Сүйінші, бесінші хатым да Бектеновтің қолына тиді!
Құрметті достар!
Алдын-ала өтінемін Сіздерден, осы жазбаны тынбай бөлісіңіздер, пікір жазыыздар. Нағыз дос деген осындай маңызды мәселеде, қуанышты сәтте қасыңнан табылуы керек қой...
Құдайға мың мәрте тәубе, екі айдан бері тынбай көтеріп келе жатқан ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту туралы 17 шілде күні жазған кезекті өтініш-хатым тағы бір мәрте Президент Әкімшілігінің үш бірдей басшысы – Төрағасы Олжас Бектенов, оның Бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов және орынбасары Ернар Баспаев мырзаларға жетті.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл үш жігіттің үшеуі де мемлекеттік қызметтің ең бір жауапты баспалдақтарынан өткен, мол тәжірибе жинаған, қылшылданған қырықтың ішіндегі қыры сынбаған бөрілер.
Естеріңізде болса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші жиналысында: «Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады», - деген еді ғой.
Әне, сол «Адал азаматтардың» алдыңғы сапында, тарихи шешімдер қабылдайтын жерінде осы ҮШ ІНІМ отыр.
Мен ұсынып отырған ауылдық округ әкіміне берілсін деген үш құзырет мынау:
Бірінші, өзі жетекшілік ететін ауылдың жерін өзі басқару;
Екінші, аудандық, облысық және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты өзі басқару және ауылдық Кеңестің келісімін ала отырып игеру;
Үшінші, ауыл тұрғындарына берілетін субсидиялардың, гранттардың және қайтарымсыз несиелер мен төмен өсімді несиелердің кімдерге берілетінін алдын-ала белгілеп, жоғарыға ұсыну. Сөйтіп, мемлекеттен бөлінген көмек қаражаттардың иесіне бірден жетуін қаматамасыз ету.
Сондай-ақ, аудан мен облысты республикалық бюджеттен айырып, тек жергілікті бюджетпен қалдыру, ауылды тікелей республикалық бюджетпен қамтамасыз ету мәселесін де осы жолы қарастырған артық болмас еді.
Егер бұл жоба іске асып жатса, ДАУ ЖОҚ, мемлекет қаржысын сүліктей соруға бағытталып жасалған отыз жылғы ЖЕМҚОРЛЫҚ СХЕМАСЫ жойылып, белгілі дәрежеде ӘДІЛЕТТІК орнайды!
Біз «Жаңа Қазақстанды» жай көпірме сөзбен емес, қолданыстағы Заңдар мен нормативтік құжаттарға зәредей болса да осындай өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, сол арқылы басшылық қызметтегі АДАЛ АЗАМАТТАРҒА жеткілікті құзырет беру арқылы ғана құра аламыз.
Мұны Олжас Абайұлы да, оның командасындағы қыз-жігіттер де өте жақсы түсінеді деп ойлаймын.
Ал, бұл жобаға қарсы болып отырғандардың ықпалын кем шамалауға болмайды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, осыған дейін заң жобалары қатысты министрліктерде жасалып, Құлыбаевтардың ықпалымен Президент Әкімшілігінде күзеліп, түзеліп, соңында оны Парламенттің қос палатасы нотариус ретінде бекітіп берумен келді. Бұл жерде Құлыбаев жалғыз тұлға емес, ол мемлекетті тонушы бүтін бір институт! Сондықтан, олар отыз жыл бойы өздеріне тиімді етіп жасап алған жүйемен әбден жонданып алған бәлелер. Сол үшін олармен бүкіл мемлекеттік орган, жалпы халық болып бірігіп қарсы тұруымыз, күресуіміз керек!
Айтпақшы, бұл — менің ауыл әкімінің құзыретін кеңейту туралы бірінші мамырдан бастап Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтың атына жазған АЛТЫНШЫ хатым. Ал жалпы Президент Әкімшілігіне жазған ОН ҮШІНШІ хатым екен.
Аталған ұсыныс-хатымның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы мен Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Ғалымқызының да қолына тигенін бұдан бұрынғы жазбаларымда қуана-қуана жазған болатынмын...
Осы аралықта Ұлттық экономика вице-министрі Омарбеков Бауыржан Бақытұлы мен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бекбауов Бағлан Әбдәшімұлының жетекшілігімен екі министрлікте талқылу өтті. Президентінің Әкімшілігі Инспекциялық-әдістемелік жұмыс секторының меңгерушісі Шыңғыс Андабеков ағамызбен бір мәрте кездесу болды. Қаншалаған мақалалар жазылды.
Сол кездесуде Шығыс Абдхадырұлы да осы ұсыныс-хатымның Олжас Абайұлына және Ол кісінің орынбасарына жеткенін айтқан болатын.
Міне, сол ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту туралы көтерген мәселем қазір шарықтау шегіне жетті. Енді бір аттаса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдына барады деген сенімдемін.
Осы орайда, осы ұсыныс-хаттарымның діттеген жеріне жетуіне ықпал еткен, қол ұшын берген Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Қанатбек Жайсаңбаев ініме алғыс айтқым келеді! Сізге көп рахмет, құрметті Қанатбек Бахытұлы!
Сонымен бірге, менің осынау хаттарыма жауап бере-бере саусақтары тесілген, көз майлары сарқылған Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Әділет министрліктеріндегі іні-қарындастарыма басымды ием!
Әсіресе, қолданыстағы субсидиялау жүйесін реформалаудың бірнеше нұсқалары дайындап, оны жұмыс тобының отырыстарында бірнеше рет талқылаған, соңында менің ұсыныс-хатыма «Түбегейлі реформалаудың барлық ұсынылған нұсқаларын агробизнес өкілдері қолдамады, фермерлер қауымдастығы қолданыстағы субсидиялау жүйесін сақтауды талап етті...» деп, бар шындықты жайып салған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мырзаға айтарым жалғыз ауыз сөз – «Жүз жаса, Ереке!»...
Сөйтіп, үш айға таяу уақыт бойы тынбай көтеріп келе жатқан ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту туралы бесінші ұсыныс - хатымның да Бектенов мырзаға жеткенін айтып, құрметті Алаш жұрты, Сіздерден сүйінші сұрады жөн көрдім!
Бұл жолы өзге министрліктерге бағытталмай, бұл хатыма Президент Әкімшілігі Басшысынан тікелей жауап беріледі деген ойлаймын.
Қазақта «Нар жолында жүк қалмайды!» деген қасиетті сөз бар. Осындай жас нарлар тұрғанда, ауыл әкіміне үш құзырет беру деген сөз болып па, Тәйірі!
Ең бастысы, Ел тізгінін ұстаған азаматтар аман болсын!!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz