Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4464 0 пікір 24 Маусым, 2013 сағат 05:53

Әбдірашит Бәкірұлы. «Бешбармақ» Капитализм

Тарих тек зерттеу үшін емес, саясаткерлерге сабақ үшін де қажет. Тарихтан сабақ алмау қаншалықты кірбіңді болса, тарихи дұрыс жолды таба алмау да соншалықты салмақты. Сондықтан әр ұрпақ тарихты саралайды, оған сыни көзбен қарайды, кей тұстарын жаңғыртып, зиянды жағын ескереді − әр заманның көрегендігі мен ойшылдығы осында! Тарих өзін құрметтегенді көкке көтереді, ескермегенді аяқ астына тастайды − бәрі де оны қалай қабылдағанға байланысты...

 

1.Қазаққа капитализм қалай келді?

Жиырма жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткіздік. Содан бері тарихқа жүгіндік пе, одан сабақ алдық па? Бүгін осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Сөз басында мына мәселені ескертіп қоюға тиіспіз: біз көтергелі отырған «тарих» – капитализм тарихы. Себебі тәуелсіздіктен кейін еліміз капитал билеген даму сүрлеуіне түсті. Яғни, Қазақстан да әлемдік тарих көшіне ілесті. Енді бізге «капитализм тарихынан» ажырау да мүмкін емес.

Тарих тек зерттеу үшін емес, саясаткерлерге сабақ үшін де қажет. Тарихтан сабақ алмау қаншалықты кірбіңді болса, тарихи дұрыс жолды таба алмау да соншалықты салмақты. Сондықтан әр ұрпақ тарихты саралайды, оған сыни көзбен қарайды, кей тұстарын жаңғыртып, зиянды жағын ескереді − әр заманның көрегендігі мен ойшылдығы осында! Тарих өзін құрметтегенді көкке көтереді, ескермегенді аяқ астына тастайды − бәрі де оны қалай қабылдағанға байланысты...

 

1.Қазаққа капитализм қалай келді?

Жиырма жыл бұрын тәуелсіздікке қол жеткіздік. Содан бері тарихқа жүгіндік пе, одан сабақ алдық па? Бүгін осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Сөз басында мына мәселені ескертіп қоюға тиіспіз: біз көтергелі отырған «тарих» – капитализм тарихы. Себебі тәуелсіздіктен кейін еліміз капитал билеген даму сүрлеуіне түсті. Яғни, Қазақстан да әлемдік тарих көшіне ілесті. Енді бізге «капитализм тарихынан» ажырау да мүмкін емес.

Қазір санамызда «капитализм орнаттық, нарықтық экономика қалыптастырдық» деген пікір берік орнықты. Бұл дұрыс па, бұрыс па? Шынайы нарықтық экономика орнатсақ, кезінде К.Маркс айтып кеткен «нарықтық капитал заңдылықтары» неге қоғам үшін жұмыс істемей жатыр? Не себептен осынша қазба байлыққа ие елдің халқы кедейшілікке ұрына бастады?.. Әрине, бұған бір ғана сөзбен: «Халықтың байлығын кездейсоқ біреулер малданып кетті», − деп жауап бере салуға болар еді, бірақ «қалайша оған жол бердік?» деген екінші сұрақ бәрібір көлденеңдеп алдан шыға келері сөзсіз.

Дұрыс, кеңестік дәуір бізге аса ірі көлемдегі экономикалық құрылымдарды: кен орындарын, мұнай көздерін, зауыт-фабрикаларды, дүкендер мен ғимараттарды және т.б. қалдырды. Бірақ олар нарықтық негіздер қаланбай жатып, дерективалық тәсілдермен жеке меншікке көшірілді. Нәтижесінде сипаты жағынан «капитализмге» сай келетін жаңа жүйе пайда болды. Өйткені жедел жүргізілген «жекешелендіру» экономикадағы «өндіріс тәсілін» осылай атауға теориялық тұрғыдан негіз болды...

Ал іс жүзінде қандай капитализмге қол жеткіздік? Шынында да капитализм орната алдық па? Оған күмән көп. Өйткені біздің жүйеде бұрынғы экономикалық қуат пен оның әлеуеті «меншік иелері» атанған жаңа қожайындарына ғана қызмет ете бастады. Ал бұл байлық, шын мәнісінде, социалистік замандағы «барлығы халық үшін» деген принципке негізделіп жасалған еді. Ол мейлі жақсы, мейлі жаман болсын − әйтеуір халыққа қызмет көрсеткен-ді. Енді шұғыл жекешелендіруден кейін ол экономикалық қуаттың мақсаты да, мағынасы да өзгерді... Байлық күрт бұрылып, халықтан шұғыл түрде теріс қарап кетті...

Сөйтіп, елде капиталистер тобының «алғашқы қарлығаштары» пайда болды. Олардың көпшілігі кеңестік заманда шаруашылық тізгінін ұстаған, оның көлеңкелі тұстарын жетік меңгерген, пайда мен табысты жасыруда тәжірибе жинаған, сыбайластыққа біршама даяр топтан болатын. Ал тәуелсіз мемлекет алдымен осыларға халық есебінен баюға жаңа мүмкіндіктер әперді. Бірақ бұл «мүмкіндіктерді» іске асырушы бірден-бір тетік − коррупция мен қылмыс та қатар өрбіді! Қазір осы – «капиталдың жинақталуы» деп аталатын келеңсіз тарихты көп адамның ұмытқысы келетіні рас – «болар іс болды, бояуы сіңді», қазбалап қайтеміз! Әйтсе де, «байлар қоғамға бет бұрса, ел-жұртқа пайдасын тигізсе» − деп армандап қоямыз...

Алайда бұл шындық – жүзеге аспайтын шындық! Себебі, қоғам да «байлардың баюымен» қатар жетіліп, тұрмыс деңгейі артып отырғанда − бұл сөзге құлақ салуға болар еді. Бірақ олай болған жоқ. Есесіне байлар мен кедейлердің арасы бұрынғыдан бетер алшақтау үстінде. Жаңа капиталистер «тақыр кедейдің қойнында тас тығулы жататынын» біліп отырса да − бұл жағдайды өзгертуге құлықсыздық танытуда... Олардың елі мен жеріне тигізген пайдасы қайда? Көрінбейді...

Себебі бұл байлық интеллектуалды еңбектің жемісі емес! Бұл байлық бұрынғы экономикалық қуатты меншіктеуден және қазба байлықты сатудан өрбіп, одан ары қарай базарлар мен ресторан-кафелер ашумен және сауда-саттықпен айналысумен жалғасты. Дәлірек айтсақ – сонымен ғана шектелді! Яғни, тәуелсіздік таңында Елбасы айтқан «азаматтарымыздың бір бөлігі байығасын, олар ел экономикасын алға сүйрейтін, халықтың жағдайын түзейтін басты күшке айналады» деген үміт ақталмады...

Енді осыған ұқсас өзге бір «тарихты» алып қарайық: мәселен, 2003 жылғы қыркүйек айында АҚШ-тың ең бай адамы Билл Гейтстің байлығы 35,9 млрд. АҚШ долларына бағаланды. Гейтс сол уақыттан бері компьютер жүйесіне жаңа математикалық тәсілді енгізіп, жаңа ақпараттық қоғамның өмірге келуіне жол ашты, бұл салада техникалық революция жасады.

Ал сол уақыт шамасында бізде де алғашқы миллиардер пайда болды. Әрине, оның қаржысы Гейтстікінен 20–30 есе төмен, тәжірибе де аз болған шығар. Әйтсе де, біздің капиталист «технологиялық революцияны» түсінде көрмегені былай тұрсын, осы уақыт аралығында бірде-бір жөні түзу зауыт салып, не жаңа тауар маркасын жасай алған жоқ. Ол аз десеңіз − өзін байытып жатқан еңбек адамына қарапайым әлеуметтік жағдай жасаудан да қашып отыр! Бізде тек бір нәрсе – «байыған үстіне байи беру» принципі орнықты. Сондықтан меншік иелері өздері басқаруға алған ірі зауыт-фабрикалардың барлық іске жарамды құрал-жабдықтарын кескілеп, жарамсыз темір етіп Қытайға өткізді, ал бірақ шойынын балқытып, тым құрмағанда қара қазан жасау ойларына кірмеді... Ал күні бүгін басқа табыс көздерінен түскен қаржыларын офшорлық аймақтарға тығумен әуреленуде! Сол себепті де Үкіметтің бір отырысында Елбасы: «Бұдан былай қаржыларыңды офшорға тығуды доғарыңдар. Ол қаражат Қазақстанның экономикасын көтеруге қызмет етуі тиіс», − деп, қатаң ескерту айтты.

