Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4186 0 пікір 6 Маусым, 2013 сағат 19:17

Ержан қажы МАЛҒАЖҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

-          Қадірменді мүфти хазрет! Әуелі Сізді редакциямыздың, қалың оқыр­ман­да­рымыздың атынан жауапкер­шілігі мол жаңа қызметіңізбен құттық­таймыз. Кез келген мекеменің басшысы ауысса, сол салада өзге­рістер байқалады, реформалар жасалып, тың жобалар жүзеге асады, кадрлық ауыс-түйістер орнайды. Осы ретте жаңа Бас мүфтидің жұмыс жоспарын білгіміз келеді.

-          Қадірменді мүфти хазрет! Әуелі Сізді редакциямыздың, қалың оқыр­ман­да­рымыздың атынан жауапкер­шілігі мол жаңа қызметіңізбен құттық­таймыз. Кез келген мекеменің басшысы ауысса, сол салада өзге­рістер байқалады, реформалар жасалып, тың жобалар жүзеге асады, кадрлық ауыс-түйістер орнайды. Осы ретте жаңа Бас мүфтидің жұмыс жоспарын білгіміз келеді.

-           Бис­миллә­һир рахманир-рахим! Бүкіл ма­дақ ғаламдардың жалғыз иесі Ал­лаға тән. Барша жаратылыстардың ең қайырлысы Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның әулетіне, сахабаларына және Қиямет кү­ніне дейін оның ізімен жүргендерге Ал­ланың игілігі мен сәлемі болсын! Бар­ша­ңызға белгілі, 2013 жылдың 19 ақ­па­нында Қазақстан мұсыл­мандарының Астанада өткен VII құ­рыл­тайынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Діни басқарманың өкіл имамдарымен кездесу өткізді. Мемлекет Басшысы кездесуде ислам діні хал­қымыздың сан ғасырдан бері рухани құндылығы болып саналатынын айтып, еліміздегі дініміздің дұрыс бағытта дамуы дін мамандарына байланысты екеніне баса назар аударды және асыл дініміз исламның қызметкерлері ретінде біздерге сенім артты. Елбасы имамдардың қоғамдағы орны мен жа­уапкершілігі жайлы ойларын жеткізді. Сонымен қатар ел бірлігі мен мұсыл­ман­дардың ауызбір­шілігін нығай­туда дін қызметкерлерінің рөлін айрықша атап өтті. Президент Діни басқарма мен мем­лекеттік органдар арасындағы руха­ни-ағартушылық, сондай-ақ, әлеуметтік сала­дағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жете көңіл бөлу қажеттігіне тоқталды. Бү­гінде әртүрлі діни ағымдар пайда болға­нын, мешіт қызметшілері түрлі теріс ағымдардың қандай екенін, ал исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін түсін­діру үшін халықпен, әсіресе, жастармен жұ­мыс жүргізе білулері керек екенін айтты. Мемлекет Басшысы дін қайраткерлеріне, имамдарға былай деді: «Еліміздегі дәс­түрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы. Діни қатынастарды реттейтін жақында қа­былданған Заңда мемлекет халқымыз­дың рухани өмірінде исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Бұл – өте дұрыс. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сондықтан біздің дін саласындағы саясатымыз кон­фессияаралық татулық пен тағаттылықты нығайтуға бағытталған. Бізде діни сенім бостандығына Конституция кепілдік береді. Діни басқарма өкіл­дері тек дін саласында ғана емес, өзге салаларда да өз білім-біліктерін арттыруға тиіс».
Осыған орай, еліміздің барлық имам-молдаларына шариғат шеңберінде, еліміздің қолданыстағы заңнамалары мен еліміздің дін саласындағы саясаты негізінде бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға пәрмен бердім.
Таратып айтсақ, біріншіден, Діни басқарманы мұсылмандарды біріктіруші орталыққа айналдыру. Халқымызды ортақ рухани құндылықтар мен мақсаттарға қол жеткізуде мүфтият төңірегіне топтасуға ұйытқы болуды көздеп отырмыз.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», – деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «...Жақ­сылыққа, тақуалыққа жәрдем­де­сің­дер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдем­дес­пең­дер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алла­ның азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Ал алаштың ардақты аза­маттарының бірі – Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақ­сат сонда орындалады», – деген сөзі бар. Екіншіден, ҚМДБ мен оның аймақ­тардағы өкіл имамдары мемлекеттік мекемелер мен рухани-ағартушылық және әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты нығайта түсуге жіті көңіл бөліп, нақты іс-шараларды жүзеге асырады. Үшіншіден, өңірдегі діни ахуалға күнделікті мониторинг жасап, теріс ағымдардың әрекеті байқалған жағдайда шұғыл түрде қажетті шаралар қолдану жағын қарастырып жатырмыз. Осы бағытта мешіт қызметкер­леріне исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсы екенін, теріс ағымдардың ерекше­ліктері мен түр-сипаты қандай болатынын дұрыс түсіндіру үшін халықпен, әсіресе жастармен жұмыс жүргізуді, уағыз-на­сихатты күшейтуге тапсырма бердім. Төр­тіншіден, Діни басқарма шариғат заңдары аясында қоғамдағы өзекті мәсе­лелерге қа­тысты пәтуалар шығарады. Қазір ҚМДБ пә­туалары басылымдарда жарияланып жатыр. Бесіншіден, еліміздегі діни қа­ты­настарды реттейтін жаңадан қабылдан­ған заңда мемлекет халқымыздың рухани өмі­рінде исламның ханафи бағытының орны мен рөлін мойындайтыны атап көрсетілді. Сондықтан, біздің бағытымыз – дәстүрлі Әбу Ханифа маз­һабы мен Матуриди ақидасын берік ұс­тану және оны насихаттау болып қала береді. Сонымен қатар, мешіт жамағатын мұсылман­дардың ауызбірлігі мен еліміздің ынтыма­ғын нығайта түсу үшін дәстүрлі ханафи маз­һабын ұстануға үндейміз. Алтыншыдан, қоғамдағы бағытымыз – конфес­сия­аралық татулық пен тағаттылықты ны­ғайту, өзге діни бірлестіктермен бірлесе отырып өзара түсіністік және діни төзім­ділік дәс­түрлерін күшейту. Осындай жұ­мыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғас­тыра бер­мекпіз. Жетіншіден, имамдардың дін саласындағы білімі мен біліктілігін арттырып қана қоймай, басқа да салаларда көшбасшылық дәрежеге жеткізуді көздеп отырмыз. Мәселен, индустрия игіліктері мен дамыған жаңа технологияларды ислам насихаты үшін пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты бірқатар жұмыстарды жүргізу жоспарымызда бар.

