Мендегі жалғыздық – ақынның ішкі әлемінің жалғыздығы, оқшаулығы, бөлектігі
Ерлан Жүніс, ақын:
Ерлан Жүніс, ақын:
Ерлан, Елордаға көш түзеген зиялы қауымның ізімен «Астана – болашақтың қаласы» деп үлкен арманмен Астанаға қоныс аударып едіңіз. Алматыға қайтып келуіңізге не себеп? Әлде мұндағы әдеби ортаны сағындыңыз ба?
– Алматыға қайтып келуімнің әлеуметтік себебі де, рухани себебі де бар. Басында тұрғылықты баспанасы жоқ адам өзі қалаған қалада толық еркіндікте өмір сүре алмайды. Яғни бір жерге қазық болып қадалып, байлана алмайды. Әйтсе де баспанам болмағандықтан Астанада тұрақтап қала алмадым деп те шағына алмаймын. Өйткені, нарықтың заманында кез келген қазақтың басындағы жағдайды мен де кешіп жүрмін. Ақын екенмін деп жанымды қазақтың қайбір баласының жанынан артық санамаймын. Отызға жасы келген, екі-үш баласы бар біз сияқты азаматтар кезі келгенде үй алса, біз де алармыз. Сондықтан үйім жоқ деп жоғары жақта отырған ағаларымыздың кабинетін тоздырып, ешкімнің алдында айтқан емеспін. Әрі рухани жағынан Алматыны сағынғаным да рас.
– Астанада жылдан астам уақыт тұрып келдіңіз ғой. Онда өзіңізге тірек болар рухани, әдеби орта таба алдыңыз ба?
– Әдеби орта белгілі бір топтан ғана тұрмайды, ол әр адамның өз ішінде болады. Бір ойшылдың «Танымал романдардың әлемі – кещелердің жұмағы» деп айтатыны бар. Ақын өзінің рухымен, кітапханасымен жеке қалған кезде өлілер әлемінен құрылған әдеби ортамен қалады. Және ол орта ақынға тірілердің ортасынан гөрі көп пайда береді деп ойлаймын. Мен сол өзімнің әдеби ортамда көбірек болдым десем болады. Астанада өлеңнің жағдайын жасадым. «Жүрек маусымдары» атты толық бір кітап жазып бітірдім. Енді ол кітапты баспадан шығару ғана қалды.
– Дегенмен де Астанада шығармашылықтың төңірегінде ой бөлісіп, рухани әңгіме айтып кімдермен сырласа алдыңыз? Қанша дегенмен Астанада зиялы қауымның шоғыры қалыптасты ғой қазір...
– Ұлттық академиялық кітапхананың жанынан ашылған «Жансусар» жас қаламгерлер клубы бар. Сол клубтың төңірегінде Амангелді Кеңшілікұлы бастаған Дәурен Берікқажыұлы, Танакөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек, Ербол Бейілхан, Қалқаман Сарин, Дәулеткерей Кәпұлы, Азамат Есалы, Ұларбек Дәлей, Олжас Сәндібек, Хамит Есаман, Асылзат Арыстанбек, Саян Есжан, Гүлсара Шалқар сынды шығармашыл жастар мен әдебиетсүйер студенттер топтасқан. «Жансусар» айына бір рет кішігірім кеңес ашып, аймақтағы ақындардың шығармашылық кешін де өткізіп тұратын. Бір сөзбен айтқанда, Астана маған шығармашылық шабыт сыйлай алды. Елорданың өнбойында рухани сергектік, жастықтың рухы тұр. Бұл – қандай жас ақынға болсын ерекше шабыт беретін метоморфоза.
– Өлеңдеріңізде күзді көп сөз етесіз. Соған қарағанда күзде көп жазасыз-ау...