Шындыққа келсек − біздің «капиталистердің» бар жетістігі, жоғарыда айтқандай, бұрынғы өндірістік алып ғимараттарды көтерме базарларға айналдыру, казинолар және басқа ойын-сауық отауларын салу, ресторандар мен кафелер ашу ғана. Ал тек қана сауда-саттық ел экономикасының үдемелі дамуын ешқашан қамтамасыз етпейтіні классикалық капитализм теориясында анық көрсетілген: егер мемлекетте өндіріс дамымаса, онда халықтың тұрмыс жағдайы көтерілмейді, елдің экономикалық қуаты артпайды. Басқаша айтқанда, бұл – бір қап ақшаны бір қалтадан екінші қалтаға ауыстырып салғаннан ауызға нәр құятын қолайы қасық ғайыптан пайда бола қалмайды... Міне, сол себепті елімізде Инновациялық-индустриялық серпінді даму бағдарламасы пайда болды. Тек осылайша мәжбүрлеу арқылы ғана жеке капиталды өндіріске қарай бұру мүмкін екеніне көз жетті. Бірақ біздің капиталистер бәрібір де 49 да 51 пайызбен «бизнестік тәуекел» дегенді мемлекеттің, яғни − халықтың иығына іліп қойды. (Неткен патриотизм! Әлде ақша үшін жан пида дейтін өлермандық па?) Бірақ ол енді бөлек әңгіме...

Енді, өкінішке орай, осы айтылғандардан мынадай қорытынды жасауға болады: біздегі үркер топтың «капиталистерге» айналуы экономиканың өсуі мен техникалық прогрестің нәтижесі емес. Бұл көпшілікке тиесілі байлықты тікелей тартып алу жолымен келген дүние. Сондықтан ол экономиканы қарыштап дамыта алмады. Бірақ азғана топтың мемлекет пен халық байлығы есебінен баюына әкелді. Бұл елінің қадірі мен қасиетін, қасіретін ұға алмайтын, жеңіл өмірге дағдыланған ерекше паразиттік топтың пайда болуының алғы шарты. Осындай «паразиттің» тәбеті де жаман емес: олар өндіріс ашып, халыққа жұмыс беріп, жұмыс адамының жағдайын жасап, дүниені тірнектеп − еңбегімен жиғанды місе тұтпайды, олар бірден миллиардтарды жұтқысы келеді! Мінеки, бүкіл мемлекет экономикасын монополиялап алған «олигархиялық-кландық» капитализмнің шын бет пердесі осындай!

 