- Имам дегеннен шығады, дін кадр­ларының білімі мен білігін арттыру барысы қалай болмақ? Шымкент қала­сындағы имам-молдалардың аттес­та­циядан өтіп жатқанынан хабардармыз. Бұл іс-шара басқа да облыстарда жүзеге аса ма?
- Мүф­тилік қызметке кіріскелі мүм­кіндігінше өзіміздің дін кадрларымыздың сапасын арттыру мақсатында бірқатар іс-ша­раларды жүзеге асыруды күн тәртібіне қойып отырмыз. Ол да үлкен дайындықты, уақытты керек ететіні белгілі. Бірақ бұл істі жаңғырта беру керек. Өйткені, қазір заман талабы басқа. Бүгінгі қоғамға сауатты, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті күшті имам-молдалар қажет. Бүгінде имамдарды бірнеше талап бойынша, мәселен, діни сауатын, діни ағымдар туралы білімін, араб тілін меңгеру деңгейін анықтауға, өзіңіз айтқандай, ҚМДБ Сараптау комиссиясы өз жұмысына кірісті. Бұл шара басқа да аймақтарда жүзеге асады. Әр мәселе­ні шешудің кезеңі мен жүйесі болады. Тіпті, мемлекеттік маңызы бар стратегия­лық бағдарламаларды орындау бірнеше жыл­ға жоспарланады. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Дін кадрларының саны мен сапасын, білімі мен білігін арттыруды, оларды қайта аттестациядан өткізу мәселесін сатылап шешеміз.
- Сіздерде дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін оларды шетел­дерге жіберу немесе шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу дәстүрі бар ма?
- Діни бас­қарма осыған дейін бірқатар шетел­дік оқу орындары мен діни басқар­малар­мен келісімшарт жасасқан. Сол келісімшарт­тар негізінде Мысыр еліндегі Әл-Әзһар университетінен, Пәкістан елінің Исламабад қаласындағы «Дағуа» академиясынан бірнеше имамдарымыз машықтанып қайтты. Ал Түркия Дін істері басқармасы­на қарасты дін мамандарының білімін жетілдіру курсына жыл сайын 25 имам 2 айлық курсқа жолданып отырады.
- Егемендігімізді алып, етек-жеңі­мізді жиған жылдары дін саласындағы күрделі мәселелердің бірі – діни ағым­дардың алшаң басып, мұсылмандар арасына іріткі салып, жікке бөлуі баршамызды алаңдатты. Бұл өзекті мәселе әлі күнге дейін қылаң беріп келеді. Қазақстан мұсылмандары Діни бас­қармасы бұл мәселені қалай шешпек? Жаңа Бас мүфти бұған не дейді?
- Еге­мен­дігімізді алып, еңсені тіктеген Тә­уелсіздік жылдары Кеңес кезінде құлауға шақ қал­ған рухани құндылық­тарымызбен қай­та қауыштық. Тәуелсіздік туы жел­біре­ген 1991 жылы елімізде санаулы мешіттер болса, бүгінде оның қатары көбейді. Алла­ға шүкір, бұрынғы мешіттегі бірді-екілі қариялардың қатары жастармен толықты. Алайда руханиятқа, иманға, дінге шө­ліркеген халқымыз, жастарымыз діни білім алуға бет алғанымен, кейбір бауырларымыз өзге діннің арбауында кетті. Ол бауырларымызды да жөн-жосықсыз кінәлау орынсыз деп санаймын. Өйткені, адам баласы адасамын деп адаспайды, білместікпен бұл қадамға барып қояды. Білімсіз жасалған құлшылық – тамырсыз талмен тең. Тамыры терең болмаған талды жел шайқап, оңай құлатады. Сол секілді, дінді біліммен танымаудың түбі – қасірет. Білімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғады. Ал Алла тағала Қасиетті Құранда: «Түп-түгел Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаңдар да, бөлінбеңдер», – деген («Әли Имран» сүресі, 103-аят). «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» деп дана Абай айтқандай, бізге бірігіп ел игілігі үшін бір атаның баласындай әрекет ету керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ұлтқа, тілге, дінге бөлінуді дініміз құп­тамайды. Адам баласы дінге жүрек қа­лауы­мен келеді. Дін – нәзік мәселе. Дінді насихаттауда асыра сілтеп, асығыстық жасауға болмайды. «Мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деп бекер айтыл­маған. Ұрда-жық мінез дін қызмет­керіне тән емес. Егер біз жамағатты бірік­тірудің, мүфтияттың төңірегіне топтас­тырудың орнына, керісінше, оларды «сен ондайсың, сен мұндайсың» деп жікке бөлетін болсақ, онда бұл ісіміз ізгі мақсат­тарымызға кедергі келтірмек.

- Демек, діни ағымдардың ықпа­лын­да жүрген жастарға көркем насихат айту арқылы оларды райынан қай­таруға болады ғой?

- Ниет етіп кіріскен іс – жемісті болады деп ойлаймын. Бір-бірімізді болмашы дүниелік мақсаттар үшін күндемей, ел игілігі үшін бірігіп тірлік етудің күні туды. Іштен ірісек, ісіміз алға баспайды. Осындай ал­мағайып заманда бүлікке емес, бірлікке ұмтылғанымыз абзал. «Дегенмен «мен мұсылман» іс бітпейді, Бұл күнде жұрттың көбі дін күтпейді...», – деп Мір­жақып Дулатұлы бекер айтпаған. Білімді алудың құралы көп. Мысалы, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына қатысу, кітап, газет-журнал оқу, уағыз-насихат тыңдау. Бас мүфти қызметіне кіріскелі мешіт жа­мағаты мен жалпы халық арасында насихат жұмыстарын күшейтуге тапсырма бердім. Себебі, біз діни ағарту мен тү­сіндіру жұмыстарын жандандырмайынша, діттеген мақсаты­мызға жете алмаймыз. Осы ретте мына бір мәселені айтқым келеді. Діни басқарма – жазалаушы орган емес. Біздің көздегеніміз – көркем насихат арқылы бұрыс түсінікте жүргендердің жүрегін жібіту, қатесін кешіріп, даналық жолмен қазақ жерінде дәстүрге айналған Ханафи мәзһабын ұстануға шақыру. Себебі, Алла Тағала Қасиетті Құранда дінді көркем түрде даналықпен жеткізуді бұйырған.
- Мүфти хазрет! Көркем түрде пі­кір таластыру қажеттігін айтып қалдыңыз. Сізден сұрайын дегенім – осы кейде интернет басылымдарда мүфтият туралы, оның жұмысы жайлы сын атын жамылып, өсек-аяңдар да айтылып қалаты­нын білеміз. Осы имандылыққа жата ма?
- Иә, бү­гінгі таңда кім көрінген өз бетінше сайт ашып, ғайбат, өтірік жала жабуға жол бере бастағаны рас. Қаптаған сайттар­дың кей­бірінің жеке тұлғаға, отбасына, мемле­кетке, тіпті әлемге де кері әсері тиіп жатады. Теріс пиғылды сайттар біздің елде де бар. Егер сол сайттар бүгінгі жа­һандану заманында жастардың көбі ғалам­торды пайдаланатынын ескеріп, оларды жақсы жаққа тәрбиелеп жатса, қандай ғанибет болар еді?! Елдің бірлігін, тыныш­тығын сақтап қалу жолында күрессе, са­уапты іс емес пе? Өкінішке қарай, біреудің артынан сөз айтып, кемші­лігін қазбалап, айыбын ашып, ел көзінше жариялап жатса, мұндай сайттардың барынан жоғы... Бі­реуді на­қақтан-нақақ қаралау шариғат тұрғысынан үлкен күнә. «Адам білмеген нәрсесіне дұшпан» деп орынды айтылған сөз бар. Олай болса, бір нәрсені айтарда оның да Алла алдында сұрауы бар екенін ойланған дұрыс. Біреуді жақсы танып, білмей жатып, сыртынан ғайбат айту үлкен күнә. Ислам діні жеке адам құқы­ғына ерекше мән бергендіктен, оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс ‒ жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа (өкіл) етіп таңдаған Алла тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмалшылдықты, адами жақсы қаты­настарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін Құранда: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сен­дердің араларыңнан біреу өлген бауы­рының етін жегенді ұната ма? Әне, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқың­дар...» («Хұжұрат» сүресі, 12-аят) деу арқылы оның қаншалықты жиір­ке­нішті күнә екенін бір-ақ аятта баян еткен.
- Қоғамда діни киім кию мәдениеті­не қатысты алаңдаушылық бар. Солардың бірі – хиджаб...
- Ойы­ңызды түсіндім. Барлық әйел баласы ұятты саналған әуретті жерлерін киімімен жа­уып, бөгде ер кісілерге көр­сетпей жүрудің шариғаттағы үкімі – парыз. Құранның «Нұр» сүресіндегі 31-аятта: «Мүмін әйел­дерге де айт: «Бөгде көздерден сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көр­сетпесін. Бірақ олардың (беті, қол-аяқтары) өздігінен көрінгендері басқа. Және орамалдарын омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін...», – делінген. Осы аяттағы «бихумуриһиннә ғалә жуйуубиһиннә» деген сөздің мағынасы мынадай: «орамал­дарын көкіректерінің үстіне түсірсін». Бұл аятта «хиджаб» деген сөз жоқ. Сондық­тан «хиджаб» демей-ақ, өзіміздің сөзіміз­бен, бай тілдік қорымыздағы атаулармен ай­тып үйренгеніміз жөн. Әйелдердің басы­на жаулық тартып, әурет жерлерін бөгде адамдардан жасырып, ұзын киім киюі – Алла тағаланың бұйрығы. Қазақ жерінің әр өңіріне тән қыздардың сәукелесі мен әйел кимешегі болған. Тіпті, әйелдердің жас ерекшеліктеріне де байланысты кимешек үлгілері тігілген. Бүгінгі таңда да Құран өлшемдерін ескере отырып, заман талабына сай әртүрлі ұлттық орамалдардың үл­гі­лерін тігіп киюге болады. Оған ша­ри­ға­тымыз рұқсат етеді. Қазақ халқының қыз-ке­ліншектерге арналған бүкіл киімде­рінің бәріне ортақ бір ерекшелігі бар. Ол – адамның дене бітімін қымтап жауып тұратындығында. Бұл жағынан алғанда, қазақ киімдерінің көпшілігі қасиет­ті діні­міздің талаптарына сай келеді деуге толық негіз бар. Қолымыздағы деректер дәл осындай қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Тамыры тереңде жатқан ұлттық сән өне­рімізде сәукеленің шари­ғатқа толық сай келетін түрлері көп. Кимешектің де сан түрі тігіліп, әсем ою-өрнектермен безен­діріліп киілген. Мәселен, сәукеле, бөрік, кимешек, қарқара, жаулық, күндік, желек, шәлі, қасаба, шылауыш сынды бас киім­дерді атауға болады. Ата-бабаларымыз өз мәдениетіне, әдет-ғұрпына, діліне сай етіп әлгінде айтылған­дай небір әсем киім үл­гілерін жасап шығарған. Олардың шариғат қағидаларына қайшы келмеуін басты назарда ұстаған. Демек, қазақ ғұрпында әйел кісі бас киімсіз, жалаңбас жүрмеген.
Осы тұста басын ашып кететін бір мә­селе, қап-қара түсті матадан тігілген және тек көзді ғана ашық қалдыратын пәренже кию шариғатымызда парыз емес. Қандай түсті қа­ласа да, қандай сән үлгісін таңдаса да, киі­міне нендей нақыштар мен ою-өрнектер саламын десе де, мұсылман қыз-келіншек­тердің өз еркінде. Тек ша­риғат талаптарынан шалыс кетпесе болға­ны. Құранда парыз етілген киім үлгісі «қара, жасыл түсті болсын» деген секілді нақты әрі қатаң форма көр­сетілмеген.

- Жастар мәселесін қозғағанда, қаракөз қарындастарымыздың қолдан түсік жасатуы жанымызға батады... 

- Иә, ол бә­ріміздің жүрегімізді ауыртады. Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Аруларымыз неке­сіз бала көтеріп қалумен қатар, құрса­ғында­ғы сәбиді қысылмай, қымтырылмай алып тастауда. Өкініштісі, бір күндік қызық үшін бү­кіл ғұмырын қор қылып, күнәға баратындар баршылық. Мұндай ұлт трагедиясынан қа­лай айығуға болады? Бұл тұста ұлттық тәрбие­нің рөлі зор. 
Біз бүгінде жасанды түсіктен арылудың ғана емес, оған апармаудың да жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ол үшін, ең алдымен жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз. Жасанды түсік жасатқаннан бұрын некесіз... қатынасқа барудың өзі – ауыр күнә. Елімізде жылына 400 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, 200 мыңнан астам түсік жасатылады деген дерек бар. Тіпті 12 жастағы мектеп оқушысының да бойына бітіп қалған сәбиді алдырып тас­тағанын естіп, жүрегіміз ауырған. Түсік жасату – адам өлтіргенмен пара-пар. Қасиетті Құранда «Біреудің жанын қимаңдар, бір адамды өлтірудің күнәсі – барлық адамды өлтірумен тең, қиямет күні күнәсіз өлтірілген балалардың есебі сұрал­ғанда...» деген аяттар бар. Расында да, бүгінде бүкіл әлем «жасанды түсік» дейтін үлкен қасіреттен құтыла алмай отыр. Ананың өмі­рін сақтап қалу үшін жасалатын түсіктің орны бөлек. Иманына берік болған бабалары­мыздың кезінде қазақ даласында «түсік» деген түсінік болмағанына тарих куә. Тіпті, түсік жасату түсімізге де кірмеген еді...

- Дұрыс айтасыз. Онсыз да ат төбелін­дей-ақ аз қазақпыз. Жұбы жараспай, ажырасып кететіндер де аз емес. Бұл – қоғам­дағы өзекті мәселелердің бірі. Асылында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбеттеріне: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сен­дердің көптік­теріңді қиямет күні басқа үмбеттердің алдында мақтаныш етемін» деген емес пе?

- Дұрыс ай­тасыз. Ислам ешқашан адам тағдырымен ойн­ауды құптамайды. Содан болар, бұ­рын­дары қазақ келіндерінің санасында көрпе-төсегін жинап, төркініне кету дейтін ой мүлдем болмайтын. Босаға аттаған күннен бас­тап өмірінің соңына дейін сол шаңырақ­тың түтінін түтетіп, отын өшірмейтін. «Отан – отбасынан басталады» демей ме қазақ. Ал сол отбасының діңгегі – дін мен діл, ұлттық өре мен рух. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі қазақ отбасыларында ондай қасиеттер азайып барады. Дініміз ажырасуға рұқсат берген. Алайда бұл – Алла тағалаға ең ұнамайтын ше­шім екенін ұмытпауымыз керек. Жаратушы Иеміз Құран Кәрімде мейлінше әйе­ліңмен тату болуға шақырып: «Әйелдеріңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды жек көретін болсаңдар (ұмытпаңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйел­дер сендерге мойынсынып жатса, (ажы­расуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) құлдарына асығыстық жасамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескертеді. Сондықтан Алла тағала пенделе­ріне бас салып талаққа жүгінбей, алдын алу жолдарын көрсетті. Баяғыда аналарымыз өзінің үкілеген қызын «ертең сен бір әулеттің келіні боласың» деп тәрбиелейтін еді ғой. «Келінім саған айтам, қызым сен тыңда» дей отырып, болашақ өмірдің сабақтарын құла­ғына құятын. Қызға қырық үйден тыйым салатын. Ал қазіргі біздің үлкен қателігіміз – қыз бала тәрбиесін қолдан жіберіп алға­нымыз болса керек. Міне, сол тәрбиеге көңіл бөлмеушіліктің соңы ұрыс-керіс, жанжалға, тіпті ажырасуға алып барады. 
Ислам ерлі-зайыптылардың өз міндетте­рін толықтай көрсетіп берген. Тек соны орындай білу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңмен жақ­сы қарым-қатынаста болғандарың», – деген. Әйел – анамыз. Өз анамызды қалай құр­меттесек, жұбайымызға да солай қарауы­мыз қажет. Алла Елшісі: «Жәннат аналардың аяғының астында», – деген. Әйел мен бала-шаға – ер кісіге берілген Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасасақ, Жаратушы алдында ақырет күні қалай жауап бермекпіз?

- Әңгіме отбасыдан шығып кетті. Осы орайда сізге қояйын деген тағы бір сауал – қаракөз қарындастарымыздың шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына қалай қа­райсыз? Дініміз бұған не дейді?

- Болма­шы дүниелер үшін ажырасудың зардаптарын ай­тып жатырмыз. Өкініштісі, салт-дәстүрі, таным-түсінігі, діні мен ділі бір бола тұра қазақ жастарының жұбы жараспай, талақ беріп жататынын сөзімізде айттық. Бір жатырдан шықса да, бірақ кең дүниеге сыймай, араздасып жүрген жандар жоқ емес. Енді өзіңіз ойланып көріңіз, тілі, ділі, діні, мә­дениеті, түсінігі бір-біріне ұқса­майтын адамдар қалайша тіл табыспақ? Кейбір қазақ қыздарының шетелдік азаматпен тұрмыс құрып, тіпті мұның соңы өлім-жітімге әкеп соғып жатқанын көріп жүрміз. Шариғатымыз мұсылман қыз баланың мұ­сыл­манға ғана тұрмысқа шығуын бұйырған. Дегенмен шетелдіктермен отау құру, әсіресе, қыздың ата-анасына ауыр тиеді. Сондықтан ата-ана ретінде қыздарымыздың шетел асуын қол­дамаймын. Ислам мұсылман қыз бала­лар­дың өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шы­ғуына қар­сы. Әрине, бұл мәселеде Алланың даналы­ғы шексіз. Өйткені, асыл дінімізде отбасы­­ның, оның ішінде бала тәрбиесінің маңызы зор. Барлық бала мұсылман болып туылады. Бірақ өскен ортасы, ата-анасы оның Аллаға деген сенімі мен тәрбиесіне тікелей әсер етеді...  