– Бұрын өзімді күздің ақынымын деп ойлайтынмын. Өйткені өлеңдерімнің барлығын дерлік күзде жазатынмын. Бірақ биылғы жазда бір кітап жазып шықтым. Түсінгенім мен өлеңді жаз бен күзде және түнде жазады екенмін. Мен алғашқы жинағымды 16 жасымда жарыққа шығардым. Араға он бір жыл салып, екінші кітабым жарық көрді. Қазір үшінші кітабымды жазып қойдым. Бір қарағанда үш кітап отызға жетпеген жан үшін марқаятындай-ақ еңбек. Пенделікпен осыған мастансам да болар еді. Бірақ ағылшынның Джонн Китс деген ақыны 21 жасында-ақ әлем ақыны болып, әлемді мойындатқан екен. Біздің Мағжан мен Төлегендер 24 жасына дейін қалыптасып, өзін мойындатып үлгерді. Орыстың Есенині мен Лермонтовы да отызға жетпей-ақ әлем ақыны болып қалыптасты. Соларды ойлаймын да, өзімді өте кеш қалған ақын сезінемін. Бәрін ертерек жазуым керек еді. Дәл қазір менің гүл мен көбелекті жырлап жүретін кезім емес еді. Ондай жаста емес едім. Әлдеқайда терең, басқа дүниелерді жазуым керек сияқты көрінеді де тұрады. Менің нағашы жұртым – киелі Тараз өңірі. Балалық шағым сонда өтті. Тараз – екі мың жыл бойы Моуләви, Һафез, Сағди, Рудаки сынды Шығыс жұлдыздарына арқау болған қала. Рудаки: «Еу, жиһанкез, масаттанба, Рум мен Тараздың арасын жауласаң да» – деп жазған кезінде. Рим мен Тараз заманында әлемдік өркениеттің қос нүктесі болған. Шығыстың талай ақыны Таразды жырына қосқан. Мен Тараз жайлы жазған бүкіл Шығыс ақындарына жауап жазғым келеді. Шығыс ақындарына жауап ретінде Тараздан бір кітап жазылуы тиіс сияқты көрінеді де тұрады маған. Бұлай деуімнің себебі де бар, университетте парсы тілін оқып, Шығыс ақындарын түпнұсқадан оқуыма мүмкіндігім болды. «Тараз арулары» атты тұтас бір кітап жазғым келген. Алғашқы өлеңдері жазылды да. Бірақ уақыт пен орын мені басқаға жетеледі. Соған өкінемін.
– Поэзияңызға жалғыздықты көп арқау етесіз. «Жалғыздықтың жалғыз досымын» дейсіз...
– Мендегі жалғыздық – ақынның ішкі әлемінің жалғыздығы, оқшаулығы, бөлектігі. Мен атадан жалғызбын, әкесіз өстім. Әрі менің жырларымдағы жалғыздық – тәуелсіздік алғаннан кейінгі барша қазақтың өткен тарихы мен болашағының арасындағы жалғыздығы. Ол жалғыздықпен мен де дерттендім. Оның үстіне өмірде барлық нәрсе жалғыз: күн де, ай да, жер де, тіпті жаратушының өзі де жалғыз. Әр адам қайталанбас әлем. Ақындар соны көбірек сезінетін шығар, бәлкім.
– «Басқаша болғанмен өлеңде,
Басқаша бола алмай өмірде» – деп келетін жолдарыңыз бар. Өмірде қандайсыз сонда?
– Қандай адамсың деп менен кішкене күнімде сұраған болсаңыз айтар ма едім. Бүгінде өзімнің қандай адам екенімді білмеймін. Бәлки қалыптасу үстінде шығармын. Өмірдегі Ерланды өзім онша жақсы көрмеймін. Ерлан Жүністің өзімнің алдымда сүйкімі жоқ. Жаңа заманның адамы болғаныммен мен өте консервант екенмін. Бір түсінгенім адам үйретіледі, бейімделеді, жұмсалады екен. Оң солымды танып, өзімді азамат ретінде сезіне бастаған уақытта өзімнің әдебиеттің адамы болатынымды түсіндім. Және мұны іштей өз-өзіме қайталап айтқаным да есімде. Бұл – маған алғаш өлеңнің қонған уақыты болуы керек. Ойлап отырсам, басқа таңдауы бар адам сынды «әдебиеттің адамы боламын» деп айтыппын. Қазір ойлап қарасам, менде таңдау болмаған екен.
– Бір ақындар қаламына сүйеніп тұрады, енді біреулері қаламын сүйеп тұрады дейді. Сіз соның қайсысына жатасыз?
