Әкім сайлау елді әлекке салу ма?
Әкімдер сайлауын жүзеге асыратын күн жақындап келеді. Алла қаласа, осы жылы жергілікті мәслихат депутаттары еліміздегі 2533 әкімге таңдау жасамақ. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің 91,7 пайызын құрайды екен. Десек те, осы бір ауқымды саяси науқанның дүбірі құлақ тұндырарлықтай болып тұрған жоқ. Президенттік немесе парламенттік сайлау жақындағанда үдере түрегелетін саяси партиялар да үнсіз. Тіпті сайлауалды пиар технология жұмысының да қарқынды емес екені айтылып қалып жүр. Неге? Аламан бәйгеге жүйріктерін үкілеп қосатын саяси ұйымдар үшін әкім сайлауы құнан бәйге, тіпті тай жарыс сынды болып көрініп қалған жоқ па? Осы бір сауалдардың айналасында ой өрбітіп көрсек...
Әкімдер сайлауын жүзеге асыратын күн жақындап келеді. Алла қаласа, осы жылы жергілікті мәслихат депутаттары еліміздегі 2533 әкімге таңдау жасамақ. Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің 91,7 пайызын құрайды екен. Десек те, осы бір ауқымды саяси науқанның дүбірі құлақ тұндырарлықтай болып тұрған жоқ. Президенттік немесе парламенттік сайлау жақындағанда үдере түрегелетін саяси партиялар да үнсіз. Тіпті сайлауалды пиар технология жұмысының да қарқынды емес екені айтылып қалып жүр. Неге? Аламан бәйгеге жүйріктерін үкілеп қосатын саяси ұйымдар үшін әкім сайлауы құнан бәйге, тіпті тай жарыс сынды болып көрініп қалған жоқ па? Осы бір сауалдардың айналасында ой өрбітіп көрсек...
Сайлауға партиялардың дайындығы қандай?
Бұл сайлау халыққа не береді? «Әкімдер сайланады» деген хабар шығысымен, ең алғашқы сауал осылай қойылған болатын. Оған түрлі жауаптар берілді. Сол жауаптардың дені «әкімдерді мәслихат депутаттары емес, халық сайласа демократияға жол ашар едік» дегенге келіп тіреле берді. Десе де, «мәслихат депутаттарын халық сайлағандықтан, бұл сайлау халықтық таңдауға баратын алғашқы баспалдақ» дегендер де болды. Бірақ сол алғашқы баспалдаққа қадам жасап жатқан қандай партиялар бар? Осы сауалдарға жауап алмақ болып, мамандарға хабарласқан едік.
Мақсат Жақау, «Ақ жол» партиясының өкілі:
– Ауыл әкімін сайлау тікелей аудан әкімінің немесе мәслихаттың ұсынысымен жүзеге асады. Ал еліміздегі бұл лауазымды қызметтерде негізінен ірі партиялардың өкілдері отыр. Сондықтан да біздегі басқа партиялар өз үміткерлерін әкім сайлауына кандидат етіп ұсынғанымен, олардың сайлану мүмкіндігі аз болатыны сөзсіз. Яғни, меніңше, бұл мәселе, біріншіден, демократиялық статистика тұрғысынан маңызы бар секілді. Ал жеке тұлғалық кандидаттарға маңызы аса зор болмай тұр. Сол себепті де жергілікті шаруашылықты жүргізетін әкімдердің жауапкершілігін арттыру мақсатында жұмыс жасалып, халықтың алдындағы берген уәделерін орындата білудің жолдарын қарастырғанымыз жөн.
Саясаттанушы Мақсат Жақау әкім сайлауы барысында әр партия өз өкілін кандидаттыққа ұсынуға болатынын жоққа шығармады. Ал «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев болса: «Ауыл әкімдерін халық сайлауы керек. Жалпы, аймақтағы өкілдеріміздің бәрінің де пікірі осындай. Себебі бізде негізінен ауданда да, облыста да басшылық қызметтерде «Нұр Отан» партиясының өкілдері отыр. Олар өз партияласына қол ұшын созатыны сөзсіз», – дейді. Десе де, біздің саяси партиялар ел ішіне кіріп, халықпен етене араласса, өз өкілдерін сайлауға қатыстыру мақсатында кешенді жұмыс жасаса, саяси белсенділігін арттырса, жағдай мүлдем басқаша болар еді.