-Жуырда қажылық мәселесі бойынша Сауд Арабиясында болып қайттыңыз. Он­да қажылыққа қатысты қандай мәсе­лелер сөз болды. Таратып айтып берсеңіз.  

- Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық министрі Бан­дар бин Мұхаммед Хажардың шақыруы­мен ҚМДБ делегациясы Мекке қала­сында болды. Қажылық министрлігінің өкілі Хатим бин Хасан Қадидың қабылдауын­да болдым. Кездесуде былтырғы қажылықты қоры­тындылап, алдағы қажылықты ұйым­дас­ты­ру мәселелерін талқыладық. Түркия, Еуропа, Австралия, Америка қажыларын тасымалдау департаментінің директоры Тариқ Бен Мұхаммед Абдулла Анкави мырзамен кез­дестім. Кездесу барысында мына мәсе­лелер­ді қозғап, нақты ұсыныстар білдірдім. Олар – Қазақстан қажылары бір мактапқа тіркелсе, Мина, Муздалифа және Арафатта Қазақстан қажылары бір жерге шоғырлан­дырылса, Мина жазығында Қазақстан қажы­ларына берілген шатырлар Мина жазығы шека­расының ішінен бөлінсе, Жидда әуе­жайында Қазақстан қажылық миссиясына қазақ­стандық қажыларды қабылдау үшін арнайы орын бөлу, Муздалифада Қазақстан қа­жыларына негізгі жол жиегінен орын беру және Қазақстан қажылары тіркелген мак­тапқа өз бетімен жеке-дара барған қажылар тіркел­месе деп ойымды айттым. Өйткені, бұған дейін фирмалардың бірнеше сектор­ларға шашы­раңқы орналасуынан оларға күнделікті бақылау жасау да, дәрігерлік көмек көрсету де біршама қиындық туғызды. Бұған салалық департамент басшысы түсі­ністік танытып, өтінішті алдағы кезде ескеруге сөз берді.

- Сонымен биыл қанша отандасымыз қажылық парызын өтей алады?

-Сауд Ара­биясының Қажылық министр­лігі 2013 жылға Қазақстан үшін 5500 квота бөле отырып, оны тиімді пайдалануға және көрсетілген санды ойдағыдай орындауға тілек­тестік білдірді. Сондай-ақ, биылғы жы­лы да Қа­зақстан қажылық миссиясы бүкіл іс-шараны өз деңгейінде дұрыс ұйымдасты­рады деп сенім артты. Біз бұл сенімді ақтауға да­йынбыз. 

-Құдайға шүкір, елімізде жыл сайын қажылық парызын өтеушілер саны кө­бейіп келеді. Алайда арамызда «мен қа­жылыққа 10-15 рет барып келген адаммын» деп