– Өзің туралы айту қиын. Қаламыма сүйеп те, сүйеніп те тұрған жоқпын. Мүмкін, қаламның ішінде шығармын, қайдан білейін... Шығармашылық адамы барлығынан тәуелсіз, сөйте тұра барлығына тәуелді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қоғамда тегін қызмет етіп келе жатқан кәсіптің иесі ол – қаламгерлер. Өлеңді ешкім кәсіп үшін жазбайды. Жыр жазғаның үшін ешкім ақша төлемейді, жазбасаң тағы болмайды, өлең – өзіңнің табиғатың өйткені. Өлеңіңді басқалай жазып, басқалай өмір сүре беремін деуге тағы келмейді. Екіжүзді емессің ғой. Ауыстырып киетін киімің болғанмен, ауыстырып киетін жаның жоқ. Кейде басқа адам болғым келеді шынын айтқанда...
– Неге? Ақын болғаныңызға өкінесіз бе сонда?
– Жоқ, ол өкіну не ақындықтан жеріну де емес. Бәлкім, осыдан жиырма жыл ертерек не кешірек туылуым керек пе еді?!. Өйткені, өліара кезеңге тап келгендей, арпалысқан кезеңдерді басымнан көп кешемін. Басқа уақытты, басқа орынды, тіпті басқа тағдырды таңдағым келіп кететін кездерім де бар.
– Сіз мына өмірмен астаса алмағандай, айналаңыздағылар сізді түсіне алмағандай, шығармашылығыңызды бағалай алмағандай, соған өкінгендей сөйлеп отырсыз аңғарғаным... «Басқа уақытта туылуым керек пе еді» деп қалдыңыз. Қазір шығармашылық атаулы екінші кезекте қалып қойған, нарықтың заманы. Сіз шығармашылық жоғары бағаланған, қаламгер қауымының сыйлы болып, халық қошеметіне бөленген кеңестік кезеңді аңсап отырған сияқтысыз...
– Андрей Вознесенскийдің «Голос теряю, теперь не про нас Гостелерадио» деген өлеңі бар еді, осы өлең бір дәуірдің яғни кітап дәуірінің басқа фазаға өтуін анық көрсетеді ғой деймін. Шоудың емес, ойдың заманын көбірек аңсайтын шығармын...
– Онда қазіргі Ерлан Жүніс қандай болатын еді?
– Білмеймін, өте қиын сұрақ... Білетінім – ақындар кінәлі болып туылады. Біреудің жасаған қылмысы үшін, сатқындығы, опасыздығы, әлемдегі оспадарлығы үшін бәріне кінәлі. Қазақстанның батысында бір бала жылап жатса, шығыстағы бір ақын шаттықтың жырын жаза алмайды. Мен өзімді көшеде қайыр сұрап жүрген адам үшін, базарда арба сүйреп жүрген қазақ үшін кінәлі санаймын. Көптеген ақындардың баспа бетін көрген, газет бетіне шыққан өлеңдерін емес, тартпада жатқан өлеңдерін оқысаңыз, ақын жанын тереңірек түсінер едіңіз деп ойлаймын.
– Біраз бұрын жарыққа шыққан «Киелі түндердің дұғасы» атты жинағыңызды оқып шыққан едім. Бірақ қанша оқысам да «Дуалогтар» бөліміндегі өлеңдеріңізді түсіне алмадым. Бұл сіздің экспериментке барғандыңыз шығар, бірақ бұл өлеңдеріңізде ойларыңыз болғанымен, сезім мен сурет жоқ сынды көрінді маған... Әсіресе «Ромбтарыңызды» қайталап қанша оқысам да, түсіне алмадым, сезіне алмадым...
– Шабыт және шалық деген нәрсе болады. Адамға бірде періште сыбырлайды, бірде жын сыбырлайды дейді ғой. Періште сыбырлағанда шабыт келеді, ақтарылып өлең жазасың. Ал шалық – ақынның ішкі күйзелістермен не өлі емес, не тірі емес кейіпте жүрген кезі. Менің түсінігімде әрбір адам – мәңгілікті іздеуші. Сол жолда белгілі бір ақиқатты, өз қоғамын, заманын, жаратушысын, түптің түбінде өзін іздейді. «Дуалогтарда» айтқым келгені де осы, яғни өзімді іздеу. О баста «Бозбала» атты поэма жазбақшы болғам. Сіз айтып отырған «түсініксіз» өлеңдер сол поэмадағы диалогтар болатын. Поэма жазбасам да, ол диалогтарды кітабыма «Дуалогтар» деп кіргіздім.
– Сіздің сыршыл лирикаңыз бар. Ол лирика философиямен астасып, философиялық лирикаға айналды. Сізге эксперимент не үшін қажет болды? Бұлай сұрап отырғаным, осы уақытқа дейін жазған өлеңдеріңізге эксперименттік дүниелеріңіз көлеңкесін түсіріп, жолын тұсайды, сол арқылы поэзияңыздағы тереңдік түсініксіздікке, күңгірттікке ұласып кетеді деп қорықпайсыз ба?
– Күңгірттік деген «клеймоны» Аманхан Әлімұлы ағам таңып берді-ау деймін маған. Аманхан ағамды өте жақсы көремін, сыйлаймын, бірақ ренжімесін менің поэзиям жайлы ол кісінің пікірі жөпелдемеде айта салған ой меніңше. Ағам менің өлеңдерімді тұтастай қарап шыққан, поэзияммен толықтай таныс деп ойламаймын. Бес-алты өлеңімді қарады да, поэзиямды күңгірт дей салды. Бірақ, шығармашылығым жайлы мұндай жаныма батар, қажытар сөзді өз замандастарым айтса, ол маған ауыр тиер еді. Ал ағамның айтқанын жанашырлық деп қабылдадым. Әрі ағамның заманы басқа, менің заманым басқа ғой. Мен түсініксіздікке, күңгірттікке ұрынамын деп қорықпаймын. Экспериментке барған мен емес, менің қоғамым. Экспериментке жетелеген – XXI ғасырдағы әлем, ол бәрін жаңадан бастағысы келеді. Тіпті тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде біздің қоғам тек қана экспериментпен келе жатыр. Қазақ бұрындары кешпеген сезімдер мен ойларды, күрделі құрылымдарды осы жиырма жыл ішінде басынан кешірді. Таным түсінігі өзгерді, тіпті қоғамдық-әлеуметтік, басқа да секторлардың бәрінде жаңа кезеңдер ашылды. Мұның барлығы сол қоғамда өмір сүріп жатқан менің жаныма әсер етпеуі мүмкін емес еді. Бұл қоғамнан бөлектеніп, төрт қабырғаға қамалып, XIX ғасырдағы ескі ақындарша жырласам, маған жараспас та еді. Әрбір эксперимент өзіңді іздеу ғана емес, өз замандасыңды іздеу. Әдебиетте эксперименттер мен реформалар болмаса тағы болмайды. Мен өз эксперименттерімнің құрбанына айналуым мүмкін, одан мен ұтылғанмен, менің замандастарым ұтылмайды.
– Өз экспериментіңізді сәтті дей аласыз ба өзіңіз?
– Сәтті не сәтсіз деп айтпай-ақ қояйын, бір айтарым – қазақ әдебиетіне керегі жаңа форма емес, жаңа мазмұн.
– Көп оқитыныңыз, көп білетініңіз өлеңдеріңізден байқалып тұрады. Поэзияңызда тереңдік бар. Әдебиеттегі ағаларыңыздың да сізді білімді, терең деп айтып жүргенін талай естідік. Осы уақытқа дейін кімдердің еңбектерін оқып тауыстыңыз? Кімдерді оқығаныңызды мақтанып айта аласыз?
– Менің замандастарым не оқыса мен соны оқыдым. Әдебиетші боламын деген адам оқуға міндетті ұзын-ырғасы үш жүзге жуық кітап бар. Сол үш жүз кітаптың ары кетсе, отызын оқыған шығармын. Өзімді білімді санамаймын.
– «Поэзияда генерал жоқ» – дейміз. Әйткенмен де өз буыныңыздың, қазіргі жас ақындардың арасында генерал болуға лайықтысы қайсы десе, кімді атар едіңіз?
– Мен кім мықты, кім генерал деген төңіректе ойланған емеспін. Ерте мойындалу, ерте танылу дегендер мықтылықты танытпайды. Дәл қазір пәлен мықты деп өз қатарымдағы бір ақынды атасам, біздің толқынның тағы бірі дәл осы уақытта ұлы шығарма тудырып, соның соңғы нүктесін қойып жатуы мүмкін. Әдебиетте ешкім бірінші емес, оның себебі: бәрі – бірінші.
– «Ең қатыгез ұстазы жас ақынның – жас сұлудың жүрегі лүпілдеген» дейсіз. Қыздарға жиі ғашық боласыз ба?
– Иә, бірақ сұлуға емес, сұлулыққа.
Abai.kz