Пиар технологияның қарқыны бәсең
Сайлау жақындады, бірақ әкім болуға талпынғандар мен өзінің болашақ бағдарламасын жасап, ел алдына шығып жатқан кандидаттар аз. Неге? Бұл сұраққа саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасов: «Меніңше, алдағы әкімдер сайлауында түрлі айлалы әрекеттерге негізделген технологиялар қолданыла қоймайды деп ойлаймын. Өйткені әкімдер бір шағын қаланың, ауданның, ауылдың деңгейінде сайланады. Қазір халықтың электоралдық һәм саяси мәдениеті қалыптасып қалды. Олар түрлі лас технологияларға жол бермейді. Сондықтан да отаншыл адамдардың билікке келуіне бәріміз де мүдделі болуымыз керек» деп жауап берді. Мамандармен пікірлескенімізде, олардың көбі бұл сайлауда біздегі әкімдердің сайлауалды пиарынан гөрі рулық сипаты басымдық алатынын айтты. Мәселен, саясаттанушы Мақсат Жақау әкім сайлауы барысында рушылдық пен жершілдік мәселесіне мүлдем жол бермеу керектігін айтады. Әйтпесе әр аймақта өз руластарын жақтайтын тенденция қалыптасып кетуі мүмкін екен. Ол өз сөзінде тіпті: «Солтүстік пен Шығыс Қазақстан секілді облыстарда орыс диаспорасы көп шоғырланған аймақтар бар. Сол өлкелерде ұлт пен ру арасындағы саяси тартыс туындауы мүмкін», – дейді. Ал Сайын Борбасов болса рушылдық мәселеге саяси сипат берудің қажеті жоқ екенін айтты. Ол кісінің пікірінше, бұл сайлауда рушылдық көзқарас болғанымен, ол ашық түрде белең алмайды-мыс. Сайын Борбасов: «Сайлауда рушылдық көзқарас жасырын, өте құпия түрде болуы мүмкін. Ішкі келісім арқылы өзінің саясатын жүргізуді көздейтіндер де кездеседі деп білемін. Бірақ біздің азаматтар кім іскер, кім алғыр, кім халықтың жайын терең түсінеді, соны таңдайды», – дейді.
Мәслихаттардың жұмысын жандандыру керек
«Болашақ» жастар қозғалысының көшбасшысы Дәурен Бабамұрат: «Әкім сайлауы алдында жергілікті мәслихаттардың жұмысын жандандырып алуымыз керек еді», – дейді. Ол: «Кейбір әкімдеріміз бүгінгі күнге дейін де рулық принциппен сайланып келді. Рулық принциппен сайланғаннан кейін елге қызмет ету, әділеттілік, заңдылық деген секілді принциптердің барлығы ұмытылады. Біріншіден, біздің мәслихаттар осы бір үрдістің жалғаспауын қадағалауымыз қажет. Екіншіден, қазір біздің мәслихаттарда негізінен бұрын да әкімшілік қызметте жұмыс істеген азаматтар отыр, бұл жайтқа да өзгеріс енгізіп, мәслихат депутаттығына түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, белсенді зейнеткерлерді, жастарды т.б тарту керек. Шындығын айтуымыз қажет, қазір аудандардағы мәслихаттардың жұмысы көңіл көншітпейді. Біз алдымен осы мәслихаттардың жұмысын жандандырып алуымыз керек еді. Жарайды делік, ендігі мәселе «осы мәслихаттар халық қалайтын кандидаттарды әкімдікке ұсына ала ма?» деген сауалға келіп тіреледі. Бұл сауалға толыққанды жауап бермей, бізде алға жылжу болмайды», – деді.
Түйін
Әне-міне дегенше әкімдерді де сайламақпыз. Кейбір әкімдікке кандидат тұлғалар мәслихат депутаттарына жағар жол іздеп, ал кей депутаттар болса өз бизнесіне кедергі келтірмейтін әкім қарастырып жүргенде ортадағы халық ұмыт қалмаса екен дейсіз... Сол себепті де бұқараның көкейіндегі мәселелер көтерілуі үшін әкімдер сайлауына бейжай қарамауымыз қажет секілді.
Abai.kz