 –Қажылық­ты шамасы келетін әрбір мұсылман адам­ның орындауы міндет. Ал енді ұлы сапарға мақтаныш үшін жыл сайын қайта-қайта барудың қажеті жоқ. Қажылық ғұмырда бір рет орындалуы парыз. Өзгесі – нәпіл. Қар­жысы бар бауырларымыздың мұқ­таж жандарға садақа етіп үлестіруі өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ. Сондай-ақ, жа­қындарының, көршілерінің не туысқан­дарының арасында қаражатқа аса зәру жандарға көмек қолын созу – жыл сайын қа­жылыққа, умраға барудан аб­залырақ. Атам қазақ: «Біреу тоңып, біреу тойып секіреді» дейді. Қоғамда көмекке мұқтаж жандар аз емес. Сол қаражат, бәлкім өмірі қыл үстінде тұрған сырқаттың дертіне ем, жылдап бас­панаға қолы жетпей жүрген көпбалалы отбасының әлеуметтік мәселелерін шешуге себепкер болуы мүмкін. Өз еліндегі мұқтаж жан­дарға қолұшын созып, мойнындағы мін­детін өтемей, нәпіл құлшылықпен айналысу шариғатқа сай келмейтін амал. Сөз жоқ қажы­­лық – ұлық сапар. Бұл жолда табанды­лық пен төзімділік қажет. Ол өзгелер ойлайтындай, қасиетті жерді аралап, саяхат жасап қайту емес. Қасиетті жерден оралғаннан кейін «мен қа­жымын» деп мақтан етуі де дұрыс емес. Әрі-беріден соң кімнің қажылығы қабыл болғанын тек бір Алла ғана біледі. 

- Сізбен келісемін. Бір байқағаным, кей­бір адамдар қажылыққа барып келсе де, бұрынғы әдетіне салып, шариғатқа томпақ келетін іс-әрекеттерге бой алдырады. Адам­ның жан-дүниесін өзгертуде қажылықтың рөлі қандай?

- Қажы­лық – Ислам дініндегі ең маңызды құлшылық­тың бірі. Мұсылмандар арасын­дағы имани ба­уырмашылдықты нығайтып, бәрі де бір дене тәрізді екендігін үйретеді. Қажылық­тың әртүрлі рәсімдерін орындау барысында бір-бірін танымайтын мұсыл­мандар етене ара­ласып, қарым-қатынастары артады. Руха­ни күш жинап, ішкі жан дүниесі ізгілікке то­лып келеді. Ендігі өмірін жаңадан бастауға бел буып, салихалы өмірге қадам басады. Себе­бі, Пайғамба­рымыздың (с.ғ.с.): «Кімде-кім қажылықта арсыздық пен жа­мандыққа бой алдырмаса, (еліне) анасынан жаңадан туылғандай болып оралады» деген хадисін басшылыққа алады. Қажылықта зор ықыласы мен тәубесі, талмай жасаған дұғасы арқылы барлық күнәсі кешіріліп, өмірін таза парақ­пен бастаған адам оны қайта кірлетіп алмауға тырысып, шариғатқа томпақ келетін әрекетке әсте бармайды. Ал енді қоғамда сіз айтқан сипаттағы бауырларымыз кездесіп жатса, бұл олардың иманның дәмін сезінбей жатқан­дығынан. Егер олардың түзелуін қа­ласақ, Аллаға дұға етейік. Біздің жанашыр­лығымыз сол болсын. Әйтпесе, адамның кемшілігін іздеу оңай, ал түзету қиын. Ең бастысы, алдымен өзімізді жөнге салайық. Көркем мінезді қалыптастыруды өзгеден емес, өзімізден бастағанымыз абзал. Дана Абай атамыз өлең-жырында:
«Бойдағы мінді санасам,
Тау-тасынан кем емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес», – дейді емес пе?

- Мүфтиятта іс-қағаздар тек мем­лекеттік тілде жүргізіледі дегенді естіген­біз. Тіпті, Діни басқармаға шетелден келетін ресми хаттар да қазақ тілінде жазылады екен.

- Ол рас. Мүфтият тек дін емес, мем­лекеттік тілдің жа­нашырына айналған діни мекеме. Себебі, осыған дейін барлық іс-қағаздар ана тіліміз­де жүргізілген, жүргізіле де бермек. Осы ел­дің азаматы, тіліміздің, дініміздің жанаш­ыр тұлғасы ретінде қызмет барысында мем­лекеттік тілге басымдық беремін. Осылайша, өзгелерге талап қоя білуіміз керек. Әйтпесе, бізге керек емес тіл кімге керек дейсіз?! Алдымен ана тілімізді өзіміз құр­мет­теп, одан кейін өзгелерді осы­ған үйрет­кеніміз абзал. Тіліміздің көсегесін көгерту өз қолымызда. Тек шынайы ықылас пен ниет болса болғаны.  
-Сұхбат бергені­ңізге рақмет.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371