2. Капитализм тарихшылардың көзімен

Тарихшы Фридрих Хайек өзінің «Капитализм және тарихшылар» кітабында («Социум» баспасы, 2012 ж.) капитал заңдылықтары туралы былай дейді: «Капиталдың дамуының басты шарты − айналымға қатысушы жақтардың (субъектілердің) заңға қатаң бағынуы, алынған міндеттемелерін тиянақты орындауы, орындамаған жағдайда – заң жүзінде жауап беруі. Капитал осыны талап етеді». Байқап отырғандай, капитал билеген шынайы нарықтық қоғамда біздегідей «әке-көке» жоқ. Нарыққа негізделген қоғамда капитал айналымы жеке бір адамның қалауымен емес, қоғамның сұранысынан туындайтын объективті жағдайда жүзеге асады екен. Мәселен, капитал қатынасына түскен жақтар айналымдағы қаражатты ұрлау үшін мың рет ойланады. Себебі нарықтық экономикада мемлекет ақшасын, не басқа да тапсырыс беруші ақшасын қымқыру немесе ақшаны ұрлап алып, сапасыз құрылыс жүргізу және т.т. әрекеттер орындаушы үшін өте тиімсіз − пайдасынан зияны көп. Бүгін ол бір миллион доллар қымқырса, болашақта өзіне тапсырыспен түсетін миллиард доллардан айырыларын, онымен қоса өзін осы «айналымға» кіргізген беделден (имиджден) жұрдай боларын жақсы біледі. Ал капитал өз айналымында ондай алаяқты тез-ақ анықтап алады да, шұғыл дабыл көтереді. Капитал үшін ұрлық – апат! Өйткені бұндай әрекет айналымға қатысушы субъектілердің бәрін де үлкен шығынға ұшыратады, тіптен кейбіреулері банкрот болуы мүмкін. Сондықтан капитал айналымы өз ішінен «сенімсіздерді» тез ығыстырып шығарады. Ал ұрыларды тіптен де жолатпайды. Ал мемлекет капиталды, жеке меншік құқын заң тетіктерімен қорғай отырып, капиталдың қоғам мүддесінен алшақтап кетпеуін, не бір арнада тоғысуын соттар, прокуратура, полиция және т.б. арқылы реттеп отырады. Онда алаяқтарға ешбір рақым жоқ! Алаяқ – қашанда алаяқ! Ол мейлі жүз миллиарды бар банкир болсын, басқа болсын – алаяқтығы үшін лайықты жазасын алады! Себебі нарықтық қоғамда қоғамның әрбір мүшесі (азаматы), әрбір мемлекеттік құрылым өздерінің тұрақты жағдайы капитал айналымының катаклизмнен аулақ, тұрақты болғанда ғана өз жағдайының да тұрақты болатынын жақсы біледі. Яғни, капитал айналымы мемлекеттің «экономикалық тынысын» айқындап тұрғандықтан − мұндағы мемлекеттік не мемлекеттік емес жүйелердің бәрі де «мемлекетшіл болуға» мәжбүр! Басқадай жолы жоқ. Сол себепті шын нарықтық қоғамда біздегідей көкесіне сеніп, мемлекеттен бөлінген ақшаны қымқыру, жолға, суға, құрылысқа және т.б. бөлінген ақшаны тендерден (қазан басынан) бөліп алу («откаттар»), ұрлық ашылып қалса − «сотты сатып алу», не «дөкей танысты («крыша») пайдаланып құтылып кету», не жұмысшылардың әділетті талабын аяқ асты ету, «әділетті белден басу» және т.т. құбылыстар өте сирек! Себебі шынайы капитал нарығындағы субъектілер «бір күнмен» емес, «болашақпен» өмір сүреді.

Ондай қоғамда байлық аяқ астынан әрі соншалықты мол көлемде пайда бола салмайды, там-тұммен, тірнектеліп үздіксіз еңбекпен келеді. Ең бастысы, «байлықты тудыру» процесіне бәрі де – олигарх – қызметкерлер − жұмысшылар біркелкі атсалысады. Басқаша болуы мүмкін емес! Сондықтан ондай қоғамда «капиталды ұлғайту» үлкен өнер түрі деп мойындалады. Тек осындай жағдайда ғана шынайы нарықтық экономика не «капитал билеген қоғам» туралы сөз қозғауға болар еді... Ал бізде ше?..

Тарихтан белгілі, К.Маркс өзінің социалистік теориясын мынадай негіздерге сүйеніп жасады: «Капитализм жағдайында жұмысшылардың жағдайы нашарлай түседі. Халық жаппай кедейленіп, мұқтаждығы артады. Соңында қоғамның бар байлығы азғана топтың немесе бір ғана адамның қолына шоғырланады. Сөйтіп, одан әрі төзуге болмайтын жағдайға жеткен жұмысшылар тобыры ашық күреске шығып, байлардың мүлкін тәркілейді». (Маркс теориясы бойынша – «жұмысшылардың жағдайын көтеруге капитализмнің еш мүмкіндігі жоқ»). К.Маркс 1864 жылы Англияда Еңбекшілердің Халықаралық ассоциациясында сөйлеген сөзінде «кәсіподақтардың еңбекшілердің жағдайын жақсартуға көмегі тиеді деу − абсолютті адасу» деді. Ол жұмысшылардың кәсіподақтарға бірігу арқылы күресін «консервативті» деп сынады. Ол тек жұмысшыларға ғана революциялық міндеттер жүктеді. Яғни, оның ойынша, кәсіподақтарды жалақыны көтеру емес, байлықты мемлекетке қайтару (байлықты тәркілеу) жолындағы күреске жұмылдыру қажет... Бірақ оның теориясы мынадай қарабайыр дәйекке сүйенді: − «Егер жұмысшылардың жалақысы көтерілсе, онда жұмысшылар күнкөріспен шектелмей, отбасында бала санын көбейтеді. Бала саны өскен соң, олар келешекте жұмысшы санын бұрынғыдан бетер көбейтеді. Енді оларды да жұмыспен қамту керек. Бірақ жалақыны үнемі көтере беру мүмкін емес. Нәтижесінде жалақы мөлшері қайтадан өлер-өлмес күнкөріс жағдайына түсіп, наразылық қайта өршиді».

Байқасақ, бұл «теория» Африка саваннасында бір-бірін жою арқылы реттеліп отыратын жануарлар әлемін айнытпай бейнелейді екен. Сондықтан көптеген ғалымдар мұндай көзқарасқа ашықтан-ашық қарсы шықты. Олар өз ойларын «адамдар жануар емес − олар бала туу мен тұрмыс жағдайын саналы түрде реттеп отыруға қабілетті» деп түйіндеді. Ендеше, шын мәнісінде, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуі адам санының көбеюімен қатар елдегі өмір сүру деңгейінің артуына әкеледі. Ал «өмір сүруі деңгейі» дегеніміз − өндірістің дамуы, жұмыс күшіне сұраныстың артуы, адам капиталының өсуі, әлеуметтік жәрдемақының көбеюі, заңдардың орындалуы, жауапкершіліктің болуы және т.с.с. Бұл ішкі нарық сұранысын арттырады. Ал ондай елдің экономикасын үдемелі дамытуға қол жеткізуіне мүмкіншілігі әлдеқайда мол.

Мысалы, Қазақстанның ішкі нарығы тым шағын болып отырғанын, оның өзіндік дамуға жеткіліксіз екені туралы үнемі айтылып жүр. (Бұл жағынан Қытайдан озар ешкім жоқ). Бұл мәселелердің шешімі, шынында да, капитал айналымына тікелей тәуелді. Оны бейнелі түрде былай айтуға болады: мысалы, инфекциялық ауру жойылса – халық саны көбейеді. Алайда ел экономикасына құйылатын инвестиция демографиялық дүмпуге сай келмесе − мемлекет кедейшілікке қайта оралады. Ал ол − инфекциялық ауруды қайта қоздырып, демографияны кері кетіреді. Сөйтіп, мемлекет тұйыққа қайта тіреледі... Ал тұйықтан шығу үшін не істеу керек? Шығар бір ғана жол бар: ол − мемлекеттің экономикалық өрлеуі үшін әрбір адамға шаққанда құйылатын инвестиция көлемін демографиялық өсіммен және қоғамдағы адам капиталының өсуімен бір деңгейде болуын үнемі қамтамасыз етіп отыру. Егер осы қағиданы бұлжытпай орындап отырғанда, онда біз де қазірге дейін шағын-орта бизнесті дамытып, зор экономикалық-нарықтық қуатқа қол жеткізер едік. Онда бүйтіп «әйелдердің зейнеткерлік жасын 63-ке дейін көтеру», «бала туғанда берілетін жәрдемақыны орта деңгейге шамалап қысқарту» деп шуламай, бұл қадамдарды «жұмсақ» түрде іске асыра алған болар едік. Тіпті іскер халық зейнетақыға мұқтаж болмай қалуы да ғажап емес қой!..

Тарихта соғыстан кейінгі Герман, Жапон экономикаларының тез қалпына келуін «экономикалық ғажайып» десек те, бұл ешқандай «ғажайып» емес. Бұл – шынайы нарықтық экономика принциптерін енгізу еді. Мұндай экономикалық «ғажайыпқа» салиқалы экономикалық саясат жүргізген кез келген ел қол жеткізе алады. (Қазіргі Қазақстанның мүмкіншілігі де өте зор). Біздің «капиталистер» осыны ескермей жатыр. Сөйтіп, шетке қашырып жатқан капиталды өз елі мен Отанын көркейтуге жұмсауға құлық танытпай отыр. Қазақстан осыған дейін «капиталды заңдастырудың» («легализация») екі қадамына барды. Алайда ол қадамдар айтарлықтай нәтиже бермеді. Себебі: 1) аңдысқан «кландық капитализм» жағдайында «заңдастырудың» соңы немен аяқталарына кепілдік болмады, 2) шетелдерде олардың ақшасына «құрмет» жоғары болды, 3) біздегі капитализм заңмен қорғалмаған, кім күшті болса, жем соныкі болатын қорқау, жабайы капитализм екенін «капитализмді орнатушылардың» өздері біліп отырғандығы болды! Мінеки, нағыз парадокс деп осыны айтсақ болады!

...Парадокс демеске ләж жоқ. Себебі, біздегі коррупция мен сыбайластыққа негізделген экономика – баю көзі ғана. Оның өзгеруге құлқы жоқ. Ал өзгертпейін десе – қоғамда наразылық артып, байлыққа төнер қауіп одан да көп! Сондықтан көпшілік «капиталистер» тығырықтан шығар жалғыз «соқпаққа» түсуге мәжбүр, ол – Қазақстанда жұмыс істеп, шетелдердің курорттарында өмір сүру, немесе шетелдерден құнын жоғалпайтын қымбат мүліктер, тіпті футбол командаларын сатып алу...

Айналып келгенде, Қазақстан байлығынан туындаған мол қаражат қазақстандықтардың емес, өзге елдердің азаматтарының өмірін жақсартуға қызмет етіп жатыр деп сеніммен айтуға болады!

Енді осыған тоқтау салар кез келгенін биліктің өзі де түсіне бастаған сыңайлы. Бірақ қазіргі коррупцияда оны түзеу оңай емес. Мәселен, МГУ-дың саяси экономика профессоры А.Бузгалин былай дейді: «В девяностые у нас была так называемая «шоковая терапия». В России мы называем её и иначе – «шок без терапии»: шок мы испытали и до сих пор ждём, когда же будет терапия, когда же мы выздоровеем. Но, увы, со здоровьем у нас до сих пор неважно. «Шоковая терапия» была попыткой всего за несколько лет провести полную приватизацию и за один день отпустить цены. Так и сделали, за один день. И потом решили, что для свободной рыночной экономики и частной собственности этого достаточно. Но это не так».

«Мысалы, дұрыс экономика алдымен жол салады, одан кейін жүргізушісін оқытады, тек содан кейін ғана автокөлік әпереді... Жол салу − жұртқа көлік сатып ала алатындай жағдай тудырады... Біз олай жасамадық. Нәтижесінде біз капитализмнің үшінші белгісі − «жабайы капитализмге» қол жеткіздік. Ол – тек қана қазба байлықты сатып күн көруші капитализм», − дейді А.Бузгалин. Міне, осыған ұқсас жолмен біз де жүріп келеміз, мүмкін, әлі де жүре берерміз... Ендеше, мақаланы түйіндер болсақ, біз қазақстандық ерекшелікті ескере келе, барлығы айтып отырған «жабайы капитализм» деген атауды «бешбармақ капитализмі» деп өзгертейік деп ұсынар едім... Соңғы атау біздің қазіргі күйімізден біршама толығырақ хабар беретін сыңайлы... Өйткені жантайып жатып бешбармақ асасақ, ақша өздігінен келіп жатса... одан артық қандай арман бар!.. Тек етімізді жеп, айранымызды ішіп отырғанда, Дарвинді оқыған Ф.Энгельс деген біреудің баяғыда айтқан «адамды адам еткен еңбек» деген сөзі тікенектей тамаққа қадалып қалмаса болғаны да...

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,

Философ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 23 (199) от 20 июня 2013 г.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329