі азаматтың да жаңа жұмыстарына табыс тілейміз. Жұмысы тұралап тұрған қоғам қызметін жандандырып, оның бойына қан жүргізу керек. Соған қатысты мынадай ұсыныстар айтсақ дейміз:
Біріншіден, 90-жылдары қабылданған тілдік заңнама мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай қоғам өмірінің бар саласында кеңінен қолданылуына толық мүмкіндік туғыза алмай отыр. Сондықтан Қоғам мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау бағытында нақты жұмыс атқаруға тиіс.
Екіншіден, қоғамның Төралқасы мен Кеңесі шұғыл жиналып, атқаратын нақты жұмыс жоспарын жасап, оны талқылай отырып бекітуі қажет. Тіл саласындағы ең алдымен атқарылуы тиіс, кезек күттірмейтін және тіл өрісін кеңейту үшін тиімділігі жоғары шаруаларды сол жоспарға енгізу өте маңызды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жыл сайын бекітілген жоспардың орындалуы жөнінде бірлестіктің алдында емес, ел алдында есеп беріп отырғаны жөн. Сонда ғана нақты атқарылған жұмысты жұрт көріп, оның қызметіне әділ баға бере алады. Сонымен қатар қоғам басшылығы мен мүшелері де өздерінің ел алдындағы, тіл тағдыры үшін жауапкершілігін сезінеді.
Үшіншіден, тіл саласындағы атқарылатын жұмыстар жүйесіз, әркімнің айтқаны, бір-екі басшының немесе қоғам мүшесінің қалауы мен солардың жеке өздеріне ғана тиімді, бір-бірімен байланыссыз үздік-создық жүргізілмеуге тиіс. Мен бүгінге дейін қоғам жұмысынан сатылы, жүйелі жұмысты көре алмадым. Ендігі жерде балабақша, мектеп, ЖОО, ғылым саласы бойынша атқарылатын әр жоба, әр іс-шара нақты белгіленіп, орындалуы бақылауда болуы қажет.
Төртіншіден, Қоғам көше жарнамасы мен көрнекі ақпараттардың көзге түскен қателігін ғана мәселе етіп көтерумен шектелмей, тілдің ең өзекті мәселелерін көтеріп, ел өмірінің барлық саласын қамтитын ірі-ірі жобаларды жүзеге асыруға тиіс.
Бесіншіден, Қоғам мемлеттік тіл тағдырына қатысты ел ішінде болып жатқан ірілі-ұсақты әр оқиғаға қатысты үн қосып, өз ұстанымын білдіріп, құзыретті мемлекеттік органдар алдына мәселе қойып, елдің әр азаматының ұсыныс-пікірін, сын-ескертпесін ескеріп, олардың тілдік құқын қорғаудан тыс қалмай, тілдің жоқшысы, тіл қорғаны екенін білдіріп отыруы керек. Сонда ғана бұл қоғам ел қолдауына ие болып, өз міндетін адал атқарып отырған ұйымға айналады.
Тағы бір айтарым, қоғам жұмысына жастарды көп тарта отырып, атқарылатын ғылыми, әдістемелік, ақпараттық, насихат және басқа да жұмыстардың басым бөлігін елдің болашағы жас қауымға бағыттаған орынды. Сүйегі қатып кеткендерге сіңірілген еңбек, жұмсалған қаржы мен күш-жігер көп жеміс бере қоймайтынын ұмытуға болмайды. Шығарылатын өнім де, атқарылатын жұмыс та, ертең қазақтілді ортаны қалыптастыратын жас қауымға арналса ғана іс нәтижесін береді.
Осы жиынның өтуін талап етуші тіл жанашырларының, елжанды азаматтардың, сондай-ақ дайындаған жұмыс тобының нәтижелі ісінің, биліктің қоғамдық ұйымға оң көзбен қарауының арқасында Құрылтай жақсы өтті. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, мемлекеттік тілдегі күрделі мәселелер, оны шешу жолдары айтылды, талқыланды. Қоғамдық ұйымның құрамы жаңарды, оған екі министр, бірнеше депутат, іскер азаматтар кірді. Енді тек жұмыс жасау қалды. Жақсы бастаманың өзі – жарты іс.
Жалғасбек Аманов,
Қызылорда облыстық ұйым төрағасының орынбасары
Abai.kz